1-2 қараша күндері облыс орталығында “Жас Отан” жастары темекіге қарсы қозғалыс белсенділерінің және “Қазақстанды темекі түтінінен тазарту” ұлттық коалициясының ұйымдастыруымен қаладағы жоғары оқу орындарының студенттер, көптеген жастар қатысқан акциялар болып өтті. Облыс орталығында өткен бұл шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Тәңірберген Бердіоңғаров, ұлттық коалицияның атқарушы директоры Талапқали Ізмұханбетов қатысты.
Ал жалпы темекіге қарсы күрес жөніндегі Дүниежүзілік конвенция елімізде де осы мәселе жөнінде ратификациялау үдерісінің барысын тездету бағытын қолға ала бастады. Конвенция жер жүзінде темекі бұйымдарының таралуын шектейтін бірден-бір маңызды халықаралық құжат болып табылады. Дүниежүзілік құжаттың алдына қойған мақсаты – бүгінгі жастар мен болашақ ұрпақты адамның десаулығын құртатын темекіден сақтап қалу болып отыр. Темекі түтінінің аса зиянды екенін жастардың санасына жеткізіп, оның таралуына тосқауыл қоюды мақсат етуде. Конвенцияның СПИД індетінен, құс тұмауынан, өкпе қабынуынан басты айырмашылығы, темекі шегуде көзге көрінбейтін, қолға түспейтін вирустармен күресудің қажеті жоқ. Темекі шегуді шектеу үшін аса көп қаражат бөлу де керек емес. Мұнда ең бастысы – әр ел осы зиянды залалға орай заңнамалық шараларды қабылдауда саяси жігерлілік пен түсінушілікті талап етсе болды. Үкіметке өз елінің, халқының және дүниежүзі адамдарының денсаулығын қорғауға қатысуға, қамқорлық көрсетуге мүмкіндіктері бар. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, темекі шегу, темекі өнімдерін саудалау, бақылау қою жағынан еліміз ТМД және Орталық Азия елдері арасында алдыңғы орында болғанымен, темекі шекпеуді ратификациялау ісіне екі жылдан кейін 2004 жылы маусым айында ғана барып қосылған-тын. Сондықтан да бұл маңызды құжаттың қазақстандықтардың да денсаулықтарын сақтауда аса қажет екеніне қоғамның назарын аударып, ратификациялау барысын тездетіп қолға алу үшін “Қазақстанды темекі түтінінен тазарту” ұлттық коалициясы мен “Жас Отан” жастар қанаты өз күштерін біріктіріп, белсенді қозғалысқа шықты. Темекі шегуге қарсы бұл қозғалыс еліміздің бірқатар қалаларында, облыс орталықтарында акциялар өткізуде. Қозғалысқа қатысушылар акциядан соң, осы тақырыпта конференция өткізді. Темекіге деген сұранысты қысқарту және темекі бұйымдарына салықты көтеруді ұсынды. Біздің елімізде дүниежүзі бойынша темекінің бағасы өте арзан екені айтылды.
Әр адамның таза ауа жұтуға құқығы бар. Олай болса, көшеде, мекемелерде темекі шегуге тыйым салуды қолға алу керек. Қозғалыс белсенділері жалпы қоғам үшін, бүгінгі күннен басталатын болашақ үшін Елбасына, мемлекеттік органдарға, Парламент депутаттарына қазақстандықтардың денсаулықтарын қорғаудағы ең тиімді, маңызды шара болып табылатын Дүниежүзілік конвенцияға тездетіп қосылу үшін көмек сұрады.
Бұдан кейін акция Қарағанды, Алматы қалаларында жалғасатын болады.
Темекінің зияны, салауатты өмір салтын ұстану және сол темекіден қалай айырылу керектігі туралы осы аптада өткен “Алматы темекіден азат қала” атты семинарында талқыланды. Бұл семинар 31 мамыр халықаралық темекіден арылу күніне арналған еді.
Ұйымдастырушылар: тәрбие ісі орынбасарлары Қадырбергенова Қ., Тоқтасын М.
Шақырылған қонақтар: Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директорының орынбасары, «Алматы темекі түтінінен азат қала» атты Алматы қаласының мақсатталған бағдарламасының қала бойынша координаторы: Серікбаева Гүлмира Нұрқанат-қызы; Аудандық балалар мен жастар шығармашылығының әдіскері Гүлсім Сейтқалиқызы, Аудандық мектептердің тәрбие ісі орынбасары және оқушылары.
Қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Жұмабекова Мағытай Жұмабекқызы 10 «а» сынып оқушыларымен «Ақырын жүріп, анық бас» тақырыбында сахналық көрініс көрсетті. Көріністің мақсаты: Оқушыларды жаман әдеттерден аулақ болуға, салауатты өмір сүруге шақыру.
Математика пәні мұғалімі Байғазиева Г. 10 «б» сынып оқушыларымен « Тағдырды уландырған түтін» атты семинар сабағын өткізді. Мақсаты: Темекінің адам денсаулығына зиян екенін айта отырып, жеке басының денсаулығына бақылау жасап білу керек екенін үйрету болды.
Семинар – сабақ оқушылардың әртүрлі шығармашылық ізденістері түрінде өтті.
Сонымен бірге тарих ғылымының кандидаты, психология ғылымының маманы, медицина ғылымының кандидаты, химия мамандары сөз сөйледі.
Спорт ұйымының жетекшісі мен көрермендердің пікірлері алынып отырды.
Қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Байзақова О. 10 «а» сыныбымен «Шылымшы өзін де, өзгені де улаушы» тақырыбында дебат – сабақ өткізді. «Болашақ» тобы және «Әділет» тобы толық пікірталас түрінде өтті.
Мақсаты : Оқушыларға темекінің зияны туралы айтып, өз денсаулықтарына сақ болуға шақыру.
Қорытындыда: 6 сынып оқушыларынан құралған көңілді тапқырлар клубы шылым шегуге қарсы байланысты әртүрлі әзіл – қалжыңдарын айтып өтті.
Семинар сабақ өз дәрежесінде өтіп, көпшілік көңілінен шығып, оқушылар темекінің зияны екендігі туралы көптеген мәліметтер алды.
МАСКҮНЕМДІК
Маскүнемдік те қауіпті дерттің бірі. Оған қарсы алдын алу шараларының бірнеше бағытта жүргізілуі тектен-тек емес. Алайда араққа салынып кетпеу – әрбір жеке адамның өзінің түйсігіне де байланысты дер едік. Кейбіреулер дәрігерлердің көмегіне жүгініп жатса, енді біреулер өзінің маскүнем екендігін мойындамай, ішімдікке қарсы егілуге (кодирование) намыстанып жатады.
– Біздің тұрақты «клиентіміз» болып кеткендер де жоқ емес. Келеді, түнейді ертесіне қайтады. Бұл жерді жатсынбайды да, – дейді Алматы қаласындағы №1 айықтырғыш бастығының орынбасары К.Есімов.
Оның айтқанынан ұққанымыз – жұрт бұрын қалай ішті, қазір де солай ішеді. Статистикалық көрсеткіште кемігендік те, артқандық да байқалмайды.
– Бірақ, – дейді ол, – бізге келіп түсетіндер арасында қазақтар көбейіп кетті. Бәлкім, бұл қазір Алматы қаласында, жалпы елімізде, қазақтардың көп екендігіне байланысты шығар.
Осыдан біраз бұрын біз қаладағы айықтырғышқа неше мәрте түсіп шыққан бір жігітпен әңгімелескен едік. Оның айтуынша, тәртіп сақшылары көшеде жатып ішетін қаңғыбастарды емес, әдетте киім киісі көзге дұрыс көрінген адамдарды ұстауға тырысады. Неге? Оның айтуынша, қаңғыбас жандар өздеріңіз білесіздер, жиіркеніш тудырады. Және де оның қалтасында ақша жоқ. Сондықтан да олар ішіп алған адамның өзіне емес, оның қалтасына «қызығады-мыс». Оны өзінің басынан өткен мына бір оқиғамен дәлелдегісі келіп жатыр. Ол экипаж көлігін көрген бойда-ақ қалтасындағы 5 мың теңгесін шұлығының ішіне тығып үлгерген екен. Алайда сақшылардың да көзі өткір екен, «бұл ақшаны да араққа жұмсап, қор қыларсың» деп алып қойыпты.
«Рас, кірген бетте айықтырғыш қызметкерлері алдымен хаттама толтырады. Бар затыңды қабылдап алмас бұрын куәлардың қатысуымен тіркейді. Бұл әшейін жай ғана көз бояушылық дер едім. Олар керегін оған дейін көліктің ішінде-ақ алып қояды. Шыны керек, экипаж көлігі бұрыш-бұрышты тіміскілеп жүреді. Кейде мен «осылар тәртіпті емес, оңай олжа табуды көбірек ойлай ма?» деймін. Тіпті сенің қанша ішкеніңді тексеріп те жатпайды. Апарады да тығады. Менің бір досым үйінің ауласына жақындап қалғанда түскен ғой көзге. Тәртіп сақшыларының үйден алып кете алмайтындығын біліп, жүрісін жылдамдата түскен екен, әлгілер жүгіріп қуып жетіп алыпты. «Аулама екі-үш адым қалғанда ұсталдым ғой» дейді ол. Сөйтсе, қалтасында 10 мың теңгесі болған екен. Соны сыпырып алыпты. Ал оны дәлелдеу қиынның қиыны. Оның үстіне басыңды бәлеге байлағың келмейді. Айықтырғыш қарасты ішкі істер басқармасы бастығына арыз-шағыммен кіргендерді де естідік. «Өзіңді жынды ғып шығарып салады» дейді олар.
Айтпақшы, айықтырғыштың өзінің «көгілдірлері» бар. Олар жайында сақшылардың білетіні, білмейтіні маған белгісіз. Алайда «көгілдірлердің» бұл мекемеге әдейі түсетінін сезіп қалдым. Келіп алып еркектерге тегін «қызмет» көрсетуге ұсыныс жасайды. Мастарды ұрып-соққанда да мекеме қызметкерлері өзіндік айла-тәсілдерін қолданып жатады. Яғни олар көгерген дақ түсіруден сақтанып, табаннан не алақаннан сабайды. Десем де, айта кетейін, олардың тыныш жатқандармен шаруасы жоқ. Негізінен айғайлап, былапыт сөздер жаудырып, бұзақылық жасағандарды ғана «тәрбиелейді». Тағы бір байқағаным, бұрынғыдай емес, жатын орындары таза, көрпе-жастықтары жеткілікті» деп ол жігіт сөз болып отырған мекеменің ішкі өмірімен таныстырғандай болды. Ал айықтырғыштағылар не дейді?
– Бізде мас адамның спирттік ішімдікті қаншалықты мөлшерде ішкендігін анықтайтын «Алкотест» деген аппарат бар. Егерде ішімдікті белгілі мөлшерден артық ішсе, олардың уланып қалмасы үшін біз «Жедел жәрдем» шақыртып, ауруханаға жібереміз. Осы тұста біз №1 айықтырғыш бастығының орынбасары К.Есімовке «Алкотестен» міндетті түрде өткізесіздер ме, әлде...» деп жоғарыда сөз болған адамның ренжулі әңгімесін айтып бердік. «Адам тәлтіректеп, сөйлей алмай тұрса, оған аппарат қолданудың керегі не? Онсыз да көрініп тұрады ғой бәрі. Егер біреулер «мен аз ғана іштім. Қамауға құқыларың жоқ» деп дау шығарып жатса, онда әңгіме басқа. Мәселені «Алкотестің» көмегімен шешеміз», – деп түсіндірді К.Есімов.
Ол сондай-ақ айықтырғышқа түскен адамның ақшасын не бағалы заттарын алып қою мүмкін еместігін айтты. Бұл ретте ол жуырда ғана біреудің қалтасында 8000 АҚШ доллары жатқандығын және оны ертесіне түп-түгел қайтарып бергендігін айтып жатыр. Тіпті ол алғысын жаудырып кеткенге ұқсайды.
Алматы қаласында негізі екі айықтырғыш бар. Оларды әсіресе «жынды суды» тәуір көретіндер жақсы біледі. Әрқайсысына тәулігіне орта есеппен 15-20 адам түседі. Кім болса да, айықтырғыштар әсіресе мереке күндері лық толады деп ойлайды. Ал К.Есімовтің айтуынан ұққанымыз, олай емес екен. «Қайта мереке күндері, төтенше жағдай болмаса, көбіне-көп туысқандарын шақыртып, алып кетулерін сұраймыз немесе үйіне шығарып салуға тырысамыз. Біз де адамбыз ғой... Мереке күні көңіл көтерсе, несі айып?» деді ол сөзінің арасында.
Айықтырғыш нағыз «қызықтың» ортасы екендігі айтпаса да белгілі. «Небір «әншілер» келіп түседі. Беріліп тыңдауымызды талап ететіндерін қайтерсіз олардың... Түнеу бір күні Мұқағалидың өлеңдерін жатқа білетін біреу түсті. «Ойланғым да, ойлағым да келмейді, Не десе де өзі білсін ел мейлі...» деп сайрай жөнелгені бар» дейді К.Есімов. Енді біреулер тіпті қонып шығуға рұқсат сұрап, жалынатын көрінеді. Ең өкініштісі, маскүнемдік жылдан-жылға жасарып бара жатқан сияқты. Бірлі-жарлым оқушылар да жеткізіліпті. Алайда оларды айықтырғышта ұстамай, бірден жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекцияларға жеткізеді. Ал айықтырғыш кереуетінде жатып қайтқандар арасындағылардың ең жасын айтсақ, он тоғыз жасқа дейін төмендепті. Көбіне-көп ақшасы бар, базарларда сауда жасайтындар келіп түседі екен айықтырғышқа. Осыдан біраз бұрын №1 айықтырғышқа түскен бір маскүнем асылып өлуге әрекет жасаса, енді біреу күре тамырын кесіп жіберіпті. Қайта екеуін де қызметкерлер сол сәтте көріп қалып, өлімнен аман қалған екен. Бұл олардың айықтырғыштағы тәртіп сақшыларына «ерегескен» түрлері. Мұндай мінезі «қиындарды» арнайы орындыққа байлап тастайды екен. Сөз соңында айтарымыз, осыдан 2 жылдай бұрын, айықтырғыш тәртібі бойынша, келіп түскендер дәрігерлік қызмет үшін 450 теңге төлеуге тиіс болатын. Қазір тек учаскелік инспектордың хаттама толтыруымен 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл ғана төлейді екен. Мұны айтып отырған себебіміз, айықтырғыш қызметкерлері «сол бұрынғы 450 теңгені қайта енгізсе, дұрыс болар еді. Ол қаржыға керек-жарағымызды алар едік» дейді. Олар сондай-ақ, мекемеде жуынатын орын болса деген ұсыныстарын білдірді