Ұлттық және рухани құндылықтарымыз, ұлттық бірлік және ұлттық мақсаттарымыз елдің тұтастығын нығайтушы рухани күш

Скачать

Елдің тұғырлы, ғұмырлы болуының басты жетекші күші – ұлттық бірлік. Ел ішінде тыныштық, ынтымақ билеуі үшін бәрінен бұрын елдің ұлттық бүтіндігі қамтамасыз етілуі және елді құрайтын адамдар, ұлттар, түрлі топтар арасында түсіністік пен ара-қатынастың, тіпті тілектестіктің болуы қажет. Елді қалыптастыратын факторлардың маңызды элементтері сенім, отан, тарих, байрақ, бірлік, татулық ішінде өмір сүру қалауы. Міне осылар ынтымақ, бақ-берекенің ортақ кілті. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ көп мемлекеттер сыртқы күштердің емес, ішкі алауыздықтың, іштегі сатқындар, дұшпандар тарапынан ыдыратылған. Қазіргі заманда да мұның мысалдары көп. Бұл қауіп әркез төніп тұр. Ұлттық жоспары, ұлттық мақсаттары болмаған елдер (саяси, экономикалық, мәдени) сілкіністер кезінде үлкен жарақаттарға тап болады. Үлкен мақсаттары, асқақ армандары болмаған мемлекет дамымайды, қатардағы қарапайым елдердің бірі болып жүре береді. Темірқазық жұлдызына жете алмаймыз, бірақ оған қарап бағытымызды белгілейміз. Ұлттық және рухани құндылықтарымыз, ұлттық бірлік және ұлттық мақсаттарымыз елдің тұтастығын нығайтушы рухани күш. Ұлттық мақсаттар (ұзақ-орта-қысқа мерзімді) ретінде жоспарлануы керек. Бұл орайда Елбасымыздың атқарып жатқаны еңбегі зор. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, Ұлт жоспары – 100 нақты қадам, Қазақстан – 2050, секілді жоспарлары осы жолда жемісін беруде. Сондай-ақ ұлттық бірлік пен ұлттық мақсаттарды уағыздауда және іске асыруда тек саясаткерлер емес, зиялы қауым, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жалпы халық бір ауыздан ат салысуы қажет.

Елдің ынтымағын қамтамасыз етудің жолы – бөлінбеу. Араңдатушылыққа, іріткіге жол бермеу. Қазақстан – әртүрлі ұлт, дін, мәдениет өкілдері мекен ететін алтын отанымыз. Ұлтымыз, дініміз, мәдениетіміз өзгеше болуы мүмкін. Жақсы көретін, жақтырмайтын адамдарымыз да өзгеше болуы мүмкін. Бірақ бір ортада, бір отанда өмір сүру үшін бұлардың ешқайсысы кедергі емес. 17 миллион халықтың барлығын жақсы көруге мәжбүр емеспіз, адамдардың барлығына жақсылық жасауға мәжбүр емеспіз, бірақ ешкімге жамандық етпеуге, ешкімге зиянымызды тигізбеуге міндеттіміз. Әркім өз тұрғысынан әділ, адал болуға, ешкімнің ақысын жемеуге, әдеп қағидаларын сақтауға мейлінше тырысса еліміз өркендей бермек. Әлеуметтік желілерде әртүрлі жазбалар, монтаждалған видеолар, түбірі жоқ жалалар толып жатыр. Бір-бірін жамандап, боғауыз сөз, боралап жатқандар да аз емес. Мәселен бір мысалды көрсетіп, бір ұлттағы бүкіл адамдар немесе бүкіл мұсылмандар осындай жаман екен деген пайымдаулар бар. Негізінде дұшпандардың қалағаны осы. Халықты бір-біріне шағыстырып, айдап салу. Дұшпандардың мұндай ойындарына құрал болудан сақтану керек. Бес саусақ бірдей емес. Кез келген қауымның жақсылары болатынындай, жаманы да болуы мүмкін. Бір жаманды көрдім деп бәріне топырақ шашудан аулақ болу керек. Заманымыз дұшпан арттыруыдың емес, дос арттырудың, ынтымақтастықтың заманы. Майда-шүйде келеңсіздіктерді тастап, ауызбірлікке ұмтылудың заманы. Сондықтан әлеуметтік желілерде, жалпы кез келген жерде бөлінушілікке, іріткіге жол бермеуге бір ауыздан ат салысу керек. Бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды.


Скачать


zharar.kz