Адамдардың көбі демалыс күні кеш тұрады, өйткені жұмысқа асықпайды. Бұл күні ұйқыларын қандырғысы келеді. Кейбір адамдар демалыс күні ешқайда шықпайды. Үйде отырып теледидар көреді, демалады немесе демалыс күнін пайдаланып үй шаруасымен айналысады. Содан кейін жалқауланып теледидардың алдында отырады.
Ал кейбір адамдар ерте тұрып, үй жұмысын тез бітіруге тырысады. Сонан соң қыдырады, қонаққа барады, қаланың сыртына шығады. Үйде отырып демалыс күндерін босқа өткізгілері келмейді.
Мен үйде отырып демала алмаймын, өйткені ішім пысады. Жолдастарыммен кездесіп, қыдыруды ұнатамын. Кейде жолдастарымды үйге шақырып аламын. Олармен музыка тыңдап, әңгімелесеміз. Сонан соң далаға шығамыз. Кейде киноға, театрларға барамыз, қыста коньки, шаңғы тебеміз, жазда жағажайға барып суға түсеміз. Мен суда онша жүзе алмаймын, ал менің жолдасым жақсы жүзеді, өйткені ол жүзумен шұғылданады.
Әрине, үйге де көмектесемін: үй ішін жинаймын, кілемдерді қағамын, еденді сыпырамын, жуамын, жиһаздың шаңын сүртемін, кірімді жуып, үтіктеймін, содан кейін оларды шкафтың сөрелеріне тәртіппен қоямын, ілемін. Тамақты да өзім пісіремін, дүкенге, базарға барып, азық-түлік, көкөніс, жеміс-жидек әкелемін. Кейде күн жылы болса, саяжайға барып, әке-шешеме көмектесемін: жер қазамын, тырмалаймын, арам шөптерді жұламын, оларды және түскен жапырақтарды сыртқа шығарамын, өртеймін, ағаштарды суарамын, үйдің айналасын сыпырамын.
Ертең тағы демалыс күні, жексенбі. Бұл күнгі жоспарым өзгеше: мен ертең ерте тұрмаймын. Терезенің желдеткішін ашамын, кереуеттің алдында дене шынықтыру жаттығуларын орындаймын, жуынамын, киінемін, таңертеңгі тамағымды ішемін. Сонан соң үй ішін жинап, жолдастарыма барамын. Ертең спорт кешенінде жеңіл атлетикадан спорт жарысы болады. Мен өзім көркем гимнастикамен шұғылданамын. Аптасына үш рет спорт кешеніне барып тұрамын. Спорттың барлық түрін жақсы көремін. Спорт жарысын көріп, кафеге барып түскі асымызды ішеміз. Содан кейін киноға барамыз.
Түстен кейін үйге қайтамыз. Үйде музыка тыңдаймын. Кешкі тамақты әзірлеймін. Менің ең жақын досым ұлттық билер үйірмесіне қатысады. Кешке оның концерті болады. Концерттен кейін үйге барып демаламын, теледидар көремін. Ерте жатамын, өйткені келесі күні жұмыс аптасы басталады.