СӨЖ
Тақырыбы: Қария науқастардың күтімі
Қазіргі кезде науқастардың күтімі, олардың әр түрлі жастарының ерекшеліктеріне қарай күтім жасау, тасымалдау, олардың қасиеттерін білу- медицинаның негізгі талаптарының бірі болып отыр. Науқастардың ауруханаға түсу ерекшелігіне қарай әртүрлі факторлары, белгілері болады. Сол айқын белгілерге қарап дәрігерлер мен медбикелер түрлі қамдарды жасайды.
Науқастарды жас ерекшеліктеріне қарай егде, ересек, жасөспірім, бала, нәресте деп бөледі.
Қазіргі кезде ең қиыны егде адамдардың күтімі болып отыр. Себебі олар өте нәзік, олармен жұмыс істеу немесе тасымалдау барысында барынша сақтықтықты ұстап, денесін зақымдап, жарақаттап алмас үшін абай болу қажет.
Төсек тартып жатқан науқасқа ерекше күтім керек екенін бәріміз білеміз. Дегенмен оның да өзіндік ереже-тәртібі бар екенін ескере бермейміз. Бұл кездегі болмашы қателік науқастың жағдайы бұрынғыдан да нашарлауына соқтыруы мүмкін екен. Ендеше төмендегі жайды жадыңызға түйе жүріңіз.
Тез жаурағыш болады
* Адам ұзақ уақыт бойы төсекте жатқан кезде оның ағзасы әлсірейді. Сонымен бірге ауа еркін жетпеген жерлерде ойық жаралар мен инфекция пайда болуы мүмкін. Сондықтан төсекте жатқан адамның гигиеналық тазалығына ерекше көңіл бөлген дұрыс.
* Бір орында ұзақ уақыт қимылсыз жатқан адам жаурағыш келеді. Бөлмені желдетіп, киімі мен төсек жабдықтарын ауыстырғанның өзінде оның жаурап қалуы мүмкін. Сондықтан науқастың үстіне жұқа жамылғы жауып қойған жөн.
* Төсекке таңылған науқастың денесін күніне екі рет ылғал сүлгімен сүртіп отыру керек. Науқасты жауратып алмас үшін шылапшындағы суды ыстықтау етіп құйған дұрыс. Бұл мақсатта арнайы гигиеналық дымқыл салфеткаларды пайдалануға да болады. Ондайда бөлмені жылытып, есік-терезелерді жауып қою керек. Өйткені жатқан адамға өтпе жел тез тиіп, суықтап қалуы мүмкін.
* Ылғалды сүлгімен сүртіп болғаннан кейін тез базданып, жауыр болатын жерлерге, әсіресе шаптың арасына денеге арналған май немесе арнайы крем жағып қою керек. Егер науқасқа подгузник кигізілген болса, онда арнайы тазартатын көбіктер пайдаланған дұрыс. Ол кірді кетіріп қана қоймай, жаман иістен арылтады. Сулы теріге құрамында цинк оксиді бар крем жағу керек.
Аяқ-қолын қозғалтып тұру керек
* Төсек тартып жатқан жанның аяқ-қолын ары-бері қозғалтып, иіп-бүгіп тұру керек. Ауыр сырқаттан кейін, мысалы, инсульттан соң адамдардың бұлшық ет тонусы өзгереді. Егер қол мен аяқты қадағалап, оларды қимылдатып тұрмаса буын мен бұлшықетте көптеген өзгерістер орын алуы әбден мүмкін.
* Қозғалысы шектеулі сырқаттың шынтағы жазылып, денеден алшақ жатуы тиіс. Ол үшін арнайы тақтайшалар пайдалануға да болады. Оны фанерден кесіп алып, мақта және дәкемен қаптап, алақанға қойып, дәкемен білекке байлау керек. Сөйтіп оны жиі-жиі шешіп, қолды уқалап тұрған жөн.
* Аяқтың тізеге дейін бүгіліп тұрғаны жақсы. Ол үшін тізенің астына жұмсақ белдік қойылады. Ал табанды арагідік қимылдатып, майыстырып тұрған жөн. Ол үшін тіреуіш істеп қою керек. Кереуеттің аяқ жағын тіреуіш ретінде пайдалануға да болады.
* Мүмкіндік болса ертеңгісін гимнастика жасауға көшу керек. Емдік дене шынықтыру буынның бәріне қозғау салғаны дұрыс. Әсіресе аз қимылдайтын жерлерге назар аударған жөн. Бірақ шалт қозғалыстан аулақ болу керек.
Өкпесі тез қабынады
* Ұзақ уақыт шалқасынан жату адамды екі түрлі жағдайға: ойық жараларға және өкпенің қабынуына соқтыруы мүмкін. Ұзақ уақыт төсекке таңылған адамның еті мен сүйегі жаншылады. Сөйтіп терідегі және майда клеткалардағы қан айналымы бұзылып, соның салдарынан ойық жаралар пайда болады. Ал өкпедегі проблемалар жатқан адамға ауа дұрыс бармағандықтан пайда болады. Бұл кезде жабысқақ, қою қақырық түсуі мүмкін. Жөтелу де қиынға түседі. Одан ағзада инфекцияның түсуіне қолайлы жағдай туындайды. Ойық жараларды болдырмас үшін жауырын, шынтақ, құйымшаққа ауа барып тұруы керек. Ол үшін науқасты әр екі сағат сайын аунатып, бір қырымен жатқызып тұрған дұрыс.
* Дене терісі қызарып кеткен жағдайда күніне екі-үш рет теріні сергітетін арнайы сұйықтықпен сүртіп тұру керек. Ал өкпені қабындырып алмас үшін кереуетте жатып-ақ қимылдап, тыныс алу жолдарын жақсартатын гимнастика жасап тұру керек.
Клеенка төсеуге болмайды
* Төсекке таңылған науқастың астына клеенка төсеуге мүлде болмайды. Олай етсе тері дұрыс тыныс ала алмай, терлеуі мүмкін. Ал бір қабатты мақта мата теріні сіңіріп алуға аздық етеді. Соның салдарынан дененің ауа аз тиетін жерлерінде жара пайда болуы мүмкін.
* Төсек тартып жатқан науқасқа мүмкін болса ойық жараларға қарсы төселетін арнайы матрастарды пайдаланған дұрыс. Оның үстіне жайма төсеп, проблемалы жерлердің астына өлшемі 60х90 болатын аллергияға қарсы бір реттік арнайы сіңіруші жаялықтар төсеуге болады. Олар көпқабатты және денеге жабысып тұрмайды. Тиісінше науқасты көптеген проблемалардан құтқарады.
* Төсектің кедір-бұдырсыз түзу болғанын қадағалаңыз. Жаймалар мен жаялықтарды тегіс етіп жайыңыз. Науқастың киімі мен төсегінде сызықтар пайда болмасын. Төсек жаймаларын аптасына бір рет, ал жастық қабын 2-3 күнде бір рет ауыстырып тұрыңыз.
* Әжетханаға өздігінен шыға алмайтындықтан төсекте жатқан науқастар суды аз ішеді. Бірақ олай етуге болмайды. Себебі жатқан кезде зәр бүйректе ұзақ кідіреді. Ол инфекцияның пайда болуымен қатар бүйректе тастың түзілуіне әкеледі. Ал зәрдің қоюлануы қуықты тітіркендіруі және зәрдің тоқтамауына соқтыруы мүмкін. Осындай жағдайларға ұрынбас үшін суды көбірек ішу керек. Негізі сау адам күніне 2 - 2,5 литр су ішуі тиіс.
Қай-қайсымызды да Алла төсек тартып жатып қалудан сақтасын. Дегенмен де бұл жайды біле жүргеннің зияны жоқ.