— Талақ еттім, кетемін мен! − деді ашуға булыққан Бриндобон Кундо әкесіне.
— Ә, солай ма, иттен жаралған неме! − деп жауап берді Джогонатх Кундо. − Қақтым, бақтым жастайыңнан. Әке қарызын өмір-бақи да өтей алмассың. Көргенсізін көрдің бе мұның!
Джогонатх бүйірі шығып тамақ та ішпейтін, жөні бүтін көйлек те кимейтін. Өз дүниесін өзінен аяйтын, сарабдал тістенгіш адам болатын. Ерте заманда сопы, дәруіштер жан рақаты болмаса, тән рақатын көп ойламапты ғой. Джогонатх солардың сара жолын қуған жан еді. Рас, ол ойлағанын үнемі жүзеге асыра бере де алмайтын. Кейде оның ниетіне қазіргі азған қауым көлденең тұрса, кейде адам баласының табиғатына тән қисынсыз бір құмарлық жол бермейтін.
Баласы үйленгенге дейін мұның бәрі де бір жайда өтіп жатқан еді. Той өтісімен-ақ Бриндобон ішіп-жем, киім жайындағы әке өсиетін тыңдамайтын болып кетті. Ол тіпті рухани өмір дегеннен гөрі киім-кешек пен құлқын қамын артық санайтын болды. Джогонатх шығыны өсе берді.
Әке мен бала жиі-жиі қырқысып қалуды шығарды. Бір күні Бриндобонның әйелі ауырып қалып еді, қымбат дәрі жазып берген дәрігерді Джогонатх қуып жіберуге дейін барды. Бұл дәріден ол дәрігердің надандығын көрді. Бриндобон әуелі жалынып еді, соңынан қоқан-лоққы да жасады, − бәрі де заяға кетті. Ақыры жамағаты дүние салды. Бұл өлімді ол әкесінен көрді.
— Неге менен көресің? − деп таңданды Джогонатх, − немене, дәрі ішкен адам өлмейтін бе еді? Егерде қымбат дәрі жан сақтайтын болса, онда ана хан, патшазадалар неге өле береді? Оның үстіне әйел үшін сонша шу көтере ме екен? Өз шешең мен әжеңнен несі артық еді оның?
Расында да қайғыдан есі кеткен Бриндобон ақылға құлақ қойып тыңдай алған болса, мына сөзге жұбанар да еді. Шешесі де, әжесі де ауырған шағында дәрі ішіп көрген жоқ-ты. Бұл үйдегі дәстүр қашаннан солай болатын. Ендігінің адамдарының баяғыша өлгісі келмейтінін қайтерсің!
Бұл ағылшындардың Үндістанға қанды шеңгелін енді-енді қадап келе жатса да қария біткен қорқорларын тарта отырып, бұзылып бара жатқан жастарға күрсіне, өкіне қарайтын кезі болатын.
Қалай болса да өз заманында озық ойлы Бриндобон керітартпа Джогонатхпен керісіп қалды.
— Мен кетемін!..
Әкесі қарсылық етпеді. Жалғыз-ақ, енді қайтіп саған көк тиынның көзін көрсетсем, жұрт мені сиыр қанын төккен адам деп санасын, − деді. Соған орай Бриндобон да сенен қалған мұраны иемденсем анамды өлтіргеніммен тең болсын! − деп салды. Содан кейін әкелі-балалы екеуі ажырасып кетті.
Тұрғын адамдар самарқау да көңілсіз өтіп келе жатқан өз өміріндегі бұл бір болмашы оқиғаға қуанысып қалысты. Олар өз қадарынша Джогонатхқа көңіл айта бастады. Бәрі де мұндай сұмдықты осы заманда ғана көріп отырмыз. Әйтпесе әлдебір келін үшін әкелі-балалы болып жүз шайысқанды кім естіпті десті. Бұл жерде, әрине, қатын әлек қамшының сабы сынды, тағы біреуі табылады, әкең өлсе, оны орнын кім толтыра алады дегенді баса айтқандық бар еді. Орынды дәлел, сонда да Бриндобондай жігіт анадай әкесі өлсе қуанбаса, жыламайтын сияқты еді.
Бриндобонның кеткеніне шал қатты қайғыра қоймады. Біріншіден, баласы кеткен соң шалдың шығыны азайды. Екіншіден, үнемі ет-жүрегін сескендіріп жүрген үрейден құтылды: шал қашанда біреу-міреу улап өлтірмес пе екен деген күдікте болатын.
Шалды азаптаған бір ғана нәрсе еді: баласымен бірге төрт жасар немересі Гокулчондро да кеткен болатын. Гокулдың киім-кешегі мен тамағына жұмсалатын бәлендей шығын да жоқ еді, оның үстіне шал немересін жақсы көретін. Сол бір өзегін тілген қайғыға қарамастан, шал енді екі жанның кетуімен айына қанша шығын шығатынын, қанша үнем болатынын есептеп те қойды.
Сонда да қаңыраған иесіз үйде елегізіп ұйықтай алмайтын да болды, қоңылтақсып қалды: намаз үстінде енді ешкім де оны ала көңіл етпейді. Есеп-қисап жасаймын деп отыра бергенде дәуітін ала қашатын да жан жоқ. Ешбір кедергісіз оңашада жуынып, оңашада тамақ ішудің өзі шалға енді бір қасірет бола бастады.
Мынандай бір қу мекиен адалдықты адам өлгеннен кейін ғана сезінетін сияқтанды оған. Әр нәрседе сәби қолының ізі бар. Төсенішке сия төккен де, көрпені жыртқан да сол шебердің өзі болатын. Соларды көрсе шал бір түрлі ауыр сезініп қалатын еді. Атасы бұрын, кигеніңе екі-ақ жыл болып еді, тамтығы да қалмапты дхотиыңның деп аласұрған баланы қарғап-сілеуші еді, міне Гокул жатқан бөлмеден кір шүберектерді көргенде көзі мөлтеңдеп жасқа толып кетті. Шал бұрын мұндай шүберекті көрсе, шамға білте жасайтын, болмаса басқа бірдемеге жарататын еді, бұл жолы оның бірін де жасамады, алды да сандығына тығып қойды. Және Гокул егер қайтып оралса, бір жылда бір дхоти тоздыратын болса да қыңқ демеспін деп те салды. Бірақ Гокул оралмады. Шал тез қартайып, бүгіліп кетті, үй де азып, өгей көріне берді.
Джогонатх енді үйде тыныш отыра алмайтын болды. Түскі тамақтан кейін инабатты адамдардың бәрі ұйықтап жататын талма түстің шағында да қолына қорқорын алып қыстақты кезіп жүреді де қояды. Осы ретте балалар кездессе, ойындарын тастай салып, ұзаңқырап баратын да шалдың сараңдығы жайында ауыл ақыны шығарған өлеңді шуласа айтып, әжуалай бастайтын. Жұрт аш қалармыз деп қорқатын да, шалдың атын да атамайтын әркім өзінше атаушы еді оны. Шалдар болса "Джогонаш" деп, ал балалар жағы "Жарқанат" деп айтатын. Неге олай дегенін кім білсін. Мүмкін еті қашқан шалдың ту сырты сол бір жәндікті елестеткен болар.
II
Бір күні түс әлетінде Джогонатх қыстаққа апаратын жол бойында өскен манго ағашының қою көлеңкесінде серуендеп жүріп бейтаныс бір балаға кездесті. Мүмкін ол қыстақ балаларын жаңа бір өнерге бастаған көсем болса керек. Мұның тапқырлығы мен ақылдылығын, өжеттілігі мен қайсарлығын тамашалаған балалар айтқанын екі етпей жүр.
Шалды көрген соң ойын деген былай қалды. Бейтаныс бала еркін басып Джогонатхтың қасына келді де сәлдесінің шетінен тартып қалды. Сол-ақ мұң екен, бір кесіртке шыға келді де шалдың бойымен төмен жүгіріп барып, шөп арасына сіңіп кетті. Үрейі ұшқан қарттың денесі мұздады. Балалар шуласа берді. Енді бір қабақ қағыста Джогонатх мойнындағы орамал ғайып болды да, келер сәтте бейтаныс баланың басына барып шалма-шалма болып орнай қалды.
Джогонатх мына бір бейтаныс баламен тап осылайша танысқанына разы болып қалды. Мұндай қуақылық еркіндікті көптен бері ешбір баладан көрмеген еді.
Джогонатх онымен көп сөйлесті. Көп уәде берді. Бала оған сенейін деді.
— Атың кім?
— Нитай Пая
— Қайда тұрушы едің?
— Айтпаймын.
— Әкең аты кім?
— Оны да айтпаймын.
— Неге айтпайсың?
— Үйден қашып кеткенмін.
— Неге?
— Әкем мектепке беремін деді.
"Мұндай баланы мектепке беру − ақшаны далаға шашу деген сөз, бұл әкесінің ақымақтығын көрсетеді" − деп ойлап қалды Джогонатх.
— Менімен бірге тұрғың келе ме?
Бала бұған қарсы болмады. Шал үйіне барып шалқиып жатып алатын болды. Бұл да түк емес: күні ілгері есеп-қисабын жасасып қойғандай тамақтың дәмдісін, киімнің сәндісін талап ете бастады. Сол ретте үй иесімен керісіп те қалатын болды. Өз баласын қуып шығу оңай болып еді, ал енді міне жат адамның баласына бағынуға тура келді!
III
Джогонатх үйінде жат баланың өзі би, өзі төс болып жүргеніне қыстақ тұрғындары таң қалысты. Шал енді көп өмір сүрмейді, сонда оның бар дәулеті мына ата-тегі жоқ келімсек балаға қалатыны айқын ғой.
Бәрі де қызғаныш ете бастады, қайтсе де оған қастық жасауды ойлайтын болды. Бірақ шал баланы көзінің қарашығындай сақтап бақты.
Бала анда-санда кетемін деп шалды қорқытып қоятын да болды, ондайда Джогонатх:
— Балам-ау, мен өлгенде бар байлығымды саған қалдырып кетемін, − деп азғыра бастайтын.
Бала әлі жас болса да мұндай уәденің бағасын әбден түсінетін еді.
Осы ретте қыстақ тұрғындары баланың ата-анасын іздей бастады.
— Әке-шешесі қандай қасірет шегіп жүр екен! Соның бәріне осы баланың өзі болмаса кім кінәлі дерсің! − дей беретін болды. Олар балаға өшігіп алды, қарғап-сілейді. Бұл таза жүректің ашынғандығы емес, көре алмаушылық, іштарлықты танытар мінез ғой.
Бір күні шал өтіп бара жатқан біреуден Домадор Пал дегеннің үйінен қашып кеткен ұлын іздеп жүргенін, кешікпей осы қыстақта да болатынын естіді. Нитай соны біліп тынышсыздана бастады.
Ол тіпті өзінің болашақ дәулетін талақ етіп қашып кетпекші де еді, бірақ тірі жан білмейтін бір жер бар екен. Джогонатх Нитайды сонда жасырмақ болды.
— Қайда кәне, көрсет! − деді әуестік жеңген бала.
— Қазір көрсететін болсам жұрттың бәрі көріп қояды. Біз түнде баратын боламыз.
Жаңа бір ойын табылғанына Нитай қуанып кетті. Ол әкесі бейкүнә іздеп таба алмай кеткен соң, балалармен жасырынбақ ойнамақ та болды. Сонда мұны тауып көрсін! Қандай тамаша! Әкесі де төңіректі тіміскілеп іздейтін болады, бірақ Нитай таптырмайды. Шіркін осының бәрі де қызық емес пе?
Түс кезінде Джогонатх баланы үйге жапты да бір жаққа кетіп қалды. Қайтып оралған соң Нитай ана-мынаны сұрап жармаса берді.
Күн батпай жатып:
— Ал кеттік, − деді бала.
— Әлі ерте, − деп жауап берді Джогонатх.
— Түн болды, кетейік, − деді Нитай тағы да.
— Ауыл әлі жатқан жоқ.
Нитай аз отырды да, әлгі сөзін қайталай берді.
— Енді жетті, жүр кетейік.
Түн болды. Нитайдың ұйқысы келді, ұйықтамаймын деп тырмысса да қалғып кетті. Түн ортасы ауған кезде Джогонатх баланың қолынан жетелеп қалың ұйқыға шомған қыстақтың көшесіне шықты.
Тып-тыныш. Тек анда-санда абалаған ит даусы шығады, Екінші бір жерден тағы біреуі қостайды. Кейде аяқ дыбысынан шошынған түн құсы дүр етіп ұша жөнеледі. Үрейі ұшқан Нитай Джогонатхтың қолынан мықтап ұстап алды.
Олар жалпақ бір даланы кесіп өтті. Содан кейін джунгли ішіндегі бір қираған есіз храмға келді. Көңілі толмай қалған Нитай:
— Осы жерде ме? − деп сұрады.
Оның күткені бұл емес еді! Мұнда не қызық бар? Үйінен қашып шыққаннан бері осындай иесіз храмдардың талайына түнеген-ді. Рас, жасырынбақ ойнауға қолайлы жер, сонда да мұны тірі пенде таба алмайды деуге әрине болмайды.
Джогонатх бір жерден үлкен тасты қозғап қойды. Ар жағы үй сияқты болып кетті. Ішінде шырақ жанып тұр. Міне, бұл қызық. Нитай аузын ашып таңырқап қалды, сонымен бірге неге екені белгісіз, қорқынышты болып көрінді. Джогонатх саты әкелді де төменге түсті. Нитайдың тұла бойы қалтырап кетті. Үрей биледі. Сонда да шал артынан ерді.
Жан-жағына қарап еді, айнала самсап тұрған мыс құмыраларды көрді. Ортада тұрған отырғышта бояу мен сандал ағашынан жасаған таяқша, гүл алқасы мен намазға керекті әр түрлі заттар жатыр. Көрсе қызар бала құмыраның біріне үңіліп еді − рупия мен кілең алтын теңгеліктер.
— Нитай, мен ақшамның бәрін саған қалдырып кетем дедім ғой. Менің бар дәулетім осы құмыралар ғана. Басқа түгім де жоқ. Бүгін осының бәрін саған тапсырмақпын.
— Бәрін де ме! − бала тіпті секіріп-секіріп қойды − сен өзің бір рупия да алмайсың ба?
— Алатын болсам, қолым қырқылсын. Бірақ менде бір шарт бар: менің Гокулчондро деген немерем бар еді. Қазір оның қай жерде жүргенін де білмеймін. Бірде болмаса бірде менің сол немерем, не соның баласы, немесе баласының баласы әлде немересі бола ма, тіпті болмаса сол Гокулчондро әулетінен біреу кездесе қала ма, әйтеуір бұл ақшаның бәрін де соған тапсыратын боласың.
Бала шалды жынданған болар деп ойлады да − жақсы, − деп жауап берді.
— Онда мұнда кел, отыр.
— Неге?
— Құдайға құлшылық етеміз.
— Неге?
— Жөні солай.
Нитай шалдың дегенін істеді. Джогонатх сандал таяқшаны алды да бояуға малып, бала маңдайына таңба салды, мойнына гүл алқасын кигізді. Өзі қарсы келіп отырды да күбірлеп дұға оқи бастады.
Бұлай отыру балаға құбыжық болып кетті.
— Дада! − деп дауыстады шалға, Джогонатх жауап қатпады. Күбірлей берді. Ақыр соңында балаға қарай зордың күшімен құмыраларды жақындата бастады. Әр құмыра сайын:
— Мен бұл ақшаның бәрін де Гокулчондро Кундоға, оның баласы Бриндабон Кундоға, оның баласы Джогонатх Кундоға, оның баласы Пороманондо Кундоға, оның баласы Пранкришно Кундоға, оның баласы Годчхор Кундоға, оның баласы Джудхиштнр Кундоға, болмаса соның баласына немесе немересіне, әйтпесе соның әулетінен шыққан біреуге беремін, − деп сарнады. Бала шал сөзін қайталаумен болды. Өзін жаман сезінді. Тілі күрмеле бастады. Осы бір ем салудың бәрі тамам болған кезде үңгір іші шырақтың түтіні, екі кісінің алған демінен тұманданып кеткен еді. Баланың басы айналды. Тынысы тарылды. Аяқ-қолы күйіп-жанды.
Шырақ жалыны күңгірт тарта берді де кенет өшіп қалды. Тас қараңғыда бала сатымен жоғары өрмелеп бара жатқан шал дыбысын естіді.
— Дада, сен қайда барасың? − деп дауыстады ол есі шығып.
— Мен кеттім, − деп жауап берді Джогонатх, − ал сен осында қал, ешкім де таба алмайтын болады. Тек есіңнен шығарма: Гокулчондро Бриндобонның баласы, ал Бриндобон Джогонатхтың баласы.
Шал жоғарыға шықты да сатыны тартып алды. Тұншыққан бала бар күшін жинап:
— Дада, мен әкеме барамын, − деп былдырлады. Джогонатх үңгірдің аузын таспен жапты да, құлағын төседі, тұншығып үзіліп бара жатқан Нитайдың тағы да:
— Әке! − деп шақырғанын естіді.
Осыдан кейін бірдеменің құлап түскен шуы естілді де, табыттай тыныштық орнады.
Сөйтіп Джогонатх бар байлығын Джокханың қолына табыс етті де, тасты топырақпен көмді. Оның үстін қираған храмнан қалған кірпіш пен қиыршық тастармен үйді. Содан кейін қыртыспен жапты да, орманнан қазып әкеп бір түп тал отырғызды. Таң атып қалды, бірақ шал бұл жерден айналсоқтап шыға алмады, әлсін-әлі құлағын жерге төсеп тың тыңдады. Жердің әлдебір алыс қабатынан күңіренген дауыс келетіндей оған. Мына таңғы ауа сол дауысқа толып кеткен сияқты. Жер үстіндегі бар пенденің бәрі де оянып өз төсектерінде тыңдап қалған секілденеді...
Аптыққан шал топырақты қалыңдатып үйе берді, шиырлап баса берді. Жер бетін түгел жауып тастағысы келгендей оның. Кенет әлдекімнің:
— Әке! − деген даусы шықты. Шал жерді тепкіледі:
— Дыбысыңды шығарма! Жұрт естіп қалады! Тағы да "Әке!" Күннің көзі шыққанын ол сонда ғана сезді. Әлдебір жат үрей билеген шал храмды артқа тастап алаңға шықты. Әлдекім тағы да:
— Әке! − дегендей болды.
Джогонатх үрейлене жалт қарады. Бриндобонды көрді.
— Әке, менің балам сенде екенін біліп келдім. Қайтар өзіме. Шал көзін сығырайтып, бетін тыжыртты. Содан кейін
Бриндобонға еңкейді де:
— Сенің балаң? − деп сұрады.
— Иә, Гокуд Ол қазір Нитай Пал, мені Домадор деп атайды. Даңқыңның зоры соншалық, тіпті біз аты-жөнімізді өзгеруге мәжбүр болдық.
Шал ауаны таяныш еткісі келгендей қолын алға созып, алақанын жая берді де гүрс етіп жерге құлап түсті. Джогонатх есін жиған соң Бриндобонды храмға алып келді.
— Біреу жылайды, естисің бе?
— Жоқ.
— Жоқ, сен құлағыңды жерге төсе. Естимісің біреудің "әке" деп шақырғанын?
— Жоқ.
Шал аздап тыншығайын деген сияқтанды. Содан бері ол жұрттың бәрінен:
— Біреу жылайды, естимісің? − деп сұрай беретін болды. Есі ауысқан шалды әжуалап жұрттың бәрі күлетін болды. Төрт жылға жуық уақыт өтті. Шалдың жан тапсырар сағаты жетті. Көз алды күңгірт тарта берді, демі бітіп, тынысы тарылып бара жатты. Шал жан ұшырып басын көтерді. Ауаны ұстамақ болып екі қолын созды.
— Нитай, менің сатымды әлдекім алып кетіпті, − деп күбірледі. Ауасы жоқ қараңғы үңгірден шығу үшін сатыны іздеп таба алмаған шал төсекке сылқ ете түсті. Ол өмір мен өлім арасындағы тығылмақ ойыны бітетін дүниеге, ешкімді де тауып болмас жат дүниеге аттанды.
Аударған С. Шаймерденов