Ару - Ана өмірдің асылдары, Жайнасын көңілімнің жасыл бағы

Скачать



Тақырыбы: Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды.
Мақсаты: Анаға деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, Ананы құрметтеу, сыйлай білуге, оқушылар бойындағы жеке қабілеттерімен таланттарын дамыту, адамгершілікке, ізгілікке, достықты қастерлей білуге тәрбиелеу.
Жүргізуші: Біз ғана емес, қадір тұтқан бабалар.
Аналардан туған небір даналар.
Ана деген тіршіліктің тірегі,
Армысыздар, қасиетті аналар!
Кеш жарық, қымбатты ұстаз - аналар, арулар! Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, тағы да 8 - наурыз халықаралық әйелдер күні келді. Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар - өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналармен ажарлы. Бүгінгі арайлап атқан нұрлы таңмен бірге әрбір сәби жүрегі өзің деп соқса, бүгінгі мерекелік кешіміз де аналарға арналады.
Десек те уақытпенен жарыспайды,
Қияға қиялменен қарыштайды.
Шәкірттер шын жүректен тебіреніп
Өнерлерін анаға бағыштайды - дей келе ортаға 82 - топ оқушыларының сіздерге арналған тартуларын қабыл алыңыздар.
Жүргізуші: Сіздерден өскен балалар
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті абзал аналар. – дей келе құттықтау сөз кезегі мектеп директор А. О. Қасымжановқа сөз кезегін береміз.
(директор сөз сөйлейді)
Жүргізуші: Көңілің Алатаудың ақ қарындай,
Мейірімің күннің шуақ шақтарындай.
Қалайша аяулы ана тына алармын,
Ән болып сағыныштан ақтарылмай,- деп абзал аналарымыз бен қырмызы қыздарымыздың құрметіне Сағатбай Әсемнің орындауында Қазағым ай атты әнін қабыл алыңыздар
Жүргізуші: Теңіздей тербетіліп көл бетінде,
Бишілер билеп кетті тербетіле.
Аққудай қалықтаған теңіздегі,
Бишілер өнерлерін көрсетуде, - дей отырып келесі кезекті Түскенова Тоғжан мен Әбжанова Жаннаның орындауындағы Аққу биіне береміз.

Жүргізуші: Ана деген – бастауы ұлылықтың
Ана деген - рәмізі сұлулықтың
Ана деген - бір жыр бар шырқалатын
Асқақтатар биікке ұрпақ атын
Олай болса Ақылтайды қарсы алайық
Дауысына сүйсініп тамсанайық
Ерке ұлдың талантына тәнті болып,
Уа, халайық, жұмыла қол соғайық!
Ән: Орындайтын: Зекенов Ақылтай
Жүргізуші: Әркімнің де өмірден аласы бар,
Аласы бар адамның анасы бар.
Мерекесін құттықтап аналардың,
Өнерлерін жолдайтын апалардың баласы бар. Лицей серілері КВН командасы.
Жүргізуші: Тарихымыз да Домалақ Ана, Айша Бибі сияқты аналар болған. Шығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүкті де құрмет тұтып, әрқашан басымызды иеміз. Көрініс Шығыстың қос шынары
Жүргізуші: Домбыра, күмбірлеші күніндей боп қазақтың
Өзіңменен бірге жүргем ұзақ жолында азаптың
Үніңменен жазылады жарасы
Үніңменен жалғанады ұрпағым,- күй орындайтын Оркестр
Жүргізуші: Ару - Ана өмірдің асылдары,
Жайнасын көңілімнің жасыл бағы.
Сендер үшін ән мен жыр шырқалуда,
Сендер үшін мереке шашулары, - ән шырқалар бақытымен, бағымен - Кадес Анельдің орындауындағы тамаша әнді қабыл алыңыздар.
Жүргізуші: Бұралып Бағжан біздің билеген де,
Шығыстың асқақ әні тербегенде
Қол соқпай дәті шыдап тұра алар
Құрбылар айтыңдаршы қандай адам -Шығыс биі ортада Жанымжанова Бағжан.
Жүргізуші: Ән айтылса ұйып тыңда жаныңмен
Ән айтпақшы Айнұр қыздарыңыз сіздерге
Өшпес ыстық, алаулаған жалынмен,- дей келе ортаға Анаға ақ тілек әнімен Амангелдинова Айнұрды қарсы алыңыздар.
Жүргізуші: Күнінде гүл көктемнің нұрын шашып,
Жасқанбай әр қадамын нық - нық басып,
Биімен көрерменді тәнті ететін
Арулар келді міне толқып, тасып - Қазақ биі қарсы алыңыздар.
Жүргізуші:
ән: Орындайтын Сағатбай Әсем.
Жүргізуші: Ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тіршіліктің қайнар бұлағы. қазақ әйелінің дастарханы тоқ, қонағы ырза, дүниесі түгел. Олар үшін бірінші орында отбасының берекесі тұрады. Бөбегін бесікке бөлеп, әлдилеп аялаған ана бақыт құшағында емес пе?!
Бір өзіңнен бастап өмір жолдарын,
Жүрегіңе, жүрегімді жалғадым.
Өзің мына сыйға берген өмірде
Ақ сүтіңді ақтап өту - арманым.
Барша ана, құтты болсын мерекеңіз
Әрқашанда ана сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам.
Сонда біз кісілікке теңесеміз.
Құрметті қонақтар, біздің Ана - тіршілік тірегі атты мерекелік кешімізді көңіл қойып тамашалағандарыңызға көп - көп рахмет.
Демеңіз біз өнерді аяп қалды,
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.
Қош болып тұрыңыздар көріскенше,
Осымен концертіміз аяқталды.


Скачать


zharar.kz