Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң нотариатты реттеу саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi:
1) Аумақтық әдiлет органдарының нотариустардың халыққа құқықтық қызмет көрсету саласындағы заңдылықты ұйымдастыру мен қамтамасыз ету жөнiндегi қызметiне басшылықты, оны үйлестiрудi және бақылауды жүзеге асырады;
2) Нотариустардың Нотариаттық iс-әрекеттердi жасау тәртiбi туралы нұсқаулық әзiрлейдi және бекiтедi;
3) Қазақстан Республикасының архивтер және құжаттаманы басқарушы уәкiлеттi мемлекеттiк органымен келiсу арқылы нотариаттық iс жүргiзу жөнiнде нұсқаулық әзiрлейдi және бекiтедi;
4) Аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi аппараттарының нотариаттық iс-әрекеттер жасайтын лауазымды адамдарын аттестациялау туралы ереже әзiрлейдi және бекiтедi;
5) Нотариустардың сынақтан өтушiлерi туралы ереже әзiрлейдi және бекiтедi;
6) Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиялардың мемлекеттiк тiзiлiмi туралы ереженi әзiрлеп, бекiтедi;
7) Жекеше нотариустарды есеп алып тiркеу тәртiбi туралы ереже әзiрлейдi және бекiтедi;
7-1) әрбiр нотариаттық округ бойынша нотариустардың санын бекiтедi;
8) нотариат мәселелерi бойынша әдiстемелiк, нұсқамалық және түсiндiрмелiк материалдар әзiрлейдi;
9) Нотариустардың қызметiн лицензиялайды;
10) Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиялардың мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзедi және лицензия берiлген адамдар туралы мәлiметтердi ведомстволық баспа басылымында жариялайды;
11) Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензияны тоқтата тұру және оның күшiн тоқтату туралы шешiм қабылдайды, сондай-ақ нотариустардың лицензияларын одан айыру туралы талаптарға бастамашылық етедi;
12) Нотариаттық iс-әрекеттердi, нотариаттық куәлiктер мен қаулыларды, мәмiлелердегi және нотариустар куәландыратын құжаттардағы куәландыру жазбаларын тiркеу тiзiлiмдерiнiң нысанын белгiлейдi;
13) Жеке практикамен айналысатын нотариустардың аттестациядан өту тәртiбiн бекiтедi;
14) Республикалық нотариаттық палатаның келiсiмi бойынша нотариустардың қызметiн бақылау тәртiбiн бекiтедi;
15) Кадрлық резерв және нотариустың бос лауазымына орналасуға конкурс өткiзу туралы ереженi бекiтедi;
16) Нотариат туралы Заңға сәйкес өз құзыретi шегiнде нотариаттық қызметтi реттеудi жүзеге асырады.