Қалғанын қайда құямыз

Скачать


Бір күні Қожа май сатып алу үшін базарға барады.
Әйелі оған бір кесе беріп:
— Мына кесеге еріген май құйғызып әкел, - деп тапсырады. Қожа май сатушыға келеді. Қожекең майды ыдысының шамасынан көбірек алады. Ол майды кесесіне құйғызады. Бірақ май кесеге сыймай, асып кетеді.
Сол жерде сатушы:
— Май кесеңе сыймайды. Қалғанын қайда құямыз? - дейді. Қожа жалма-жан кесесін төңкеріп жіберіп:
— Қалғанын мына жағына құй! - деп, кесесінің түбіне құйғызып, Қожекең сол бойында кесені ұстап үйіне келеді. Алдынан әйелі шығып:
— Майды мұнша неге аз алдың? - деп сұрағанда,
Қожа:
— Жалғыз бұл емес, мына жағында да бар, - деп, кесені тағы да төңкеріп қалады. Сонымен, кесенің түбіндегі аз ғана май да төгіліп қалыпты.


Скачать


zharar.kz