Қызылқоға ауданының бай тарихы жөнінде ел аузында айтылатын аңыз көп. Желмаямен желіп жүріп, жерұйықты іздеген Асан Қайғы баба осы өңірде іргелі қалашық тұрғызды дейтін аңыздың шеті еміс-еміс естіліп қалады. Бұл туралы ХІХ ғасырдың орта шенінде өмір сүрген аузы дуалы ақын Мұрат Мөңкеұлы да өз шығармасына арқау еткен. Ақын өзінің “Үш қиян” толғауында:
“Ақтөбе мен Қорғанша
Асан Қайғы бабаның
Қызыл тастан үй салдырып,
Он жыл тұтас отырып
Әңгіме құрып кеткен жер”, – деп жырлағаны әдебиетші қауымға, соның ішінде Мұрат ақын туындыларын зерттеуші ғалымдарға жақсы таныс. Толғаудағы Қорғаншаның Асан Қайғы бабамыздың қаласы болғанына енді ешкім дау айта қоймас. Өйткені, ел аузындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан, Мұрат Мөңкеұлы қағазға қаттаған аңыздың текке айтылмағанының дәлелі табылған секілді. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы археологиялық-этнографиялық орталықтың директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов бастаған археологиялық экспедиция Қорғанша қалашығының орнын қазуды бастады. Қазіргі белгілісі – қалашықтың аумағы 400 шаршы метрді құрайды екен. Аз уақыттың ішінде құм астына сіңіп кеткен қалашықтың тек бірінші қабаты аршылған. Әзірге оның қақпасы, мұнарасы қазылып жатыр.
Осынау тарихи орынның іргетасын Асан Қайғы бабамыз қалады деген пікірге тоқтам жасаған ғалымның мәлім етуінше, мұндағы қазба жұмыстары бес жыл бойы жүргізіледі. Қорғаншаның толық тарихын ашу, тым тереңде жатқан жәдігерлерін табу үшін бес жылдың аздық ететіні даусыз. Бұған он жылдай қазба жұмыстары тоқтаусыз жүргізілсе ғана бүгінге дейін жұмбақ күйде жатқан тарихи қалашықтың мол қазынасына қол жетпек. Бәлкім, осы жерден Асан Қайғы баба тұтынған құнды дүниелер табылуы мүмкін ғой. Және Қазақ елі тарихының жаңа бір парағы ашыларына күмән жоқ. Бірақ университеттің студент –археологтарының қолын қаржының тапшылығы байлайтынға ұқсайды. Себебі, қазір Қорғанша қалашығындағы алғашқы қазба жұмыстарына университет басшылығы ғана қаржы шығарып отыр.
Қалай дегенде де ғасырлар бойы тылсым сырын, толымды тарихын бүгіп жатқан көне Қорғанша қалашығындағы қазба жұмыстарының тоқтамағаны керек. Мұның мәдени, тарихи мұрамызды толықтыратын қазыналы көмбе екендігі дәлелдене бастады. Тіпті әдеби мұрамызға да қосылатын жәдігерлер бар шығар мұнда. Қалашықтың сәулеті де баршаны қызықтырмай қоймайды.
Алтын әшекейлі әйел
Қорғанша қалашығында қазба жұмысын жүргізіп жатқан ғалым Марат Қасенов бастаған атыраулық жас археологтарға жергілікті тұрғындар бір шопанның алтын алқа тауып алғанын айтыпты. Бұл шынында да археологтарды құм астында елеусіз қалған қорымды қоса қазу қажеттігіне жетелейді. Анығын айтқанда, археологтар Қорғаншадан тым қашық емес жердегі қорымнан алтын әшекейлі бұйымдарымен жерленген әйелдің мүрдесін тапты. М.Қасеновтің пікірінше, бұл қорым біздің дәуірімізге дейінгі VІ-ІІ ғасырларда өмір сүрген сарматтар дәуіріне жатады. Мұны ақсүйектер тұқымынан шыққан әйел адамның алтын әшекейлерімен, тұтынған бұйымдарымен жерленгені айғақтайды. Шындығында, қорымдағы алтын бұйымдардың бастапқы қалпын бұзбағаны таңдандырады. Табылған олжалардың арасында алтын сырға, алтын алқа, әдемі салпыншақтар, алтын жалатылған қола айна, лағыл тастардан тізілген моншақ, әтір сақталатын кішкене құты еш мұқалмай, бүлінбей табылып отыр.
Қорымға қанжар, жиегі әшекейленген амфора, құмыра тектес әр түрлі ыдыстар, ақық тастан жасалған зергерлік бұйымдар, темір қасық, қола айнаның сынығына дейін көміліпті. Археологтарды таңдандырған бір жәйт, осы қорымға темір қасықтың көмілгендігі болып отыр. Осы кезге дейін табылған қорымдарда сүйектен, не ағаштан жасалған қасықтар көмілуші еді, деген ғалым М. Қасеновтің айтуынша, алтын әшекейлі әйелдің сармат дәуіріндегі ең беделді адам болғандығын және дәулетті әулеттен шыққандығын білдіреді. Сонымен қатар, қорымда қоладан құйылған садақ оғының ұштары болған. Осынау баға жетпес алтын көмбенің арасындағы ақықтан жасалған алтын алқа, көгілдір тастармен көмкерілген алқа, тіпті әтір құйылуға лайықталған құтының құндылығы жоғары. Әзірге алқалардың, жалпы алтынмен апталған бұйымдардың қайда, қалай жасалғанын болжау қиын. Алайда, құтылардың, өзге де ыдыстардың, қола айнаның гректердің қолынан шыққандығына сеніммен қарауға болады, дейді ғалым. Осыған қарағанда, Каспий ойпатында өмір сүрген ежелгі сарматтар Жерорта теңізі жағалауындағы елдермен, әсіресе, гректермен арада сауда-саттық тұрғысындағы байланыста болған деуге негіз бар.
Міне, осылайша ғалым Марат Қасенов бастаған студент-археологтар көне қалашық пен алтын көмбенің үстінен түсіп, үлкен олжаға кенелді. Олардың шілденің аптабына шыдас беріп, ерінбей тапқан олжалары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің археологиялық-этнографиялық орталығына қойылады. Ел, жер тарихының толығуына тамшыдай болса да үлес қоссақ деп талпынған Марат Қасенов секілді ғалымның бастамасын қолдап, қаржылай қолдау көрсеткен университет ректоры, профессор Асхат Иманғалиевтің елжандылық, ұлтжандылық қасиеті өзгелерге өнеге боларлық.