"ОТАН ТАРИХЫ"
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДҮНГЕНДЕР: САНЫ МЕН ҚҰРАМЫНЫҢ ДИНАМИКАСЫ (1897-2007 ЖЖ.)
А.И. Құдайбергенова
Тәуелсіздіктің екінші онжылдығының белортасынан асқан кездегі демократиялық қайта құрулар кезеңінде біздің қоғам одан ары даму жолы мен демократия үлгісін таңдау алдында тұр. Егер бұл мәселе дұрыс шешілмесе, онда тоталитаризм мен демократия арасын таңдау мәселесі қайтадан өзекті мәнге ие болуы мүмкін. Мұндай мәселені шешу этнос, ұлт, ұлттық мемлекет деген сияқты категорияларды түбегейлі түрде анықтауға әкеліп тірейді. Қазақстан – өзінің полиэтникалық құрамы арқылы ерекшеленетін мемлекет. Сондықтан, негізгі міндеттердің бірі әлеуметтік топтардың ғана емес, сонымен бірге әртүрлі әлеуметтік қоғамдастықтардың қарым-қатынасын реттеу болып табылады.
Келісім – кез-келген қоғамның, әсіресе полиэтникалық қоғамның әрекет етуінің шарты. Қоғамда жекелеген этностың мүддесін жоғары бағалайтын ұлттық-этникалық идеялық-саяси бағыт та бар. Осындай жағдайда ұлтаралық келісімге келу тұрақтылыққа әкеледі. Яғни, тұрақтылық мәселесі ұлтаралық қарым-қатынас пен этностардың үйлесімді дамуына да байланысты. Қазақстанның ұлттық бірлігі мен татулығына шақырған бағыт Н.А.Назарбаевтың Қазақстан-2030 стратегиялық бағдарламасында көрсетілген. Біз негізгі ұйытқысы жалпы ұлттық идея болып табылатын мемлекеттік идеологияны жақтаймыз. Мемлекеттік идеология ретінде қоғам да, билік те келісетін идеялар мен принциптердің жүйесін түсінеміз. Бұл идеология қоғамдағы келісім мен оның тұрақтылығын күшейтудің, азаматтық үйлесім пен этникааралық ынтымақтастықтың шарты ретінде қоғамдық келісімнің бір бөлігін құрайды. Мұндай мәселені шешуде этнос, ұлттардың қалыптасуы мен сандық және сапалық өзгерістері тарихын анықтап алған жөн.
Қазақстан Республикасын қазір 130-дан аса этностардың мекендеп жатқаны белгілі. Қазақстанның демографиялық ерекшелігі оның көп ұлтты құрамына байланысты. Республика халқының полиэтникалық құрамының қалыптасуына әсер еткен көші-қон процесінің бастапқы кезеңі орыс-украин шаруаларының қоныс аударуы мен казактардың қазақ жерлеріне қоныстануына байланысты.
ХҮІ ғасырдағы қазақ жеріне казактар мен қашқын шаруалардың қоныс аударуларынан басталған сырттан келген көші-қоншылардың легі ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырда тіпті күшейді. Қазақстанға қоныс аударып келген халықтардың ішінде дүнгендер де бар. Дүнгендер Қазақстан және Қырғызстан жерін ХІХ ғ. 80-жылдарынан бері мекендейді. Жетісуға осында тұратын дүнгендердің қоныс аударуы ХІХ ғ. 80-90 жылдарында жүрді. Дүнгендердің этногенезі өте күрделі. Ғалымдар әлі күнге дейін олардың шығу тегі туралы бір пікірге келген жоқ. Қазан революциясына дейінгі орыс ғалымдарының көпшілігі, шығыстанушылар, сол сияқты қытай ғалымдары қазіргі дүнгендерді Қытайға келген араб-парсы және түрік келімсектері мен қытайлықтардың және басқа да моңғол тектес халықтардың араласуынан қалыптасқан деп есептейді [1].
Қазақстан ұлттық энциклопедиясында: дүнгендер – (қытайша атауы – лаохуэй, хуэнминь, хуэйцзу – қытай тілінен аударғанда – "мұсылмандар” деген ұғымды білдіреді) – негізінен, Қытайдың Нинся-Хуэй автономиялы ауданын қоныстанған халық. Түркі халықтары оларды дүнген, дұнған деп атайды. Дүнгендер Қазақстанда (36,9 мың адам, 1999) мен Қырғызстанда (Шу өзенінің аңғары), Өзбекстанда (70 мың адам) да тұрады. Қытайдағы саны 8 млн (1999). Дүнгендердің діні — мұсылман. Тілдері қытай тіліне жақын, – деп берілген [2].
Дүнген атауының шығуы ол халықтың өзінің пайда болуымен байланыстырылады. Мұндай пікірді дүнген діни адамдары Шэньси мен Ганьсу провинцияларынан Шыңжанға келген кезі мен ХІХ ғ. ортасындағы Солтүстік-Батыс Қытайдағы көтеріліс кезінде таратқан. Кейінірек осы атауды Қазақстан мен Қырғызтан Ресейдің құрамына қосылғаннан кейін Ресей Шыңжаң провинциясымен (Шығыс Түркістан) шекаралас болғандықтан орыстар да қолдана бастады [3].
Ганьсу және Шэньсу дүнгендерінің біраз болігінің Жетісуға қоныс аударуы 1864-1878 жылдары Батыс Қытайда болған дүнген көтерілісіне байланысты болды [4].
1864 жылы Іле өлкесінің ұйғырлары мен дүнгендері қолдарына қару алып, феодалдық және ұлттық езгіге қарсы көтерілді. 1864 жылы Цин әскерлері Шэньси дүнгендерін талқандады. Көтерілісшілердің біраз бөлігі Ганьсуге ауды, бұл кезде ол жердегі халық та Қытай феодалдарына қарсы күреске шыққан еді. 1871 жылы Цин үкіметінің әскерлері Ганьсуге кірді. Жақсы қаруланған, жақсы үйретілген әскерлердің тегеурініне шыдай алмай, дүнгендер жеңіліс тауып, Шыңжанға және Монғолияға қарай шегінді.
Ұйғырлар мен дүнгендердін көтерілісі Шынжаңда үш хандықтың құрылуымен аяқталды, олар: Іле округіндегі Іле сұлтандығы, орталығы Үрімшіде болған Дүнген хандығы және Қашқариядағы Ұйғыр әмірлігі.
1871 ж. Шығыс Түркістанда ағылшындар көмегіне сүйенген Қашқар билеушісі Жақып бек билігі орнайды. Өзінің шығыс шекараларына жақын жерде мұсылман мемлекеттері құрылып, олар Ұлыбританияға тәуелділікке немесе Ресейге өшпенді Түркияның ықпалына түсуі мүмкін деп қауіптенген патшалық Ресей бұл өлкеге басып кірді.
Іле өлкесін Ресей басып алған кезде дүнгендер негізінде Үрімші және Манас округтеріне жиналған еді. 1876 жылы Цин әскерлері Үрімші округіне және Кашғарияға басып кірді. Цин әскерлері Үш-Түрфанға жақындаған кезде (1877 жылдың қазанында) Мапонзи бастаған Ганьсу дүнгендерінің біраз бөлігі де (1166 адам) Бедел асуы арқылы өтетін ең қысқа жолмен Ресейге қарай көшіп, Ыстықкөлден келіп шықты. Бұдан кейінірек, 1877 жылғы желтоқсанның басында, Қашқариядан шыққан мыңдаған дүнген және ұйғыр отбасылары Ресейге қосылған территорияға екі жолмен көшті: Шыңжан және Ганьсу дүнгендерінен құралған бір кіші тобы Терек-Даван асуымен Ферғана алқабына өтіп, Ош қаласынан шықса; Быйяньху бастаған тек Шэньси дүнгендерінен құралған екінші топ Шақмақ сайы арқылы Нарын бекінісінің тұсынан шықты. Бірінші көш бір қыдыру аман-есен өтті, ал екінші көштің неше жүздеген адамдары асудан өткен кезде суықтан, аштан өлді. 1877 жылдың 27-28 желтоқсанында екінші көш Нарын бекінісіне жетіп, одан Тоқмаққа көшті; Жетісуға небәрі 3 314 адам жетті.
Жалпы 1877 жылдың аяғында және 1878 жылдың басында Түркістан өлкесіне келген дүнгендердің саны 6209 адам болды. Дүнген көтерілісшілерінің Россия жеріне өтуінің бірінші кезеңінде дүнгендер мен Цин жазалаушы топтарының арасында қантөгіс қақтығыстар болды. [5].
Іле өлкесін патша әскерлерінің басып алуы 1871 жылдан 1882 жылға дейін созылды. Бұл уақыт ішінде сұлтандықта бұрын болып келген басқару жүйесі жойылды, феодалдық өзара қырқыстар тыйылды, шаруашылықтың өркендеуіне, орыс мәдениетінің енуіне жағдай туды. Бірте-бірте Іле өлкесінің Россиямен байланысы нығайды. Он жылдан соң Ресей өз әскерлерін Шығыс Түркістаннан шығара бастайды.
Қоныс аударудың екінші кезеңі 1881-1882 жылдарға тұстас келеді. Санкт-Петербург трактаты бойынша (1881) Іле өлкесі (Құлжа) Қытайға қайтарылып, Қытайдың не Ресейдің қоластына кіру халықтың өз еркіне берілді. Егер дүнгендер мен ұйғырлар Богдыхан қоластында қалғысы келмесе, Ресей арзан жұмыс күшіне ие болғысы келді. Сөйтіп, Ресей территориясына қоныс аударуға тілек білдірген Іле ұйғырлары мен дүнгендерінің едәуір бөлігінің Ресей қоластына кіруі 1881 жылғы келісім бойынша қанағаттандырылды. 1881 жылдың күзінен бастап ұйғырлар мен дүнгендер Жетісуға көше бастады. 1882-1883 жылдары Іле өлкесі Қытайға ресми түрде өткізілгеннен соң қоныс аударушылық күшейді. 1884 жылдың басында Жетісуға 9752 ұйғыр отбасы (45 373 адам) және 1147 дүнген отбасы (4682 адам) көшіп келді, яғни барлығы 10 899 отбасы (50 мыннан аса адам) келді. Дүнгендер мен ұйғырлардың қоныс аударуы орыс әкімшілігінің бақылауы және орыс әскерінің сақшылық етуі арқылы жүргізілді.
Жалпы алғанда, Солтүстік-Батыс Қытайда ХІХ ғ. 80 жылдары 15 мыңдай дүнген тұрды. Іле аймағынан 6 мыңдай дүнген Қазақстан және Орта Азия жеріне көшірілді. Дүнгендардың негізгі бөлігі Жетісудың Шу жеріне орналастырылды. Жаңа мекенде дүнгендер жерлестік ретін сақтап, жинақы қоныстанды. Қазақстандағы Қарақоңыз, Шартөбе жерлеріне, Қырғызстанның Тоқмақ қаласы мен қала маңына – шэньсиліктер, Қырғызстанның Ырдық ауылына – ганьсулықтар, Александровка елді мекеніне шыңжандықтар орналасты.
Орыс әкімшілігі қоныс аударушыларға жер берді, ал қалада тұрып қалғандар мещандар қоғамына тіркеліп, жер бөлу басқармаларынан усадьбалық жерлер алды. 1883 жылы Қарақоңызда 665 үй салынып, онда небәрі 3103 адамы бар 674 дүнген отбасы тұрды. Қарақолдың (қазіргі Пржевальск қаласының) жанына 1883 жылы 1100-ден астам адамы бар 205 дүнген отбасысы қоныстанды.
Қытайдан Жетісуға көшіп келген дүнгендер 1877-1883 жылдары Александровское (Соқулық) селосында, Пішпекте, Верныйда, Жаркентте, сол сияқты Верный және Жаркент уездерінде қоныстанды. 1884 жылы Жетісуда 4682 адамы бар 1147 дүнген отбасысы тұрды [6]. Дүнгендер Жетісу облысының уездері мен болыстарында былайша орнықты: Қырғызстандағы Пішпек уезінің Александровск болысында – 318 отбасы (816 ер және 755 әйел); Пішпек қаласында – 208 отбасы (340 ер, 304 әйел); Верный уезінің Қарасу мен Қорам болыстарында – 142 отбасы (320 ер, 311 әйел), Верный қаласында – 146 отбасы (275 ер, 219 әйел) және Жаркент қаласында – 383 отбасы (649 ер, 653 әйел) [7].
Дүнгендердің келуінің арқасында Ресей империясының Жетісу, Ферғана және Сырдария облыстарында бірнеше дүнген қоныстары пайда болды. Алайда, олардың 80 -ы Жетісу облысының, негізінен, Верный және Пішпек уездеріне орналасты. Сондай-ақ, дүнгендер Сырдария облысының, Әулиеатаға жақын жердегі Жалпақтөбе деп аталатын жерінде де бар. Сонымен, көші-қонның арқасында Қазақстан жерінде дүнгендердің қоныстары пайда болып, олардың қалалық және ауылдық бөліктері қалыптасты. Мысалы, 1884 ж. Жетісу облысының қалаларында 3307 дүнген өмір сүрді. Олардың саны кедейленген дүнген батырақтарының есебінен де өсіп отырды.
Жетісу казак әскері құрылған кезде казактар сословиесінің қатарына кіргізілген дүнгендер де болды. Мысалы, 1882 ж. 29 мамырындағы Түркістан генерал-губернаторының жарлығы бойынша Құлжа өңірінен келген дүнгендер 1883 ж. 1 қаңтарынын бастап казактар мен мещандар сословиесіне жатқызылады делінген [8].
Қазақстан жеріне қоныстанған дүнгендердің орналасуы бұдан кейінгі кеңес дәуірінде де ерекше өзгере қойған жоқ. Санақ материалдарына қарасақ, онда дүнгендердің бірте-бірте өзге жерлерге де қоныс тепкенін байқаймыз, алайда негізгі көпшілігінің жинақы орналасқан жерлері бұрынғысынша қала берді.
Қазақстандық дүнгендер Кеңес өкіметі орнаған кезде жаңа билікті қолдады. Азамат соғысы жылдары Мағазы Масаншы басқарған дүнген атты әскер эскадроны (кейіннен полк) Қызыл Армия жағында соғысты. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары сол кездегі аз ұлттарға байланысты саясат негізінде дүнген халқының өкілдерін оқуға жіберіп, (20-дан астам жастар) КСРО-ның әртүрлі қалаларында, негізінен Москвада жоғары білім алды. Олардың қатарынан кеңестік көрнекті қайраткер Мағазы Масаншы (1937 ж. репрессияға ұшыраған), тарихшы, әдебиетші ғалымдар Ілияс Юсупов, М. Сушанло, Цун Вазы сияқты белгілі адамдар шыққан.
Қазақстанға кейіннен де дүнгендер көшіп келіп жатты. Мысалы, 1950 жылдары Қытайдан ресми және өз бетімен қазақтардың көшіп келуі кезінде де арасында қазақтармен бірге өзге ұлт өкілдерінің де келгені туралы мәлімет бар. Мұрағат құжаттары 1955 жылы Қазақстанға Қытайдан көшіп келген азаматтардың ішінде қазақтардың, ұйғырлардың, орыстардың, дүнгендердің және басқа да ұлт өкілдерінің болғанына дәлел бола алады [9].
Ауыл-селолық жерде тұратын дүнгендер негізінен бау-бақша, егіншілікпен айналысады. Қалалық жерлерде тұратын дүнгендер арасында жоғары білімді мамандар, мәдениет қайраткерлері бар. Қазіргі кезде Алматыда дүнгендердің ұлттық-мәдени орталығы жұмыс істейді.
Қазақстан жеріндегі дүнгендер санының 1897-2007 жж. аралығындағы динамикасына тоқталайық.
1897 ж. санақ бойынша қоныстанғандар санында дүнгендер - 14130 адам болды. 1920 жылы олардың саны 10303 адам, 1926 жылы – 8455 адам, 1959 жылы – 9980 адам, 1970 жылы – 17284 адам, 1979 жылы – 22491 адам, 1989 жылы – 29956 адам, ал, 1999 жылғы санақта 36945 дүнген есепке алынды. Көріп отырғанымыздай, дүнгендер саны 1897-1926 жылдар арасында кеміп, 1959 жылдан бастап өсе бастаған. 1999 жылғы санақ мәліметтері 1970 жылға қарағанда дүнгендердің 19661 адамға немесе 113,8 -ға көбейгенін көрсетеді. 1989-1999 жылдар санақтары аралығында Қазақстанның халқы 1200 мыңға кеміген кезде де дүнген халқының санының өскенін көреміз (6989 адамға немесе 23,3 -ға өскен).
1-кесте Дүнгендердің сандық, және үлестік динамикасы (1897-2007 жж.) [10].
Жылдар Қазақстан Соның ішінде
Алматы
облысы Алматы
қаласы Жамбыл
облысы Шығыс Қазақстан
Барлығы (мың адам) Дүнгендер Дүнгендердің саны мен үлесі
абс.
1897 4033.4 14130 0,3 - - - -
1920 5400,0 10303 0,1 - - - -
1926 6198,0 8455 0,1 - - - -
1939 6394,0 - - - -
1959
9295,0
9980 0,1 - - 7478
75 -
1970
13009,0
17284 0,1 2696
15,6 1393
8 12743 73 268
1979
14685,0 22491 0,1 3085
13,7 1726
7,6 17152 76,2 250
1,1
1989
16199,0 29956 0,1 3570
11,9 2258
7,5 23555 78,6 267
0,9
1999
14952,0 36945 0,2 1542
4,2 4565
12,3 30333 82,1 250
0,6
2000 14901,6 37670 0,25 1552
4,1 4670
12,4 30936
82,1 249
0,6
2001 14865,6 38477 0,25 1554
4,0 4803
12,5 31599
82,1 250
0,6
2002 14851,0 39359 0,26 1566
3,9 4925
12,5 32331
82,1 250
0,6
2003 14866,8 40400 0,27 1577
3,9 5066
12,5 33196
82,1 260
0,6
2004 14951,2 41491 0,27 1611
3,9 5205
12,5 34097
82,1 264
0,6
2005 15074,7 42937 0,28 1637
3,8 5408
12,5 35293
82,1 266
0,7
2006 15219,2 44360 0,29 1653
3,7 5655
12,7 36423
82,1 265
0,6
2007 15394,6 45931 0,3 - - - -
1-кестеде дүнгендердің 1897-2007 жж. аралығындағы сандық және үлестік динамикасы берілген. 1897 жылғы санақта ұлты туралы арнайы графа болған жоқ. Бірақ санақты зерттеп дайындаушылар санақ парақтарындағы әр түрлі нұсқаулар мен белгілерге орай мәліметтерді салыстыра отырып, ана тілін анықтау арқылы, ұлтын нақтылауды мақсат тұтты. Ал, кейінгі санақтарда ұлты арнайы көрсетілетін болды1-кестеде көрсетілген мәліметтерді талдау 1926 жылдан бері дүнгендерде әрдайым өсу болып келе жатқандығын көрсетеді. Егер кеңес билігінің тұсында 1926-1989 жж. аралығында дүнгендер саны 21501 адамға өскен болса (жылдық орташа өсім – 341 адам), 1989-1999 жж. аралығында Қазақстан халқының саны 1,2 млн адамға кеміген кезде де олардың саны 6989 адамға өскен (жылдық орташа өсім – 698 адам). 1999 ж. санақ пен 2007 ж. аралығында 8987 адамға көбейді (жылдық орташа өсім – 1123 адам). Санақ аралық мәліметтерді талдау дүнген халқының сандық және үлестік деңгейінің өсуі көп бала мен туудың жоғары көрсеткішіне негізделген табиғи өсімінің арқасында мүмкін болғандығын көрсетті.
Дүнгендердің Қазақстан халқының құрамындағы үлестік көлемінің динамикасына келсек, онда ХХ ғасырдың өн бойында үлесі 0,1 мөлшерінде болғанын көреміз.1999 жылдан бастап бұл көрсеткіш 0,2 -ға көтеріліп, 2007 ж. 1 қаңтарында үлесі 0,3 -ды көрсетті. Яғни тәуелсіздік жылдарындағы қазақстандағы жүргізіліп жатқан реформалардың дүнген халқының өсіп-өнуіне тигізген әсері оң. Бұған әсер етуші факторлардың қатарына жағымды табиғи өсімді ғана емес, сонымен бірген көші-қондағы оң айырымды да жатқызамыз. 1989-1998 жж. аралығында Қазақстанға 607 дүнген көшіп келген. Олардың 403-і ТМД елдерінен келген болса (негізгі көпшілігі Қырғызстаннан – 380 адам), Қытайдан 11 дүнген қоныс аударған [11]. Бір ғана 2000 жылы Қазақстанға келген дүнгендер саны 172 адам болды. Олардың 154-і кері қайтып, көші-қон айырымы 18 адамды құрады [12]. Ал, 2000 жылдан бергі мәліметтерге көз жүгіртсек, онда 2000-2007 жылдар аралығында дүнгендер саны 8261 адамға көбейгенін байқаймыз. 1989-2000 жылдарғы 7714-дық, 1979-1989 жылдарғы 7465 адамдық өсімге қарағанда бұл жағымды өсім. Үлесі де 2000 жылдары көтерілуде.
Дүнгендердің жинақы қоныстанған жерлеріне келсек, 1926 ж. санақта Жетісу губерниясында 7597 дүнген тұрды (3972 – ер адам, 3635 - әйел), бұл Қазақстандағы дүнгендердің 89 -ы. 1959 ж. санақта Оңтүстік Қазақстан өлкесін 7511 дүнген мекендеді, бұл Қазақстандағы дүнгендердің 75 -ы. Қазақстандағы дүнгендердің басым көпшілігі Жамбыл облысын мекендейді: 1970 жылы облыста 12743 адам, бұл Қазақстандағы дүнгендердің 73 -ы, 1979 жылы – 17152 адам, тиісінше, 76,9 -ы, 1989 жылы – 23555 адам, тиісінше, 78,6 -ы, 1999 ж. – 30333 адам, тиісінше, 82,1 -ы дүнген есептелінді. Бұдан кейінгі жылдары да облыстағы дүнгендер саны өсуде болды: 1999-2006 жж. аралығында 6090 адамға көбейген (2000 ж. – 30936 адам, 2001 ж. – 31599 адам, 2002 ж. – 32331 адам, 2003 ж. – 33196 адам, 2004 ж. – 34097 адам, 2005 ж. – 35293 адам, 2006 ж. – 36423 адам). Жамбыл облысынан кейінгң дүнгендердің анағұрлым жиі орналасқан жерлеріне Алматы қаласы (мұндағы дүнгендердің үлесі 1970-1999 жж. аралығында 7,5-12,3 -ы аралығында өзгеріп, өсіп отырды) мен облысын жатқызуға болады. Алматы облысындағы дүнгендерге келсек, онда олардың 1970-1999 жж. санақтар арасында үлесі 15,6 -дан 4,2 -ға төмендегенін, ал сандық мөлшерінің 1154 адамға кемігені көрінеді. Алайда, 2000 жылдан бастап облыста да, Қазақстан бойынша да саны өсе бастаған. Дүнгендер аз мөлшерде болса да Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қалаласына да қоныс тепкен.
Халықтың этнодемографиялық дамуындағы өзгерістерге білім деңгейіндегі өзгерістердің әсері зор. Халықтың белгілі бір уақыт ішіндегі дамуының ірі сипаттамасы оның мәдени - техникалық дәрежесі және оған сай келетін білім деңгейі мен білім беру жүйелерінің дәрежесі болып табылады. Білім деңгейі - ұлттық мәдениеттің, ұлттық сананың дамуының көрсеткіші. Ол экономика, саясат және мәдениет салаларындағы өзгерісті бейнелеп қана қоймайды, сонымен бірге, өзі де осы өзгерістерге белсенді түрде әсер етеді. Білім – жеке адамның әлеуметтік - экономикалық процестерге тиімді араласуын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі болып табылады. ХІХ ғ. соңы мен ХХІ ғасырдың басы аралығындағы дүнгендердің білім деңгейі тарихи белестерге сай өсу бағытында болды.
ХХ ғасырдың 20-жылдары кеңес үкіметі әліпбиді (алфавитті) алмастыру мәселесін көтерген еді. 1926 ж. ақпанда Баку қаласында Бүкілодақтық 1-түркологиялық съезі өткізілді. Ол КСРО-ның түркі тілдес халықтарының жазуын латын әрпіне ауыстыруға арналды.
1927 жылы тұңғыш дүнген алфавиті араб әрпімен жасалды. 1928 жылдың басынан мектептерге жаңа әліпби енгізіле бастады. Орталық Атқару Комитетінің қаулысы бойынша 1928-29 жылдары барлық түрдегі мектептердің бітіруші топтары мен кейбір мектептердің төменгі топтарына жаңа әліпби енгізілді. Ұйғыр, татар және өзбек халықтарының арасында жаңа әліпбиді еңгізу мәселесі қазақтармен бірдей сатыда жүргізілді. 1928-29 жж. өзбек және татар мектептері толықтай жаңа әліпбиге және жаңа өзбек және татар орфографиясына көшті.
1929 жылы КСРО-ның түрік тілдес халықтарының жазуын латын графикасына өткізу мәселесі туындаған кезде дүнген алфавитін жетілдіру мәселесі де қарастырылды. 1932 жылы дүнген тілінің қытай тіліне ұқсастығы ескеріліп, бірақ иероглифтік қытай жазуы емес, чоюй мемлекеттік тілі ескеріліп, дүнгендер жазуы латын графикасына негізделген алфавитке көшірілді [13]. Ұлттық жазудың туып, қалыптасуына алғашқы дүнген педагогы Жақып Жон, ақын Ясир Шивазы, Ю. Яншансин, Ю. Цунвазо, сондай-ақ, орыс ғалымдарынан академик В.М.Алексеев, профессорлар А.А.Драгунов, Е.Д. Полижанов, Л.В.Щербак үлкен үлес қосты [14]. Осы кездегі мәліметтерге жүгінсек, 1932 ж. Қырғызстанның 1-дәрежелі 9 мектебінде 700 дүнген баласы оқыды [15]. Дүнген тілінің әдеби тілінің негізіне Қытайдың Ганьсу провинциясының сөйлеу (говор) ерекшелігі алынды [16]. Сауатсыздықты жою саясаты кезінде де шағын ұлттардың жалпы саны мен олардың сауатын ашушы бөлігінің саны нақтыланып тұрды. Мысалы, 19251926 оқу жылынды Сырдария және Жетісу губернияларының ауылдық жерлерінде 7816 дүнген тіркелді [17]. Оқу жасындағы 801 дүнген баласының 166-сы оқумен қамтылып, 635-і оқымаған [18]. Бұл кезде дүнгендердің негізгі көпшілігі Жетісу губерниясын мекендеді (7286 адам немесе екі губерниядағы дүнгендердің 93,2 %-ы), ал Әулиеата уезінде 534 дүнген тіркелді [19]. Осы оқу жылында Жетісудағы 3 дүнген мектебінде 6 дүнген мұғалімі сабақ беріп, 166 дүнген оқушысы оқыды [20]. Тағы бір мәліметке сөз берсек, онда Қазақстан бойынша, 1936 жылы дүнгендер жинақы орналасқан 2 Қарақоңыз және Шортөбе (Қордай ауданы) ауылдық кеңестері мен 7 колхоз болды [21].
1926 ж. 8396 дүнген өз ұлтының тілін ана тілі деп есептеді (республикадағы дүнгендердің 99,3 %-ы). Ал, сауаттылық деңгейіне келсек, 589 ер және 21 әйел сауатты беп есептелінді. Соның ішінде өз ұлтының тілінде сауатты деп 103 ер, 12 әйел есептелінді [22]. 1959 жылғы санаққа келсек, 9604 дүнген өз ұлтының тілін ана тілім деп есептеген (республикадағы дүнгендердің 96,2 %-ы). [23] 1999 ж санақта 6 және одан жоғары жастағы дүнгендер саны 30324 адам болса, оның 1522 жоғары білімді, 196 аяқталмаған жоғары, 2119 арнаулы орта, 11757 жалпы орта, 4575 жалпы негізгі, 5846 жалпы бастауыш білімі болды [24].
Сонымен, республикада күрделі этно-демографиялық процестер жүруде. Көпұлтты Қазақстанда тұратын әр халықтың өмір сүру салтында, әдет-ғұрпында, мәдениетінде, жергілікті ортаға бейімделу деңгейінде өзіндік ерекшеліктері бар. Кіші болсын, үлкен болсын әрбір халықтың қайталанбас мәдени реңі бар. Этникалық бейнесі дегенде белгілі бір халықтың ұттық ерекшелігін анықтай отырып, белгілі бір қалыптасқан стереотүрімен – мәдениетіндегі ерекшелігімен, менталитетімен, әдет-ғұрпымен, өзін ұстау стилімен, темпераментімен және т.б. ерекшеліктерімен байланыстырамыз. Осы ерекшеліктерді ескеру арқылы Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуының үрдістерін айқындаймыз.
Ал, Қазақстанда тұратын дүнгендердің сандық және үлестік көрсеткіштерінің жағымды өсімі республикадағы әлеуметтік-экономикалық реформалардың оң әсерінің көрсеткіші десек қателеспейміз.
Сілтеме берілген әдебиеттер
1. Юсупов І. Біз қайдан келдік? Парасат, 1990, № 5, 16-б.
2. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 3-т. 495-б.
3. Сушанло М. Дунгане Семиречья. Дооктябрьский период. Фрунзе, 1959. С.29.
4. Қазақстан тарихы. 3-т. Алматы, 2002. 495-б.
5. Юсупов І. Біз қайдан келдік? Парасат, 1990, № 5, 16-б.
6. Сушанло М. Дунгане Семиречья. Дооктябрьский период. Фрунзе, 1959. С.29.
7. Сонда. С.31.
8. Сонда. С. 32.
9 ҚРОММ, 1481-қ., 16-т., 3576-іс, 9-10 парақтар.
10. Первая Всеобщая перепись населения Российской империи, 1897 г. -СПб., 1905; Предварительные итоги переписи 28 августа 1920 г. Население 58 губерний Европейской и Азиатской России. М., 1921. С.8-38; Всесоюзная перепись населения 1926 г. т.25. М., 1929; Итоги Всесоюзной переписи населения на 15 января 1959 г. Население Казахской ССР. Алма-Ата, 1960.; Итоги Всесоюзной переписи населения 1970 года. Москва, Статистика, 1971. т. 4; Итоги Всесоюзной переписи населения 1979 года по Казахской ССР. Алма-Ата, Казахстан, 1981; Всесоюзная перепись населения 1989 года. Алма-Ата, 1992, т-ІІІ; Қазақстан Республикасы халқының ұлттық құрамы. 4-т, 1- бөлім, Алматы, 2001 ж., 6-б.; Қазақстанның этнодемографиялық жылнамалығы. Алматы, 2006 ж., 5-б.
11. Миграция населения. Итоги переписи населения 1999 года. Алматы, 2000, сс. 70-71.
12. 2000 жылғы қаңтар-желтоқсандағы Қазақстан Республикасы халқының көші-қоны. Алматы, ҚР Статистика жөніндегі агенттігі, 2001, 17-б.
13. ҚРОММ, 30-қор, 2-тізбе, 1472-іс, 11-парақ.
14. .Мұсазаев И. Дүниеде дүнген мемлекеті жоқ. Ақиқат,1991, №12, 74-77 бб.
15. ҚРОММ, 30-қор, 2-тізбе, 1472-іс, 3-парақ.
16.ҚРОММ, 30-қор, 2-тізбе, 1472-іс, 13-парақ.
17. ҚРОММ, 81-қор, 1-тізбе, 933-іс, 27-парақ.
18. ҚРОММ, 81-қор, 1-тізбе, 933-іс, 31-парақ.
19. ҚРОММ, 81-қор, 1-тізбе, 933-іс, 30-парақ.
20. ҚРОММ, 81-қор, 1-тізбе, 933-іс, 24-парақ.
21. ҚРОММ, 5-қор, 17-тізбе, 617-іс, 11-парақ.
22. Всесоюзная перепись населения 1926 г. Т. 25. М., 1929 г. с.16.
23. Итоги Всесоюзной переписи населения на 15 января 1959 г. Население Казахской ССР. Алма-Ата, 1960, С. 186.
24. Қазақстан Республикасы халқының ұлттық құрамы. 4-т., 2-бөлім, Алматы, 2001 ж., 6-б.
Резюме
Среди переселенцев, мигрировавших в Казахстан в ХІХ веке есть и дунгане, одна из национальностей, ныне составляющих народ Казахстана. В статье Казахстанские дунгане: динамика численности и удельного веса (1897-2007 гг.). на основе статистических материалов и данных переписей населения анализируется динамика численности и удельного весе дунган с 1897 г. по 2007 г..
В статье также дается краткое описание истории переселения дунган из Китая в Казахстан. Дунгане живут в Казахстане с 80-х годов ХІХ столетия. Переселившие с Китая в Жетысу дунгане обосновались на территориях Казахстана и Киргизии.
На 1 января 2007 года в Казахстане, население которого достиг 15394,6 человек, удельный вес дунган составил 0,3 или 45931 человек. Значительная часть дунган в Казахстане живут в Жамбульской области. В 1970 году в области жили 12743 человек, это 73 всех дунган, живущих в Казахстане, в 1979 году – 17152 человек, соответственно, 76,9 , 1989 году – 23555 человек, соответственно, 78,6 , 1999 году – 30333 человек, соответственно, 82,1 . В последующие годы численность дунган в области увеличивался.
Отмечается, что дунгане сумели достичь хотя и небольшого, но все-таки положительного прироста своего населения благодаря их ориентиции на большое количество детей и высокую деторождаемость.
Summary
Amongst migrant, migrated in Kazakhstan in ХІХ age there is and dungans, one of the nationalities, now forming folk Kazakhstan. In article "Kazakhstan dungans: track record to number and specific gravity (1897-2007 gg.)" on base statistical material and data census is analysed track record to number and specific gravity dungans with 1897 on 2007.
As well as in article is given thumbnail sketch to histories of the transmigration of the dungans from Kitaya in Kazakhstan. Dungane live in Kazakhstan with 80-h years ХІХ centuries. Resettled with Kitaya in Zhetysu dungans were motivated on territory Kazakhstan and Kirgizii.
On 1 January 2007 in Kazakhstan, which population reached 15394,6 persons, specific gravity dungans has formed 0,3 or 45931 persons. The Much dungans in Kazakhstan live in Zhambuliskoy area. In 1970 in the field of veins 12743 persons, this 73 all dungans, dwelling in Kazakhstan, in 1979 - 17152 persons, accordingly, 76,9 , 1989 - 23555 persons, accordingly, 78,6 , 1999 - 30333 persons, accordingly, 82,1 . At the following years number dungans in the field of increased.
It Is Noted that dungans were able to reach though and small, but even so positive increase of its population due to their directivities on big amount child and high birth rate.