Балуан Шолақ Ғалия өлеңінде ғашықтық сезімін қалай жеткізген?
Тезисі: Ғалия нәзік сезім дүниесін, мөлдір махаббатты шеберлікпен сыршыл әуенде жырлаған ғашықтық лирикасы.
Аргументтері: 1. Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Қай қылығың қалқаның ұмытарсың- деп Ғалияның сұлу мүсіні;
2. Ақсұңқарды бөктергі іле ме деп,
Ерегескен дұшпанды жерге тықтым деген жолдардан махаббаты;
3. Сексен сұлу сылаңдап тұрса-дағы,
Ғалияның алмаймын кірпігіне -деген жолдардан махабатына беріктігі.
Қорытынды: Өмірге махаббатпен Адам болып келеміз, ендеше махаббатпен өмірді танып, құштарлық сезіммен жетіле бергенге не жетсін!
Балуан Шолақ –композитор, жауырыны жерге тимеген балуан болған. Жігітке жеті өнер де аз дегендей, 14 жасынан бастап күреске түсіп, ат құғында ойнаған спортшы болған, шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Оның есімін де халық осы балуандық өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, Балуан Шолақ деп атаған. Балуан Шолақ ән-күйге жасынан құмар болады. Балуан Шолақ ел аралап, салдық құрады және жалғыз-жарым жүрмей, маңына әнші-күйші, палуан, өнерлі жастарды жинайды.
Оның халық арасына кең тараған әні – Ғалия. Ғалия нәзік сезім дүниесін, мөлдір махаббатты шеберлікпен сыршыл әуенде жырлаған ғашықтық лирикасы.
Ғалия өлеңі арқылы ақынның адамның көзіне көріне бермейтін ең нәзік сезім қылы суреттеледі. Осы нәзік сезімге бастайтын жол өлеңде қалай көрініс тапқан десек? Сезімге бастайтын жол – ынтықтық, құмарлық, құштарлық осының бәрі өлеңде ретімен көрініс тауып, ғашықтық сезімдерін сөздің құдіретімен жеткізіп отырған.
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Қай қылығың қалқаның ұмытарсың- деп Ғалияның сұлу мүсінін, келбетін ынтық сезіммен суреттейді. Адам бойындағы оның бұлқынған адал сезімі тізгін бермей, тулап тұрғанын байқаймыз.
Ақсұңқарды бөктергі іле ме деп,
Ерегескен дұшпанды жерге тықтым деген жолдардан махаббат жолындағы қызғаныш сезімін байқаймыз. Адал махаббат жолындағы күрес, ғашығына қол жеткізу жолындағы батыл қадамдары анық байқалады.
Сексен сұлу сылаңдап тұрса-дағы,
Ғалияның алмаймын кірпігіне -деген жолдардан махабатына берік ақынды байқаймыз. Сезімін асқақ қойған ақын өз өмірін тек Ғалиямен ғана байланыстырады. Өмірдің мәні адал махаббат деп бағалайды.
Қазақтың ұлы ақыны Абай: Махабатсыз - дүние бос деген ой түйінінен көкірегі ояу, көзі ашық әр адам өзіне сабақ алары даусыз. Өмірдің мәні махаббат сезімінде, ендеше кез-келген пендеге бұйыра бермейтін ең асыл сезім ғашықтық, таза мөлдір махаббат екенін мақтан етеміз. Адам бойындағы махаббат сезіміне қатысты аңыз, әңгімелер бар. Бұл адал сезім ұрпағымызға үлгі болары анық. Өмірге махаббатпен Адам болып келеміз, ендеше махаббатпен өмірді танып, құштарлық сезіммен жетіле бергенге не жетсін!