Саз зергері – Қазанғап.

Скачать

Саз зергері – Қазанғап.

Халық күйшісі – Қазанғап Тілепбергенұлының творчествосының қазақ музыка мәдениетінің тарихында ерекше орын алады. Ол – қазақтың аспапты музыкасын дамытуға өзіндік үлес қосқан композитор. Қазанғаптың күй мұрасы халық творчествосының биік шыңының біріне саналады. Қазанғап – халық өнерінің ең озық үлгілерінен, өз тұсындағы атақты күйшілерден тәлім алып, өз домбыра ойнау мектебін қалыптастырған күйші. Ол дәстүрі ғасырлар бойы бекем орныққан халық музыкасың тілі мен форма заңдылығына сүйене отырып, мазмұны, түрі және ойнау тәсілі жағынан ерекше айшықты күйлер шығарған.
Қазанғап екі дәуір аралығында өмір сүрген (1854 - 1921 ). Күйші Арал теңізінің жағалауындағы Құланды түбегінің Ақбауыр деген жерінде қойшының жанұясында туған. Кедейлік, жоқшылық тауқіметі Қазанғапты жастайынан әкесіне қолғабыс беріп, байлардың қозысын бағуға мәжбүр етеді. Жалғыз өзі таңертеңнен кешке дейін қой соңынды күн өткізген жас баланың жұбанышы домбырасы болады. Табиғатынан сезімтал, ән – күйге ынтық бала кең далада көкейіне оралған саздарды перге түсіріп, балалық қиялы мен сезім сырларын домбырамен бөліседі. Сырласы да мұндасы да домбырасы болады. Жалпы Қазанғап ауыл домбырашыларың көрсеткенін домбыраға салып ойнайтын болған.
Есейе келе домбырашы болып, өнер қууға бекем бел буады. Күй құпиясына бойлай түссем деген арман көкейін мазалаған Қазанғап әкесінің жалғыз атын мініп, елге аты мәлім домбырашыларды іздеп сапарға шығады. Алдымен Доңызтау – Аққалқа деген жерде тұратын Төреш күйшіні іздеп барады. Жас домбырашының дарынына таң қалып, таңдай қаққан Төреш оған күйлер үйретіп, домбыра шертудін құпияларын құлағына құяды. Күйші талапты жасқа батасын беріп, өнер жолындағы тұсауын кеседі. Қазанғап Бесқалада тұратын Орынбай, Ембідегі Құрманияз, Қарақамыстағы Үсен күйшілермен кездесіп, шеберлік сырларын көкейіне тоқи береді. Аты шулы домбырашылардан дәріс алып, олардың орындаушылық мәнеріне көзі қаныққан Қазанғап өзі де күй шығарып, ойнау стилін қалыптастыра бастайды.
Апталап жүріп Қазанғап айтулы домбырашы Орынбайдың да үйіне жетеді. Көргені де көп, түйгені де көп кісі екен. Әр жайдан әңгеме қозғалып, талай күй шертілді. Бұ кісі де Төреш сияқты, жас домбырашының өнерін қоштап, талабына нұр жаусын айтады.
Орынбай жас күйшіге «өзінде күй шығарып көрмедің бе?» деп ой тастайды. Қазанғап домбырасын алып, өзінің бірнеше «Ақжеленің» тартып береді. Көбеген күйшінің ақыл кеңесіне, алғысын айтып, жылы сөзіне арқаланып, ауылына нұры тасып оралады.
Бірде Қазанғап Оңтүстік өңірінен астық алып қайтпақшы болып, сауда керуеніне ілесіп жолға шығады. Қарақамыс ауылының тұсынан өтіп бара жатып, белгілі күйші Үсен төремен танысып, сәлем бермек оймен ат басын бұрады. Үсен төре жол жүріп кеткен екен, Қазанғап сусын ішіп тыныққан соң, Үсен төренің домбырасын келінінен алдырып, тарта бастайды. Әлден уақытта сырттан үйге кірген Үсен төре домбырасын тартып отырған бейтаныс адамды көріп:
- Домбырамды менің рұқсатымсыз алып тартуға батылы жеткен неткен жансын? Ал енді көрсет өнерінді, егер дұрыс тарта алмасан, осы жерде айыбынды төлейсін,-деді.
Қазанғап өзін таныстыру үшін «Көкейге түскен Көкілжан» атты жаңа бір күйін шертеді. Оған риза болған Үсен төре үйдің төрінен орын береді.
Қазаптың белгілі күйші Үсен төремен осылайша танысады.
Күйшінің Қазанғап екенің білгеннен кейін қатты қуанған Үсен төре сол жерде кішігірім күй сайысын құрады. Сол кезде Үсен төре Қазанғапқа барлық 62 ақжелен күйлерін тартып бер дейді. Қазанғап бұл күйлерді мүдірмей ойнап, өзі төреге «мына бір күйімді шертіп қайтарыңыз» деп, күйді ойнап береді. Үсен төре домбыраны алып, Қазанғаптың жаңа күйін ойнай бастайды. Кенет күйдің сол қолмен перненің асты-үстінен алынып ойналатын жерінде домбырасы тайып, қолынан ысырылып түсіп кетеді. Ел арасында бұл күй «Ысырма» деген атпен тарайды. Осылайша Қазанғап «Ысырма» күйін орындау арқылы, айласымен атақты Үсен төрені ұтып кетеді. Үсен төре Қазанғаптан жеңілгенің мойындап, батасын береді.
Қазанғап өз өнерін ұштау, жетілдіру жолында көп еңбек еткен Қазанғап осы тұста « Қаратөс» деген жалпы атпен екі күй шығарады. Күйші бірін «Үлкен Қаратөс», екіншісін «Кіші Қаратөс» деп атайды. Музыкалық құрылысында айтарлықтай жаңалық болмағанмен, ішкі динамикасы мен әуенінде сонылық әм құлаққа жағымдылық бар екені айқын көрінеді. Формасы жағынан Дәулеткерейдің «Қос ішек», «Атқа алған» күйлеріне аздап ұқсайды.
1916 жылы 25 маусымда «бұратана» халықтан тылдағы қара жұмысқа адам алу туралы патша өкіметінің жарлығы шықты. Орданың құрамына кіретін болыстар бұл жарлыққа бас көтеріп наразылық білдірмек болып еді, жазалау жасағының сұсына төтеп бере алмай, бір жағы байлардын сатқындығынан опық жеп, ұйымдасып қарулы қарсылық көрсете алмай, зәресі ұша Қарақұм жағына қарай дүркірей көшкен – ді. Қазанғаптың көшуге көлігі жоқ болып, жұртта қалып қояды. Өзі тізімге ілігіп қашып жүрген жігіттерге барып қосылады. Ауыл орнында жұмысқа жарамсыз кәрі – құтаң, қатын – қалаш, бала – шаға қалған еді. Халықтың көтерілісі аяусыз басылған соң, қан қақсап, тоз- тоз боп, бозып кеткен көз жасы көл елді көріп, жер болған ерді көріп Қазанғап сол бір ауыр күндер хикаясын шертетін жаңа күйлер шығарады.
«Жұртта қалған» күйі кер замандағы кедей қауымы шеккен қасірет - азабын, қайғы – мұңын шерлене толғайды. Тіпті халықтың сол күндері қара жамылып аза тұтқан үні құлаққа келгендей.
Жалпы Қазанғаптың күй ойнауда өзіндік өзінің ерекше стилі бар. Мысалы « Көкіл» күйінде өзінің ауыр өмірі туралы сыр шертеді. Мұңлы шерлі күй сазы тағдыр тауқіметін тартқан күйші өмірін көз алдыңызға әкеледі. Қазақ халқының ежелгі өміріндегі әлеуметтік қайшылықтардың бірі - әйел теңсіздігі мәселесі – Қазанғап творчествосынан өз көрінісін тапқан. Күйші қазақ ауылындағы ескі әдет – ғұрыптық шырмауынан теңіне қосыла алмаған қыздардың тағдырын, өксікпен өткен өмірін « Балжан қатын » күйінде бейнелейді.
Қазанғаптың Қазан төңкерісі таңы атысымен шығарған күйі «Учитель». «Учитель» күйі – бөлекше дүние, Тіпті Қазанғап шығармашылығында оқшау тұрған шығарма. Бірақ бұл сырт көзге ғана. Ден қойып, тереңірек үңілсеңіз жарқын пейілмен, оптимистік философиясы бар. Күй басынан аяғына дейін бұл атырапта белгісіз марш екпінімен жазылған. Әуен характері сергек, ойнақы, ашық – жарқын. «Учитель» күйінің нық аяқ алысы –Қазанғаптың үлкен шығармашылық пайымдауларға өз міндетін жете түсіне отырып барғаның көрсетеді. Бұл күй тындаушының санасын оятып, алға ұмтылуға, тынымсыз күреске, жасампаздыққа үндейді.
Алайда атақты домбырашы, талантты сазгер өзінің шығармашылық ойларын түгел жүзеге асыра алмады. 1921 жылы 67 жасында дүние салды.
Қазанғаптың артында оннан аса шәкірті қалды. Оның шығармаларын орындаушы домбырашылардың ішінде Жәлекеш Айпақов, Сәдуақас Балмағамбетов, Бақыт Басығараев, Машалақ сияқты домбырашылар ізін жалғастырған.
Бүгінгі таңда Қазанғап күйлерін насихаттап жүрген Абдулхамит Райымбергенов, Жайлау Асылханов, Еділ Басығараев ағаларды айтуға болады. Сондай-ақ осы күйшілердің ізденісі арқылы Қазанғаптың өзгеде жаңа күйлері табылуда. Мысалы Жайлау Асылханов ағамыз Машалақ күйші шалдан «Кәрі Ақжелен», күйінің өзгеше нұсқасын үйреніп және «Ұршықтың жұртта қалғаны», «Торы аттың табақ тартуы» атты күйлерді қазақ жұртына жеткізді. Сондай-ақ Келбет Тілеулин «Алиманның боз жорғасын» алып келген. Нұрболат Жанаманов «Өмір жайлау» күйінің жаңа нұсқасын жеткізді. Бұл күйлер қазіргі заманда ойналып өз орынын тауып жүрген күйлер.
Қазанғап қазақ күй мұрасына ерекше сазды күйлер әкелген айрықша дарын иесі. Оның күйлерінің даралығы – сезімге байлығында. Әрбір көрген, көңілге түйген оқиғаларын саз арқылы сезімге бөлеп ерекше толғауында. Өз заманының озық суреткері – Қазапғап күйші – күй өнерін жарып өткен жаңа соқпақтың иесі, ой мен сезімді қатар қолданған айрықша талантты сазгер. Қазанғап күйлері – адам жанының нәзік қылын дөп басатын сұлу саздар.
Қазанғаптан мұра боп бізге жеткен күйлердің тақырыбы сан – алуан. Оның шығармалары бүгінде халық арасында кең тарап кетті. Республиканың музыкалық жоғары және орта оқу орындарында Қазанғап күйлері оқу бағдарламасына енгізіліп орындалуда. Қазанғап ойнау дәстүрі өзіндік бір мектеп болып қалыптасты.


Скачать


zharar.kz