Орта Азия мен Қазақстандағы ең байырғы қорық – Ақсу Жабағылы 1927 жылы ашылған . Еренқабырға тауының батыс баурайын ала ұзыннан – ұзақ созылып жатыр . Жер бедерінің биіктік белдеулері әр тұсында әрқилы . Өзіндік ажар – айшығымен көз тартады . Шөл – шөлейт , далалық , шалғынды белдердің соңы биік аршалы беткейлерге ұласады . Арынды өзендері ақ көбік атып , күркіреген сарқымаларға құлайды .
Ақсу – Жабағылы – жер бетінен жоғалып барва жатқан немесе өте сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі топтастырылған қорық . Мұнда арқар мен тауешкі , бұғы мен елік , сілеусін мен қар қабыланы , қасқыр мен түлкі , аю мен жайра , сусар мен ақ тышқан т . б . тағы аңдар бар . Құс баласы да жыртылып айырылады .
Алып таулы өлке Еренқабырға екі жарым мың шақырымға созылып , өн бойын Солтүстік , Орталық , Ішкі және Батыс бөліктерге бөледі . 1920 жылы шілдеде Ташкент университетінің профессоры , гидробиолог А . Л . Бродский осы өңірге іссапармен шығады . Жабағылы мен Ақсу өзендері арналары басын алатын Батыс Еренқабырға бөктерін еркін аралайды . Адам аяғы баспаған өсімдіктер мен жануарларәлемі ғалымды таң қалдырады . А . Л. Бродский Түркістандағы мұражай мен көне ескерткіштерді және табиғат пен өнерді қорғау комитетіне арнайы хат жазады . Хатта Батыс Еренқабырға аймағын қорыққа айналдывру жөнінде ұсынысын білдіреді . Артынша әр сала бойынша құрылған комитет ғалымдары бірнеше жыл бойы тиянақты зерттеу , бағдарлау ісін бастайды . Нәтижесінде қорық ашу ұсынысын бірауыздан қолдайды . Сөйтіп , 1926 жылдың шілдесінде Қазақ АССР Халық Комиссарлар кеңесі осы мақсатта қаулы қабылдап , Мәскеуге жолдайды . Келер жылы шілдеде қаулы бекиді .
Қорық директоры болып Орыс географиялық қоғамының мүшесі , білікті маман , табиғат жанашыры Борис Петрович Тризна сайланады .
Қорық көлемі әр жылдарда ұлғайтылып отырған . Бүгінгі таңда 75043 гектар аймақты алып жатыр . Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас , Төле би аудандары жерінде орналасқан . Негізгі өзендері - Жабағылы , Үлкен Ақсу , Кіші Ақсу , Ақсу , Балдарбек , Бала Балдарбек . Бұғылтөр мұзарт шыңы алыстан « мен мұндалайды » . Бұғылтөр , Құлөлді , Айнакөл , Қызөлген , Көкүйірім , Жасыл атты шағын көлдері бар .
Теңіз бетінен үш мың метрлік биіктіктегі адам аяғы жетпес Қасқабұлақ қазаншұңқырына тарихи « сурет галереясы » сақталған . Күңгірт түсті жылтыр тастардың бетіне қашап салынған жабайы аңдар мен үй жануарларының , көне замандағы аңшылық құрған адамдардың бейнелері ап – айқын көрінеді . « Сурет галереясы » әлі күнге толық зерттелмеген . Тарихи таңбалар сыры ашылу сағатын , сәтін күтеді .
Ақсу – Жабағылы қорық қана емес , ғылыми зерттеу мекемесі де . Алғашқы ғылыми қызметкері - ботаник А . П. Масальский . Ол өзі жұмыс істеген бес жылдың ішінде қорықта өсетін өсімдік түрін бірнеше сатыға жіктелген кестеге түсірді . Сол жылдары – ақ Сиверс жабайы алма ағашы қорықтың алтын қорына енгізілді. Сарғыш түстен қызғылт – сарыға , алқызыл түстен қанық қызыл бояуға ауысатын дәмі тәтті , қышқылтым алмалары жылдың шілде – тамыз – қазан айларында пісіп жетіледі . 4 градусқа дейінгі суыққа төзімді . Әрі ұзақ сақталады , бұзылмайды . Зиянкес насекомдарға бой алдырмайды .
Ақсу – Жабағылыны « Қызғалдақтар патшалығы » деп те атайды . Мұнда өсетін қызғалдақтың алты тұқымдасының төртеуі – көптеген жаңа мәдени сорттардың түп атасы . Қорық қызғалдақтары Қазақстан , Ресей , Өзбекстан Қызыл кітаптарына енгізілген . Таулы өңірін сәуір айынан тамызға шейін құлпыртып , алқызыл кілемге айналдыратын қызғалдақтың ең әйгілісі - Грейга қызғалдағы . «Қызғалдақтар королі » . Бір шаршы метр жерде жиырма шақтысы бірден өсетін өте өсімтал гүл . Грейга 1877 жылы Голландияда бірінші сатылы сортты қызғалдақ дипломына ие болған . Бүгінде бұл тұқымдастан 200 – ге тарта жаңа мәдени сорты алынды . Грейга қызғалдағы әлемдік гүлдестелердің бес пайызын құрайды .
Балдарбек және Бала Балдарбек өзендері бастаулары маңында өсетін қызғалдақтардың түсі өзгеше . Ашық сары түсті , қанық сары түсті болып келеді .
*****
Ақсу – Жабағылыда құстың 238 түрі кездеседі . Қазақстан қызыл кітабына енгізілген ұлар , кекілік те қорықта бар . Омыртқасыздар тобына жататын 30 – дан астам түр , жиырма отрядқа жіктелген 1200 түрлі ұсақ насекомдар анықталып , тіркелді . Түсі , сұлбасы бір – біріне ұқсамайтын қандаланың 100 түрі , қоңыздың 700 түрі кестеге тіркелген .
*****
Қорықта жыртқыш аңдардың ішіндегі үлкені Еренқабырға қоңыр аюы , мекендейді . Шамамен 80 шақты . Аю қыс мезгілінде үңгірде жатып балалайды . Көбіне екі қонжық , аракідік біреу туады . Үшеу сирек. Келесі ұшырасатын жыртқыш аң - қар барысы . Жаз айларында 2 – 5 күшігін ертіп , биік тау беткейлерінде мекендейді . Ал қыста азық үшін етекке түседі . Тұяқтылар отряды жануарлары негізгі азығы . Мамандардың айтуынша , қар барысының әзірге 10 жұбы бар . Тас сусары мен Түркістан мәліні де ерекше қамқорлықты , қатарын көбейтуді қажет ететін сирек аңдар .
*****
Тұяқтылар отрядынан Сібір тау ешкісі бар . Шамамен жалпы саны 1200 – 1500 . Онан бөлек марал , елік , арқар , жабайы қабан , т . б . ұсақ аңдар мекендейді .
Ақсу – Жабағылы қорығында Ресей , Қазақстан Қызыл кітабына енген омыртқалылар тобының 20 , сирек өсімдіктердің 40 түрі сақталған .
****
Қорық мұражайында 50 - жылдардан бері Зерафшан аршасы сақталған . Діңіндегі сақиналар оның жасының 394 – те екенін айғақтайды . Мұнда 600 мыңдаған жыл жасаған аршалар да бар . Неше сан дәуірдің қилы – қилы оқиғасына куә болған арша жайлы К . Д . Мұхамедшин , С . К . Сартбаев сынды ғалымдар егжей– тегжейді зерттеп жазды . Кезінде Ескендір Зұлқарнайын - Александр Македонскийдің , Шыңғыс хан мен Темірланның атты әскері тұяғы дүбірінен діріл қағып , жер сілкінісі , сел , құрғақшылық , қарлы – боранды жылдарды бастан кешкен аршалар бұл .
Аршаны « өмір ағашы » деп атайды . Бір гектар көлемдегі арша ағаштары тәулігіне 30 килограмдай фитоцид - тіршілік нәрін бөледі . Үлкен қаланың ауа жайын ұсақ микробтардан сүңгіден өткізгендей тазартады . Арша – санитар . Ұзақ жасайтын аршалар нақ Алматы көшелеріне отырғызылатын ағаш түрі . Қазандықта орналасқан қала ауа жайы бір демде жақсарып шыға келер еді .
*****
Қорықта емдік шөптердің 200 – ден аса түрі бар . Жүрек , жүйке , асқазан ауруларын , қан айналымын реттейтін , тәбет ашыратын , адам ағзасын қуаттандырып , жұмысын сауықтыратын қасиетті өсімдіктер барлық жерден кездеседі . Қазақстан Қызыл кітабына енгізілген шипалы өсімдіктің 30 түрі Ақсу – Жабағылыда өседі .