Тақырыбы: Махамбеттің Қара нарға артқан жүгіне қазіргі уақытта сіз өз тарапыңыздан қандай міндеттер жүктер едіңіз?
Тезисі: Қазақта қара нар деген ұғымның мәні мен маңызы.
Аргументтері: 1 Махамбеттің Қара нарға артқан жүгі;
2. Қазіргі уақытта Қара нарға артылар міндеттер
Қорытынды: Қара нарлардың аңсағаны-бүгінгі ұлт бейнесі, Мәңгілік ел.
Қазақта қара нар деген ұғым бар. Сөздің түп-төркіні түйе түлігіне тіреледі. Махамбет батырдың Толарсақтан саз кешіп өлеңінде Қатепті қара нар керек біздің бұл іске дегені – қазіргі уақытта ел тауқыметін, ұлттық құндылықтар жолында тер төгетін, қазақ халқын әлемдік деңгейде танытуда еңбек еткен азаматтарымызды балағаны болар. Ұлан байтақ територияны иеленген қазақ елінің өткен өміріндегі қара нарларымыз бізге үлгі, тірек болса, ұрпағы тек бабалар өсиеттерін жалғастырмақ. Менің ойымша, қара нардай халықтың жүгін мойнына артқан ел қамқорларына мынадай міндеттер жүктер едім:
Біріншіден, халық мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын адал көшбасшы, ана тілін ардақтап, мәртебесін көтеретін ұлтшыл азамат болу. Яғни, бүгінгі таңда аталған міндеттерді атқарып, ел жүгін көтерген елбасы Н.Ә.Назарбаевты, Мұхтар Шахановты қара нарға балар едім. Елбасы Н.Ә.Назарбаев мен үшін қара нармен тең. Елбасымыздың ұлтаралық татулықты сақтауы, әлемге қасірет әкелген полигонды жабуы, халқымыздың әл-ауқатын көтеруі, жастардың білім алуын қамтамасыз етуі, еліміздің тәуелсіздігін тұрақтандыруы сөзіме дәлел бола алады. Елбасымыз халқының хал-ахуалын көтеруге күш салды. Осы істерімен қара нарға лайықты;
Екіншіден, жалынды сөзімен де, батыл ісімен де ұлт басына төнген қауіп-қатерде елге қайрат беріп, әр қиын істің басынан табылған Мұхтар Шахановты қазақ халқының қара нары деп айта аламын. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашы ретінде тарихи тұрғыдан дәлелдеуін, ұмыт болған ұлттық мерекеміз Наурызды қайта жаңғыртуын сөзіме дәлел ретінде аламын. Ақынның Жаңа қазақтар өлеңіндегі мына жолдар:
Ұлтымыздың әр мұңының басында,
Салт пен сана,тіл мен дәстүр қасында
Арал зары шапқан кезде насырға
Қорғаушы боп тағы да біз жүргенбіз
Мейірім төгіп мейірімсіздеу ғасырға, - дегені ұлтының жүгін арқалаған қара нар екендігін көрсетеді. Осылайша, батыр, елбасы, ақын- халқының жүгін бірге көтерген тұлғалар.
Түйіндей келе, Махамбет жырлап өткен қара нарға артылған міндеттер - бейбіт заманымызда да ел жағдайын ойлаған қара нарларымыздың атқарып жатқан міндеттері. Қара нарларымыздың мақсаты – халқының тәуелсіз, бейбіт, тоқшылықта, өзге елдермен төрт құбыласы тең өмір сүру. Кешегі ата - бабаларымыз аңсаған азат ел бүгінде Мәңгілік елге айналды.
Пайдаланылған ақпараттар:
1. Махамбеттің 4 томдық өлеңдер жинағы Алматы. (2003)
2. www.inform...kazakstan-halkyn-birlikke-uyystyrgan-e
3. М.Шаханов өлеңдер жинағы