Сему, атрофия (грекше atropheo — ашығу, сему) — организмдегі белгілі бір орган немесе тін қызметінің бұзылуынан олардың көлемінің кішіреюі. Семудің физиологиялық және патологиялық түрлері бар.
Физиологиялық сему адамның жасына байланысты. Мысалы, жаңа туған нәрестелерде — кіндік қан тамырларының семуінен кіндігі түседі; жасөспірімдерде 13 — 15 жас аралығында айырша бездің (тимус) қызметінің тоқтауына байланысты ол семіп қалады. Ал қарт адамдардың терісі жұқарып, әжім пайда болады; сүйектері жұқарып, морт сынғыш келеді; ішкі секреция бездерінің қызметтері төмендейді.
Патологиялық cему белгілі бір аурудың салдарынан дамиды. Оның 2 түрі бар: 1) жалпы cему қатерлі ісіктердің, жүйке және эндокрин жүйелері ауруларының, аштықтың салдарынан болады. Бұл кезде организм өз салмағының 40 — 50%-ын жоғалтып, адам көтерем болып қалады. Тері асты торларында, шарбыда, шажырқайда май қоры мүлдем жойылып, тері жұқарып, қатпарланып, қоңырқай тартады. Ішкі органдардың көлемі кішірейеді, ауру адамда тек тері мен сүйек қана қалғандай көрінеді.
Ішінара cему жеке органдардың қан тамырлары қысылып қалғанда, организмнің тропик. қызметтері (тамақтануы) бұзылғанда, жекелеген органдар өз жұмысын толық атқара алмаған жағдайда дамиды. Мысалы, гипертония, атеросклероз ауруларында қан тамырларындағы өзгерістерге байланысты бүйрекке қан келуі азайып, олардың көлемі кішірейіп, бүрісіп қалады. Соның нәтижесінде бүйректің жұмысы бұзылады. Жұлынның қозғалтушы нейрондарының қабынуынан, адамның аяқ-қол бұлшық еттері семіп қалады. Семудің клиникалық маңызы оның қай органда, қаншалықты дәрежеде дамуына байланысты. Сему процесі ұзаққа созылмаса, оны тудырушы себептерді тез анықтап, дер кезінде ем жасалса, организм өзінің қалыпты жағдайына түседі. Мысалы, ғарышкерлердің ғарышқа ұшу кезіндегі әрекетсіздік, салмақсыздықтан қаңқа бұлшық еттерінің семуі — Жерге қонғаннан кейін күнделікті жаттығулардан соң толық қалпына келеді. Кей жағдайда, семуді тудырушы себептер ұзаққа созылып, процесс қайтымсыз түр алса, органдардың қызметі мүлдем тоқтайды. Егер несеп ағарға тас толып, бітеліп қалса, бүйрек несептің жиналуына байланысты бірте-бірте кеңейіп, бүйрек тіні семе бастайды. Бұл кезде операция жасап, тасты алып тастамаса, бүйрек өз қызметін мүлдем тоқтатып, іші несепке толы қалтаға айналады.