Қазақ хандығының соңғы ханы

Скачать



Кенесары Қасымұлы (1802–1847) — мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837–1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі. Қазақ хандығының соңғы ханы. Атақты Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның немересі. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан.
1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың әйелі Қалмақ ханы Қалдан-Сереннің туысы — Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым сұлтан туады. Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен: Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай мен бірге 6 алты ағайынды болып туған. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген.
Кенесары Қасымұлы өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатқан.
Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысына Патша үкіметінің 1822 жылғы Сібір қазақтары туралы Жарғысының қалыптасқан хандық құрылымды, дәстүрлі билік үлгілерін жоюы, қазақ елін жалпыресейлік басқару жүйесіне сіңістіріп жіберуді көздеген жымысқы саясаты негіз болды. Әуелі бұл саясатқа өз наразылығын қарт сұлтан Қасым төре білдірді. Ресей билеушілерінің қазақ елінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетауда өз әскери бекіністерін салуы, Солтүстік, Шығыс Қазақстанда суы мен жайылымы мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп орыс-казак шаруаларының өз иелігіне бөліп алуы, жергілікті халыққа алым-салықтың өсуі ұлт-азаттық қозғалысын тұтатты. Ресей империясының бұл саясатына алғашқыда Ғұбайдолла сұлтан қарсы шықса, кейін оны Саржан сұлтан басқарды. Алайда Ресейге қарсы күресте одақтас болған Қоқан хандығының сатқындығынан 1836 жылы олардың тікелей нұсқауымен Саржан сұлтан өлтірілді, 1840 жылы Қасым төре қаза тапты. Осы кезде Қасым сұлтанның баһадүр батыр ұлдары, Саржан сұлтанның туған інілері Кенесары мен Наурызбай шығып, қалың қазақ елі Кенесарының соңынан ерді. Ағасы Саржан сұлтанның жасағында болып, әскери өнерін шыңдаған Кенесары қаншама қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды басты мақсат тұтқанымен, ол отаршылдарға қарсы соғысты бірден бастаған жоқ. Ол бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасап, І Николай патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В. А. Перовскийге, В. А. Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П. Д. Горчаковке хат жолдады, тиісті талаптар қойды. Ол өзінің Батыс Сібір генерал-губернаторына жазған хатында: Ақтау, Ортау, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Өлкейек, Тоғызақтан Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында тартып алынып, қаптаған бекіністер тұрғызылды. Міне, енді күн сайын жерімізге баса-көктеп кіріп, бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұл біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі. Менің тілегім — екі жақтың да халқы мизамшуақ өмір сүруі, — деді.
Кенесары Қасымұлы 1837 жылғы желтоқсанда І Николай патшаның өзіне осындай мазмұнда хат жазған. Ол өзінің Ресей патшасына жолдаған алғашқы хаттарының бірінде тіпті, императорды атасы Абылай хан заманында екі ел арасында орын алған бейбіт қатынасқа және шекара есебінде қабылданған межеге қайта оралуға шақырады. ... Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта, — деп жазады Кенесары император І Николай патшаға, халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады; біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып, Сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, ұлы мәртебелім, Сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын, — деп жазған. Алайда заңды талап-тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып, елі мен жерінің біртұтастығына қатты қауіп төнгендіктен, ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастады. Ақылды саясатшы және шебер әскери қолбасшы ретінде ол соғысқа жан-жақты дайындалды. Жасағына қару-жарақ соғу, соның ішінде зеңбірек құю үшін орыс және өзге ұлт шеберлерін де өзіне тартып, оларға жақсы жағдай жасады. Көп ұзамай Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналып, олардың ішінде Орта жүздің арғын, қыпшақ руларымен бірге Кіші жүздің де шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы тағы да басқа руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат тағы да басқа руларының сарбаздары болды. Кенесары хан ұлт-азаттық көтерілісінде Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар тәрізді батырларға арқа сүйеді.
1841 жылы қыркүйекте үш жүздің өкілдері жиынында Кенесары қазақ халқының ханы болып сайланды. Сол жылы Кенесары ханның әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 жылы Ресей үкіметі Кенесары ханға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Соған қарамастан, Кенесары ханның әскері Ресей армиясы мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарына бірнеше рет ойсырата соққы берді. Әсіресе 1843 жылдың қыркүйегіндегі Орынбор жасағымен шайқас бір жұмаға созылды.
1844–1845 жылдары Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі шырқау шегіне жетті. Ол бастаған елді үш жақтан қоршап, Қарақұмға шегінуге жол бермеу үш бірдей жасаққа жүктелсе де Кенесары оларды жер қаптырып, құтылып кетті. Кенесары кейін Константинов қамалына шабуыл жасады. Жантөрин мен полковник Дуниковский бастаған орыс әскерімен шайқасып, сұлтан жасағына тылдан тиісіп, жойып жіберді. Осы ұрыста 44 сұлтан қаза тапты. Кенесарыны қарудың күшімен бағындыра алмасын білген патша өкіметі онымен келіссөз жүргізіп, қапияда қолға түскен сүйікті жары Күнімжан ханымды тұтқыннан босатты. Кенесары өз ордасын Жетісуға көшірді. Ұлы жүзден оған Байсейіт, Сұраншы, Саурық, Тойшыбек, Байзақ батырлар жасақтарымен келіп қосылды.
Тарихта Кенесары хан парасатты әмірші, әскери өнерді жетік меңгерген қолбасшы, жаужүрек батыр ғана емес, ғажайып дипломат, данагөй де болған тарихи тұлға. Сол кездері отарлаушы орыс мемлекеті қазақтарға қарсы Хиуа, Қоқанды, қырғыздарды айдап салса, қырғыздар Орта жүзге Ұлы жүзді қарсы қоюға жанталасып, Хиуа Есет батырды Жанғожаға, Жанғожаны Кенесарыға қарсы қоюға тырысты. Патша өкіметі болса, сатқын сұлтандарды Кенесары ханның соңына салып қойды. Осындай аласапыран заман туса да Кенесары хан жеке басының қамынан елінің біртұтастығы мүддесін жоғары қойды. Тапқырлығымен талай қиын мәселелердің түйінін шешті. Сатқындыққа, әділетсіздікке, мейірімсіздікке қатал қарап, қатты қаһарланса да парасаттылық танытар тұста ашуын ақылға жеңдіре де білді.
Азаттық үшін шайқаста Кенесары хан қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Алайда, патша әкімдерімен құпия байланыста тұрған қырғыздар оған мойынсұнбады. Кенесары хан оларға шабуыл жасады. Өз жақтастарының опасыздық салдарынан Кенесары мен Наурызбай дұшпандардың қолына түседі. 1847 жылы Кенесары хан Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік-Сеңгір аңғарында осылайша айуандықпен өлтіріледі. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жіберді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы Кенесары бүлігі туралы іске қосып сақтауға бұйрық берді.

Санат: KZ портал Қазақша Рефераттар жинағы


Скачать


zharar.kz