Марат ҚАШҚЫНБАЕВ.

Скачать

Марат ҚАШҚЫНБАЕВ.
Кәрі тарихқа көз жіберсек, қашан да белгілі бір тұлғалармен қатар, оның айналасындағы сол дәуірде бірге өмір сүрген, қоғамға ықпал ете алатын адамдардың да болғанын білеміз. Олардың дені сол дәуірді дамытуға тарихты жасаушылардан кем үлес қоспаған. Ақыл-кеңес айтып, қажет кезде тұлғаларды қолтықтарынан демеп, көлденең зұлым күштерден қорғап, қуатына қуат қосып, жігерлендіре де білген. Ондай шын жанашырлары бар көшбасшылар тарих жадында жақсы әрекеттерімен жатталып қалады. Ал, жандайшаптары айлакер, сұм болса, халыққа зардабы соғұрлым мол тиген. Оны ақылды патшалар мен хандар, корольдер де білген. Сондықтан да жандарына пікірлес, ниеттері таза, адал жандарды ұстауға тырысқан. Бірақ, дана халқымыз айтқандай, “Адам аласы ішінде” емес пе?! Қаншама жақын тартып, өзіндей сенген бірге туғандары да көзқарастары бөлек болса, тасада тұрып тас атылған, ту сыртынан пышақ ұрылған талай алыптар өткенін көне тарих тағы да біледі.
Кешегі Юлий Цезарьдан бастап, жер-жаһанның жартысын билеген Шыңғысхан мен оның ұрпақтары да опасыздықтарды сан рет көздерімен көріп, жандары шошыған.
Бірде, Аспан асты елінен келген елші Ұлы Қағаннан:
– Сіздің досыңыз кім? Қасыңыз кім? – деп сұраған екен. Сәл ойланып отырып қалып Шыңғысхан:
– Менің достарым да, жанашырларым да анау адал еңбектерімен нандарын тауып жеп, маған да шапағаттарын тигізіп жүрген қарапайым халық. Ал, жауларым айналамда маған жақын жүрген жандайшаптарым мен өзімнің туған-туыстарым, – деп жауап беріпті.
Аттың тұяғы жететін жердің бәрін жаулап алған құдіретті Қаған алыс-жақыннан өзіне қарсы тұрарлық құдіретті күшті көрмесе де билікке құмар әскербасылары мен ашкөз туған-туыстарынан іштей қатты сескенген көрінеді.
Атақты Ақсақ Темір жақын жүрген серіктерінің берген ақпарларының рас, өтірігіне көз жеткізу үшін анда-санда дуана болып киініп, қаланы аралап, оншақты адам басқосса сылтау тауып, солармен әңгімелесіп, халқының жайын өз көзімен көріп, құлағымен естіп қайтады екен. Өз билігінің қаншалықты дұрыс екендігін білу мақсатында өміріне қауіп төнсе де Ұлы Әмір осындай әрекеттерге барған.
Адамзат дамуында еліне жәйлі, жәйсіз, жағымды, жағымсыз болғанына қарамастан, талай көшбасшылар ет жақын туыстары мен сенімді серіктері тарапынан айтса нанғысыз опасыздық көріп, зардап шеккенін қаламының желі бар куәгерлер кейінгіге өсиет болсын деп сан мәрте жазып кетен. Мұндай жан түршігерлік оқиғаларға қазақ даласы да сан мәрте куә болған. Хан, сұлтандар да аз жапа шекпеген.
Бүгінде қоғам дами келе басқару тәсілдері де жетілдірілді. Аппарат кемелденгені соншалық, оған кейде оны құрған тирандардың өздері де ие бола алмай қалып жатқан кездерді де тарихшылар аз жазған жоқ. Алып мәшине сияқты ешқандай сыртқы күш тоқтата алмайтын дәрежеге дейін жеткен басқару аппаратына ие болған адам небір құдіретті әміршінің өзін де тақтан тайдырып жібере алады. Оған кешегі Кеңестер Одағы сахна төріне шыққан, Компартияның аузынан от шашып тұрған кезеңді мысал ретінде келтіруге болады.
Қазір өз тәуелсіздігімізді алдық. Кеңестер Одағы келмеске кетті. Басқару тәсілі де, жүйе де мүлде өзгерді. Президентті тағынан тайдыра алатындай күш те жоқ сияқты. Аппарат жетекшісінен бастап, әр сала басшыларының атқаратын міндеттері заңмен міндеттеліп, ара жігі ашылған. Соған қарамастан, Президент төңірегіндегілер әлі де әжептеуір күшке ие. Өйткені, бірінші басшыға әртүрлі ақпараттарды алғаш рет солар жеткізеді. Көп мәселе басшыға қарлығаш хабардың қалай жеткізілуіне байланысты оң, немесе теріс шешіліп жатады. Пікір де солай қалыптасады. Міне, осылай басшыға кім жақынырақ жүрсе, соның асығы алшысынан түсіп, басқаларға ықпалын жүргізетіндей дәржеге көтеріледі. Өйткені, басқалар туралы пікір қалыптастыратын да солар.
Жалпы, қазір қандай мемлекет болмасын дүние жүзі қауымдастығынан тыс, бөлек өмір сүре алмайды. Сондықтан империяның көшбасшысы болса да ең бірінші әлемдегі болып жатқан жаңалықтарға, оқиғаларға көңіл бөліп, пайымдауға, уақыт керуенінен қалып қоймауға назар аударады. Өз арнасымен ағып жатқан ішкі мәселелерде көбінесе сенімді өкілдеріне арқа сүйейді. Сондықтан ішкі хал-ахуалды да көп жағдайларда солар қалыптастырады.
Республикамызда Президентіміз ішкі, сыртқы мәселелерге алғашқы күннен сергек қарап келеді. Оны көреген басшының кемеңгерлігі десек, қателеспейміз. Оның нәтижесі өткен жылы болған сайлауда анық көрінді. Бүкіл Қазақстан халқы, ең бірінші, Президенттің жеке басының қадыр-қасиеті үшін дауыс берді. Сөзіне ісі сай адал ұлдарына құдайдай сенді. Тұрмыстарының жоғары, төмен екендіктеріне қараған жоқ. Бұл Елбасына жақын жүрген адамдардың да пікірлерінің көшбасшы ойымен астасатынын сөзсіз аңғартады. Керек кезде – кеңесші, қысылғанда – сүйеу, жүрегіне – қуат, шабытына шабыт қосатын ондай көмекшілер қашанда қажет.
Міне, биылдан аудан әкімдерінің сайланбалы институты мықтап енгізіле бастады. Бұл сөзімізге күні кеше өткен әкімдер сайлауы дәлел. Президенттің жергілікті жердегі өкілі болып сайланған атқарушы биліктің бұл тармағы өз аумағында дара басшы. Ел арасында жақсы хал-ахуалды қалыптастыруға олардың пәрмені жетеді. Халықтың тұрмысын көтеруде болсын, Мемлекет басшысы туралы оң көзқарас қалыптастыруда болсын берілген өкілеттіктің құзіреті айтарлықтай…
Жалпы, тарихқа көз жіберсек, тағылым алар нәрселеріміз орасан көп. Тәуелсіздік алғалы жүріп өткен қысқа жолымыздың өзі өнегеге толы. Тек ақылды – сана, ыстық – жүрек, отаншыл сезім қажет. Бір күнді ғана емес, алғы жүз, мың жылды ойлап шешім қабылдасақ, қазақ халқының болашағы бүгінгіден де жарқын болары ақиқат. Елбасы сенім артқан, сеніп жүрген ел ағалары осыны бір сәт те жадынан шығармаса деп ойлаймын.
Кәрі тарихтың бізге үйретері әлі де шексіз.


Скачать


zharar.kz