Білімді жастар жарқын болашағымыздың кепілі

Скачать

Егемен еліміздің болашағы жастар еншісінде. Сондықтан да Елбасы Н. Назарбаев жастар саясатының тиімділігін арттыруға баса көңіл бөліп келеді. Республика күні мейрамына орай Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылында жастар саясатын іске асырудың тәсілдерін жаңғырту, олардың қоғамдық ұйымдарының қоғамдағы рөлі, жұмыспен қамту және жастар арасында ауылдық жердегі жұмыстың беделін арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, патриоттыққа тәрбиелеу мақсатындағы өзекті мәселелер төңірегінде Алматы облысы ішкі саясат басқармасы мен аудан әкімдігінің бірлескен «Қазақстан – Республикам менің» атты жастар форумы өткізілді.
Селолық округі алдындағы мерекелік шеру алаңы бұл күні айрықша безендірілген, жиналғандар жүзі жадыраңқы. Ынтымақ, бірліктің жылы лебі сезіледі. Ақниетпен құшақ жая кеуде қағыстырғандарға қарап, халықтың бір-біріне деген ыстық ықыласы мен дарқан достығының арта түскенін аңғарасың. Алаңда адам көп. Тек қана осы ірі елді мекеннен емес, Республика күні мейрамын бірге қарсы алуға, аудан жастарының форумын көруге облыс орталығынан, көрші аудандардан да қонақтар жете қабыл келгені байқалады. «Адай», «Көңіл толқыны», «Өз елім» күйі күмбірлі, ән әуендері аспанда қалықтауда ұлы думан әскери оркестр маршымен Шелек ауылы мемлекеттік және бюджеттік мекемелер мен кәсіпорындар ұжымы, қоғамдық ұйымдар, ауылдағы 7 орта мектептің оқушылары мен ұстаздары Көк байрақтарды көкке көтере желбіретіп өткен мерекелік шерумен басталды. Әнұранымыз әуеде қалықтап көп ұлтты жастар тобы жарты алаңды төңкерген Көк туыңызды енгізді. Ұлы той, бірлік мерекесі салтанатын ашқан аудан әкімі Әлихан Тойбаев былайша ой өрбітті.
– Ауданымызда Республика күнімен тұспа-тұс жастар форумын өткізіп отырмыз. Елбасы Н. Назарбаев жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында жастар саясатын жүзеге асыруға арналған кешенді бағдарламалар жасап, оның орындалуын тікелей өзі қадағалап келеді. Жастар форумын өткізудегі негізгі мақсатымыз – жастар бойындағы елге деген сүйіспеншілік, патриоттық сезімдерін арттыру және әрбір жас азаматтың көкейінде жүрген мәселелерді зерделеп, сол проблемаларды біріге отырып шешудің жолын қарастыру болып табылады. Бүгін ауданымыздың белсенді жастары бас қосып, туған Отанымыздың болашағына деген салиқалы көзқарастарын ортаға салуға жиналып отыр.
– Жалпы, ауыл жастарының мәселелеріне, оның ауылдық жерден қалаларға қоныс аударуына және бұдан кейінгі бейімделуіне, жұмысқа орналасуына қатысты түйінді мәселелер аз емес. Жастардың кейбір бөлігі өздерінің күш- қуаты мен білімін қайда жұмсарын білмейді. Жастар проблемаларының бүгінгі жағдайы бұл жұмыста жаңа басымдықтармен тетіктерді әзірлеуді талап етеді.
– Мемлекет үлкен өмірге қадам басқан әрбір жігіт немесе бойжеткен өзінің еңбегімен және ықыласымен 4 негізгі құқықтарымен міндеттерін, яғни жақсы кәсіби білім алуды, лайықты деңгейде ақы төленетін тұрақты жұмыс болуын, отбасын құру үшін өз баспанасының болуын, салауатты өмір салтын жүргізу мүмкіндігінің болуын іске асыру үшін барлық жағдайды туғызуы тиіс, – деді Елбасы. Республикалық жастар съезінде сөйлеген сөзінде ол міндеттерді шешу үшін таяудағы жылдары ауданымызда кешенді шаралар іске асырылатын болады.
Бүгінгі өткізіліп отырған форумға қатысушылар мен қонақтарды Республика күні мейрамымен шын жүректен құттықтай отырып, Еңбекшіқазақ ауданының бірінші жастар форумының жұмысына табыстармен жетістіктер тілеймін. Егемен еліміздің еңсесі қашанда биіктей берсін, – деп ыстық ықыласын білдірді. Ерен еңбегі, өнегелі ісімен танылған бір топ жастарды, Құрмет грамоталарымен ескерткіш сыйлықтармен марапаттады.


Кезекті құттықтауға шыққан Алматы облысының ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлжиян Сүлейменова былай деді:
– Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаев үстіміздегі қазақ тілді ақпарат құралдары басшыларына берген сұхбатында «Біздің алдымыздағы үлкен міндеттердің бірі – жастарымызды білімге, отансүйгіштікке баулуымыз керек. Қазақстанымызды, Астананы, көп ұлтты халқымызды, қазағымызды, ел ішіндегі татулықты, бірлікті насихаттауымыз керек», – деп атап өтіп «Жас Отанның» І съезінде «Жас отандықтар – еліміздің ең беделді саяси партиясы «Нұр Отанның» деп тұғырығы ғана емес, менің жас көмекшілерім, серіктестерім» деп жастарға үлкен сенім білдірген болатын, сол сенімді ақтау мақсатында облыс әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетовтің тікелей қолдауымен облысымызда 2007–2009 жылдарға арналған бағдарлама жүзеге асырылуда. Барлық аудандық, қалалық әкімдіктер жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестер белсенділікпен жастар саясатын іске асыруда ықпал етуде. Мемлекеттік тіркеуден өткен 41 жастардың қоғамдық бірлестіктері, олардың ішінде Қазақстан жастар конгресі, «Ауыл жастарының одағы», «Жасыл ел» жастардың еңбек жасағыштары, «Жастар үні» қоғамдық қоры Қазақстан студенттері Альянсы облыстағы барлық әлеуметті және саяси жұмыстарға өз үлестерін қосуда.
Жастар – еліміздің келешегі, ал білімді жастар – мемлекетіміздің жарқын болашағы деп Елбасымыз айтқандай, жастардың мәртебесін көтеріп, оларға жан-жақты көмек көрсетіп, толыққанды білім беруге, өз мүмкіндіктерін толық пайдалануға барлық жағдайлар жасалуда.
Облыс әкімі биылғы жылы жастар саясатына 42 млн. теңгеге жуық қаржы бөлді. Бүгінгі күні жалпы құны 7 млн.теңгеге жуық әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылуда. Сондай-ақ, «Жетісу жастары» жастар одағы орталығының ашылуы оқушылар мен студенттерге қоғамдық көлікте тегін жүру жеңілдігінің берілуі, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жастарға жеткіншектер үйінің ашылуы. 200-ге тарта студенттеріміздің облыс басшысының гранты арқылы білім алуы, үздік 45 спортшыға ай сайын стипендия төленуі, 15 спортшыға баспана берілуі жастарымызға көрсетіліп жатқан нақты көмектер екенін айтқан жөн.
Қоғамдағы тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтауда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1995 жылы құрылған Ассамблеяның маңызы зор. 103 ұлттың өкілі мекендеген біздің облысымыздағы Кіші Ассамблея 71 ұлттық мәдени орталықты біріктіріп, өңірде тұратын этностардың мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін дамыта отырып, сол ортада қазақстандық ұлтжандылықты қалыптастыру үшін жұмыс істеуде. Қазақстандық жас буынның бойына отаншылдық, іскерлік, жауапкершілік сияқты қасиеттерді қалыптастырмай, жастардың ізгілікті, рухани өркендеуіне жол ашпай, әлеуметтік ұстанымдағы экономикасы бар демократиялық қоғам құру мүмкін емес. Кезінде Алаштың ардақты азаматы Мұстафа Шоқай «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың қажеті мен мұң-мұқтажын жоқтайтын азамат шықпайды» деген еді. Ұрпақ тәрбиесі, бүгінгі қоғамға лайықты азаматтарды тәрбиелеу – күрделі мәселелердің бірінен саналатын үлкен жауапкершілікті, жан-жақтылықты талап ететін іс.
Бүгінгі мерекедегі басқосуды Шелек ауылын таңдауымыздың бірқатар өзіндік себептері де бар. Ең бірінші, аудан халқының саны жағынан облыстағы ең үлкен аймақ. Сонымен бірге, мұнда 30-дан астам ұлт өкілдері топтасқан. Ауданның экономикалық-әлеуметтік саласы да уақыт талабына сай даму үстінде. Ал осы жерде «Қазақстан – Республикам менің!» атты жастар форумын өткізудегі негізгі мақсатымыз жастарды отансүйгіштікке баулу, олардың бойында туған ел мен жерді сүюді қалыптастыру, жастарды қоғам өміріне тарту және сол арқылы қазақстандық патриотизмді нығайту, – дей келіп, Гүлжиян Мағданқызы еліміздің мемлекеттік рәміздері жайлы талдау жасап, мән-мағынасын түсіндіріп өтті.
Республика күнімен тұспа-тұс өткен Жастар форумы кеш-думаны аудан өнерпаздарының жаңа шығармашылық концертімен көмкеріліп, спорт жарыстарына ұласты.


Скачать


zharar.kz