Айша кеп

Скачать


I

Бұл есіз, меңіреу қараңғылықтан Айша қорқып жүрген жоқ. Оны бүгінгі күннің қырсығының бірі деп біліп, қарғап-ұрсып, күюмен жүр. Түпсіз тұңғиық қараңғылықтың ішінде біртүрлі бір, жабысқан дымқыл салқын түн сызымен бірге, әлденеше көгеріп базданған шірік исі де білінеді. Айша бүгінгі шеккен азабы мен әлі күнге айықпай тұрған ауыр ойларының әредігінде бұл иісті талай рет ұмытып еді. Бірақ артынан қазіргідей, еріксіз қайта табады. Өнебойы оттай жанып, қыстығып кеп:

— Бұл не пәле? Қайда кеп түстім, сорлы басым-ау, — дегенде қазіргі тұрған орны бұрын ат-атағын естіп көрмеген құбыжық зындандай көрінеді. Өйткені ол айдалада жападан-жалғыз тұрған баз-кілеттің ішінде. Айналасы құлан елсіз. Кем қойса бес шақырымнан жақын жерде ешбір жан иесінің мекені жоқ. Өзі жым-жырт, қап-қара дала түні. Неткен ұзақ түн? Айша бұл күйге түскелі қашан? Жалғыз басы. Жап-жас әйел.

Өзіне өзі жаны ашып бір сәт көзінен жас ыршып босаңси бастайды. Бірақ сол арада, ілезде, өзінің сілейіп бос тұрып қалғанын байқап, тағы қарманады. Асыға еңкейеді. Сипалайды. Баяғы құрғыр екі тақтай. Бұның ұзын бойын талай рет тегіс сипап, ине жасуындай жер қалдырмай қарап өткен... Далбасалық па, тағы сипай түсіп қайта түңіледі.

— Қай арада тұрмын?... Есік қай жағымда осы? — дегенде Айша басын көтереді. Көзі қарауытқан ба, әлі бітті ме? Сонау биіктегі кішкене сәуле, терезе болмыс қазір басқа жаққа аунап кеткен сияқты... Тесік екінші жаққа шығып қапты. Сол жағында есік болу керек еді. Орнында жоқ. Үй іші шыр айналып бара жатқан сияқты. Жан-жағына қолын созып әр нәрсені сипалап көріп еді, ешбірін танымайды... Одан әрі үлкен тесік — үңгір. Аяғын өзі тұрған тақтайдың бойымен баса беріп еді, күрс етіп төменге құлап түсті. Екі тақтайдың бойын баспай, басы айналған бетінде аяғын қуысқа қарай басыпты. Маңындағы тақтай ма, сырық па бірдемелерді тарс-тарс еткізіп қаға құлағанда өз дабырынан өзі шошып:

Келді-ау кесел... Жетті-ау, — деп сырттан аю күткендей боп, үндемей қатып бүрісе қап еді. Аздан соң есі кірді, байқайды. Өз демінен бөлек дыбыс білінбейді. Сол арада, жаңылған жерінде жантайып отырып есін жимақ болды. Баздың ішін бастан-аяқ көз алдына келтіріп, оймен топшылап, жорамалдай бастады. Отырған күйінде айналасын көп сипап, бірталай нәрсені таныды. Тесік сәуле де өз орнына қайта барып тұрған тәрізді. Енді осы отырған орнынан қадамдай жерде сол иығының тұсында есік болу керек. Астыңғы қуыстың ішімен еңбектеп, сол есік бар деген жаққа қарай ақырындап жылжи бастады. Басы бір қатты нәрсеге соқтықты. Еден орнындағы сирек тақтайлардың бірі екен. Астынан өтіп қабырғаға жетті. Тағы бір-екі тақтай бар екен. Арасынан қысылып, зорға көтеріліп, қолын қабырғаға созғанда, есікке ілінді.

— У-у-һ... Бұл адыра қалғыр да дәрі болды-ау... — Тұтқасын ұстап тұрып оң жақ бұрышқа қарай бір адым кейін басты.

— Осы арадан құлағамын... — Кенет әкесі есіне түсті.

— Бар болғыр, қор бишара, әке больш игілік көрсеткен күнің бар ма еді? — деп сол орнында тұрып тағы да аяғының астын сипалайды. Тақтай... Ойлана бастады.

— Сол уақытта тақтай үстінде ме ем? Жоқ па еді? Есіне түсіре алмады. Жарыса келген қат-қабат ойы тағы әкесін көлденең тартты:

— Сүйретіліп нең бар еді бишара, екі нардың ортасында шыбын өледі деп. — Осымен қатуланып тағы да аяғын андамай аттап қалғанда, бағанағыдай және де күрс беріп құлап кетті. Бұл кілеттің асты базға арналған шұңқыр. Үсті сирек қып салған аз тақтай еді. Түн түгіл күндіздің өзінде де шаммен жүрмесе, ылғи кісінің жамбасын сындырарлық ор-жыра болатын. Айша осыдан аз бұрын осы баз ішінде өз ықтиярымен өзі қозғалуға жарайтын күйге жеткенде басына жарым бостандық алғандай шүкірлік етіп еді. Оның аржағы шынымен көр еді. Бірақ мынадай боп құлап бара жатқанда соңғы күйін де бұрынғының сыңары деп қалды.

Қараңғыға күрс беріп жан-жағын қармана құлағанда қолына еш нәрсе ілінбей жанбасымен ұшып түсті. Құлаған шұңқырының ішінде бір үшкір нәрсе ұршығына шаншыла тигендей болды. Сол секундта Айша етінің ауырғанын, бойының талмаусырағанын ұмытып сол қолымен жанбасының астын сипап жіберді де, көлденең жатқан алты атарды орта белінен ұстай, жұлып алды...

— Я құдай, берерсің... Бәсе, мен де адамның баласы едім қой... — деп жүрегі орнына түскендей боп, аз тыныс алып, алты атарды көкірегіне басып отырып қалды.

Ең соңғы халінде Айшаның, басқа бір нәрсені ойламастан барын салып, тыным таппай, осы меңіреу қараңғылық ішінде жалғыз іздегені осы алты атар еді. Осы баз ішінде бағанағы бір кезде өз қолынан жоғалтқан алты атар. Айша орнынан асықпай тұрып есікті қайта сипалай беріп:

— Байым, бәсе байым екенің өтірік пе еді? Қайдасың енді? Қайда кеттің? — деп тұтқадан ұстап сол иығымен нық итеріп, есікті аша берді. Бұл есік ашық. Жабығы, бұның аржағындағы есік болатын. Соған қарай аттай бергенде, сыртта тасырлап кеп қалған көп аттың дүсірін есітті. Келіп қапты. Үзеңгі-тұрман шылдырлап, алды түсіп жатыр. Есікті қайта жамылып, саңылау қалдырып Айша тына қалды.

Көз алдынан бағана таңертеңгі тып-тыныш, ап-аман тұрған көңілді өмірі сөне бергендей болды. Адал еңбекпен күліп-ойнай өткізіп келе жатқан колхоз күні, қалетсіз еңбек күні енді міне мынадай шым-шытырыққа соқты. Шатқалаңға ұрынды.

— Өзге дүниені көрмеске, саған ермеске ант еткем... — дегенде оң қолы алты атарды нық ұстап, сенімді күйде салмақтап алған сияқтанды. Бұрын атып көрмеген. Бірақ қазір бойына, бұрын өзі шамалап көрмеген қажыр біткен тәрізді. Бекінуі берік. Енді алты тардан құр оқ шығару ғана емес, жауын жайратуға да жарайтындай... Бар дүниеге қол сілкіп, көз жұмып, бір-ақ алты атарға ғана бойұсынғандықтан енді өзін өзі ширата беріп:

— Ал, колхоздың мақтаулы ударнигі, шын ударник болсаң басыңды қорғай біл, — деді. Шұбала берген етегін сол қолымен көтере жиып ап еді. Басындағы үлкен орамал қайта-қайта шұбатылып бетіне түсе береді. Және тың тыңдауға құлағын да кептей берді. Тыстағылардың тықыры жақындап қалды. Бәрі аттан түскен, енді есікке кеп қапты. Сол уақытта Айша басындағы орамалын төмен қарай сыпыpa жұлып тастап, есіктің саңлауына сол жақ көзімен қадалып, жабыса қалды. Төменіректе, кеудесінің тұсында алты атардың жалғыз көзі де осы саңылаудан сығалап тұр еді, бір күшті дене сыртқы есікті сықырлата басып тұрып, сол сырт жағындағы бастырығын алды.

— Енді міне, міне дер кез... — Дәл осы халде Айшаның жүрегі аттай тулап, сабырынан айрылып "болшы бол" дегендей болды. Бағанағы қатаң беріктік енді алас ұрған дегбірсіздікке басты. Барлық ақыл, сезімі еш нәрсені болжатпастай боп соққан, тұтқиылдан шыққан алай-түлей құйын ішіне түсіп кеткендей болды. Құлағы да шулап, дүние азан-қазан боп бара жатқандай.

Сонда да көзі саңылауға қадалуда еді. Сыртқы есік ашыла берді... Соның қалпағы... Келіпті... Жетіпті... Кім болушы еді ол емей?.. Айша басып жіберді... қараңғы үйдің іші түтін мен от боп бұрқ берді. Алты атардың дауысын өзі естімей қалғандай да болды. Көздеген де жоқ па немене? Қолы, алғаш кісі бейнесі көрінбей тұрған кезде бір бетке оқталып тұр еді, сонымен жібере салған сияқты.

Тыста, бірдеме айғай, дабыр, шу бар сияқты. Айша ұқпайды. Естімейді. "Өлмеді... Өлмеді... Тимедің. Көзін жұма бере тағы да басып-басып қалды. Сол уақытта айғай да шықты. Алдында екі рет, ақырып сөйлейін дегенде тамағы жабысып, үні шықпай қалған еді. Енді шығар жолын жыртып айырып, зорға дегенде үзіле, қарлыға шыққан үні:

— Өлтіріп аласың, енді мен саған жоқпын... жоқпын, — деді. Тағы бір атты... Тыста шу, айқай, не деп жатыр? Кім сөйлейді. Естілмейді. Құлағына үн жетер емес. Бағана көрінген дене енді жасырынған?.. Әлде құлаған ба? Жоқ... Жүрегі бұрынғыдай атша тулайды. Құлағында шу... ызың... азан-қазан...

Сол уақытта мылтық атылып-атылып кетті... Өз мылтығы ма? Жоқ. Баспаса керек еді ғой... Тағы атылды... Жаңа ұқты. Атып тұрған сырттағы жау екен. Бұны атқаны...

— Ә, бәсе, бәсе атсын... құшағым керек қой менің саған, мә, — деп тағы атып жіберді...

— Жауыз жауым... Өлдің бе, жоқ па? — Тағы басып қалды... Бірақ... ойпыр-ау, бұ не? Атпады ғой... От шықпады ғой... Тағы басып қалды. Тағы да от жоқ, құр шырт етті. Бітті. Оқ біткен еткен ғой...

— Сорым бар басым... — Сол уақытта тыстағы дауыстар арсылдай қоя берген сияқтанды.

— Оғы бітті... Бітті, кір, кір. Ұста, ұста жауызды, — дескенін ғана сезді... Айша жалт берді... Бағанағы шұңқырға тағы құлап кетті. Бірақ жығылған жоқ. Артымен шұңқырдың жарына тіреліп екі қолымен ернеуіне жабыса сүйеніп есікке қадалды. Жарық келеді. Көп аяқтың дүсірі кеп қалды. Шықыр етіп шалқасынан есік ашылды.

— Жауыз... жауыз, — дегенде Айшаның шашы талданып бетіне түскен. Екі көзі шарасынан шығып шатынаған, иегі дір-дір етіп, тістері сақылдайды. Жарықпен бірге үш-төрт бас көріне берді...

— Ойпыр-ай, сұмдық-ай... — Айша бетін баса қалды. Кіргендердің ең алдында Қасен. Сол қолынан, саусақ-саусағының бәріне тарамдап қан дірдектеп ағып, саулап тұр. Атжағы тістенген, өңінде қан жоқ, құп-қу... Тағы бірнеше таныс пішін көрініп қалғандай болды... Бірі Самат — ферма бастығы Самат тәрізді... Сол уақытта жүзі шыдамай Айша бетін басып, төмен тұқыра берген. Үнсіздік ортасында тастай суық, зілдей ауыр ашу айқайы, қатал айқай саңқ етті, Қасен үні:

— Ә, жүзіқара, менің қатыным екен десем, әлі де жау қатыны ма едің? — дей беріп тап берді. Оң қолында қарыс қара пышақ... Айша көзін жоғары көтеріп аша берді. Шарасынан шыққан көздері енді жасқа толған... Қасенге қарай үнсіз қарсы ұмтылды. Ендігі қозғалысында алысу ниеті емес, жығылған, сөнгеннің белгісі бар. Ұмтыла беріп, әлі құрып, Қасен қармай бергенде:

— Жарығы... жаздым, — деп күрт құлап түсті. Талып түскендей болды. Қасен пышағын жоғары көтерген күйде үстіне қона түсті. Сол секундта тамағы қырылдап, пышағын құлаштап қайыра сермеп ап ұра берді... Бірақ қолы орта жолда бірдемеге сарт етті, ұсталып қалды. Қанталаған көзбен қайырылып қараса, қасына жетіп келген Самат, бұның пышақ ұстаған қолын қос қолдап ұстап тұр екен. — Жіберші! — деп Қасен бұлқына бергенде Самат сабырлы, бірақ әмірлі қатты үнмен:

— Тоқта. Мән бар... Тұр былай... — деп Қасенді Айшаның үстінен жұлып алды.

ІІ

Бұл уақиға облыс орталығынан жырақ жатқан, шекараға жақын ауданның бірінде "Талдыөзек" колхозының қой фермасы жайлаған өлкеде, июньге қараған түнде, түн жарымы шамасында болған еді.

Әңгіменің басы Шәлтіктен басталады.

Ажымды сұрғылт жүзді, бурыл сақал, имек шал Шәлтік, өткен түн таң алдында осы базда жалғыз жатқан жерінен шошып оянды. Бұл баз тұрған жер, қой фермасының жазғы қонысының бірі болатын. Сондайда май сақтайтын орны осы баз еді. Талдыөзектің түні суық келеді. Ол бір жағынан белдемесін тоңазытыпты. Екіншіден, көзін ұйқыдан аша бере құлағына бір жат дыбыс ілінді.

Кейін өз айтуынша: "ың-жың, у-шу, толайым жер де айқай, көк те айқай. Е, тәңір, жын ба пері ме?" — деп басын көтере берді. Таң қыландап келеді екен. Аңғарса шулап-улап жүрген қасқыр екен. Шәлтік тегі батыр емес еді. Одан бері де жалғыз шал, қарауылшық жау түсіріп, бәрі айдындыратын не қауқары бар дейсің? Ескі алашасы мен тонын сүйреп әуелі баздың төбесіне шықты. Қысы-жазы басынан түспейтін сеңсең қара тымағының құлағы шарт байлаулы еді. Сол байлауын шешпестен тәуір еститін он жақ құлағының тұсындағы сеңсеңін тымақтың ішіне қарай жымырып тұрып, басын олай-бұлай бұрып құлағын анда-мұнда төсеген болды. Қасқыр әлі де оқта-текте ұлып қояды. Бірақ қай жақта екенін Шәлтік тарс аңғара алмай қойды. Ұлуы тынбаған соң дөң айбат қып, тұрған орнынан тапжылмастан тепсініп:

— Уа, һо-ой, һайт-һайт. Айтақ, айтақ, — деген болды. Аяғында кеп:

Қай жақта екенінде нем бар әлі соның? Соғып алам деймін бе, мүрдар басым... Шілденің кәні қой, кісі жемес, көнің кепкірдің әзер көні кеуіп қалса да, — деп қайтадан бұрынғы орнына барып жатқысы келді. Сонымен енді аяғын тырп-тырп басып тұрған орнында айнала беріп еді, қасқырдың шулағаны тағы естілді. Енді тіпті жақын. Өзі дақпыртына қарағанда нақ бір қора қасқыр сияқты. Шәлтік тамсанып, басын шайқап біраз тұрды. Көзін тырмалап қарасын көрейін дегендей қып еді, ешбірінің бойы көрінбеді.

— Қораның төбесіне жатсам ба, — деп тағы бір ойланып жерге отырып көріп еді, астының бәрі сықырлап "кетші кет" деген сияқтанады.

— Осы көпірден құлап шонданайым сынар ма екен мүлде? — деп Шәлтік қайта тұрды. Бұл жолы қасқырда жазық жоқ еді. Бірақ Шәлтіктің құлағына тағы қасқырдың ұлуы шалынғандай болды. Ыза боп кетті.

— Әй, тұқымың құрғыр омай өнесі екен, қайта-қайта шулап. Ал жеп қоярсың... Жей ғой мә, мына менің қатқан...ді, — деп арт жағы өрмекшінің артындай боп дүңкиіп тұрған көн шалбарының бұтын салдырлата қағып-қағып қалды. Бұл екіленуінің себебі: жасындағы бір ісі есіне түскен еді. Ақтабан ат деген жалғыз атымен дәл осы, Талдыөзектің қалың шиінен бір тайыншадай қасқырды анау хұн батыс жақтағы Сары адырға қарай айдап шығып, ерікке қоймай қуып жетіп, құр қол күйінде үзенгі бауын ағытып алып, ұрып жығып алған еді. Тегі қасқырдан Шәлтік қорқып көрген емес-ті.

Осымен жерге қайта түсіп, баяғы орнына қайта жатып қалды. Бойын бір тоқтатып алса да енді сергек жатыр еді. Таң салқынынан тоңазығандықтан ба, немене, қалғып кетіпті. Жатқан жері баздың ішіне түсетін есікке жақын еді.

Бір мезгілде тағы сескеніп барып көзін ашты. Еш нәрсе көрінбейді. Бірақ баздың іші салдырлап барады. Апыр-топыр бір ойнақ. Алдында қасқыр ұлып маңайлап жүргенде:

Құлқының құрғыр, осында бір қазына жатыр, құйрық жатыр деп жүрсің ғой... — деп бір кекетіп қойған еді. Бірақ соны айтса да осы баздың исі айдаладан мұрын жарып, "мен мұндалап" тұратынын есіне алған... Енді ояна беріп жаңағы әбігерді есітті де ақырын сүйретіле кеп, сыртқы есікке ілінді. Содан бөксесін зорға сүйреп тұрып ап, есікті сарт еткізіп жаба қойып басып тұрып:

— Бәлем жаман шие бөрі, Шәлтікті сен жер ме екенсің, сені Шәлтік жер ме екен? — деп қоразданып жауланып ап, есіктің сыртқы шотын салды. Бұл уақытта таң әбден ағарып атқан еді. Қаужаңдап жүріп бір үлкен сырғауылдың сынығын әкеп, сыртынан оны да бастырық қып есікті мықтап тіреп жауып қойды. Содан кейін айналып баздың екінші кішкене терезесіне келді. Көп сығалады... Әрі қарап, бері қарап жүріп, ақыры баз ішінде төменгі шұңқырды тімтініп, тіміскеленіп топырақ атып бұлқан-талқан боп жатқан екі долы қасқырды көрді...

Сол-ақ екен Шәлтік, анау-мынауды қойып, өз басының ендігі ерлігін қаңтара тұрып, колхозға қарай салып еді.

Күн шығар-шықпаста Шәлтік даурығып кеп бастықтың орынбасары Қатпаның есігін қақты...

Есік алдына көйлек-дамбалшаң келген Қатпа, арық шұбар бетінің барлығына ұйқы ұялап тұрған күйде бір көзі жұмулы, бір көзін сығырайта ашып бұны танып, сирағын қасып тұрып:

— Е, қу шал, құтырып кеттің бе, не болды? — деп қарсы алып еді.

— Несін айтасың, қарағым Қатпажан... Екі қасқырды баз ішіне байлап caп келдім,— дей беріп еді, анау аяғын тыңдамастан:

— Сол ма, жынданған шығарсың өзің, — деп есігін қайта сарт еткізіп жауып алды...

— Қарағым, қасқыр, қасқыр өлтіріп алатын кісі ... — деп Шәлтік жабық есікке жалпылдап қала берді.

— Басқаға айт, ана Жүніске айт, барып ұстап әкелсін, — деп есік үні өшті.

Осымен тағы бір-екі есікке түртініп жүріп, аяғы екі колхозшыны тұрғызып ертіп келді. Бейсенбай мен Садық еді, пішенші бригадасынан. Олар да ұйқысы шала. Бастық бұйырады деп айдап жіберген. Аттарына міне бергенде Шәлтік кеп жирен байталдағы Садықтың артына мінгесті. Жолшыбай "қамаулы қасқыр" дегенді естігеннен кейін анау екеуі басқа еш нәрсені сұраған жоқ. Бірде шауып, бірде желіп Шәлтікті сөлектетіп, құйрығы жауыр болған кезде базға жетті.

Аттарынан түсе сала бір-бір сынық сырық тауып терезеге келісті. Қараса терезе сынық. Өзі тап-тар, ол баздың төбесіне жақын биікте тұрған, бір кісінің басы зорға снятый тар тесік еді. Соның шынысы күл-талқан боп жатыр... Үңіліп ішке қарасты. Ешбір дыбыр да жоқ. Қасқыр да жоқ...

— Түу, құдай төбеңнен ұрғыр Шәлтік-ай, ұйқыдан қалдырып, — деп Садық кейін шегініп кетті...

Шәлтік ұялғаннан ба, жоқ ауырғанын жаңа сезгені ме, белін басып шойырылып қалды...

— Белім-белім... Бастырмай қалды. Шойырылып қалды. Қураған тәңір, қырсығыма келген екен қой... Белімнен аттап кеткен екен ғой. Белінен қасқыр аттаса тұра алмай қалады деуші еді. Осы міне, сол болды сорым бар басым... — деп қаңқақсады...

Садық пен Бейсенбайдың ұйқысы ашылған еді. Енді қасқырдың құтылып кеткені үшін шалды ажуалап күлкіге айналдырып:

— Болғаны енді сол болғаны-ақ...

— Әрі құтылып кетіп, әрі қырсығы атып тұрғанын көрмеймісің? — дескенде Шәлтік жерге отырып aп түндегі әңгімесін ағытты. Екі сөзінің бірінде белімнен аттап кетіп шойрылтты міне, — деп қойып, — кәпірдің өзі осы қолымнан тығып міне, міне, — деп тіреулі есікті жұдырығымен ұрып отырып, — мынаны ішіне бастырып кеткем... Енді міне белімнен аттап... Кедейдің аузы асқа тисе, мұрны қанайды деп белімнен шойрылып.

Садық пен Бейсенбай күлді-күлді де шал сөзін аяқтатпастан аттарына мініп жөнеле берді...

Бұлар кете бергенде Шәлтік "уау түге", — деп сұқ қолымен ымдап қайырып ап, жүзі томсарып, өзгеріп ап:

— Уа, бастыққа айт, қасқыр аттап міне белім шойрылып қалды. Кісі жіберсін. Колхозшы шал аштан өлсін деп пе еді? Кісі, кісі жіберсін, — деп тапсырып қалған.

Аналар: — жібертейік, айтайық, енді қасқыр келсе тек айырылма, — десіп жөнеліп кеткен...

Осыдан Шәлтік күн ұзын сол есік аузында бүк түсіп жатып қойды. Жалғыз-ақ ұлы сәске кезінде шай қайнатып ішті. Түс ауа бергенде ыстығын істеп бір қоректеніп алды. Бірақ қасқырдың ызасы бүгін күн бойы есінен кетпеді. Анда-санда тамсанып, басын шайқап қойып, өзімен өзі күңкілдеп сөйлеп: қамап кеттім, терезені сындырып, кәріп құзғын, тұрмасын дедің-ау белімнен аттап, — деп белінен аттағанын көрмесе де, сол жайды айта-айта аяғында әбден даусыз нәрседей иланып алды.

Сонымен бүгінгі күн өтіп, кеш батуға айналды. Келесі түннің уайымы тағы жылжып, қайта қаптап келе жатыр. Күн батар кез еді. Бір дүсір шықты. Бұрылып оң жағына қарай беріп еді, бағанағы жирен байталға мініп келген Айша екен.

Шәлтік елең етіп, көңілі жадырап қалды.

— Немене, қасқырдың хабарын есіттіңдер ме? О кәпір, мүлде қылды ғой қыласыны, — деп әңгімесін тағы шұбыртып жатыр...

Айша атын қораның сыртына байлап келіп шалдың жайын сұрап, бұның ұзақ әңгімесін бір жерінде тоқтатып:

— Ана бірінші базға барып, жаңа кешке содан қайтып ем, әкең сырқат көрінеді, түнде қасқырдан шошынған ба, немене? Барып соның жайын біл және баздың іші бүлінбеді ме екен, оны байқа, — дегенде, Шәлтік сөздің мына аяқ жағын жақтырмай:

— Е, бүлініп деп, ішінде дымы жоқ қу моланың несі бүлінуші еді? — деп қыңырайып мойнын бұрып салды.

Айша ақырын күліп қойды. Бұл орта бойлы, толық етті, шымыр, тұтас біткен, қайратты әйел еді. Денесі жұмысқа піскен. Сом дене. Бет пішіні еркекшелеу келген, кесектеу пішілген қалпымен айрықша саналы, өзінше сұлу біткен пішін. Ақшыл сарғылт бетінде күнге күйгендік пен араласқан жұқалау қызғылт бар. Әдемі қара көздері мейірімді, ойлы көз сияқты. Әсіресе биіктеу келген түзу біткен мұрын мұның дөңгелек бетінің жарастығын, келісімін толықтырып тұрған тұрізді.

Әкесінің жаңағы қомпаңына аз күлгеннен кейін Айша өз сөзін тағы бастап:

— "Баршы, бар деп" қолды-аяққа тұрғызбады Қатпа. Не қып сонша жеделдеткенін білмеймін? Түнде қайтарында қараңғы болады ғой, қорықпас үшін мынаны салып ал деп, мына бір алты атарды берді, — деп Айша қойнынан мылтық суырып алды. Шәлтік:

— Оқтаулы ма өзі? — деп қолымен мылтықтың алқымына қаға беріп: — кәпірдің аузын арман қарат, — деді де: — қарағым Қатпа, маған жаны ашыған ғой. Мынауың адам екен ғой, — деп мәз болып қалды.

Күн кешкіріп барады, Айшаның колхозға қайтуы керек. Әкесіне ала келген азын-аулақ шай, қант, оны-мұнысын беріп енді өзі базға кірді. Азын-аулақ қана алакөлеңке бар. Көп жері қараңғы екен. Әр бұрышына барып: күбі, шелек, тақтай, қалып сияқты ол-пұлды түгендеп, енді есікке қарай жүре беріп еді, баздың сыртында тасырылатып басып, жылдамдатып кеп қалған көп аттының дүбірін есітті.

Бұл уақытта Шәлтік те елең етіп бұрышқа қарап еді. Мойны қашықтан шығып, тер басып келген емендей қатқан сұлу тор жорға ат сумаң етіп шыға келді. Үстінде кішілеу жұқалаң денелі жүргінші. Тағы бір сары атты, боз атты, жирен аттылар шыға-шыға келді. Батыр-ау, не сұмдық? Беттерінің көзінен төменгі жерінің бәрін орамалмен танып алған.

Бұл уақытта Айша да арғы есіктен бері қарай басайын деп бір қарап қалып еді. Келгендердің бет-пішіні жат болудан басқа, тақымдарына қыстырып алған мылтықтары да бар екен. Айшаның әлденеден дегбірі қашып, жүрегі су еткендей болды. Өңі де сұп-сұр боп кетті. Жалғыз тапқан шарасы есікті тартып жауып ап, оң жақ босағада жабысып қатып тұрып қалды.

Аттылар сарт-сарт түсе қалды. Тақымдағы мылтықтарын қолды-қолына ұстай түсті. Боз атты ғана жерге түспей, өзге үш аттың шылбырын алды.

Шәлтіктің іші мұздап кетті. Түсі суық, бір жат жандар. Енді бәрібір не де болса қыларлық айла жоқ...

— Уа кімсің, кімсің, жандарым? — деп апалақтап тұра берген еді, алдымен келген жұқалаң жігіт:

— Құлайғыр, — деп бір жолдасын түртіп, шалға қарай нұсқап қалды. Кеспелтек денелі, қолы темірдей Құлайғыр Шәлтікті алып ұрып, кеудесіне аттай мініп алды. Сөйтті де қынынан cap пышақты суырып алып, қонышына жанып-жанып ап шалдың көзінің алдынан жалтылдатып, тамағына тақап кеп:

— Айт, жаның барында, кімсің? Қай колхоздыкісің? — деді.

Шәлтік ішінен елтіре коймассың деп бойын билеп ап:

— "Талдыөзек" колхозынанмын, о несі екен?.. — дегенде Құлайғыр мұның онша қорқып, есі шықпағанын біліп тағы да үстінде отырып тыпыр-тыпыр етіп, тепендеп кеңірдегіне төніп келіп:

— Өзің кімсің, айт шапшаң? — деді.

— Өзім осы қураған базды, қу моланы күзеткен жаман шалмын, қарауылшықпын, Шәлтікпін, — деді.

Жұқалаң жігіт Құлайғырдың иығынан түртті. Анау тұрып Шәлтікті талтиып, шалжиып жатқан жерінен жұлқа тартып отырғызып қойды.

Шәлтік енді бір тыныс алғандай боп, кішкене қиялап әңгімені бейбітшілікке, әншейінге айналдырғысы келгендей боп:

— Өй, жөн сұрамайсыңдар ма? — Аналар үндемей аңырғандай боп қарағанда:

— Мен Көбігіппін... — деді. Келгендерді бұл жұмсартпады. Құлайғыр тағы тепсініп кеп, Шәлтікті ызғарлы үнмен тергеуге алды.

— Колхоздан былтыр көшіп кеткеннің бәрі қайта кеп жатыр ма? Рас па?

— Е, келіп орны-орнына жайласып, бәрі де адам боп қалды. — Жұқалау жігіт үн қатып:

— Келгеннің көбі кім? Алтыбай ма, Жәрке ме?..

— Е, Алтыбайы да Жәркесі де кеп жатыр... Шырағым, өзің біледі екенсің ғой, — деп Шәлтік бұл кісіге үңіле беріп еді, ол жылжып, сырт айналып кетті. Енді қайтып сөз сұраған жоқ. Шәлтік ішінен: апыр-ау, осы кімнің даусы? — деп таң қалды. Таба алмады. Бір жағынан Құлайғыр баспалатып барады.

— Колхозшы енді тоқпыз, жетістік дей ме? Ішіп-жем жеткілікті ме?

— Е, ақ молайды. Колхоз ортасында мал көп. Жеке меншікке де шетінен сиыр беріп, қой беріп адам қып жатыр. Бүгін қайда, адам боп кетті, тек еңбек еткеннің жаманы жоқ.

— Ал өзін ше?.. Қарық болғанның бірі сенбісің? Жетіскен екесің. Қу далада, қу тізеңді құшақтап, не айтасың?..

— Е, шүкір, тіпті, мен екеш, мен де аш емеспін. Құдай кәніки...

— Тіпті арманың жоқ па?

— Жалғыз осы киім жағы тапшылық қып тұр. Менің де еңбегім аз емес еді. Осы мына базды бар ма? Мен қаздым... Міне енді күзет. Жалғыз осы болмай, міне бәленшемді жабатын лыпа да жоқ. Айтсам: аласың, әне-міне дейді... Білмейім түге Иван мен Мергенбайдың не қып, не қойып жүргенін... — деп тағы да әнгіменің аяғын ерудегі сөзге сала бастады. Құлайғырдың қасындағы екінші кісі бағанадан үндемей тұр еді. Енді ғана даусын бұза маңқылдап сөйлеп:

— Бұл қорада жалғызбысың, жоқ қасында кісі бар ма? — деді.

Шәлтік кідірместен:

— Жалғызбын, жалғыз емей, өзім қарауылшықпын, мені кім бағушы еді?..

— Шыныңды айт, әлде басқа тағы біреуің бар шығар?

— Е, бұйырмасын... кім болушы еді? Бұйырмасын... — деді. Бұл сөз өзіне ұнап қалды білем, Шәлтік "бұйырмасыңды" бірнеше қайырды.

Келгендер кішкене бөгелеңдеп қалып еді. Содаң соң Шәлтік кешегі қасқыр әңгімесіне ауысып:

— Түнде белімнен қасқыр аттап кетіп тапжыла алмай отырмын. Соған колхозға барып азық әкеп беретін кісі де жоқ... Белімнен аттап шойырылып отырғаным... — деп мықшындап белін сипай бастады.

Құлайғыр мен қасындағы кісі екеуі кезек-кезек колхоздың малының жайын сұрай бастады. "Асыл тұқым қой дегені қандай қой?.. Асыл ешкі бар дейді ол қанша, биыл төлдің өлімі қандай болды? Әсіресе түйе, түйе жайын сұрайды... түйесі бар деген рас па? Күндіз қайда жайылады? Түнде қайда жатады?.. Бақташы бар ма, боталысы нешеу?.. Осыларды сұрап жепіріп барады. Қой қай құдықтан су ішеді деп сондай бірдемені де сұрап қояды. Шәлтік ылғи "өсімі жақсы, мал көп, түйе де тегіс аман боталады, бұл өлкеде ең түйелі ауыл осы біздің колхоз" деп ұзын ырға жауаптар береді. Қайда жатады? Қалай жайылады дегендерге:

— Қу далада жатқан шалмын, кім білсін, — деп қиялай жауап береді... Бұл кездерде қонақтардың түр-әлпетін әбден танығандай еді...

Ақыры осымен қас қарайып қалды. Сол кезде бағана сырт айналып кеткен жұқалаң жігіт бұған қайта оралып кеп:

— Шал, біз саған тимейік. Бағанадан бергіміз әшейін. Енді біз де осы колхозға қайтып келген осы маңның адамдарымыз, сен бізге бір қызмет істе. Анау жирен байталға мін де колхозыңның бастығы бар ғой?.. Кім еді аты? — деп бір тоқтады.

— Осы күнде орынбасар ғой... Қатпа. Бастық қалаға жиынға кеткен... — деді.

— Ендеше, сол Қатпаға барып айт, біз де қайтып келген откочевникпіз. Бізге бір тілдессе, жөн-жосығымызды есітсе, содан барып біз колхозға кірсек дейміз. Осыны өзіне ғана барып айтып кел... Жарай ма? — деді.

— Е, жарайды, шырағым мақұл, — деп отырған орнынан белін басып қозғала берді...

Бұл кезде аналар өзін-өзі боп топталып күңкілдесіп әрі жылжи беріп еді. Шәлтік біраз ырғалып тұрып, ақыры аяғын жітірек басып баз ішіне кірді. Кіре сыбырлап:

— Қайдасың, білдің бе, жау білем... — деп Айшаға қарай баса беріп сүрініп, құлап кетті. Жолда тұрған Айшаны да қоса қағып жықты... Айшаның қолында тұрған алты атары ұшып кетті. Өзі тәлтіректеп барып бұрышқа сүйене жығылды. Айша күйіп сыбырлап:

— Е, сорлы шал ... қылдың-ау, ойбай, — деп жерді сипалана бастап еді, түк таба алмады. Бірақ тығыз. Әкесіне жабыса кеп сыбырлап:

— Жау деймісің? Кім екен?

— Е, қайдан білейін, бетін шар таңып алыпты.

— Тәңір алсын, әке.

— Уа кім, сығыр-ау? Қатпаға хабар айт, — деді ғой.

— Не дейсің? — Айша есі шыққандай боп не дерін білмей, еш нәрсені ұға алмай дал боп қалды. Шал:

— Кетейін, не де болса хабар етейін, — деп кейін бұрыла беріп еді. Сол кезде дәл көзінің алдынан от жарқ ете түсті. Шырт етіп жанған сіріңке еді. Айша мен Шәлтіктің алдында тұрған Сүгір. Сүгірдің көз алдында Айша...

Бағанағы жұқа денелі жігіт Шәлтік базға кіре бергенде артынан лып беріп, аяғының ұшымен басып, жасырынып отырып сыртынан бірге ілесіп кеп еді.

Мына екеуінің жаңағы сөздерінің тұсында ернін тістеп жымдай қатып тұрған... Енді міне алдында Айша, есептері теріске кеткен жоқ. Жүрісі бос жүріс болмапты. Сіреңкесін қайта-қайта тұтатып тұрып, Айшамен мынандай сөзге кірісті.

— Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан... — деп кекетіңкіреген үнмен: — мені тоса келдің ғой, — деді.

Айша есін жия бастады. Өңі сазарып, сұрланып алды.

— Тоссын деп кетіп пе ең қашқын болғанда?

— Жоқ, тосқан болмасақ бүгін мұнда келмес ең, әлде тәңір бұйрығы әкелді ме, қайта өзіме?

— Мен тіршілігін адалдан тілегендермен біріккем... Кетерінде арамыз шешілген-ді...

— Жоқ, шырағым, мен өткіліктен өтіп, сонау Қытайдан текке келгем жоқ. Сүгір намыскер жігіт... Сүгірдің қатыны көзі тірісінде жатқа кетпейді, — дегенде дауысы дірілдеп20 қатая беріп: — сен мені бір рет жер қылдың... Енді иек жөніңе көш, болмаса сөз бұзылады...

— Мен мынау шал әкеммен ашығып қайыр тілеп жүріп, ақыры міне колхоздан пана таптым. Енді орным осында. Өзімдей еңбекші бейнетқордан теңімді таптым... — дегенде Сүгір тепсініп кеп сөзін бөліп:

— Жәркенің жесірін көзі тірісінде сасық Алтыбай алғанын көріп пе ең? Иесі келсе қоңсысы орын босатады... Өз қатыным. Мен байың. Көзіңді ашып қара... Килігіп көрсін. Бір түнде кестіріп кетейін, — деп қабағын түйіп қадалып алды...

Шәлтік Айшаны ақырын түртіп еді. Бірақ ол да қайтар емес.

— Жоқ, жарқыным, енді басымды әурелеме, — дей берді. Сонда Шәлтік Сүгірдің түсі бұзылып бара жатқанын көріп, Айшаның желкесінен түйіп қалып:

— Көзің құрғыр, кіммен сөйлескеніңді көрмей тұрсын ба, түге, мен берген байың осы. Осыныкісің... — деп дүрсе қоя берді.

Айша бетін баса беріп, ақырын ғана:

— Жоқ... Жоқ... өлсем де жоқпын саған, — деп төмен шөгіп отыра берді.

Сол кезде Сүгір шалды жетектеп алып шығып, есікті жапты да, тыстағылардың жанына келді.

Бәрі жан-жақтан қамап тұрып, Шәлтікке тағы да бірнеше сұрақ берді. Ақыры жирен байталға мінгізіп жатып Сүгір оңашарақ шығып:

— Ата, мен Сүгір балаңмын. Баяғы туысым бір деген ниетпен келіп ем. Артымнан21 бәрі жау боп өре тұрыпты. Сол аямас жауымның бірі ана колхоз бастығы Қатпа ғой. Менің барар жер, басар тауым жоқ. Жау да болса өзіне қайта кеп тұрмын. Адастым, бірақ кайта келдім. Аяр деп ойламаймын. Сонда да өз алдына келдім. Бір Жәркенің баласы ек. Өзіне ғана хабар айт. Не қылса да өз қолымен өзі істесін. Осы арада хабарын тосамын, — деді... Шәлтік үн қатпай тыңдап-тыңдап тұрды да ақыры:

— Құп, — деп бір-ақ ауыз үн қатып тебініп жүріп кетті. Енді белі шойрылмай ма немене, ширап апты. Біраз жүріп баздың қарасы үзіле бергенде артына бір қарап ап байталдың басын ірікті де, ойлана қалды.

— Қатпаға барам ба, басқаға барам ба? Жаңа келген адам болса да, осы көпке қайырымы, қабағы бөлек анау Самат еді. Мынау таңертең қасқыр хабарын айта барғанымда да дүңк ете түсіп еді... қой, осы анаған барайын, — деп қой фермасының қонысына қарай, Саматқа қарай беттеп жорта жөнелді.

Шәлтік кеткеннен кейін Сүгір қайта базға кіріп бірқатар уақыт айналды да, аяғында жалғыз шығып есікті жапты. Сыртынан бағанағы сынық сырықпен тіреу салды. Сөйтті де тобына кеп үндеместен атқа қонды. Өзгелер де аттанысты.

Бір топ шоғыр Талдыөзектің қалың шиін сылдырлатып аралап барды-барды да, аздан соң қараңғы түннің тұңғиығына қаралары батып жоғалып кетті.

III

— Бас, бас. Бассаңшы аяғыңды. Өзің немене, түгі, баяғы бай қатынша әрі жуандап, әрі шабандап барасың мүлде, — деп екінші шабан бригадасы Берді, анандай жерде шелек ұстап келе жатқан Дәметкенге бұрылып, қарап, алдын тосып тұрып, даурығып күле сөйледі. Екінші жақта жиырма қадамдай жерде бұлар келе жатқан жаққа қарай үшінші шабан бригадасы Сатай да келе жатыр еді. Оның қасында бірінші ферманың ең үлкен қырықтықшысы ударник Аяжан да келе жатқан.

Сатай көлденеңнен Бердіге сүріне килігіп:

— Дәметкендікі май емес, қайрат қой. Қара жон, балуан адам ғой. Денең толды деп кінәлама, — деп Аяжанмен қосылып, ойнап күле бастады.

Дәметкен бұларға қарай жете беріп, жөп-шендіден ығыспайтын салмақты, берік жүзбен:

— Біз сол жай басып жүріп-ақ сендердің мақтаулы қатындарыңды қанжығаға ұрып байлармыз, — деп еркекше кесек үнмен қатты күлді.

Күн жаңа шығып келе жатқан мезгіл еді. Талдыөзек даласы әлі жым-жырт. Жел де жоқ22. Айналадағы қалың ши қыбыр етпей қалғуда. Аспанда шырылдаған көп торғайдан басқа өзге жанның көп дыбысы білінбейді.

Алғаш тұрған колхозшылардың жаңағы үндері саңғырлап, дауырығып шығып алысқа естіліп тұр. Бұлар үйді-үйлерінен шығып, екі жүз қадамдай жердегі қой жатқан қашарға келе жатыр.

Осылардай боп мезгілімен тұрған сауыншы, қырықтықшы қатындар, малға баратын шабандар да әр үйден шығып, жалғыз-жалғыз созылып сол қашарға таман беттеп келе жатыр еді.

Дәметкенге әрқашан ет ауыртпай, әзіл етіп сүйкене қалжыңдап жүретін Берді мен Сатай жаңағы сөзін құр қалдырмады. Сатай Дәметкенмен қоса күліп:

— Әйткенмен бүгін күндегіден де шабан басасың ғой, оның қалай? — деп бірдеме жорамалдағысы келді.

— Бүгін ұйқым шала. Түнде мектепте болдық қой.

— Я, мектеп жазықты болғаны, — деп Берді де бір қияс сөзге салғысы келді.

Бірақ бұл әншейін, дарымайтын құрғақ сөз. Өйткені Дәметкенің байы жоқ. Ол — былтыр өлген. Одан бері де бұған жас балаларын өзі бағып отырған Дәметкенге пәленің бар деп ешкім еш нәрсе айта алмайтын. Дәметкен өзіне сенімді. Сондықтан жаңағы қалжыңдарын елеместен өз бетімен кешегі кешті есіне түсіріп күліп:

— Ойпыр-ау, әрпін жазуға қолы құрғыр тіпті илікпейді. Сонымен үйге келген соң түнде көп отырып, бір парақ қағазды түгел шимайлап шықтым... — деді.

Аяжан мен бұларға енді кеп қосылған өзге қатындар да, өз бастарындағы осындай халді көз алдарына келтіріп басын изесті.

Берді енді қалжақты қойып, бұлармен түзу сөйлесе бастап:

— Қолыңмен колхоздың жұмысын істеп, басыңды ұмытып кетпе, басыңмен оқу біл, білім ал, көзіңді аш дейді ғой, Самат.

— Сонда осы колхоз боп істеп жүрген ісіңнің бәрін танисың, дейді. Сөз-ақ емес пе? — деп Сатай да қостады.

Дәметкен ликбез ашарда Самат айтқан сөздің тағы бірін еске алып:

— Бас пен қол ынтымақтассын дейді, — деп ішінен дұрыстығына мойын қойса да, сөздің сыртын үйлессіздеу көріп күліп, — олар бір жұмырықтасып, шекелесіп жүргендей, — деп бар қатынды тегіс күлдірді.

Аяжан мұндайда күле бергені болмаса көп сөйлемейтін. Бірақ анда-санда бір нәрсе айтса дәмді ғып тауып айтқыш болатын. Мектепке бар, оқы дегенді ол өзі өте бір жақсы көріп еді. Сол туралы оңашада өзі боп ойлаған ойының бірін бастап:

— Баста білім боп, қолда өнер боп түзу басып ісі оңып кетсе о да бір жақсы колхоз ғой өзі, — деді. Мұны кей қатындар оп-оңай ұға қоймай, басында күліп еді. Бірақ Берді мен Дәметкен оларға еліккен жоқ.

Берді мына сөздің төркінін бағалап:

— Тіпті дұрыс айтасың. Жалғыз-ақ жақсы колхоз осы адамның он екі мүшесіндей болсын де! — Енді Сатай да әңгіменің дәмін еңгізбек боп:

— Бәрекелді, мысалы мына осы бірінші фермада бас анау Самат болса, ал мойын, қол-аяқ, ұлы мүше біз болсақ жақсы адамды алсақ: мен бас едім, сен аяқ едің, қол едің деп өзге мүшеге бұлдана ма? Пәрмәне болады ғой, — деді.

Дәметкен бұл сөздерге ішінен бас изеп келе жатыр еді, енді өзі де килігіп:

— Бас қайда, аяқ екеш аяқтың бірде-бір саусағына шөгір кірсе қабағы түйіліп, үйіріле түспей ме?

— Е, өз денесі өзіне тәтті, бірінен бірі артықпын, ардақтымын демейді! — деп Аяжан қайта кірісіп: — бір бас, бір тас деген со да. Колхозыңның мағынасы да осы қой өзі! — деп алғашқы қорытындысын енді анықтады.

— Колхозынан айналайын, осы екені рас! — деп кексе жасты, кішкене бойлы Жамал да қостады. Бұрын откочевник боп кетіп, биыл қыс ортасында, жалғыз жас баласын жетектеп, шалдығып-талып осы колхозға кеп көзі ашылған еді.

— Япыр-ау, тіпті сөз-ақ мыналарың. Сауат деген осы да... қарашы тіпті қалай-қалай сөйлейді, біздің колхозшы қатындар! — деп Берді шын сүйсінеді.

— Саматтың тәрбиесі, жолың болғыр өзі тіпті жақсы келді-ау, ырыс болды-ау осы колхозымызға! — деп Сатай ферма бастығы Саматқа көптің алғысын айта бастап еді. Бұл ферманың газет окитын көзі ашық жиынға барғыш сергек жұмыскерінің бірі Берді еді. Ол енді өзгелерінен көрі азырақ бойлай қарап:

— Жалғыз Самат деме, түбі төркінін айт. Оның аты жаңа басшылық. Кеше не күйге түсіп еді осы колхоздың елі. Арқа еті арша, борбай еті борша боп кетпеп пе еді, откочевник боп? — дегенде барлық қатындар жабырлап күңірене жөнелгендей болды.

— Өй, аты құрсын аткошник дегеннің...

— Не көрмедік?

— Өлдік, талдық дегенде көзімізді ашты ғой.

— Панасына кеп едік, туған баласындай маңдайымыздан сипап баурына алды ғой...

Берді даусын көптің дабырынан зорайтыңқырап:

— Енді міне 4 мың қойы бар колхоз.

— Қой ғана дейсің-ау, алтыны бар колхоз десеңші. Мұндай асыл мал кімде бар? — деп Сатай көтеріле түсті...

— Жеке меншігінде 115 үйдің 500 қойың бар. Сиыры жоқ үйің бар ма?

— Кім болсын, сонда бір құдай атқан жалқау болмаса, — десіп жұрт тағы дабырлады.

— Міне бас көп, басшы көп орнын тауып еді, бар денеңнің сарайы түзеліп сала берді, — деп Берді сөзін тұжыра бастады...

Бұл уақытта жұрт қашарға жақындап қалып еді. Үлкен жақсы қашардың сол жақ бұрышынан бұларға қарай беттеп Қасен шықты.

Дәметкен қалжыңдап даурыға күліп:

— Бас орнында болмаса міне көз, колхоздың көзі де орнында. О да міне ашылып қарап тұр, — деп Қасенді нұсқағанда, қатындардың бәрі тегіс үп-үлкен денелі, соқталдай жігіт Қасенді "көз" ғана дегенге мәз болысып күлген еді.

— Көз екені рас. Ферманың охраны көз емей немене? — деп Аяжан Қасенге қарап:

— Ия, солай ма, көзқайным?..

Қасен аңырып:

— Не деп келеді, осы? — дегенде жұрт тегіс тағы да ду күлді...

— Ия, соны айтамыз, малың аман ба? — деп Дәметкен, қашардың орта есігіне қарай басты. Барлық келуші бар, Қасен бар, бәрі де орта есіктің тұсындағы төбесі ашық қашарға жақындап келді... Қасеннің де келгені жаңа еді. Мал түгендеуге бригада бастықтарын тосып тұр екен.

Бұлар ашық қораның шарбақ есігіне тақап-тақап келгенде қалың қойдың ішінен қаракөл, ленкол саулықтары әралуан үнмен маңырап қоя берді. Әр бұрыш, әр қорадан бірінен-бірі іліп әкетіп жатқан амандасу үні сияқты көп қой-ешкілердің маңырауы басталды.

Кейбір қойдың маңырауы дәл бірдеме туралы қадағалап жабысып, жауап тілеп, сұрақ беріп тұрған маңырау сияқты... қайта-қайта бір үнмен қадала сұрағандай болады. Қозылар, ешкі-лақтар да әрқайсысы өзіне бәлек үндермен ендігі таңын қарсы алады.

Колхоздың оянуы осылайша басталған еді. Осы таңда, дәл осы кезде бағанағы базда Шәлтік екі қасқырмен айналысып жатқанда "Талдыөзек" колхозының ең үлкен фермасы, бірінші фермада дағдылы, мағыналы еңбек күні осылайша туды.

Охран бастығы Қасен мен Берді, Сатай тағы басқа шабан бригадалары мал түгендеуге кіріскенде Дәметкен мен басқа сауыншы қатындар сауын қойларын ярмо ағашына қосақтауға кірісті. Аяжан мен өзге қырықтықшы қатындар сол ашық қораның бұрышындағы қырықтық шарығына, кеше мұқалып қалған қырықтықтарын қайратып жатыр. Колхоздың ірікті малы — асыл тұқым ақ ешкі мен ленкол, қаракөл қойлары болатын. Мұның бәрі асылдың ішінде аса бір өсімтал тұқымдар болумен қатар, шетінен сүтті сауын болатын. Сондықтан колхоз былтыр брынза қайнатса, көп қып май айырса, биыл әдемілеп тұрып неше түрлі голландский, тельзеций деген сырларыңды да өздері жасайтын болған.

Айша сол сыр қайнатушы маман әйелдің бірі болған еді де. Әр жердегі сыр кептіретін баздарды да өзі қарайтын. Соңғы он шақты күн бойында колхоздың биылғы сырларын қалаға жіберту үшін ол ферма басынан колхоздың орталығына барып тұр еді.

Колхоздың көп табысының бірі сүті болғандықтан, мұның қойы екі сауылады. Бірін осы таңертең ертемен сауады да, екіншісін кешкі жайылыстан соң сауады. Күндегі осы сияқты қаракеттен басқа соңғы кезде қырықтық араласқан. Қазір оның аяқтап келген кезі еді. Жайшылықтағы сауыншы әйелдің көбі осы кезде сол қырықтыққа ауысып жүр еді.

Жаңа қашарға келген жұрт бір сәтте сол өзді-өз жұмысына орала кетті.

Дәметкен күндегі машығымен қосақтағы қойдың тор жағына түсіп үш қойды сауып болып, енді ақ ешкінің біріне қарай жылжып келіп желінін ұстай беріп еді, шошып кетті. Қолына ешкінің бір желіні екеу боп қақ жарылып ілінді. Ешкі де тыпырлап, арты шөмейіп, ауырсынғандай боп жаталақши береді.

Үңіліп қарап жібергенде Дәметкен өз даусының қалай шыққанын байқамай да қалды.

— Жаратқан сұмдық-ау, мынау не еді? — деп баж ете түсті. Даусы соншалық қатты шыққан екен, өзге жерде сауынға отырған қатындардың бәрі атып-атып тұрды.

Дәметкеннің алдындағы ешкінің желіні тап ортасынан сара тілініпті. Біресе сүт тамшылап, біресе қанды ірің тәрізді уыз шығып тұр.

— Жаным-ау, не сұмдық?

— Ойпыр-ау, не пәле келді? — деп бар қатын жапырлай бастады. Дәметкен үндеместен қосақты жағалай жүріп барлық қой, ешкінің желінін түгендей бастады. Өзге қатындарға да соны бұйырды. Сол-ақ екен сауыншы әйелдің бәрі де әр жерден:

— Ойбай, мұнда да сол.

— Сығыр шұнақ, мынаны да тіліп кетіпті...

— Төбеңнен ұрғыр қандай жау екен?.. Мынаны көр, — десіп бәрі де әр жерден, өздері өз болып көрмеген сұмдық бір қаскөйліктің ізін тауып жатыр.

Дәметкен өзі санаған қосағынан он шақты жаралыны тапты. Сондай боп тұралап, сенделектеп тұрған жиырма шақты қой, ешкіні өзге қатындар да тапқан еді. Әйелдер есі шығып, шын шошынып, күйінуден зар қақсады.

— Келді ғой тағы бір пәле...

— Болды ғой бір қырсық...

— Қайран көзімді ашқан колхозым, тағы не күн туа бастады басыңа? — деп Жамал өксіп-өксіп жылап та жіберді...

Дәметкен есін жаңа жия бастап еді.

— Уа, қой әрі ырбимай, қайда әлгі охраны, қайда бастықтар, жүр, түге! — деп бар қатын түгел тысқа шықты.

Бұл кезде Қасен мен Сатай қошқарларды түгендеп шығарып жатыр екен. Екі қошқардың белі шойырылып баса алмай тұр. Оны бөліп қойыпты. Қорадағы қошқардың бары жартылап қана шыққан екен.

Мыналардың дыбырын елемей Қасен мен Сатай есікке жақындап келген қаракөлдің бір көк қошқарын қадала қарап тұр еді. Тақай бергенде Сатай мойнынан ұстап тартып алып шықты. О да шойрылып артын баса алмай жатыр. Үш қошқардың дерті бір.

— Жаным-ау, мұның бәріне не пәле келді бұл? — деп Сатай аңырды.

— Індет дейім бе, не дейін? Өздері тарттырған қошқар тәрізді басады ғой, — деп Қасен қошқардың астына үңілді. Қолын жіберіп байқай бастады да:

— Ойбай, ұрған екен қырсық. Мынау жаудың қолы ғой... Тартып кетіпті, — деп сенделектеп бойын зорға көтерді. Қатындар бұл кезде мыналардың қасына кеп, қошқардың аңысын аңдап тұр еді. Енді:

— Масқара бопты. Ендеше, әне отыз қой мен ешкінің желіні тілініп қапты, — деді Дәметкен.

— Көріңде өкіргір, қандай ғана дұшпан екен...

— Осы желіндерін қақ бөліп тіліпті...

— Ұлың бар, қызың бар мұндай пәле, мұндай сұмдықты естіп көріп пе ең, — деп жапырлап сөйлеп, қатындар тағы шуылдай жөнелісті...

Қасен бір ауыз сөз сұрауға жарамай, бар пәленің зор көлемін бір-ақ түсініп, салмағына шыдамай белі майысып кеткендей боп жерге шөгіп, жүрісінен отыра қалып:

— Сорлы болған басым-ай. Маған келген қаза ғой мынау. Бүйткенше өлсем еттім, — деп өңі бір сәтте құп-қу боп кетті. Көзінің жасы моншақтай ағып жерге бірсін-бірсін домалай түсіп тұр.

Оқиға қазір-ақ бар фермаға мәлім болды. Берді бастаған өзге бригадалар да, Аяжандар да тегіс жиылған еді.

— Әттең қандай ғана қара бауыр екен?

— Қан жұтқыр қандай қаскөй екен?

— Әттең осы дұшпанды қолға берсе-ау...

— Аткеншектен ел боп кетті. Жұрттың алдында түсті дегенді көре алмаған тап жауы... Нағыз қанды көйлек бай баңдының ісі ғой бұл, — деп өзге көп дағдарып, қанқақсаған топтың ішінде тұрып Берді сөз қатты.

Тартылып қалған қошқар бесеу екен... Қаза көрген қой, ешкінің бәрі қазіргі ерекше бір жауыз-зұлымдықтың айғағы боп белдері бүкшиіп, жүндері үрпиіп анда-санда жалынғандай маңырай түсіп бөлек тұр.

— Жау ісі... Кескілескен жаудың қолы мынау — деп Сатай да түнерулі еді.

— Ал жау... Бірақ бұл қайдағы жау? Сырттағы ма? Іштегі ме? Қайдан сап етті?.. — Аяжан көп алдына бір сұрақ қойды.

— Бәсе кім? Күзет, күзет қайда?

— Охран қайда? Төбеңнен ұрғырлар нені қарады?

— Не күзетті, кімдер еді өзі бүгін түнде? — деп кейбіреулер Қасенге қарай төнді.

Қасенде үн жоқ. Басын қос қолдап ұстап, жас балаша еңіреумен отыр.

Бұған үнсіз ғана қадалып, түйіліп тұрған жұрт қастарына ферма бастығы Самат кеп қалғанда, біраз серпіле берді.

Ол барлық жайды естіпті. Аш бетті, арықтау келген сұлуша қара жігіт Самат аяқты жылдам басып, ыңғайлы аттай лып-лып етеді. Үстінде тап-таза ақ көйлегі бар. Жанында тапанша. Аласа қып қырған қара шашында ылғи тікиіп тұрған қайрат білінеді. Неге болса да жаситын жас сияқты емес. Фермада мұның алдында болған бірнеше дағдарыс қиыншылықтарға келгенде ол жұрттың өрекпіген бостығын оп-оңай баса қойып, шығар жолды жарқ-жұрқ еткізіп таба салған-ды.

Мынандай боп, көпшілігі қайрат пен ойдан айрылып тұрған жұрт, енді оны көрген де тап-таза боп оттай жанып тұрған түрінің өзінен-ақ көп сүйеу алғандай болды. Іштері жібіп, ол келсе бір нәрсе орнына түсе қалатындай тегіс дәме қыла, жамырап қоя берді.

Самат біраз үндемей тұрып жаңағы сияқты сөздердің бәрін де тыңдап-тыңдап алып, ақыры өзі барып барлық қой, ешкі, қошқарлардың жараларын көрді.

Аяғында топқа келе бере Қасеннің еңкілдеп жылап, көзінен жас ағызып отырған түрін көріп, қасына жетіп келді.

— Өй, мынаныкі нес? — деп иығынан тартып, — бала боп кеткенбісің ей, сен Қасен, ә? — деп жұртқа қарай берді.

— Қайтсын байғұс, күйген қой. Охран ғой, — деп Дәметкен сұрлақып, тамсанып қабағын түйген еді. Бағанадан Қасенге жаны қатты ашып тұрған осы еді.

Самат айналып Дәметкенді көрді де, өзге қоралай тұрған жанның бәрінің түсіне жалт-жалт қарап жағалай көз салып өтті.

Көпшілік түсі күңгірт. Дәметкенді де қостамайды. Қасен туралы да үн қатпайды.

Самат сол жерде жұрт күтпеген халде сақ-сақ күліп жіберіп, еңкейіп Қасенді жұлмалап тұрғыза беріп:

— Өй тәңірі, жаман неме екенсің ғой өзің. Бұл апат үшін жауап беретін жалғыз өзім деп отырмысың? Алдымен жауап беретін мен міне. Не көрсең менімен бірге көресің, ол бір. Екінші, кеңес өзінің колхозшы батырағына сенеді. Жерге тастай алмай жүрген Қасендері жоқ. Сен қайдан шықтың, кімсің? Оны жұртшылық біледі. Қой, қазір мына сұмпиған пішініңді, — деп Қасеннің жасын тыюмен бірге тағы күліп ап, енді қатындар жағын қоса күлдіріп отырып:

— Ойбай, ұят-ай? Мынаны Айша көрсе не дейді? Қайда өзі Айша? — дегенде бірнеше әйел даусы:

— Ол колхоз басында ғой.

— Әлі сонда, қайтқан жоқ қой.

— Көрсе күлетіні рас, — деп Дәметкен бастаған бірнеше қатын күлісіп, Самат мінезіне қатты сүйсініп, дән ырза боп қалысты. Осымен Самат өзге топқа:

— Ал жолдастар... Аптықпай, саспақ өзді-өзіңнің жұмысыңа барыңдар... Мұндай-мұндай қиыншылықтар болатын. Бірақ бәрінің де төркіні табылып, күлметі ашылатын. Кеңес еңбекшісінің алғаш көрген қоқайы бұл емес, болды сол... — деп жұртты тыйып тыныш, сабырлы, салмақты үнмен сабасына түсіріп тарта берді.

Сонымен барлық жиын енді-енді тарқай беріп еді. Бір мезгілде қастарына колхоз бастығының орынбасары Қаша жетіп кеп қапты.

Бұрыннан естіп келді ме, жоқ жаңа ұғынып алған ба, әйтеуір жайдың бәрі оған да мәлім сияқты. Шұбар жүзі қанын ішіне тартып, сұрланғандықтан теңбіл-теңбіл боп кетіпті. Қабағы тас түйілген, үндемей кеп Саматқа қол берді де:

— Есіттік жайды. Бұл бір кісі емес, контрреволюция шайқасының ісі. Мұнда ұйым бар, — деді.

Самат өз байлауын әлі жасаған жоқ еді.

— Кім білсін? Қайдан кеп, кім істегенін?.. — дегенде Қатпа шаншыла қарап:

— Кім білсіні жоқ. Бай-кулактың ұйымы. Оның бір тамыры осында. Енді соның ініне су құямыз, — деді де көпшілікке:

— Сендер тарай тұрыңдар!.. Барыңдар!.. Жұмыстарыңа кірісіңдер! — деп Саматқа қырындау бұрылып: — бұ не, осындай істі топқа салып талқылап тұрғаның, — деп бір қойды. Жұрт жылысып тарай беріп еді. Қатпа көппен бірге қозғалып бара жатқан Берді мен Сатайға:

— Сатай, Берді, сендер мұнда қалыңдар... Әуелі актив боп сөйлесейік, — деді...

Көппен бірге Қасен де жүріп кетті.

Өзгелер әбден сейіліп, төртеуі ғана қалған соң, Қатпа Саматқа бұрылып:

— Жә, мұны кімнен деп білесің?

— Кімге жабыса қояйын қазір... Пәленше деп бұл сағаттың ішінде ешкімді де атай алмаймын, — деп Самат қабағын шытты.

— Кадр сенікі. Іс сенің фермаңда болып отыр. Большевиктік қырағылығың қайда? Сезікті кісің кім? Отырамыз ба енді жауды еркіне жіберіп? Жоқ, әлде қашқанын күтейік пе? Бұл шекара екенін білесің бе?

— Ал білгенде кімді бас салайық? Кім? — деп Саматтың даусы қатаңдай берді.

— Әлі сезбедің бе? Өзің қызық екенсің-ау... Жаңа адамның бәрі міне осындай болады! — деп Берді мен Сатайға қарап aп:

— Істің тамырын ұқпайды да, мезгілімен қолданатын шараларға бөгеуіл жасайды! — деп қынжыла бастады.

Самат бұған бұрылып, қадала қарап отырып:

— Олай болса ескі адамсың, өзіңнің сезгенің бар шығар, айт, кім кінәлі? — деді.

— Білмесең мен айтайын... Бірақ сен осы арада басшылық етіп тұрған соң керетін жайларды көріп, сезіп жүрген шығар деп ем...

— Жаным, айтсаңшы енді білгеніңді, — деп Саматтың шыдамы таусыла бастады.

— Ендеше, мына охран бастығы Қасен. Міне тап жауыңның бір ұшығы осында. Осыны қазір ареске алдыру керек, — деп жарып айтып салып, Саматқа о да қадала қарады.

Самат бағанадан бергінің бәрінін арты осындай бірдемеге соғатынын тосып отырса да, дәл мұндай тұжырым жасалмас деп еді. Біраз таңдана қарап, аяғында Сатай мен Бердіге бұрылып:

— Сен екеуіңнің пікірің қалай? — деді.

Сатай алдымен үн қатты:

— Дәл бұлай деуге ауыз баруы қиын сияқты. Өзі қара табан батрактан шыққан. Өзіміздің төменнен өсіргеніміз. Бірде-бір сезікті жаман қылығы болған кісі емес.

— Е, жау саған сездіріп істейтін шығар. Осы күнгі жаудың астыңнан қырыққанын сезер болсаңдар бүйтер ме едіңдер! — деп Қатпа қатты ашу шақырып, шын күйінген жүзбен ақыра сөйлеп жіберді.

Сатай содан ықты ма, жоқ сезінің аяғын тек осымен бітірмек пе еді, әйтеуір аяғын екі ұдай қып:

— Бірақ кім біледі... Кепіл болуға бола ма? — деді. Берді мұнша екі жарылған жоқ:

— Тергетіңдер. Ақ болса ашылар. Мұндайды тергеу орны ашпаса кімнің көзі жетеді, — деді.

Саматтың бұдан да күтпеген жауабы еді. Бірақ Қасен жайындағы оның өз түсінігі басқа, сондықтан ұзаққа созбай:

— Қасен өйтіп құрбандық ететін кісі емес. Мен қарсымын. Жаппақ түгілі сезікке алғаңда да мүлде қарсымын, — деді.

Бұған Қатпа барынша күйініп, шыдамынан айырылып атып тұрып, әрлі-берлі жүріп кетіп еді. Енді Саматқа қадала қарап:

— Сен өзің кем қойғанда апартоншыл екенсің. Мен жауаптылық қарызымды ұмытпаймын. Бұл істі барарына барғызамын. Қазір ауданға барам, — деді.

Самат бұл араға келгенде алғаш рет осыны әңгіме бойында шындап ашу шақырып:

— Қасен жабылмайды, өйткені бас бұзарлыққа жол берілмейді, жолдас... — дегенде Қатпа жұлып алғандай жауап беріп, бағанадан көмейіне кеп тұрған сөзін тіп-тіке ірікпей соғып:

— Бас бұзарлықшылын, ендеше, тамам байды откочевник деп жиып ап, бәрінің былығын бүркеп осы күнге дейін сыр бермей, басқармаға дәнеңе білдірмей, тап жауының қойыртпағын қостап отырған сенің өзіңсің! — дегенде, Самат атып тұрып:

— Шатпа, енді жетті, кеңеске менен дос шығарсың! — деді. Анау кекете күліп:

— Адыра қал. Өмір бойы бай-кулакпен алысып, осы ауданның тап-жауын құртып келген мен емей сен шығарсың. Бәлем күлметіңді ашып, алдымен сенімен болармын, ендеше...

— Бар, олай болса қылатыныңды қылып көр...

— Шын жаудың тамырын таптым, болды енді маған. Өңі жылтырап, жылым құрттай жайлайтын сендей тәтті үндінің талайына су құйғам мен.

— Қысқарт енді! — деп Самат тап берді. Анау тапаншасына қол салып ілгері басты. Берді мен Сатай екеуінің арасына тұра қалып айырып әкетті. Екеуі де біріне бірі өшіге жауығып, екі айырылып кете барды... Қатпа айтқанын істеп ауданға шаба жөнелді. Самат сұрланып, қолы қалтырап кеп ауданмен жалғасатын телефонный трубкасын алды.

Сөйлескен, аудан орталығында кеңсесі бар әскери киімді ер пішінді, кесек денелі жігіт Паншин еді. Паншин түнде болған уақиға турасындағы Саматтың хабарларын естіп алып, қысқа сөзбен өз маслихатын берді.

Ол Саматпен нық таныс, қымбат бағалы ферманың барлық ісінен толық хабардар еді.

— Бұл іске айыпты кісілер колхоздың өзінде болмау керек. Екі күнде анықталады. Әлі де сендерге айналып соғар. Орныңнан тапжылма. Екі күн тос. Күзетті мықта. Соған шекті жиылған деректі бірсүгін кеп айт, — деді.

Осымен Самат ешқайда бармай, фермасында қалып дағдылы ісіне кірісті. Бірақ іштегі ойдың тынышсыздық толқыны күшті еді. Сабыр ету қиын болды. Шашау шыққан адамның бәрінен: Не болды? Не бар? Не естіп білдің? — деп ылғи елең қағып, ақпар сұраумен болды. Қатпамен қағысқан сөздерінен кейін, бұл колхозға келгелі алғаш рет бет-бағытынан адасып, бір қараңғы тұңғиыққа түсіп кеткендей басы қаң,ып қалған кезі осы еді. Кім біледі? Сыртынан қарағанда кімі жаман? Бірақ іштерінде не боп жатқанын кім білсін? Өзгені қойғанда жаңағы Берді мен Сатай да мұның ойынан басқа ой ойлан, тіпті, бұған олар да күдіктеніп қарады ма, әлде қайтты? Осы жұрттың бәрі секем алып жүрмесе игі еді. Бүгінгі күн тұтасымен осындай әуре-сарсаңмен өтті.

Ферманың еркек-әйел ударниктеріне Қасен жайындағы бағанағы Қатпа сөзі естіліп қалған еді. Сонымен көпшілік күні бойы Қасенмен жөндеп тіл қатпай, одан үріккен тәрізденіп шеттеп жүрді. Қасеннің бірер жағалап келгені Самат еді. Ол да өз ойымен әуре ме, мұнымен бой салып сөйлеспеді.

Колхозшылар ішінде Дәметкен, Аяжан, Сатай боп түс ауа бере Дәметкендікінде шай ішіп отырып, біраз әңгімелескен еді. Сатай:

— Қайсысыныкі дұрыс екенін, әзір білу қиын. Екеуі де білмейтін адам емес, кім біледі? — деді.

Мәселе Қасен жайында. Дәметкен Қасенге таңертеңнен жаны ашулы еді. Және Саматты өзгеден ерекше сыйлайтын.

— Қатпа Айшаны ылғи жесірім-жесірім деуші еді. Қасенге тиген әлпеті теріске айналған сияқты еді. Ішінде не жатқанын кім білсін, — деді.

— Осыған тигелі мені кекетіп, соқтыға беретін болды деп Айша маған талай айтты. Бірақ мынау істің жөні бір басқа ғой, — деп Аяжан әлдеқалай байлау жасаудан аулақ сөйледі.

— Колхоз құрылғалы бірге жасап келе жатқан қу мүйіз, ескі кісі. Оның үстіне өзі Қатпа, — деп Сатай бастағанда Дәметкен мұның сөзін қостай:

— Қыры да, сыры да көп де, — деді.

— Онысы көп, бірақ қадалса бірдеменің тамырын ұстап aп қадалады. Онан соң ақ та, көк те болса әлі күнге алмай жібермейді. Мұнымен ұстасу да қиын ғой. Осы талай, "мен мықты, мен пысықпын" дегендерді алып жеген жоқ па?.. Бірдеменің ізін шалып түйіліп жүр ме деймін, — деді.

Өзгелер, жалпы барлық ферма сияқты әлі күнге "не болады" деген дағдарыста еді. Сондықтан дау да айтпай, басқа пікір де айтпай, тыйылып қалды.

Осындай күйлерде кеш те жетіп еді. Түн болып, көп колхозшының алды жата да бастаған еді. Самат өз үйінде газет қарап отыр еді... Үйінің сыртына бір атты кісі кеп түсіп жатыр екен. Газетін доғарып тыңдай қалды.

Сүйткенше болмай дабыр қағып Шәлтік кіріп келді. Түрі асығыс, хабары шұғыл сияқты. Самат асығып алдынан қарсы тұрып:

— Немене? Не болды? — дегенде, шал орындыққа отырар-отырмастан:

— Ойбай, қарағым, сұмдық... — деп бастап әңгіменің басын қысқа қайырып, — Сүгір, Сүгір кепті, түу Қытайдан... Өздері төрт адам. Колхоз болса кірейік деп келдік дейді. Бірақ түрлері бұзық. Асынғаны көкбеңбек темір... Бірдеңе пәле іздеп келген әлпетті. Өзімді ұстап ап кеудеме мініп отырып, өлтірем деп бауыздарман болды... — деп әңгімесін содан әрі шұбата жөнелді... Самат орнынан тұрып алып телефонға қолын қойып, мынаның әңгімесінің артын бақылап тұр еді. Созыла берді. Жалғыз-ақ бір арасында Сүгір сөзін айтып:

— Жау болсам да өз алдарыңа кеп тұрмын, өлтіртсе де өз еркі, аяйды демейім, сонда да біздей қайтып келгенге не дейді екен? Колхоз басқармасына, Қатпаға хабар айт, жауабын сол осы баздан тосамын, — деп еді. Мен тіпті оған бармай, саған салдым, — деді. Содан әңгімесінің тағы жібі босап: — белім кеше қасқыр аттап бастырмай шойырылып қалып еді... Соған қарамастан шапқаным... Тақ екі қасқыр базға түсе ғапты, түге, — деп сөзін тағы ұзақ сонарға сала берді. Мезгілі өтіп барады. Самат ендігісіне шыдай алмай телефонды алып ауданмен жалғаса бастады. Аралық станциялардан Паншин кеңсесін сұрап, құлағы сол жақта тұр. Бірақ Шәлтік телефон сырын білмеуші еді. Сондықтан өз әңгімесін әлі шұбатып айдап жатыр... Саматтың анда-санда бұған құлағы үздік-үздік еститін:

— Алдында, қарағым-ау, түн бойы шулап ұйықтатпаған. Содан базға түскен соң, аяйым ба, тіпті... тіреп бастырып... Кісі әкелдім... қашып кетіпті, белімнен аттап шойырылтып... Айша кеп... Сол кезде Паншин үн қатты білем, Самат сөйлеп:

— Айтқанның келді. Жау біздің қасымызда. "Талды-өзектің" екінші базында... Білесің бе? Ия... Біз бе? Аттанамыз... қазір... Білемін, — Самат үндемей қалды...

Шәлтік сонан соң өз әңгімесін соза бастап:

— Айшаны, ұстап басып қалды... Бұрынғы байы ғой, не десіп жатқанын кім білсін? Бірақ оған да басында суық келді. Әйтеуір түсі жаман...

Самат қайта сөйлей жөнелді.

— Білемін. Ол қамды өзім істейім. Бірақ аз кісі болсақ та біз де қайрат етеміз... Ал көріскенше, — деп Самат телефонды қоя берсе, Шәлтік әлі сөйлеп жатыр екен.

— Содан белімнің шойырылғанына қарамай салдым-ау, саған қарай... Енді ұстап ал. Сөзі болса қаруын қолынан алып, ұстап алып отырып сөйлес. Болмаса бұл колхозға ол өшігулі. Мұның алдында екі келіп, ат түйені тізіп әкеткен. Дәндеген кәпір, — деді.

Шәлтік әңгімесі бұдан да ұшы-қиыры жоқ созыла беретін. Бірақ Самат енді асықпаса болмайды.

Ол сол арада айғай сап Қасен, Берді, Сатай бәрін жиып алды. Дәметкен, Аяжан, Жамалдар да жиыла келген еді.

— Жолдастар, анық жау табылды... — дегенде бәрі бірдей:

— О кім. о кім?

— Уа, тілеуің берсін...

— Қандай ғана ит екен... — деп шу-шу етті...

— Қытайдан кепті. Сүгір...

Жұрт түсіне қалды. Ендігі дабырдың бәрін Самат тоқтатып, тез-тез, қатты-қатты бұйрық етті.

— Қазір маған Қасен және тағы бір-екі кісі еріңдер. Тез ат қамда. Өзге барлық еркек, Берді, Сатай, сендер басшы боп күзетке қалыңдар... Ал Қасеннен басқа тағы бір-екі кісі маған ер... Кімдер?

— Өзге еркек шамалы ғой... Күзетте тұр ғой, — деп Сатай дағдарып қалып еді.

— Ендеше, бір еркектен кем болсам бетіме түкір. Сол Сүгір итті аттан өзім ғана жұлып алайын. Бері ап келші бермен, — деп Дәметкен жұлқынып кеп винтовканың бірін мойнына салып алды... Ешкім қарсы болған жоқ. Қайта тегіс бой ұсынғандай болды.

— Ия, колхоздан аяған жанды, ит жесін, — деп Аяжан да екінші мылтықты салып алды...

Бұлар осымен айналып сыртқа шығып атқа қона беріп еді.

— Ойбай, түйе, түйе қайда? Қалпымен бар түйе жоқ, — бір екі-үш дауыс шу-шу етті.

Енді Самат, Сатай мен Бердіге түйені қарауды тапсырып, бүгінгі күзеттің бәрін тамам сауыншы, қырықтықшы қатындар алды.

Түйеге жоқшы белгіленгенмен Самат сол өздері аттанған жаудың алдынан түйені де табармыз деп сенген еді. Сонымен бұлар екінші базға қарай қалың шиді қуалап шапқылай жөнелді.

Әбігердің ішінде Шәлтік ұмыт қала берді. Жолшыбай жосылтып сарт-сұрт шауып келе жатқан Самат пен өзге жолдастарының арасында тым құрыса бірлі-жарым ауыз әңгіме де болған жоқ.

Осымен баз жанына шауып тоқтаған соң аттарын алысырақ байлап, өздері мылтықтарын сайлап ап қанат жарып, бытырай кеп баз есігіне тақап еді.

Бұларға қарсы алғашқы мылтық үні шықты.

Содан бұлар айғайлап:

— Уа, кімсің... Елмісің, жаумысың... Кім де болсаң елесің. Атыспай қолға түс! — деп айғайлап еді.

Оған қарсы ылғи атыла берген мылтық отын көрді. Алғаш елден бұрын тақап барған Қасеннің сол қолына оқ тиді.

— Мынау не жаудың дәл өзі, не соның жолына басын байлаған кісі... Енді атысып бағыңдар... Алыңдар осыны! — деп Қасен кейінірек тұрып қап еді.

Бірақ әредікте: "енді саған жоқпын, өлтіріп аласың", — деген әйел айғайы естілгенде жүрегі су етті.

— Жаным-ау, Айша ма? — деп бір қалып: — ойпыр-ай, кәпір Сүгірдің жүрісі тек деймісің... Бұзылған ба, алданған екем ғой, — деп бір тіксініп, содан бүгінгі фермалардағы қазаның бәрін осымен байланыстыра барып, тажал жүзін көргендей боп шошынып үрке беріп еді. Қалған сөздерді өзге атыс, алыста бұ да естіген жоқ. Естіп, байқар болса Самат мінезіне ол таң болар еді. Әйел үнін естігеннен кейін Самат мылтығын атпай тоқтата қойып, өзге бірер оқ шығарған Дәметкен, Аяжанды да басып тастап құр ғана баз ішіндегі мылтықтың даусын санап тұр еді.

Арада бір-екі рет: "тоқта, жау емеспіз" деп жанындағы әйелдерді таңқалдырып үн қатып та көріп еді. Ақыры іштегі мылтық оғын тауысты. Самат есікке құлағын сап, тыңдап тұрғанда екі рет бос шырт-шырт еткен алты атар үнін естіп, есікті ашып тастап, өзгенің бәрін ертіп базға аяқ басқан еді. Есікке келе бере қалтасынан электр фонарын суырып, жарық жағып қалған.

Содан арғы уақиғаны жоғарыда баз ішінде өзіміз көрген едік.

ІV

"Талдыөзек" колхозының басқарма бастығының орынбасары Қатпа Қожалақов аудан сотының кеңесінде Садыров судьямен көптен әңгімелесіп отыр. Оған бағана фермадан кіжініп келгеннен бері қарай көп-көп жайды мәлім етті. Көп сезіктерін, күдігін ірікпестен айтады. Садыров та бұл ауданда көптен істеп келе жатқан адам.

Сырт қалпы, білім шамасы, әдет машығының көбі осы Қатпаға ұқсас. Бірі малды колхоз бастығы, бірі сот. Сондықтан араларында байланыс, қатнас нық еді. Қатпа бүгінгі сөздерінің көбінде Қасенге қоса Саматты көп түйрейді. Әңгіменің артын құпиялап кеп, үлкен бір мінді түйінге соқтыра кеп:

— Қасен деген осы Саматтың әдейі қолдан жасап алған өтірік белсендісі. Соның қолымен іс істетіп, Самат керекті жерінде оны бүркейтін боп, екеуі бір бас, бір тас боп алған. Ал Қасеннің өзіне келсек, Қытайға қашып кеткен кеңес жауы Сүгір дегеннің қатының алып, соның үй орнына пана боп отыр. Қатынын да бұл күнде белсенді қып, төменнен өскен қып қоқайтып апты. Ол — бірінші залым, соның бәрін алдап ұстап, күні үшін өңін жылтыратып жүрген сұрқия әйел. Сыры маған мәлім, әлі күнге Сүгір десе ішкен асын жерге қояды. Қай күні Сүгір хабар етсе, сол күні кеп осы колхозды бар фермасымен өртеп, күлін көкке ұшырып кету қолынан келетін, жылан жүрісті пәле қатын... Міне бір жағы осы Қасен мен қатыны боп фермада қатты сезікті ұйым жасап алған. Мынау адам көрмеген апат, қаза осындай мықты, берік топтың ісі. Әйтпесе сырттан кім келеді? Қайтып ғана солай емін-еркін араласып, соншалық шаруаға осындай ойран салады... Қорытынды да, байлау да сол, осылар тегіс тезінен ұсталып, тергеуге алыну керек, — деген.

Сот бірнеше машықты сұрақтар бере-бере кеп ақыры осы, жаңағы айтқан Қатпа сөзі мен оның алдына бұл айтқан ақпардың барлығын өз қолымен протокол қылып жазып шықты. Содан, мұнымен істесуге жаңада ғана басқа жақтан келген жас тергеуші Мұрат деген жігіт бар еді, соны шақыртып алды. Протоколды оқып, жай-күйдің бәрін өзінше, Қатпа айтуларының бәрін байлау ете, даусыз нәрседе ынтыға отырып, ақыры үлкен тапсырма жасады:

— Іс үлкен. Уақыт тар. Бір минут бөгелуге болмайды. Қасыңа үш кісі милиция алда, қазір атқа мін. Қатпа да сенімен бірге ере барады, — деді.

Осымен бұларда кеш бата ауданан шығып, шауып отырып фермаға кеп еді. Одан Самат пен Қасен базға беттеп шауып кетті дегенді естіген соң Қатпа бұрынғысынан жаман ерекше дегбірсізденді. Өзгелерді бастап aп, алғашқыдан гөрі асығып, қара тер болған аттарын қамшылай да тепкілей шауып, екінші баз қайдасың деп салған еді.

V

Бағана Шәлтік екінші баздан шығып фермаға қарай жөнелген соң Сүгір баз ішіне қайта кіргенде Айшаның басынан мынандай халдер кешіп еді. Әкесін Сүгір алып шығысымен Айша тағы да айналасын сипалап, әлгіде қолынан түсіріп алған алты атарын іздеген. Соны таба алмай бүкшеңдеп жүргенде Сүгір кірді.

Бұл жолы ол үнін де, сөзін де өзгертіп Айшаға, баяғы байы боп тұрғандағы қалпына түсіп зеки кеп:

— Әй, сенде ең әуелі қару болу керек. Ол қайда? Бері әкпел соны! — деді.

Айшаның өзіне де ол өлердей керек еді. Бірақ дәрмен бар ма? Жоғалтып aп тұр. Басында бұл сұрақтың түбін ойламай:

— Қаруы не? Оны кім айтты? — деді.

Сол арада Сүгір жанына жетіп кеп, әуелі екі қолын сипап қарап, артынан өне бойын қатты-қатты ұстап жүріп, тінте бастады. Айша мынаның мына сұрақ, мына қылығының бәрін енді ғана ойлай бастады. Ойлаған сайын іші мұздап, есінен шатаса жаздады.

— Мынау бір маған құрылған, әдейі жасалған тор болды ма? — деп жаны тіксініп еді.

Мұның бойында қаруы жоғына көзі жетіп алған соң Сүгір ендігі сөзді қысқа қып, байлай сөйлеп:

— Менің қатынымсың, өзіме тиесің, әдейі келдім, әкетем! — деді.

— Жоқ, мен айттым, жарықтығым, енді басымды отқа салма, сенімен менің енді үш қайнатса сорпам қосылмайтын болған, — деп Айша таймай қасарып тұрып алды.

Сүгір байқайды. Сөзге иліктіре алатын емес. Шынында, Айша ішінен:

— Енді не болса да осыған бой ұсынбай дегенімде тұрып, келген кер болса көріп алайын деп еді. Сүгір жаңағы Айша жауабынан кейін, қабатын қасқырдай тісі ақсия, қабағы тастай түйіле кеп:

— Бар жауабың осы ма, жоқ жөнге көшемісің? — деді.

Айша іркілместен:

— Басқа жауабым жоқ, — деді.

Сол-ақ екен бұның арпалысып алысқанына қарамастан Сүгір алып ұрып жонын тізерлеп отырып, екі қолын сындыра артына қайырды да әдейі тыстан беліне қыстыра келген шылбырмен тас қып байлап тастады. Содан үнсіз қалған Айшаның қасынан тұра беріп:

— Тимейсің ғой, жаңа бай тапқан неме? Тимейтінің рас, өйткені сені мен өзім де алмаймын. Маған қылған қылығыңа қарағанда кегімді мен басқа түрлі қып алам... Қазір біраздан соң кеп осы баздан шығарып ап, ат көтіне сап алып кетем. Менімен бірге Қытайға барасың. Сонда қатын үстіне кәрі шалға малға сатам. Міне, менің саған істемек боп келген үкімім осы болатын... Осыны істемесем ит болайын, — деп біраз үндемей мелшиіп тұрып: — менің сонадан шыққаннан байлап келген сертім осы, — деді.

Айшада үн жоқ. Содан әрі Сүгір есікті тарс жауып жоқ боп кеткен. Айша қанша мезгіл өткенін білмейді. Әйтеуір бір түн жарымындай тыпырлай-тыпырлай, әрлі-берлі аунай-аунай келіп, екі қолының терісін қыл шылбырға сыдыртып шиедей қып-қызыл қанын ағызған шақта бір кезде оң қолын суырып алған... Содан босана салысымен тұтанған ашу, уланған ойымен өлімге басын нық байлап ап бағанағы мылтықты іздеген еді.

VI

Қасеннің пышағы Айшаның жотасына қадала бергенде Самат жан ұшырғандай атып кеп пышақты қолға жармасып, Айшаның қазасына арашашы болды. Базға кіріп ұйқы-тұйқы уақиғаның артынан Айшаның жүзін тани бергенде Саматтың есіне бағана телефонмен сөйлесіп тұрғанда Шәлтік айтып жатқан бірер сөз түсіп еді: Айша... Сонда қалды... деген еді-ау, деп барып Қасенді жұлып алғаны да содан еді.

Алғашқы минутте жұрттың бәрі жым-жырт боп, үнсіз қатып тұрып, әлі де сілейіп жатқан Айшаға қадалды. Содан келесі минутте Айша қыбырлап есін жиып, көзіне түскен шаштарын, қанды қолдарымен қайыра беріп, Қасенге қадала қарап:

— Мен сендерді Сүгір екен деп өлімге бекінбеп пе едім... Ол мені зорлықпен алып кетпек боп, осында міне! — деп қып-қызыл қан боп тұрған екі қолын жұртқа қарай созып: — байлап қамап тастаған жоқ па? — деді де өксіп-өксіп жылап жіберді...

Жай түсінікті бола бастады. Дәметкен енді ұмтылып қасына жүгіре басып кеп құшақтай сүйіп тұрғызып жатыр:

— Айналайын-ай, бәсе, сен жау болушы ма едің?.. Жауыздың қара жүзін көріп, тағы да шеңгеліне ілінген екенсің ғой! — деді...

Осымен бұлар келгенге бірер-ақ минут өтіп, енді естерін жия бергенде, сыртта тасырлатып кеп қалған көп аттың дүрсілі естілді. Бәрі де бір сәтте мылтықтарын ұстай-ұстай алды.

— Келді, келді. Осы келген сол сұмдар! — деп Айша Қасеннің қасына атқып шықты.

Самат мылтығының құлағын қайырып ап қадала тыңдап, есіктің саңылауынан бүгіле қарап тұр еді. Тыстағылар үн береді. Қатпа даусы:

— Әй! Самат, Қасен бар ма? — Кімсіңдер мұнда? Айтыңдар жөндеріңді!

Самат есікті шалқасынан ашып жіберіп:

— Бармыз, мұндамыз! — деді.

Соның артынан баз ішіне Қатпа бастаған үш милиция және тергеуші Мұрат кіріп-кіріп келісті.

Сөз ұзаққа барған жоқ. Тергеуші өз жайын айтып алысымен Самат пен Қасеннің кім-кім екенін сұрап танып алып:

— Жігіттер, сіздер қазір ауданға жүресіздер. Істеріңіз тергеуге алынды. Сол тергеу уақытына временные меры пересечения түрінде сіздерді уақытша задержать қылуға тура келді! — деді.

Бұл сөздің суық жайды баян етіп тұрғанын баз ішіндегі әйелдер түгел ұққан еді. Барлығы бір-ақ үнмен "аһ" ұрғандай болды.

Самат қатты сұрланып ап, демі дірілдеңкіреп тұрып, мылтығын бұрынғыша ұстаған бойында, Қатпаға көзі қанталай қарап:

— Мұны істетіп тұрған сенсің ғой? — деді.

Қатпа саспастан:

— Мен ғана емес, кеңес соты. Кеңес ісінің интересі, — деді.

Милиция өңшең қазақ екен. Олар Қасен мен Самат қолындағы мылтықтарға қарай тұрып, бұларға "әзірленіңдер" дегендей белгі жасап, екеуін қоршай беріп еді.

Самат әуелгі қалпынан тапжылмай тұрып:

— Жарайды, арестерің қашпас. Қазір міне, бізден де гөрі үлкен жауды қуып кеп тұрмыз. Бандыны тосып тұрмыз. Әуелі бірігіп ап соны ұстайық. Содан кейін бізді аларсыңдар, — деді.

Қатпа да, тергеуші де қатар сөйлеп:

— Жоқ, жоқ, ол сөз керек емес ... Олай емес, — дей беріп еді, Самат қатты ақырып:

— Жоқ боса жоқ. Қазір арест етпейсіңдер, еткізбейміз! — деді.

Дәл осы секундте далада, базға жап-жақын жерде көп мылтық түн тыныштығын қақ жарып батыр-бұтыр етті... Үйдегілердің бәрі әсіресе Қатпа мен тергеушілер елең-елең етіп аспанға қарасып, жан-жағына алақ-жұлақ етті. Қатпа өңі қашып Саматқа жалт қарап:

— Бұ не? — дегенде, Самат жұлып алғандай:

— Ол жаумен атысу, ол Сүгір, — деп шаншыла қарады. Мылтық бытырлап атылып тұр. Анда-санда қашандау жердей айғай, дабыр, команда естіледі. Ат тұяқтары үзілмей тасырлап, дамылсыз сарын боп басындап тұр.

Қатпа Сүгір деген сөзді естігенде көзі бақырайып, екі қолын көтере беріп, есінен шатасып бара жатқандай көрінді. Бірақ жалғыз секундке сөйтті де, артынан бойын тез билеп ап:

— Ендеше, біз шығамыз, — деп тергеушіге ым жасап жылжи беріп еді, Самат сол уақытта бір-ақ аттап барып есік алдына көлденең тұра ғап:

— Жоқ, кетпе! — деді. Бұл кезде ол, ұзын мылтығын сол қолына алып, оң қолына наганын жалаңдатып ұстап алған екен.

Қатпа мұның түріне сескене қарап, есікке қарай баса алмай бөгеліп қалды.

Бірақ сонда да бос дағдарып қажан жоқ. Саматтың күші мұны егдетуге айналған сияқтанып, ендігі бұның үні байбаламға ұқсап бара жатса да, ол айғайлап сөйлеп, үлкен айыптар тізіп жатты. Ендігі шын ойы да сол сияқты. Тергеушіге, милицияларға қарап:

— Көріңдер міне. Бұлар осы арада мені жауға ұстатпақ болды, — деп Айшаны нұсқап: — мынау Сүгірдің қатыны. Осы арада байын тосқан... — деп Саматқа ақырып тұрып: — сендер менің басымды алып жемек болған екенсіңдер. Көрермін бәлем, кімді кім жеңгенін, — дей берді.

Бірақ Самат пен Қасен мұның соңғы сөздерін жөндеп естіген де жоқ. Өйткені тыста тағы бір салдыр шығып еді. Қатпаның сол жаңағы айғайын аяқтай берген кезде баз ішіне салдыр-күлдір қағып Шәлтік кеп кірді.

Жұрт бұған аңырулы еді. Ол өз жігіттерінің мынандай тұрысына таң болып, алақ-жұлақ қарап ап:

— Е, масқара шелей, бұларың қай тұрыс?.. Әлгі кәпір қайда? Тым құрыса соны ұстап тұр екен десем..Ойбай-ау, мына жерде мылтық батырлатып жүрген солар ғой... Жаным, жындымысыңдар өздерің? — деп мыналардың бір-біріне мылтық оқтап тұрған қалпына жаны күйіп:

— Ойбай, сығыр, кеп қалды міне, мына араға бір үлкен шоғыр боп, — деді... Ешкім үн қатпайды... Бәрі де тың-тыңдаған сияқты. Өйткені тыста қарулары сатырлап кеп көп аттының түсіп жатқаны бәріне де естіліп еді. Баз ішін жарық етіп тұрған бағанағы Самат фонары. Оны Қатпалар келе бергенде Самат қолынан Айша алған еді.

Тыстағылардың көбі сыртта бөгелсе де, бір тобы баз ішіне келе жатыр. Алдында, о да өз фонарын жағып алған, Паншин. Артында: сұмпиып жүні жығылған, жарық дүниеге қарауға көзі ұялғандай боп басын төмен тұқыртқан Сүгір мен Құлайғыр... Олардың артында бірнеше қарулы әскердің басы көрінеді... Жай түсінікті.

Паншин Саматқа таман үндемей кеп қалпағының маңдайына оң қолын көтеріп тигізді де екі аяғын сарт еткізіп қол алысып амандаса беріп:

— Ну вот, все кончено, — деді.

Самат бұған жақындай беріп:

— Жеңісін құтты болсын. Бірақ іс тамам болған жоқ. Меніңше іс жаңа басталды, — деп, Паншин бұған жалт қарағанда, Қатпаларды көрсетіп: — мыналар, мына тергеуші, милициялар бар, мына Қатпа әкеп тұрған кісілер, олар мені жабуға кепті.

— О не қылған чепуха, — деп Паншин аналарға зілмен қарады.

Самат өз сөзін аяқтата беріп:

— Мен мына осы "Талдыөзек" колхозының жұмыскерлерінің ішінде мына Қатпа алып жегеннің екіншісі болғалы тұрмын. Мынау бандылар істеген кешегі іс туралы ол мені соттатыпты, — деді.

Шәлтік бағанадан дағдарып тұрып, жай-күйді енді-енді анық аңғара бастап еді. Оның қазіргі түсінігі өзге көпшіліктің бәрінен озған бір ерекше қырағылық сияқтанды. Жолында тұрған Қатпаны иығымен қағып ілгері шығып ап, Сүгірге мойнын бұрып қарап тұрып:— Жә, Сүгір, міне Қатпаң, мені бағана осыған жіберіп ең ғой, міне... — деп Самат пен Паншинге кезек-кезек бажырая қарады.

Колхозшылар тегіс бір кеудеден: "ойпыр-ай, не дейді?" — дегендей, жағасын ұстарлық сұмдық есіткендей гу етісті. Сол сәтте Айшаға да өз жайының барлық бүгінгі қорлық азабы ап-айқын боп ашыла кеткен еді.

Екіленіп ортаға шығып, Қатпаны көзге шұқып тұрып:

— Мені қолды-аяққа тұрғызбай, баршы-баршы, — деп осы базға түнделетіп айдап жіберген сен едің-ау. Білдім ғой көзің шыққыр, мына жауыз Сүгірдің қолына түссін деп жіберген екесің ғой, — деді.

Қатпа әлі де бажылдап:

— Оттапсыңдар, Сүгір менің кескілескен жауым, — дей беріп еді, Сүгір анадай жерден бұған бас изеп көзін сығырайта қарап тұрып:

— Жауым десең де аманбысың, Қатпа? — деді.

Паншин сол арада қолын көтеріп өзге дабырдың бәрін тоқтатып тергеушіге қарап:

— Сіздер боссыздар... Жүре беріңіздер, — деп милицияларға да белгі жасап, солардың шыққанын тосты. Олар кетіп болған соң өз кісілеріне қарап Сүгір мен Құлайғырды алып шығуға белгі етті. Олар да кетті. Содан кейін Қатпаға қарай бір басып кеп: — Сіз, Қожалақов, бізбен бірге ауданға жүресіз, — деді.

Үні нық, байлауы берік, екі сөзге келетін емес. Анау аз тұрып бағынды да алдына түсті.

Колхозшылар енді өзді-өзі қала берді. Бұл уақытта Қасен бұрыштағы бір жәшікке отырып алған екен. Бағана Айшаның алғашқы оғы тигеннен бері қарай 20 минуттей уақыт өткен еді. Содан бері байлаусыз, емсіз болғандықтан бұның бойынан көп қан кетіпті. Қазір өңі қашып сұп-сұр боп отыр екен. Енді қасына Айша атқып кеп, жаралы қолын құшақтай жығылып, бауырына басып:

— Жаным, кеше гөр. Жаздым, жаңылдым. Ол менің қанымды қарайтқан жауым емес пе еді. Көзімді қарайтқан сол ғой. Сені, сенің жолыңды, бар колхоз елімді сүймесем текке қалып па ем, — деп зар еңіреді.

Қасен мейрімді түспен бұның басын сипайды. Аяжан, Дәметкен боп, ферма бастығының үстіндегі таңертеңгі тап-таза ақ көйлекті дар-дар айырып, енді Қасеннің жарасын таңып жатыр...

VII

Осы түннен кейін екі күн өткен соң қас қарая берген шақта аудан орталығы тұрған поселкенің шетінен бір жалғыз атты жолаушы шықты. Мінгені дом боп жараған үлкен жирен ат. Артында бөктерген қоржыны бар. Поселкеден шыға артына жалт-жалт қарап атының жортағын қатайта берді. Бірақ сол поселкенің екінші көшесінен шығып, осы жолға қиып түсетін тағы бір тарау жолмен екі атты әскери адам желдіртіп келе жатыр еді.

Жирен атты бұларды, арқан бойындай жақындап қатарласып қалғанда ғана байқаған еді. Өйткені ол ылғи артына қараумен келе жатқан. Енді амалсыздан атының жүрісін бәсеңдетті. Сонда аналар ат басын іріккен еді.

Жирен атты сескене берді. Әйткенмен шара жоқ. Ойдағы күдігі шын боп шықты. Олар бұған қарай тура тартып, алдынан көлденең кеп тоқтай қап:

— Жолдас, сіз судья Садыровсіз бе? — дегенде жирен атты міңгірлеп қана:

— Ия, Садыров, — деді. Мұның беті Тарбағатай тауы еді.

Аналар:

— Ендеше, жүріңіз, кері жүрейік, сіз керексіз, — деді.

Садыровтың ұсталуы Сүгір мен Қатпа ісіне көп анықтық кіргізді.

Дәлін айтқанда Сүгірдің келуі базда алғаш болатын уақиғадан екі күн бұрын екен. Ол сол келген күні Қатпамен жалғасып, көп план бірге құрылған екен.

Аяғы Самат фермасында қойлар қаза табу, сол арқылы Қасен, Саматқа жауыздық жасау — барлығы да біріккен ақылдың ісі екен.

Сүгірдің қатыны, Қатпаның жесірі Айша — Жәрке тұқымын тастап, Алтыбайдан шыққан Қасенге тиді деген, Қатпапаның да дерті еді. Сондықтан оның базға жіберілуі де есептегі іс еді. Қатпаның Айшаға мылтық беруі Сүгірдің сұрауынан туған. Алғаш кездескенде Қатпаның бойында берерлік мылтық болмай, артынан осы тәсілмен әйел ата білуші ме еді, Сүгір содан алсын, — деп жіберген еді.

Осы ақыл, қарекеттің барлығы жалғыз бұл іс емес, бұдан көп бұрын әсіресе көп колхозшыны откочевник қып, тентірету тұсында Қатпа, Сүгір, Садыров боп отырып нық байласқан әдіс, тәсілдер еді.

Сүгірдің бұл үшінші келуі болатын.

Колхоз дүниесінің өте шебер, өте жауыз қаскөйі боп, көпке шейін жылан жүрісін білдірмей сорып келген үш борсық, сыбағалы жазасын осылайша тапқан еді.


Скачать


zharar.kz