Кітап туралы

Скачать

рухани құндылық
Бұл күнде “Мәдени мұра” мем­ле­кеттік бағдарламасы іске асырылуда. Осы­ған байланысты министрлік тара­пынан қандай нақты іс-шаралар жүзеге асып жатыр?
– Кітап арқылы біз өткенге көз жі­береміз, жақсысынан тағылым ала­мыз. Қымбат мұра ретінде баға­лай­мыз. Кітап туралы: “Мен одан артық қайы­рымды көршіні, одан әділ досты, одан асқан елгезек жолсерікті, одан артық көнбіс ұстазды, одан асқан да­рынды ақылшыны білмеймін”,– деген екен араб жазушысы Әл-Жаһаз. Ен­деше, кітап – қоғамның рухани жағы­нан да­му­ында қуатты құралы ғана емес, өш­пес із болып қалар мәдениет­тің қай­нар бұлағы әрі оның өзекті саласы да.
Осы басты байлықтың қатарынан орын алар құндылықтарға тоқталар болсам, жүз томдық “Бабалар сөзі” се­риясы, он томдық “Қазақтың ата заң­дары”, он томдық “Қазақ әдебиетінің та­рихы”, бес томдық “Қазақ музы­касының антологиясы”, жүз томдық “Әлем әдебиеті кітапханасы”, жиырма томдық “Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының философия­лық мұрасы”, жиырма томдық “Әлем­дік философиялық мұра”, екі томдық “Ежелгі дүние авторларының шығар­ма­ларындағы Қазақстан тарихы”, он томдық “Әлемдік саясат­та­ну ой-сана­сы”, он томдық “Әлемдік психология ой-санасы”, он томдық “Эко­но­мика­лық классика”, “Си­но­ним­­дер сөздігі”, “Қазақ тілінің диа­лек­тологиялық сөздігі”, “Қазақ тілінің этимологиялық сөз­дігі”, “Қазақ тілінің орфография­лық сөздігі”, он бес том­дық “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі”, бес томдық “Қазақстан” ұлттық энциклопедиясы” (орыс тілінде), “Қазақстан Республи­ка­сы” көпшілік энциклопедиялық сөздігі”, “Қазақ мәдениеті” және “Қазақ әдебиеті” энциклопедиялық анықтамалықтары, екі томдық “Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары”, “ІХ-ХVІ ғасырлардағы араб дереккөз­де­ріндегі Қазақстан тарихы”, “V-ХVІІ ға­сырлардағы иран-парсы дереккөзде­рін­дегі Қазақстан тарихы”, “ХV-ХХ ға­сырлардағы түркі тілді дереккөз­дерін­дегі Қазақстан тарихы”, “ХVІ-ХХ ғасырлардағы орыс дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы”, он томдық “ХІІ-ХХ ғасырлардағы батыс дереккөз­деріндегі Қазақстан тарихы”, 5 томдық “Қытай дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы” (“Дайк-Пресс” баспасы), “Бейнелеу өнері” және тағы басқа сериялармен кітаптар жарық көруде.
– Бұл серияларды қандай мекеме­лер әзірлеп, қандай баспалар шығарып жатыр? Әр серияға жеке-жеке тоқталып өтсеңіз?
– “Мемлекеттік сатып алу ту­ралы” Заңға сәйкес әр серияны кон­курс­та жеңіп алған баспалар шыға­ра­ды. Атап айтсақ, “Бабалар сөзі” серия­сы негізі­нен ғылыми басылым. Мұны М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инсти­туты­ның ғылыми кеңесі ұсынған. Ол академик С.Қасқа­басовтың төрағалы­ғымен жүзеге асып жатыр. Көп томдық бұл серия қазақ халқының аса бай, көп жанрлы рухани мұрасының барлық үлгілерін түгелге жуық қамтиды. Өткен жылы “Фолиант” баспасынан аталған серия бойынша он томы жарық көрсе, оның тоғыз томы хикаялық дастандар. Мәселен, бірінші томға “Сыршы молда”, “Ғаяр қатын”, “Қисса Зейне Зайуб”, “Жетім көдек”, “Орқа-Күлше”, “Қисса Таһир” атты хикаялық дастандар, екінші томға 9194 жолдан тұратын “Шаһмаран”, ал үшінші томы “Қисса Шеризат”, “Қарқабат”, “Құлқаныс-Зеберше”, “Қисса Гүлшаһра дохтари сұлтан Кашмир” дастандары енген. Қалған томы да осындай жыр-дастандардан тұрады. Аталмыш баспадан осыдан біраз бұрын “Бабалар сөзі” сериясының тағы да сегіз томы оқушы қолына тиді.
“Қазақ әдебиетінің тарихы” серия­сын да М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары әзірлеуде. Мысалы, “Қазақпарат” баспасы шығарған “Қазақ әдебиетінің тарихының” төртінші томы ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиетін, жетінші томы Кеңес дәуірі­нің алғашқы кезеңі – 1917-1940 жыл­дар аралығын қамтиды. Ал сегізінші томы Кеңес дәуірінің екінші кезеңіне – 1941-1956 жылдарға арналса, то­ғызыншы томның бірінші және екінші кітабында ХХ ғасырдың 1960-1980 жылдарындарғы қазақ әдебиетінің келелі мәселелері қозғалады.
“Қазақтың ата заңдары” сериясы­ның жетекшісі көрнекті ғалым, ака­демик Салық Зиманов ағамыз. “Қазақтың ата заңдары” – қазақ құқы­ғының бүкіл адамзаттық мәде­ниет тарихында өзіндік алатын орны бар, құнды еңбек. Заң әдебиеттерін шығаруға мамандандырылған “Жеті жарғы” баспасынан оның төрт томы жарық көрді. Бұл серияның бірінші томында белгілі тарихи тұлғалардың, ой­шылдардың, жиһангерлердің, ғылым мен мәдениеттің көрнекті өкіл­дерінің еркіндік идеялары топтас­ты­рылған. Негізінен әдет-ғұрып заңдары және атақты төрт би: Майқы би, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би кезеңдері, олардың ғұмырнамасы, ел бірлігі, шешендік дәстүр сөз болады. Екінші томда “Жеті жарғы”, “Есім ханның ескі жолы”, “Қасым ханның қасқа жолы” секілді заңнамалық құжаттар жинақ­талған. Үшінші-төртінші томдарда қазақтың белгілі әрі беделді билері, олар құрған биліктер, сөз қадірі, ел тұтастығы көрініс тапқан.
– Қазақтың бейнелеу өнерінің озық үлгілері “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасында қамтылған ба?
– Әлбетте, мемлекеттік бағдарлама ая­сын­дағы “Бейнелеу өнері” секция­сы­ның ұсынысы бойынша қылқалам ше­бер­лері – “Әбілхан Қастеев”, “Орал Таң­сық­баев” альбомдары “Өнер” баспасынан жарық көрді. Ал “Сергей Калмыков”, “ХІХ ғасыр суретшілері шығар­ма­ларындағы Қазақстан” альбомдары баспадан шықты.
– Қазақ музыка өнері саласындағы шығармалар ше?
– “Қазақпарат” баспасынан бес томдық “Қазақ музыкасы антология­сының” “Көне музыкалық фольклор” атты бірінші томы, “Орта ғасырдағы қазақ музыкасы” атты екінші томы, таяуда ғана ұлы сазгер Н.Тілендиевтің көп томдығының екі томы жарық көрді.
– Қазіргі қоғамдық-әлеуметтік күрделі өзгерістерге сәйкес келетін әлеуметтану-саясаттану салаларында шығармашылық еңбектер қалыптасып үлгерді ме?
– Бағдарламаны жүзеге асыру ая­сын­да әлемдік саяси ақыл-ой классиктерінің еңбектерін зерттеуді белгілі бір жүйеге келтіріп, қазақ тілінде ғылыми айналымға келтіру көзделген болатын. Осы орайда, “Әлеуметтану” секциясының ұсынуымен, әлеуметтану ғылымдарының докторы К. Биекеновтің жетекшілігімен, баспа директоры Н.Оразбектің редакциялауы­мен “Қазақстан” баспа үйінен” “Әлемдік әлеуметтану антологиясы”, саясаттану ғылымдарының кандидаты М.Әшімбаев­тың жетекшілігімен “Әлемдік саясаттану антологиясы” серияларымен бірнеше томдар жарық көрді.
– Мәдениеттану, психология және экономика салаларындағы еңбектердің оқырман қауымға берері көп. Осы бағытта қандай кітаптар шықты?
– “Жазушы” баспасы шығарған “Ежел­­гі Шығыс философиясының” бірін­ші томы, “Антикалық философиясының” екінші томы, сондай-ақ “Мәдениет­тану” сериясы бойынша “Жиырмасыншы ғасыр мәде­ниеті­нің антропологиясы” атты кітап­тар­дың бүгінгі оқырман үшін, жалпы зерт­теуші-ғалымдар үшін баға жетпес еңбек екені сөзсіз.
“Таймас” баспасынан академик Ә.Нысан­баевтың төрағалық етуімен, “Пси­хология” сериясы бойынша Филосо­фия және саясаттану институты әзірлеген Л.Выгодскийдің “Мәдени-тарихи тұжы­рым­дама” деген еңбегі жарық көрді. Сон­дай-ақ, Экономика институты М.Кенже­ғо­зиннің жетекшілігімен “Экономика” сериясы бойынша “Әлемдік классика” көп томдығының “Маржинализм және кәсіпкерлік негіздері” деген үшінші томы, ал бесінші томы “Экономикалық өсу және бәсеке теориясы” деген атпен шық­қанын айтып өткім келеді. Бұл кітаптарға әлемдік классикалық еңбектер кіргізілді.
– Мемлекеттік баспа бағдарламасы бойынша тағы да басқа қандай әдебиеттер шығарылады?
– 2002 жылдан бері “Раритет” баспасынан басылып жатқан “Алтын қор” сериясымен ХV ғасырдан бастап, осы күнге дейінгі ақын-жазушыларымыздың ең үздік, ең таңдаулы шығармаларынан түзілген көп томдық (100 томдық) басылымның қырыққа жуық томы оқырман игілігіне айналды.
2001 жылдан “Өлке” баспасы шыға­рып келе жатқан “Отырар кітапханасы” сериясы рухани дүниемізге жаңаша серпін берген бастама болды. Сол бастама 2002-2005 жылдары да өз деңгейін биіктетіп, әдебиетімізге келген жаңа есімдерді насихаттау, белгілі қаламгерлерді дәріптеумен қатар, ғылыми-зерттеу еңбектерге де жол ашып келеді.
Осы үрдіс жылдан-жылға ауқымын кеңейтіп, қанатын жайып, толысып отырса, рухани мәдениетіміздің бай қазынасына айналары сөзсіз.
Ал енді қоғамдық-саяси әдебиеттер “Елорда” баспасынан әдемі безендіріліп, жақсы түптеліп, қолға тиеді. Кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, өмірден ерте кеткен Алаш арыстарының көп томдық шығармалары “Алаш мұрасы” сериясы­мен “Алаш” атты баспадан шығу үстінде. Осы уақытқа дейін шығып келе жатқан қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері А.Байтұрсыновтың, Ж.Аймауытовтың, М.Көпейдің, С.Торайғыровтың, Қ.Мұха­мет­хановтың, көп томдықтары рухани қазынамызға айналуда. Мемлекеттік тілді үйренуге арналған және басқа да салалық анықтамалық сөздіктер “Сөздік-Словарь” баспасынан, ғылыми-көпшілікке арналған әдебиеттер “Алатау” баспасынан, Б.Май­лин, І.Жансүгіров және С.Сейфуллиннің көп­ томдықтарын “Қазығұрт”, Қазақ­стан­ды мекендейтін этностардың шығарма­ларын “Рауан” баспасы басып шығарса, “Ауыл кітапханасы” сериясымен шығатын дүние­лер­ “Қайнар” баспасынан жарық көрді. Сондай-ақ, заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің елу томдық шығармалар жинағының жиырма үш томы “Жібек жолы” баспасынан жұрт қолына тиеді. Мұның өзі зор жетістік.
– Мемлекеттік тапсырыс бойынша шығарылған кітаптар қандай жүйемен таратылады?
– Мемлекеттік тапсырыс бойынша шығарылған кітаптар кітапханаларға тегін беріледі.
– Қазір “Баспалар көбейіп кетті, кітап­тардың да сапасы төмендеді” деген пі­кірлер белең алып жүр. Бұған не айтасыз?
– Біріншіден, баспа көбейсе, қалам­гер­лер шығармаларының оқырмандармен қауышуына жол ашылғандық емес пе? Ал, қоғамдық сұ­раныстан туындаған мемле­кеттік тапсы­рыс­пен шығатын әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерінің сапасын анықтайтын салалық комиссиялар жұмыс істейді. Та­қырыптық жоспарын әр баспа редакция­лық-баспа кеңестерінде талқы­лаудан өт­кізіп, іріктелген қолжазбаларды пікірімен ұсынады. Баспа бағдарлама­ла­рын қалып­тастыру кезінде әдебиет түріне қарай Жазу­шы­лар одағы мен ғылыми инс­ти­тут­тардың, ондағы мамандардың ұсы­ныс­тары мен пі­кір­лері негізінде аса құн­ды қолжазбаларды жоспарлаймыз. Және қол­жазбаны кәсіби мамандардың өн­діріске әзірлеп, шығаруын қадағалаймыз.
Екіншіден, жаңадан ашылған кейбір баспаларда кәсіби мамандар жетіспейді. Кітап қаржысын толық өзі көтеріп алған автор әрі редактор, әрі корректор болып шы­ға келеді. Тіпті, автор теріп, беттеп әкел­­ген қолжазбаны сол күйінде кітап етіп шығаратын баспалар да кездеседі. Мем­лекеттік стандартқа сәйкес емес, көркемдік деңгейі төмен, мазмұны нашар, сапасыз кітапты көріп жүрегің сыздайды. Жекенің аты – жеке, еш нәрсе айта ал­май­сың. Сондықтан мемлекет тапсы­ры­сынан тыс басылып жатқан кітаптарға әр баспаның өзі жауап бергені жөн секілді. Дегенмен, сөз бізге де келетіні өкінішті-ақ.
– Қоғам және адам өмірінде мерей­той­лық кезеңдер жеткілікті. Ал, осы мерей­той­лар мемлекеттік баспа бағдарламаларында қандай принциптік негіздерде қамтылып, іске асырылады?
– Парламенттің он жылдығына ар­нал­ған әдебиеттер “Мұрагер”, Қазақстан Республикасының Конституциясының он жылдығына арналған әдебиеттер “Эко­но­мика”, “Жеті жарғы” баспаларынан, Қазақ­стан халықтарының Ассамблея­сы­ның он жылдығына арналған әдебиеттер “Жеті жарғы”, “Елорда”, “Кітап сервис” баспаларынан басылып шықты.
“Санат” баспасынан Жеңістің 60 жыл­дығына орай жарық көрген кітаптардың арасында майдангер-қаламгерлер Б.Мо­мыш­ұлы, Ә.Сәрсенбаев, Ә. Нұршайықов, Қ. Қайсенов, А.Сергеев, Қ.Исабаев, М.Әлімбаев, Д.Снегин шығармалары бар. Қазақстан ақын-жазушыларының мерей­тойларына арналған әдебиеттер “Ана тілі” баспасының еншісінде.
Ал, “Білім” баспасынан “Әдеби ме­муар­лар” сериясы бойынша әдебиет, өнер, ғылым және қоғам қайраткерлері туралы есте­ліктер басылады. Үстіміздегі жылы Қ.Жан­дарбеков, Қ.Байсейітов, Ө.Тұрман­жа­нов, Ә.Сәрсенбаев, К.Бекма­ха­нов, Ғ.Мұстафин, Б.Соқпақбаев, Б.Момышұлы, Х. Абдуллин, Ж.Тәшенов, М.Зверев туралы естеліктер сол баспада жарық көріп отыр.
– Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі 14 жыл ішіндегі тың деректерді ұлттық энциклопедиямызға енгізу ісі қолға алынды ма?
— Бұл сұрағыңыздың жаны бар. Міне, Қазақстан өз тәуелсіздігінің он бесінші жылына қадам басты. Осы кезең ара­лы­ғында қай-қай салада да талай өзгерістер, керемет оқиғалар болып жатыр, деректер де, көзқарас та жаңаша бағытта сипат­та­лу­да. Осы ретте, “Қазақстан энциклопе­дия­сынан” “Қазақстан” ұлттық энцикло­пе­диясының бұдан бұрын алты томы, енді жетінші томы жарық көрді. Орыс тілінде осы ұлттық энци­кло­педияның бірінші, екінші томы шықты.
– Жас буын-жаңа ұрпақ өсіп келе жатыр. Балалар әдебиетінің жай-күйі қалай?
– Біздің басты мақсатымыз – балалар мен жасөспірімдерді жалпыәлемдік құндылықтар негізінде тәрбиелеу. Осы орайда, “Жалын” (“Жас толқын”), “Ару­на” (“Шығыстың ұлылары”,“Балаларға арналған энциклопедия”), “Балалар әдебиеті”, “Қазақпарат” (“Мектеп” кітап­ханасы), “Раритет”, “Балауса” (“Әлем балалар әдебиеті”) баспа­лары­нан басылып шыққан кітаптарды айта кеткен жөн.


Скачать


zharar.kz