Баласы әкесінің мазасын алып болмаған соң, әкесі

Скачать

Бұрынғы өткен заманда бір үлкен бай болыпты. Ол бай шалдың екі көзі соқыр екен. Баласы жас екен. Бір күні басқа байлардың балалары мал айдап дүниелік әкелуге бір шаһарға жүрмек болып дайындалыпты. Солардың дайындығын естіген соқыр шал отырып қатты күрсініпті. Сол кезде қасында отырған баласы: Әке, неге күрсіндіңіз? – деп сұрақ қояды. Сол кезде әкесі:
— Балам, сенің жастығың есіме түсіп отыр, сен ересек болсаң осы балалармен бірге сонда барып келер едің ғой, – депті. Әкесіне сөзін аяқтатпастан, баласы:
— Әке, мен барам, мал бөліп бер, – деп мазасын алыпты. Баласы әкесінің мазасын алып болмаған соң, әкесі: Барсаң бар, балам, бірақ та өзіңе тиісті жолдас ізде. Ол жолдастың ақысын төлерміз. Ал жолдас іздеп, тапқан жолдасыңды үйге ертіп келе жатқанда, ауылға жақындағанда ол әкеле жатқан жолдасыңа былай де: Біздің үй анау тұрған. Сіз жүре беріңіз, мен алдында жатқан малды қайырып барайын де. Сол кезде саған қарамай үйге келсе, ол адам саған жолдас бола алмайды, – депті.
Баласы:
— Жарайды, – деп жолдас іздеуге кіріседі. Атқа мініп жолдас іздеп келе жатса, бір адам кездесіпті. Сол адаммен сөйлесіп жолдас етуге келісіп, үйіне алып жүреді. Сөйтіп малының шетіне келгенде әкесінің айтқаны есінде бар, бала:
— Қария, сіз жүре беріңіз. Біздің үй анау тұрған. Мен мына малды қайырып барайын, – депті. Сол кезде ол жолдасы тура тартып үйіне кетіпті. Сөйтіп бала да келеді.
Ертесіне ол кісінің алып келген айыбын төлеп қайтарыпты. Міне, бала тағы жолдас іздеп жолға шығады. Сөйтіп ол келе жатса, алдында бір бала көтерген жас әйел жылап келе жатыр екен. Оның артынан бір сарт келеді, иығында кетпені бар. Міне бұл бала оларды тоқтатып: Бұл нендей уақиға, сіз неге жылайсыз? – депті. Сол кезде әйел:
— Менің күйеуім қайтыс болып еді, соны қою үшін кебін таба алмай мына сарттан қарызға алып қойып едім. Міне сол кебінді уақытында тауып беруге қаражатым келмеді. Енді соны ашып алам деп мені ертіп келеді, – депті. Сонда бала сартқа:
— Кебініңнің құны қанша тұрады? – депті. Сонда сарт:
— Кебінім жиырма бес ділда, – депті.
Сонда бала жанынан елу ділдә беріп, енді ризасың ба деп сұрапты. Сонда сарт ризамын деп үйіне қайтыпты. Әйел балаға қайдағы алғысын айтып ол да қайтады. Сөйтіп бала жолдасын іздеп өз жолымен кете береді. Ол бала бір шаһарға келіп бір көшені бойлап келе жатса, алдынан ақ боз атты бір жігіт көшеден көлденең өтіп барады екен. Соның артынан бала келіп сәлем беріп, оны тоқтатып әңгімелесіп оны жолдас болуға үгіттей бастайды. Сол кезде ол кісі қынжылып бірсыпыра көнбей тұрады да: Жарайды, қарағым, қабырғаң қатпаған жас бала екенсің, болсам болайын, – деп жолдас болып балаға еріп жүреді. Сөйтіп баланың малының шетіне жеткен кезде бала оған: Ағай, сіз жүре беріңіз, біздің үй анау тұрған. Мен мына малды қайырып барармын, – депті.
Сол кезде жігіт: Жоқ, қарағым, сенің қабырғаң қатпаған жас баласың ғой, сен үйіңе барып сусындай бер. Малды мен қайырып барайын, – деп баланы үйіне жіберіп, малды өзі қайтарып келеді.
Сөйтіп баланың жолдасы енді табылады. Келесі күні малды бөліп беріп баласын жолдасымен екеуін байлардың баласына қосып шаһарға аттандырып, шал өзі кемпіріне жетелетіп арттарынан айқайлап, мынадай тапсырмалар айтады:
— Осы барғаннан күн бата Сарыөзек деген жерге жетесіңдер. Шөбі шалғын, суы мол жер оған қызығып қонбандар. Одан ары барғанда Ақмола деген жерге күн бата жетесіңдер. Оған да қонбандар, одан ары кеткенде Қызылжар деген жерге күн бата жетесіңдер. Оның да суы мол, шөбі шалғын жер. Оған да қонып жүрмеңдер. Міне, осы үш жерге қонбандар, – деп шал қала береді. Басқа бай балалары алпысқа келген атаңнан ақыл сұрама деген, ол шал не біледі дейсің, жүріндер, кеттік деп жүріп кете береді.
Сөйтіп олар жүре-жүре күн бата Сарыөзекке жетеді. Айтқандай, шөбі шалғын, суы мол жер екен. Баяғы баланың жолдасы бұл араға қонбаймыз десе, басқа бай балалары қонамыз, алпыстағы атаңнан ақыл сұрама деген, сол соқыр шал не біледі дейсің деп болмапты. Балалар тіпті болмаған соң бәрі де сол араға қонады. Кешке жатқаннан кейін бай балалары ұйықтап қалады. Баланың жолдасы ұйықтамай атының қалқасында тұрып күзетіп тұрады. Сол арада елден арттарына бір сары қаншық еріп шығыпты. Сол қаншық шаңқылдап үріп болмапты. Әрине, бұл баланың жолдасы бар жан-жануарлардың тілін біледі екен. Иттің дауысын тыңдап тұрса, ол ит: Байқа, ақ боз аттың қалқасында аңдып тұр, – деп хабарлап тұр екен. Сол арада ол иттің басын кесіп алып, иттің миын түгел алып қағазға орап қалтасына салып алып, басқа аттың қалқасына келіп тұрыпты.
Бірсыпыра уақыт өткеннен кейін біреу сол аттың белін сипап өте бергенде, оның басын қағып тастапты. Сөйтсе, ол жалғыз көзді жалмауыз екен дейді. Оның көзін ойып алып қағазға орап қалтасына салып алып, бәрінің қан-жынын қоймай суға ағызып жіберіпті. Енді жалмауыз кемпірдің келген жағына жүгіріп барса, жер астында үйі бар екен. Ол үйі алтын ділдәға толып тұр екен. Оны көріп, есігін жауып орнына келіп жатып ұйықтай береді.
Сөйтіп таң атады. Балалар орнынан тұрып жатып қарқ-қарқ күліп, киініп алпысқа келген атаңнан ақыл сұрама деген, сол шалдың айтқан сөзіне ілесіп қонбай кетсек әлде қайтетін едік деп, тамақтарын ішіп жүріп кетіп, күн бата Ақмолаға келіп жетіп, баланың жолдасы қонбаймыз десе, балалар болмай отырып тағы қонады. Сөйтіп баланың жолдасында тағы ұйқы жоқ, соларды күзетумен тағы да тұрады. Сөйтіп таң алдында бір жалмауыз келе жатыр екен. Оның басын алып, оның келген жағына барып қараса, соның да үйі алтын ділдәға толып тұр екен. Оның есебін тауып белгілеп кетіпті. Содан қайтып келіп орнына жатып ұйықтап тұрса, балалар күліп тұрып жатыр екен. Тамақ ішіп болып тағы да жүріп кетеді. Сөйтіп күн бата Қызылжарға келіп жетеді. Міне, бұл жерге де балалар қонамыз деп болмай отырып қонады. Баланың жолдасында еш ұйқы жоқ. Тағы күзетіп тұра береді. Сөйтіп тұрғанда түн ортасы болған кезде анандайда бір қызыл жар бар екен, сол қызыл жардан бір от шығады. Сол от жағалап жақындағанда, күбірлеп сөйлескен сөз естіледі. Сөйтсе, бұл жеті басты жалмауыз екен. Ол шетте тұрған атты сипап өте бергенде оның да басын алып тастап, сол қызыл жарға қарай жүгіріп кетіпті. Сол қызыл жарға келсе, бір үлкен үңгір екен, ішінде ат басы алтын тұр екен. Сол үңгірді жарық етіп тұрады екен. Сөйтіп ол жан-жаққа қараса, бір дәу ұйықтап жатыр екен. Оны өлтіреді. Енді бір ай мен күндей сұлу қыз жатыр екен. Оны олар сиқырмен өлтіріп қойыпты. Міне осыларды көріп, бәрін қайтарда алмақ болып дайындап кетіп, орнына келіп жатып таңертең тұрса, балалар күлісіп тұрып жатыр: Міне, алпысқа келген атаңнан ақыл сұрама деген, үш жерден де өттік, ештеңе болған жоқ десіп, тамақтарын ішіп тағы жүріп кетті. Сөйтіп тиісті шаһарына келіп, саудаларын жасап болып, енді елге қайтпақшы болып жүріп кетеді.
Жол-жөнекей бір ауылда бір жиын топты көреді. Сол арада баланың жолдасы балаға: Сен жүре бер, мені Қызылжардан тос, ал басқалары қарамаса, өзің қал – депті. Бала жарайды деп жүріп кетеді. Сөйтіп әлгі жиын топқа келсе, бір байдың қызы сары қотыр болып ауырып жатыр екен. Соны кім жазса, соған қызымды берем деп жатыр екен. Оған баяғы баланың жолдасы:
— Мен жазам, – деп келіпті. Оған бай: Жазсаң қызымды еншісімен бөліп беремін – депті. Сөйтіп ол жігіт баяғы иттің миымен сылап жіберсе, қыз әбден жазылып кетеді. Сөйтіп ол оған: Сен әкеңнен еншіге он екі түйе қомдап ал, – депті. Қызы әкесіне:
— Маған еншіге он екі түйе қомдап бер, – депті. Байға бұл қиын емес қой, он екі түйені қомдап береді. Міне ол қызды алып, он екі түйені алып, Қызылжарда жолдасын қуып жетеді. Оның жолдасы мұнда тосып жатыр екен. Сөйтіп ол Қызылжардағы дүниені үш түйеге артып, қызды тірілтіп алады. Сөйтіп Ақмолаға келіп ондағы дүниені үш түйеге артып алып жүріп кетеді. Енді Сарыөзекке келіп ондағы дүниені үш түйеге артып алып, еліне қарай жүріп кетеді. Сөйтіп еліне жақындағанда баланың жолдасы: Ал, балалар, елге жақындап қалдыңдар, енді өздерің келерсіңдер. Мен байдан барып сүйінші сұрайын, – деп жүріп кетеді. Сөйтіп ол байға келіп сүйінші сұрайды:
— Балаңыз көп табыспен келеді, екі әйелі бар, – депті. Сол кезде бай:
— Енді арманым жоқ, жалғыз бір арманым – екі көзім, – депті. Сол кезде жігіт: Екі көзінді мен жазам! – деп жалмауыздың көзімен екі көзін сүйкеп қалса, көзі шырадай жанып жазылыпты. Сонда шал:
— Ал енді балам келсін. Үш күн, үш түн той жасаймын, содан қалған дүние, мал-жан бәрі сенікі. Міне, сенің сұраған сүйіншіңе, – депті.
Сөйтіп баласы келіп, үш күн, үш түн той жасап, төртінші күні екі келіні, баласы, әйелі – бесеуі қол ұстасып үйден шығыпты да:
         — Ал, қарағым, қалған мал-дүние сенікі, – депті. Сол кезде жігіт бәрін шақырып алып:
-Сізге рахмет. Сіздің және балаңыздың пиғылына көп рахмет, маған ештеңе керек емес. Сіздің балаңыз жолдас іздеп жүріп бір әйел мен сартқа кездесіп, әйелді сарттан құтқарып еді. Сол әйелдің өлген күйеуі мен едім, қыдыр болып осыған кездескен едім, – деп аспанға ұшып кетіпті.
Сөйтіп шал байқұс өте жақсы тұрмыста ғұмыр сүріп қала беріпті.


Скачать


zharar.kz