Вегетативті тамырлар тонусының бұзылыстары.Тамырлар дистониясы.
Тамырлар тонусының бұзылыстары 2 типте өтеді. Вегетативті тамырлар тонусы бұзылыстарының гипертоникалық және гипотоникалық формалары.
Вегетативті тамырлар дистониясының гипертоникалық типі жалпы мектеп жасындағы балалардың 5-10 %-де кездеседі. Аурудың пайда болуына әсер ететін факторлар: тұқым қуалаушылық (ата-анасында немесе жақын туысқандарында гипертоникалық аурулардың болуы., стресстік ситуациялар, үйдегі кері психикалық жағдайлар, мектептегі оқу программасының ауырлығы, қосымша сабақтарға көп қатынасу, күн тәртібіндегі бұзылыстар-гиподинамия, тамақ режимінің бұзылыстары-артық салмақтың болуы, инфекциялық-аллергиялық факторлар, созылмалы инфекция ошақтарының болуы т.б. Артериялды гипертензиялар көбінесе жасөспірім балаларда жиі кездеседі. Көп жағдайда қан қысымының көтерілуі алғаш рет мектептегі профилактикалық тексерулерде анықталады. Науқастардың шағымдары өте сирек, кей кездерде ашуланшақтық, басының ауыруы, жүрек тұсында жағымсыз сезімдердің пайда болуы, тахикардия, тыңдағанда-систоликалық шу, кейіннен жүрек шекарасының кеңеюі байқалады. Қан қысымы нормалық көрсеткіштерден артық. Үлкендермен салыстырғанда балаларда гипертоникалық криздер болмайды.
Гипертензияның алдын алуы мына бағыттарда жүргізіледі:
Балаға әсер ететін әр-түрлі психикалық күштерді азайту.
Баланың күн тәртібін реттеу-ұйқыға, демалуға көңіл бөлу.
Гиподинамиямен күрес.
Созылмалы инфекция ошақтарының санациясы.
Ата-анасында гипертоникалық аурулар бар балаларға аса көңіл бөлу.
Тұрақты гипертензия анықталған жағдайда жылына 2-3 рет 15-20 күннен емдік іс-әрекеттер жүргізіледі.
1. Балада ашуланшақтық болғанда бром препараттары, валериана тағайындалады.
2. Витаминді терапия: аскорбин қышқылы, В тобының витаминдері.
3. Аллергияға қарсы препараттар: димедрол, дипразин, пипольфен т.б.
4. Тұрақты гипертензияда-раунатин (2мг тәулігіне 2 рет), резерпин (0,1мг тәулігіне). Бұл препараттар қан қысымының қатал бақылауымен 10-15 күн тағайындалады.
Бұл балалар аймақтық педиатрдың диспансерлік бақылауында болады. Профилактикалық іс-әрекеттерді мектептің медицина қызметкері жүргізеді.
Вегетативті тамырлар дистониясының гипотоникалық типі жалпы тексерілгендердің 4,4%-де кездеседі. Артериалды гипотензияның дамуында негізгі орын тұқым қуалаушылыққа беріледі, бұл балалар жиі ауырғыш болады. Науқастың негізгі шағымдары: бас ауыру, бас айналу, тез шаршағыштық, ұйқышылдық, жиі естен танулар, жүрек тұсында ауырсынулар, брадикардия. Қарағанда тері түсі боз, аяқ-қолдары цианозды, жүрек тондары әлсіз естіледі, жүрек ұшында систоликалық шу.
Артериалды гипотензияның алдын-алуында физкультура және спортқа,
таза ауада серуендеуге көңіл бөлінеді. Науқастың тамағы құнарлы, С,В витаминдеріне бай болуы керек. Дәрілік препараттардан кофеин, женьшень тұнбасы, лимонник тағайындалады. Пантокрин 10-20 тамшы тәулігіне 2-3 рет 2-3 апта беріледі. Көк тамырға 40% глюкоза ерітіндісін енгізуге болады. Циркулярлы душ, қарағай ванналары т.б. су процедуралары да жақсы көмектеседі.
Артериалды гипотензиямен балалар диспансерлік бақылауда болады.