Бабажанов - ғылыми еңбектері үшін ресми марапатталған тұңғыш қазақ

Скачать



Бабажанов Мұхамед-Салық (1832, Бөкей ордасы — 1871, сонда) — этнограф, қоғам қайраткері, ағартушы. Ордадағы орыс-қазақ мектебінде бастауыш білім алған (1841 – 45) соң, Орынбордағы Неплюев кадет корпусының Азиялық бөлімін бітірген (1851). 1852 – 55 ж. Орынбор шекаралық комиссиясының кеңсесінде қызмет етті. 1855 ж. Ішкі Орда қазақтарының толқуына қатысты деген желеумен қызметінен қуылып, 2 ай абақтыда отырды. 1855 – 61 ж. Ішкі Орданы басқару жөнінде Уақытша кеңестің кеңесшісі болды. 1862 ж. қызметтен кетіп, 1866 жылға дейін мал шаруашылығымен шұғылданды. 1866 – 71 ж. Ішкі орданың Қамыс-Самар бөлімшесінің басшысы қызметін атқарды. Бабажанов қазақтың салт-дәстүрі, шаруашылығы, діни нанымы, аңшылық кәсібі жөнінде еңбектер жариялады. Халықтың көне тарихи мұраларын, аңыз-ертегілерін, өлең-жырларын, мақал-мәтелдерін жинап, зерттеді. Ресей музейлері мен ғылыми мекемелеріне қазақ тарихы мен тұрмысына қатысты археологиялық, этногр. жәдігерлер жіберді. 1861 ж. Орыс геор. қоғамының мүшесі болып сайланды.
Этнография бөлімінің жұмысына елеулі үлес қосқаны үшін 1862 ж. аталмыш коғамның күміс медалімен марапатталды. Бабажанов – ғылыми еңбектері үшін ресми марапатталған тұңғыш қазақ. Ол Ресей империясының қазақ елін отарлау саясатына наразылық танытқан мақалалар да жазды. 1860 ж. қазақ халқының уәкілдігі құрамында Санкт-Петербургке келіп, Орынбор генерал-губернаторы В. А. Перовскийдің үстінен патшаға шағым жасады. Бабажановтың ғылымға сіңірғен еңбегі туралы Ш. Уәлиханов, П. П. Семенов-Тянь-Шанский, В. В. Григорьев, П. И. Небольсин, А. Харузин, т. б. пікір білдірген.
Белгісіз жағдайда қаза тапқан. Дәулеткерей оған Салық өлген күйін арнаған. Сондай-ақ ақын Е. Раушановтың Бабажанов туралы Сарыөзен атты поэмасы бар. Мұхамбет-Салық Бабажанов – туған халқы және оның ар-абыройы мен теңдігі үшін қайрат-жігерін аямаған, әділдік жолдан таймаған аяулы, білімді, зерделі азаматтардың бірі, публицист, ғалым-этнограф әрі экономист. Кеңес өкіметі кезінде мүлде атаусыз қалған М. Бабажанов есімі қазақ елі теңдік, азаттық алғаннан өз тұғырына қайта көтерілді. М. Бабажанов – ХІХ ғасырдың орта кезінде Шоқанмен қатар шыққан белгілі ғалымдардың бірі.
Ресей Географиялық қоғамына мүшелікке Шоқан мен Семенов-Тянь-Шанскийдің кепілдеме бергені оның ғалымдық дәрежесін айқындай түседі. Мұның сыртында ғылыми еңбектері үшін М. Бабажанов Ресей Географиялық қоғамының күміс медалімен Орта Азия және Қазақстан ғалымдары арасында тұңғыш алған қайраткер екенін де айтып өткен жөн. Ең алдымен айтар сөз сан қырлы саңлақ талант өз отанына, ел-жұртына деген ыстық та айнымас махаббатын ерекше қабілеті арқылы танытып та, дәлелдеп те берген ары биік, ойы терең, ақылы кемел азамат ретінде өмірден ерте өтті. Тағы бір ғажабы оның өмірі де, өнері де, өресі де, тіпті білім дәрежесі де Шоқанға өте ұқсас. Екеуі де текті атадан, екеуі де зиялы ортадан, екеуі де бір мектептен.
Ең ақыры тағдыры да ұқсас болды, екеуі де өмірден ерте өтті. Мұхамбет-Салықты ел-жұрты көбіне Салық деп қысқартып атаған. Ол 1834 жылы Бөкей ордасында қазіргі Орда ауданында туған. Әкесі Жәңгір ханның қайын атасы, Исатай, Махамбет көтерілісінде жиі айтылатын Қарауылқожа Бабажанов. Салықтың анасының аты Жәмила, жұбайы Ғазиза атақты күйші Дәулеткерейдің қарындасы. М. Бабажанов есімі белгілі Жәңгір ханның мектебін бітіріп және оның қамқорлығымен 1845 жылы М. Бекмұхамедов, Ж. Ниязов, М. Жантөриндермен бірге Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусында оқыған 8 жастың бірі.
Бұлардың бәрі де кейін ел алдында абыройлы қызмет атқарған алғашқы білімді қазақ азаматтарының қатарынан орын алды. Салық жас кезінен-ақ өнер мен ғылымға өте құштар болып өсті де, кадет корпусының қабырғасында жүрген бала кезінен-ақ Орынбордағы белгілі шығыстанушы-ғалым В. Григорьевпен танысып алды. Талапты жастың талантын таныған үлкен ғалым оны үйіне шақырып, оған өзінің бай кітапханасының есігін ашып қойды. Сөйтіп Салық өз бетімен оқып әр салада жан-жақты білім алды. Орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларымен танысты, оларды ден қоя оқыды. Орыс тілін де осы әдебиеттер арқылы жетік біліп алды. Ол Пушкин, Карамзин, Щербаков сияқты ақындар мен тарихшылардың еңбектерін оқыды. Кадет корпусын аса зейінділігімен оқып, үлгілі-тәртібімен бітіріп көзге түскен ол 1851 жылы Орынбор қаласындағы Шекара комиссиясында жұмысқа орналасады. Бұл кезде ол небәрі 19 жастағы бала жігіт еді. Бірақ ол аталған жұмыста көп тұрақтай алмады.
Оның себебі сол кездегі теңсіздік, әділетсіздік, патша әкімдерінің жергілікті халықтарға деген шектен тыс озбырлығы, Жайық бойын жайлаған казактардың мейрімсіздігі халықтың ашу-ызасын тудырған еді. Жас Салық халық жағына шықты, олардың сөзін сөйледі. Жәбірленушілердің арыз-шағымын жазып беріп, оның оң шешілуіне қолынан келгенінше жәрдем жасады. Оның бұл ісі әрине, патшаның астамшыл әкімдеріне ұнамады. Ақыры өтірік-шыны аралас дәлелдер тауып, Салықты жұмыстан қудырды, жер аудартты, соңына аңдушы қойды. Дегенімен қайда жүрсе де өзінің білімімен, әділеттілігімен, азаматтық жолдан таймаған оның жақсы қасиеттерін таныған сол Орынбор Шекара комиссиясы оны Ішкі Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің кеңесшісі етіп тағайындайды. Жоғарыда айтылғандай М. Бабажанов есімі оның Шекара комиссиясындағы қызметімен емес, түбегейлі ғылыми-шығармашылық еңбектерімен және халықшыл, әділ қасиеттерімен танылды.
Белгілі этнограф ғалым В. Григорьев оны ... аса қабілетті және тамаша білімді адам деп өте жоғары бағалаған. М. Бабажановтың атын шығарған оның ғылыми-этнографиялық және публицистикалық шығармалары еді. Сегіз қырлы, бір сырлы ғалымның бұл еңбегі айрықша тоқталуды талап етеді. Қуғындағы кезінде де, бақытты кезінде де ол қаламын қолдан түсірмей, әділдік, шындық жолындағы өткір мақалаларын жариялап, күресін тоқтатқан жоқ. 1854 жылдан бастап Санкт-Петерборда, Орынборда және іргелес Астрахань губерниясында шығып тұратын Северная пчела, Санкт-Петербургские ведомости, Деятельность, Охота, Волга, Орыс географиялық қоғамының хабарлары мен жазбалары, Этнографиялық жинақтар сияқты газет-журналдарды жаздырып алып, оқыды және оларға мақалалар жазды. М. Бабажанов заманы алғашқы қазақ зиялыларының туып, өсуі мен шетел және орыс саяхатшылары мен ғалымдарының қазақ өлкесін зерттей бастауымен тұтас келді.
Орыстардың жергілікті халық өмірі мен тарихын, әдет-салтын білмей жазған, көбінесе теріс пікірде құраған мағынасы тайыз мақалаларын оқыған ғалым қолына қалам алып, көптеген мәселелерді өзі жазды. Және білгірлікпен дәйекті түрде жазды. Оның бұл мақалалары жоғарыда аталған газет-журналдар кідіріссіз жариялап тұрды. Оның әсіресе Қымыз туралы жаңалық, Орал казак-орыстары мен Ішкі Орда қазақтарының айтысы, Ішкі қазақ Ордасының жылқылары және оны бағу, Нарын құмы жөніндегі мәліметтер, Ішкі Бөкей ордасындағы аңшылық деп аталатын мақалалары мен зерттеу еңбектері мән-маңызы өте жоғары еңбектер еді. Әсіресе, мұндағы жылқы, қымыз жөніндегі жазбалары күні бүгінге дейін құны жоғалмайтын дүниелер. 1860 жылы қазақ депутациясының құрамында Петерборға барды. Осы сапарында ол белгілі этнограф, шығыстанушы П. Небольсинмен, ұлы саяхатшы Семенов-Тянь-Шанскиймен жүздесіп, танысады.
Атағы зор екі ғалым да жас қазақ ғалымын жақсы көріп, еңбегін бағалады. П. Небольсин 25 жаста. Келбетті. Ат жақты. Өңі қараторы, көзінің аясы үлкен, шашы қара, қалың. Бабажанов орыстың айшықты әдеби тілін жақсы меңгерген. Сөздері өткір, әрі көркем, әсіресе өзін толғандыратын мәселеге келгенде қызып кетіп, шешен сөйлейді... Әңгімелескен кезімде оны әсіресе екі мәселенің ерекше толғандыратынын байқадым. Оның бірі біздің бәрімізге ортақ кесел – біздің заңымыз және уездік сот қызметкерлерінің қылығы мен былығы болса, екіншісі надандыққа толы татар насихатының қазақ арасындағы зиянды кеселі және ешбір негізі жоқ соқыр сенімдер мен ескі аңыздарды құранға қосып халықты бұзып, аздыруы еді деп жазды. Бұл үлкен ғалымның жас ғалымды тануы әрі берген бағасы еді. Петерборға барған қазақ депутациясы осы сапарында Эрмитажда, мұражайдарда, көркемсурет академиясында, Пулков обсерваториясында тағы басқа тарихи, мәдени орындарда болған.
Шоқан Уәлиханов осы депутация құрамындағы Ғ. Есенбаев, А. Байғалин, М. Жантөрин, М. Бабажанов, Ә. Сейталин, тағы басқаларды қонаққа шақырғанын депутация жетекшісі Л. Плотников Руский вестник журналында (1860 ж. №12, 263 бет) жазған. Қайтар жолында Мұхамбет-Салық Мәскеу шаһарына әдейі соғып Кремльде, Үлкен театрда, тағы басқа мәдени орындарда болған. Тағы бір айтар сөз этнограф П. Небольсин аталған қазақ депутациясы туралы Путешествующие киргизы деген мақала жазып, қазақ даласынан келген адамдардың саналы істерін жоғары бағалайды. Осыны оқыған Орал казактарының мүшесі И. Железнов қарсы Киргизомания атты мақала жазып (Руский вестник журналына 1860 ж) қазақтардың намысына тиетін сөздер айтады.
Бұған назаланған М. Бабажанов аталған журналға И. Железновқа қарсы мақала жазып, қатты соққы береді. Оның шовинистік, пасық ойларын, надандық жазбасын айыптай отырып, кеудемсоқ казактардың ұрдажық, топастық келбеттерін айқын көрсетіп, бұлтартпас дәлелдермен әйгілеп береді. Белгілі ғалым М. Бабажановтың жазған ғылыми еңбектері, табыстары айта берсек өте мол. Нарын құмынан табылған әйел мүсініндегі балбал тас үшін ол күміс медальға ие болды. Заметки киргиза о киргизах (Қазақтың қазақтар туралы жазбалары) 1861 жылы Санкт-Петерборда басылған. Сонымен бірге ғалымның батыс қазақ жерінің кен байлығы, географиялық ерекшеліктері топономика, этнография, тарих саласындағы еңбектері де бар.
Олардың көпшілігі М. Бабажановтың көзі тірісінде және дүниеден өткеннен кейін де жарияланған. Бір өкініштісі сол, оның баспасөздерге басылмаған еңбектері табылмай кеткен. Артына көп мұра қалдырған М. Бабажанов туралы соңғы жылдары көптеген еңбектер жарық көрді. Х. Маданов пен А. Мұсабаева Мұхамбетсалық Бабажанов (Алматы, Санат баспасы, 1995 ж.) атты зерттеу еңбегін шығарды. Р. Отарбаев (Жалын, №3, 1988 ж), Т. Боранғалиұлы (Егемен Қазақстан 24.11.1995 ж), Н. Ивлев (Жұлдыз №1, 1990 ж, 199–202 беттер), С. Даумов (Жас Алаш 16.07.2002 ж, және 29.06.2002 ж) және басқа ғалымдар көп еңбек сіңірді. Осы жолдардың авторы Торғай, Қостанай облыстық теледидарынан (1997–1998 жылдары) Бабажанов өмірі мен қызметіне орай хабарлар ұйымдастырды, дәріс оқыды. Осындай білімді, зиялы қауым арқасында М. Бабажанов өмірге қайта оралды. Бір өкініштісі сол ғалым жұмбақ жағдайда 37 жасында көз жұмды. Арысынан айырылған және оның қадыр-қасиетін таныған ел-жұрты Салық өлді дегенше, халық өлді десейші деп өксіді. Дәулеткерей домбырасының азалы үні Салық өлген деп жоқтады.

Санат: KZ портал Қазақша Рефераттар жинағы


Скачать


zharar.kz