Ертеде сауысқан мен көкек бір орманды мекендепті. Олар ұялары болмай, ағаштың бұтақтарын паналап күнелтіпті. Көкек күнде ерте тұрып алып: ұя керек, ұя керек, – деп, көршілерінің мазасын кетіреді. Бір күні сауысқан көршісіне:
– Екеуіміз бірігіп берік ұя істейік. Әуелі саған, содан кейін маған салармыз, – дейді. Көкек:
– Менің ұя салатын қуатым да, қауқарым да жоқ. Керек, керек деп қақсай берсем, құстың бәрі ағайыным, көп болып көмектесіп, ұя салып берер, – деп келіспейді.
Сауысқан көкектің көмегін күтпей-ақ, ұя салуға кірісті. Ол ұясының қабырғаларын жас бұтақтармен мықтап байланыстырды. Іші-тысын саз балшықтармен сылады. Кішкене бұтақтардан құрастырып, шағын қақпалы есік жасады. Ұяның астына мамықтан төсек төседі. Ал көкектің керек, керек деп қақсай-қақсай даусы қарлығып, тілі сақау болды. Ол кейінгі жылдарда керек дегендегі р-ды айта алмай, керек деудің орнына келек, келек дейді. Сондықтан жұрт оны кекетіп көкек деп атайтын болды. Сол көкектің күні бүгінге дейін өзімдікі деген ұясы да, үй-іші де жоқ. Жұмыртқасын кез келген ұяға табады, оны басқа құстар басып, балапан шығарады. Шібилер жетім өседі.