Пушкин қазақ жерінде

Скачать

Пушкин қазақ жерінде
Деректемелік баяндама

Қазақстан үшін Пушкиннің кім екенін түсіндіріп жату артық болар, мұнда ол әрбір үйде Абаймен бірге қазына ретінде қастерленеді. Өйткені ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы өзінің көзі тірісінде-ақ Қазақстанмен, қазақ халқымен байланысты болды. Бұл байланыс сонау 1823-24 жылдардың өзінде-ақ басталған еді. Бұл жылдары ол Одесса қаласында айдауда жүрген, генерал М.С.Воронцовтың кеңсесінде жұмыс істейтін. Сонда жүріп ол атақты шығыстанушы – ғалым Алексей Левшинмен танысады. Алексей Левшин бұған дейін қазақ жерінде болады, қазақтар туралы «Қырғыз-қайсақ немесе қырғыз-қазақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» деген үш томдық еңбек жазып жариялайды. Міне, осы А.Левшин өзінің қазақ жеріне жасаған саяхаты, қазақ елінің өмірі, тарихы, әдет-ғұрпы және салт-санасы жөнінде ұлы ақынға тебірене сыр шертеді.
Арада 10 жыл өтеді. Пугачев көтерілісі туралы көлемді шығарма жазуды ойлаған А.С.Пушкин шаруалар қозғалысының өрті шарпыған аймақтарды аралау үшін Петербургтан 1933 жылдың 17 тамызында сапарға аттанады. Москва, Нижний Новгород, Қазан, Симбирск қалалары арқылы бір айдай шамасы жүріп, 18 қыркүйек күні Орынборға келеді. Мұнда 2 тәулік болады. Орынбордан 20 қыркүйек күні шығып ертеңінде Орал қаласына келеді, онда үш күн болып, 23 қыркүйекте Болдиноға жүріп кетеді. Бүгінде ақынның осы сапарында аялдаған үйдің қабырғасында сол тарихи күндерді көзге елестететін мемориал тақта қойылған. Орал өңірі тарихи талай тамаша беттерге толы. Ресейдегі ең бір күшті шаруалар қозғалысының шарпуы тиген, оның қолбасшысы Емельян Пугачев болған Жайық атырабы – орыс әдебиеті мен өнерінің аса көрнекті өкілдері – И.А.Крылов пен В.А.Жуковский, А.С.Пушкин мен В.И.Даль, А.Н.Плещеев, Л.Н.Толстой мен В.Г.Короленко, А.А.Фадеев пен М.А.Шолоховтар болған, шығармаларының талай беттері жазылған жер. Пушкин Оралда болған сапарында Жайық бойын жағалап, оның төңірегін аралаған. Ол сол жерде қыруар тарихи деректер жинап, мұрағат материалдарын зерттеп, көтеріліс болған жерлерді аралады. Көтерілісті көзімен көрген адамдардың естеліктерін, ел арасында сақталған жыр, әңгіме-аңыздарды жаздырып алған. Мұның бәрі Пушкинге шаруалар көтерілісін, оның басшысы Пугачевтің бейнесін суреттегенде тарихи шындықты айнытпай дәл көрсетуге мүмкіндік берді. Жазушының Пугачев бастаған көтеріліске орыс шаруаларымен бірге басқа халықтар өкілдерінің –башқұрт, қазақ кедейлерінің де қатысқанын суреттеуі сүйсінерлік. А.С.Пушкин зайыбы Наталья Николаевна Пушкинаға жазған хатында: «…Орал қаласына келдім. Мұндағы халық біздерді қуана қарсы алды. Елі қонақжай екен. Менің құрметіме түсте екі дүркін дастархан жайылды» деп риза болған.
Ақын Орынбор, Орал сапарынан кейін Болдинода «Пугачев тарихын» тәмамдап, «Капитан қызы» повесін жазуға кіріседі. «Пугачев тарихында» сол кездегі қазақ халқының да мән-жайы сөз етіліп, дала табиғатының сан алуан көріністері суреттеледі. (Пушкин А.С. Пугачевтің тарихы. – Алматы, 1956)
Ақынның Орынбор сапарында оның қасында орыс тілінің әйгілі түсіндірме сөздігін жасаған, жазушы-фольклорист В.И.Даль бірге жүргені белгілі. Ол А.С.Пушкиннің досы болған, ақын ғұмырының соңғы сәттерінде жанында болған адамдардың бірі. Бұл туралы көрнекті ғалым Ш. Сәтбаеваның «Достық дастандары» еңбегінде: «Владимир Порудоминский «Даль» атты кітабында олардың достығына байланысты басқа да деректерді әңгімелей отырып, Пушкин мен Дальдің 1833 жылы Орынборда бірге болған сәттерін де көрсетті» делінген.
Жүйелі түрде зер сала қарасақ, ұлы ақынның шығармашылығында қазақ халқы туралы да деректер едәуір орын алғанын, халқымызға деген жылы ықылас-ілтипатын, бүкіл ХІХ ғасыр бойына өрілген екі халық достығының тамаша үлгілерін көреміз.
Өз Отанының жалынды патриоты болған Пушкин орыс халқымен жақын, тағдыры бір, туыстас барлық халықтардың өміріне үңіле қарады, олардың тілек-мүддесін, арманын терең түсінді. Пушкин қазақ жерінде, Орынбор, Орал қалаларында болған кезінде қазақ халқына сүйіспеншілік сезіммен қарап, оның өміріне, әдет-ғұрпына, мәдениетіне зер салды. Ол қазақ жігіттерінің Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне бел шеше қатысқанын білуімен ғана тынған жоқ, сонымен қоса қазақ халқының бай сөз өнеріне құмарта қызығып, ауыз әдебиетінің асыл нұсқаларының бірі- «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасын жаздырып алды. Көлемі бес беттік, сиямен жазылған бұл қолжазба Пушкин мұрасын зерттеушілерге кейінірек белгілі болды. Оны ақынның қайтыс болғанына 100 жыл толуына байланысты шығарған. «Временник Пушкинской комиссии» жинағының үшінші томында «Пушкин архивіндегі қазақ аңызының қолжазбасы» деген атпен алғаш рет жариялаған профессор Л.Б.Модзалевский «Пушкин қазақ халық шығармашылығының тамаша ескерткіштерінің бірімен таныс болған деп есептеуге болады» деп жазды.


Кейінірек бұл аңыз туралы, Қозы Көрпеш – Баян сұлу бейітінің тұрған жері, мазардың мән-жайы, қалпы, айналасындағы мүсіндер туралы орыс шығыс зерттеушілері терең пікір-тұжырымдар айтқаны белгілі. А.С.Пушкин мұрағатынан табылған қолжазба – орыс әдебиеті мен шығыстану ғылымында қазақ поэмасы туралы алғашқы материалдардың бірі болды. Поэманың мазмұны баяндалмастан бұрын қолжазбада Аякөз маңындағы Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазарының тұрған жері, онда Қозы Көрпеш пен Баянға және жырда кездесетін басқа екі кейіпкерге орнатылған төрт мүсін болғаны туралы айтылады. Бұл деректер ғылымда өткен ғасырдың соңғы ширегінде ғана пайда болғаны аян. Олай болса, Пушкин мұрасындағы жазбалар – бұл жыр туралы тұңғыш деректердің бірі.
А.С.Пушкин архивінде сақталған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» аңызындағы кейбір ерекшеліктер қазақ аңызына бір жылылық, романтикалық әсерлі әуен әкелген. Қазақ аңызы негізінде поэма жазуды ойлап, мүмкін ақын осы сапарда естіген сюжетін кейінге сақтап қалдыруы мүмкін.
Өмірінің соңғы кезінде жазылған белгілі «Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес» өлеңінің қолжазба түрінде сақталған бір нұсқасында қазақ халқын да атап өтеді. Бұл өлеңнің үшінші шумағы о баста мынадай болған:

Слух обо мне пойдет во все концы России.
Узнает всяк живущий в нем язык…
Могущий внук славян и финн, грузинец
Черкес, киргизец и калмык.

А.С.Пушкиннің бұл өлеңі Оралда болып қайтқан соң үш жылдан кейін жазылған екен. Ұлы ақынның туғанына 200 жыл толуына орай, 1999 жылы Мәскеу қаласында Пушкин еңбектерінің әу бастағы қолжазба нұсқаларының толық жинағы жарыққа шықты. Сол жинақтан осы өлең шумағының о бастағы нұсқасын кездестіреміз.
Қазақ тарихында Пушкин мұрасына алғаш айрықша зер салып, өнеге еткендер Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаев болғаны белгілі. Олар Пушкинді тек ақын ретінде қызықтаумен тынған жоқ, терең зерттеп ізденуіне тірек етті.

Жалпы, А.С.Пушкин өмірі мен шығармашылығында ерекше орын алатын аймақтардың бірі – Қазақстан. Бұл сапарын ақын ерекше мақтанышпен еске алады. Оның Орынбор мен Оралға саяхаты туралы «И назовет меня» – «Атым да аталар…» деген атпен кино - әңгіме жарық көрді. Республикамыз туралы 40 кинохроника жасап шығарған кино маманы И.Верещагин құрастырып, Б.Девинский жазған сценарий бойынша операторлар В.Васильченко мен Н.Носов түсірген бұл тарихи құжаттарды, мәліметтерді, сирек фотографияларды, ақын жазбаларын, Орынбор мен Оралдың қазіргі өзгерістерін көрермендер көз алдына әкеледі. А.С.Пушкин өмірінің соңғы жылдарында тұрған Петербургтегі үйі, қазірде Мойка көшесіндегі музей-үй көз алдыңнан өтеді. Осында ақын жаздырып алған «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» аңызының қолжазбасы сақталған. Кенет қайғылы қазаға ұшырамағанда, ақын осы аңыз негізінде, болмаса жеке- дербес қазақ даласына арнап өлең не поэма жазар ма еді деген ойға қаласың. «Атым да аталар…» деген кино-әңгіме сәтті шыққан. Онда ұлы ақын туралы қазақ ақындары Жамбыл Жабаевтың, Ғ.Ормановтың, Қ.Бекхожиннің, Ж.Молдағалиевтің, Қ.Сатыбалдиннің өлеңдері де келтірілген.

Жоқ, өлмен, жаным тірі өлеңімде,
Жаңғырад, құрымайды денем мүлде,
Жалғанның жарығында мен ардақты,
Жасаса жалғыз ақын керегі не...,- деп ақын өзі жырлағандай (ауд.Б.Бұлқышев), оның өлеңі де, өзі де халықпен бірге жасай береді.
Алматы және Орал қалаларында ақынның ескерткіштері бар. Орал қаласындағы Пушкин тоқтаған үй мұражайға айналып, Қазақстандағы көптеген оқу орындары мен мектептер, кітапханалар мен көшелерге Ресей перзентінің аты берілген. Қазақстанның басқа да көптеген қала-ауылдарының көшелері Пушкин атымен аталады.


Скачать


zharar.kz