Ертеде ит, мысық және тышқан үшеуі дос болыпты

Скачать

Ертеде ит, мысық және тышқан үшеуі дос болыпты. Сонда да ит пен мысық тышқанды онша жақтырмайды екен. Тышқан күні-түні тынбайтын еңбекқор болыпты. Ал ит пен мысық тапқанын жеп, жұмсақ шөп пен жылы жерде жатып алады. Бір күні ит қасындағы мысыққа:
— Осы тышқанның жұмысы таусылмайды, тіпті. Күйбеңдейді де жүреді, – деп, қынжылады. Сонда мысық:
— Өзіміз шолжиып жатып біреуді күндейміз. Осынымыз дұрыс па? – деп, итке жөнін айтады.
Ит ұялып қалады да өзі де шаруа істемек болады. Содан былай қарай тышқанға көмектесіп жүреді.
— Сен де қол ұшыңды бер, – дейді енді ит мысыққа. Оған мысық көнбейді.
— Өздерің-ақ істей салыңдар!..
Ит пен тышқан оған:
— Жалқаулықты қой, бірге жұмыс істе, – дейді.
— Әй, мен сендердің жұмыстарыңды күндеп жатқан жоқпын ғой. Неге тиісесіңдер, – деп, мысық ашуланады. Ит пен тышқан үндемей жүре береді. Мысыққа тамақ қалдырмай, өздері жейді. Аш мысық енді ит пен тышқанның тапқанын ұрлай бастайды. Мұны көріп қойған тышқан мысықтың ұрлығын итке айтады. Ит оңдырмай талайды.
Содан бері ит пен мысық өш екен. Бірін-бірі көрсе талап тастауға дайын тұрады. Ал тышқанға ыза болған мысық оны ұстап алып жей салады екен.


Скачать


zharar.kz