Тілдің динамикалық және статикалық күйі

Скачать

 Қазан лингвистикалық мектебі
Жоспары:
1.Қазан лингвистикалық мектебінің қалыптасуы
2. Қазан лингвистикалық мектебінің өкілдері
Лекция мақсаты: Студенттерге тіл білімінің тарихы бойынша теориялық мәлімет беріп, ХІХ тіл білімінде тілге қатысты көтерілген мәселелер аясында түсіндіру.
Лекция мәтіні : Бұл Қазан қаласындағы университетте XIX ғасырдың аяқ кезінде қалыптасты. Оған дем беруші — поляк-орыс лингвисі, Қазан университетінің профессоры Иван Александрович (Ян Игнацы Нечислав) Бодуэн де Куртенэ (1845—1929). Ол жалпы тілдік теориялық мәселелермен көбірек айналысқан. Бұл саладағы көрнекті еңбектері; Тіл білімі және тілдер туралы кейбір ескертпелер (1871), Фонетикалық альтернация теориясының тәжірибесі (1895), XIX ғасырдағы тіл білімі, немесе лингвистика (1901), Лингвистикалық ескертпелер және афоризмдер (1903), Тіл біліміне кіріспе (1917), т. б.
Бодуэн де Қуртенэ жас грамматикалық бағытпен тығыз байланыста болды, көп жағдайда олардың концепциясын қолданды. Солардың ізімен бұл да индивидуалдық психологизмді қолдады, ақиқат бар тіл — индивидуумдар тілі, біртұтас ұлттық тіл деген тек қиялда ғана болатын жалған нәрсе, сондықтан зерттеудіц негізгі объектісі индивидуумдар тілі, индивидуумдар психологиясы дейді. Солай дей тұра ол, екінші жағынан, тілде даралықпен бірге жалпылық та болады, бұл екеуі бірлікте. Индивидуумдағы бар нәрсе, екінші жағынан жалпынікі, жалпы адамдық болып табылады. Олай болатыны барлық индивидуумдар психикасы біркелкі болады. Бұл біркелкілік — жалпылықтықтың, әлеуметтіктің негізі дегенді айтады. Сөйтіп, Бодуэн де Куртеэненің психологизмі индивидуалдық қана емес, әлеуметтік те психологизм болып шығады. Бұл — бүкіл Қазан лингвистикалық мектебіне тән тұжырым. Бұлардың көтерген тағы бір мәселесі—тілдің статикалық және динамикалық күйі деген мәселе. Жас грамматизм ізімен бүлар да тілдің динамикалық күйін, яғни тарихын зерттеуді бірінші орынға қоя отырып, екінші жағынан, тілдің статикалық күйін, яғни жүйесін зерттеуге де көңіл аударды. Тілдің белгілі бір дәуірдегі күйін, жүйесін айқындауда статикалық әдіс — таптырмайтын құрал дегенді айтты. Мектептің, оның көсемі Бодуэн де Куртеэненің бұл пікірі өзінен кейінгі де Соссюрдің статикалық және динамикалық лингвистикасы дегендерімен үндес келеді.
Қазан лингвистикалық мектебі, әсіресе Бодуэн фонема мәселесіне ерекше назар аударды. Оның бұл саладағы еңбегі кейініректе Прага структуралистерінің фонема жөніндегі зерттеулеріне күшті әсерін тигізді.
Қазан лингвистикалық мектебі құрамында Н. В. Крушевский, В. А. Богородицкий сияқты көрнекті лингвистер де болды. Қейінгі кезде бұл мектептің бағытын қолдап, оны ілгері дамыта түскен ғалымдар — Шерба мен Поливанов.

Бақылау сұрақтары:
1. Қазан лингвистикалық мектебінің қалыптасуы
2. Қазан лингвистикалық мектебінің өкілдері
3. Бодуэн де Куртэне еңбектері
4. Тілдің динамикалық және статикалық күйі

Қажетті әдебиеттер тізімі
1. Қордабаев . Жалпы тіл білімі А.1974
2. Бенвенист Э. Обшая лингвистика .М. 1974
3 .Соссюр Ф.де. Заметки по общей лингвистике.М. 1990
4. Курилович Е. Очерки по лингвистике. М. 1962
5. Хасенов Ә.Тіл білімі.Алматы, 1986


Скачать


zharar.kz