АҚПАРАТ

Скачать

Біз бәріміз бала кезімізден бастап информация алмасу процесіне қатысамыз. Кітап, газет және журнал оқығанда, радио тыңдап, теледидар көргенде, мұғаліммен, ата-аналармен, достарымызбен әңгімелескенде әр түрлі информация аламыз. Адамдардың үйде, мектепте, жұмыста және көшеде бір-бірімен сөйлесуі де информация түрлерінің: сөздердің, ойлардың, хабарлардың, мәліметтердің алмасуына мысал бола алады. Адамдардың араласуы мен бірге жүруі – жұмыс істеу, оқу және ойнау – информация алмасуынсыз жүзеге аса алмайды. Берілген информациялар өзімізге, заттарымызға қатысты айтылып, айнала ортамызда болып жатқан оқиғаларға тығыз байланыста болады.
Информацияны жазу мүмкіндігі пайда болғаннан бастап, информация алмасу тек ауызба-ауыз айтумен немесе әртүрлі қимылдармен ғана емес, оқу-жазу арқылы да беріле бастады. Оқи білу және ойын жазып жеткізе білу – адамзаттың сауаттылығының белгісі бола бастады. Ойды жазып қалдыру тек мағлұмат пен хабар алмасу ғана емес, адамзаттың ізгі қазыналарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мүмкіндігін берді.
XV ғасырда мәліметті қағазға басып шығару станогының пайда болуы кітап шығару ісін жолға қойып, адамзаттың алтын ойларын тікелей көпшілікке жеткізуге мүмкіндік жасады. Кітаптарды, оқулықтарды көптеп басып шығару, көпшілік кітпханалардың ашылуы адамзатты жалпы сауаттылыққа жетелеп, мәдениеттің жаңа даму кезеңін бастады деуге болады.
XIX-XX ғасырлардағы телеграфтың, телефонның, радионың щығуы информацияны кез келген қашықтыққа жарық сәулесінің тару жылдамдығымен жеткізуге мүмкіндік берді. Ал теледидардың шығуы үйде отырып-ақ, дүниеде не болып жатқанын біліп, кино, спектакльдерді көріп, оқып үйрену бағдарламаларын толық жүзеге асыра алатын күйге жеткізді.
Мәліметтерді іздеу мен өңдеудің бұрын болмаған жаңа мүмкіндіктерін ХХ ғасырдың ортасында шыққан электрондық есептеу машиналары берді. ЭЕМ-дер әуелде есеп-қисап жұмыстарын автоматтандыру үшін шығарылған еді. Кейіннен олардағы мәліметтерді магниттік таспаларға жазып, қағазға басып ЭЕМ экранына шығару қасиеттері бар екені анықталды. Оларды дамыта отырып, архив жасау ісінде, мәтіндерді теріп түзетуде, сызу мен графикалық жұмыстарда, өндірісті автоматтарындауда және де басқа адамның көптеген қызмет салаларында қолдана бастады.
Информация термині латынның түсіндіру, баяндау, білу деген ұғымынан туындаған ағылшынның information сөзінен шыққан. Информацияны біз ауызша немесе жазбаша түрде не қимыл не қозғалыс түрінде бере аламыз. Кез келген керекті информацияның мағынасын түсініп, оны басқаларға жеткізіп, сонығ негізінде белгілі бір ой түйеміз.
Сабақ үстінде мұғалім жаңа информацияны оқушыларға жеткізеді, ал оқушылар оны қабылдап, мағынасын түсініп, естерінде сақтайды және жауап береді.
Оқып үйренуге керекті информацияны компьютерден де алуға болады, мәселен ол суреттерді оған қажетті түсіндіру мәтіндерін, тексеру сұрақтарын арнайы программа көмегімен экранға шығарып береді.
Біз өзімізге қажетті информацияны оқулық пен кітаптардан, газет-журналдардан, теледидар хабарлы мен кинофильмдерден алып, керектілерін дәптерге конспект түрінде жазып аламыз. Өндірістегі информация жиыны сызулар мен мәтіндер түрінде, анықтамалар мен есеп беру, кестелер түрінде кездеседі. Осындай ин,формацияларды ЭЕМ арқылы да алуға болады.
Информация кез келген түрде бізге белгілі бір мағлұматтар береді. Ол біздің айналымызға не болғаны немесе не болып жатқаны туралы деректер бере алады, мысалы: кеше не істедік, ертең не істейміз, метеп бітіру кешінде қандай көйлек киеміз немесе қайда жұмыс істейміз деген сұрақтарға жауап бере алады. Бірақ информация әрқашан белгілі бір түрде - әңгіме, сурет, мақала және т.б. түрінде болуға тиіс. Сызулар мен музыкалық шығармалар, кітаптар мен суреттер, спектакльдер мен кинофильмдер – бәрі де информацияны жеткізу түрлері болып саналады. Қандай түрде берілсе де информация өзімізді қоршаған ортаның нақты немесе қиялдағы көрінісі болады.
Жалпы тұрғыдан алғанда, информация – таңбалар мен сигналдар түрінде берілген әлемнің, заттың бейнесі болып саналады. Информация алу дегеніміз – бізді қоршаған құбылыстар мен нысандардың өзара байланыстары, құрылымы немесе олардың бір-біріне қатысуы жөнінде нақты мағлұматтар мен мәліметтер алу деген сөз.
Сонымен, информация – белгілі бір нәрсе туралы таңбалар мен сигналдар түрінде берілетін мағлұматтар.
Информацияның түпкі заттық мазмұны оның негізгі қасиеттерін – дәлділігі мен толықтылығын, бағалылығы мен қажеттілігін, анықтылығы мен түсініктілігін ашуға көмектеседі.
Информация істің ақиқаттық жағдайын толық ашатын болса, оның дәл болғаны. Дәлдігі жоқ информация оны түсінбеушілікке және соған байланысты теріс шешім қабылдауға әкеліп соқтыруы мүмкін. Егер информация оны түсінуге және белгілі бір шешім қабылдауға жеткілікті болса, онда оның толық болғаны. Информацияның толық болмауы ол жөнінде белгілі бір тұжырымға келуге кедергісін тигізіп, қателікке ұрындыруы мүмкін.
Информацияның бағалылығы оны пайдалана отырып, қандай мәселелер шеше алатынымызға байланысты болады. Өзекті информация жұмыс шарттары өзгерген жағдайда өте керек болады.
Егер бағалы, әрі өзекті информация түсініксіз сөздермен жазылса, оның пайдаға аспайтыны өзінен-ақ белгілі. Егер информацияны пайдаланушылар тілінде жазса, ол түсінікті болады.
Информация түрлері: мәтін, сурет, фотобейне, дыбыстық сигналдар, электр сигналдары, магниттік жазба және тағы басқа.
Қоғамның даму кезеңдерінде адамдар көптеген тілдерді пайдаланды, олар: қимылдар мен мимика тілі, сызу-сурет тілдері, музыка тілі мен сөйлесу тілдері және тағы басқа.


Скачать


zharar.kz