Не все ли равно, про кого говорить? Заслуживает этого каждый из живших на земле
И. А. Бунин.
I
Жиде сайғақ шаншылған қызыл төмпектің құбыла бетіне ши барқыт бешпент-шалбары бар имек мұрын тарамыс шал жер тізерлей жүгініпті. Түсініксіз арабы сөздерді сағыздай созып күңірене әндетеді. Басындағы күн жеп тастаған мауыты қалпақтың оң самайынан жылтырап көрініп тұрған ақ атлас астарынан Люкс деген ирек жазу сығалайды.
Кеңірдектен шыққан қоңыр мақам кенет баяулап, тісі түскен кәрі кісінің ысылы көп шүлжің әңгімесіне ұласты. Қос тізеге жарыса құлаған салалы саусақтар көкке көтерілді. Сосын бір шөкім ғана сопақша бет-ауызды салғырт сипап өтті. Имек мұрын қара шал жылан көздене жылтырайтын қағанақ көзілдіріктің ар жағында манадан бері етпеттей сұлап жатқан селдір кірпіктерін кілт тікірейтіп жұрт жүзіне үңілді.
— Халайық, Сұрапалдыұғлы Тілеу қандай адам еді?
Қызыл төмпектің аяқ жағында мырс-мырс жылап отырған күлте сақал кісі:
— Жақсы адам!— деп тұншыға кемсеңдеді.
Аядай зираттың бір пұшпағындағы кішкене шоғыр жарыса тіл қатты.
— Жақсы адам! Жақсы адам!
— Сұрапалдыұғлы Тілеуде қайсысыңның алмағың бар еді?
— Жоқ, жоқ!
Үркердей топ орындарынан дүркірей көтерілді. Күлте сақал шал ғана созалаңдап тұрып болмады. Әлгінде ғана өздері жан-жақтан жапа-тармағай топырақ атып үйіп салған қызыл төмпекті қия алмай тұрғандай.
Имек мұрын молда ық жаққа қатар түзеп тоқтаған қорабын шала сүрген тақтаймен биіктеткен екі жүк машинасының біреуінің кабинасына жайғасып үлгеріпті. Ау болсаңдаршы енді!— дегендей күлте сақалға түксие қарайды. Күлте сақал қызыл төмпекке тағы бір уыс топырақ қосып, алақанын жүре қағып, жұртқа ілесті. Екі машина дәл бір уақытта от алды. Кішкене зираттың төрт-бес құлпытасы селтиіп-селтиіп соңдарынан қарап қапты. Ешкім артына бұрылған жоқ. Күлте сақал құлағын түріп қояды. Марқұм көрінен атып тұрып, соңдарынан: Ау, ағайындар, қайда тастап барасыңдар?— деп, қолын бұлғап жүгіретіндей. Бірақ бүк түсіп жатып алған сұрқай кеңістікте құмақ жолды ауырлап ыңыранған қос машинаның бір сарынды гуілінен басқа үн естілмеді.
Он үш — бір мүшел, жиырма бес — екі мүшел, отыз жеті — үш мүшел, қырық тоғыз — төрт мүшел, алпыс бір — бес мүшел, жетпіс үш — алты мүшел, доңыз — бір, тышқан — екі, сиыр — үш, барыс — төрт, қоян — бес...
Жарықтық Тілекең биыл жетпістің сегізіне қарап түр екен. Күні кешеге дейін қозының торсығындай кішкене көрігін басып, сексеуілдің шоғына маңдайы шып-шып терлеп, тық-тық темір соғып отырушы еді. Үйі де мұнтаздай. Атам заманғы теру алашалар жаңа ғана тоқылып жайылғандай жалтырайды да жатады. Маңайынан бір тал шөп, не бір сабақ жіп көрсе, Тілекең құдды бір шаян ұстағандай, құмырсқа бел шымшуырымен қысып ап, көріктің астында жайнап жатқан қызыл шоққа лып еткізіп салып жіберуші еді. Қашан көрсең де — үстінде астарына елтірі сырыған ықшам кеудеше, жалпақ жаға ақ көйлек, басында — кенересіне қатырма сап көтерген қара тақия. Қысыңқы қой көзін шоққа ұсталған шойын бақыраштағы көз жасындай мөлт-мөлт сұйықтан аудармайды. Сәлден кейін тұзағына торғай іліккен баладай, қолындағы ұзын сап бақырашты лып еткізіп тартып алып, оң жағындағы қопсытулы су топыраққа тығып қойған кішкене қалыпшалардың біреуіне шор еткізіп құя салады. Бақыраштың түбіндегі қабыршық-қабыршық қара қоқыстың үстіне бір шеңгел мұздай топырақты шашып жібереді. Сосын қобдиын ақтарып, бұдыр-бұдыр бедер тастың біреуін тауып алады. Әлі қатып үлгірмеген былқылдақ құйма күмістің бетіне басып, ағаш балғамен тықытып ұра бастайды.
Тілекең есігінен аттаған адамның сәлемін алады да, шұбалтып амандық-саулық сұрасып жатпайды. Келген кісі де зергердің назарын бағып, тіл қатуға қаймығып қипақтап қалады. Ол үйге сөйлей кіріп, сөйлей шығатын тек Күдері. Екеуінің арасы бір жас. Бірақ бірін-бірі құрдас тұтады.
Кең маңдай, қоңқақ мұрын, алақандай көзінің аласы мол күлте сақал. Күдері иығына малынтып шапан жамылып, басына сәлде де емес, емес те емес қып, тығырықтап шүберек орап жүреді. Есікті серпіп ашып кіріп келеді де, сәлем де жоқ, сауқат та жоқ, состиып:
— Тықытпай, тастасай әрі. Басың қайтып ауырмайды,— дейді.
Аршындай басып төрге шығады. Кебісін сосын барып шешеді. Тілекең қолындағы шымшуырмен құрдасының аяқ киімін бір-бірлеп қысып ап, босағаға жітіреді. Қонақ төрге отырар-отырмаста қалтасынан шақша суырады. Алақанына бір уыс қып насыбай төгеді. Өндіршегін әнтек созып қолындағы қара барқын ұнтақты аузына лақ еткізіп құя салады. Тілекең балғасына қарап басын шайқап, бір мырс етеді. Қасындағы тайпақ жез шылапшынды құрдасының алдына қарай сырғытады. Күдерінің шылапшында шаруасы шамалы, астындағы алашаның бір жақ бұрышын көтеріп, шырт-шырт түкіріп жантая кетеді. Аузындағы насыбайы сорыққанша үндемейді. Біраздан соң барып, шырыны кеткен көк жентекті табалдырыққа жеткізе бір-ақ ытқытып, шалқалай құлайды. Иығындағы шапанымен бетін тарс бүркеніп алады да,сәлден кейін шаңқ ете қалады.
— Ау, меңіреу-ау, ең болмаса, ауыл-үйдің амандығын сұрамайсың ба? Зергер тағы бір мырс етеді.
— Ішің жарылып келгенде, бұл құлағыңды ұрайын, ең болмаса, ерінін қимылдатпайды-ау. Ау, меңіреу, шешең саған талғағанда құдай біледі, сақау біреудің сарқытын жеген.
Күміске тиген ағаш балғаның көмескі тықылынан басқа үн жоқ. Күдері шыдай алмай құрдасы жақ жамбасына аударылады.
– Әй, сен біздің қатынды білесің ғой!?
Зергердің қияқ мұрты жыбыр ете қалды.
— Оның оң жаққа түскен соң төрт жыл жүріп барып көтерген баласы Төрткілбайды да білетін шығарсың?
Күдері құрдасына алақандай қызыл көзінің бар сұғын түгел тіктейді. Анау сұрағың бар болсын дегендей басын шайқайды.
— Оның ең болмаса бала қорқытатын ызғары бартұғын. Ортаншым Алшынбекті білетін бе едің?
Зергер өзін сынай қарап жатқан құрдасына қырын бұрылып отырады.
— Әне, өзіме тартқан айналайын, сол еді ғой. Үй түгілі ел ұстайтын алтын азаматым еді ғой. Балалар айтып келетін, мына Тасқараның Төкені есеп шығарғанда содан көшіріп алады деп. Сөйткен майқұлақ Төкен бүгінде совхоз директоры. Жер үстіндегі жиналыстың ешқайсысы онсыз өтпейді. Алматың түгілі Мәскеу аузына қарайтын көрінеді. Біздің ауылдың қатын-қалашының да естімейтіні жоқ. Сол үйдегі келін әлгі артист қыздар көйлек қылып киетін жылтырақ матадан балағын салаңдатып іш киім тігіп апты дейді. Төкен екеш Төкенге дейін совхоз билегенде Алшынбек жаным дүркіретіп ауданды билеп отырмас па еді. Бірақ, жақсы құдайға да керек. Оны маңдайымызға сиғызды ма? Ал енді мына қолымдағы шіркін жасы қырықтан асқанша сол шикі өкпе қалпы. Одан қатын-бала түгілі оң жақтағы қызыл тазы сескенбейді. Есікке қуса, төрге қашады.
Зергер тағы бір мырс етеді. Күдері шапанының астынан басын сопаң еткізіп көтеріп алады да, құрдасына ала көзімен ата қарап, теріс аунап түседі. Тілеудің не өзін мысқылдап, не баласын мысқылдап мырс еткенін біле алмай, көпке дейін тым-тырыс жатады.
Тық-тық балға даусы. Күдері бір сарынды тықыл жүйкесіне тигендей орнынан атып тұрады. Зергердің қасында жатқан шымшуырды ап, босағадағы екі кебісті өзіне қарай тартады. Мәсінің сыртынан сұға сап, қалтасынан тағы да шақшасын алады. Тағы да аузына насыбай салады. Тағы да зергер жаққа көз тастайды. Сосын зірк еткізіп бір түкіреді. Орнынан шиыршық ата ұшып тұрып, киіз үйдің шымырулы ши есігін тарс ұрып шығып кетеді. Тілеу сонда барып басын көтереді. Төрге қарайды. Құрдасының орнында қалған шөп-шөңге, жіптің сабағы болса, шымшуырмен іліп ап, отқа ытқытады.
Тілеудің сол отырысы отырысты. Көптен солай-ды. Тіптен туғалы солай-ды. Бірақ бармағынан бал таматын шебердің жүк аяқтың астындағы ағаш қобдиды әрірек ысырып тастап, қара көрікті көрмей кеткен тұсы да бар еді.
Соғыс басылды. Аман қалған ер-азамат елге қайтты. Кебежелердің түбіне тығулы қалған-құтқан күміс жарыққа шықты. Қара көрік пен қара шалдан мігір кетті. Есіктен қолқашы кіргенде көкірегі шым ете қалады. Дін ашып үндемейді. Ұзатылатын қызға көйлек пішкен сайын кемпірі Зейнептің де өңі қуқылданып сала береді. О да сыр алдырмайды. Кеш болса сығырайма керосин шамның күңгірт жарығында тігін машинасына үңіліп сығыраңдап отырғаны. Жалғыз балалары Тілепалдының еш хабары шықпай қойды. Әркім әр саққа жүгіртеді. Күлте сақал Күдеріге айтқызсам: Алшынбекжан екеуі оқуға келгенде судай ағады. Сүйегі асыл кісіні орыс танымаушы ма еді. Командир қып айт, два деп айқайлатып қойған шығар. Еті пысық, көзі ашық жігіттерді әскерге алып қалыңдар, ауылға қолынан шыбыртқы ұстағаннан басқа ештеңе келмейтін можан-топайларды ғана қайтарыңдар деп мұртты шалдың өзі айтыпты ғой. Әй, ол құрдасымыздың да білмейтіні жер астында шығар-ау.
Тілеу көрігін күс-күс басып отырып ойға шомады. Солай болса солай-ақ болсын. Бірақ осыншама ақылымен төрт жыл қан кешіп аман қалған боздақтарды екі көзі төрт боп отырған ата-аналарына ең болмаса бір көрсетіп алу керек екенін неғып білмейді...
Күлте сақал Күдерінің естімейтіні жоқ. Жоғалған түйесін қарап ауылдан бір қадам шықса болды, жер-жаһанның бір қап хабарын алдына өңгеріп қайтады. Бірде көзінің алды көк жалқынданып иіні түсіп оралды. Зерең толы шұбатты орталай бере кеңкілдеп жылап жіберді. Зейнеп айран-асыр.
— Мына су аяққа не көрінді-ей!
Тілеудің мұрты әдеттегідей жыбыр ете қалған жоқ. Күдері зереңнен басын көтеріп алды.
— Тап баяғы соғыс басталған жылғыдай. Күллі қала сенделіп кеткен. Әлгі әмірқан есерсоқтар дүниені қараң суға алдыратын бомбы таптық, енді қызылдардың көзін құртатын болдық деп, тақияларын аспанға атып жатыр дейді. Содан жер үстінің барлық қауға бас ғалымдары жұмыр басты пенденің бәріне түп-түгел хат жазып: Жан керектерің соғысты болдырмаймыз деп осы қағазға қол қойыңдар,— деп дұғай сәлем жолдапты. Почтаның көлеңкесінде бір бала мені де ұстап ап, бармағымды бастырып алды. Е, әліпті таяқ деп білмейтін сенің бас бармағыңның баттиған табын көрген соң, қанша есерсоқ болғанмен Әмірқандар да аяқтарын тарта жүретін шығар.... Тілеудің мұрты жыбырлай жөнеліп еді, құрдасының көзіндегі жасты көріп кідіріп қалды.
— Біздің балалардың әлі оралмай жатқаны тегін болмады. Имек мұрын салық агент айтады. Биылғы күз қауіп дейді.
Тілеудің көкірегіне әлдекім мұздай су шашып жібергендей. Зейнеп теріс айналып кетті. Күдері де сөзден тыйылды. Үш қария состиып-состиып отырып қалады.
Ол жылы күзем алған бойда ағыл-тегіл жаңбыр жауып арық-тұрықты қырып кеткені болмаса тыныш өтті. Шар тарапқа түгел елеңдеп жүретін Күдерінің көңілі тізеден аса қалың қар жауғанда барып орнына түсті. Оған жау жер аяғы кеңігенде жанданатындай, қыстың көзі қырауда қай антұрған да басын бағып жатып алатындай көрінетін. Қансонарда тазы ертіп түлкі аулай шығып еді, жолдағы қалың жықпылдардың ешқайсысына бұрылмай, салып ұрып құрдасының үйіне келді.
— Ау, үндемес, не естіп, не білдің?
Бажырая қарап біраз отырды. Есіктен қауқылдай кірген құрдасынан Зейнеп бір жақсылық хабар күткендей телміре қапты.
— Әлгі күшіктердің неге үндемей жатқанын енді білдім. Имек мұрын агенттің жоғалып кетті деп жүрген інісі табылыпты. Ту Сібір асып кеткен екен. Бұрынғы күйеуінен кішкентай қызы бар бір маржаның етегінен ұстапты. Құр тақым қақсып жүргенде құлынды биеге қолы бір-ақ жетіп әбден қарқ боп қапты. Жіберген суретінде екі езуі екі құлағында, мәз-мейрам боп тұрған көрінеді. Біздің балалар да қашанғы қу тізелерін құшақтап жүрсін. Қыз айттырып әперетін екі қара шал қастарында жоқ. Олардың да бастарын бір-бір Маруся айналдырып алған ғой шамасы. Оны айтып жазуға, ел-жұрттан ұялып тым-тырыс жатыр. Көрерсің де білерсің дәл солай. Ошақтағы оттың табына алақанын төсеп үнсіз қалады. Біраздан соң қараптан-қарап отырып осқырынады.
— Жасық неме... Көп болса, немерелерімнің көзі көк болар. Көп болса, келінім дәрет суымды жылытып бермес. Одан несіне қаймығады екен! Нағашысы жаман жетесіз неме...
Құрдасының мына сөзі Тілеуді де күйзелтіп кетті. Қайта-қайта қолы жаңылып, ісі өнбей қойды. Көз алды мұнарта берген соң құралдарын жинап, төр алдында қолын тарақтап жатып алды. Құлағына жастайынан естіп келе жатқан үйреншікті дауыстар келеді. Бағың жансын, Есесі алладан қайтсын, Дегеніңе жет, Үбірлі-шүбірлі бол... Сонау қара құманға әлі жетіп, үлкендердің қолына су құйғалы естіп келе жатқаны осы. Ер жетіп іске шұқынғалы да алдына келген қолқашының назарын жығып көрмепті. Содан ба жұрт сәл нәрсеге бола жер-көктің алғысын түгел жаудыра жөнеледі. Тілекең еткен еңбектің адамнан қайтуы, алладан қайтуы дегеннің қандай болатынына тіпті түсінбейді де. Ал соңғы алғыс құлағына майдай жағып бара жататын сияқты. Үбірлі-шүбірлі болғанның түсінбейтіндей несі бар. Жан-жағында біреуі етегіңе, біреуі жеңіңе жармасып, тұмсықтарын қорс-қорс тартып өңшең қара домалақ толып жүрсе, тапқан-таянғанын солардың несібесіне бұйырса, жаман айтпай жақсы жоқ, ертең о дүниелік боп кеткенде де, бабамыз еді-ау деп басына топырлап, бір-бір уыс топырақ салса, бағыңның жанғаны емей немене. Түсі екеш түсінде де қаптаған қара домалақ қамап алады. Олар кейде біреуі егеуін, біреуі шапқысын, біреуі қайрағын ұстап, қобдиын ақтарып отырады. Кейде кекілдері жалбырап қақпан қарап қайтқан мұның алдынан жарыса жүгіріп шығып жүреді. Кейде астарына бір-бір ат мініп көсіліп жатқан кең даланың тұс-тұсына құйғыта шауып бара жатады. Түсінде — төрі опыр-топыр шат-шадыман. Ал көзін ашып алса болды — сол бір мұнтаздай тап-таза төр, тып-тыныш үй. Ай даладағы жалғыз үйдің белдеуінде өзінің шабдар тұғырынан басқа ат та көрінбейді.
Ондайда Тілеудің көңілі құлазып қоя береді. Тәйірі, пенде пақыр мынау қотыр тайдың құйрығындай шоп-шолақ дәуренінде ерні тұшып перзент сүйгеннен басқа баянды не көреді. Басқасының бәрі мұның қыз-қырқынға соғып берген әлекей-күлекейіндей алдамыш бірдеңе емес пе. Тіріңде көзіңді қуантып, өліңде аруағыңды ырзалайтын перзентке не жетсін. Ең болмаса, ит жығыс түсейін деп өнер сатып, бедел сатып, абырой сатып қанша тайталасқанмен бәрібір жеңілмей қоймайтын өзекті жанның уақыт алдындағы жалғыз ұтысы ұрпақ қана. Оның мынау қара жердің бетіндегі тыртаң-тыртаң қимыл-қыбырының ең мәндісі — сол артыңда қалар ұрпақтың аузына аз күн ырзық болсын деп еткен еңбегі ғана. Төккен терің, еткен қайратың одан да асып түсіп жатса, о да бәрібір сол ұрпақтың мерейін үстейді. Ал олай асып төгілмей-ақ ошағыңның басындағы қызыл қарындарды ырзалауға ғана жарап жатса да, мынау ұлан дүниеге келіп-кеткеніңнің бекер болмағаны. Өзінің соңында Тілепалдыдан басқа қара ермеді. Ол да, міне, қасында жоқ. Ендігі тілегі сол өзіне бітпеген көп ұрпақ Тілепалдыға біткей. Бұл алған көп батамен сол көгергей...
Адам да қызық қой. Бойдақ кезінде қыздың ең сұлуы өзіңе бұйыратындай, баланың ең жақсысы өз беліңнен өрбитіндей көресің де тұрасың. Енді өзіңнен қайран кеткенде сол үріп ауызға салғандай бүлдіршіндерді баламнан сүйем деп дәметесің. Кісіге қимайтыныңды балаңа қиясың. Өзіме бұйырмаған балама бұйырады деп тәубе етесің. Құдай тек қу басыңды сопитып ұрпақсыз қалғаннан сақтасын. Онда тәубе екеш тәубеден де мақұрым қалғаның ғой.
Көлденең көзге жағы ашылмайтын Тілеу жалғыз да болса Тілепалдысы барына шүкірлік етеді. Тілепалдысы аман болса әлі де көбейетіндей, көсегесі көгеретіндей көреді. Ауыл үйден сүйкімді нәресте көрсе, ішінен: Шіркін-ай, менің немерем де осындай болғай еді,— деп тілейді. Енді мынау қайдағыны көйітіп жүретін сусылдақ неменің әлгі бір әңгімесі көз алдында көптен мөлдіреп тұнып тұрған сол бір әдемі суретті желді күнгі көл бетіндей астан-кестен шайқап өткендей. Қапелімде не істеп, не қоярын білмеді. Баяғыдан бергі митың-митың тірлігі аяқ астынан тәрк боп шыға келгендей. Мұндайда ой екеш ойдың өзі әншейін далбаса көрінеді екен. Кеңірейіп отырады да қояды. Тон торыс жатады да қояды. Түннің бір уағында барып кірпігі айқасады. Түсі де бір бедерсіз бұлыңғыр бірдеме. Солай бір-екі күн өз қиялынан өзі адасып мәңгіріп оянады. Келе-келе түсінің ұлы жобасын айыратын болды. Бір селеу шаш балалар төрінің алдында мұның қашанғы қара қобдиын астын-үстіне шығарып ақтарып отырады. Кейде қатар шалдары немерелерің ертең қараңа шошқа сойып, жаназаңды шығарған молдаға торайдың басын тартатын шығар деп мазақтап жүреді. Содан кейде омырауы шылқып оянады. Ал күндіз қара төс пен қара балғаның бір қалыпты тықылын тыңдап отырып: Несі бар? Түсі сары, көзі көк қазақтар аз ба? Соларды түбің шикі деп кім елден қуалап жатыр? Ертең дүние ауып кеткенде артында тігерге тұяқ жалғызының көзі қара не көк болсын көкелеп етегіне жабысатын төлі қалса болмай ма!— деп ойлайды. Ондайда Күдерінің оданылау сөзін естігенде жыбырлап қоя беретін мұртына бір жұмсақ діріл жүгіріп, бұлшық еттерінің бәрі-бәрі босаң тартып қоя береді.
Қыс та кетті. Көктем де шықты. Тілеу жапырайған жер қазбаны тастап, тепсеңге киіз үй тікті. Бір күні төңіректен томарша жиып қайтқан Зейнеп жал басынан үш-төрт қарайған көрінеді деп келді. Томаршаларды қазандық жаққа дүркіретіп төге сап, қайта шығып кетті.
— Шал-ау, әлгі қарайғандар көрінбей қалды.
Сәлден кейін тағы үн қатты.
— Ауылдың желкесіндегі ойдан кеу-кеу дауыс шығады. Солар болар.
Тілеу бір сәт ойланып қалды. Ұлы құмның бұл тұсында қыста ел болмайды. Мал сонау түлейі көп қалыңға қыстайды. Шілде түсе пішеншілер келеді. Оған дейін бұл маңайда жайдақ үстіртке жалғасар пұшпақтағы қорықшы Күдері екеуінен басқа қара жоқ. Күдерінің ауылы бұл арадан бір күндік. Бейуақ жүрген бұл не қылған төрт-бес атты. Тегін болмас. Тілепалдыжан емес пе екен... Шалдың қолы дірілдеп кетті. Қасындағы шымшуырды ұстай ап, көрік астындағы шоқты қозғады. Зейнептің де үні өшкен. Ат дүсірі жақыннан шықты. Дүңкілдетпей іргеге кеп тоқтады. Зейнеп есікті көтерді. Күдері бастаған төрт-бес шал сәлемдесіп төрге озды. Тілеу ернін ғана қимылдатты. Шоқтағы шымшуырды суырып алды. Уысын сығымдай түсті. Ортадағы имек мұрын қарасұр кісі сөйлеп отыр. Ұзақ сөйледі. Күдерінің көзі күндегіден де қып-қызыл. Күлте сақалы су-су. Күйген шүберектің иісі қайдан шығады... Омырау тұсы оқыс жылып барады. Тілеу сонда байқады — қып-қызыл шымшуырдың ұшы көкірегіне жабысып қапты. Ақ көйлегі шұрқ тесіліп жанып жатыр. Қолындағы темірді лақтырып жіберді.
Содан көкірегі тызылдады да жүрді. Біреу омырауын тызылдатып шоққа қарып жатқандай. Бірде көйлек жаңартып отырып төсінің басына жарыса түскен екі ай тыртықты көрді. Түсіне енді қобдиын шашып ойнап отыратын селеу шаш балалар да кірмейтін болды. Бұрын көзін жұмса-ақ, бұған қарай саусағын шошаңдатып, ауыздарына келгенді оттай жөнелетін кемиек шалдардың да көмейлеріне құм құйылыпты. Енді тіпті түс те көрмейді. Өңінде де ешкімді де, ештеңені де байқап жатқан жоқ. Төңірегінде көз тоқтататындай не бар... Адыра қалған айдала... Тұлдыр кеңістік... Қобдиының да көкке ұшып кеткенін, не жерге сіңіп кеткенін білмейді. Әйтеуір есіктен қымсына кіріп, қымсына шығып жатқан қыз-келіншектерді көзі шалады. Оларға кемпірінің бұны иегімен меңзеп бірдеңе деп жатқанын байқайды.
Онсыз да үндемес кісінің енді тілі біржола қырқылғандай. Жан дүниесін жапырып жайпай келген жаманат тұсында шықпай қалған ащы жас көзінің алдына шемен боп байланғандай, тіршіліктің шын кескін-келбетін көлкештеп көрсетпей тұр. Ошақ бағып омалып отырған көтерем шалдың көкірегіне бір көк жұлын дүлей кіріп кеткендей. Бүйтіп тырп етпей отыра берсе, көтеріп көкке ұшырып әкетердей. Күн санап кеулеп барады. Бұл тістеніп бағады. Дем шығармауға, уһілемеуге тырысады. Жер табандап қос шеңгелін қыса түседі. Сол дүлей бір жолата жарып жіберсе, осы үндемеген қалпы, осы тырп етпеген қалпы, осы отырған жерінде табан серіппей қата қалуға пейіл. Бірақ қаскүнем дүлей бұны жармады да, қоймады да. Өңінде тістеніп сыздап отыратын Тілеу ұйықтап жатып өкситінді шығарды. Көзі дымдана бастағанда шошып оянады. Сосын таң атқанша кірпігі айқаспай бақыраяды да жатады. Іштегі тұншыққан дүлей бүйте берсе қол-аяғын байлап домалатып тастардай. Тұла бойы сіресіп қалады.
Баяғыда Өтеу атасы да жеті ұлынан айырылып, құм арасында жалғыз үй қалғанда пәлен ай бойы ерін жастанып, ай балтасын құшақтап, іргеге қарап жатыпты да қойыпты. Күні-түні шашын жайып дауыс етіп отырған әйеліне қосылмапты да, қой демепті де. Ащы зарға құлағының үйренгені сонша, тіпті, әйелі ұйықтап жатқанда да, құлағынан көкіректі қарс айырардай өксік ызың кетпейтін бопты. Бет-аузы жыбырлап, өне бойы сүлік сорып жатқандай солқылдайтынды шығарыпты. Пәлен уақыттан бері жүректің басында тұрып ап, шықпай қойған ащы жас босанатын жол таба алмаған соң шыдамды батырдың жүйке-жүйкесін шымырлатып шамырықтыра бастапты. Зарын айтайын десе, қанша дегенмен аты ақ жаулық, әйелінен ұят. Төзіп бағайын десе, булыққан нала буын-буынын алып тобан аяқ қып тастар түрі бар. Өтеу амалсыз ай балтасын беліне қыстырып үйден шығады. Жиде өскен тепсеңді бетке ұстап жүріп кетеді. Кешқұрым қу томар сүйретіп қайтады. Тентек шалының не істегелі жүргеніне түсіне алмай кемпірі дал. Өтеу сүйреп келген томарын қауынның қабығындай жұп-жұқа қып тіледі. Сосын су бүркеді. Бойындағы нәрінен түгел айырылып дыңылдап қатып қалған қу ағаш қапелімде илікпейді. Кәрі батыр оған қарамайды. Екі ұртына су толтырып ап, ертелі-кеш бүркеді де отырады. Қу шабақ бірте-бірте қоңыраяды. Енді оларды ортан белдерінен ауыр бірдеңемен бастырып, дымқыл топырақпен көмеді. Әлденеше күннен соң шеңбірек атып иілген көк шабақты қайта суырып алады. Қалған жерін тезге сап түзеп, иінін келтіріп, қырнап-жонып, бір-біріне жымдастыра бастайды. Кәрі батыр қылп-қылп еткен алмас қанжарын ағашқа салады. Күндердің күнінде дөңгеленіп домбыраның шанағы шығады. Оның бетіне жұп-жұқа қып қақпақ салады. Өтеудің ең соңғы баласының қазасына жыл толарда ұзын сап, даңғыра бас, қоңыр домбыра іргеге сүйеулі тұрады. Кемпіріне садақа шалатын ор марқаның ішегін айнадай қып тазалатады. Одан иіртеді. Одан ыздыртады. Пәлен күннен бері керегенің басында қаңсып тұрған домбыраға перне байлап, ішек тағады. Сосын ор марқаның етін түгел астырып, бесін ауа табақ көтеріп, кемпірі екеуі ауылдың алдындағы бұлтың төбеге беттейді. Қаз-қатар тізілген жеті төмпектің бірінен соң біріне жер тізерлеп құран оқиды. Жабулы табақтың бетін ашып, бір-бір шұқып ауыз тиеді. Артынан қолдарын жайып табаққа бата қылады. Маңайда дәм татыратын ешкім жоқ. Иіс қып әкелген бір табақ етті моланың басына тастап, шұқыр ойда жападан-жалғыз жапырайып тұрған үйлеріне қайтады. Шал алда, кемпір артта. Намаздыгердің ербиген екі көлеңкесі бір-біріне еріп келе жатады. Өтеу келген бойда төрде тұрған домбыраға қол созады. Қылыш пен найзадан басқа ұстап көрмеген ебедейсіз саусақтардың сәл тиіп кетуі-ақ мұң екен, қу шанақ, бебеулеп қоя береді. Пәлен айдан бері көмейін бітеп тұрып алған өксік зар көкірегінен ағаш шанаққа ақтарылғандай. Мең-зең денесі жеңілейіп барады. Көз алдында көлкештеп тұрып алған соқыр тұман ашылайын дегендей. Тартулы жақтай сіресіп тұрған кәрі жүйкесі жұмсарып барады. Еңірей төгілген зарлы саз сай сүйегін сал-сал кеміріп ала жөнелгені. Кенет құлағына кеңк-кеңк дыбыс келді. Шошып кетті. Домбыра шанағындағы қолын жұлып ап, көзіне апарып еді, құрғақ екен. Дағдарып отырып-отырып, кемпіріне қарады. Ол екі бүйірін таянып ап, теңселіп жылап отыр. Өтеу қолындағы домбыраны тізесіне сап морт сындырды. Еркек көзінің жасын басқаға көрсетпейтіні сияқты көңілінің зарын да ешкімге естіртпеуі керек еді.
Дініне берік кәрі батыр ішіндегі алапат наланы айдалада қасында қалған жалғыз серігі кемпірінен де жасырды. Бірақ жүрегінің басында бүк түсіп жатып алған зіл батпан еңсесін бәрібір көтертер емес. Дәл өңменінен қадалған шаншу көкірегін тесіп шықпай тынар түрі жоқ. Кемпірі отын алып, мал қайырып сыртқа шықты-ақ ол үй сыртында жинаулы тұрған түл отаудың біреуінен сағанақ қақыратып алады да, ішін үңгіп сырнай жасайды. Анадайдағы жал басынан кемпірі қылт етті-ақ, қолындағы сырнайды қат-қат қып жинап қойған ыс туырлықтардың арасына сүңгітіп жібереді. Қаралы үйдің сағанағынан жасалған сырнай шыққыр болады деуші еді. Рас екен. Ерніңе апарсаң болды, сарнай жөнеледі. Шалының құпиясын кемпірі де біліп алды. Енді тезек терген боп, шағыл асып кетіп, аңыраған сырнайға қосылып жылап-жылап, шерін тарқатып қайтады. Келсе — Өтеу түк болмағандай төр алдында көлбеп жатады. Кемпірі ертеңіне үй алдында жал-жал тезек үюлі тұрса да, сәске болар-болмаста қолына қап ұстап, ауыл сыртындағы айғыр жалға қарай бүкшеңдей жөнеледі. Батыр көп ұзамай кемпірінің айласын сезіп қойды. Енді ол сырнайын қойнына тығып, жиделі тепсеңге кететінді шығарды. Оңаша бұлақ басында жападан-жалғыз құмарынан шыққанша сырнай шалады. Күн еңкейе сырнайын бір шоқ жиде тоғайының қасындағы көне әулиеге жасырып, үйіне қайтады. Бір күні сырнайының орнын сипап қалды. Ол маңға ұшан дала мен хан базардың арасына айда-жылда бір қатынап тұратын қалашылардан басқа ешкім соқпаушы еді. Өтеудің сырнайы соларға бұйырса керек.
Керуенді бастап келе жатқан күйек сақал кісі балаға зекіп тастады.
— Елді шошытарсың. Жітір найсапты. Жалақ-жалақ көнтік ерін түйекеш бала қолындағы сырнайды жалма-жан қойнына тықты. Ертесіне ауыл сыртында, жал астында өңеші үзілгенше үрлесін-ай кеп. Аңнан қайтып келе жатқан Ақпан қалт тоқтай қалды.
— Қолыңдағыны қайдан алдың?
Бала жөнін айтты. Екі аяғы жер сүзіп келе жатқан еңгезердей еркек атының жалын құшып жылап бара жатты.
Құдайға өкпелеп айдалада жалғыз қалған қайсар ағасына Ақпан бір баласын апарып берді. Ол — Сақтап аталары. Сақтап он алтыға шыққанша кәрі батыр сыр бермейді. Төрінен уіл шыққан соң, еңкейген белі жазылып, бойын тіктейді. Үй мен малға қарайды. Баласы ат жалынан тартып мінгенше құйрығы жер иіскемейді. Сақтаптың өз қолы өз аузына жеткенін көрген соң кескен теректей бір-ақ құлайды. Сақтап бір күні қақпан аралап қайтып келе жатып күңіренген тосын сазды құлағы шалады. Аңшы жігіт аңырып тұрып қалады. Күй біткенше тырп етпейді. Бір уақытта қара жердің көкірегін қарс айырып шығып жатқандай өксік үн талықсып барып басылады. Есіктен енді аттай берген Сақтап іргеге сүйеулі домбыраны, биік төсек ағаштың басынан мойыны салбырап кеткен боп-боз Өтеуді көреді. Әлгі күйді мұның көзінше домбыра ұстап көрмеген әкесі тартқанын сонда біледі. Сақтаптың өсе келе ділмар аты тарайды. Абайламай ел ақтап жүрген бір бақсыға тілі тиіп қарғысқа ұшырайды, баласы тұрмайды. Алпысында көрген ең соңғы нәрестесін қырық қазанның астынан өткізіп, қырық әйелдің емшегін емізіп, жаңа күшіктеген қызыл қаншықтың бауырына тастап, атын Сырттан қояды. Бұрын найза ілінетін төрге алғаш рет көрік ілген де сол Сырттан. Ол өскен тұқым ғой деп он екі ата байұлының бес руынан бес қыз алады. Бесеуінен не ұл, не қыз сүймейді. Шаңырағы құлауға айналған соң көрші ауылдан бір оң жақта жүкті боп қалған қыздың сәбиін ап бауырына салады. Ол — Сұрапалды аталары. Тегі жұмбақ Сұрапалдыға Өтеудің күйі мен Сырттанның зергерлігі бірдей қонады. Қыздан туған қыдырма атанып, күй шалып жүзік соғып, көксауыр жона тігіп, өнерін асырған Сұрапалды перзенттен күдерін үзгесін қайын жұртынан ұл алып бауырына басады. Ол осы отырған Тілеу. Не де болса мынау қара шаңырақтың астына ойдан-қырдан қияласып қосылған құрамыс әулет әзірге Өтеу ауылының атағын жоғалтқан жоқ. Өтеу ауылы әлі күнге осы жайдақ тепсеңде. Иек артпа ілгеріде шешектен қырылған жеті баланың моласы. Күн батыс қапталда — кейінгі әулеттің қорымы. Өтеу тұқымының мынау ұлан-асыр дүниеден иемденгені осы бір екі зират пен бір жұрт. Өтеудің өлі ауылдарының қарасы мол болғанымен тірі аулының қарасы ешқашан төрт-бес үйден асып көрген емес. Онда да тоқалдардың отауларымен көбейетін Өтеу ауылы бабаларындай жеті мүшесіне жеті әйел алуға мүмкіндігі жоқ. Тілеудің тұсында жапырайған жалғыз күрке боп қалды. Отау бөліп қарамды көбейтем деп жүрген Тілепалдысы соғыстан қайтпады...
Тілеу, міне, төр алдында бүк түсіп жатып алды. Сыртқа құлақ түреді — дүние жайбарақат, тек мұның көкірегі ғана әлем-жәлем, төңірек тып-тыныш, мұның көкірегі ғана жұртта қалған ақсақ төбеттей ұлып жатыр. Шынында да мұның құлазыған көңіліне зар қосқандай сыртта бірдеңе сарнап қоя берді. Құлағын түріп тыңдайды-ақ. Домбыраның да, қобыздың да, сырнай-сыбызғының да үніне келіңкіремейді. Бірақ, зейін қойып тыңдай түссең — соның бәріне де келетін сияқты. Тіпті бебеулеген бақсыға ұқсай ма қалай... Жоқ... Дауыс еткен қатыннан айнымайды.
Тілеу қазан-аяқ жаққа көз тастап еді — оймақ ұстамаса отыра алмайтын Зейнеп бүкшеңдеп бірдеңе тігіп әлек. Іргеге қарап тоң-торыс жатқан Тілеу әуелі басын көтерді. Сосын есік жаққа қарап, аударылып жатып көрді. Сәлден соң түрегеліп отырды. Ақырында орнынан тұрып есікке беттеді.
Күн желкем екен. Шалғыны жығылған сары жұрт. Алыс-алыста білем-білем шағылдар қылаңытады. Заманында сырлы зерендей тік кенере шұқыр ой тепсең жан-жақтан сусып құлаған құмаққа көміле-көміле тайпақ тегістікке айнала бастапты. Басын жерден көтермей жайылатын төрт аяқтыға қандай ығының барын бір Алла білсін, ал бойын тіктеген екі аяқтыға қалқа болудан қалып та барады екен. Желеңдеу шыққаннан ба, тұла бойы бір түрлі шімірігейін деді. Аспандағы күн көзіне шүйліге бір қарап қойды. Сол арада әлгі бір ызың құлағына қайта келді. Ол көк желкесінен қасқыр ұлығандай дыз түршігіп кетті. Төңірегін шолды. Жылмиған жайдақ тепсен сол баяғы қалпы. Анадайдағы итсигектің басында жалпыл қағып жатқан сарғайып кеткен көне газеттен басқа ештеңе көзге түспеді. Машинамен бір тегіс қырқылып өткен тікенек отақ ызғырық желге дір-дір етеді.
Аңтарылып тұра беруге арланғандай беталды жүріп келеді. Әлгі итсигек жақын қалды. Жөргектен асар-аспас көлеміне қарап, сірә, аудандық газет боларсың деп ойлады. Қарауытып үш сурет көрінді. Үлкені — көсемдікі. Одан гөрі кішілеу екеуі — біреуі — жердегі әскерді, біреуі — судағы әскерді басқаратын екі сардарыныкі. Жарықтықтардың суретін бұлай аяқасты тастап жүрген қайсысы екен. Әлгі кемпір-ау. Көзіне қарасай найсап. Бір қызылкөз көрсе ғой...
— Біссіміллә,— деп көтере беріп еді, астында белуардан құмға батып жатқан керосин құйылған бөтелкені көрді. Әлгі сарнаған дауыс содан шыққан екен. Түксиіп тұрып қалды. Сосын анадай жердегі күйелеш-күйелеш жер ошақтың тасына бір-ақ ұрды. Сай-сүйегіңді сырқыратып сарнаған үн жым болды. Тілеу үйіне кеп, жылы төсегіне қайта жайғасқан соң сыртқа құлақ түрді. Жым-жырт. Жатып-жатып тағы да тыңдайды — сол баяғы сартап тыныштық. Енді әлгі бір құлағын сарсытып сарнаған үнге де зар болды. Тылсым тыныштық бүрге боп жабылғандай тұла бойы дүр түршігіп кетті. Түнде де басын жастықтан көтеріп тыңдайды. Манағы ызың естілмейді. Әлде бір уақытта есіктің алдындағы күлдің басынан байғыз шықылықтайды. Қуанып шықылықтады ма, жылап шықылықтады ма — назар аударған жоқ. Қуанып шақыратындай — мұның қай келіні ұл тапсын. Жылап шақыратындай — ай даладағы екі қу бастың өрем қапқанында тұрған қайғырып қараң су алатындай не бар. Түн баққан, түтін баққан далаңбай құстың далбаса қиқылы да...
Көзі ілініп кетіпті. Жұмыртқаның ақ уызындай бір түссіз қоймалжыңда малтығып жүр. Төңірегіндегі ештеңенің бет-бедері айқын аңғарылмайды. Тіпті өзі де мынау түссіз қоймалжыңға айналып кеткендей. Әлгі кеудеңнен шыбын жаның ұшып кеткенде шегетін халің осы ма екен. Бірақ бұл неғып теп-тез жантәсілім бола қалды. Әлгі жаныңды қарқараға келтіретін сират көпірі қайда? Асай-мұсайын асынып келетін Мүңкір-Нәңкірі қайда? Бірақ бұған Мүңкір-Нәңкір не айта алар дейсің. Кешегі ел басына күн туған жоқ-жітік заманда жетім-жесірдің тозғанын бүтіндеп, жыртылғанын жамап алғыс алмаса, қарғыс алған жері жоқ. Жұрты құрғыр: Дегеніңе жет!, Үбірлі-шүбірлі бол! деп қақсамаушы ма еді. Бұның тілегі де, дегені де сол соңына қара ергені емес пе еді, Тілепалдының аман келгені емес пе еді... Жұрттан алған ағыл-тегіл батасы мен алғысы ең болмағанда жалғыз түйір перзентін көзіне бір көрсетуге жарамағаны ма... Бәлкім, әлгі шәйіт кеткендер тап болатын пейіші осы шығар. Жұрттан алған алғысы дарып, бұл да пейіштен бір-ақ шыққан шығар. Баяғыда баласын естірте келген имек мұрын молда: Бір көре алмадым-ау деме. Оның күпірлік. Шаһит кеткен періште перзентіңмен, бәлкім ертең таң маһшарда жолығып қаларсың демеп пе еді. Қазір мүмкін жалғызымен ұшырасар... Төңірегі сол баяғы қоймалжың. Әлгіндегідей мөлдір емес, лайыта бастапты. Жанарының бар нұрын сарқып қарайды-ақ ештеңе көрінбейді. Бұған пейіш керек емес. Жалғызын көзіне бір көрсетсін де, тамұғына-ақ лақтырсын... Төңірегіндегі қоймалжың сарқылған сарсудай қойыла түсті. Бірте-бірте батпақтанып балшыққа айнала бастады. Қара жер мұны біржола обып бара жатқандай. Көкірек тұсы ылжырап, жидіп жүре бергендей. Қорқыныш дейін деуге, өзі осы өлім дегеніңе әлдеқашан пейіл болған адам сияқты еді. Ендеше неге тамағы құрғайды, ендеше неге көмейіне әлдене кептеліп тұрып алады, ендеше неге иегі кемсеңдейді... Е, жалғызымды бір көре алмай қара топыраққа айналғаным ба деп таусылады екен ғой. Кенет. Астапыралла... Сарнаған әуен тағы да естілді. Төңірегіне құлағын түріп тыңдайды екен дейді. Қаптай қоршап келе жатқан қара балшық сыз топырақтан ызың шығушы ма еді. Әлгі әуен өз көкірегінен тұншыға шығып жатқандай. Күңіренген көйгөй... Өте бір таныс саз. Тек қазір ғана емес, баяғыдан бері келе жатқан секілді. Жан-жағын қоршай ұстаса бастаған сыз қара көкірегінен тұншыға шығып жатқандай... жер енді бет-аузын көміп барады. Бұл қара суға түсіп, жан-дәрмен бұлқынды.
Қараңғы түн. Түндіктің жыртығынан жұлдыздар жылтырайды. Сырттағы баяу жел басылған. Бұл дәл көзіне дейін кептей бүркенген қалың көрпені кейін серпіді. Түсінде естіген тосын саз құлағына әлі келіп жатқандай. Біреу өзімен-өзі тұншыға күңіренетіндей. Тілеу басын көтеріп тың тыңдады. Оң жағындағы кемпіріне қарады. Аяққолын бауырына жиып ап, шүйкедей боп пыс-пыс етеді. Қайтадан төсегіне қисайды. Әлгі бір саз қайта тірілгендей. Қара жердің сонау тұңғиық тереңінде әлдекім күй шалғандай. Таныды. Енді таныды. Әкесі марқұмның күйі. Сал ауруға ұшырап төсек тартып жатып, бір күні қасына шақырып алған. Кереге басындағы домбыраны алдырған. Сосын құр қаңқа кеудесін әзер-әзер көтеріп, жүкке сүйеніп отырған. Домбырасын алдына өңгеріп, қаусаған сылбыр саусақтарымен сипалай отырып бір күй шерткен. Әлденеге қатты толқыған адамның ентіккен деміндей әлсіз саз. Бірақ шынайы саз. Көйгөйлетіп үсті-үстіне тартқан. Қайталап тартқан. Сосын домбырасын көрік пен балғадан қолы тимей жүрген бұған берген. Әлгі өзі тартқан күйді тартқызған. Бір емес, екі емес, әлденеше рет тартқызған. Бесін ауа мұның қолының жөндемге келгенін көріп, бас изеп жатқан. Кенет мұның шек қағып отырған қолын бауырына тартты.
— Бұл баяғы Өтеу бабаңның жеті ұлдан бірдей айырылғандағы бебеу күйі. Есіңнен шығарып алма. Балаңа үйрет,— деп саусағын ерніне апарды да, көз жұмып жүре берді.
Қолына көптен домбыра ұстамай, есінен, шынында да, біржола шығуға айналыпты. Енді әлгі көмескі саз бірте-бірте айқындала түсті. Бебеу күй десе бебеу күй. Бабаулатып қолды-аяққа тұрғызар емес. Апырай, есіне неге бүгін түсті? Әлде ата-бабаның аян беріп жатқаны ма? Тарс айырылып жарылып кетуге қалған жүрегін қалай басудың жолын өздері меңзегені ме? Әлде қара жердің тұңғиық құрсағындағы кәрі аруақ тұқымым үзіліп, күйім ұмытылғаны ма деп күйзеліп жата ма екен...
Таң атып болмады. Соңғы рет баяғыда, Тілепалдыжаны тумай тұрғанда тартқан күйі есіне сайрап түсе қалды. Бұрын анда-санда қолқа салып келгендерге домбыра жасап беретіні бар еді. Өзі жасаған домбыраның үнін тексергенде осы күйді тартатын. Бір күні домбыра тыңқылдатып отырып, аңғармай қапты. Сайтанның сапалағы құсап күлте сақал құрдасының сап ете қалғаны. Келе сала тыржыңдап қоя берді. Жүк алдында қисайып жатып:
— Тартсай... Мені көргесін күйің қашып кетті ме,—деді.
Бұл домбыраны іргеге сүйей салды. Құрдасы шақшасының тығынын ағытып жатып:
— Әй, сен неменің де қай бір күйің тасып барады дейсің. Баяғыдағылар білмей айтушы ма еді. Ұрғашының аузы жалпылдаған ашықтығынан, еркектің көзі жаутаңдаған жасықтығынан сақта депті ғой. Ынжық еркектің қай заманда да алатын қатыны, мінетін аты, айтатын әні, тартатын күйі біреуден аспайтын. Әлгі бір заржағыңды келе жатып естіп алғам. Одан басқа тартатын күй сенде де жоқ шығар,— деп селкілдеп тұрып күлген.
Зейнеп шай қойып жүргенде күлте сақал бүгін көргендей көз айырмай қадалды да жатты. Кетерінде мұның құлағына сыбырлады:
— Әй, үндемес, құрдастыкі көжетоқ, болмаса, іші бұлтияды ғой. Тфә, тфә! Тіл-көзден аулақ. Жақсы үміттің үстінде отырып, өз үйіңді өзің зарлатып қайтесің. Жұртқа осы бір дыңылдақ жасап беретініңді қойшы, жазған. Содан бұл қолына домбыра алмай кеткен-ді. Әлгі саздың да содан бері құлағына тиіп отырғаны осы. Бұл күйді ұмытқанмен, күй бұны ұмытпапты. Жылдар бойы бұғып жатып, енді міне қараңғы түнде өзі кеп ұйқысынан оятып алды.
Таң атқанша төңбекшіп шықты. Таңертең шай батпай жүрегінің басы кілкіді де тұрды. Дастархан жиналғасын Зейнеп есікті түріп еді — жер ошақ басында тезек қалмапты. Кемпірі дорбасын иығына сап түзге тартты. Әбден ұзап кеткенше Тілеу іргеден қарап жатты. Қара жалдан қылт-қылт асқанда барып, үй ішіне көз жүгіртті. Төрт қанат шатпаның сүйегі әлі балғадай. Тек қазан жақтағы жарты құлаштай қоспа ғана тозайын депті. Бояуы оңып бозарытып тұр. Ірге жақ бір сағанағы жерге тимей, ішке қарай бұратылып кеткен. Тілеу орнынан созалаң көтеріліп, сол тұсқа барып отырды. Қисық сағанақты қолымен сипап көрді. Көгі де жидіген. Жұлқып қалсаң сөгіле кетер түрі бар. Атам заманғы құба тал бүгінде әбден боркеміктеніп болған. Үңгуге оп-оңай. Әуелі ұзынынан қақ айырып екі бөліп, ортасын қырнап, қуыстап, қайта беттестіріп көңмен екі-үш жерден сықитып таңып тастасаң, сырнай боп сыңғырап шыға келеді. Сосын арасында бармақ сиятындай жер қалдырып ұзына бойы тесік тес те ерніңе апар — еңіреп қоя берсін. Тілеу иегін қасынды. Қисық сағанақ мұның көңіліне бірдеңе қашқанын сезе қалғандай көне кебеженің тасасына әрірек тығылыпты. Тілеу өз сағанағын өзі бұтарласа, жалғызынан айырылып адыра қалған тұл шатпаның төрт керегесі сырнай-сыбызғы десе ішкен астарын жерге қоятын қара сирақтардың қолында кетпей ме. Қайта айдалада жалғыз үй оқшау отырғанына шүкір. Егер Тілеу мынаусын жұрт көзінше істесе, ертеңіне шаңырағын қай тентектің доңғалақ қып қуып кеткенін білмей қалар еді. Тілеу орнынан атып тұрды. Кәлимасын қайырды. Ортадағы табамен шоқ әкелген оттың орнына қара құмандағы суды төкті. Сыртқа шығып жер ошақтың үстіне қазан төңкерді. Түндікті сәл еңкейтіп, есіктің сыртынан тас байлады. Сосын жиделі тепсеңді бетке ұстап жүріп кетті.
II
Бұйрат-бұйрат ұлы құмда ұзақ жүріп қалған жолаушы дөңкиген шағылдарға, о жер, бұ жерден сирек қарауытқан жүзгендер мен сексеуілдерге қарай-қарай әбден жалығар еді. Сондайда керсеннің түбіндей төңірегі кереге құм, қақ ортасында тоқымдай ғана тегістік, шилі тепсеңнен шыға келгенде, қапелімде, тасадағы ауылдың будақтай көтерілген түтініндей бұйраланып тұрған шымқай бірдеңе көзге шалынар еді. Сәл жүріңкіресе, әлгі бұйра будақ көбейе түсетін-ді. Толарсақ қабар құмақ соқпақты қуалай ентелеп, асыға бастайсың. Ұланғайыр құм мұхитындағы құрдым аралдай ұзынша ғана сар қабыршақ жақпар жолығады. Басын шағылға жастап, аяғын сортаңыт кебірге берген пышақтың жүзіндей жіңішке жақпардың бір шетінде жылымшылап екі үш көз шығады. Екі-үш көздің суы бір ойпаңға қосылған тұста төрт-бес түп жиде бұйлыға өсіп тұр. Жиделі тепсең— осы.
Қаттырақ тиген ат тұяғының өзінен шып-шып су шығып жататын осы бір араға құм көмген құла дүзде ерге, ашамайға мініп, еріндері кезеріп, күн-түн қатқан жүргіншілер қай заманда да соқпай өтпеген. Анау жиделердің түбінде талай-талай қауқылдасқан мәслихат қызып, қарқылдасқан күлкі естіліп жатыпты. Заманында кеңдегі елде құқай көбейгенде Көтібар мен Арыстан жігіттері де осы маңайға жиналыпты. Одан бергі Есет заманында да талай ереуілшіге бас сауға болған жиде тоғайлар келе-келе азайған. Ол кезде тек осы кішкене бұлақ басында ғана емес, орпасы мен ызасы қалың бұл төңіректің қай жүлгесінде де шоқ-шоқ жиде көп өсіпті. Кейін азайып, осы кішкене жақпарға ғана тұяқ тірепті. Анау жылдары мұндағы ағаштың саны оннан асатын сияқты еді. Қазір бесеуі ғана қапты. Оның да біреуінің тамыры семіп, қуара бастаған. Соған Тілеудің көзі көптен түсіп жүр.
Жиделі қолат қай-қайдағы қоқыр-соқырға толы. Сыз топырақты найзаның үңғысы, тот басқан сауыттың жұрнағы морт-морт үзіліп жатқан кісен сақинасы, орыс солдатының үлпершек сияқты су ішетін шойын құтысы, әлдебір пірәдардың қалай ұмытқаны белгісіз иір мойын жез құманы — атам заманғы бірдеңелер табыла кетеді. Анау сортаң жақ шетте күні кешеге дейін шөккен үлектің мойнындай өне бойы көк ала тат басқан мыс зеңбірек үңірейіп тұрушы еді. Кімнің ауруына дәрі болғанын, қарасы өшіпті.
Тілеу қария соның бәрін атасынан қалған мүліктей қорып жүретін. Қолына ұстаса бойына бір бусаң әлсіздік алып, дірілдеп жүре беруші еді.
— Жарықтық, қай заманның көзі екен,— дейтін ол топырақ арасындағы тат-тат темірді жеңіне сүртіп.
— Жарықтығың не, қай қарақшының қаруы екенін қайдан білесің?— дейтін анадайда ат ұстап тұрған кекілі жалбыраған қараша бала.
Тілеу иығы бүлк ете қап артына бұрылар еді. Шабдардың қыл тізгінін қыса ұстаған екі көзі шоқтай жайнаған қара сирақ неме қарашығын қақпайды. Нағашы жұрты шетінен бау кеспе ұры еді, патшағардың көзінің мылтықтың оғындай мүлт кетпей, тіп-тік қарауын,— дейтін-ді шал табан астында іші мұздап. Бізге біткеннің бәрі осылай шұнаңдап тұрады-ау. Сімсік біреудің тілі өтіп жүрмесе жарар еді,— деп ішінен кәлимасын қайырып қояр еді. Ол аспай-саспай орнынан көтеріліп, қолындағы олжасын ердің артындағы қақпан дорбаға салар еді. Сосын екі жеңін бешпентінің шалғайын, екі иығын, қос тізесін тәптшітеп қағып-сүртініп шығады да, бұлаққа барып, қалтасынан орамал алып суға малады, сонымен етігінің басын шылар еді, қатқақ жақпар сусыма ақ шағылмен астасып жатқан тұстағы жалғыз сексеуілге қарай асықпай аяңдар еді.
Бұл жолы да сөйтті. Сексеуілдің түбіндегі ойылып кеткен кемиек шұқырға жете бере тізерлеп отыра кетті. Ақсиып-ақсиып қу сүйек көрініп, үңірейіп жатқан шұңқырға қарағысы келмегендей, көзін тарс жұмып ап, дұға оқи жөнелді. Есіне баяғыда Тілепалдысы айтқан сөзі түсті. Мына қазылып кеткен қара көрде жатқан адам да беймәлім. Ол жарықтықты көзінің тірісінде ел ұстаған шешен, қол бастаған батыр, не қалтарыс торыған қарақшы екенін анық білетін ешкім жоқ. Кім біліпті, ол тіпті әлгі айтқанының үшеуі де шығар. Бір кезде қазақтың қай еркегі қолына найза ұстамап еді, қай қолына найза ұстаған еркек дұшпанының шашау шыққан жылқысын алдына сап айдап кетпеп еді. Барымтаға тәуекелі жетіп тұрған адамның алқалы жиын алдында бес-алты ауыз сөз айтуға жүрегі дауаламаушы ма еді. Оны біреу би дер, біреу батыр дер, біреу қарақшы дер. Кім болса да, ел ұстап, жер иеленіп, артында ұрпақ қалдырғасын, қалайша бабам деп бас ұрмассың. Заманында олар солай тіресіп-тістеспесе, біздердің бүгінде жұмыр жердің қай пұшпағында пышырап жүрерімізді кім біліпті! Тумай жатып ақ қағаз, көк қағаздың бәрін ақтарып шығатын арттағы ұрпағының күндердің күнінде не дейтінін ол бейбақ қайдан білсін! Өз тұсында о да білгенін жасаған шығар. Кім білгенін жасамай жатыр. Ал баяғыдағылар надандығынан шайқасып жүрсін, ал қазіргілер ше... Мұның мойнына бұршақ салып тілеп алған Тілепалдысы қайда... Тілеу осы жүргенде әлдеқашан сүйегі қуарған жеті атасының жетеуінің де моласын біледі, жетеуінің де басына барып бата тигізіп тұрады. Ал бауырынан шыққан жалғыз ұлының қайда жатқанын білмейді. Жұрттың көзінен қорқып келкештеп баққанда бір уыс топырағы бұйырмай жат жерде қалғаны ойына түседі де, сүйек-сүйегі кеміріліп көзіне жас толады. Жаюлы алақанын маңдайына апарып, көзін басып, екі иығы бүлкілдеп сәл кідіріп қалды. Кенет беймағлұм өлі аруақтың басында құран оқып отырғаны есіне түсіп, басын көтеріп, селдір сақалын бір сипап өтті.
Қамшысына таянып орнынан тұрды. Жалғыз қабірдің басындағы сида сексеуілге байланған ақ түйіншекті шешіп ап қалтасына салды. Сосын бір шоқ жидеге қарай аяңдады. Кішкене бұлақтың тұсынан өтті. Шабдар да, оның тізгінінен ұстап тұрған кекілі жалпылдаған кішкене бала да көзіне түспеді. Бұл жолы жалғыз, атсыз, жаяу келгені ойына енді оралды. Назары еш нәрсеге тұрақтамай абдырап тұрып қалды. Көз алды бұлдырап кетті. Көкірек тұсын жаншып бара жатқан соң оң қолымен сипай беріп еді, қап-қатты бірдеңеге тиді. Балта...
Есін жиып маңайын шолды. Бұлт арасынан бір көрініп, бір жоғалып кетіп тұрған күн нұрына қырық құбылған жиде ағаштарын енді байқады. Жылтыр күрең сида бұтақтардағы үстіңгі беті сұрғылт көк, астыңғы беті ақ сұр құстаңдай жылан бас жапырақтарда тыным жоқ: сылдыр-сылдыр, судыр-судыр...
Тілеудің талмау жүйкесіне со сумақай жапырақтар су бүркіп, зікір сап тұрғандай сәл-пәл жадырайын деді. Көзінің алдындағы жалқаяқ та ыдырап барады.
Иін тіресе өскен төрт ағаштың түбінде бір кезде жел ұшырып, жаңбыр үзіп түсірген гүлдері, көк түйнек бүршіктері мен кейін өте пісіп кетіп өзі үзіліп түскен жемістер ию-қию шашылып жатыр. Бір кездегі қызғылт сары гүлдер шіріп, қурап, қазір өңін ажыратып болмас күлгін бірдеңеге айналыпты. Биылдыққа ешкім аяқ ізін салмаған ағаш маңы қоқырсып кеткен. Түйе жүктеп керуен шығып жататын баяғы заман жоқ. Машина жол бір бүру. Оқтын-оқтын қақпан қарап соғып кетіп тұратын бұл үйден шықпай жатып алды. Жарықтықтарым-ай,— деп кемсеңдей күбірледі Тілеу. Қабырғасын қайыстыра шыққан осы бір тосын күрсіністі түсінгендей сусылдап тұрған бірер бұтақ төмен иіліп иығынан қағып, бет-аузын сипап өтті. Тілеу сол бір ашқылтым иіске танауын тоса түсті. Күн жеп, жел қаққан жиде жапырақтарынан көкірегіңді ашатын етене таныс кермек иіс аңқып қоя берді.
Тілеу судырласқан төрт ағаштан шетқақпай бөлек тұрған кәрі жиденің қасына барды. Сойдиып-сойдиып томары ғана қалыпты. Қалған төртеуіндей төңірегі де қоқырсып жатқан жоқ. Баласыз үйдей мұнтаздай боп жалтырап жатыр. Тілеудің көкірегі шым ете қалды. Состиған қу томарға қол көтере алмай сілейіп тұр. Жапырағынан әлдеқашан айырылған қу томардың түбіндегі көне тамырлар әбден тозып біткен көн шоқайдың бырт-бырт үзілгелі тұрған таспасындай бұдырайып-бұдырайып кетіпті. Жарықтық, жидеден жасалған домбыра даңғырлап кетпей, былпып жұмсақ шығушы еді-ау...
Қос қу бастың бірін-бірі жұбатар шаруасына қарай балта жалаңдай кірісті. Күйеуінің ырсылдап-күрсілдеп томар сүйретіп келе жатқанын көргенде Зейнептің көзі атыздай болды. Тілінің ұшына орала кеткелі тұрған оңай сұрақ отыз тістен бері аспады. Өтеу әулетінде әу бастан еркек сұрап, әйел жауап беретін. Бүгін Зейнеп сол үрдісті белден басып бірдеңе дей қалса, санына біз сұғып алсаң да үн шығармайтын Тілеудің ішінен неге жоритынын кім біліпті. Соңына қара ермей қурап қалған қу бас еркекті қатын сыйлаушы ма еді деп ойлап жүрсе қайтпекші. Зейнеп іргеге кеп дүрс еткен жиденің томарына бір көз тастады да, күйеуінің алдынан есік ашты.
Тілеу табалдырықтан аттай бере белін шешті. Тымағы мен шидемін әйеліне ұстатты. Зейнеп оларды керегенің басына іліп, қайтып кеп етігін тартты. Тілеу төрге озды. Әйелі әкеп жапқан ішікті қаусырына түсіп, иә, Алла деп есінеп алды. Исі бұрқыраған күрең шайды күтіп үнсіз отырып қалды. Ертеңіне таңертең дастарқан жиналар-жиналмаста қолына арасын ап, іргеде жатқан томарға барды. Зейнеп іштей күбірлеп қайта-қайта тәубе, тәубе деп қояды. Қақ төрде зари қауып жатып алған күйеуінің орнынан тұрып, бірдеңе шұқынғанына шүкіршілік етіп жүр. Көз түрткі боп қасында отырғысы келмей әлденені бір сылтауратып үйде отырмайды. Ағаш кеспек арқалап суға кетеді. Беліне шот қыстырып отынға кетеді. Қайтып келгесін үйдің күн бетінде киіз жамайды. Бірдеңеге айналса қашан бітіргенше басын көтермейтін Тілеу Зейнепке назар аударған жоқ. Күйеуінің не істегелі жүргеніне қапелімде түсіне қоймаған Зейнеп бір күні қоқырсып жатқан көп жаңқаның арасынан домаланып қара шанақ шыға келгенде жүрегіне әлдекім ине тығып алғандай болды. Өтеу әулетінің жай-жапсарына жасынан қанық әйел күйеуінің Тілепалдыдан біржола күдер үзгеніне енді көзі жетіп теріс қарап күлімсі исі қолқаны қауып ылжырап тұрған құрым үзікке тұқшия түсті. Алақандай кенеп жамауға ащы жас тыз-тыз тамып жатты.
Тілеудің бір апта уақытын алған домбыра жасалып бітті. Керегенің басында ілулі түр. Сабы ұзын, шанағы үлкен, қақпағы кептірген қозының қарнындай жұп-жұқа. Шешен болар сыңай танытады.
Тілеу бүгін тас түйін. Қорадағы азғантай жандығын жаңа көріп тұрғандай, ала көзінің бар сұғын аямай қадап, ішіп-жеп барады. Кенет шапшаң қимылдап, алдынан жүгіріп өте берген құрт мүйіз қара марқаны сирағынан шап беріп ұстай алды. Жетектеп әкеп оң жақ белдеуге байлады. Қалған малды ауылдың желкесіндегі құмақ төбеге айдап салды. Үйге қайтып келіп, қонышынан тастамайтын жез бунақ, мүйіз сап кездікті суырып отқа бөксесін тығып тұрған қара құманның шүмегіне тосты. Содан соң белдеудегі тоқтыны ішке кіргізді. Басын құбылаға қаратып, алақанын жайып:
— О, жасаған, аруақтарға бағыштаған ай мүйізді, аша тұяқты, жұпар иісті ақ, адал малымды қабыл ала көр!—деп күбірлеп, бетін сипады. Көтеріп ұрып, аяғын байлады.
— Бісіміллә!— деп тамақтың астынан орып кеп жіберді. Аузына берік сырбаз кісінің бауыздаған малы тырп етуші ме еді. Қара марқа тұяқты бірақ серіпті. Бауыздау қаны жан-жаққа шашырамай, Зейнеп ұстап тұрған жез шылапшынға ұйып түсті.
Бұрын мал сойғанда, Тілеу бауыздап беретін де, қара пышақты Зейнепке ұстататын. Бұ жолы қара марқаның үстіне қонжиып қонып алған. Тұрар емес, күміс соғып отырғандағысындай ынты-шынтын түгел салыпты. Қимылына көз ілеспейді. Ұшы қайқы ала кездікті бір-екі сілтеп еді — қара тоқтының басы шыптаға домалап кетті. Төрт сирақты бір-бір буыннан тартып қалып еді, бұтақ отағандай шырт-шырт үзіліп түсті. Жалаңдаған қайқы төс пышақтың жүзін жоғары қаратып екі қолдан төстікке қарай, сосын мойынға қарай бір-бір жүгіртіп еді, шайлап қалған ақ май төстік жарқ етті. Енді әлгі әлеңкі пышақ екі саннан шапқа қарай зулады, ұшы ырсиып шыға келді. Одан әрі қолымен жұдырықтап ап теріні әп-сәтте сыпырды. Сол сыңар тізерлеген қалпы мүшелей бастады. Әуелі бұғананы қақыратты, ішек-қарын мен өкпе-бауыр Зейнептің қасындағы тегенеге барып бір-ақ жалп етті. Он алты бұғана қабырғамен, екі жауырыны мен екі қол омырылды. Құйымшақ пен сегіз ара омыртқаны қосағына ап, екі сан бөлінді. Ең соңында он сүбе қабырға мен алты бел омыртқа сөгілді.
Зейнеп жүзі сұп-сұр, күйеуі мен жалаңдаған қара пышаққа көз айырмай қарап қапты. Тілеудің қара тоқтыда бір ала алмай жүрген өші бардай. Онсыз да пырт-пырт омырылып жатқан сүйектерге шүйліге тиіседі. Айналайын ата-бабаның он екі жілік, отыз омыртқа, қырық қабырғаны тап осынша тәптештеп мүшелейтіні де тегіннен-тегін емес-ті. Артындағы ұрпақ бір-біріне көз алартпасын деп, әр қайсысына бір-бір сүйек еншілеп кеткен. Ұшарын жел, қонарын сай білетін көшпелі елдің перзенті қай қара қазанда да өз сыбағам бар деп ойлайды. Сонда сыбағалы жілігі бұйырмаса, атасын атып өлтіргеннен аз тұлданбайды. Ер бала бес жаста құман ұстап қонақтардың қолына су құяды, он жастан бастап пышақ ұстап ет турайды, он бес жастан бастап табақ тартады, жиырмасында кездігін жалаңдатып табақ жасайды. Сонда ықылым заманнан келе жатқан үрдісті бұзып жілік шатыстырсаң, маңдайыңнан бұзау тіс қамшымен бір-ақ тартып, айдап шығады. Бетіне таңба түскені ештеңе емес, сені тапқан ата-ана тірілей жерге кіреді. Қара пышақтан қаусай жығылып жатқан бұл он екі жілік, отыз омыртқа мен қырық қабырға жөнін тапса, ала көз ағайынның көңілін бүтіндеп ел етеді, жөнін таппаса жүректеріне сүңгі сұққандай атыстырып-шабыстырып кетеді.
Баласына ағайыншылықтың жолын ат ұстап, табақ тартқаннан бастап үйрететін көнекөз кәрілер қақсап бағушы еді. Ең сый жілік — жамбас, одан соң — жауырын, одан соң — кәрі жілік, одан соң — ортан жілік, одан соң — тоқпан жілік, одан соң — асық жілік. Басты ең жоғарғы табаққа саласың. Құйрық май мен бауырды қиялап турап, бар табаққа жеткізесің. Он сүбе қабырғаны жоғарғы төрт табаққа, алтауын екі жауырынға, төртеуін екі асық жілікке үстейсің, қалған сегіз жілікке екі-екіден бұғана қабырға қосасың. Төстікті — күйеуге, құйымшақты — қызға, көтен-мойынды — қойшыға, ішек-қарын, талақ, бүйрек, сирақты — қатын-қалаш, бала-шағаға ұстатасың....
Ол кезде мал қазанға бір салғаннан артылмаушы еді. Сақи кісі күніне он мал сойылса да, өз үйінде жілік ұстамайтын, қонақтың сарқытын қанағат қылатын. Енді міне... Тілеу мынау самсаған сүйекті кіміне береді. Бас та — өзінікі, төс те — өзінікі, көтен-мойын да — өзінікі. Айдаладағы жалғыз үй құрым күркенің құдасы да, күйеуі де, жиені де, қойшы-қолаңы да өзі... Өз дастарханыңда өзің бата жасап, өзің бас ұстағаның — жалыңның жалаңаштанғаны. Сарқыт асатар кісіңнің жоқтығы — көсегеңнің көгермегені.
Қара пышақ манағыдай сусылдамай кібіртіктейін деді. Мынау жауырын. Жауырын қарап, бал ашатындай мұның қай бір алыс жолда жүрген жолаушысы бар... Қақшиған кәрі жілік... Мұны босағаға іліп, мал-басы аман болсын деп тілейтіндей, қай әулетіне дәулет жимақ... Шаққанда майына алақаның толатын ортан жілік... Мұны тесіп түбекке шүмек қылатындай, қай келінің жүкті боп отыр... Тілеу көкірегінде әлдене үзіліп кеткендей ышқынып қалды. Қолына асық жілік ілігіпті. Бауырың қаңсып кісіден бала асырасаң, қолына әуелі асық жілік ұстат. Әйтпесе, ата-анасы ертең күн сұрауы мүмкін.... Көзі қарауытып барады. Әбден мүшеленген тоқтыны қара теріге орай салып, орнынан тұрды. Зейнеп ащы ішекті айнадай қып тазалап жел бауға ілді. Сол тезірек дегдісе, домбыраға тағар еді. Көкірегін жарып бара жатқан соқыр нала сонда жол табар ма еді, қайтер еді...
Ерлі-зайыпты екеуі дастарқан басына кеп, өлілерге иіс қып пісірген жеті шелпектің шетінен енді ауыз тие бергенде сырттан түйе бақырды. Аңыраған әйел дауысы қоса естілді. Бата оқи келе жатқан біреу екенін бірден біле қойған Тілеу мен Зейнеп екі жерге шөгіп-шөгіп отыра кетті. Басында қарқарадай жаулық, үстінде қара жадағай, екі беті бұлтиған қара торы әйел табалдырықтан аттай сала орнынан енді көтеріле берген Зейнепті құшақтай алды. Екі әйел бірінен-бірі асыра зарланды. Оқтын-оқтын көкіректері қарс айрыла АҺ! Аһ— деп қояды. Тілеу қақ төрде қалшиып қатқан да қалған. Қасындағы екі әйелге емес, алыстағы бір айқайға құлақ түргендей, мойнын өрге бұрып, көзін кереге басындағы қамшыға тіктеп апты.
Екі әйел бір сүт пісірім дауыс айтты. Сосын иін тіресе отырып солықтарын басты. Қонақ әйел мырс-мырс жылап отырып Тілеуден амандық-саулық сұрасты. Бір уақытта барып:
— Ойбой, кебежедегі баламды алмаппын-ау,— деп орнынан көтерілді. Зейнеп өре түрегелді. Екеуі сыртта күбірлесіп жүріп түйенің жүгін түсірді. Әлденелерді дүрс-дүрс іргеге сүйеді. Біраздан соң баланың жылағаны естілді. Қолында таптұйнақтай қып ораған бірдеңесі бар қонақ әйел үйге кірді. Қолындағысын төр жақтағы төсек ағаштың үстіне, қасына апарып қойды, Сосын белін шешіп оң жаққа, Тілеуден төменірек кеп жайғасты. Басындағы бұрама жаулықты сыпырып, жеңіл шаршы орамал тартты. Қара торы өңінен, сілкіп шешіп жатқан киімдерінен күннің, желдің, түз шөбінің өз-өзінен тепсініп тұрған бір сарқылмас жігер-қайраттың лебі еседі.
Ен құмда екеуден-екеу отырған бұларға бүгін қастарына бүкіл ел көшіп кеп қонғандай болды. Зейнептің жеңгесі Жаңыл бұл ауылда бір апта жатады. Күйеуі малдан шыға алмағасын өзі келіпті. Сонау Жем бойынан іздеп кепті. Шиыршық атқан пысық неме ұйқыдан тұра сала көптен тозаң басып тұрған киіз үйдің бау-шуын шеше бастады. Күл мен көңнен таза жаңа жерге көшіріп тікті. Зейнеп екеуі қаз-қатар отырып ап, үзік-туырлықтарды түк қалдырмай жамап шықты. Теңде жатқан жүн-жұрқаны сабап киіз басты. Арқан ширатты. Айдаладағы жападан-жалғыз қараша үйдің қағылмаған, сілкіленбеген пұшпағы қалмады.
Жаңыл ертең кетем деген күні таңертең оразасын ашпай тұрып әңгіме бастады.
— Күйеу жігіт пен ерке қыз, мынау қырқынан әлі шықпаған жаман немені екеуіңе қара болсын деп алып келдім. Мырза құдайдың рақымы түсіп, ерке қыз құрсақ көтеріп жатса, бұл бесігін тербетер. Төріңде ұстаймын десең де, есігіңде ұстаймын десең де, біздің қөңіліміз баяғыдай. Ниет жақын болғанмен жер шалғай. Оның үстіне колхоздың бір отар қойының майлық-саулығында сылпып жүріп, қолымыз да тимейді. Бас ауырар, балтыр сыздар дегендей, қастарыңызда өзіміз болмағанмен, көзіміз болсын. Отыз күн бауырымды сорғызып ем, ол бұған да, сендерге де салық емес. Сендердің шаңырақтарыңның ендігі амандығынан садаға, мә, желінімді ошақтарыңа саудым,— деп демдеулі шай тұрған отқа қарай омыраулай отырды. Қайратты кісінің сыздап тұрған тырсиған қос емшегінің сүті қызыл қоламтаға сар-сар төгіліп жатты.
Зейнеп жаулығының ұшымен аузын басып отыра қалды. Тілеу қасындағы қара жастықты нығарлай бірер ырғалып қойды. Омырау түймесін қайта салған Жаңыл артында жатқан қалы қоржынды өзіне қарай тартып, екі шабуына қызыл салып тіккен жайдақ жаға ақ көйлек пен бір түйіншек алып:
— Мынау, ерке қыз, кішкентайыңа тігіп әкелген көйлегім мен көрімдігім,— деп Зейнептің алдына тастады.
Ертеңіне Жаңыл сары ала таңнан тұрды. Қайын сіңлісімен құшақтасып қоштасты. Тілеудің қолын алды. Жастық ағаштың түбінде, түндіктен күн түсіп тұрған жерде, көрпемен орап қойған кішкене құндаққа жолаған жоқ. Сыртқа шыққан соң, бұларға қарап: Ал, сау тұрыңдар!— деді де, қараша інгенді жетелеп күн батысқа қарай тарта жөнелді. Жамыраған ботаның артынан жүгіргендей, емпеңдей басады. Жаңыл мен қараша інгеннің қарасы көзден бір-бір ұшқанша Тілеу мен Зейнеп тұрған-тұрған орындарында қалшиып қатты да қалды.
Төңірекке қайтадан тылсым тыныштық орнады. Баяғы сартап ескі жұрт. Анадайда белуардан тас көтерген жер қазба мен шыр айналдыра жүзген мен шағыр үйілген тығырық қора қарауытады. Үй сыртындағы құмақ жалда қотыр тас түбінде айдаладағы жалғыз үйдің бес-алты қой-ешкісі мен енесі өріс іздеп қаңғып кеткен жарбай тайлақ аралас жайылып жүр.
Ерлі зайыпты екеуі құдды бір бөтен ауылға келген байсаубат қонақтардай өз үйлерінен өздері тайсалып тұр. Тілеу төңірекке көз жүгіртті. Шабдары көрінбейді. Көптен бері тақым тимеген тұғырдың қайда лағып жүргенін кім білсін. Көрмедің бе?,— деп әйелінен сұрауға бір оқталды да, қайда жоғалып кете қойды дейсің, ат қараған боп, айналаны бір шолып қайтайын деп жүгенін алуға үйге кірді. Оң жақ босағада керегенің басында ілулі тұрған жүгенге қолы енді тие беріп еді, ту сыртынан бірдеңе пыс еткендей болды. Артына бұрылды. Жастық ағаштың түбінде манағы кішкене құндақ жатыр. Жұтынтып шүберекпен орап қойған алақандай қызылшақа бетінде әнтек көкке әуелеп қалған келте мұрын пыс-пыс етеді. Басындағы ақ шүберек телпегінің астынан сабалақ-сабалақ майда түк жылтырайды. Шамасы, қарын шашын өздері алсын,— деген-ау.
Тілеу жүгенді ұстап ширақ басып үйден шықты. Зейнеп ауылдың алдында көлденең сұлап жатқан қара жалға қарай жай басып ұзап бара жатқан күйеуінен көзін айырмай үй алдында әлі түр. Жастар боп бас қосатын бастаңғыға асығып, ата-енесінің аттанып кеткенін күткен бала-келіндей, әлденеге шыдамсызданып тұрған сыңай танытты.
Тілеу қара жалдың басына шыққан соң төңірегін бір шолып шықты. Шабдар тұғыр көрінбейді. Әлгінде Жаңыл аттанған күн батыс жаққа қарап еді — жым-жылас. Бұл тарапқа ешкім ешқашан аяқ ізін салмағандай. Құлди жон құлазып жатыр. Сонда жаңа ғана мұнымен қол алысып қоштасқан қарқара жаулық қара торы әйел адам ба, жоқ мұның көзіне көрініп жоғалған алдамшы елес пе? Аян беріп жүрген қызыр ма... Сонда әлгі жұтынтып орап әкеп тастап кеткен кішкене құндағы ше... Әлде төр алдында басыр боп жатып алған мұның көзіне қос көрінгені ме... Тілеу ауыл жаққа бұрылды. Жаңа ғана үйдің қасында намаздыгердің көлеңкесіндей боп ербиіп тұрған Зейнеп жоқ. Тілеу басын бұға ұстап, екі қолын артына сап, ілгері аяңдады. Көптен бері сыртқа шықпаған, шыққан күнде де ештеңеге жөндеп назар салмаған ол қарашаның ауып қалғанын енді байқады. Түбін жер аршып тастаған тарамыс қара жусан терістіктің ызғарынан бүгежектеп дір-дір етеді. Жаз болса сағым шалып қырық құбылып тұрар көкжиек пердесін сыпырып алған жалаңаш терезедей құлазып қапты. Былтыр бір топ шал сау ете қалғанда жазғытұрым еді. Содан бері көктем өтіпті, жаз өтіпті, енді, міне, күз келіп, о да өтіп барады — бұл соның ешқайсысын да білмепті. Ұйықтап-ұйықтап бүгін оянған адамдай. Шыр етіп жерге түскеннен білетін мынау өңірді әрі танып, әрі танымай түр. Әне біреу мұның қақпан құратын қара қолаты емес пе... Әсіресе, күзге қарай қарақұйрық ығып кетуші еді-ау. Шамасы, құралайдың салқынының өтіп кеткені ғой. Қыбырлап жүрген ештеңе көрінбейді. О жер, бұ жерден қураған адыраспан ғана қылаңытады. Шабдар бұл аңылжыған құла түзде не бітіруші еді. Жайылса, ығы мен суы мол Жиделі тепсеңге қарай жайылмай ма?.. Тілеу бетін солай қарай түзеді. Шынында да, тағы болып кете жаздаған саяқ тұғыр су жақтан келеді. Аяғы бос. Құйрық-жалды ошаған басып кеткен. Тақым тимей жылтырап семіріп апты. Мұны көргенде анадайдан құлағын қайшылап едірейіп біраз тұрды. Бірақ қасына барғанда тырп еткен жоқ. Тек жүген сылдырлағанда ғана жылтыр сауыры көл бетіндей дір ете қалды. Тілеу шабдарды жетелеп үйіне қайтты. Тайпақ тепсеңнің қақ ортасына қонжия қонған қоңыр үйден күздікүнгі сілтісі мол бұта отынның күңірсік бұйра түтіні будақтайды. Күнде күйеуі бір жаққа кетсе болды, бір кіріп-бір шығып тыным таппайтын Зейнеп бүгін тырп етпей үйде отыр. Тілеудің көңілі біртүрлі қоңылтақсып қалғандай болды. Шабдарды ауылдың желкесіне әкеп тұсады. Сосын үйінің қасына кеп біраз тұрды. Шиден тоқыған шымыраулы есіктің шалғайын бұрынғыдай емес, жүрексіне көтерді. Қол басындай қызыл шақаны алдына алып тосып отырған Зейнеп бұл келгенде тырп етпеді. Тілеу өзі шешініп, шидемі мен тымағын керегенің басына өзі апарып ілді. Екі етігін дүрс-дүрс оң жаққа тастап, қақ төрге барып қаздиып отырды. Жел қақты бетін бір сипап өтті. Зейнеп тіпті бұл жаққа көз жүгіртпейді де. Қолындағы сәбиді қайта құндақтап, орнынан еппен көтеріліп оюлы жастық ағаштың етегіндегі жер төсекке салды. Жас баланың пысылдақ демі қайта естілді. Зейнептің күйбеңі көбейген. Әлденелерді жуды, әлденелерді күн жаққа апарып ілді. Тырп-тырп кіріп-шығып көп жүрді. Әнеукүнгі сойылған қызыл марқаның бір пұшпағынан емізік тікті. Бақырашқа сүт пісірді. Оны қанжылым қып суытты. Әлгі емізікке құйды. Құндақты қайтадан алдына алып сүт берді. Әйтеуір бұрын Тілеу келгенде бұрқылдап әзір тұратын шай бұ жолы тым ұзап кетті.
Содан былай Тілеу мынау қоңыр үйде өзін бөтен біреудей сезінетінді шығарды. Қасы мен қабағын бағып отыратын кемпірі тауып алған күнәкар әйелдей бұған бір түрлі қымсына қарайтын болыпты.
Апырай, жеті атама түгел мирас таз телпекті менің де кигенім-ау!— деп ойлайды Тілеу қап-қараңғы түнде қап-қара түңдікке қасқая қарап жатып:—Құлазыған бауырымды алла жарылқамағанда, адам жарылқағаны-ау....
Сонау жүректің астынан лып көтерілген өттей ащы бірдеңе алқымына кеп тіреледі. Шалқалаған қалпы жата береді. Қараңғы үйдің ішінде бұның да, кемпірінің де сесі шықпайды. Араларындағы кішкене құндақ қана дамылсыз пырылдайды.
Бір күні таңертең Зейнеп төсектен күндегідей емес күйзеліп өрді. Шай үстінде де қабағы ашылмай тұйық отырды. Дастарқан жиналғасын, қалған жылы суды төкпей:
— Шал, кішкентай бүгін қырқынан шығады. Қарын шашын алмайсың ба?— дегені. Ұстарасы мен қайрағын алып берді. Тілеу ілгері иіліңкіреп, қайрақ тасқа бір-екі түкіріп қойып, ұстара қайрай бастады. Зейнеп құндақты әкеп алдына салды. Бірінші рет ұстағаны еді. Қолы қалтырап, пысылдап жатқан қызыл шақа сәбидің басына ұстара апара алмай дағдарып қалды. Сосын: Біссімілә!— деп, Зейнеп жібітіп қойған майса түкті бір сыпырып өтті. Көзі жұмық қызыл шақа иегін кемсеңдетіп бауырына тығыла түсті. Омырауын бір жылы толқын көміп барады. Зейнептің әлгінде ғана шытыңқы қабағы жазылыпты. Әжімі қалыңдай түскен ақша маңдайда бір ерекше жарқыл түр. Күйеуінің тізесіне ширатыла түсіп жатқан бұйра шашты ап, қолындағы бір шаршы орамалға түйіп отыр.
— Әлгі суылдаққа да тиылым бола қалғанын қарашы,— дейді Зейнеп.—Бұл күшіктің ит көйлегін кім алып қашар екен...
Тілеу кемпірінің таң атпай неге күйзеліп жүргеніне енді түсінді. Үйіне құдайдың ен итінің біреуін ұстамағанына сонда өкінді. Көптен бері ашылмаған жағы сонда ашылды.
— Қиналма, кемпір. Өзім алып қашамын,— деді. Ірге жақтағы етігін алып кие бастады. Теріс айналып кеткен Зейнептің көзінен кішкене құндаққа бірер тамшы секіріп түсті. Қайта бұрылғанда заманында көрікті әйелдің миығында күлкі тұрды.
Әуелі Тілеу шықты. Оған ілесе бір қолында құндақ, бір қолында домалақ түйіншегі бар Зейнеп шықты. Кішкентайдың да жарық дүниеге атап шығып отырғаны осы. Иә, ата-баба!— деді Тілеу маңдайын құбылаға бұрып. Сосын кемпіріне қолын созды. Зейнеп ит көйлекке оралған түйіншекті ұстата берді.
— Біссімілла...
Қапелімде отырған орнынан қозғала қоймайтын Тілеу екі қолын бауырына алып бүлкілдей жөнелді. Артында кішкене құндақты қыса ұстаған кемпірі келеді. Шіркін-ай,— деді Тілеу.— Төңірегі мынадай аңылжыған айдала болмай, бірінен-бірі асырып ақ үй тіккен ызғындай ел болса ғой. Кемпір кеше кештен бері ертең балам қырқынан шығады деп хабар шашып қоймас па еді. Көршілердің баласы мына күн шығар-шықпастан бұлардың үйін кеп қамамас па еді. Мынау қызыл шақа иненің кезінен өтетіндей етіп, жүйрік те жылдам болсын десе маңайдағы ең тәуір тазыны, төңірегіндегілерге айбынды, азулы да қарулы болсын десе, ең жақсы жаубасар төбетті тауып әкеп, бір тентек тайдай тулатып ұстап түр мас па еді. Ауыл-үйдің үлкенін түгел жиып, алдарына дастарқан жайып, баталарын алып, қаумаласып сыртқа шықпас па еді. Арпалысып тұрған арланның мойынына ит көйлекті апарып байламас па еді. Сонда жаудай жағаласып тұрған ит бірақ атып жоғалар еді. Ауылдан шығандай шығып маң далаға маңып-маңып берер еді. Өкшелері жылтыраған өңшең қара борбай соңынан қиқу салып қуа жөнелсе-ай... Ұзай берсе, ұзай берсе... Көз талдырар сағымға сіңсе барып... Баланың адымы ұзын, сапары оң болады екен. Әлгі ит шығынып кетті ғой,— десе, күн беттегі көздері жасаурай сығырая қарап тұрған қариялар. Жүрген жері жиын-той болады екен. Қуғыншылар көп болды ғой,— десе, иегі қалтақтаған кәрі әжелер. Әне, әне, қуып жетіпті. Қайтып келеді!— деп шу етсе, ауылдың қысқа адым қара домалақтары. Апырай, қуып жеткен біздің жаман қара болғай да. Ит көйлегін шешесіне тайға сатар ек,— десе алдымен сөйлейтін алпауыз қатын. Тайды айтасың, менің балам қуып жетсе, ит көйлектің ақысына қайнағаға күмістен қапсырмасы мен алқа соқтырам,— деп қосарланса, көзі жайнақтаған сәнқой қатын. Біздің ұзын сирақ тұрғанда кім қуып жетуші еді. Айтпады демеңдер, ит көйлекті шешейдің түлкі ішігіне сатам,— деп қыстырылса, алдын орап кеткендерге шамырқанған дәукес қатын.
Түйіншектің ішіндегі дәмді жол-жөнекей жеп алып, ит көйлекті төбелеріне желбірете көтеріп қара сирақтар да жетер еді. Сол арада олар кемпірімен тұра қалып саудаласар еді. Олар қалағандарын алып жөніне кетер еді, қалғандары опыр-топыр үйге кірер еді. Енді еркектер жағы өжеңдессін кеп. Нәрестенің қарын шашын аламыз деп жолға таласып тұрып алсын ырғасып.
— Батыр болсын десеңдер, аруақ аттамаңдар, жол менікі,— десін біреуі ежірейіп.
— Оқ көмей, орақ ауыз би болсын десеңдер, біздің бабалардың аруағын сыйлаңдар,— десін екіншісі шіреніп.
— Ырыс пен дәулет бітсін десеңдер, бабам бабаңның асына елу қой, бес тай, бес саба апарған маған жол бересіңдер,— деп күдірейсін үшіншісі.
— Ау, ау бармағынан бал тамған, қылышынан қан тамған өз тұқымы кімнен кем. Бәрің де емес, әкесінің өзі алсын,— деп қыстырылсын кетік тіс, көбік ауыз бір жалбақай.
— Қой, онан да кесігін үлкендер айтсын,— деп тоқтатар еді сонда біреуі көздері қып-қызыл, кеңірдектері сала құлаш өңшең даукестерді...
Құлағына абыр-жабыр үн келе ме қалай. Біреулер қарқ-қарқ күлісе ме қалай. Төңірегіне көз тастап еді — сол баяғы құлазыған құмақ жон. Әр жер-әр жерден ара кідік қарауытқан селдір итсигек. Қалбалақтап алдарына түсіп алған өзінің ерең-серең көлеңкесі. Шөп басын дірдектетіп ызғырық жел тұрыпты. Балаға суық тигізіп алмаса жарар еді. Құндақ құшақтаған кемпірі көш жерде қапты. Ауылдан қара үзіп шығыпты ғой. Осы да жетер.
Тілеу аяңға көшті. Жүрегінің атша тулап тұрғанын енді барып аңғарды. Жолын кес-кестеп келеке қып келе жатқан ербең көлеңке де жүрісінен жаңылып қалтақтай береді. Кемпірі қуып жетіп қолындағы түйіншекке жармасты. Кемпір, шал, өз ит көйлегін өзі қуған қызыл шақа сәби аяқтан тартқылаған майса құмақ пен кеудеден итермелеген өкпек желден діңкелері құрып, қара тепсеңде қараусыз қалған құрым үйге сүре жығылды.
Тілеу енді кішкене құндаққа назар аударатын болды. Бір жаққа барып қайтса, табалдырықтан аттай бере, жастық ағаш жаққа көз тастайды. Пыс-пыс тәмпіш мұрынды көрген соң барып, белін шешеді. Бірде шаңыраққа қарап жатқан кішкене жанар есіктен ебіл-себіл кіріп келген Тілеуге түспесі бар ма? Қаудырлақ тонынан, қалқиған тымағынан, мұз қатқан сақал-мұртынан қорықты ма? Шарасынан шыға адырайып кеткені. Бұл жалма-жан теріс айналды. Содан бері табалдырықтан аяғының ұшынан басып әрең аттайды. Бұл үйдің ендігі әміршісі — сол жұдырықтай қызыл шақа: Сол оянып кетпесін. Сол шошымасын. Соның қарны ашпасын. Соған суық тиіп қалмасын...
Зейнеп те іске шұқынғанды ұмытты. Түздегі шаруа түп-түгел Тілеудің мойнында. Малды сол қарайды. Отынды сол әкеледі. Қораның астын сол аударады. Қорбаң-қорбаң кіріп шығады да жүреді. Бұрын қаңтар туа-ақ төріне біреу қоламта төсеп қойғандай отыра алмайтын. Қолдарындағы он шақты жайдықтың шаруасы әйелінен ауыспайды. Булықтың аузында тұрған сүмелек ысқа телміріп қашанғы жатады, оқтын-оқтын атына мініп бір ауық төңіректі кезіп қайтады.
Сары аяз бен аппақ қар бұл маңайдағы тіршілік сыбдырын түп-түгел жұтып қойғандай. Жым-жырт тыныштық құлағыңды жеп, миыңды зеңітеді. Сол бүкіл алқапты албастыдай айқара басып жатып алған тысым тыныштықты күтірлете уатып, өз-өзінен тіс қайрап, айбат шеккен күртік қарды күрт-күрт омырып, о қыраңға да, бұ қыраңға да көтеріліп, жан-жақты шолып ұзақ тұрады. Көзіне ештеңе ілікпейді. Көл-көсір далиған тұлдыр кеңістік бедірейіп жатыр. Егер басы қарайып бұл жүрмесе, мынау ұлан-асыр жазира тырп еткен тіршілік нышаны жоқ, ақ кебінге орап тастаған өлі мүрде сияқты. Ауық-ауық бір сенделіп қайтпай, үйде бұғып жатып алса, күпірлік бірдеңе істеп қойғандай, қараптан-қарап отырып, көңілі күпті болатыны да сондықтан-тұғын. Оған өзінің осы бір беталды құладүзге қаңғып-қаңғып қайтқаны сонау қара жердің астында әлдеқашан сүйегі қурап қалған ата-бабаның көздеріне түсетіндей көрінеді де тұрады. Олар мұны қашан сыртқа шығар екен деп тосып жататындай. Бұл шыққанда тұяғымыз бар екен ғой, тірі екен ғой, баяғыда қанқасап боп кескілесіп жүріп иеленген ен қонысқа ие боп жүр екен ғой деп, орындарынан бір-бір аунап түсетіндей. Егер мынау ұшан далада өз ұрпақтарынан ешкімді көрмесе, аруақ екеш аруақтар да: Апырай, аз күн тіршілігімізде ел деп, жер деп шыбын жанымызды шүберекке түйіп, талай-талай тәуекелге бел буғанымыз, ұрпақ татар ырзық пен ұрпақ көрер қызық үшін деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимей күні-түні тыртаңдағанымыз құр бекер әурешілік болғаны ма,— деп апшып қалатындай. Ақ тауды айырып, қара тауды қайырмағанмен, қой соңында кіш-кіштеп жүрсе де, ата мекенінде басы қарайып ұрпағы жүргенінен ғанибет не бар дейсің?! Ендеше мұның темір тықытып, қақпан қарап, азғантай жандықты қайырмалап, кіріп-шығатын бей-берекет қыбыр-жыбыры да мынау түк көрмегендей бедірейіп жатқан бейтарап кеңістіктің бетіндегі ең бір мағыналы іс болғаны ғой. Балалардың арттағы ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұрасы тіршілік алдындағы адалдықтан асқан қандай ерлік керек! Ешкімнің ала жібін аттамай, өз ырзығын адал айырған күнделікті үйреншікті бейнеті күйбең тіршілік деп күпсіп сөйлейтініміз бекер екен де. Дүниенің берекесі әркімнің өз отан, өз шаңырағы, өз өлең төсегінде үбірлі-шүбірлі өз әулетінің қамын жеп, басқаның бағы мен ырзығына көз алартпай, өз нәпақасымен өзі боп, өз күйбеңімен өзі жүргенде емес пе. Әр пенде әуелі өзінің қарақан басының қамын осылай адал күйттемесе, мынау қара жердің етіне ештеңе түспес еді. Арттағы ұрпаққа, ең болмаса жарық дүниенің бас-аяғы сенің, бір кішкентай ғұмырыңмен тамамдалмайтынын, қарап жүріп тынысың тарылып, пенделіктің буына піскеніңде сенен бұрын да талай екі аяқты өткенін, сенен кейін де талай екі аяқты мына сенің кебіңді киетінін есіңе салып ашқарақ нәпсіні қанағатқа, адасқақ көңілді тәубаға шақырар мола екеш мола да қалмас еді. Шіркін, тек тышқан екеш тышқан да тірнектеп жиған ырзығын төлімен бірге бөлісіп жатқанда адал теріңді төгіп тапқан дәм-тұзыңның шетінен жырып беріп өсіріп, ертең қара жер бетіндегі өзің бітіре алмай бара жатқан көп күйбеңді аманат етіп артыңа тастап кетер перзент ермегені осы жүріс-тұрысыңның бәрін қара суға теріс аққандай түк мәнсіздендіріп жібереді екен.
Ол жер кепесіне еңсесі жығылып, бір түрлі құлазып оралар еді. Сосын тағы да біраз уақытқа дейін үйінен бір қадам аттап шықпай бүк түсіп жатып алар еді. Ал қазір таңның атуы, күннің батуы таусылмайтын жыбыр-жыбыр жүріс. Бұрын бір шыққан соң қашан күн кешкіргенше жоламай қоятын жер қазбасына енді қайта-қайта бас сұққысы келеді де тұрады. Бір келсе кемпірі қазандықтың алдында шылапшынға қызыл шақаны тосып отырады; қайта оралып соқса қызыл шақаны тыр жалаңаштап құйрық маймен сылап отырады; тағы бір бас сұқса, қызыл шақаның тәмпіш мұрнын көкке беріп пыс-пыс ұйқы соғып жатқаны...
Бір күні қораның сыртынан ақ қала үйіп, үйге кірсе Зейнеп баланы алдына алып емізіп отыр. Маңдайынан шып-шып тер көрініпті. Тұмса босанған келіншектей ду қызарып, омырауын қалқалай берді. Қызылшақа да қарақұлақтанып қалыпты. Бұған қарап қызыл иегін көрсетіп, ыржиып күлетінді шығарыпты.
— Тфу, атаңа нәлет жаман неме...
Аузын жаба қойды. Жас бала мен жас ботаға назар тоқтатпаушы еді. Күміс соққан сұп-сұр немесің, сенің көзіңнің сұғы бар шығар,— дейтұғын Күдері. Сол есіне түсіп, дереу еңкейіп, кебеже астынан бірдеңе қарап кетті.
Сол жылғы қыстың қалай өткенін де аңдамапты. Бір күні жердің қарайып қалғанын көрді. Енді бірде атын көздей шықса – баурайларға тебіндеп көк бітіпті. Кішкентай екі қолын ербеңдетіп төр алдында отырады да қояды. Сырттан бұл кіріп келгенде, қапелімде көзі бұрыштанып кетеді. Сырт киімін, бөркін шешкенде барып таниды. Ыржың етіп, ернін бұлтитып, тоқтық тартады.
Ол бір құдайдың берген жылы болды. Қолындағы жеті саулықтың үшеуі егіз тапты. Өмірі еркек боталайтын інген қаңбақтай елпілдеген ұрғашы бота туды. Құм арасының бидайығы мен еркегінен ұсақ жандық көрінбейді. Тұмсығыңды қайда тоссаң да — өн бойыңды елтітер рақат иіс келеді. Тәубе, тәубе!— дейді Тілеу.
— Бәрі де мынау жаман неменің ырысы ғой! Жаман неме мұны қапысыз танитын болды. Таң атпай жатып бесіктен шешіледі. Таң атпай жатып мұның қойнына салынады. Кіп-кішкене саусақтарымен сақалына жармасады. Бұл тамағына мұртын тигізіп қытықтаса, сылқылдап күледі. Содан алдынан түспейді. Шаруасы болып, сыртқа шығып бара жатса, қыңқылдап жылап қалады. Содан ба, Тілеу бір жаққа барса, қашан үйіне жеткенше асығады. Кірсе-шықса:
— Тфә, тфә! Тек аман болғай!— деп іштей тәуба қылады. Шілде түсе күн қатты ысып кетті. Майса құмақ қоламтадай күйдіріп аяқ басқызбайды. Үй іші құрым сасып тұр. Зейнеп бесіктің маңына қайта-қайта су шашады. Бірақ ә дегенше кеуіп қалады. Бір күні сәби қатты қызулап шықты. Өн бойы албырап, екі көзін аша алмады. Ана сүтінен ерте айырылып, емізік емген әлжуаз нәресте шілде түспей ауалап қалған түрі бар. Әзер-әзер естілетін ыңқылдақ дыбыс сай-сүйегіңді сырқыратады. Тілеу үйге сиып отыра алмай, сенделіп кетті.
Үй сыртындағы шошаладағы көп қақпанды қанжығаға өңгеріп ауыл алдындағы ажырығы қалың қара қолатқа тартты. Қарақұйрықтардың суға келетін жолы мен талма түсте көлеңкелеп жататын қалқа-қалтарысына қақпан құрды. Ол жылы аң да ығып кеткен-ді. Тілеу қанжығасындағы қақпандарды түгел құрып біткенше, екі құрт мүйіз текешік қанды ауызға ілігіп те үлгерді.
— Шүкір-шүкір!— деп қойды Тілеу, екеуін бұлқынтып тірілей бөктеріп жатып. Түс қайта үйіне жетті. Кішкентайды тыр жалаңаш шешіндірді. Тілеу төрт аяғын тас қып буған қарақұйрықты тас төбесіне көтеріп апарып, кеңірдектен орып кеп жіберді. Сау ете қалған бауыздау қан жас баланың тәні не тигенде күйген бауырдай дірдектеп ұйып түсті. Сосын желіркемейтіндей қып қымтап орап, төр алдына жатқызды. Сол-ақ екен, ерні кезеріп жатқан кішкене сәби бұршақ-бұршақ терлесін-ай кеп. Тілеу жұдырықтай торсық шекеде шүпірлеп өз-өзінен өніп жатқан мөлт-мөлт мөлдір тамшыларға емірене қарап қояды. Қозының қаны жас балаға ауырлау еді. Қарақұйрықтың жылы қаны тұла бойындағы қызғынды қазір-ақ сорып алады. Екі текешікті енді жайғарып бола бергенде құдай айдап Күдері келе қалғаны. Амандық жоқ, саулық жоқ, бірден:
— Биыл шөп бітік. Алла қосса, колхоз екі жылдық пішенін бір-ақ жиып алады,— деп күпілдей кірді. Таба толы қызыл шоқ пен дызылдаған қара шайнекті орталарына ап, шайға отырысып еді, үй сыртынан тағы да дүсір шықты.
— Ау, хабарласқандай кім бар?
— Е, кім болсаң да, кіре бер!— деді аузы жылдам Күдері, үй өзінікі еместігіне қарамастан. Дүрс етіп әлдекім аттан түсті. Ши есік серпе ашылып, жалбыр құлақ қара тазы салаң етіп кіріп келді. Сол бетімен төрге атылып, Күдерінің қасына жер бауырлап жата кетті. Маңдайшаны иығымен іліп әкетердей боп еңгезердей біреу кірді.
— Ассалаумағалайкүм!
— Әлікісәлем! Сәлемші болсаң төрге шық. Бейтаныс қонақ итінен төмен отыра беріп, солқ еткізіп етігін шешті, зірк еткізіп босағаға тастай салды.
— Бәйбіше, әне бір ағарып жатқан изеннің күлі-ау. Бері әпкелші өзін,— деді тостағандай қып-қызыл көзін табадағы шоққа қадап. Іші бұлтиған көк қалта суырды. Алақанына темекі төкті. Оған шыны аяқтың түбіне салып ұсынылған изен күлін қосты. Үстіне бір түкіріп, нәп-нән бас бармағымен алақанындағы насыбайды тысырлатып үге жөнелді.
— Иә, қайырлы қоныс болсын!— деп қояды арасында.
— Айтқаның келсін! Зейнеп шай ұсынды. Қонақ денесі секілді төртбақ шомбал басын көтеріп, шардай бетін екі самайдан төмен тұтаса орап жатқан тып-тығыз бұйра қылшықты опыра-жапыра бір сипап қойды.
— Бәйбіше, кідіре тұр. Жоқ қарап жүріп соққан қазақтың да екі шай, бір ет сыбағасы бар шығар. Маған қарамай іше беріңіздер. Аман болса өзімнің сыбағалы шайым да келер,— деп қолындағы насыбайды аузына бір-ақ ытқытты.
Зейнеп аң-таң. Тілеудің астыңғы ерні бір бүлк етті. Күдерінің қитықтанып қалған сыңайы бар. Оған қарап жатқан күйек сақал жоқ, арқасын жүкке тіреп жайлана жайғасты. Иық тұсынан тілін салақтатқан қара тазының тұмсығынан қағып әрі бұрды. Иті іргеге жата кетті. Тілеу мен Күдері шай сораптайды. Бейсаубат қонақ аяғын қапталға созып, Иә, аллалап есінеп қойды.
Жаратылыс мына мейманды жаратқанда я мынау Тілеуге ұқсап, іштей масаттанып, я мынау Күдеріге ұқсап қырыстанып отырған түрі бар. Не де болса, ол онша қырнап, жонып, егеп, безеп әлек болмаған, олақ қатын иірген домалақтай домбалдай, доғалдай салған. Кеспектей-кеспектей екі аяғы жер-көкке сияр емес. Бүкіл оң жақты бір өзі толтырыпты. Денесі де сол қос кеспектің үстіне қонжита салған зілбатпан қанар сияқты. Ал енді домбал денеге қондырылған домбал баста да дұрыстап мүсінделген ештеңе жоқ. Ат шаптырым ай жазық маңдайды қиған жомарт табиғат мұрынға келгенде сараңдығы ұстапты. Келте мұрынға тап анадай кең танаудың керегі қанша еді?! Таңырайып қапты. Алақандай екі көзі өңменіңнен өтіп барады. Үй ішіндегілердің не ойлап отырғанында шаруасы жоқ, табалдырықтың алдына оқтын-оқтын түкіріп қояды. Шыны аяқты әуелі Тілеу төңкерді. Сосын біраздан соң барып Күдері төңкерді. Қырыстанып отырған Күдері енді оспадарсыз мейманнан сөз тартқысы келді.
— Иә, қонағым, таныса отырайық, ныспың кім, қай ағайынсың?
— Жөнімді сұрамай, тегімді сұрап, құда түсейін деп пе ең?
— Айтпай-ақ қой, таныдым. Адыраңдағаныңа қарағанда, адай екенсің.
— Дәл өзі.
— Ендеше, түйе жоғалтып жүрген шығарсың?
— Жоқ, құм арасында кесіртке санап отырған әлімнің жаман екі шалына сәлем бере келдім. Тілеу мырс етті. Күдері күреңітіп алды.
— Әлім, немене, жиенің бе еді, нағашың ба еді?
— Болса болар да қояр. Қалмақ пен түрікпеннің қызын атына өңгеріп жүрген біздің ауылдың шалдарының есіндегі әлімнің қызына қырындамады дейсің бе? Енді Күдерінің де мұртына күлкі үйірілді.
— Біздің шалдар да есесін жібермеген сияқты. Жарықтық біздің шешеміз де адайдың қызы еді.
— Тәйт әрі... Бізге біткен жиен сен секілді айран жалаған мысыққа ұсап жылмиып тұрмайды. Баяғыда екі теңіздің арасын ереуілдеткен Есетің бар емес пе, біздің жиен, әне, сол. Шынтақтап жатқан Күдерінің иығындағы шапаны төмен сусып кетті. Селк-селк күледі. Ал таңқы танау қонақтың былқ етер түрі жоқ. Быжылдаған қара шайнектен мұрныңды жарып әдемі хош иіс бұрқырайды. Күдері қайта тұрды. Қайтадан дастарқан жасалды. Қонақ ыстық шыны аяқты үш саусағының ұшына қондырып ап ысылдап тартып отыр. Әуелі көзінің айналасы тершіді. Содан соң желкесіндегі құж-құж жылғалар дымдана бастады. Бір уақытта барып ай тақыр маңдайда мөлт-мөлт шыға келген көп тамшы бір-біріне қосылып төмен шұбырды. Бөркінің ішіне салып алған көлдей орамалымен қайта-қайта сүртіне береді.
Жаңа ғана қанып алған Күдері қашанғы ішсін. Шыны аяғын төңкеріп, төрге шегініп, шапанын иығына тартып, қайта қисайды. Әрі жатты, бері жатты, бір уақытта:
— Ау, нағашыеке-ау, көнің кеуіп қалыпты ғой,— деді. Таңқы танау қонақ үндемеді. Күдері енді Тілеуге бұрылды.
— Апыр-ай, бұлардың түйелері қанша су ішсе, өздері сонша шай ішеді деген сөз рас екен-ау. Қонақ терін сүртіп жатып, бір мырс етті. Бүйірлі қара шайнек сарқылғанда барып, алдындағы дастарханның шетін қайырды. Қонышынан шақша суырды.
— Ау, алдыңа жайылған дастарханға батаң қайда? Баяғы Ізім шайырдың Қашағанменен айтысқанда: қор болған адайларға есіл намаз деп жүргені рас болмасын. Құдайдан бір күн бұрын туған біздің нағашыларымыз бата-сатаңды неғылсын,— деп Күдері тағы қағытты.
— Шайыңа бата жасатып, қазаның шағылып отыр ма? Қара қазанның буынан басқаға батамды тәрк етер жайым жоқ.
Тілеу көзінен жас аққанша күліп, селкілдеп жатқанда, қонақ тағы да бір алақан насыбайды, тіліне басып үлгерді. Күдері жамбастап жатқан да қойған. Кеңірдегі сорайып, қаққан қызықтай қадала қалыпты.
— Нағашыеке, сіздерді қыздан туған деген не әңгіме? Таңқы танау қонақ көзінің қиығына қуақылық жүгіріп, шырт түкіріп қойды.
— Жалбыр балақ, саба құрсақ жаман қатыннан туғаннан құдай сақтасын. Тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп, қыздан тусақ, несі айып? Өздеріңіз шығарған өсекке өздеріңіз сенсеңіздер, оң жақтағы апаларыңа ие бола алмаған ата бабаларыңызға өкпелеңіздер. Шаңырақ кенжеге қалатын үрдіс бойынша Бекарысқа, одан байұлына, байұлынан адайға қалған алты алаштың шаңырағына сөз тигізсеңіздер одан біздің неміз мұқайды,— деп алақанындағы насыбай күлін алашаның бір пұшпағына үйкеп қойды.
— Қой, нағашыеке, саған дауа жоқ екен. Сені қағытам деп отырып, аруаққа тіл тигізіп алармыз. Әрі бармай-ақ қоялық.
— Қойсақ, қоялық...
— Жол жүріп келесің ғой, тыныштық болады дей ме, не естігенің бар?
— Сендей қыршаңқылардың көзі құрымай тұрып, тыныштық болушы ма еді. Бір елде соғыс болып жатыр деді ғой балалар.
Тілеу селк етіп басын көтеріп алды. Күдері келелі әңгімеге енді жеткендей қомданып отырды.
— Осы Чан Кай Шиден хабар болмай кетті ғой?
— Шортуым біліп пе?— деді қонақ.— Ананы ұстайтын қайсың едің. Иегімен керегенің басындағы домбыраны меңзеді.
— Ойбай, нағашыеке-ау, қатыны екеш қатынына дейін қолындағы оқтауын домбыра қып сабалайтын сіздің ауыл тұрғанда біздің қолымызға домбыра жараса ма? Мә, сіз тартыңыз. Күдері ұшып тұрып домбыраны әперді. Жасалғалы қол тимеген қара домбыра құлағы босап, тиектен әлдеқашан ада бопты. Таңқы танау қонақ қамшысының қайыс сабынан кесіп ішек жасады. Оң қолының сұқ саусағымен тыңқ-тыңқ шертіп құлағын күйге келтірді. Әрлі-берлі жүгіртіп пернелерді тексерді. Аузындағы насыбайын тастады. Жеңін шынтағынан асыра шиыршықтап түйіп алды. Аяғын жиып, малдас құрды. Қара домбыра еңгезердей қонақтың бауырына кіріп, сүңгіп жоғалды. Қоңыр әуез сытыр-сытыр жауған күзгі жаңбырдай сүйек-сүйегіңді үңгіп барады. Қонақ қолындағы домбыраға да, қасындағы адамдарға да көз салған жоқ. Мойнын орағыта, тердің алдындағы қара тазыға ежірейе қарады. Қара тазы күйге елтігендей қызыл тілін салаңдатып, көзін жұмып-жұмып қояды. Жыбырлақ Күдеріге де пәтуа біткен. Сөзден де, қимылдан да тыйылған. Тілеу, сірә, тым-тырыс қалпы. Құндаққа еңкейген Зейнеп те, құндақтағы кішкентайда да үн жоқ. Мына бір әдемі сазға үн қосқысы келгендей сыртта құс шырылдайды.
Сүйекті үгіп бара жатқан майда саз басқа әуенге ауысты. Қонақ мойнын енді от жаққа қарай бұрды. Жалба-жалба қабағының астында бұғып жатқан ала көз ұясынан шыға ежірейіп барады. Қос ішекке төпелей тиген батпан саусақтар қара жер тітірердей алапат үн тірілтті. Күйшінің шеке тамырының бәрі-бәрі бадырайып ойнап-ойнап шыға келген. Манадан бері бөксесін қара жерге қадап қойып отырған еді ол, енді тиектің дәл түбінен сонау құлаққа қарай қолын құлаштай жүгіртіп бара жатып оң жамбасына, содан қара шанаққа қарай қайтарып келе жатып сол жамбасына ауып-ауып түседі. Екі көзін алартып, мойнын ілгері салып, өңмеңдейді-ай келіп. Әлгінде ғана Күдеріге тесірейіп отырған екі көз енді Тілеудің бет-аузын тінткілей жөнелді. Төрде отырған қонақ әп-сәтте табалдырыққа жетіп үлгеріпті. Сала құлаш мойны домбыраның үстіне түсіп кеткен. Өжектеген өткір күй безек қағады. Екі жамбасына кезек құлап, екі қапталына кезек ежірейген күйші төрдегі орнына қайта келді. Үй ішіндегілер арбалған торғайдай көз айыра алар емес.
Безілдек күй тепсініп-тепсініп барып басылды. Ақ тер, көк тер домбырашы маңдайын сүртті. Күйге ұйып қалған үшеу қапелімде тілге келе қоймады. Біраздан соң барып Күдері сөйледі.
— Апыр-ай, нағашыеке-ай, қолыңыздағы найза емес, домбыра болғанына шүкір! Әйтпесе, әлгі ежірейген кезіңізде зәремнің зәр түбіне кеткені!— деді. Домбырашы бір осқырынып, шақшасын алды. Сол екі ортада қазан да түсірілді. Үйді былбырап піскен жас еттің исі жайлады. Еттен соң тағы да шай ішілді. Сол шайдан соң барып еңгезердей қонақ жоқ қарап жүргені есіне түсті білем:
— Олай-бұлай жүргендеріңде бөтен түйе көздеріңе түспеді ме? Қызыл мая. Түс аруана емес, шатыс. Мойнында байланған кәрі жілігі бар. Сетік тұмсық. Атты адам көрсе, едірейіп айбат шегеді,— деді.
— Қашан жоғалып еді?
— Былтыр күзде.
— Ендеше, ол әлі күнге бұл құмда қайдан жүрсін. Әлдеқашан бұйрығыңды қатқылға шығып кетті ғой. Атыңды енді бір күн терлетсең, Ұлы Құмның терістігіндегі Жыланды таудың ащы бұлақтарынан тауып қайтасың-ау!
Күдері жол сұрасаң, жоқ сұрасаң көзі жайнап қоя береді. Жасында талай-талай қала шыққан. Колхоз жаңа ұйымдасқан кезде азғантай атқа мінгені де бар. Осы кезге дейін шалғайдан қора салдыратын, құдық қаздыратын шаруа шықса, оған да тізгін тиіп қалады. Қандай тас қараңғы түнде де апарам деген жеріне адастырмай апарады. Желге қарайды, жұлдызға қарайды, шөптің исіне қарайды, тіпті жата қап топыраққа тілін тигізіп көреді, әйтеуір.
Сонау өзен бойындағы колхоз Ұлы Құмның қиян түбіндегі осы шабындыққа Тілеуді қалдырды да, құм мен қатқылдың арасындағы азғантай базаға Күдеріні қожа етті. Күдекеңнің осы иен құмның бір өзі секілденіп күдірейіп бейсаубат машина көрсе, артынан шауып, кузовында не бар екенін тексеріп алмай жібермейді. Алда-жалда бір құшақ пішен тасылса — қызыл шатақ басталды дей беріңіз. Ондай қуысты шоферлар анадайдан далақтап шауып келе жатқан Күдеріні көрсе болды, тоқтай қалады. Кабинасынан секіріп түсіп, алдынан шығады. Өп-өтірік адасқансып жөн сұрайды. Әлгінде ғана құртып жіберетіндей боп, еміне шауып келе жатқан өндіршегі сорайған ұзын шал аяқ астында-ақ ашуы тарқап, ер үстінде түзеліп отырады. Төбеңе ойнатқалы тұрған бес өрме қамшысын уысына жиып, жыңғыл сабымен көкжиекті нұсқайды.
— Анау қара дөңге көтерілгесін сағым шалып бір көне оба қарауытар. Соған жете бере жол екі айырылады. Оң қолыңа бұрыл. Біраз жүрген соң көп адыраспан жолығады. Одан өте бере, жолдан шық. Күннің көзі жол жақ құлағыңа арттан түсетіндей қып тарт та отыр. Қашан машинаның көлеңкесі, ұзын сырық боп алдыңа тіке түскен ше зулай бер. Көлденең қалай алдыңа түсті, солай солға бұрыл. Көлеңкеңді қапталына салып жарты сағат жүрсең, сұраған құдығыңның төбесіне түсесің. Түсіндің ғой?
— Түсіндім, көке. Рақмет!
— Түсінсең, әне солай.
— Сау тұрыңыз.
— Жолың болсын. Әй, тоқта. Темекің бар ма?
— Алыңыз.
— Ау, мынауың әлгі ақ құйрық бапырас қой. Көп жаса, айналайын.
Ол сигарет суырып, мұрнына апарып иіскеп, сыртындағы тасқа басқан жазуды баяғыда ликбезде шырамытқан төрт-бес әрпіне маңайлата алмай, шырпы сұрайын деп басын көтергенде, машинаның анадай жерге ұзап кеткенін көреді.
— Қап, әлгі сығырдың не алып бара жатқанын қарамағанымды қарашы,— деп санын бір-ақ соғады. Сосын қорапты қалтасына салып, қолындағы жалғыз тал сигаретті құлағына қыстырып, түксиіп үйіне қайтады. Сөйткен шалдарды көрсе шақшасына жармасып, жастарды көрсе шылымына ортақтасып, кеңсеге барса шікірейіп қалпақ киіп, садақада басына орамал байлап, тақуа болып қырық құбылатын қу аяқ неме енді, міне, жоқ қараған қонақтан бір уыс бұйра насыбай олжалап, жөн сілтеп кемеңгерсіп отыр. Тілеу осыны көрсе күлкісі келеді де тұрады. Қазір де сый қонақтан иба етіп, мырс ете түспей, шыдап бақты.
— Ол түйең табылды дей бер. Дәл қазір бұл Ұлы Құмда аяғы бар түйе түгілі түсіп қалған тұсауыңа қол тигізетін ешкім жоқ. Еңгезердей қонақ Күдеріге қарап мұрты жыбырлап біраз отырды да, кілт Тілеуге бұрылды.
— Мына домбыраңды кімге жасаттың?
Тілеу аузын ашқанша, Күдері айтып та үлгерді.
— Ойбай-ау, бұл кімге жасатушы еді, өзі дағы. Өліге жан бітіруден басқаның бәрі өз қолынан келеді.
— Ендеше, тіптен дұрыс. Ал, құда, осы қу шанағыңды маған қи. Әлімнің ауылынан ала қайтқан қол үздігім болсын. Үйіңнің маңының құмалағы сирек екен. Әлгі жоғалып жүрген жайрағырды саған қидым. О баста да осы жақтан келген мал еді. Жерсінбей қойды. Мына күлте сақал табам деп отыр ғой. Тауып әкеп сенің белдеуіңе байласын. Тілеу мен Күдері күлді. Еңгезердей қонақ орнынан тұрды. Қолындағы домбыраны ұстай тұрды. Желең бешпентін шешіп, сықитып орап алды. Зейнеп алдарына түсіп есікті көтерді. Екі еркек те ере шықты.
Белдеудегі ала сирақ бәйге күрең иесі үстіне қонғанда белі майысып, анадай жерге ытқып кетті. Қонақ апыл-құпыл қош айтысып, күнбатысты бетке ұстап, шаба жөнелді. Екі тізесі ат тірсегін қағып барады. Соңынан тілі салақтап салпаң құлақ қара тазы шауып барады. Екеуінің соңынан да құрық сүйреткендей боп екі ұзын қара көлеңке еріп барады. Сол бір салаңдаған қос көлеңке көкжиектегі көк мұнараға сіңіп жоғалғанша бұлар үй сыртында тұрды да қойды. Көк жиекте сұйқылт сағымнан басқа ештеңе қалмаған соң барып, үйге кірді. Күдері төрге қайта шықты. Оның оң жағына Тілеу тізе бүкті. Күдері кеңк-кеңк күлді.
— Ал, балаңа ат қойдың ба?— деді Күдері.
— Жоқ.
— Осы кезге дейін не деп келдіңдер?
— Сол жаман немені не дейтін ек, жаман неме дей саламыз.
— Жаман немесі несі, атын Жақсылық қою керек.
— Апыр-ай, біздің тұқымда ондай ат болмаушы еді. Артымызда тұяқ болып қала ма деп отырмыз. Осы күшіктің аты Тұяқ болса қайтеді. Күдерінің әлгінде ғана желп етіп жоғары көтерілген жалбыр қабағы қайта жадырап сала берді. Төр алдында бұршақтай терлеп жатқан бөбекті орауымен алып, оң құлағына аузын апарды.
— Әй, күшік, сенің атың Тұяқ! Естисің бе, ай? Тұяқ! Тұяқ! Тұяқ! Артынан ағарған ауыз тиіп бата қылды.
— Енді бір бес-он күнде пішеншілер де құлап қалар,—деп терістікке шоқыта жөнелді.
Шіркін, со бір жылғы жаз-ай. Әншейінде жанарының бар жылтын жалмап жұтып ап, бүлк етпей бедірейіп жататын да қоятын құба сұр алқап май туа шалқар көлдей шалқыды да кетті. Қақалып қалың біткен бидайық пен көк еркек көл бетіндегі бұйра толқындай ертелі-кеш дөңбекшиді де жатады.
Сол бір қырық аунақшып тағатынан айырылған мазасыз дүниенің көптен сарыла күткен аяулы аңсарыңдай боп алыс көкжиекте үздік-создық көп қарайған көрінді. Маң-маң басып жақындап келеді. Асықпай аяңдайтын ұзын тізбек көш екен. Ал қасындағы ірметілген қалың дүрмек түйеге сүйреткен шөп машиналары мен тырмалары боп шықты. Олар шабындықтың шетіне жете беріп кілт кідірді. Көліктерін ағыта бастады. Көш қызыл шағылдарды жамбастай жығылған құмақ қара жалға көтеріліп барып тоқтады. Ұзын сирақ нарлар мен алмас өркеш атандар арқалары босап, булары бұрқырап, тіс тимеген ту шалғынға енді тиісе бергенде теңкиіп-теңкиіп жатқан көп қарайғандардың тасасынан қып-қызыл керегелер бой көтерді. Қолдары шошаңдап ерсілі-қарсылы елбең-елбең жүгіріп жүрген көп әйел қоңыр жалдың басына кесте төгіп жатқандай. Самсап-самсап шаңырақ көтерілді. Аңдап-аңдап уық шаншылды. Күлтеленіп баулар тартылды. Уыздай боп киіз жабылды. Әлгінде ғана сағым шалып тұрған тұлдыр кеңістік ақ жұмыртқа ауылға айналды. Қара борбай балалар көштен түсе қап шағылдарға қарап шапқылай жөнелді. Жарысып жуа тереді, қоян тобық пен көсіп қазады. Шөп түбінен шұбар ала жұмыртқаларға толы ұя тауып, енесіне жылқының құйрық қылынан тұзақ құрады.
Үй тігіліп бола сала иықтарына бір-бір дорба асқан бой жеткендер тезек теруге шығады. Төрт-бес қарулы жігіт он шақты түйеге ауылдың бар ыдысын теңдеп, ауыз суға аттанады. Үй-үйдің алдынан жер ошақ қазылып, бұралаңдап түтін ұшады. Ыдысы ұмыт қалған бір қатын бажылдап сушылардың артынан жүгіріп барады. Жал басында — әйелдер шаң-шұң, құм бойында - балалар ду-ду. Сол бір тосын дыбыстардан елсіз өлкенің азғантай тіршілігі дүр түрегелген. Үйір-үйір қара құйрық анадай-анадайда аңтарыла қарап қапты. Түз құстары топтарын жазбай көк аспанда ойқастай шырылдап жүр. Індерінен жүгіре шыққан тышқандар жаңа қонып жатқан ауыл жаққа алдыңғы екі аяғын бірдей көтеріп масаттана шықылықтайды.
Жалғыз жайылып қалған шабдар да бүгін үсті-үстіне осқырына береді. Тілеу ақыры шыдап отыра алмай пішеншілерге сәлемдесіп қайтуға атқа қонды. Ымырт түсе жал басында моншақтай тізіліп от маздады. Ертеңіне сары ала таңнан бүкіл алқап дуылдап қоя берді. Түйенің бақырғанын, шөп сыртылын, жабырлай сөйлескен көп адамның дауысын баса көктей шыққан орақ зырылы қыс бойы мүлгіп жатқан жым-жырт өлкенің құлақ құрышын қандырардай. Сарт-сұрт туралып түсіп жатқан көк шалғыннан өн бойыңды балбыратқан әдемі жұпар иіс аңқиды. Сәңкиіп маялар тұра бастады. Шана-шана көк шөп ерсілі-қарсылы жосып жүр. Шөп машинасындағы бозбала жігіттер білектері жарқырап айыр көтерген қыздарға тістері ақсиып бірдеңе деп айқайлап қояды. Қайда көз салсаң да абыр-сабыр қимыл. Қайда құлақ тіксең де жабыр-жұбыр үн. Шіркін, аспан астындағы дүниенің сәні мен мәні мынау қыбыр-қыбыр қимылы таусылмайтын жұмыр басты пенделер екен ғой. Кеше ғана мелшиіп жатқан меңіреу дала, енді, міне, әндетіп қоя берді. Тіпті шалғыға ілігіп, морт-морт түскен көк балаусаның өзі осы екі аяқтылардың аяғын құшқандарына әбден мәз болып, сықылықтап күліп құлап жатқандай. Мұндайда кісі қайраттанып кетеді екен. Күні-түні темір тықытатын Тілеу шаршауды білсейші. Құмақ жерде орақ қандай қирағыш. Сонда да мыңқ етпейді. Ертеден қара кешке қолынан балға түспейді. Төсегіне сүре жығылады. Құлағын кесіп алсаң да оянбастай боп қатып ұйықтайды. Түс көреді. Түсінде баяғысындай қобдиын шашып ойнап отырған көп баланы көреді. Кейде олар зіңгіттей-зіңгіттей жігіт болып, әр қайсысы бір-бір шөп машинасына отырып ұлан-асыр шабындықта қаздай тізіліп қаз-қатар жарысып бара жатады. Оянса — бауырында Тұяғы, шалқасынан түсіп ұйқы соғып жатады. Тағы да қарбалас күн. Тағы да шаруасы шаш етектен. Сонда да Тілеу қабақ шытпайды.
Жал басындағы көп ауыл мен шұқыр ойдағы жалғыз үйдің арасы айдау жол болып қалады. Пішенші ауылдың әйелдері қос уыс қанты мен бір түрген шайын қолтықтарына қысып кеп, Зейнепке киім піштіреді, іс тіктіреді. Зейнеп шалының қақпанына түскен қара құйрықтың етін қызыл қуырдақ қып, шай қайнатып, киіз бастырады, арқан шираттырады, ертең жалғыз ілікті боп қалғанда, қайраты таусылып, қараң боп отырып қалар бар шаруасын бітіріп алады.
Сөйткен дәурен де екі-үш ай ғана. Әуелі айдаладағы жалғыз үйдің көңілін құлазытып пішенші ауыл көшіп кетеді. Сосын шабындық орнындағы қарақұрым үй айналаға жаутаңдай қарап тағы да жалғыз қалады. Тағы да жаздың шыққанын, пішеншілердің келгенін асыға тосады. Олар үшін пішеншілердің көшіп келгені мен көшіп кеткенінен басқа оқиға да жоқ. Олар үшін мынау өтіп болмайтын маңдымас уақыттың бар өлшемі сол ғана. Ең азы кішкентай Тұяқтың жасын да ол туғалы қанша рет пішен шабылғанына қарап есептейді.
Бұл тарапқа пішеншілер әр келген сайын Тұяқ та өсе түсті. Былтыр жөргекте жатқан Тұяқ пішеншілер енді бір айналып келгенде жүріп жүр. Былтыр есіктен төрге қырық құлап зорға жететін Тұяқ биыл әкесіне еріп пішенші ауылға қыдырып келуге жарапты. Былтыр алдына алып ұстап отырғанда басы бұлғаңдап ит-зықыңды шығаратын Тұяқ биыл атыңа мінгіз деп тап-тап береді. Былтыр жуас тұғырға ердің қасынан ұстап әзер отыратын Тұяқ биыл жал-құйрығын күлтелендіріп тайға мініп алыпты. Кішкентай сүйек бас ері, әлекей-күлекей ат-тұрманы біреудің көзінің ағы мен қарасы екенін айтпай-ақ танытып тұр.
Тұяқтың бар ырымы пішеншілер барда жасалады. Бір алпауыз әйел тұсауын кесіп, Зейнептің қос тақта алқасын қағып алды. Сүндет тойының қызығын да пішеншілер көрді. Мектеп бітіргендегі тойы да соларға бұйырды. Тілеу баласын қатарынан қалмасын деп, бір сиырын сатып қаржы қып, Алматыға аттандырды. Ай жарымнан соң баласы екі көзі білеудей боп жылап-жылап ауылға қайтып келді. Оқуға түсе алмапты. Ештеңе етпес. Биыл түспесең, ендігі жылы түсерсің,— деп Тілеу тағы бір марқаның басын қырықты. Баласының алыс жолдан аман-есен оралғанына берген құдайысы еді. Келесі жылы май өте Тұяқ астанадан сатып әкелген тарғыл чемоданын қолына ұстап тағы аттанды. Бір айдан соң сопаң етіп тағы кіріп келді. Самай түгінің шықшытына, желке түгінің жауырынына түсіп кеткені болмаса былтырғыдан өзге хабары жоқ. Тілеу түні бойы көз ілмей шықты. Апыр-ай, бұл тұқымнан да біреу қара таниды ма деп еді. Құдай ол тілегін де қабыл көрмегені ғой. Әрі аунақшыды, бері аунақшыды. Көз алдына баласының жалбыраған шашы, салаңдаған балағы елестеді. Қалада енді бір ай кідіргенде, о шірік, қора шетіндегі қарақшының өзі боп келеді екен. Қайта, қалып қоймай, айналып-үйіріліп үйірін тапқанына шүкір. Жарайды, жер басып тірі жүрсе болды,— деп таң алдында зорға кірпігі айқасты. Тәубашыл шалдың қара пышағы ертеңіне тағы бір тоқтының тамағына жармасты.
Тұяқ жұртпен бірге пішен тасысты. Қысқа салым аудан орталығына шоферлық оқуға кетті. Келесі көктемде алақандай қатырма қағазды қалтасына басып ауылға оралды. Колхоз машина тауып бере алмады. Жазда жұртпен бірге пішен шабысты. Олар кеткен соң қолды-аяққа тұрмады. Қақпан құрады. Аң қарайды. Айдалада бірдеңе іздеп, қаңбақтай жүйткіп жүретін экспедицияларға барып сөйлеседі. Сөйтіп жүргенде военкомат шақырды. Екі жылға әскерге алынды. Екі жыл бойы сарыла күткенге шыдамады ма, жоқ батпандап жабысқан індетті баласы ер жетіп, қолы босаған соң барып аңдады ма, көптен бері көкірегін сүйретіп, сырылдап жүрген Зейнеп Тұяқ ауыл орталығына келіпті деген хабарды естіген күні таңнан шықпады. Әйтеуір байғұстың иманы бар екен. Айдалада жалғыз үй отырғанда қайтса қайтер еді. Іргеге пішенші ауыл көшіп келген соң барып көз жұмды. Әлпештеп баққан баласынан бір уыс топырақ бұйырды.
Тілеудің ендігі уайымы — баласы. Шешесі барда да аяқтана алмай қалды. Жетім шал мен жетім балаға кім қыз береді дейсің. Соны Күдеріге айтып еді. Пішту!— деп қолындағы жыңғыл сап қамшымен жерді бір-ақ тартып орнынан тұрып кетті. Арада ай өтпей жатып далақтап қайтып шауып келді. Екі иінінен дем алып ентіге сөйледі. Сөйтсе, шөп қорып жүріп көшіп бара жатқан бөтен ауылға жолығыпты. Шабындықты таптайсыңдар, тез ірге көтеріңдер деп шаптығып барса, баяғы домбыра алып кететін күйек сақал дейді. Көзі қанталап алған бұған қитықтанып сөйлеспей біраз отырыпты. Сосын бірін-бірі қағытып біраз тәжікелесіпті. Ақыр аяғында амандық-саулық сұрасыпты. Тілеуді ұмытпапты. Кемпірі өлді дегенде, қатты күйзеліп қапты.
Күдері сол күні қонып, ертеңіне шай құйып беріп отырған бой жетіп қалған қыз баласына құда түсіп аттаныпты.
Зейнептің жылын бере сала той өтті. Әкесіне тартқан әупірім біреу боп шыға ма деп еді, келіні әдепті бала екен. Алдынан көлденең өтпейді. Атекелеп елпілдейді де тұрады. Киімі қақырадай боп жуулы. Дәрет құманына жылы су құюлы.
Айдаладағы жалғыз үйде сол келіні екеуі ғана. Ал, Тұяқ болса, тойдан қалған азғантай қаражатқа қаладан сатып әкелген мотоцикліне мініп ап, таң атса болды бір жаққа тайып бара жатады. Күн кешкіре күн астынан шаң ертіп құйындатып қайтып келе жатады. Үйде болған кезінде де бұл екеуімен сөйлеспейді, әлгі дарылдағының асты-үстін шұқылайды да жүреді. Кейде тіпті күн асып, түн асып көрінбей қояды. Кен қарап жүрген дей ме, су қарап жүрген дей ме, инженерлер қосына қонып қалады. Ондайда әйтеуір бір киімі өзгеріп келеді. Бірде тізеден төмен тырдай жалаңаш, көстеңдеп табалдырықтан аттай бергені.
Көп сөйлемейтін Тілеу:
— Апыр-ай, қонған ауылыңның иті қандай қабаған еді,— деп бір мырс етті.
— Балағын ит жыртқан жоқ. Өзі осындай киім. Шорт дейді. Жазда киюге жақсы көрінеді.
— Бопты ендеше.
Келіні күліп жіберіп еді, Тұяқ алая қарады. Тағы бірде Тұяқ Күдері отырғанда мойнына бір жалтырақ қара қобди асып оралғаны. Есіктен қалай аттады, солай жер-көктің барша дуылдақ-шуылдағы даңғыра қағып қоя бергені. Желідегі бота ноқтасын үзіп қашып кетті. Іргеде көлеңкелеп жатқан қозы-лақ дүркірей түрегелді.
— Астапыралла, мынауың не?— деп үрейленді Күдері.
Тұяқ күліп жіберді. Мойнындағы қара жәшіктің бірдеңесін сырт еткізіп басып қап еді, әлгі аламан-асыр пышақ кескендей жым болды. Шөлмектей мөп-мөлдір қабының арғы жағында бір қызыл қоңыр дөңгелек үн-түнсіз шыр айналып жатты. Күдері Әнес сақабадан — Алаш, Алаштан — Жайылқан мен Сейілхан, одан — Қазақ пен Созақ, Қазақтан — Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс қалай тарағанын айтып отыр еді. Әлгі улыған-шулыған даңғаза басылғасын әңгімесін қайта жалғады. Мігірсіз айналып жатқан қызыл күрең дөңгелектен басқаның бәрі тынып қапты. Мынау жым-жырт тыныштыққа масаттанғандай Күдері омырауын желпіп-желпіп қойып, саңқылдай түсті. Кенет мұрны жыбырлап кеткен соң, шақшасының тығынын ағытып, алақанына насыбай салып жатыр еді, жылтырақ қара қобдидың қазақша самбырлап қоя бергені: Бекарыстан — Алау, Алаудан — Алшын, Алшыннан — Нәдірқожа, Қыдырқожа, Сәдірқожа, Нәдірқожадан — Қаракесек, одан Әлім, Шөмекей туады.
Күдері қапелімде сасып қалды. Мына бір дауыс өте-мөте таныс дауыс. Бірақ өзі де бір жарымес неме болмаса етті. Баяғыда шалдардың бәрінің кіндігін өзі кесіп, бесікке өзі салғандай қоқиланып жатқызып-өргізіп отыр. Аяғы жететін жерде шежірені бұдан мықты білетін әлгі имек мұрын салық агент қана. Етке малды мезгілінде тапсырмасаң, тұқым-теберінде кімдер сараң болғанын көзінен тізіп бетіңе салық қылады. Біреу жаңадан ферма бастығы боп тағайындалса, жеті-бабасында, нағашы жұртында атқа мінгендерді түгел санап шығады. Баяғы пәленшекемнен кейінгі қолы билікке жетіп отырған осы екен,— деп қомпаңдайды. Бірақ оның дауысы мынандай емес, шіңкілдектеу еді. Ал, мынау өжеңдеген біреу. Шамасы, Алматыда тұратындардың сойы. Ана жолы оқуға барып қайтқан немересі қаланың шалдары көк базарға жиылып, қымыз ішіп, шежіре айтып, шариғатқа таласады екен деп келген-ді. Солардың біреуі емес демейсің бе. Қанша дегенмен астанада тұрады, қолдары ұзын ғой, радиодан қайдағы-жайдағыны айтып көйітуін қарашы. Бұл ауылдан радиодан бұрын, былтыр Тасқараның Төкені ғана сөйлеген. Бірақ, былжырақтап зорға сөйлеген. Ауылға келгесін: Сонша неге үсті-үстіне тұтыға бердің?— дегендерге: Радионың пысы басып кетті,— деп еді. Мына сабаз радионың пысы болмақ түгілі, аяқ-қолыңнан алып домалатып тастайтын аруағы болса да, пысқыратын түрі көрінбейді. Әзір әңгіменің ұлы жобасы дұрыс. Бірақ Күдері қаланың тал көлеңкелеген қара шекпен шалы қанша біледі дейсің, бір жерден аяғынан алдырар деп бір көзін қыса түсіп, басын жылтырақ қара қобдиға қарай әнтек қисайтып қадалып тыңдап отыр... Е, бәсе.айтпады ма... Әлімнен Аманақ, Жаманақ, Қараманақ, Айнақ туған...
— Оттапсың,— деді Күдері көзі бажбаң етіп.— Төртеу емес бесеу туған. Тоқалынан туған Түменді қайда қоясың. Түменнен Байсары мен Кішкене тумай ма?! Содан алты ата Әлім атанбай ма... Қаланың қақбасын жаңылдырғанына мәз болған Күдері манадан бері алақанында жатқан қара бұйра насыбайды тілінің астына бір-ақ құйды. Тұяқ күліп жіберді.
— Күдеке, бұл сөйлеп отырған өзіңіз ғой.
Екі шалдың да көздері атыздай болды.
— Тұяқжан, қайдағы бір қаңғыбастарға ерем деп әдептен айырылып барасың білем. Кісі деген әкесіндей кісімен қалжыңдаспас болар. Күдері сөзін аяқтап бола бергенде, ішінде қызыл доңғалақ зыр-зыр айналып жатқан қара жәшік:
— Оттапсың,— деді жұлып алғандай қып.
Екі шал жағаларын ұстады.
Тұяқтың шығармайтыны жоқ. Бір күні басына шаңырақтай қып делиме қалпақ киіп келгені. О күні де осы үйде Күдері отырар ма! Табалдырықтан аттамай жатып жабыса кетті.
— Бала, мына қалпағың түйе қарағанда киюге жақсы екен. Көлеңкесі мол. Көзіңе күн түспейді. Осыныңды қисаң қайтеді... Енді Тұяқ көп баратын инженерлердің қосына о да барғыштайтынды шығарды. Әр барған сайын бір күн жыр қылып айтатын әңгіме әкеледі. Бастықтары бір қасқабас нән орыс дейді. Қаба сақалының өзі қыл болмай жүн болғанда бір атқа тоқым молынан шығатын екен дейді. Жарықтықтың екі иығына екі жігіт мінгендей дейді. Аузынан шылым түспейді, жұдырық сиятындай кең танау қыстыкүнгі сылама қазандықтың мұржасындай будақтайды да тұрады дейді. Ішінен бота болмағанмен құлын шауып өте беретіндей дәу-дәу шойын құбыр тартып келеді дейді. Машина деп әне солардыкін айт, біздің колхоз газиктері олардың қасында есектің күркесіндей жермен-жексен боп қалады дейді.
Тұяқ ақыры соларға кетіп тынды. Бір күні баласы екпіні тау жыққандай көкқасқа машина мініп келді. Әлгі сусылдақ айтса айтқандай-ақ екен. Жарықтық төрт-бес киіз үйді қабат жүктесең де мыңқ ете қоймас. Тілеу сақалының ұшын ұстап, басын шайқап қала берді. Баласы ауыл маңында шаң қонбай тың тұрған уыз майсаны жапыра жайпап кете барды. Енді Тұяқ айда-аптада бір соғып тұрады. Тілеу жатса-тұрса: Жаман неме қайда жүрсе де пәле-бәтерден, қауіп-қатерден аман жүргей,— деп тілеп отырады. Ал келіні алыстан машина гүрілі естілсе, үйге бір кіріп, бір шығып, тызаңдайды да жүреді.
Бір күні түс қайта тап ауылдың иек тұсынан бірдеңе тарылдап ала жөнелді. Әлгі дыбыс бірте-бірте күшейіп барады. Тұяқжанға тағы да бір жаңа машина берген-ау,— деп сыртқа шыға келіп еді. Әлгі дауыс әуеден шығатын сияқты. Көзін алақанымен қалқалап аспанға қарады. Қанаты бұлғаңдаған бірдеңе дәл бұның үйінің төбесінде шыр айналып жүр. Бар үзік, туырлық тулап қоя берді. Түндік бір жаққа ұшып кетті. Тілеу астапыралалап жағасын ұстап аңтарылып тұр. Әлгі тарылдақ неме құдды арбалған торғайдай шырқ айналып шығар емес. Кенет есіктің алдындағы үюлі күлді бұрқырата аспанға көтеріп, дәл жер ошақтың қасына кеп қонды. Тілеуде зәре жоқ. Әлгі тырылдақтың бүйірі үңірейіп тесілді де, ар жағынан біреу көрінді. Суаяқ Күдері. Баспалдақтан түсіп келе жатып кеңк-кеңқ күліп қояды өзі.
— Қалай екен? Сынық шөңге жолатпайтын тирақ неме, күліңді төріңе шаштым ба, бәлем?
Тілеу өз көзіне өзі сенбей бақырайып қалыпты. Күдері қасына кеп арқасынан қақты. Түйе қарап жүрмін дейді. Мына тырылдақты әлгі тамыр орысынан сұрап алыпты. Үйге кіріп, бір зерең шұбатты қағып сап, қараша үйдің бар киізін түгел тулатып қайта ұшып кетті.
Мынау құмақ бұйраттардың үстінде мың жылдар бойы туырылып тұрған бұйығы тыныштықты дал-дұл жыртып бара жатқан тосын дауыс құлағында әлі түр. Санасы сонау көзден бір-бір ұшып жоғалған жұмбақ машинаға таңғалып тұрса да, үйреніп қалған ауыз шіркін:
— Бұл суаяқты қойсайшы, жүрмейтін жері жоқ-ау!— деп күбірлейді. Содан былай Тілеудің көңіліне бір алаң кірді. Бұрын таң намазын оқи сала іс қылатыны бар еді. Ол күні қобдиына тиген жоқ. Атын ерттеп, ауылдың алдына қарай шоқыта жөнелді. Бабалар зиратына барып, қаз-қатар жатқан көп төмпектің күн батыс бетінде Өтеу атасынан бастап, бас-басына құран оқыды. Атының шылбырын қарына іліп алған қара шал ана төмпектің де, мына төмпектің де қасына барып жер тізерлеп, алақанын жайып, бетін бір сипап, қайта тұрады. Ең соңында кішкене зираттың күн шығыс шетіндегі Зейнеп қабіріне келді. Тірісінде аяғының ұшымен басып, кірген-шыққаны білінбейтін елеусіз әйел жер астына түскен соң зорайып кеткендей. Әлі топырағы отыра қоймаған жаңа қабір жермен-жексен шөгіп кеткен ескі қабірлердің қасында ала бөтен дөңкиіп көрінеді. Тілеу тілерсегі майысып бара жатқандай, тізесі дірілдеп қоя берді. Жалп етіп отыра кетті. Білген аятын айтып, бетін жаңбыр шылап, кеудірлеп кеуіп қалған кебір топырақты қамшының сабымен қопсытып, бір шеңгел топырақ алып қосты. Сосын қарсы алдында ұзыннан-ұзын сұлап жатқан қызыл төмпектің бас-аяғын түгел шолып шықты. Оның тұла бойында тірі Зейнепті еске салатындай ештеңе жоқ. Табалдырықтан бұл аттағанда көсілген аяғын жиып ала қоятын Зейнеп қасына келгенде дәл бұлай тырп етпей жатып алар ма еді... Тілеудің тамағы құрғап барады. Шықшыт тұсы әлденеге жыбырлап қоя берді. Бетіне бір күн жел боп келмеген ақ некелі қосағын бауыры суық қара жер бедірейген өзіне ұқсатып безертіп тастапты. Бұл үшін қиналмайтындай, бұны қимайтын ештеңесі жоқтай, мынау қара сұр төмпектің ең болмаса бармақ басындай бір кесегі қылп етіп қозғалмады. Қолындағы қамшысының сабын қаныпезер қара жерге нұқи шаншып, шайқалақтап әзер орнынан тұрды. Баттиып бар ізі сайрап қалған әлгі отырған орнына көзі түсіп кетті. Жүрегінің басы бүлк ете түсті. Мынау бұйырса ертең өзі жататын жер ғой. Қария оң қолының сақалына қалай барып қалғанын білмей қалды. Қайта үңілді. Екі тізесі батпақтап болдыртып жығылған түйенің шөккен жеріндей кебір топыраққа шаншыла кіріпті. Бір қапталы қара жусан өскен қатқылдақ. Мұның не ойлап тұрғанын сезіп қалғандай ертең темір күректің өткір жүзі қырш-қырш қиып түсетін сабалақ бас қара жусандар дірдектеп қоя беріпті.
Тілеудің миығына, неге екені белгісіз, жымысқы күлкі ілікті. Иә, дәл осы араға мынау Зейнепке ұқсап нардай сұлап бұ да жатады. Мынау қазір аяғымен басып тұрған кебір топырақ бетін жабады. Бұрын алты қырдың астындағы аждаһадай атағының өзімен-ақ алыстан жүрегіңді қалтыратқан ажал шіркін мысық табандап тіптен тақап қалған екен. Жататын жері, жамылатын топырағына дейін белгілі. Ақиреттік пендеге ажалды естен шығаруға бола ма. Тұяқтың тілі шыға-ақ артына мінгестіріп, осында әкелген. Жеті атасын түгел жаттатып, қайсысының қай төмпектің астында жатқанына дейін айтып берген. Құдай дегеніне жеткізсе, өзінің де осы арадан топырақ дәмететінін айтқан. Сонда басыма кеп, дұға оқып жүр деп, аят үйреткен. Темір-терсектің жөн-жосығын жаттаймын деп, ұмытып қаламаса, жадында бар шығар. Кешке төсекке жатарда да, әлденеше қайталатып айтқызушы еді. Кекілі жалбыраған тілі тастай қара бала қақ төрде шайы көрпенің үстінде шарта жүгініп отырып ап, қабақты тас түйіп, алақанын алдына жайып, тақылдатып айтып беретін. Сонда бұл қаршадай бала айтқан түсініксіз сөздер ғұмырына ғұмыр қосқандай бір марқайып қалатын. Ертең қарағым басыма келіп тап осылай сұңқылдап отырғанда албастыдай айқара басып жатып алған қара жердің өзіне бір қайран тауып, орнымнан бір аударылып түсермін-ау,— деп ойлайтын. Тек жалғызымның өз қолы өз аузына тезірек жеткей!— деп тілейтін. Енді міне, ол тілегіне де жетті.
— Ой, керемет-ой!— дейді ол атына мініп ауылға қайтып келе жатып. Сондағы кереметі не... Жатаған жалда жер тістеп жатып алған қызыл төмпек пе, жоқ әлде қайдағы-жайдағының басын бір-бір шалып босқа дал болып келе жатқан мына мәңгір бастың жер астына түсетіні ме? Оны Тілекеңнің өзі де түсініп келе жатқан жоқ. Бірақ, не де болса, жаратылыс жарықтықтың сылдырлатып он екі жілік арқалатқан жан иесін мына қара жер, сыз топырақпен қайта табыстырмай қоймайтынын бір жола ұғып, мойын ұсынып келеді. Өз-өзінен риза боп келеді. Неге риза болады? Кісі өлімге риза болушы ма еді? Бұрын ол да дәл осылай ойлайтын. Сөйтсе, ол жай әншейін пендешілік екен. Өлсең де қадіріңді біліп, атыңды ұмытпайтын ел-жұртың мен ұрпағың болса, өлімнің несі үрей, несі қиянат... Он сегіз мың ғаламның әр қайсысына жөн тауып берген жаратылыс жарықтықта әділетсіздік болуы мүмкін бе, сірә. Қатары сиреп, қайраты кеткен кәрі уақытын сарқып, дүние ауса, несі әділетсіздік. Қайта қадірін кетіріп, болғанын-толғанын көрмеген өгей ортада өлексе сүйретіп жүріп алғаны қиянат болмай ма? Тек сондайдан сақтасын. Ақыл-есі дұрыста жөнімен жөнелу де кез-келгенге бұйыра бермейтін бақыт емес пе? Зейнеп болса бітпейтін де қойматын қыбыр-қыбырдан жалыққандай, жер астына түсіп тырп етпей жатып алды. Бұл болса біреудің бүлдіршіндей баласының қолына қарап қалды. Астындағы қара темірді қойнындағы әйелінен бетер сылап-сипап Тұяқ жүр. Ең аузы суаяқ Күдерінің өзі темір құсқа мініп, табаны жерге тимей, қойқаңдап кеткені анау. Ата бабам күзеткен қара жұртымда көз жұмам деп, уыздай жас баланы, жалғыз келінін ай даладағы оңаша күркеге жіпсіз матап бұл отыр. Келініне-ақ обал болды. Өтеу тұқымының шаңырағын ұстап, әкесі марқұмның аманатын естіп қалмағанда, кім біліпті, түйе қартайса тайлағына ереді деп, бұл да баласының етегінен ұстап кетер ме еді... Бірақ мынау көзін ашқалы қара орын, қара жұртты қайтып қияды... Сүйегін зорға көтеріп жатып айтқан ата аманатын қайтып аттайды... Мынау ұшан даладағы тіршілік белгісі — жалғыз үйлі ауылдың жалпылдақ отын қайтып сөндіреді... Ата қоныстың аңылжып иесіз қалғанына жер астында жатып шыдаса шыдар, жер үстінде тірі жүріп қайтып шыдайды... Жалғызын жеткізді. Келін түсірткізіп, қызығын көрді. Бұл дүниедегі шаруасы да қынама шапанның етегіндей дөңгеленіп келе жатқан сыңай танытты. Бірақ көңілінде әлі де бір алаңы бар. Оны аузынан шығарған емес. Құдай тілегін қабыл көрсе, ол алаңы да басылар. Тілеудің көне көкірегі айтады: енді баласының соңынан қара ергенін көрсе, Тұяқтың мына жетім шаңырақты өзіне құтхана мешіт еткеніне көзін жеткізетіндей қып, баяғы Өтеу бабасының бебеу күйін тартқанын көрсе, одан арғы тіршілік, шынында да, мәкіру... Сосын оң жақтан ақ жуып, арулап шығаратын азғантай тұстастарының көзі барда, бала-шағасының алдында кетсе арманы жоқ.
Үйге келсе — келіні бір жаққа шығып кетіпті. Бес қанат шатпаның іші мұнтаздай. Орнында жатпай шашылып қалған, жиюсыз қалған ештеңе көрінбейді. Осы қара құрым күрке бұл ес білгелі осындай, жылан жалағандай жалтырайды да жатады. Тек Тұяқ аяғына мінгенде бір опыр-топыр боп жататынды шығарып еді. Ол да ұзаққа созылмады. Енді, міне, қайда қарасаң да жұтынып тұр. Көңіліне бір мұп-мұздай суық еніп, қамшысын оң жаққа қыстыра салды. Сосын төрге аттай бере, керегенің басына ілулі тұрған тықыр қоржынға көзі түсті. Буаз тоқтының бүйіріндей бұлтиып тұр. Жолға шыққанда алатын қоржыны еді. Алыс бір жаққа сапар шыққанда, ұстарасын, сабыны, мәсісін, таспиғын және өз ошағыңнан шалғайда не күтіп тұрғанын кім біліпті деп арулап көметін ақтық киімін қоржынына сала шығатын. Қайтып келгесін де сол қоржын сол қалпында төрге ілінетін. Енді, міне, Зейнеп кеткелі ол да есінен шығыпты. Марқұм әрбір үш жылда матасын жаңартып отырушы еді. Керегенің басына қолын созды. Ілмектерін ағытып, ішіндегі тәптіштеп бүктелген ақ матаны алып шықты. Кіршік жұқпапты. Қамырдың, түстіктің әлде бір атырабында күнге қақталып қауашағын жарған ақ мақтаның исі шығады. Әйелі марқұмның ұстаған қай нәрсесін де жас нәрестенің еңбегіндей сылап-сипап ұстайтын аялы алақанының табы жатқан ақ мата бұның мына тірліктен өзімен бірге ала кететін жалғыз сыбағасы. Оның мынау қаусағалы тұрған құр қаңқасын ертең бауыры суық қара жерден тек осы ғана аялап, осы ғана арашалайды.
Тілеудің сақал-мұртын бір діріл билеп, қолындағы ақ матаны елжірей сипалап тұрған кәрі саусақтары қалтырап кетті. Маңдайына бір тигізіп орнына салды. Сосын отырарын да, осылай тұра берерін де білмей, әлдекімнен ақыл күткендей есік жаққа қарай берді. Шымыраулы ши есікті иығына еппен іліп, келіні көрінді. Атасынан имене басып қазан аяқ жаққа озды. Сол баяғы қуыршақ ойнап жүрген бала қыздай әлі күнге сымпиып тұр. Тілеу төрге шөкелеп тізе бүкті. Әлгі бір оспадарсыз ойынан қысылғандай, келіні жаққа екінші қайтып көз тастамады.
— Иә, тоба, жөніңе ала көр!— деді аузын басып бір есінеп. Содан былай осы бір сөз тілінің ұшына ілігеді де тұрады. Бірдеңені бұлдіріп алса да, біреудің ерсі бір ісін естісе де, соны айтады. Төсекте де түннің бір уағына дейін қырық қайталап айтып төңбекшіп жатқаны. Таңертең ұйқыдан оянғанда да, аузына алдымен сол түседі.
Бір күні дәрет алып, намазын оқып, қақ төрге салынған жұмсақ төсекте таспиығын тартып отыр еді, құлағына бір гүріл келді. Өзі біреу емес тұтаса шыққан көп гүріл. Бір-екі жылдан бері бұл жақты алыссынып, ащы көлдердің қамысын қайшылап кеткен совхоз басшылары биыл пішеншілерін осылай жұмсаған екен деп ойлады. Сол-ақ екен жүрегі ойнақшып, келінінің дастарқан жайғанына әзер шыдады. Екі шыны аяқ шай ішті де, кейін шегінді. Келіні де құманын дереу оттан шығарып бақты. Тілекең ернін күбірлетіп бата жасап, дастарханның шетін қайырды. Күйбеңдеп орнынан тұрды. Керегедегі қамшысына қол созғанын көріп, келіні жүгіріп барып есік ашты. Сыртқа шығып еді, қайрат жиып қалған күн жылт-жылт жон тосқан бұйраттардан білем-білем көк толқын бұйратыла жөңкіп келе жатты. Ел биыл шөптің астында қалатын түрі бар-ау,— деп ойлады Тілекең.— Жаңа бастық алыстан шабылған шөп қымбатқа түседі деп кергиді деп еді. Мынандай құнан жал бидайық пен еркекті көзі қайдан қисын. Тракторларын гүрілдетіп-сарылдатып бері айдапты ғой. Атына күндегідей емес, аяқ-қолы жеңілейіп сергек қонды. Гүріл шыққан жаққа қарай шоқытып келеді. Бүгінде баяғыдай артынып-тартынып түйемен көшпейді, жал-жалдың басына жұмыртқадай тізіліп ауыл қонбайды, балалар жүлге-жүлгелерді қуалап жуа қазбайды. Осылай арылдап-сарылдап келеді де, бұрын айлап жатып шабатын ен қиянның бірер аптада апай-топайын шығарады. Үй келмегесін, шер тарқатысып қалатын кәрі-құртаң да келмейді. Темір мінген балалардың әйтеуір сәлем мезіреттері дұрыс. Одан асып бір ауыз сөз айтпайды. Айдалада бұта санап жүрген кәрі шалды олар қайтсын. Кеш болса, самаладай жарқыраған қостарына жиылып, ерең-серең би билейді. Бірақ, қанша дегенмен қара ғой. Арқалары бір жазылып қалады. Әне, келіні де сыртқа шығып, гүріл естілген жаққа қарап тұр... Тілеу бедірейіп жатқан жылмағай өлкедегі жалғыз белгі — басына мосы ағаш шаншыған құмақ төбенің басына шықты. Бұл арадан шамалы жердегі түгел көрінеді. О жақ, бұ жақтың бәріне көз жүгіртіп шығып еді ештеңені байқай алмады. Атын отқа жіберіп бір кезде осы маңнан бірдеңе қараған инженерлер орнатқан жел жоқта жел туғызып, өзі-өзінен ызыңдап тұратын үш бұт зәулім нысана ағаштың түбіне жантайды. Алыс көкжиектен ештеңе көзге түсе қоймағасын, өз маңайын шолып өтті. Үш жағындағы тіреу ағаштардың үшеуіне де құс саңғып тастаған, сағал-сағал. Ортасындағы тұқыл қара түтікке аузынан шыға топырақ үйіліп қапты. Суаяқ Күдері айтады: бар пәле осы қара түтікте дейді. Түбі жеткізбейтін көрінеді. Сол зымыранда темір дейсің бе, алтын дейсің бе, жер май дейсің бе — не кереметтің бәрі жатады дейді. Инженерлер кен тапқан жерлеріне осылай белгі тұрғызып кетеді, керек болған кезінде келіп қазып алады дейді. Аман болса, мына жаман құмақ бір күндері шатырдай үйге толып, шаһар боп кетеді,— дейді Күдері.
Апырай, мына бір гүріл жетіп болмайтын неғылған гүріл еді! Жер түбінен осылай жер-көкті тітіреткенде бұл не қояды?... Көк аспанды шатынатып жіберердей ащы гүріл бірте-бірте жақындап келеді. Бірақ көк жиек сол баяғы мелшиген қалпы. Кенет күн шығыс беттегі қақпақ жон қара жалда көп ерейген-серейген көрінді. Пішеншілерге ұқсамай ма қалай. Өңшең бір көк құтандай мойындарын көкке көтерген бірдеңелер. Аспан астындағының бәріне керги қараған немелер оқтын-оқтын өз-өзінен бас шұлғып қояды. Анадайда жайылып тұрған аты мынау оқыс гүрілге құлағын қайшылап, басын жерден жұлып алды. Әлгінде ғана қара жерге қазықтай қадалып мығым тұрған мосы ағаштың өзі дірілдеп қоя берді. Енді сәл кідірсе салдыр-гүлдір үстіне құлап түсетіндей. Тілеу асығып-үсігіп орнынан көтерілді. Жүрегі қалтырап, тізесі дірілдеп атына зорға жетті. Жануар су кешіп келе жатқандай, өз-өзінен билеп ала жөнелген қара жерді сақтана басып ауылға беттеді.
Қара жерді қарс айырып бара жатқан өткір дауыс өкшелеп қуып келе жатқандай, үйіне жеткенше асықты. Үйіне келгесін де, төңірегіне қараса, бәрі өз-өздерінен құттары қашып, қалтырап, дірілдеп тұр. Кешқұрым Тұяқ келді. Мана гүрілдейтін солар көрінеді. Газ айдайтын құбыр тартып келеміз дейді. Тілеудің жүрегі енді орнына түскендей болды. Бірақ жаймашуақ жазда жон арқасын қармай алған салқын ызғар әлі тарамай отыр. Әлгі гүріл түн бойы да басылған жоқ. Бірер күнде ауылдың дәл желкесіне жетті. Шыдай алмай атына мінді. Тұғыр неме құлағын қайшылап ерейген-серейген көп темірге қарай аяғын баспай қойды. Анадай жердегі оқшау төбенің басына шықты. Қара жерді қарш-қарш асаған темір азу ұрты толы топырақты екі жағына лақ-лақ төгіп келеді. Ажылдаған-гүжілдеген дәу бірдеңе жон арқасында дөңкиіп жатқан ұзын құбырларды әлгі қазып кеткен терең орға домалатады. Әр жер-әр жерде көзіңді ағызып түсірердей өткір көкшіл от жанады. Олардың артында алдына сом қалқан темір өңгерген ауыр трактор ордың үстіне екі беттегі жал-жал топырақты жапыра құлатып жатыр.
Осынау мігірсіз абыр-сабыр жер сауырын қақырата тіліп ілгері тартып барады. Есіне суаяқ Күдерінің айтқаны түсті. Ана құбырлардың ішіне, шынында да қой түгілі тай сиятын шығар. Күдерінің айтып келгенінің бәрі ып-рас. Мына заман аузына не келсе соны соға салатын Күдері сымпылдақтардың қай сөзін де расқа шығарып жатыр.
Тілеу бұлтың төбенің басында таңырқай қарап тұр. Көкқасқа машиналардың біреуінен әлдекім бұған қол бұлғағандай болды. Тұяқ екен ғой, айналайын. Енді мынау ызы-қиқы көп қимыл көзіне тіптен ыстық көрініп кетті. Тілеу күнде атына мініп, бұлтың төбенің басына шығып құбыр тартып жатқандарға қарайды да тұрады. Күннен-күнге алыстап барады. Сонау ұлы шағылдардың арасына барып сіңді. Енді қаралары көрінбей, жер-көкті дірілдеткен дүрілі ғана құлаққа жетеді. Арттарында майқара жусанды таптап-жаншып қып-қызыл жолақ жол қалды. Енді ол қапелімде жүрегін тітіркентіп, өнебойын бір беймағлұм үрейге билеткен әлгі тосын гүрілді іздеп елегізетінді шығарды. Баяғыда пішенші ауыл көшіп кеткенде тап осылай құлазып қалатын-ды.
Бірде атына қонып, төңіректі шарлап-шарлап ауылға қайтса, үйінің қасына қып-қызыл кереге жайылып қапты. Уық шаншып жүрген екі әйелге анадайда шаңқылдақ шал қолын шошайтып ақыл айтады. Шұбалған шапаны бір иығына түсіп кетіпті. Ау, мынау Күдері ғой. Бұл қайдан жүр?
— Әй, үндемес. Енді қайтып тілің шықпас екен. Қасыңа қонып ап, оң құлағыңның түбінен қақсайын да отырайын. Әлгі қабасақал бастық мені мынау құбырға қарауыл қып тағайындады. Сосын қасыңа көшіп келдім.
Кешке Тілеу бір тоқтысын сойып көршісіне ерулік берді. Енді Тілекең шаруасы түгелденгендей. Біраздан бері көңілі алаң боп, жүк астына тереңірек ысырып тастаған қобдиын қайта ашты. Таңертеңгі шайдың дастарқаны жиылар-жиылмаста Күдері келеді. Содан қақ төрге шалқасынан түсіп, бетін шапанының бір шалғайымен қалқалап, жер-көктің хабарын сұңқылдатады-ай дейсің кеп! Түнде құлағына жел сыбырлап кететіндей білмейтіні жоқ. Тілекең оқтын-оқтын бір мырс етіп қойып, балғасын тықытып отыра береді.
Бір күні келіні сыртқа шығып кеткенде Күдері:
— Әй, үндемес, мына баланың түскеніне бір-екі жыл боп қалды, қашан немерелі боласың?— дегені.
Тілеу үйреншікті әдетіне басып бір мырс еткенімен, аңтарылып қалды. Шынында да, жас адам... Құрсақ көтеретін уақыты әлдеқашан болды емес пе? Соңғы кезде Тұяқтың да тортаң-тосыраңы көбейіп барады. Сәл нәрсеге шөлмектей шытынап, мотоцикліне мініп тайып тұрады. О күшік те осыны уайымдап жүрген жоқ па екен. Екі беті бөтекедей томпиып тұратын сүйкімді келіні кейінгі кезде өз-өзінен сылынып, қараптан-қарап жүдеп барады. Бұл айдаладағы жалғыз үй тіршіліктен іші пысатын шығар деп ойлайтын.
Енді Тілекең көңіліне уайым қашты. Таң атпай жатып қақпан қараған боп дала кезіп кетіп қалады. Ондағысы Күдерінің сұңқылынан құтылу. Ен далада жапа-жалғыз келе жатып ойға шомады. Жеті бабасының соңына жегі құрт боп түсіп алған қырсық енді Тұяқты да жағалайын дегені ме? Құмақ жалдағы көне моланың әр қабіріне бір-бір жығылып, жалғызымның маңдайын аш, соңына қара ерт деп жалбарынады. Әулиенің ақ жем боп қалған ескі ағашына пенсиясына алған сарқұлақтарды шүберекке түйіп байлап кетеді. Тағы да бір жылдың жүзі ауды. Келінінің сол баяғы қалпы. Баласының да басы омырауына түсіп алған. Күн қақты бетінен тырсиған ашу арылмайды. Түтігіп келеді, түтігіп кетеді.
Тілекең ертеден қара кешке сарғайып жатады да қояды. Кәрі кісі тұңғиық уайымға тұншығып, күн санап шөге бастады. Шыныаяққа созғанда қолы қалтырайтын болыпты. Табалдырыққа дейінгіні анық көреді де, ал үй алдындағы жер ошақ басындағылар бір түрлі бұлдырлай береді. Тілеу енді қорықпайтын өлімнен қорқайын деді. Тұяғының соңынан қара ергенін шынында да көре алмай кетер ме екем деп қорқады. Оны күтем деп жүріп әке аманатын орындай алмай Өтеу ауылының шаңырағын бір өзі ұстап қалатын қу жалғызға бабалар тартқан бебеу күйді үйрете алмай көз жұмып кетем бе деп қорқады.Түсінде ылғи марқұм әкесі мен қайтыс боп кеткен құрдастарын көретінді шығарды.
Бір жұма күні келініне жеті шелпек пісіртті. Атына мініп бабалар зиратына барып құран оқыды. Сосын көптен бері ат ізін салмай кеткен жиделі тепсеңге соқты. Мынау сусылдаған құм арасынан біржола табан ажыратуға айналған үш-төрт ағаш өзді-өзі сырласып тұрғандай, тұнжыр сусылдасады. Құс таңдай жапырақтар бұның қолына еркелей жанасып, бет аузын сипайды. Тілекең қойынындағы қара балтаны зорға шығарды.
— Көке-ау, мына жонып жатқаның не таяқ?— деді Тұяқ кешқұрым табалдырықтан аттар-аттамастан. Сосын өз сұрағына өзі жауап берді.
— Домбыра дегенің дүкенде үйіліп тұрған жоқ па?
Тілеу кеңсірігі қақ айырылардай бір осқырынды. Бұрын Күдерінің сөзін естігенде ғана сөйтуші еді.
Қара домбыра бітті. Қақ төрге ілінді. Бірде баласы демалысқа келгенде:
— Тұяқжан, осы домбыра ұстай білесің бе?— деді Тілекең.
— Мектепте үйірмеге қатысқам...
— Ендеше, тыңда.
Домбыраны алып күйлей бастады. Тұяқ мойнынан тастамайтын қара қобдиының бірдеңелерін шұқылап отыр. Бірақ, құлағы әкесінде.
Әкесі бір өн бойыңды үгіп кеулеп бара жатқан заржақ күйді бебеулетсің-ай кеп. Балға мен пышақ ұстап қалған қайқы саусақтар перне-пернелерді шегелей бұрғылап, қадалып тұрып алады. Әр пернедегі үн біткенді әбден жебеп сауып ап, келесі бунаққа көшеді, Тұяқ әкесін тап мынандай күйші деп ойламайтын. Мына саздан өз жүрегін шаян боп шағып жатқан бір өткір уыт танитындай. Мойны салбырап сала берді. Қолындағы домбыраға емес, Тұяққа қарап отырған әке күйін бітірді. Домбыраны іргеге сүйеді. Ләм-мим үндеген жоқ. Төр алдына жамбастай қисайды.
Содан қайтып Тілеу бой жиып тұра алмады. Айналасындағы қара бұлыңғыр қалыңдай түсті. Күні бойы таспиық тартып тырп етпей отырғаны. Ара-арасында ұмыт бірдеңе есіне түскендей кілт кідіреді де, ойлап-ойлап, жадына орала қоймаған соң, қолындағы жиденің дәнінен тізген дестені қайта санай жөнеледі. Бір күні есіне түсті-ау ақыры. Осы біздің келіннің бойына ештеңе бітпеді ме екен... Жас адамға көз тоқтата қарау әуелден әдетінде жоқ-ты. Оның үстіне күміске сірке салып қалған қырағы жанар бүгінде көмескі тартқан. Топырақтың астына түсе қоймағанмен, терең судың астына шым батқандай төңірегі ылғи бұлдырайды да тұрады. Күн мен түннің, жаз бен қыстың шек арасы жоғалып, әйтеуір өлмегенге тәубе, әрі-сәрі хал кеше бастады. Аунақши-аунақши астындағы құмақ топырақты қаза-қаза, қара жерге төсек-мөсегімен бірге түсіп бара жатқандай. Әзірге тек құлағы ғана сау. Оны да Күдері иемденіп алған.
— Әй, үндемес,— деді ол бірде.— Келінің ащы борша жоқ па деп, біздің үйге барғыштайтынды шығарыпты, толғақ білем.
Тілеу өмірінде, сусылдақ Күдерінің жабырлақ аузына сол күні риза болған шығар. Енді ол саржамбас боп қарап жатып, ішінен күн санайтынды, ай санайтынды шығарды. Зейнеп байғұсқа ұсап үнсіз кіріп, үнсіз шығатын келінінің әрбір қыбыр-қимылын қадағалап бағады. Ол күн санап жүрісі ауырлап, кей түндері төңбекшіп, өзінше бұған естіртпеген боп ыңқылдап шығады. Кәрі Тілеу ондайда сүйек-сүйегі түгел еріп, өзі білетін әулие-әмбиелердің бәріне бұның артынан өрбір дәулетке бола мазасынан айырылып тыпыршыған жас әйелдің қол-аяғына дем бере көре деп жалбарынады.
Келініне тоғыз ай толды-ау деген шамада, асық жілік тауып ап, көптен бері ұстамаған қара қобдиын қорс қып ақтара бастады. Кәрі жанардың түбіне бұғып қалған азғантай нұр қайта оралғандай. Айналасын, аяқ-жөнін дұрыс көріп отырған сияқтанды. Қолындағы асық жіліктің бір жақ басын тесті. Екінші қапталынан шұқылап оя бастады. Бар өнерін сап, кедір-бұдыр қалдырмауға тырысты. Қара пышақпен шұқып-шұқып алады да, артынан ойылған жерді бармағымен сипап көреді. Егеу ап сүргілейді. Әлі де тар сияқты, әлі де дөңгеленіп дұрыс шықпаған сияқтанады да тұрады. Қара пышақты қайта алып еді, асық жілікті жерге тіреп ұстап отырған сол жақ қолының бас бармағына кірш етіп кіріп кеткені. Содан қолы күп болып іссін кеп. Пышақ тиген бармақ бебеулетіп алып барады. Ажал күтіп алжып жатқанда, жарақатты ауырсынып ыңырануға құдайдан қорқып, астыңғы ернін тісі түскен малта иегімен қайзалай береді. Төңірегіндегі түнек те тұтасып апты. Су асты емес, құрдым шыңыраудың түбіне бір-ақ құлап кеткендей. Кейде жан шыдатпай бара жатқан жарақаттан есі ауып кетеді. Бірде өліп-талып есін жинаса, дәл оң құлағының түбінде Күдері отыр.
— Өй, үндемес, шүйінші! Құдай берді! Келін ұл тапты.
Өмірінде кісінің алдында көңілін босатып көрмеген Тілеу орнынан тұрайын деп бір-екі ұмтылып еді, тұра алмады. Содан теріс аунап, тұсындағы керегенің сағанағын құшақтап ап, екі иығы бүлкілдеп ұзақ жатты. Содан үнсіз қалды. Қолы күп боп ісіп барады. Маңдайы шып-шып тер. Таңертеңгілік таңдайын шылайтыны барды, одан да қалды.
Есіктен баласы кіріп келгенде Тілеу көзін ашқандай болды. Ашқанмен де, көз алдына көлкештеп тұрып алған қара перде ештеңені көрсетпеді. Бірақ меңіреу тылсымға бір жола көше қоймаған құлағы құрғыры Тұяқтың арсы-күрсі жүрісін бірден таныды. Қасына көп шөкелеп отырғанын да, оң қолын алақанына салғанына да біліп жатыр. Бірдеңе дігісі кеп, иегін кемсеңдетіп еді, дыбысы шықпады. Бал тамады дейтін бармағының басына кеп қадалып тұрып алған ажал: Ау, қашанғы жатпақсың. Болсаңшы енді!— деп дігірлетіп алып барады. Әлі де боса артындағыларға айтатын бір қолқасы бар сияқты еді. Оның не қолқа екенін тілі түгілі санасының өзі ажырата алмай жатыр. Әйтеуір жан-дәрмен тыныс қармап, танауы қусырылып, иегін көкке қарай қақшаңдата береді.
Құлағына біреудің сөйлеген дауысы келе ме, қалай. Күдерінің дауысы сияқты. Ол жазған қара жердің бетінде әлі бар екен ғой. Мұның артында қалады екен ғой. Мынау жарық жалғанда қанша жалғыздық көрсе де, айда-жылда әйтеуір сол бір соғып кететін еді-ау... Кенет бір ызың келді. Баяғы аманат күй. Анада баласына өзі тартып берген Бебеу күй. Ол бебеулеп қоя бергенде күп боп ісіп, күбірткелі жеп жатқан бас бармағының солқылдатып алып бара жатқаны басылайын дегендей болды. Бебеу күй безілдей түскен сайын жаны жай таба түсті. Көз алдын көлкештеп тұрған қара түнек аршылайын депті. Іргеден самал есті. Топырақтың, ауыз қуырар қыр шөбінің, күйген құрым киіздің, іргеге байлаулы ат пен Тұяқтың машинасының ию-қию күңірсік исі кеңсіріген дархан тіршілік лебін алып келгендей. Көкірегіне, міне, түскен қара жүзді ажалдың зіл тақымын кейін серпіп тастағандай Дала екен дейді. Көктем екенін де күз екенін де білмейді. Шық екенін де, мизам екенін де білмейді. Әйтеуір шөп басы жылтырайды екен дейді. Өзінің шөп қорып жүргенін де, аң қарап жүргенін де білмейді. Әйтеуір маңқиып жатқан маң даланың әлде бір пұшпағына маңып барады екен дейді. Кенет алдынан қара жалдың басын түгел толтырып ақ самала ауыл көрінді. Ортадағы қоңырайған өз күркесі екен дейді. Ал қос қанаттағы бірінен-бірі өткен ақ жұмыртқа үйлер отаулары екен дейді. Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу... Көзі бұлдырап санына жете алмайды. Кенет сол ақ жұмыртқа үйлерден жарық дүниеге маңқия қарап өндірдей қара торы жігіттер шыққан екен дейді. Біреу, екеу, үшеу, төртеу бесеу... Көзі бұлдырап санына жете алмайды. Белдеудегі аттарға қонды. Қаздай тізіліп әлдеқайда құйғыта шауып барады. Қара жерге жарыса тиген тұяқтарынан күй тіріліп, әлгі бір сарнаған сарын талмаурап барып басылып, кенет ықылық ата, сықылықтай жөнелген екен дейді. Апыр-ай, мына күйді тартып отырған кім болды екен!? Тұяқ па... Ту, өзі дәулескер күйші екен ғой... Әлгі көп жарау арғымақ ағызып барады... Кенет танауына бензин исі келгендей болды. Сөйтсе, әлгі көп арғымақтардың орнында Тұяқ мініп жүргендей көп көк қасқа машина жарыса жүйткіп барады. Ащы жусан иісіне араласқан бензин исі танауына майдай жағады екен дейді. Өйткені, сол көп машинаның рулінде отырғандар басы Тұяқ боп, өз тұқым-торпағы екен дейді. Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу... Көзі бұлдырап санына жете алмайды. Көп машина қара жалдың басына ағызып шығып бірте-бірте ұзай түсті. Бұның жанарының нұры сарқылып, әлгі көп қарайған барған сайын бұлдырай түсті. Көңіліне бір тоқтық орнап, ернін күбірлетіп тәубе айтты. Кірпігі ауырлап барады. Әлгі бір әдемі елеске елітіп, бұрын-соңды басынан кешіп көрмеген бір мең-зең, бей-жай, дел-сал рахат ұйқыға бата түсті. Енді ешкім осынау тәтті ұйқысын бөлмей-ақ қойса екен дейді... Езуіне бір өмір бақи жүгірмеген жайдары күлкі жүгірген екен дейді... Әкесінің маңдайы көгіс тартып бара жатқанын көргенде Тұяқ қолындағы магнитофонның тілін бармағымен баса салды. Манадан бері шыр көбелек айналып жатқан қоңыр дөңгелек тоқтап қалды.
Төр алдында шалқасынан түсіп Тілеу жатыр. Мынау қара жердің бетіндегі бар шаруасын ойдағыдай орындап бітіп, енді бір сәт рахат ұйқыға шомғандай. Бет аузында титтей де кірбің жоқ. Кере қарыс маңдайы жап-жазық. Әншейінде танауынан бір мырс еткені болмаса, езуін жиырып жарымайтын ұстамды кісінің ернінің бір қиығына зілсіз күлкі ілігіпті.
Үй-ішіндегілер не болғанын білмей, түсінбей аңтарылып қапты. Манадан бері оң жақтағы отын үстінде жантайып жатқан Күдері кенет сылқ етіп жерге шөкті.
— Ешкімнің бетіне жел боп келмей, жағалас-жанталассыз ғұмыр кешкен жарықтығым-ай, о дүниеге де тым-тырыс жайбарақат қалпың аттанып жүре бергенің бе...
Қазан-аяқ жақта боп-боз боп отырып қалған келінінің Аһ ұрған ащы даусы шығып кетті.
Арада жылға жуық уақыт өтті. Тілеу пақырдың мынау қара жерді қаздаң басып жүргендерден дәметер және бір қарызын өтейтін уақыт таяп қалды. Сол күн жақындаған сайын былтырдан бері мынау иен құмға бір өзі ие боп қалған Күдері тыным тауып отыра алмады. Үйіне бір кіріп, бір шығады. Кірсе болды — құлағына алыстан талықсып машина үні жеткендей болады. Отырып алып бал ашады: Мына біреудің даусы көксау адамның деміндей қырқырап шығады екен. Көкірегі сыр-сыр етіп, кеудесін әзер сүйреп келе жатқанына қарағанда, өзіміздің колхоздың астауын шөп тырнап тастаған жүдеубас газиктерінің бірі болар. Тұяқ келсе, әлгі жер қазып, құбыр тартып бара жатқандардың азынаған айғырдай өңмеңдеген көк қасқа жүк машинасымен келсе керек-ті. Оның даусы бүйтіп өлімсіреп шықпайтын, қара жерді қақыратып, көк аспанды шатынатып жіберетіндей жойқын естілетін. Бірақ, кім біліпті...
Шыдамсыз неме одан арғыға тағаты жетпей, сыртқа атып шығады. Шықса — анадайда таз кісінің төбесіндей дөңгелене жылтырап жатқан Тілеудің үйінің жұртын көрді.
Былтыр марқұмды жерлеп қайтып келген соң да, қырық күн қатарынан мынау шұқыр тепсеңнен келіп-кетіп арылмап еді. Анау жылтырап жатқан дөп-дөңгелек ойма тақырдың көк желкесіне талай-талай ат байланып еді. Ат байлап түскен ағайын алшаңдай басып төрге озар еді. Малдасын құрып жайғасқан соң, кексе кісі болса, басын көкірегіне алып ыңырантып аят оқыр еді. Жас болса, ол мына қылтиып жал басынан көрінгеннен өз үйінен шығып, сол үйдің қасына барып, мейманға ілесе кіріп, оң жаққа жүгіне кеткен бұған иек қағар еді. Бата оқылып, бет сипалған соң ауызға алдымен ауыл-үйдің амандығы оралып, сосын Тілеу тілге ілігер еді. Келген адам кім болса да, Тілеуге байланысты кепті қысқа қайыра алмас еді. Жарықтық иманды болғыр,— деп басталған әңгіме талай жылды қамтып, талай жерді шарлап шығар еді. Әншейінде келген мейман шаруа баққан қайыс сапалақты қарапайым біреу болса, жоғалған мал мен жердің отынан хабар сұрап, шариғат жайлы таласатын; шашын қайырып, сақалын қырғызған көк иек қызметкерлерден болса халықаралық жағдайдан хабар сұрап, өткен тоқсандағы жарыстың қорытындысына дауласа жөнелетін қызыл көз Күдерінің өзі Тілеу ауызға алынғанда күлте сақалын тұтымдап, басын үсті-үстіне изей беретін.
Сөйтсе, сол күндердің өзі де бір дәурен екен ғой. Енді, міне... Тілеудің қырқы осы ата қонысында таратылды. Ертеңіне Тұяқ шұқыр ойдан біржолата көшіп кетті. Баяғыда бір көргенде-ақ бұның көңілінен шыққан екпіні тау жыққандай көк қасқа жүк машинасының кузовында осы бір жылмиған құмақ өлкені екі ғасыр бойы міз бақпай күзеткен Өтеу әулетінің ежелгі емен шаңырағы кетіп бара жатты. Жан-жағын көшкін құм көме-көме аузынан шығуға айналған шұқыр тепсеңде дөңгеленіп қара жұрт қалды.
Кеше ғана сорпа төгіліп, май сасып жатқан жер ошақ пен күл төмпектің қасында ербиіп Күдері тұрды. Содан бастап ол өзі бұрын-соңды бастан кешпеген бір халге түсті. Үйге сыйып отыра алмайды. Сыртқа шықса, жымпиып жатқан ескі жұртты көреді де, есіне қай-қайдағы түседі. Басқа бір соны жерге жылжып қонып та көрді. Бәрібір, қыстауы сол арада. Бәрі де Тілеудің бір кездегі қара жұртының маңында. Күлте сақал Күдері бір кезде өзін үйге отырмайтын кезбе санаушы еді. Сөйтсе, салып ұрып жетіп баратыны баяғы сол Тілеудің құрым жаппасы екен. Қазір мынау иен түзден ол да өшті. Бір кездегі еркелей кіріп шығатын жылы ұяның жымпиып тек жұрты ғана жатыр. Үндемес құрдасы да, сабырлы Зейнеп те, ертелі-кеш пыс-пыс етіп бір тыным таппайтын қара көрік те — бәрі-бәрі жым-жылас. Қара жердің осы бір пұшпағындағы анау бүкір бел қара жалдар, сонау қоян жым майса шағылдар жоғалып кеткенше жоғалмайтындай боп кеткен ежелгі шаңырақ бір бесінде тап осылай аяқ асты ғайып болады дегенге кім сенген! Ол — Күдерінің түнде түсіне, күндіз өңіне кірмеген гәп. Соның бәрін айтып шағынайын десе, үйіндегі бала-келінді менсінбейді. Оларға Тілеу мен бұны түсіну қайда?! Қойындарынан өрбіп жатқан қара домалақтарының нәпақасын айырып қара жердің бетінде әйтеуір бастары қарайып жүрсе де, шүкір... Тілеудің көкірегіне тұнып, ауық-ауық Күдерінің аузымен ақтарылып тұрар қимастық сырды олар қайдан ұқсын! Соның бәрін көріп білген екі замандасы қазір бұл дүниеден бір жола көшкен. Соның бәрін көріп білген мынау жаңылтақ шағылдар мен жапырақ жалдарда естір құлақ, сөйлер тіл жоқ. Сонда Күдері қайда барып мұңын шағады? Әншейінде текірексіз жүре алмайтын Күдері атын ілбітіп басып екі құрдасы жатқан елсіз зиратқа беттейді. Құм арасындағы теңгедей қатқыл ойпаңдағы анадайдан-анадайдан андыздап көрінетін жиде сайғақтар күн жеп қурап бозараңдап көрінеді. Шашылмай, шашырамай бір шөкім боп ұйлыға жайғасқан шағын зират мынау кең даладан кез келген сұғанақ көздің сүргін-қуғынынан барар жер, басар тау таба алмай, одан әргіге дәрмендері қалмай, осы араға жетіп бүк түсіп-бүк түсіп құлай-құлай кеткен бір үйір киіктей жал басынан жалпаң қағып түсіп келе жатқан жалғыз атты бұған бастарын көтеріп селтиіп-селтиіп қарап жатқандай. Келсе екен, келсе екен деп жатқандай.
Зейнептің төмпегінің қасындағы зорығып жығылған нар түйедей қызыл төмпектің де топырағы отырайын депті. Етек-етегінен бала жігіттің мұртындай боп қырпысын шөп өсіпті. Көне қауымның бір шетіне жарыса құлаған қос төмпек пәнидің аз күндік өрісін тауысып бақидың қыл көгеніне мықтап көгенделген егіз қозыдай томпиып-томпиып жатыр. Тірліктерінде ешкімнің бетінен алып, мінез шығарып көрмеген екі құрдасының жатқан төмпектері де өзге төмпектерден ала бөтен тыныш, ала бөтен монтаны сияқты. Тірі Тілеудің сөз шығындамаса да, оқта-текте бір мырс етіп осқырынып қоятыны болушы еді. Мына төмпекте о да жоқ. Ең болмаса бір топырағы бүлк етпейді.
Күлте сақал Күдерінің мынау мылқау бұтақтарға айтатын дауы бардай. Анау былтыр ғана сұлап жығылып, биыл түбі сорайып тұқылданып қалған көне дарақтың мәуесі де, ығы да, саясы да мол еді. Ал мынау бір кезде, бәлкім, соның бір шыбығынан өрбіп тұрған жаңа өрімталға сол қасиеттің бәрі түп-түгел дари ма? Ол да заманы өткен ата бәйтеректей мынау құмақ өлкенің шыжғырған ыстығы мен сарылтқан ұзақ жолынан кенезесі кеуіп жеткен пендеге сая мәуе тауып бере ала ма, жоқ өз нәрін өзі зорға тапқан шая бірдеңе боп, әншейін ерқара боп ербиіп тұра ма? Мынау онсыз да жұпыны жапан түзге ажар, базар қоса ала ма?
Күдері қайда аттап шықса да, жүдеп қайтады. Бір кездегі азды кем қызығын көре алмай қайтады. Уақыттың өмірден басқа өлшемі жоқ екеніне көзі жетіп қайтады. Бір өмірдің орнына екінші өмір келсе ғана мына дүниенің мәні тұра алатынын ұғынып қайтады. Ағаш екеш ағаш та бұтағынан бұтақ өрбіп, артында із тастайды. Ал адам ше... Адамның ізі тек белінен өнген перзент қана ма... Оның ісі, жұртқа жасаған қайырымы ше? Соның бәрі кісінің өзімен бірге көз жұма ма? Мынау ербеңдеген күлте сақал шал өлгенде, кешегі Тілеудің де ізі бір жола жоғала ма? Ол соққан жекей, ол жасаған бұйымдар да мәңгілік емес шығар, тозар. Сонда көңілге қуат не болмақ? Өз тамырынан өрбіген бір бұтақ болса, Тілеудің арты осынша құлазып жатар ма еді? Міне, бір жылға айналып барады, Тілеудің шаңырағы жоқ болғасын, оның сүйегі жатқан мына түзге оның артын іздеп ешкім келмеді, ешкім ауызға алмады... Айтса, тек Күдері ғана айтады. Онда да тек өзі еститіндей қып күбірлеп айтады...
Мұндайда Күдерінің есіне Тұяқ түседі. Оның марқұмның қырқын өткізе сала жып беріп көшіп кеткеніне іштей разы емес. Бірақ, мөлдіреген жас келіншегі мен қызылшақа сәбиін айдалаға қайтып тастап кете алады. Оның орнында Тілеудің өз белінен өрбіген баласы болса да, сүйтпес пе еді? Оның орнында кім болса да, сүйтпес пе еді? Қазіргі жастардың қайсысы ата қонысты мекендеп, ата зиратты бағып отыр?! Бәрі де ырзық бұйырған жерді базарлап жүрген жоқ па? Сонда адам ұрпақтың тілегін неге тілейді? Сенен қалған қонысты, сенен қалған мал-дәулетті иемденіп, сенің бір кезде дүниеде болып, артыңда осынша ырзық, абырой қалдырғаныңа ырза боп өтер заман өткен екен? Сонда артыңда не қалады? Сонда сенен өрбіген ұрпаққа не бұйырады? Ол саған не үшін қарыздар болады? Күдері өз сұрағынан өзі тосылады. Апырау, енді аң екеш аң да енесіне еріп, атасының баулығанына көнеді ғой. Сонда біз солар ғұрлы...
Күлте сақал шал басын бауырына түсіріп ойға батады. Көз алдына кішкене Тұяқтың асты-үстіне түскен Тілеу келеді. Тілеудің оны тумаса да туғандай қып мәпелеген ықыласы есіне түседі. Сол есіне түседі де, егіліп қоя береді. Сүйтіп жүргенде біреуден Тұяқ сәлем айтып жіберіпті. Жазда барып әке-жездесінің бастарын қарайтқысы келетінін айтыпты. Сонда Күдерінің қуанғанын көрсең! Жазған Тілеу мен Зейнептің ақ сүттері адал бұйырған екен ғой. Тұяқтың осы ықыласынан артық оларға не керек. Жалпы адамға ықыластан артық не керек? Әке — балаға, бала — әкеге, адам — адамға ықыластан басқа не көрсете алады? Жалпы адам деген екі аяқты пенделерден адамзат деген жиынтық құрап тұрған да осы ықылас емес пе? Ықылас болмаса, Тілеудің мұндағы, Күдерінің Тілеудегі алмағы қанша? Адамның адамға тартқан сыйы да, артында қалдырар мұрасы да сол — ықыласы ғана емес пе!
Жүрегі жарылардай қуанған Күдері көпке дейін бұрынғыдай елегізбей тыныш жүрді. Тек Тілеудің жылы толатын уақыт жақындағанда барып қайтадан тынышы қашты. Тұяқтың баяғы сәлемінің артынан ешқандай хабар болмай кетті. Серігінен айырылған кәрі кісінің жүрегі секемшіл келе ме, дүние қайтадан құлазып қоя берді. Неге екені белгісіз, Тұяқ баяғы уәдесін ұмытып кеткендей көрінеді де тұрады. Қазіргі жастар қара жүрек болмағанмен, құнтсыз ғой... Оның үстіне, жұмысынан шыға ала ма... Жер аяғы да қашықтап кетті. Солардың біреуіне иек артса, оған кім өкпелей алады... Құлықсыз кісіге дәлел аз ба... Құдай оны тек құлықсыздықтан сақтасын... Қатерге түскен кісіге ендігінің бәрі қара жерден ауыр болар дейсің бе!.. Аруақ бәрін де көтерер... Ол тек бұл секілді Тілеудің көзін көре қалғандардың жүрегіне түсер зіл ғой... Шіркін-ай, адамгершіліктің жолы неткен тар... Алдамшылықтың жолы неткен кең... Тұяққа өзін де, басқаларды да алдарқатам десе, себеп-сылтау жетіп жатыр-ау...
Күдері көзі шүңірейіп жүдеп кетті. Құлағында бір ызың келмей де, кетпей де тұрып алды. Сол миын жеп басын мең-зең қып барады. Сыртқа шықса — көзіне шоқтай басылып ессіз жұрт жатып алады. Күдері мынау айдаладағы жалғыз үйде енді байыз тауып отыра алмасын білді. Атына мінді.
Құм арасы тегіс көгере қоймаған бозқылшық көктем еді. Көз жетер жердің бәрі бадырайып анық көрінеді. Зиратқа баруға бір түрлі жүрегі дауаламады, бір шетте жұптарын жазбай қатар жатқан егіз төмпекке мынандай күндері жалғыз баруға қаймықты. Ат басын сонау Ұлы құм басталатын тұстан қылауытып тұрған жиделі тепсеңге бұрды. Көк аспанның астындағы ұланғайыр кеңістікке Күдеріден басқа қыбырлап-қимылдап жүрген ешкім жоқ екен. Содан ба, сонау жер түбіндегі қылау шоғыр көзіне оттай басылды. Астындағы аты да тепектеп емпеңдей түседі. Төрт-бес жиде ағаш қылаңытқан шоқ тоғай да құла түзден қара іздеп тұрғандай. Мұның бауырына кіргенше асығып, алдынан жарыса жүгіріп келе жатқандай. Сол-ақ екен құлағына ап-айқын гүріл келді. Сонау алыстан шығады. Дәл мынау өзі келе жатқан қос айыр қасқа жол асып жатқан қара жолдардың ар жағынан шығады. Мұнда жеткенше әлі біраз бар. Бұл оған дейін жиде ағашқа бара тұрады. Келіп жатса, сол арадан қарсы алады. Күдік пен үміт қосарлана қысқан ет жүрек өз-өзінен үгітіліп барады. Жиде ағаштардың сол баяғы тұрысы. Қуаң бұтақтардың әр жер-әр жерінен көк бүршіктер қылтияды. Жаңа көктемнің қайратына мінгенін тосып, мұрт жаруға асығып тұрған сыңай танытады. Өсіп-өнгісі кеп құлшынып тұрған жаратылыс бір ой салғандай. Күдері күбірлей береді.
Он үш — бір мүшел, жиырма бес — екі мүшел, отыз жеті — үш мүшел, қырық тоғыз — төрт мүшел, алпыс бір — бес мүшел, жетпіс үш — алты мүшел, доңыз — бір, тышқан — екі, сиыр — үш, барыс — төрт, қоян — бес...
Бұл жолы ол өзінің жасын санап тұр еді. Саусағын бір-бірлеп бүгіп, ернін жыбырлатқан қарияға айна көк аспанда күн көзі жымыңдайды.
Құмды аймақты күңіренте шыққан таныс гүріл бірте-бірте жақындап келеді.