Отбасы бюджетін жоспарлау
Отбасы бюджеті - уақыт бірлігіне (ай, жылға) шаққандағы отбасының кірісі мен шығысы жиынтығы.
Отбасылық бюджеттің түрлері
Дәстүрлі түрде бюджеттің үш түрі бар деп саналады: бірлескен, бірлескен-жеке және жеке бюджет. Бюджеттің түрін таңдауда отбасы мүшелерінің барлығының пікірі ескерілуі тиіс. Әйтпесе кикілжіңдер туындауы мүмкін.
Отбасылық бюджеттің ең кең тараған түріне бірлескен түрі жатады. Отбасылық бюджеттің бұл түрін әдетте табыс деңгейі тең болмаса зайыбы жартылай немесе толықтай күйеуінің асыруында болатын жұптар пайдаланады. Мұндайда ерлі-зайыптылар қолда бар соманы қалай жұмсау керектігін бірігіп шешеді және келешек шығындарды талқылап, бюджетті бірлесіп жоспарлайды. Жеке бюджет түрінде ерлі-зайыптылар керісінше бюджеттерін дербес түрде құрастырады. Бюджеттің бірлескен-жеке түрінде ерлі-зайыптылар үй шығындарын бірге көтереді, бірақ одан қалған ақшаларын әркім өз қажеттілігіне жұмсайды.
Шығындар мен кірістерді есепке алу.
Бюджет сөзі тікелей аударғанда әмиян деген сөзді береді. Тұрмыстық деңгейде бұл сөз ақша шығыстары мен кірістерін есепке алуды білдіреді. Бюджет екі бөлікке бөлінеді – кіріс және шығыс. Қаржылық әл-ауқатқа жетудегі ең маңызды қадам – іс жүзіндегі жасалынған шығындардың көлемін анықтау. Біріншіден, отбасының барлық шығындарын анықтап, оларды топтасыра білу қажет: қажетті шығындар мен уақытша шығындар. Кейініректе бірінші санаттың шығындарынан азықтану, коммуналдық қызметтер, көлік, балаларды оқыту сияқты отбасылық бюджеттің негізгі көрсеткіштері қалыптастырылады. Уақытша сипаттағы шығындарға жоспарлы (аяқ-киім жөндеу, туыстарға сыйлық алу, күтпеген жағдайлар) және уақытша көңіл-күйді көтеретін жоспарланбаған шығындар жатқызылады. Шығындардың соңғы аталған түрлерін біртіндеп қысқарта бастау қажет, себебі олар отбасылық бюджетке орны толмайтын нұқсан келтіріп жатады.
Отбасылық бюджетті жоспарлау мәселелерін зерттеумен айналысатын аналитиктердің көпшілігінің пікірінше, шығындар мен кірістерді жүйелі түрде есепке алу шығындардың 20%-ын үнемдеуге мүмкіндік береді, жылына бұл сома отбасының екі айлық жалақысын құрауы мүмкін. Бұл қаражаттарды үнемдеп, оны адал еңбекпен тапқан деуге болады, себебі үнемделген қаражат еңбек етіп тапқан қаражатқа тең болады. Бұл ақшаны тиімді түрде инвестициялап, келешекте қандайда бір табысқа қол жеткізуге болады.