Электрлік фильтрлер

Скачать

Жиіліктен тәуелді кейбір тізбектер. Электрлік фильтрлер.

Индуктивтік пен сыйымдылықтық кедергілердің жиілікке байланысты екені және индуктивтілік тұрақты токқа кедергі жасамайтындығы, ал сыйымдылықтың оны өткізбейтіні белгілі. Индуктивтілік пен сыйымдылықтың осы қасиеттері практикада әр түрлі қондырғыларда пайдаланылады.
Егер индуктивті катушканы электр қабылдағышпен бірізді жалғаса (1,а-сурет), ол токтың тұрақты құраушысына кедергі жасамайды да, ал гармоникаларына (әсіресе, жоғары жиілікті) кедергі жасап, оларды әлсіретеді.

1-сурет. Индуктивті L (а), сыйымдылықты C (б) және аралас LC (в) фильтрлер схемасы

Егер конденсаторды электр қабылдағышқа параллель жалғаса (1,б-сурет), онда ол токтың тұрақты құраушыларын өткізбейді де (ол электр қабылдағышпен жүреді), ал гармоникаларына (әсіресе, жоғары жиілікті) кедергі жасамайды. Сондықтан токтың жоғары жиілікті гармоникалары конденсатордың тармағымен кетеді.
Әдетте, осы екі элемент қатар қолданылады (1,в-сурет).
Токтың жоғары гармоникаларын әлсіретіп немесе басқа тармақтармен жіберіп, ал тұрақты құраушысын электр қабылдағышқа ғана қалдыратын құрылғыларды электр фильтрлері деп атайды.
Фильтрлер белгілі бір гармониканы өткізіп немесе белгілі бір гармониканы басқа гармоникалардан бөліп алу үшін де қолданылады. Мұндай мақсат үшін индуктивті катушка мен конденсаторды бірізді немесе параллель жалғап, оларды кернеулер мен токтар резонансына түсіреді. Тізбек резонансқа түсу үшін

болуы керек. Егер осы шарт орындалса, онда оларды бірізді жалғаған кезде (2,а-сурет) k-шы гармоникаға тізбек кедергі көрсетпейді де, ал басқа гармоникаларға және тұрақты құраушыға үлкен кедергі жасап, оларды қатты азайтады. Сондықтан электр қабылдағышпен токтың k-шы гармоникасы ғана өтеді.

2-сурет. Бірізді LC фильтрлер схемасы

Егер осы бірізді жалғанған индуктивті катушка мен конденсаторды электр қабылдағышқа параллель қосса (2,б-сурет), онда электр қабылдағышта керісінше токтың k-шы гармоникасы болмайды – ол LC тармағымен кетеді.

3-сурет. Параллель LC фильтрлер схемасы

Егер индуктивті катушка мен конденсаторды параллель жалғап, оларды токтар резонансына түсірсе, онда бірізді қосылған электр қабылдағышта (3,а-сурет) k-шы гармоника болмайды да, ал параллель қосылған электр қабылдағышта керісінше жаңағы k-шы гармоника бөлініп шығады (3,б-сурет).
Мұндай электр фильтрлері айнымалы ток түзеткіштерінде және радиотехникада кеңінен қолданылады.


Скачать


zharar.kz