Академик Ғ. Мүсіреповтің Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерттеудегі үлесі
МАЗМҰНЫ
Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .. 3
1 Ғ. МҮСІРЕПОВТІҢ ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ МЕН МӘДЕНИЕТІНЕ ТАРИХИ КӨЗҚАРАСЫ ... ... ... ... ... 16
1.1 Қазақ халқының шығу тегі Ғ. Мүсірепов зерттеулерінде ... ... ... . 16
1.2 Қазақ хандығындағы саяси үдерістер ... ... ... ... ... ... ... ... ...
25
2 РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫ ОТАРЛАУЫ
Ғ. МҮСІРЕПОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДА ... ... ... ... ... ... ... ... . 39
2.1 Отарлау саясаты мен салдарын зерттеуі ... ... ... ... ... ... ... .. 39
2.2 Ұлт - азаттық қозғалыстар: пайым мен тұжырым ... ... ... ... ... 54
3
Ғ. МҮСІРЕПОВ ЖӘНЕ КЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 77
3.1 Саяси - экономикалық модернизация ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... . 77
3.2 Қазақстанның көркем мәдениеті және қазақ тілі Ғ. Мүсірепов мұрасында ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..100
3.2.1 Әдеби – сын ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 100
3.2.2 Тіл туралы ой – пікірлері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 110
3.2.3 Драматургия, театр, кино өнері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 116
Қорытынды ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 122
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 127
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі
Кеңестік тоталитарлық жүйенің күйреуі ұлттық тарихқа жаңаша көзқараспен қарау қажеттігін туындатты. Тарих ғылымы халықтың жүріп өткен жолын, бастан кешкен оқиғаларын зерттей отырып, ұлттық болмыстың қалыптасу, даму басқыштарын қарастыратын ғылым. Оның зерттеу аясы кең де күрделі салаларды қамтиды. Солардың ішінде күрделі тарихи өтпелі кезеңдер мен сол кезеңдерде өзінің белсенді қызметімен қоғамдық сананың қалыптасуы мен дамуына пәрменді ықпал жасаған түрлі қоғамдық күштердің және жеке тұлғалардың өмір жолын талдап, зерттеу де елеулі орын алады.
Алыптар тобының өкілі Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов жазушы ғана емес, сонымен бірге, қоғам қайраткері, зерттеуші ретінде бай мұра қалдырған қайталанбас тұлға. Оның әр шығармасы тарихи негізде жазылып, Отан тарихының қилы кезеңдерінің әдебиеттегі көріністеріне айналды.
Зерттеушілердің көпшілігі Мүсіреповтануда ең алдымен оның әдеби мұрасын назарға алады. Бұл әрине заңды. Себебі Ғ. Мүсірепов алдымен жазушы. ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне кесек туындылар әкелген көркем сөз шебері, дара суреткер. Жазушының суреткерлік қыры өз заманында жеткілікті қарастырылды. Оның көркемдік әлемін ашуға бағытталған ізденістер әдебиеттану ғылымында әлі де жалғасын таба бермек.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ қаламгерлері энциклопедиялық білімге ие кемелді тұлғалар еді. Ғылым мен өнер саласындағы жаңа қадамдар, кәсіби маманның жетіспеушілігі зиялылардың барлық салада қызмет істеуіне жол ашып, жан-жақты жетілу орайын берді. Сонымен бірге бар мүмкіндіктерін жұмсап қызмет істеу міндетін де жүктеді. Қоғамдық өзгерістер, міндеттің ауырлығы мен ауқымдылығы олардың қайраткерлік тұлғасының қалыптасуына игі ықпал жасады. Бұл ретте М. Әуезов, М. Тынышбаев, С. Мұқанов, Қ. Сәтбаев, Е. Бөкетов т.б-ларды айтуға болады. Ғ. Мүсірепов те осындай күрделі де кемелді тұлғалардың бірі, сондықтан Ғабит Махмұтұлы мұрасын әдебиетші ретінде ғана қарау жеткіліксіз. Оның қайраткерлік қырын тарих және мәдениеттану ғылымдары аясында қарастырған орынды болмақ.
Бұл тақырыпты жан - жақты және терең зерттеу ең алдымен бүгінгі қоғамдық практика сұранысынан туындайды. Ғ. Мүсіреповтің мұрасының ашылмаған қырларын тану өткен тарихтан қорытынды жасап, бүгінгі өмірде ұтымды пайдалану үшін ғана емес, ертеңгі ұрпаққа дұрыс жол сілтеудің де қажеті. Ғабит Мүсіреповтің Қыз Жібек, Оянған өлке, Қазақ солдаты, Кездеспей кеткен бір бейне т.б. туындыларында Отан тарихында терең із қалдырған оқиғалардың әдеби көркем шежіресі жасалған. Ғ. Мүсірепов мұрасының тарихи негіздеріне үңілу қазақ халқының қалыптасуы мен дамуын, мәдени - өркениеттік деңгейін, әлеуметтік - экономикалық болмыс бітімін ұғынуға кілт ұстатады. Бұл ретте Ғ. Мүсіреповтің дүниетанымындағы мейлінше аз зерттелген мәселелердің бірі - оның тарихи көзқарасы.
Ғ. Мүсіреповтің жазушылық тегеуріні зерттеушілерді оның саяси, тарихи көзқарасын талдаудан ығыстыра берді. Оның тарихтағы алған орнын, қайшылықтарға толы шығармашылық және саяси қызметінің толық бағасын беру, қоғамның рухани әлеуетін нығайтудағы еңбегін жалғыз әдебиеттану тұрғысынан түсіну мүмкін емес. Тарихшылар, мәдениеттанушылар, философтар жұмыла кіріскенде ғана бұл түйінді шешуге болады. Ғ. Мүсіреповтей іргелі құбылыстың тарихқа қатынасын зерттеудің танымдық жағынан берері мол. Өмірін шығармашылық ізденіспен өткізген, өз заманындағы саяси оқиғаларға белсене араласқан ол тарихшылардың назарынан тыс қалған тарихи фактілер мен олардың себебін көре білген. Міне, сондықтан да, Ғ. Мүсіреповтің тарихқа, мәдениеттің дамуына қосқан үлесін зерттеу жазушының қайраткерлік қыры мен рухани мұрасын кешенді түсінуге мүмкіндік беретін қадам.
Қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметтерін зерттеп, баға беру Отан тарихын танудағы толық ашылмаған тақырып. Қазіргі тарих ғылымы алдындағы міндеттер мен мүмкіндіктер бұл тақырыпты терең зерттеуді талап етеді. Өйткені Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Алайда, ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ [1]. Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы тану мүмкіндігі – тәуелсіздік жемістерінің бірі. Бүгінде адам баласы сан алуан кәсіпті игерді, талай құпиялардың сырын ашты. Бірақ қиынның қиыны - өзіңді тану. Өзіңді тануды ұлттық зиялыларды танудан бастасақ, тар жол, тайғақ кешуге ұшырамай, ұлы көштен өз орнымызды табарымыз сөзсіз [2].
Тақырыптың өзектілігі бұл тұрғыдан да айқын көрінеді. Ғ. Мүсіреповтің тарихи көзқарасында дәстүрлі қазақы ұғым - түсінік пен тарихи құндылықтар да, социализм тұсындағы саяси құндылықтар да шоғырланып, үйлесімді жарасым тапқан. Демек, осы құпиясы мол құбылысты зерделеу өткеніміздің тағылымын бүгінгі күнге қолдануға септігін тигізеді. Тақырыптың ғылыми-практикалық маңызы осында жатыр.
Тақырыптың зерттелу деңгейі
Ғ.Мүсіреповтің рухани мұрасы туралы зерттеулер өткен ғасырдың 50-жылдарында басталды. Зерттеулердің дені қаламгердің әдеби-сын идеяларына арналған. Ал оның тарихи көзқарасы мәселесі күні бүгінге дейін зерттеушілер назарынан тыс қалып келеді.
Т. Ахтановтың Ғ. Мүсірепов атты очеркінде жазушының өмірі мен шығармашылығы алғаш рет зерттелді.[3]. Т. Ахтанов Ғ. Мүсірепов шығармашылығын жанрларға бөліп қарастырады. Мүсіреповтің колхоз құрылысына арналған шығармаларын екі жүйеге бөлген: бірі - колхоздың алғашқы ұйымдастыру дәуіріне, сондағы тап тартысын, қиыншылықтарды көрсетуге арналған әңгіме, повестер (Қос шалқар, Көк үйдегі көршілер, Алғашқы адымдар), екіншісі - колхоз құрылысы ұйымдастыру кезеңінен өтіп, нығайып, қалыпты тұрмысқа көше бастаған кезеңіне арнаған (Талпақ танау, Туннель т.б.). Мүсірепов шығармаларына алғаш талдау жасаған Ахтанов оның романдары Қазақ солдаты, Оянған өлкені қазақ әдебиетінің елеулі табыстарының қатарына қосады. Т. Ахтанов Ғ. Мүсіреповтің Қазақ солдаты романында Отан соғысының негізгі үш кезеңін ерекше суреттегеніне тоқталады: Бірінші кезең – 1941 жыл оқиғасы, біздің әскерлердің шегінуі. Екінші кезең - табан тірескен қорғаныс ұрыстары, Кавказды қорғау. Үшінші кезең - Совет армиясының шабуылы, жау қолында қалған совет жерін азат ету [3,50].
Оянған өлке романы туралы: Бұл тақырып жазушыдан сол дәуірдегі қазақ халқының салт-санасын, әдет-ғұрпын білудің ғана емес, сонымен бірге сол кездегі Қазақстанның қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық өмірінде қоғамдық күштердің ара салмағын, олардың әр қилы қарым-қатынасын да терең зерттеуді қажет етті.[3,59] .Әлі бітпеген бұл еңбек, халық өмірін, ел тағдырын кең қамтуы жағынан, көркемдік шеберлігі, тереңдігі жағынан, құнарлы жасалған ұлттық характерлері, ірі тұлғалы образдары жағынан қазақ әдебиетінде М. Әуезовтың Абай, Абай жолы романдарына тетелес[3,74]. - деп тоқталады. Ол Мүсіреповтің драматургиясында талдап, халық тарихында елдің рухани өмірінде елеулі із қалдырған үлкен келелі тақырыптарға барғанын жазған.
Ғ. Мүсірепов сөз зергері деген атаққа ең бірінші ие болған қаламгер. Сөз зергері атты мақаланы алғаш жазған С. Сейітов: Біз Ғабитті қазақ жазушысы ғана деп санамай, көрнекті совет жазушыларының, көркемсөз зергерлерінің бірі деп санаймыз дейді. Мүсіреповтің Римге, Токиоға, Каирға барған сапарларын ...халықаралық мәдени, әдебиет қатынастарды нығайту, бейбітшілікті баянды ету мақсатынан туған қадамдар деп оны кабинетшіл жазушы емес, қоғамдық, мемлекеттік істерге белсене араласатын қайраткер жазушы[4] деп баға береді.
А. Нұрқатов, С. Жұмабеков сияқты ғалымдар жазушының суреткерлік тұлғасын тануға арналған әдеби сын-зерттеулер жазды. С. Жұмабеков Мүсіреповтің жазушылық қызметінің қыр-сыры, шығармашылығының басты ерекшеліктерін қарастырады. Автор сондай-ақ қаламгердің бірқатар шығармаларына талдау жасай отырып, жазушының өмірлік позициясы мен эстетикалық көзқарастарына тоқталады. Ғабит Мүсірепов атты очеркінде қаламгер еңбектерін хронологиялық тізбекпен бөліп қарастырады. Автор: Ғ. Мүсіреповтің қаламынан 1928-1938 жылдар аралығында: Қос шалқар, Талпақ танау, Көк үйдегі көршілер, Шұғыла, Адамның анасы, Жеңілген Есрафил және тағы басқа әңгіме - новеллалар дүниеге келді деп, 1938-1955 жылдар аралығында әңгімелерді сирек жазғанын, ал 1956-1977 жылдардағы әңгіме-новеллаларында әлеуметтік философиялық сарын айрықша бітім-болмыспен көзге түскенін жазады. Олар. Өмір жорығы, Сөз жоқ соның іздері, Автобиографиялық әңгіме, Жиырма төрт сағатта тәрізді әңгіме - новеллалары еді.[5]
Ғ. Мүсірепов қаламгерлігі бірнеше диссертациялық еңбектердің обьектісіне айналды. Н.Ғабдулиннің Ғ.Мүсірепов-драматург [6] атты монографиясында Мүсірепов драматургиясы алғаш зерттелді. Бұл – Ғ. Мүсірепов жасампаздығына арналған тұңғыш ғылыми еңбектердің бірі еді. Автор Ғ. Мүсіреповтің қазақ драматургиясында тарихи тақырыпты терең меңгергенін және осы жүйедегі пьесаларының зор үлгі - нұсқа болып келгенін айрықша атап айтады.
Қ. Құттыбаев, М. Бекбергенов, Ж. Молдағалиев, А. Оспанов қатарлы ғалымдар өз еңбектерінде жазушының прозалық шығармаларын зерттеуді мақсат еткен. Мүсірепов шығармашылығын толық зерттеген М. Бекбергеновтің Ғ. Мүсіреповтің прозасы деген еңбегінде: Оянған өлке мен Жат қолында романдары берері мол, тағылымы үлкен шығармалар. Тағылым деген сөз бұл арада кең мағынада айтылып отыр. Оянған, көркейген Қазақстан тарихы, егерде тіл бітіп сөйлей қалса, дәл Ғабит Мүсірепов романдарындағыдай тілде сөйлер еді [7] деп жазушының роман - дилогиясында ел тарихының маңызды кезеңдерін көркемдегенін айтады. М.Бекбергенов академик - жазушының прозасына әдеби - тарихи талдау жасаған алғаш ғалым.
А. Ибраеваның Ғ. Мүсіреповтің Оянған өлке, Жат қолында роман-дилогиясының шығармашылық тарихы атты кандидаттық диссертациясы оның роман-дилогиясының жазылу тарихын зерттеген еңбек болды. А. Ибраева кандидаттық диссертациясында қаламгердің шығарманы жазу барысында мұрағат құжаттарымен жұмыс жасағанын, осы кезеңге қатысты ғылыми еңбектерді қарағанын жазады. Автор: Өндіріс өмірін жан-жақты меңгеру үшін жазушы История горной техники, Горное спасательное дело, Карагандинское угольное месторождение деп аталатын еңбектерді оқып зерттеп, олардан шығармаға қажет болар-ау деген тұстарын қысқаша конспектіледі. Шахта құрылысы, ондағы әртүрлі атаулар, солардың қазақша баламасы бәрін жазушы жіпке тізгендей етіп қағазға түсірген. Сан алуан суреттер, схемалар, диаграммалар, цифрлар, тау-кен пародаларының аттары, техникалық терминдердің барлығын жазушы қойын дәптеріне көшірген. Дәптер беті сондай-ақ, Москвадағы тау - кен департаменті архиві, Алматы мемлекеттік архиві, Ақмола архиві материалдарымен толды[8] деп Мүсіреповтің зерттеушілік методологиясын аша түседі.
С. Әшімханова жазушының шығармашылығы жайлы орыс тілінде докторлық диссертация қорғаған. Ол Мир Габита Мусрепова атты монографиясында қаламгердің шығармашылығының ерекшеліктері мен құндылығын зерттеген. Еңбегінде: Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық қабілетін ұғынуға ұмтылу аса қажеттілікті тудырады. Ғ. Мүсіреповтің көптеген тілдерге аударылған туындыларын дүниежүзілік мәдени контекстен ажыратуға болмайды. Ол көркемсөз зергері, монтаждық қиыстырулардың виртуозды шебері ретінде суреткершілік әлемнің жаңа қырларының көшбастаушысы болды.[9] дейді. Ғ. Мүсіреповті зерттеудің жинақталған көрінісін Хасен Әдібаевтың Талант, талғам, тағдыр кітабынан байқауға болады. [10]
Бұдан басқа, қазақ прозасы, қазақ романдары туралы жазылған М. Қаратаев, Т. Нұртазин, М. Базарбаев, Р. Бердібай, С. Қирабаев, Ш. Елеукенов, Р. Нұрғали, М. Атымов, Б. Майтанов, Ж. Дәдебаев, А. Тұрбеков, Б. Шалабаев еңбектерінде Ғ. Мүсірепов романдары, прозасы әдеби даму арқауында сөз болады. [11].
Аталған еңбектерде Ғ. Мүсірепов шығармашылығы әр қырынан зерттелді. Оның суреткерлік шеберлігі, өмір шындығын нанымды бере білетін ерекшелігі, оқиғаларды іріктеуі, тіл байлығы тұрғысынан сөз еткен. Р. Нұрғалидың Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры атты кітабында: Әдебиет тарихында Ғабит есімі Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбиттермен қатар аталады. Бұлар - өнеріміздегі жаңа арналардың көш бастаушылары. Әрине үлкен жазушы, кемел суреткер болу - бақыт, ал көшбасылық одан да зор абырой. Қазақ жаңа әдебиетінің ірге тасын қалау миссиясы осы алыптарға бұйырды деп жазылған.
Ғ. Мүсірепов мұрасының бір саласы көркемдік-эстетикалық ойлар. Ол профессионал сыншы да, көп әдебиетшінің бірі емес, Ғабит әдеби процесті терең саралаған профессионал жазушы. Оның бұл саладағы еңбектері Суреткер парызы кітабында топталып берілді. Даусыз тұжырым: Ғ. Мүсірепов - қазақ әдебиетінің классигі [11,213]дейді.
Мүсіреповтің Ұлпан, Оянған өлке, Жат қолында, Қазақ солдаты романдары жөнінде ғылыми еңбектер көп жазылған. Оянған өлке романы жөнінде Л. Климович, Б. Рунин, С. Марков сияқты орыс ғалымдары өздерінің еңбектерінде кеңінен сөз етті.
Л. Климович Литература народов СССР атты хрестоматиясында: Ғ. Мүсіреповтің ең ірі туындыларының қатарына Ұлы Отан соғысында кеңес адамдарының батырлық ерлігіне арналған Қазақ солдаты романы және Қазақстанда жұмысшылар класы туралы, олардың өсуі, көбеюі және біздің елде халықтардың достастығы қалай пайда болғаны жайлы жазылған Оянған өлке романы жатады. Оянған өлке романы – ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өзгерістерін бейнелейтін үлкен шығармашылық еңбек. Онда қазақ жеріне орыс капиталының енуі, қазақ даласында таптық жіктелудің тереңдей түсуі, өз мақсаттары мен жер иелену үшін байлардың руаралық қақтығыстары, Ақбұйратта (Спасск зауыты), Қарағандыда, Нілдіде (Успен кен орны) алғашқы өнеркәсіптік кәсіпорындардың пайда болуы, қазақ кедейлері мен орыс жұмысшыларының арасында достық қарым-қатынастың орын алуы, қазақ пролетариатының қалыптасып, өсуі және орыс жұмысшыларымен бірге өз өмірі, құқығы үшін күресі туралы айтылады.
Романның басты кейіпкерлері – түрлі қоғамдық сатылардың өкілдері, қазақтар мен орыстар. Автор бір жағынан қазақ даласының кедейлері мен Ресейдің жұмысшы класын, екінші жағынан бай-феодалдар мен көпес - кенөндірушілерін бейнелейтін роман кейіпкерлерінің таптық қызығушылықтарының қарама-қарсылығын көрсетеді. Кейбір кейіпкерлер тарихи тұлғалардың негізінде алынған [12] деп жазады.
Мәдениеттің ұлттық болмысы мен ерекшелігін айқындайтын басты факторлар қатарында тіл айрықша орын алады. Әйткенмен елімізде әдеби тіл нормасы туралы талас пікірлер әлі де бар. Ана тіліміздің тазалығын сақтау жолында аянбай күрескен Ғ. Мүсіреповтің тілге қатысты еңбектері де ғалымдар назарынан тыс қалған жоқ. Академик М. Серғалиевтің Ғабит Мүсірепов және тіл мәдениеті, Д. Ысқақтың Сырбаз суреткер атты еңбектерінде Мүсіреповтің қазақ тілінің қоғамдағы орны, оның тазалығы, басқа тілдермен қарым-қатынасы жайындағы ұсыныстары мен тұжырымдары жан-жақты қарастырылған.
М. Серғалиев Ғабит Мүсірепов және тіл мәдениеті атты еңбегінде Ғ. Мүсірепов тіл туралы, Ғ. Мүсіреповтің тілі туралы және Ғ. Мүсіреповтің шешендік өнері деген бөлімдерге бөліп зерттеген. Ғ. Мүсірепов тіл туралы деген бөлімінде Көркем әдебиет тілімен қоса, Ғ. Мүсірепов жазу мен сөйлеуге байланысты тіл мәдениетінің де біраз мәселесін көтеріп жүр. Ойландырар ұсыныстар да айтады. Мәселен, Амангелді, Қарагөз, Зілғара, Меңдіғожа сияқты адам аттарын Аманкелді, Қаракөз, Зілқара, Меңдіқожа демей-ақ, естілу тұрпатында жазсақ қалай болар еді деп Мүсірепов ұсынысын көңілге қонатынын жазады. Қаламгердің кейбір реттерде тілді зерттеуші ғалымдардың назарына ілігерлік проблемаларды алға тартатынын жазып, оның тілге қатысты қай еңбегін алсаңыз да, оның әрбір жолы, әр сөзі ана тіліне деген шынайы жанашырлықтың үлгісі болып табылады [13]дейді.
Д. Ысқақұлының Сырбаз суреткер атты оқулығында : Ғ. Мүсірепов ұлттық әдебиет, мәдениет дамуының жалпы ұлт өркендеуінің басты белгісі оның тілінің қоғамдық өмірдің барлық салаларында қолданылуы деп қараған. Ұлттық Ғылым Академиясында қазақ тілінің бір проблемасына арналып өткізілген үлкен бір жиында баяндамашы (ғылым докторы) өз сөзін орысша бастағанда, осында қатысып отырған Ғабең Қазақ академиясында қазақ тілінің мәселесі неге қазақша айтылмайды? - деп жүргізіп отырған ғалымға, баяндамашыға ескерту жасағанын, ұйымдастырушыларға ренжігенін, конференцияның орысша өтілуіне қарсылық білдіріп, залды тастап шығып кеткенін де көзімізбен көрген едік ... Ойлана қарасақ, Ғабеңнің бүкіл саналы өмірі туған халқының ұлттық тілі мен әдебиетінің болашағына арналып, сол жолдағы ерліктермен өрнектеліп өтіпті.[14] - деген ғалымның естелігінен Мүсіреповтің тіл туралы мақалаларындағы ...Кейбір ғалым бастары толы ми, ми толы ақыл, әттең сол ақылды айта алар тіл жоқ! [15] деп жазғаны түседі.
Ғабит Махмұтұлы дарынды драматург, сценарист ретінде театр, кино тарихында орны ерекше. Бұл туралы Қазақ ССР тарихында, Көркем суретті Қазақстан тарихында, Елтұтқа атты оқу құралында жазылған. Аталған еңбектерде академик-жазушының алғашқы операның пайда болуына, алғашқы драмалық шығармалардың авторы ретінде қазақ мәдениетінің дамуына қосқан үлесін қарастырған. Елтұтқа оқулығында: ...Қыз Жібек операсының либреттосын, Қозы Көрпеш-Баян сұлу пьесасын берген Ғ. Мүсірепов кейінгі жылдарда да бүкіл қазақ драматургиясының тамаша туындысы болып табылған Амангелді, Ақан сері-Ақтоқты пьесаларын жазады. Оның шығармаларының негізінде кинофильмдер түсірілді.
Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді[16] дейді.
Отызыншы жылдардағы қасіретті тарих зерттелген еңбектерде Бесеудің хаты аталып кеткен құжат қарастырылмай өтпейді. Бесеудің бірі болған Мүсіреповтің есімі де бірінші аталады. К. Нұрпейістің Тарихи тұлғалар [17], М. Қозыбаевтың Ақтаңдақтар ақиқаты, атты еңбектерінде: 1932 жылдың ортасында Ғ. Мүсірепов, М. Ғатауллин, М. Дәулетғалиев, М. Қуанышев, А. Алтынбеков сияқты көрнекті қоғам қайраткерлері халық тағдырына қабырғасы қайыса отырып, БК(б)П Орталық Комитетіне Қазақстан жерінде коллективтендірудің лениндік принциптерін аяққа басу фактілері орын алып отырғаны туралы хат жазды. Хат авторлары маңызды қорытындыға келген:
Біздегі мал шаруашылығы саласында байқалған сызат терең жарықшаққа айналып отыр. Мұның өзі одақтың негізгі мал шаруашылығында - базасы болып келген Қазақстанның ел экономикасына қосар үлесін төмендетіп, республика қуатының деңгейін тұтастай бір сатыға төмендетті - деген сөздерде кезең шындығы тұнып тұр [18] - деп кеңестік жолмен қайта құрудағы асыра сілтеушілікті сынайды. Сонымен қатар Т. Омарбековтің 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті атты оқу құралында: 20-30-жылдар тарихынан шынайы да ақиқат деректер беретін большевиктік партия мен кеңес өкіметі органдарында сол жылдары жауапты қызметтер атқарған Т. Рысқұлов, Л. Мирзоянның О. Исаевтың Мәскеудегі И. Сталиннің және В. Молотовтың аттарына жазған және өзара жазысқан хаттарының, сондай-ақ тарихымызда бесеудің хаты деген атпен мәлім болған Ғ. Мүсіреповтің, М. Ғатаулиннің, М. Дәулетғалиевтің, Е. Алтынбековтің, Қ. Қуанышевтің Ф. Голощекинге жазған хатының және Ғ. Исқақовтың, І. Қабыловтың, Ж. Арыстановтың, Б. Айбасовтың, Ғ. Тоғжановтың, О. Жандосовтың И. Сталинге және Л. Мирзоянға жазған хатының қазақ шаруаларының жаппай босқыншылыққа ұшырау және аштан қырылу себептерін дәлірек анықтауға көмектесіп қана қоймай, осы апаттың демографиялық көлемін анықтауға қажетті сандық мәліметтерде беретінін ерекше атап көрсеткен жөн [19] - деп сонау зұлмат жылдарындағы ақиқатты ашуда осы құжаттардың маңыздылығын көрсетеді.
Ғ.Мүсіреповтің прозасы, драматургиясы филолог ғалымдар тарапынан кең көлемде қарастырылғанмен, оның шығармаларында көрініс тапқан ұлт тарихы, мәдениеті жалпы қаламгердің тарихи көзқарасын арнайы қарастырған еңбек жоққа тән. Мәселенің кейбір қырлары Х. М. Әбжановтың Ғ. Мүсірепов шығармаларының тарихи мәні атты мақаласында дәйектелген. Мақалада автор қаламгер шығармаларының хронологиялық ауқымынының кеңдігін көрсетіп, туындыларды Отан тарихында із қалдырған оқиғалардың қисынын ашқанын дәлелдейді. Бұл туралы: Жазушы қазіргі Қазақстан жерінде соңғы 1500 жыл аясында өткен оқиғаларды, адамдар тағдырын, ескі мен жаңаның арпалысын шығармашылық ізденісіне арқау етіп, ұлттық реңкі қанық кесек-кесек туындыларын, қаһармандарын дүниеге әкелді. Айталық Қозы-Көрпеш – Баян сұлу пьесасы оқырманды мың жылдық тарих қойнауына жетелеп кетсе, Қыпшақ қызы Аппақ драмасы Еуразия құрлығындағы этносаралық байланыстар тамырының тереңінен сыр шертеді. Ұлпан, Оянған өлке, Жат қолында роман-повестері дәстүрлі қазақ қоғамы мен патшалық Ресей тарапынан жүргізілген отарлау саясатының болмыс-бітімін ашса, Болашаққа аманат, Амангелді пьесалары, Кездеспей кеткен бір бейне атты әрелі туындысы азаттыққа жету құрбандықсыз болмайтынын меңзейді - деп жазушы шығармаларының тарихи мәнін сипаттайды. Сонымен қатар: ...шығармалары арқылы тарих тұңғиығына еркін бойлаған жазушының өзі де отандық және әлемдік тарихи үрдістерден мол хабардар болатын. Бұған Күнделігіндегі әр жылдары өзі үшін жүйелеген сақтар, үйсіндер, қаңлылар, байырғы түркілер, қыпшақтар, қытайлар, славяндар, моңғолдар, қайта өрлеу дәуірі, ислам діні жайлы ойтүйіндері мен деректері айғақ бола алады[20] – деп, қаламгердің зерттеулеріне, тұжырымдарына алғаш тарих ғылымы биігінен баға береді.
Зерттеу обьектісі.
Қазақстан тарихы мен мәдениетінің тұтас дәуірін құраған кеңестік жылдардағы ұлт зиялыларының қалыптасуы, шығармашылық қауымға қатысты ұстанған саясат пен өктемдіктің динамикасы және салдары, суреткерлік қауымға пәрменді әсер еткен, тіпті негіз болған саяси, әлеуметтік – экономикалық, рухани факторлар зерттеу обьектісін айқындады.
Зерттеу пәні.
Ғ. Мүсірепов шығармаларында көрініс тапқан қазақ халқының қалыптасу тарихы, оның мемлекеттілігі, отарлаушы, тоталитарлық билік тұсындағы қайшылыққа толы тағдыры, ұлтқа ғана тән ерекшеліктері, кеңестік кезеңдегі мәдениет, тіл, ғылым, өнер мәселесі.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері.
Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – академик Ғ. Мүсіреповтің тарихи және мәдени көзқарастарына талдау жасау. Ғ. Мүсіреповтің теориялық ойларын айқындап ашу, оның тарихтанудағы, Қазақ мәдениетінің өткені мен бүгінін зерттеудегі ұстанымын анықтау. Мақсатқа жету үшін зерттеу барысында төмендегідей нақты міндеттер қойылды.
- Ғ. Мүсіреповтің қазақ этнонимі мен этногенезі жайлы тарихи көзқарасының қалыптасуын, ерекшеліктерін зерделеу;
- Ғ. Мүсіреповтің Қазақ хандығына байланысты тұжырымдары мен ойтүйіндерін дәйектеу;
- Ғ. Мүсіреповтің патшалық отарлау кезеңіне байланысты тарихи ізденістерінің қисынын ашу;
- Ғ. Мүсіреповтің ұлт-азаттық көтерілістер сипатына, басшыларына ұстанған позициясын анықтау
- Ғ. Мүсірепов шығармаларының тарихи негізін ашу.
- Ғ. Мүсіреповтің Кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихы және мәдени-әлеуметтік өзгерістеріне көзқарастарын саралау.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізін ғылыми танымның тарихилық, обьективтілік, жүйелілік, дамушылық сияқты принциптері қалады.
Деректерді қарастыру барысында зерттеуші тарихилық принципіне сүйене отырып, тарихи-салыстырмалы, сұрыптау және сыни талдау жасады. Зерттеудің методологиясын анықтағанда қазақ тарихының сабақтастығы мен жалғастығын сақтауға басты назар аударылды. Бұлармен қатар, біз талдаған еңбектердің дені кеңестік дәуірде жазылып, маркстік-лениндік көзқарастарға негізделгендіктен, қазақ халқының қалыптасуынан бастап жеке хандық болып құрылған, патшалық Ресей отарындағы, кеңестік кезең тұсындағы тарихи көзқарастарын зерттеп кемшіліктері мен артықшылықтарын ескеруге тырыстық. Сонымен қатар кейінгі кезде қалыптасып келе жатқан тың бағыттағы ғылыми ой-пікірлер мен тұжырымдар, жаңа тарихи көзқарас тұрғысында жазылған еңбектер басшылыққа алынды. Атап айтар болсақ, диссертациялық жұмысты жазуға Е. Бекмаханов, Ә. Марғұлан, Л.Гумилев, М.Қозыбаев, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Н.Мыңжан, Пищулина, Қ.Салғара, Қ.Сартқожаұлы, әдебиеттанушылар М.Мағауин, М.Жолдасбеков, Н.Ғабдуллин, З.Ахметов, Р.Нұрғали, Ә.Нарымбетов, М.Сәрсеке, Ж.Ысмағұлов т.б. қазақ және орыс ғалымдарының теориялық еңбектері қолданылды.
Диссертациялық жұмыстың деректік негізі.
Зерттеу жұмысының негізгі деректік қорын Қазақстандағы республикалық, облыстық мұрағаттар, кітапханалар мен мұражайлардан алынған құжаттар мен материалдар құрады. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, С.Мұқанов және Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражайы, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұражайы, Жаңажол ауданындағы Ғ.Мүсірепов мұражайынан табылған құжаттар мен материалдар.
Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатында Ғабит Мүсіреповтің № 1864 жеке қорында сақталған құжаттар 1923 - 1968 жылдар аралығын қамтиды. Қаламгердің жеке қорында 749 іс сақталған. Құжаттардың дені мақалаларының, әңгімелерінің, очерктерінің, повестерінің қолжазбасы, қызмет бабындағы хаттары, жеке құжаттары, өзінің жинаған құжаттары, суреттері. Құжаттар мағынасына сәйкес, екі бөлімге бөлініп қарастырылды. Бірінші бөлімде Ғабит Мүсіреповтің жеке құжаттары, қаламдас, қызметтес, пікірлес достарымен жазысқан хаттары енгізілген. Бұл құжаттар жазушының саяси және рухани жақтан өсіп-жетілу жолын айғақтайтын деректер. Мұндағы М. Әуезов пен Ғ. Мүсіреповтің Қынаптан қылыш пьесасына жазылған рецензия; 281 іс “Ғ. Мүсіреповтің Ж. Шаяхметовке хаты”; 262 іс Ғ. Мүсіреповтің М. Қаратаевқа хаты; 465 іс ЦК ВКП(б) Сталин жолдасқа; 274 іс Письмо в ЦК КП (б) Казахстана Скворцову об очерке Отчего чешутся затылки; 385 іс Письма и телеграммы Омарова И.О.;374 іс Письма Б. Момышулы; 528 іс Материалы Европейского обьединения культуры; 463 іс С. Мұқановтың Мүсіреповке жазған характеристикасы”; Автобиография; Кзыл-Ординскому Горрайкому; Заседания секретариата Петрапавловского Окружкома ВКП(б); 525 іс ҚазССР ҒА академигі Ғ. М. Мүсіреповтің есебі; “Партийная творческая харатеристика на писателя Мусрепова Габита”; 143 іс Выступление с отчетным докладом перед избирателями; 119 іс Доклад о работе в области искусства за отчетный период между первым и вторым сьездами КП(б) Казахстана т.б. деректердің бәрі де жазушының қайраткерлік қырын, тарихи көзқарасын ашып көрсететін құнды деректер.
Екінші бөлімде Ғабит Махмұтұлының қазақ халқының тарихына қатысты пікірлеріне негіз болған тарихи деректер мен ұлттық тарихымызда орны бар тұлғаларға байланысты жинаған деректері, сондай- ақ өзіндік ой-пікірлері қамтылды. Бұл бөлімнен Программа работ по собиранию материалов для составления истории казахского народа, составленная Мусреповым Г.; 522 іс Список исторических личностей Казахстана, включаемых в био-библиографический указатель; 169 іс С. Сейфуллиннің Қызыл сұңқарлар пьесасына сын; 175 іс Мусрепов Г. в соавторстве с К. И. Сатпаевым Казахский народ против Гитлера Статья; 521 іс Проект плана истории Казахской ССР, составленная при участии Мусрепова Г.; 229 іс Рецензия на рукопись Жумалиева Х. Махамбет Утемисов для 4-го тома истории Каз. ССР ; 124 іс Қазақ совет прозасының жайы мен міндеттері; 223 іс Б. Майлин туралы естелік (Отзыв); 485 іс Абай Құнанбаевтың 100 жылдық мерейтойының Бағдарламасы; 595 іс Қозыбаев М. Алибий Джангильдин; 577 іс Бекмаханов Е. Историческая наука в Казахстане за 30 лет (1917-1947) т.б құжаттар қаралды.
Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатынан Ғ. Мүсіреповке қатысты қаралған құжаттар 1972-2002 жылдар аралығын қамтиды. Бұл құжаттарда еліміздің жайсаңдарына көрсетілетін ілтипат көрініс тапқан. Мүсіреповтің халық алдындағы еңбегіне, қайталанбас тұлғасына деген құрмет көзі тірісінде де, қайтыс болғаннан кейін жасалынып келеді. Бұл оның еліміздің тарихында ерекше орын алатынын көрсетеді және оны осы құжаттар дәлелдейді. Олар: 30 қор, 1 тізімдеме, 816 іс, 225 п. О присвоении звания Почетный Гражданин города Петропавловска тов. Мусрепову Г. М., 703 қор, 1 тізімдеме, 26 іс, 9 п. О наименовании и переименовании улиц и площадей в городе, 669 қор, 1 тізімдеме, 905 іс, 54 п. Солтүстік Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасына Ғабит Мүсіреповтің есімін беру туралы, 669 қор, 1 тізімдеме, 903 іс, 188 п. Целинный ауданын Ғабит Мүсірепов ауданы, Целинный ауданының Новоишим поселкесін Еңбек поселкесі деп қайта атау туралы, 669 қор, 1 тізімдеме, 905 іс, 64 п. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Жаңажол қазақ орта мектебіне Ғабит Мүсіреповтің есімін беру туралы, 669 қор, 1 тізімдеме, 919 іс, 104 п. Жазушы-академик Ғабит Мүсірепов бюсті скульптуралық ескерткішін мемлекеттік қорғауға алу туралы - осындай құжаттар көркем әдебиетімізді кемел шығармаларымен байытқан тұлғаның рухының өшпейтіндігін көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының сирек қолжазбалар бөлімінде Ғ. Мүсірепов шығармаларының, мақалаларының түпнұсқасы қаралды. Алғашқы туындыларының бірі Тулаған толқында повесінің 1928 жылғы араб әліпбиімен жазылған және 1935 жылғы латын әліпбиімен жазылған нұсқалары салыстырылып, өзгеріс жоқ екені анықталды. Ғ. Мүсіреповтің Әмірқан бидайығы, Жаңа күш сауатсыздықты жоюға арналған әліппе, атты еңбектерінде ауылшаруашылығындағы жаңалықтарды қамтыған. Негізгі мазмұны бидайықты егіп, оны тарату жайлы, еңбекшілердің сауатын ашу үшін ауылшаруашылығында қолданылатын машиналардың сипаттамасы жайлы анықтамалар берген. Мысалы: Егін соғатын машинаның ең соңғы түрі, тракторды қалай пайдаланған жөн деген сияқты қысқа-қысқа түсіндірмелер келтірілген. Бұл кітаптарда С. Сейфуллиннің, С. Мұқановтың өлеңдері және автордың әңгімелері жазылған. Сол сияқты Қазақстанда сауатсыздықты жою жұмысы туралы, Қызыл әскер әліппесі, Ақиықтар, т.б. еңбектерінің түпнұсқалары қаралды. Бұл еңбектер зерттеу жұмысында қаламгердің тарихи танымын жан-жағынан тануға көмектесті.
Алматы қаласындағы Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражайынан пайдаланған кітаптары, 1932 жылы Голощекинге жазылған Бесеудің хатының түпнұсқасы қаралды.
Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұражайында Ғ.Мүсіреповтің қорында көптеген хаттары, суреттері, еңбектерінің түпнұсқалары және ол туралы жергілікті мерзімдік басылымдарда жарияланған мақалалар, естеліктер сақталған. Ғ. Мүсірепов қорынан алынған хаттарынан оның көркем өнер, театр, көркем әдебиеттің дамуына қосқан үлесін анықтадық. Мұнда: М. Қаратаевтың Ғ. Мүсіреповке хаты; С. Мұқановтың Ғ. Мүсіреповке хаты; Ә. Нұрпейісовтің Ғ. Мүсіреповке хаты; І. Есхожиннің Ғ. Мүсіреповке хаты; Е. Букетовтің Ғ. Мүсіреповке хаты; т.б. деректер қаралды.
Ғ. Мүсіреповтің Жаңажолдағы әдеби-мемориалдық мұражайы 1992жылы (жазушының тоқсан жылдығына орай) ашылған. Мұндағы өте құнды жәдігерлердің қатарына Ұлпан романының арабша төте жазумен жазылған қолжазбасының түпнұсқасы (қазір облыстық өлкетану музейінде) жатады.
Диссертациялық еңбекте Ғ. Мүсіреповтің еңбектерінің кітап болып шыққан, журналда жарияланған түрлі басылымдары, қойын дәптеріне жинаған ой-пікірлері, Ғ. Мүсірепов туралы арнаулы зерттеулер, диссертациялар, Ә. Әбішевтің, Т. Кәкішевтің, М. Сәрсекенің естелік-еңбектері, Мүсіреповтің сьездерде оқыған баяндамалары, жарияланған мақалалары сондай - ақ, әр жылдары басылымдарда жарияланған Мүсірепов және оның шығармашылығы туралы пікірлер пайдаланылды. Қаламгердің 100 жылдығына орай мерзімдік басылымдарда жарияланған мақала, естеліктер қаралды. Бұл басылымдарда Ғ. Мүсірепов шығармашылығының, қоғамдық қызметінің әлі де зерттелмеген тұстары туралы жазылған. Осыдан анықтағанымыз қаламгер мұрасы, дүниетанымы, тарихи көзқарасы тұтас зерттелмеген. Сондықтан да мерзімдік басылымдардың тақырыпты кеңінен ашу үшін маңызы зор болды. Зерттеу жұмысында пайдаланылған газет-журналдар қатарына: Қазақ тарихы, Отан тарихы, Ақиқат, Парасат, Ара, Еңбекші қазақ, Социалды Қазақстан, Егемен Қазақстан, Қазақ әдебиеті, Ана тілі, Астана хабары атты ғылыми-әдістемелік және көпшілік қауымға арналған басылымдар жатады.
Зерттеу тақырыбының хронологиялық ауқымы
Диссертациялық жұмыс Ғ. Мүсіреповтің ғұмыржолына арналмаса да негізінен ұлы суреткер өмір сүрген уақытпен шектеледі.Оның тарихи, мәдени көзқарастарының қалыптасу динамикасы мен еңбектеріне талдау жасалғандықтан Ғ. Мүсіреповке дейінгі және ол қайтыс болғаннан кейінгі кезеңдердегі тарихи ойлар, зерттеулер қолданымға түскенмен зерттеудің хронологиялық ауқымын кеңейте қоймайды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.
Тақырып алғаш рет Отан тарихы ғылымының зерттеу пәні ретінде қарастырылғандықтан қол жеткен нәтижелерде негізінен жаңа болып табылады. Олардың іргелілері мыналар:
- Диссертацияда Ғ. Мүсіреповтің Қазақстан тарихына, мәдениетіне және жалпы тарих ғылымына деген көзқарасы анықталды. Қазақ этнонимі, шығу тегі жайлы зерттеулерінің өзектілігі ашылды;
- Қазақ хандығындағы саяси үрдістер туралы қазақ хандары жайлы зерттеулерінің тарихшылардың тұжырымдарымен үндестігі дәлелденді;
- Ғ. Мүсірепов патшалық Ресейдің отарлау саясатын зерттеп, шығармаларында тарихи көзқарастарымен айқындағаны дәйектелді;
- Ғ. Мүсірепов шығармаларында көрініс тапқан ұлт-азаттық көтерілістер тарихына, басшыларына деген көзқарасы анықталды;
- Диссертацияда Ғ. Мүсіреповтің әдеби, тарихи, саяси, публицистикалық шығармаларын, сондай-ақ сьездерде сөйлеген сөздері мен мақалаларын зерттей отырып, оның тарихи көзқарастарына алғаш рет жаңаша тұрғыдан баға берілді. Оның тарихқа, мәдениетке деген көзқарастарына қатысты бұрын-соңды зерттеу обьектісі болмаған деректер мен бірқатар мәселелер қарастырылды.
- Ғ. Мүсіреповтің Кеңестік Қазақстан тарихы мен мәдениетіне көзқарасы зерттеліп, оның тарихи-әдеби, тарихи-саяси мұраларына талдау жасалды.