Ертеде бір ханның баласы болмай жүргенде, кіші әйелі жүкті болып көп ұзамай тоғыз ай, тоғыз күн дегенде, бір ұл, бір қыз туыпты. Осы кездерде хан далада қыдырыстап жүріпті. Балаларының атын Омар мен Ғазиза қойыпты. Екі-үш ай болғасын шешесі өліпті. Баласы жоқ бәйбіше екі баланы қалай жоғалтудың жолын ойлапты. Ол үшін бір мыстан кемпірді жалдапты. Хан келгенде, әйелің екі мысық туды деп алдынан мыстан шығып: Мысық туғанына өкпелеген әйелің, бұл Құдай мені әбден ойыншық қылайын дегені ме, бүйткенше өлгенім артық деп, у ішіп өлді, – депті.
Соны айтқан мыстанның сөзіне сенген хан ашуын тоқтата алмай: Мысықты да жоғалтыңдар! – деп ақырыпты. Бұл сөзге өте қуанған бәйбіше: Екі баланы сандыққа салып, суға тастаңдар! – деп бұйырады. Мыстан бәйбішенің айтқанын жасаған. Қара толқынның арасында ойнақшыған сандық кете барады. Тасқын айдаған сандықты ау салып отырған аушы көріп, аумен ұстап алады. Ашып қарап, екі баланы көріп қуанады. Баласы жоқ аушы екі баланы асырайды. Балалары сегіз жасқа келгенде, аушы өледі. Ол өлерінде Омар мен Ғазизаға:
— Балаларым, мен көп кешікпей өлермін, сендер мені көміңдер және артымда қалған мына жалғыз ауымды көзімдей көріп ұстаңдар, – дейді.
Кешікпей аушы өледі. Омар мен Ғазиза аушы өлгесін екеуі бірігіп күн көру тәсілін ойлайды. Қолдан жасаған садағымен аң аулап, аулаған аңмен қарындасы екеуі күн көріпті. Ғазиза ұзын бойлы әдемі қыз болыпты. Күндердің күнінде Омар Ғазизаға:
— Сен басыңды өзенге, не болмаса ағын суға жума, – дейді. Бірақ Ғазиза ағасының айтқан ақылын алмаған, ағын суға басын жуса, шашына таққан алтын тұлымы түсіп кетіпті. Бұның шашы қалмақ патшалығындағы бір аушының ауына ілінеді. Бұл тұлымды ол Хасан деген патшаға сыйлық етеді. Бұл тұлымды көрген Хасан еліне жар салады. Осы шаштың иесін тапқан адамға қой басындай күміс берем, – деп лепіреді. Сонда бір кемпір келіп, бұл шаш осы өзеннің арғы басында Омар деген батыр бар, соның қарындасының шашы деп айтады. Хасан сол күннен бастап соғысқа даярлық жасап, жаз ортасында аттанады. Көп кешікпей Омарға жетеді. Сол күндері Омар аңда жүр екен, Ғазиза келген жауды көргесін қарап отырып өлгенше, соғысып өлейін деген пікірге келеді. Үйіне келе жатқан Омар қарындасын құтқарып алайын деп, бір шетінен келіп кіріскенде, Хасан әскерін сиретіп-ақ тастайды. Ең соңында Хасанды көздегенде, Ғазиза келіп:
— Аға, атпай-ақ қой, мен осы кісіні сүйдім, – дейді. Қарындасының өз жауына тигеніне өкпелеп құла дүзге шаба жөнеледі, содан есінен ауып, бір жерге барып құлайды. Омар есін жинап, атына мініп келе жатса, бір елге кезігеді. Бұл елдің ханы өліп, хан тағайындауға, хан орнында отыруға баласы, туғандары болмаған. Содан бағанаға тиын байлап, соны атып түсірген кісі хан болады депті. Ата-ата кезек Омарға келіпті. Омар атып түсіріпті, содан сол елге хан болыпты. Хасан алып кеткен қарындасы барғасын екі перзенті болады да үлкейген сайын ағама барайын деген қиялға келіп, бір күні бірнеше уәзірмен өзен жағасына барады. Суға сүңгіп үйренген Ғазиза судан әрі қарай өтіп кетеді. Содан уәзірлер Ғазизаға жалынады:
— Хасан өлтіреді ғой, бері келсейші, – деп.
Ғазиза тұрып:
— Менің екі баламды алып кел, сосын барам, – дейді. Уәзірлер айтқанын жасайды. Ғазиза баласын алып, ағасын іздеуге тартып отырады. Келе жатса, бір қойшы балаға кездесе кетеді. Ғазиза тұрып:
— Бұл қой кімнің қойы? – дейді.
— Бұл Омар деген ханның ауылының қойы, – дейді қойшы.
— Қазір Омардың халі қандай? – деп сұрайды қарындасы. Сонда қойшы бала:
— Қазір ол екі көзінен айырылып отыр, – дейді.
Сонда Ғазиза:
— Мына екі алманың біреуімен көзін сүртіп, біреуін жесін. Сосын сен сүйінші сұра, мен соның қарындасымын, – дейді. —Мен сенің қойыңның қасында тұрайын, – дейді.
Қойшы бала Омарға келіп, көрген-білгенін түгелдей айтады да манағы Ғазиза берген алмасын береді. Алманы жегенде, көзі ашылып кетеді. Содан Ғазизаны өзінің сүйгеніне береді. Баяғы қойшы баланы бас уәзір қылып алады.
Ағасы қарындасын, қарындасы ағасын көріп дегеніне жетіпті.