УДК 63.3
АБАЙ ЖОЛЫ РОМАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ШЫНДЫҚ ЭВОЛЮЦИЯСЫ
Н.Қ.Сманова, Б.Д.Тажикова
Керімбай атындағы №12 орта мектепт-реусрстық орталығы, Тараз қ.
Абай эпопеясы творчестваның
Тылсым сырына, өмір мен өлеңнің
өзара байланысына терең бойлаған
туынды, ақын мен поэзия
жайлы әлем әдебиетіндегі ең
шоқтығы биік үздік шығарма
М. Луконин
Абай! Ол – ұлы есімімен жүректің дәл түбін жашыған, қияға шарқ ұрып самғаған, ел болашағына жаңа бағыт іздеген, әзір таппаған, бірақ қайдан табатынын дәл сезіп болған ел баласы, заман жасы, дүйім жұрттың алысты болжай алған., ілгері сүйреген ойы, қиюы қашып, ыдырай бастаған ескі қоғамдағы әділетсіздікке қарсы күресіп, демократиягшыл озат ойларда берік тұтынған кесек тұлғалы аса көрнекті қоғам қайраткері. Ол күнделікті тіршілігімізде, рухани әлемімізді, қарақан басымызды алып жүруден бастап, биік адамгершілікке дейінгі аралықта тегіс қамтитын жан-жақты құбылыс. Абайды тануда саясат ықпалынан, уақыт қыспағынын аса алмаған кездер болды. Енді заман өзгерген шақта азат елдің азат ойымен, азат жүрегімен, азат зердесімен Абайды тануға тиіспіз. Оның өмірі мен еңбегі Мұхтар Әуезовтың творчествасында үлкен орын алған тақырып. Жазушының Абай өмірі мен творчествасына ғылыми – зерттеу жұмысын жүргізу жолында сіңірген қыруар еңбегі өз алдына бір төбе. Ол 1939 жылы өз Л. Соболевпен бірге Абай атты трагедиясын 1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуымен байланысты Абай операсының либреттосын және Абай жырлары атты көркем суретті фильмнің сценарийін жазды. Алайда жазушының Абай образын кемеліне келтіре суреттеп, сомдап соққан классикалық шығармасы – Абай жолы атты төрт томдық эпопея. Қоғам құбылыстарын бойына мол сіңірген. Бұл эпопея елдің рухани үлгісі болған Абайдың өмірі, үміті, арманы, айтысы, тартысы, халқына еткен еңбегі жайында сөз қозғайды. Халық қамқоры, Қалың елім, қазағым деген Абайдың адал өсиетті ойлы жандардың көкірегіне ұялап, оларды болашаққа мезгеген.
Абай жайында роман жазу жолында жазушыға кездескен кедергілер мен қиындықтар аз емес. Ең алдымен материал тауып, жинаудың өзі қияметтей қиындық келтірді. Сондықтан да жазушы өз жағдайын қоналқаға кем жетіп, өшіп қалған күл арасынан болар-болмас шоқ тауып, оны өз демімен үрлеп, жылытып, от тұтатқан жүргінші жолаушыдай сезінгені мәлім. Құнанбай, Абай, Бегеш, Жиренше, Оразбай, Базаралы тағы өзгелер туралы көп білетін көнелер, ақылгөй ақсақалдар халық шежіресі қариялардың айтқандарын жазушы әр кезде жалықпай жазып отырған. М. Әуезов бұл жайды былайша баяндайды: Жас шағында Абайдың іні-досы Кәкітай, Көкпай, Мұқа сияқты кісілерден естігенім романды шындық мәліметтермен толықтыра түсуге көп себеп болды. Абайдың әкесі Құнанбаймен көп алысқан Жігітек сияқты рулардың қарт-қариясымен көп кездескенім бар. Абайдың өмір бойы досы болып өткен ертегіші Баймағанбет те көп қызық жайларды баян еткен еді [2.129 бет].
Бұл шығарма оқушыға қызықты қиял мен өрен ой өлкесін кездіріп, талай терең толғаныстар тудырады. Ол совет әдебиеті туындыларының маңдай легінен орын алады деу аздық қылады, әлемнің басқа елдерінде онымен тең түсер шығарма табу қиын.
Сүйер ұлын болса, сен сүй,
Сүйенерге жара ел – деп Абай атамыз айтқандай, жүректері қалаған ұлдардың атын жұрт өздері-ақ жерге тастамайды. Алпамыс батыр, Қамбар батыр, Балуан Шолақ, Біржан Сал, Ақан Серінің есімдері соның жарқын мысалы. Құдайға шүкір, мақтан тұтар, үлгі етіп алға ұстар данаға да, батырға да бай елміз. Олардың елі үшін жасап кеткен еңбектерін даралап атап, туған халқымен қайыра табыстырудан, тегінде, кенде емеспіз.
Солардың бірі – халқымыздың біртуар ардақты азаматы М. Әуезов Тірлікке терең шомып, ой ұрығын терең көміп іздену керек [3.193 бет] деп жазушының өзі айтқандай үздіксіз ізденістер мен кең толғаныстар арқасында ғана адам жанының асыл қасиеттері, оның ойы мен сезімінің кінәратсыз шынайылығы барынша анық, нақты күйінде кез-келген шығарманың арқауы бола алады. Осындай сәттерді жете сезінген, терең таныған жазушының өзі де шығармаларында адам жанының шынайлығын, оның ойы мен сезімін табиғи қалпында, таза күйінде бейнелейді. Бұл сабырлы да парасатты, кемеңгер тұлғамыз – Абайдың бейнесін ашуда көрінеді. Жүзінде жылы жымиысы әдемі ізгілікті адамның шытырманы, бел-белесі, қиясы мен өрі, қат-қабаты мол өз жолы хақында жазылған Абай жолы романы – жазушының өмір-дәптері. Романның алғашқы кітабында балалық шақтан бастап, азамат болып қалыптасқан Абай бейнесі көрінеді. Бұл уақытта бала ақын өзін қоршаған орта айналасында қайнаған жауыз тіршіліктің куәсі болады. Бала кезден әкесі орнатқан тәртіпке, зорлақ-зомбылыққа жаны түршіге, жиіркене қарайды. Еріксіздігі мен жігерсіздігі есебінен бұл феодалдық – рушылдық салт-санаға қарсы бел шешіп күреспей тек іштей өкініш етеді. Балғын жастың бірден тарихи қайраткер атанып, күреске араласып кетуінде мүмкіндік болмады. Ескі қоғамдық сана, әлеуметтік бітіспес қайшылықтың аяққа тұсау, көңілге бұғау болды.
Абай Қарқаралыға аттанарда анасының: Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін ... Күндестін күні күндес дегендей, сен білмей-ақ қой. Әкең дұшпан десе, сен әділ бол! деген өсиетін жадында мықтап сақтайды. Әкесіне жау адамдарға деген оның игі құрметін Бөжей асының ойдағыдай өтуіне сіңірген ерең еңбегінен аңғаруға болады. Өмір бойы Абайдың ең алғашқы рет ұйқысыз түндер өткізіп, қабағы қатып, қажыған жолы осы еді. Жақсы ағаның зор дәмесін әмсе өстіп ақтағайсың! Өрісің алда! Бетін дұрыс! Дәл осы бетінен жарылғасын [1.131 бет] – деп қарт Бөжей мен ақсақалдар алақан жайып, ақ батамен тілеулестіктерін білдірді. Бөжейді іштей жақтап, оған іштей тілектес болып жүрген Абай оның әкесінен жапа шегуші деп қана жақтамай, халық ұлы деп құрметтеді. Бұл соқтық басы, шытырманы, бел-белесі мол үлкен өмір жолының бастамасы ғана, сол кездін өзінде оынң көңілінде сан ойлар кезегімен көрініс беріп, әр сөзінің ар жағында қорғасындай зіл батпан ойлар, көңіл толқыны, жан жарасы, қатыгез өмірдің ащы шындығы жатты.
Абайды қоршап, қаладан алып қайтқан серіктері – Байтас пен Жұмабай бірі сері, әнші болса, екіншісі одан өзгеше Құнанбай бағытын ұстаған адам. Абайдың жанындағы жолдастарының мінездері екі түрлі болса, оның келешектегі өмірінің де осындай бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі топтың арасында қалыптасатынын, автор осы екі адам арқылы Абайдың келешекте екі ортамен істес болатынын, оның сүйгені, қалағаны халқы, ақындық болатынын алғашқы беттен-ақ байқатады.
М. Әуезовтың айтуынша, Абайдың рухани кемелденуіне ықпал жасаған арна – үшеу:
Ұлттық және бүкіл адамзаттық мәдениеттің үш түрлі мол арнасы данышпан ақынның шығармашылық ісіне рухани азық болды..Абайдың бүкіл ой-қиялына, әлеуметтік, ақындық ісіне дем беріп, шапағатын төккен арнаның бірі – халықтың өзі жасаған, ауыздан ауызға тараған, баспа жүзінде сақталып келген қазақтың бағзы замандағы халық мәдениеттінің бай мұрасы...,ақындығына рухани дем беріп, азық болған екінші арна-Шығыс мәдениетінің тамаша мұрасы, үшінші арна-орыс мәдениеті, Еуропа мәдениеті [4.336 бет].
Қары көп қалың қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жаз келеді, - дейді Абай. Халыққа деген сатқындық оның болшағына сенбеуден басталады. Ал Абай сенді. Сондықтан ол орыс өнеріне еліктеді. Семейге жер аударылып келген шын жанашыр достармен жүздесті. Талай кеш жан-жақтын хабарына құлайқтанатын, орыс классиктерінің жазбаша мұраларын сарапқа салатын қилы әңгіме кешіне айналатын. Асылы, Абай ақындығының арғы тамыры өзінің туған топырағындағы, төл әдебиетте, халыққа өнерінде, өзін сәби кезінен қиял-ғажайып ертегілермен әлделиген Зере әжеде, мұншыл жырау – Барласта, шыншыл жыршы – Шөжеде жатса, бергі бұтағы мен жасыл жапырағы орыс әдебиетінде – Михайлов, Павлов секілді орыс достары арқылы қолы жеткен Пушкинде, Лермонтовта жатыр. Абай әдейі қала кітапханасының кітаптары үшін Семейде қысқы айларда ұзақ жатып алатын болып, өз-өзінен ізденіп, қармана бастайды. Ал кейінен орыс тілін жақсы меңгеріп, ғылым әлеміне өз бетімен бағыт алған абай озық ойлы Шығыс дүниетанымын Батыстың өркеңдеген жаңа жетістіктерімен сабақтастыра отырып тапты.
Қырықтан асып, өмірдің ащы шындығымен бетпе-бет келген уақытта, жаттан да, жақыннан да көңіл қалды. Өмірдің баянсыздығын алауыз ағайынның барын күңшілдік пен сатқындықтың жалған дос, жалған туыс, жалған би, жалған жанашырдың барын көзбен көрген кезде өлең сөздің патшасы, әулие Абай жаңаша кейіпте, бар болмысымен, бар құдіретімен танылады. Оның сана-сезімі – заңғар сәулелі болшаққа бет алған алып құбылыс. Халқына жаны ашыды оның. Таным жолмен іздеді ол. Сонда аталас қандас ағайынның тарапынан бұзылып кетті, енді бәрімізді бұзады деу – неткен бейшаралық. Өткеннің бәріне бір-бірін кінәлап, ретін түссе, бір-біріне өш алуға тырысатын, ауыздары асқа тисе байлықты көтере алмай, тақымдары таққа тисе билікті көтере алмай, бас-басына би болып өз, ағайының сан-саққа, жан-жаққа бөлген адамдар дәл Абайдың айналасына ш бөріше топтанған өз ағайыны болып шықты ғой. Майталман реткер Құнанбай маңындағы бар адам арқылы солар өмір сүрген заман кесінін де зегерлікпен бейнелеп көрсеткен. Байлар мен билер дәуіріндегі қазақ қоғамының Алтыбақан алауыздығын да ұтымды аңғартқан. Абай бастаған жаңаның ата-дұшпандары қатарында Құнанбай жалғыз емес. Оның маңында әр рудың басында, әр ауылдың ақсақал – қара сақалдары – Бөжей, Байдалы, Сүйіндік, Байсалдар бар, өз іргесіндегі майбасар, ызғұтты, Тәкежан, Жиреншелер бар. Әзімбай, Шұбар, Оразбайлар бар. Олар өзара бақталастар, бәсекелестер Қарахан басының қолына келгенде олар бірін-бірі аямайды, бірге бере талап тастап, бөліне бере тұтып жеп жүргендер. Бірінің тізгініне бірі жармасып, бірінің шалғайынан бірі тартып, бірін аяғына бірі жығып, орға шалып, көрге көміп жатқан Құнанбайлар, әрине өз заманымен бірге тарих сахнасынан кетеді.
Күздің қысқарған күні кешкіре бастаған кезде алыстағы Шыңғыстың ұзақ, ирек жоталарына қалың қара бұлт қона берді.Сол сұрапыл көшкіннің суық тынысын – дай шапшаң басшысындай боп қатты жел соға жөнелді. Ымырт бүгін әп-сәтте жетті де, түн қанаңғылығы тез төнді, енді бұлт бейнесі аспан әлемі адам көзіне көрінбейді. Бірақ жел дауылға айналып ах өкіріп тұр [1.196 бет]. Осы суретте, осы көрініс өктеп, өрлеп, бүктеле жайылып алысы, шарпысы дауылға айналып келе жатқан бүкіл езілген халықтың қаһарын, үстем тапқа қарсы халық кегінің өктеп қатайған дауыл желін елестеткендей. Қазақ қоғамындағы әлеууметтік теңсіздіктер мен күрес тақырыбы соңғы кітаптардың күллі мазмұнын кеулеп,сюжеттік арқауына айналды.Жаңа мен күрес сәулесі Дәркенбайлар мен Базаралылар үстіне түссе, Әбендер мен Әбділер, Сейілдер мен Сейіттердің де маңын нұрландырады.Алғаш рет Құнанбай кезелген ішті мылтықтың шүріппесі Дәркенбай қолымен басылғалы жатқанда, бұл пиғылдан оны Бөже арашалайды.Енді бірде, қажылыққа жүргелі жатқан Құнанбайға қалың жұрттың көз алдында Қодардан тігерге қалған жалғыз тұяқ Дәрменді ертіп келіп, бала қарызын талап етеді. Осылардың барлығы Дәркенбайдың тіршіліктен көрген тұрмыс тепкісі қанша ауыр болғанымен, қатыгез тағдыр талқысына көнбей қасарып, өле-өлгенше қайратын кекке қайрап өр де ер, тапанды күрескер екнін көрсетеді.Ал Базаралының үстемдерімен сілкісу, қалың бұқараның қанаушыларына қарсы күш сынасуы тіпті оқшау, бұл маңда болып көрмеген жаңа үлгідегі жойқын әрекеті.Ол жуандар зорлығын көре-көре, қорлығына төзе-төзе әбден шыдамы таусылған көп кедейден қол қурап, тиюсыз да жиюсыз кеткен Тәкежанның бір үйір жылқысын қуып алып, қырып салады. Бай ауылдардың түндіктері желпілдеп, болыс билердің бойлары қалтырағандай болады. Теңсіздік тепкісіндегі қалың бұқараның күреске көз ашылып, өзін-өзі, өз күшін өзі тын сипатта жанаша түрде тани бастады
Төрт кітапта үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты әйел кейіпкерлері бар. Романның бұларға арналған беттері оқырманның көзі мен көңілін қатар жаулап, жан-жүрегін қоса баурайды. Әйел-ана ма, жұбай ма, бойжеткен ба, әйтеуір қиянаты бөлек қазақ қызының мінез-құлқын іс-әрекетін, сыр-сезімін қимыл-қылығын дәл, терең нәзік суреттеуге келгенде шебер алдына жан салмайды. Сонда әр кейіпкер – тип. Сонда ар-ожданы тап-таза иманнам құйылғандай мейірімділікке толы Зере әжелер үлгісі, салқын қанды, сабырлы ақыл иесі Ұлжан аналардың үлгісі, Сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілмен бар сырымен назын Абайға ғана құпия баян ететін, Ақ еті атқан таңдай ару Тоғжан – алыстан арайлайтын қол жетпес арман секілді махаббат таңының белгісі. Алайда олардың тәуелділік қақпанына құрсалуы бәрінен де қым-қиғаш. Қыршын жас көз ұшінда сағымдай ойнаған арманына ілесе алмай, қынжылуда өтетін. Осылайша махаббат іздеп шарқ ұрған тап-таза, мөп-мөлдір, уыздай-ақ сезімге толы қыз жүрегінің лүпілі өз демін басатын.
Абай! Бұл – эпопеяның жаны мен жүрегі. Абай бейнесі Әуезов қиялында, оның қалам ұстаған, күнінен бастап өрбіген. Әуезовтың өзі Абайға, Абай өзіне айналып кеткенше бұл бейнені қағаз бетіне түсірмей тек іштей пісіре берген.
1939 жылы жарық көрген Абай трагедиясына дейін-ақ Әуезов абай жайында роман жазуға бел байлаған. 1937 жылы жазылған Татьянаның қырдағы әні атты үзінді романның тарауы ретінде жоспарлаған болатын. Алғашқыда автор романға Телғара деген ат бермекші болды. Жұмыс барысында романның шеңбері кеңейтіле түседі. Әуезов романның бірінші кітабын 1942 жылы, екінші кітабын 1947 жылы жазып бітірді. 1949 жылы бұл романған социалистік реализм әдебиетінің кесек, құнды шығармаларының бірі ретінде бірініш дәрежелі мемлекеттік силығы беріледі. 1959 жылы төрт т омдық эпопея жарық көргеннен кейін Лениндік сыйлықтың лауреаты атанады.
Өзінің терең идеялы, көркем шығармасымен Әуезов хкалқымыздың әдеби тілін байыта беру жолында талмай еңбек етіп келді.
Әуезовтың творчествалық өмірі – халыққа, отанға қызмет етудің айқын үлгісі болды. Ол өзінің ортасында қалдырған көп томдық мұрасы арқылы қазақ жазушыларының бір емес әлденеше буынына шеберлік шынындай жөн сілтейтін, шың мәнінде ұстаздық қақына ие болған аса көрнекті жазушысы.
Абайдың романы
Онегин мен Әбдірахман бейнелерінің ұқсастықтары, екеуінің ұқсамайтын тұстарынан әлдеқайда басым. Тек Онегиннің ішінің қалтарысы көптеу.
Эпистолярлық романда Татьянаның Шығыс әулетіне туыстас қасиеті басым. “Досың ақпын, “тағдыр араз”, бәрін “сорлы нәсібімнен” көремін деген сөздерді айта келе, Татьяна сөзінің ақырында “Көрісуге шыдамаспыз, Айрылалық сол үшін” (Абай. 2 том. 49 б.) деген ең соңғы шешімін Ләйлі-Мәжнүн махаббатын еске түсіретін жәйтқа сүйейді. Екі асық Ләйлі мен Мәжнүнге жарық дүниеде қауышып, құшақтасып бір сүйісуге жазбаған ғой. Екеуінің өне бойлары өртеніп, ерінге ерін тигізе алмайды. Татьянаның көрісуге шыдамаспыз дейтіні сол хикаямен ағайындас. “Ләйлі-Мәжнүн” дастанымен таныс қазақ Татьянаның ғашықтығы Ләйліден кем соқпайтынын түйсініп, тебіренері сөзсіз. Ләйлі мен Мәжнүннің ғашықтық дертін тартуы Алланың бұйрығы болғанда, Татьяна “тағдыр араздығына” шағынады.
Онегин сияқты Татьяна да қазақ құлағының құрышын қандыратын орамды, образды тілмен сөйлейді.
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірімде,
Мен де – сорлы бақыты кем. (1 том.76 б.).
Мұхтар Әуезов жазғандай, Абай орыстың дворян қызына қаспақ қырғызып қояды. Аудара қалғанда да орыс тіліне оншама кіріге қоймайтын ауыспалар. Қаймағы – сүйгені Онегин. Қаспағы – жат босаға.
Эпистолярлық романның ұлттық бояуын, тілі мен қоса ділін мейлінше қандырған Абай шығармасында әлеуметтік проблема да қоя білді. Кейіпкерлердің жеке өмірімен қатар, қоғамдық-әлеуметтік қатынасы өлең-роман жанрының бойына шақ қалыпта кесіліп пішіледі. Өмір сүрген заманының кескін-келбет сыйқы кейіпкер көзімен бағаланады. Онегин Татьянаның хатына қайтарған жауабында өзі туралы: “Соққы жедім сұм заманнан, Бір жылы сөз ем емес” – дейді.
Сұм заман автордың өзінің де сыбағасына тиген заманы. Абайдың Көкбай боп жылайтыны лирика жанрының ежелгі дәстүріне қатысты. Онегин Абайдың Көкбайы сияқты автордың өз көзқарасын білдіретін протоганист геройы. Көкбайдың жыламасқа амалы жоқ. “Мынау азған қу заман қалыбында тұрмайды” . (Абай. 2 том. 48 б.) Онегин шері, сайып келгенде, автордың өз шері. Абайдың бір өлеңінде “Ішім өлген, сыртым сау” (Сонда. 104 б.) деп толғанғаны Онегиннің: “Ішім өлген, құр денем сау” дегенімен орайлас.
Онегин махаббат сергелдеңіне түсіп жүрген адам бола тұра, замана бет алысын қапалана, қайғыра ойлап жүрген кең зейіннің, терең сезімнің кісісі. Кейіпкер өзін өрттен қалған көмірге балайды. Пенде көрген бар қызықты ішкен сұм жүрегі өмірден айнып біткен. “Бүгінгі дос – ертең жау” деп сарнайды. Мұны қалай түсінеміз? Өзін өсіріп тәрбие берген қоғамнан кейіпкер неге безінеді? Эпистолярлық роман адамзат қоғамының шешімі қиямет проблемасын ұтымды қоя білген.
Заман мен адамның, қоғам мен жеке тұлғаның бітіспес арпалысы шағын романда Онегиннің жан қасіретін шегуі барысында берілген. Абайдың бұрын да аз қаузамаған тақырыбы.
“Интернатта оқып жүр” деген өлеңінде Абай қазақ жастарының шенеунік болуды дәреже көретінін, жан байыту қаперіне кірмейтінін ашына сынай келе, Толстой қазақ жастарының бірінің ойында жоқ екенін үлкен мін санап күйінеді. Абайдың Толстой есімін жас буынды тәрбиелеу мәселесімен байланыстыруының өз мәні бар. Толстой заманынан түңілген адам. Жас ұрпақтың Толстойды білсе екен дейтін тілегі ендігі ұлан дүниеқоңыздылыққа салынбаса екен, жанын бақса екен деген ақ арманнан туған.
Онегин бар қызықтың, сән-салтанаттың бәріне кеңірдектеп тойғанда ғана барып, дүниенікі дүниеде қалатынын түсінген. Әуел баста тән рахатын ғана ойлап, жан әлемін жүдетіп алды. Күні ертең Татьянамен бас қосса, аз уақыттан соң некеліктен жалығып (“жалқып”) шыға келетініне көзі жетіп тұр. Онегинмен типтес – Лермонтовтың Печорині Бэлаға қолы жеткен соң, біраздан кейін кешегі махаббатынан суына бастамай ма? Печорин де Онегин тәрізді басын тауға да, тасқа да соғады, бірақ еш жерден көңілі жайланатындай орын таппайды. Бэла қазаға ұшырағанда аз-маз опынған болады. Біраздан соң бір бәледен құтылдым ба дегендей жеңілдеген қалып көрсетеді. Өмірден жерінуі жаны жұтаңдығынан.
Қазақ ақыны пікірінше, адамзат керуені (бір ғана қазақ елі емес) даму бағытын дұрыс ұстанбай отыр. Қарын қамына беріліп, рухани жұтаңдыққа ұшырауда. Бүкіл дүние қауіпті дағдарыста. Қай тарапқа қаңғырарын білмейтін Онегин бейнесінің астарында, міне, осы әлемдік бәлелі құбылыс жатыр.
Романның эпосқа тән кең құлаштылығы, нақтылы өмірмен байланысы осындай болғанда, жеке адам характерін жасау жағынан қалай көрінеді? Міне, бұл рөлді адамның ішкі жан дүниесінің шетсіз-шексіз құбылыстарына тіл бітіретін Абай лирикасы әдемі атқарып шыққан. Өлеңмен жазылған эпистолярлық шығармада төңіректе өтіп жатқан әлдене оқиға бөлек баяндалмайды. Оның бәрі психологиялық талдауға сіңіп кеткен. Сырт оқиғаның табы яки эпостық тағы бір белгі кейіпкерлердің жан сілкініс-тебіреністерінен, рухани өзгерістерінен бой көрсетеді.
Кейіпкер тірі жанның ісін істеп өмірден өз орнын табуға талап етпейді емес. Тәңір бұйрығымен (“Құп кіріптар қылды Алла” (2 том. 45 б.). Онегиннің сахара шөліндей сарғайып біткен көңіл даласына кенет көк бітеді. Жүрегіне махаббат өрті түседі. Татьяна хатының әсері тегін кетпеген. Қыз хатының сезімге түскен шоғы қауға түскен ұшқындай лап етіп жалындайды. Ғашық Онегин бұрынғы тәкаппарлығынан, өркөкіректігінен айырылып, бір кезде бетін қайтарған қыздың аяғына жығылады. Бұған дейін Татьяна ерік өзіңде деп қиылса, енді жалбарыну кезегі Онегинге тиеді. Не қылсаң да ерік өзіңде деп өмешесі өшіп, хат жазады.
Роман сюжеті шарықтау шегіне жетеді. Махаббат отына шарпылып, сұм тіршілікте жанына өзінен басқа бір дос, серік тапқысы келген кейіпкер, әлде бір философ-идеалистке ұқсап, алыс, көз ұшындағы жарық сәулеге қол созған. Ғашығының раушан сипатын тез көруге ынтығып, үздігеді. Піскен алмаға уақытында қол созбағанына өкініп, гауһарының қадіріне жетпегенін мойындап, тағдырын қыз қолына тапсырады.
Сөйтіп, бастапқыда Пушкин мен Абай романдарының бір арнада аққан сюжет өзені сағасына тақағанда жылғаланып, екі тарамға бөлініп тынған. Эпистолярлық роман сюжет ағысы характердегі зор әлеуметтік-қоғамдық сипатты мазмұнға, ондағы автор ойына қарай бет бұрған. Адам мен адам қатынасы яки сюжет Абай романында трагедиямен аяқталады. Уақыт теперішінен жапа шеккен кейіпкердің сюжеттік жолы тартысқа толы. Бірін бірі сүйсе де қосыла алмайтын Онегин-Татьяна арасын басқаша не деуге болады? Сюжет кейіпкерді жегідей жейтін философиясынан трагедиялық тығырыққа тіреледі. Бұл жерде Абай сюжеті қасірет-қайғыға соқпай қоймайтын әлемдік әдебиет дәстүріне сүйеніп отыр.
Эпистолярлық нұсқадағы Онегин тағдырындай тағдыр ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әлем әдебиетінде аз суреттелмеген. Гетенің “Жас Вертердің қасіреті” атты эпистолярлық романы мен қазақ ақынының бас кейіпкерлері тағдырлас, мұңдас. Онегин сықылды Вертер әуелден-ақ: “Я не вижу иного конца этим терзаниям, кроме могилы!” (Иоганн Вольфганг Гете. Собрание соч., в десяти томах. Том 6. М., “Художественная литература”. С. 47) дейді. Пушкин романындағы Онегин Татьянаға жазған хатында күйдім-жандыммен тынады. Өлем деп айтпайды. Соңғы кездесулерінде Татьянаның бет қайтарар сөзін есіткен соң ләм демей төбеден ұрғандай қалшиып тұрып қалады. Ал, Абайдың Онегині “Сен бетіңді әрі бұрсаң... Біздің орын – қара жер” дейтін Вертер секілді тағдырына мойынсұна береді.
Вертер “А мы от своей образованности потеряли образ человеческий!”(Гете. Том. 6., С.66) – деп күйінеді. Абай Онегиннің өзін: “бұл заманның қашқыны” санайтыны, “тәтті дүние көңілінен кеткендігі” (Абай. 2 том. 44-45 бб.) – өмір сүріп отырған қоғамға Вертер репеттес наразы.
Қазақ эпистолярлық романының “Вертерден” елеулі өзгешеліктері де бар. Әсіресе, жанрлық Һәм сөйлеу тәсілі жағынан. Ақын Гете шығармасында прозаға жүгінген. Тағы бір айырмасы – “Вертер” түгелімен бас қаһарманның қолымен (“Баспагерден” деген бөлімді есептемегенде) жазылған хаттан тұрады. Сол себепті бір жағы лирикалық, екінші жағы монологтік нысандағы туынды. Бұл жөнінде В.Вильмондтың “Вертерге” берілген түсініктемеде айтқан пікіріне толық қосылуға болады.
“...В то время, как в романах Ричардсона, Руссо... общая повествовательная нить плетется целым рядом корреспондентов и письмо одного персонажа продолжает письмо другого, в “Вертере” все написано одной рукою, рукою заглавного героя (за вычетом приписки издателя). Это сообщает роману сугубую лиричность и монологичность”. (Сонда. 465 б).
Абай романында бас кейіпкер екі түрлі тәсілде бейнеленген. Басында характері автор тарапынан сарапталады (“Онегиннің сипаты”). Ал, Онегин мен Татьянаның ішкі өмір-тірлігі олардың өздерін сөйлету тәсілі арқылы бейнеленген. Бұл жағынан “Вертерге” ұқсас болғанымен, өзгешелігі көбірек.
Татьяна мен Онегиннің хат алмасуы жан дүниеден жалындап шыққан сөзден тұрады. Жан сөзі өзіне емес, өзгеге арналады. Ішкі лирикалық тебіреністер кейіпкерлердің бір-біріне қаратып айтқан ғашықтық сөздерінен, өкпе-назынан туындайды. Гетенің эпистолярлық романы бүтіндей бас кейіпкердің монологына құрылған. Вертердің хаттарынан белгілі болатыны, Лотта екеуі жиі жолығысып тұрады. Лоттаның сол кездесулердегі сезім-күйлері монолог сипатында әрі эпостық мәнерде жазылған хаттарда суреттелген. Екі жастың қол алысқанын, бір біріне қалай қарағанын, қай жерде қалай кездескендерін бипаздап әңгімелеуге, шегініс жасап, оқиғаны тежеп, енді не болар екен дегізіп ынтықтыруға прозаның жаны құмар. Ал, лирика табиғаты бәрін түгендеп, тәптіштеп суреттеуді оншама көтере бермейді. Қазақ нұсқасындағы Онегин байғұс сүйгенін бір көруге зар.
Қазақ эпистолярлық романында образдылық ағыстан гөрі лирикалық ағыс басым. Онегиннің хаттарынан Татьянаның бет әлпетін анық айырып “көре” алмаймыз. Хат Татьянаға жазылып отыр. Бірақ қыздың портреті тым сараң, жалпылама шыққан. “Гауһарым”, “Піскен алма”, “ақ жүрек”, “ақ жүзің” деген ауыстыруларды есепке алғанның өзінде де, образдың нақтылы келбеті бұлдыр. Олай болуының өз себебі бар. Поэзия үшін “алтын иек, сары ала қыз” (Абай осылай мұқататын еді ғой) кескінін тәптіштеп түгендеп жатудың қажеті шамалы. Сүйген жүрек сырын ағыту ғашық образын жасауға әлдеқайда тиімді. Абай сол ежелгі поэзиялық заңды мүлтіксіз басшылыққа алған. Онегиндей кеудесіне нан піскен кісіге “Михрабым сен, бас ұрамын” дегізген сөзінің өзі ғашық әйелдің қандай екенін жүрек көзімен көріп ынтығуға жетіп жатыр. “Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы” деген бет пішіні ғана сұлу қыздан гөрі “Көзімнің қарасы” деген ішкі монологта, жан түкпіріндегі ең аяулы, ең сүйкімді сезімдерге тіл бітірген қыздың көркі әлдеқайда қымбат көрінетін сияқты.
Романдық лирикалық ағынның және бір ерекшелігіне бақсақ, хатпен жазылған туындыда ескі эпосқа тән бірсыпыра белгілер байқалмайды. Кейіпкерлердің іс-әрекеті, ғашықтық хикаялары Ләйлі-Мәжнүн дастанындағыдай жырланбайды. “Біле ме біздің қазақ ғашық жайын, Ұқсаңыз білгенімше сипаттайын”-ға (Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалар. Алматы. “Жазушы”. 1988. 349 б.) жатпайды. Эпистолярлық роман өлеңмен жазылса да, бұл машықты сөз оған үйлеспейтіндей. Онегин мен Татьянаның көңіл күйлері жырланбайды (не воспевается). Қыз бен жігіттің шері, жалындап сүйген жүректері өздері жыр ағытып, нөсердейін құйылып тұр. Олар есіліп майысқан мұңды-шерлі көңіл күйлерін “өздері” шертіп бейнелейді.
Абайдың лирикалық романының драмалық тектілікке де қатысы бар. Өмірден баз кешкен Онегиннің аяқ астынан ескі жараны білтелеп, ескі сертінен тайып өзгеруі, тірі адам қалыбына еніп, бойына қан жүгіріп, алас ұруы, жан айқайына көшуі лириканың драмалық әрекетшіл сюжетін қоюландырып мейлінше тартымды етіп тұр. Ғашық жүректің ауыр қасірет күй-жайы яки лирикалық ағын күші зор поэтикалық қуатпен тасқындайды.
Өлі бойға жан жүгірді,
Қайратым құрыш болды, нан.
Мұз жүрегім май сықылды
Еріп, от боп күйді жан. (Сонда. 44 б).
Жат жұрттық боп кеткен, бірақ әлі де сені сүйемін дейтін Татьянаға арнаған Онегиннің соңғы сөзінде лирикалық ағын драмалық қимыл-әрекетке ұласады.
Жарым жақсы киім киіп,
Келді жанға жылы тиіп.
Диуана болды бұл көңілім,
Басылмай бір құшып сүйіп.
Бойым тұр дал болып иіп,
Көңілім жүр құс болып шүйіп.
Есіркеп сүйгізіп еді,
Кетіппін жүз есе күйіп. (2 том. 54 б.)
Онегиннің қияли көңілінде ғашығы жақсы киім киіп келген. “Жақсы киім” нақтылы образға жатпаса да, кейіпкердің көңіл бұлтында екі жастың кездесуі әсері жағынан нағыз театр... Қазіргі тілмен айтқанда, виртуалды мизансцена. Ішкі күй-жайдың елесі. Ақтық көрінісі. Онегин есінен адасуға жақын. Шала-пұла сандырақтай бастаған. Тек өлім алқымынан алып шеңгелдегенде ғана көзін ашып жалған дүниеге бір сәт қайта оралғандай. Ақырғы демі таусыларда айтқаны: “Бір бұрмадың мойныңды”. Сүйгеніне өкпе-назы. Оған енді қайтып оралып түзеле алмаспын дейтін шағымын қосады. Эпистолярлық роман драмасының соңғы актісінде амалы құрыған бас қаһарман “Атам, анам қара жер, Сен аша бер қойныңды” (Сонда. 54 б.), – деп жарық дүниемен қоштасады. Сорлыны жалғыздықтың жегі құрты жей-жей қиып түседі.
Абайдың романында өлім тақырыбы жайдан-жай тумаған. Қазақ версиясындағы Онегин өмірден орын таба алмай жүр. Қоғам оған жон арқасын береді. Болашағы және жоқ. Жалғыздық – қоғамнан әртүрлі себептермен сырттаған адам дерті. Драматизмі, тартыстың әлегінен жол таба алмай құсаға ұшырауы. Оның әлеуметтік һәм моральдық астары бар. Жалғыздық коллизиясы Абай шығармаларынан үзілмеген тақырып. Өтемістен он едік дегендей, Абай да он ағайынды. “Сегіз аяғында” жалғыздық көрер жерім жоқ дей келе, “Моласындай бақсының Жалғыз қалдым — тап шыным!” (1 том. 123 б.) деп кенет қайғыға салынады. Абай жалғыздыққа ұшырағанын “Сөзін ұғар елі жоқтығымен” түсіндіреді. Онегиннің қасіретті ахуалы – еш жерден орын таппай сергелдеңге ұшырауынан. Себебін өзіне теріс қарайтындардың жаулығынан деп біледі.
Абайдың эпистолярлық романында жалғыздық проблемасына байланысты айтқан ойлары қоғам мен адамның жарастығын көксейтін идеядан нәр алады. Қоғам адамға не адам қоғамға қас болса, жалғыздық ондайдың мойнын астынан келтіреді. Сыңарыңнан айырылу да жалғыздықтың бір парасы. Онегин осы екі түрлі жалғыздықтың екеуінің де уын ішкен адам. Сондықтан бұл Онегиннің – эпистолярлық романның бас кейіпкерінің жалған дүниені талақ етпесіне шарасы қалмаған. “Ғақлияның” отыз жетінші сөзінде Абай: “Жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында” (2 том. 183 б.) деп тегіннен тегін жазбаған. Бұл тезистің даналығы қазақтың және бір сұңғыласы – Сәкен Сейфуллиннің “Аққудың айрылуы” поэмасында поэтикалық анық ұсталықпен қуатталғаны мәлім.
Жалғыздық Құдайға ғана жарасады. Адамға жұпсыз күн жоқ. Алла солай жаратқан. Татьянаның “Осы екен ғой – сол” дейтіні іштей көп арман еткен сыңарын тапқаны. Махаббат дегеніміз Алланың жалғыздықтан құтқаратын сыйы. Сол сыйдың рахатына бөлену үшін адам не істемейді. Татьянадай он екіде бір гүлі ашылмаған ару шарасыздыққа ұшырап беттің арын белбеуге түйгендей болады.
Амал жоқ – қайттім білдірмей,
Япырмау, қайтіп айтамын?
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.
Татьянаның Онегинге жазған хатының алғашқы шумағы. Бір ғана шумақтың аясына романдық, психологиялық реуішті қаншама динамика, өзгерім сыйып кеткен. Татьянаның ішкі образы лирика толқынында қайың қабығындай қалқиды. Түрлі еңісті-дөңесті күйге түседі. Шумақтың төрт жолы ішінде қыз төрт рет құбылады. Және күрт құбылысының бәрін – көркем шындықтың көкесіндей қабыл аласың.
Шумақтың алғашқы екі жолынан көз алдыңда бетінен моншағы үзіліп тұрған қыз бейнесі көлбейді. Ұялшақ, ұяң бұрымдыға жаның ашиды. Бірақ сол байғұсың шумақтың соңғы екі жолында кілт өзгеріп шыға келеді. Махаббаттай жеңілуді білмейтін күштен қуат алып, тәуекелге бел байлайды. Бар жүкті нәп-нәзік иығымен көтермекке ниет еткен Татьяна қайратына сенесің, шешімді мінезіне сүйсінесің.
Лирикалық тебіреніс – жас жүректің толқыны. Онегин жауабында қыз хатының әсерін солай бағалайды. Таңғажайып хаттың әдептілігін, шыншылдығын атап та өтеді. Татьяна “мен сені сүйемінді” баттитып төбеден түскендей етіп айтпайды. Сүйетінін “Болмасам ашына мен сізге, Түспес ем мұндай бейнетке” деп орағытып айтады. Бірақ жігіттің құлазыған көңілі бастапқыда қыздың “ием – сенсің өлгенше” деген антына мән бермейді. Абай “Жарқ етпес қара көңілім не қылса да” өлеңінде “Шыдайды риза болып жар ісіне, Қорлық пен мазағына табынса да” (Абай. 1 том. 143 б.) — дейтін махаббат гимнін осы Татьяна сықылды сорлы асықтарға қаратып айтқан ба дерсің. Кейін ашыналық айту кезегі өзіне тиетінінен тәкаппар Онегин қайдан білсін.
Татьяна сөзі – оның өзінің ішкі портреті. Психологиялық күрделі, шиелі қатынастардан қаланады. Махаббатына тойтарыс алған балаң, шешімді де кесімді Татьяна жылдар өте келе өзгереді. Онегинді бұрынғысындай сүйгенімен, енді от-жалынды сезім ырқына көне бермейді. Көңілін салқын саналыққа билетеді. Бұрынғы бас иіп табынған кісісін мақтамен бауыздағандай етеді. Екеуін де жапа шектірген астамшылық екенін аяса да бетіне басады.
Татьяна бейнесін қол жетпес биікке көтеретін мінез – ғашығына кінә артпай, наз арта отырып, екеуінің қосыла алмауының ақиқат себептеріне үңіле білетін қасиеті. Қоғам кінәратын түсініп жеткендігі. Онегин жұртынан қамшы жеп, бар тірліктен баз кешкен. Дүние жалғанды талақ еткен. Тоң-мұз жүрегін ғашықтық оты да бастапқыда жібіте алмаған. Өзінінің де сорлы нәсібі неде екенін түсінеді. Осы жерде Татьяна тағы бір үздік қасиетімен көзге шалынады. Ол – биік ар-инабат иесі. Жеке басының кіршіксіздігін, өзін жат қораның тақтасында жатқандай сезінсе де, қол-аяғы бекілген босағаға адалдығын бәрінен жоғары қояды.
“Евгений Онегин” романында Онегиннің Татьянаға жазған хатында және Татьянаның Онегинге жауабында екі ғашықтың жұптаспауы жеке бастарының ебеп-себебімен түсіндірілген. Жігіт жеке басымның бостан болуын аңсап едім, оным қате екен деп опынады. Татьяна бар кінәні Онегиннің өркөкіректігіне артады. Енді тағдырым шешіліп қойғанда, менің соңыма түскеніңізге жол болсын дейді. Сізді сүйемін. Бірақ бөтен кісінің жары болдым. Жар борышынан айныман, деп жігітін соститып жалғыз қалдырады.
Эпистолярлық романда екі ғашықтың қосыла алмауларының түп себебі, қайталаса артықтығы жоқ, қоғам мен адамның бір-біріне өгейлігінде. Оның арты “жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі, тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өледіге” әкеп соғады. Зардабы адам байғұсқа тиеді. Оны жалғыздық тауқыметіне ұшыратады. Хакім Абайды аз толғандырмаған ғұмырнама пәлсапасы. “Абай это рассуждение о жизни и смерти, вот что такое Абай” (Николай Анастасьев. Небо в чашечке цветка. Алматы. Өлке. 2004. 14 б.) деушілердің пікірін қуаттайды.
Тағы да бір себеп төркіні — бас кейіпкер Онегиннің характерінде. Адамзатқа жер ортақ, су ортақ. Бәрі бір күн шұғыласында өседі. Бірақ әр перзент дара жатында жаратылмақ. Сол заңдылық көркем шығармаға да тән. Эпистолярлық романның көркемдік төлтумалық бітімі қаһарман характерінен туындайды. Характер – сюжет моторы. Кейіпкерлердің ара қатынасын өрістететін қозғаушы күш. Абай Онегині: айттым – болды, піштім – кесілді дейтін шешімінде қатып қалатын тұлға. Татьянаға турасын айтады. Адам бір өзінен басқа дос таппаса, өлген артық, бетіңді әрі бұрсаң, “шықты көзім, болдым көр” (Абай. 2 том. 45 б.) – дейді. Сол сөзінде тұрады. “Онегиннің өлердегі сөзін” айтқызушы – эпистолярлық романның бас кейіпкерінің қайсар характері.
Бар басылымдарда эпистолярлық романның ақырғы бөлімі – “Онегиннің өлердегі сөзі” тақырыбының қосалқы анықтамасы жақшаға алынған (“А.С.Пушкиннен)” деген сөзден тұрады. Бірақ Пушкинде ондай сөз жоқ және болуы да мүмкін емес. Пушкиннің Онегині – басқа характер. Бұл да мінезді бейне. “Я знаю: в вашем сердце есть И гордость, и прямая честь” (А.С.Пушкин. Соч., в трех томах. Том 3. Госиздат художественной литературы. М., 1964. С. 158), – дейді Татьяна сүйгенімен мәңгі қоштасар мезетте. Бірақ бұл Онегин реализмнің басқа шәрбетінен суарылған. Жар құша алмадым деп, Вертер я Қайыс сияқты “мәжнүнше” мүжілмейді. Романның Пушкин жазып бітіріп үлгірмеген оныншы тарауында ол декабристер қозғалысына қатысуға тиісті. Әлі жігер-қайраты кеміп таусыла қоймаған, бар өмірі – алда.
1937 жылғы мақаласында Мұхтар Әуезов Абайды Онегин образын түсінбеді деп сынайды. “Егер терең бойлап, Онегин образының логикасын түсініп, тамыр-түбін абайласа, аударманың аяғында оған мылтық ұсынып “енді өзіңді өзің өлтіруің-ақ қалды” деп дәмеленбес еді” (Мұхтар Әуезов. Жиырма томдық. 17-том. Алматы. “Жазушы”. 64 б.) – деп жазады. Абайдың бір қателескен жері, бірінші тарауда берілген сыпаттаманы ескермеген, дейді. Ескермегені рас. Оны бас абайтанушымыз дәл басып айтқан. Тек ол Абайдың “қателескен жері” емес, Онегин характерін өзінше алып бейнелеген ең табысты тұсы. Мұхтар Әуезовтің “эпистолярлық роман” деген анықтамасы тіліне сол кезде іліксе, бұл сынының орынсыздығын бас абайтанушының өзі де аңғарар еді.
“Татьянаның қырдағы әні” “Абай жолы” роман-эпопеясының кейінгі басылымдарында “Биікте” деп аталды. Татьянаның мұңына Пушкиннің өзінен кем соқпайтын тіл бітірген Абай, айтты-айтпады, эпистолярлық романында шығармагерлік шыңына көтерілген еді. Иә, Абайдың эпистолярлық романы замандастарының көңілінінің төрінен орын тапты.
“— Қайран Татьяна, қазақ қызынан да мұңдасыңды таптың ба! Талай шыншыл жасқа тіл бітірер-ау! – деген еді Ысқақ”. (Мұхтар Әуезов. Шығармаларының елу томдық жинағы. 23-том. 2005. 439 б.).
Шыншыл жасқа тіл бітірген, әрине, авторы. Абай хат түрінде жазылған шығармасымен күллі әдебиетімізді жанрлық жаңа өріске шығарды. Әдебиетімізде роман шымылдығын ашты. Сайып келгенде: дүние жалған, тағдыр тәлкегі тақырыбын қаузау арқылы өлең-хаттың эпикалық тынысын тереңдетті; махаббат драмасын лирикамен астастырды; ұлттық-поэтикалық соны дәстүрге жол салды. Қазақ өлең шығармасын роман етіп сөйлетіп, жаңа жанр тілін сындырды, стилін қалыптастырды; адамның ішкі өмірін, жан сырын жыр етіп төкті; психологиялық талдау өнерін бастады; ақжолтай болып, қазақ топырағында роман бәйшешектерін қаулатты.
Қазақтың “Бақытсыз Жамал” (1910), “Қалың мал” (1913), “Қамар сұлу” (1914) секілді алғашқы романдарының бас тақырыбы – тұрмыстық тақырып: әйелдің бас бостандығы. Жамал, Ғайша, Қамар арулар әрқайсысы дара туса да, Татьянамен мұңдас, армандас еді.
Поэзия көшінің тең-тең мүлкін шешкенде де айтулы шығарма әдебиетіміздегі өлең-роман жанрының алдында тұрғанын байқамауға болмайды. Мағжан Жұмабаевтың “Батыр Баяны” (1923) поэма аталады. Шын мәнінде ол – жаңа эпос. Роман жанрының бар қасиеті бойынан табылады, әсіресе психологизмі, суреткерлігі.
Дихан Әбілевтің “Алтай жүрегі” (1955), Софы Сматаевтың “Жарылғап батыр” (2000) сияқты өлеңмен жазылған романдары – ел өмірінің қиын-қыстау кезеңдеріндегі тарихи оқиғаларды, кешегі шындықты айнытпай жеткізетін арнасы құнарлы шығармалар. “Алтай жүрегін” Мұхтар Әуезов “мәйегі тоқ” роман деп әділ бағасын беру үстінде, кемшілігін қайсы эпизодтардың созалаңдау, жасандылау, қайсыбір оқиғалардың себептері нанымсыздау жағынан көрген. Сөз суреттілігіндегі алақол міні де байқалмай қалмаған. (Сонда. 19 том. 290 б.). Софының “Жарылғап батыры” да лайықты (Қазақ әдебиетінің тарихы. Тәуелсіздік кезеңі. (1991-2001 жылдар). Алматы. “Қазақпарат” 2006. 90-99 бб.) бағасын алып үлгерді.
“Онегин – Татьяна” романы күні бүгін жазылғандай толқытады, баурайды. Әдеби процестің қай кезеңінде де оның әсері ерекше. Әзілхан Нұршайықовтың бір романы “Махаббат, қызық мол жылдар” (1970) деп аталып, Абай өлеңінің жолын қайталаған. Ал, осы романның Меңтай мен Ерболдай кейіпкерлері тағдыры жағынан Татьяна мен Онегинге ұқсайды. “Тәңірі қосқан жар едің сен, Жар ете алмай кетіп ең” дейтін Татьянаның өкінішті зарын қайталайтындай. Тағы да бір қазақ романында Гете мен Абай екі жастың махаббат отын маздатуға себепкер. Осының бәрі кездейсоқ үндестікке жатпаса керек.
Абайдың эпистолярлық романының жарияланғанына енді бір-екі жылда ғасыр толады. Ғасыр бойы ол жан жадырататын, рух демдейтін құдіретті поэзиясына бөлеп келеді.
Абай Құнанбаевтың педагогикалық көзқарасы.
(1845-1904)
Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы классик ақыны, ағартушы демократы, ұлтымыздың рухани мақтанышы. Абай өз ауылында арабша хат танығаннан кейін, он жасында Семей қаласындағы Ахмет Ризаның медресесінде 3 жыл оқиды. Оқуға зерек, ұғымтал Абай діни сабақтармен қоса өз бетінше араб, парсы тілдерін үйреніп, шығыс классиктері: Низами, Сағди, Хафиз, Науан, Физули еңбектерімен танысып, тағылым алады.
Абай ақыл-ой санасы толысқан шағында ел билеу ісінен аулақтанып, ақындық өнер жолына түседі. Өз бетінше шығыс, батыс, орыс елдері ақындарының, ойшыл оқымыстыларының еңбектерін оқып, білімін толықтырады. 1870 жылдарда Петербургтен айдалып келген революционер Михаэлиспен танысып, дос болады. Михаэлис Петербург университетінің студенті, Чернышевскийдің жолын қуушы, демократ-революционер еді. Михаэлис арқылы Абай айдаудағы орыс демократтары: доктор Долгополовпен, табиғат зерттеушісі, тарихшы Леонтьевпен танысады. Солар арқылы ол орыстың белгілі ақын-жазушылары: Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Шедрин, Некрасов; сыншыл, ойшыл-демократтары Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов; Батыс Еуропа ақындарымен: Гёте, Байрон, философ ойшылдарынан: Спенсор, Спиноза, Дарвин, т.б. еңбектерімен танысып, тәлім-тәрбие алады.
-----------------------------------------------------------------
1Уәлиханов Ш. Таңдамалы шығармалары. Алма-Ата, 1958, 100-бет.
Абай өзінің өлең-жырларында ел ішіндегі ұрлық, зорлықты, алтыбақан алауыздықты, күштілікті, жатып ішер жалқаулықты өлтіре сынап, жастарды адал еңбекке, отырықшылыққа, егіншілікке, өнер-білімге шақырады.
Шығыс пен Батыс классиктерінің ағартушылық ой-пікірлерінен мол нәр алған ұлы ақын бала тәрбиесі мәселелеріне де кеңінен тоқталып, өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде педагогикалық көзқарасын білдіреді. Адам мінезіндегі орынсыз мақтан, ойсыздық, салғырттық, күншілдік, көрсеқызарлық сияқты жаман әдеттердің ақыл мен ойды тоздыратынын айта келіп, естігенді есте сақтау, көргеннен үлгі-өнеге алу, жаман әдет-дағдыдан бойын аулақ ұстау, нәпсіні ақылға жеңдіру, ұстамды болу сияқты адамгершілік қасиеттерді насихаттайды. Егер есті кісінің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмысында бір, ең болмаса айында бір, өмірді қалай өткізгенің жайында өзіңнен өзің есеп ал,-дейді. Яғни, адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесінің маңызы мен мәніне ерекше тоқталады.
Абай сана-сезімді тәрбиелеудегі қоғамдық ортаның ролін материалистік тұрғыдан түсіндіре білді. Адамның жақсы-жаман болуы, ақылды-ақылсыз болуы генетикалық негізге байланысты, ақ сүйек тұқымынан шыққандар ақылды, батыр, алғыр болады деген буржуазиялық нәсілдік, идеалистік көзқарасқа қарама-қарсы. Абай адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге, ортаға байланысты екенін дәлелдеді. Өзінің отыз жетінші қара сөзінде: Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім,-деді.
Абайдың поэтикалық шығармалары мен қара сөздері пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық ой-пікірлерге толы. Абай түсінігінше, табиғат біздің санамыздан тыс және бізге тәуелсіз өмір сүреді. Біздің түйсігіміз бен қабылдауымыз, түсінігіміз айналадағы ақиқат шындық өмірдің сәулесі ғана.
Абай түсінігінше, табиғат біздің санамыздан тыс және бізге тәуелсіз өмір сүреді. Адам баласы көзімен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрнымен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады,-дейді Абай. Адам баласы анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар – тәннің құмарлығы. Екіншісі – білсем екен деу- жан құмарлығы (жетінші сөз) деп ой түйіндей келе, адам бойына жан құмарлығы арқылы жиналатын нәрсенің аты ақыл, ғылым... ол таланттылық пен ерінбей еңбек еткен адамның қолына түседі деген қорытынды жасайды.
Абайдың дүниенің дамуы жөніндегі көзқарасында диалектикалық сарын басым. Ол табиғат құбылыстарын өзара бір-бірімен байланыста, үнемі өзгерісте, дамуда болады, адамды қоршаған ортаның – табиғаттың ішкі сырын білім-ғылым арқылы білуге болады деп қарастырады.
Ұлы ағартушы өзінің көптеген шығармаларында қазақ халқының ауыр тұрмысын және надандығын мінеп-шенеді. Қара басының қамын ғана ойлайтын, яғни тән қажеттігін өтеуді ғана ескеріп, рухани қажеттілікті ойламайтын, біреуді алдап, біреуді арбап күн көрушілерге, өзінен күшті әкімдер алдында жағымпаздықпен көзге түсіп қалуға тырысушыларға Абай мейлінше қарсы болды. Ондағы мақсат халыққа адал қызмет ету деп ұқты:
Пайда ойлама, ар ойла
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта
Ерінбей оқып көруге, - деп жастарды білім-ғылымды меңгеруге шақырды.
Сол кездегі кейбір оқыған жастардың білімді шен алу, шекпен кию үшін пайдаланып, парақорлықпен алдап-арбаудың құралы етуге тырысқанына ызаланған Абай:
Ойында жоқ олардың
Салтыков пен Толстой
Я тілмаш, я адвокат.
Болсам деген бәрінде ой,- деп сөкті. Жастарға халық қамын ойлаған ақын-жазушылар мен ғалымдарды үлгі-өнеге етіп, білімдіден шыққан сөз талаптыға кез болса екен, -дейді. Тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімже деп ұққан Абай:
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған мақсат емес,
Өнердің бұдан өзге бәрі жалған.
Ел болу үшін қала салып, отырықшылықта болу керек, мектеп салып, оқу оқып, білім алу қажет, тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде ғана тұр деп жар салды. Өнер-білімсіз қоғамның пайдалы азаматы болудың мүмкін емес екендігін, терең түсінген ол: Барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет... өнер де, ғылымда орыста тұр. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті оны білгенге дүние арзанға түседі1,-деп озық мәдениетті орыс халқын өнеге етті.
Ақыл – ардың сақтаушысы деп қарап, адамгершілік мәселелерін жоғары бағалап, ар тазалығы үшін күресуді дәріптеген ұлы ағартушы –
Ынсап, ұят, ар-намыс, сабыр талап,
Бұларды керек қылмас ешкім қалап...
Терей ой, терең ғылым іздемейді
Өтірік пен өсекті жүндей сабап, - деп кейбір жастардың іс-әрекетін қатты сынға алады. Абай қазақ қоғамындағы жас ұрпақтарды тәрбиелеуге байланысты ойларын бірнеше өлеңдерінде (Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін т.б.) айқын білдіреді. Ол халықтың артта қалушылығын, надандығын мінеп, әдебиет пен ағарту халыққа қызмет етуі, жалқаулыққа, ымырашылдыққа қарсы күрес жүргізуі қажет екендігін көрсетеді, прогресшіл орыс мәдениетіне жақындай түсуді уағыздайды. Мұндай күрделі міндеттерді шешудің жолдарын іздестіре келе, Абай өзінің Қырқыншы сөзінде жалпыға бірдей білім беру талабын ұсынып, қыздар да оқып, білім алу керек деп есептейді.
Ұлы ағартушы өз айналасын қоршаған әділетсіздік қазақ халқын аздырып бара жатқанын, жас ұрпақты тәрбиелеуге теріс ықпалын тигізетіндігін байқап, халықты, әсіресе, жастарды, адамгершілікке тәрбиелеуге ерекше көңіл аударды.
Ал жастар бойына дарытуға тиісті жоғары адамгершілік қасиеттер ретінде туған елге деген сүйіспеншілік пен ерлік, табандылық пен адалдық, парасаттылық пен сыпайылық, адамдарға қайырымдылықпен қарау, еңбек сүйгіштік, жарқын өмірге ұмтылушылық т.б. атап айтты. 1886 жылғы бір өлеңінде ақын:
Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,
Шошимын кейінгі жас балалардан.
Терін сатпай, телміріп көзін сатып,
Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман,- деп өз кезіндегі жастардың осындай жағымсыз мінездері н қатаң сынға алды. Абай уақытын еңбексіз бос өткізетіндерді, еріншектерді, өсекшілдерді, адамгершілік қасиетке ұмтылмайтындарды мейлінше жек көрді. Ондайлар туралы:
Осындай сыйдаң жігіт елде мол-ақ,
Бәрі де шаруаға келеді олақ.
Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,
Бар өнері – қу борбай – сымпыс шолақ-деп, күйзеле жазады ұлы ақын.
Гуманист – ақын Абайдың ХІХ ғ.орта шенінде халқымыздың бойындағы жағымсыз қасиеттерді қатты сынға ала отырып, айтқан ойларының, көтерген өзекті мәселелерінің бүгін де маңызды, күн тәртібінен түспей отырғандығын атап өткіміз келеді. Абайдың айтқан ойлары бүгінгі Мақатаев сияқты ақындарымыздың ойларымен үндесіп жатыр.
Табиғатты айтсын мейлі, махабатты айтсын, адамның ары мен арманын айтсын, жан түршіген міні мен арамза мінез-қылығын айтсын, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали ағынан жарылып айтады, әрбір өлең жолынан ақынның жүрек лүпілін естіп, жан айнасын көреміз, адам бойында әлі де арылып болмаған сұмдық пен сараңдылықтан жериміз, жамандықтан түршіге түңілеміз. Сондықтан да ол:
Мамсапқорлардың қасынан
Шықпайтындарға ашынам !
Жалданып өскен жасынан
Жағымпаздарға ашынам !
Өзіңе ғана бас ұрам,
Сенесің бе, Отан осыған !?
Алаяқтарға ашынам !
Ашынам-дағы тасынам
Құнымды несін жасырам, - деп адам бойындағы жағымсыз мінез құлықты ашына сынға алды. Мұқағали айтқандай, осы жағымсыз қылықтар да бүгін де арамызда бой көрсетіп қалады.
Сол кезде Абайдың көтерген мәселелері бүгін де маңызды, өзектілігін ерекше айта кеткен жөн.
Абай тарихқа ең алдымен кемеңгер ойшыл ақын, ағартушы ретінде енді. Абай өлеңдері мен қара сөздерінің тәрбиелік-тәлімдік мәні зор, идеялық деңгейі жоғары болып келеді.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқты-барды, ертегіні термек үшін,
- деп ақынның өзі айтқандай оның өлеңдерінің әлеуметтік, этикалық мәні мейлінше терең. Ең алдымен ол өз халқына өлеңдері, қара сөздері арқылы ұдайы ой салды, оның көкірегін оятып, оны надандықтан, жаман қылықтардан сақтандырды, мәдениетті болуға, прогреске шақырды.
Абай өзінің өлеңдерінің бәрінде:
Қалың елім қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың,
Жақсы мен жаманды айырмадың
Бірі қан, бірі май боп енді еккі ұртың – деген сөздері дәлел бола алады. Бұл өлеңде Абай ашынып, халықтың жанына тие айтады. Сондай-ақ, Абай бос даурығуға, бекер сал шашуға, өтірік, өсек айтуға, жалқаулыққа қарсы шықты. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз, - дей келіп, Абай Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз, Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс, көнсеңіз, - деген өсиет айтты.
Абай өнер-білім алуға шақырды, өмірде өз орныңды тап, пайдалы әрекет жаса, дейді. Сен де – бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та, бар қалан! деген сөздер соның айғағы. Қазақ елінде ойын-сауыққа көп әуестеніп, бір үйден бір үйге, бір ауылдан бір ауылға селтеңдеп, қыдырып жүретін келеңсіз әдет селтеңдеп, қыдырып жүретін келеңсіз әдет барын ашына ескертіп, одан аулақ болуды арман етті.
Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын, - деп жағымсыз қасиеттерден жастарды жирендіреді.
Ол А.С.Пушкин мен М.Ю.Лермонтовты ұстаз тұтты, олардың өлеңдерін, И.А.Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударды. Мәселен, Татьянаның хатын, Онегиннің хатын аударып қана қойған жоқ, оған ән де шығарды.
1840 жылы М.Ю.Лермонтов Гетенің Жолаушының түнгі әні деген өлеңін Горные вершины спят во тьме ночной деген атпен аударған болатын. Гетенің бұл өлеңі көптеген ақындарға, композиторларға әсер етті. Ол Абайдың да жүрегіне ұялады. Қараңғы түнде тау қалғып, ұйқыға кетер маужырап деп аударды. Сонымен қатар, Абай шығыс мәдениетінен де нәр алды. Фирдоуси, Науан, Низами, Хафиз, Сағди шығармаларына еліктеді.
1995 жылы бүкіл еліміз Абайдың 150 жылдық мерекесін ЮНЕСКО шешімі бойынша әлем болып тойлады. Ұлтымыздың рухани мақтанышы, ұлы гуманист, ақын-ағартушы Абайдың ғылыми-педагогикалық мұрасының зерттелу жайы туралы және Қазақстанда төңкеріске дейінгі педагогикалық ой-пікірдің даму тарихында алатын орны туралы айтқанымызда ұлы ғұлама ойшылдың педагогикалық мұрасын алғашқы зерттеушілер, педагогика тарихы саласындағы көрнекті қазақстандық ғалымдар, педагогика ғылымдарының докторлары, профессорлар Т.Т.Тәжібаев, Қ.Б.Бержанов, Ә.У.Сембаев, Қ.Б.Жарықбаев, С.Қ.Қалиев және т.б. ғалымдардың еңбектерін ерекше атап өткен жөн.
Ұлы гуманист-ақынның педагогикалық, тағылымдық мұраларының мәні мен маңызы бүгінгі таңда да өміршең, өзекті екендігін дәлелдейді.
ХХ ғасырдың басында бір кезде Шоқан, Ыбырай, Абай көтерген ағартушылық қозғалыстың туын Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтар жалғастырды.
Абай Құнанбаевтың педагогикалық көзқарасы.
(1845-1904)
Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы классик ақыны, ағартушы демократы, ұлтымыздың рухани мақтанышы. Абай өз ауылында арабша хат танығаннан кейін, он жасында Семей қаласындағы Ахмет Ризаның медресесінде 3 жыл оқиды. Оқуға зерек, ұғымтал Абай діни сабақтармен қоса өз бетінше араб, парсы тілдерін үйреніп, шығыс классиктері: Низами, Сағди, Хафиз, Науан, Физули еңбектерімен танысып, тағылым алады.
Абай ақыл-ой санасы толысқан шағында ел билеу ісінен аулақтанып, ақындық өнер жолына түседі. Өз бетінше шығыс, батыс, орыс елдері ақындарының, ойшыл оқымыстыларының еңбектерін оқып, білімін толықтырады. 1870 жылдарда Петербургтен айдалып келген революционер Михаэлиспен танысып, дос болады. Михаэлис Петербург университетінің студенті, Чернышевскийдің жолын қуушы, демократ-революционер еді. Михаэлис арқылы Абай айдаудағы орыс демократтары: доктор Долгополовпен, табиғат зерттеушісі, тарихшы Леонтьевпен танысады. Солар арқылы ол орыстың белгілі ақын-жазушылары: Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Шедрин, Некрасов; сыншыл, ойшыл-демократтары Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов; Батыс Еуропа ақындарымен: Гёте, Байрон, философ ойшылдарынан: Спенсор, Спиноза, Дарвин, т.б. еңбектерімен танысып, тәлім-тәрбие алады.
-----------------------------------------------------------------
1Уәлиханов Ш. Таңдамалы шығармалары. Алма-Ата, 1958, 100-бет.
Абай өзінің өлең-жырларында ел ішіндегі ұрлық, зорлықты, алтыбақан алауыздықты, күштілікті, жатып ішер жалқаулықты өлтіре сынап, жастарды адал еңбекке, отырықшылыққа, егіншілікке, өнер-білімге шақырады.
Шығыс пен Батыс классиктерінің ағартушылық ой-пікірлерінен мол нәр алған ұлы ақын бала тәрбиесі мәселелеріне де кеңінен тоқталып, өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде педагогикалық көзқарасын білдіреді. Адам мінезіндегі орынсыз мақтан, ойсыздық, салғырттық, күншілдік, көрсеқызарлық сияқты жаман әдеттердің ақыл мен ойды тоздыратынын айта келіп, естігенді есте сақтау, көргеннен үлгі-өнеге алу, жаман әдет-дағдыдан бойын аулақ ұстау, нәпсіні ақылға жеңдіру, ұстамды болу сияқты адамгершілік қасиеттерді насихаттайды. Егер есті кісінің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмысында бір, ең болмаса айында бір, өмірді қалай өткізгенің жайында өзіңнен өзің есеп ал,-дейді. Яғни, адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесінің маңызы мен мәніне ерекше тоқталады.
Абай сана-сезімді тәрбиелеудегі қоғамдық ортаның ролін материалистік тұрғыдан түсіндіре білді. Адамның жақсы-жаман болуы, ақылды-ақылсыз болуы генетикалық негізге байланысты, ақ сүйек тұқымынан шыққандар ақылды, батыр, алғыр болады деген буржуазиялық нәсілдік, идеалистік көзқарасқа қарама-қарсы. Абай адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге, ортаға байланысты екенін дәлелдеді. Өзінің отыз жетінші қара сөзінде: Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім,-деді.
Абайдың поэтикалық шығармалары мен қара сөздері пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық ой-пікірлерге толы. Абай түсінігінше, табиғат біздің санамыздан тыс және бізге тәуелсіз өмір сүреді. Біздің түйсігіміз бен қабылдауымыз, түсінігіміз айналадағы ақиқат шындық өмірдің сәулесі ғана.
Абай түсінігінше, табиғат біздің санамыздан тыс және бізге тәуелсіз өмір сүреді. Адам баласы көзімен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрнымен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады,-дейді Абай. Адам баласы анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар – тәннің құмарлығы. Екіншісі – білсем екен деу- жан құмарлығы (жетінші сөз) деп ой түйіндей келе, адам бойына жан құмарлығы арқылы жиналатын нәрсенің аты ақыл, ғылым... ол таланттылық пен ерінбей еңбек еткен адамның қолына түседі деген қорытынды жасайды.
Абайдың дүниенің дамуы жөніндегі көзқарасында диалектикалық сарын басым. Ол табиғат құбылыстарын өзара бір-бірімен байланыста, үнемі өзгерісте, дамуда болады, адамды қоршаған ортаның – табиғаттың ішкі сырын білім-ғылым арқылы білуге болады деп қарастырады.
Ұлы ағартушы өзінің көптеген шығармаларында қазақ халқының ауыр тұрмысын және надандығын мінеп-шенеді. Қара басының қамын ғана ойлайтын, яғни тән қажеттігін өтеуді ғана ескеріп, рухани қажеттілікті ойламайтын, біреуді алдап, біреуді арбап күн көрушілерге, өзінен күшті әкімдер алдында жағымпаздықпен көзге түсіп қалуға тырысушыларға Абай мейлінше қарсы болды. Ондағы мақсат халыққа адал қызмет ету деп ұқты:
Пайда ойлама, ар ойла
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта
Ерінбей оқып көруге, - деп жастарды білім-ғылымды меңгеруге шақырды.
Сол кездегі кейбір оқыған жастардың білімді шен алу, шекпен кию үшін пайдаланып, парақорлықпен алдап-арбаудың құралы етуге тырысқанына ызаланған Абай:
Ойында жоқ олардың
Салтыков пен Толстой
Я тілмаш, я адвокат.
Болсам деген бәрінде ой,- деп сөкті. Жастарға халық қамын ойлаған ақын-жазушылар мен ғалымдарды үлгі-өнеге етіп, білімдіден шыққан сөз талаптыға кез болса екен, -дейді. Тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімже деп ұққан Абай:
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған мақсат емес,
Өнердің бұдан өзге бәрі жалған.
Ел болу үшін қала салып, отырықшылықта болу керек, мектеп салып, оқу оқып, білім алу қажет, тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде ғана тұр деп жар салды. Өнер-білімсіз қоғамның пайдалы азаматы болудың мүмкін емес екендігін, терең түсінген ол: Барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет... өнер де, ғылымда орыста тұр. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті оны білгенге дүние арзанға түседі1,-деп озық мәдениетті орыс халқын өнеге етті.
Ақыл – ардың сақтаушысы деп қарап, адамгершілік мәселелерін жоғары бағалап, ар тазалығы үшін күресуді дәріптеген ұлы ағартушы –
Ынсап, ұят, ар-намыс, сабыр талап,
Бұларды керек қылмас ешкім қалап...
Терей ой, терең ғылым іздемейді
Өтірік пен өсекті жүндей сабап, - деп кейбір жастардың іс-әрекетін қатты сынға алады. Абай қазақ қоғамындағы жас ұрпақтарды тәрбиелеуге байланысты ойларын бірнеше өлеңдерінде (Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін т.б.) айқын білдіреді. Ол халықтың артта қалушылығын, надандығын мінеп, әдебиет пен ағарту халыққа қызмет етуі, жалқаулыққа, ымырашылдыққа қарсы күрес жүргізуі қажет екендігін көрсетеді, прогресшіл орыс мәдениетіне жақындай түсуді уағыздайды. Мұндай күрделі міндеттерді шешудің жолдарын іздестіре келе, Абай өзінің Қырқыншы сөзінде жалпыға бірдей білім беру талабын ұсынып, қыздар да оқып, білім алу керек деп есептейді.
Ұлы ағартушы өз айналасын қоршаған әділетсіздік қазақ халқын аздырып бара жатқанын, жас ұрпақты тәрбиелеуге теріс ықпалын тигізетіндігін байқап, халықты, әсіресе, жастарды, адамгершілікке тәрбиелеуге ерекше көңіл аударды.
Ал жастар бойына дарытуға тиісті жоғары адамгершілік қасиеттер ретінде туған елге деген сүйіспеншілік пен ерлік, табандылық пен адалдық, парасаттылық пен сыпайылық, адамдарға қайырымдылықпен қарау, еңбек сүйгіштік, жарқын өмірге ұмтылушылық т.б. атап айтты. 1886 жылғы бір өлеңінде ақын:
Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,
Шошимын кейінгі жас балалардан.
Терін сатпай, телміріп көзін сатып,
Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман,- деп өз кезіндегі жастардың осындай жағымсыз мінездері н қатаң сынға алды. Абай уақытын еңбексіз бос өткізетіндерді, еріншектерді, өсекшілдерді, адамгершілік қасиетке ұмтылмайтындарды мейлінше жек көрді. Ондайлар туралы:
Осындай сыйдаң жігіт елде мол-ақ,
Бәрі де шаруаға келеді олақ.
Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,
Бар өнері – қу борбай – сымпыс шолақ-деп, күйзеле жазады ұлы ақын.
Гуманист – ақын Абайдың ХІХ ғ.орта шенінде халқымыздың бойындағы жағымсыз қасиеттерді қатты сынға ала отырып, айтқан ойларының, көтерген өзекті мәселелерінің бүгін де маңызды, күн тәртібінен түспей отырғандығын атап өткіміз келеді. Абайдың айтқан ойлары бүгінгі Мақатаев сияқты ақындарымыздың ойларымен үндесіп жатыр.
Табиғатты айтсын мейлі, махабатты айтсын, адамның ары мен арманын айтсын, жан түршіген міні мен арамза мінез-қылығын айтсын, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали ағынан жарылып айтады, әрбір өлең жолынан ақынның жүрек лүпілін естіп, жан айнасын көреміз, адам бойында әлі де арылып болмаған сұмдық пен сараңдылықтан жериміз, жамандықтан түршіге түңілеміз. Сондықтан да ол:
Мамсапқорлардың қасынан
Шықпайтындарға ашынам !
Жалданып өскен жасынан
Жағымпаздарға ашынам !
Өзіңе ғана бас ұрам,
Сенесің бе, Отан осыған !?
Алаяқтарға ашынам !
Ашынам-дағы тасынам
Құнымды несін жасырам, - деп адам бойындағы жағымсыз мінез құлықты ашына сынға алды. Мұқағали айтқандай, осы жағымсыз қылықтар да бүгін де арамызда бой көрсетіп қалады.
Сол кезде Абайдың көтерген мәселелері бүгін де маңызды, өзектілігін ерекше айта кеткен жөн.
Абай тарихқа ең алдымен кемеңгер ойшыл ақын, ағартушы ретінде енді. Абай өлеңдері мен қара сөздерінің тәрбиелік-тәлімдік мәні зор, идеялық деңгейі жоғары болып келеді.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқты-барды, ертегіні термек үшін,
- деп ақынның өзі айтқандай оның өлеңдерінің әлеуметтік, этикалық мәні мейлінше терең. Ең алдымен ол өз халқына өлеңдері, қара сөздері арқылы ұдайы ой салды, оның көкірегін оятып, оны надандықтан, жаман қылықтардан сақтандырды, мәдениетті болуға, прогреске шақырды.
Абай өзінің өлеңдерінің бәрінде:
Қалың елім қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың,
Жақсы мен жаманды айырмадың
Бірі қан, бірі май боп енді еккі ұртың – деген сөздері дәлел бола алады. Бұл өлеңде Абай ашынып, халықтың жанына тие айтады. Сондай-ақ, Абай бос даурығуға, бекер сал шашуға, өтірік, өсек айтуға, жалқаулыққа қарсы шықты. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз, - дей келіп, Абай Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз, Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс, көнсеңіз, - деген өсиет айтты.
Абай өнер-білім алуға шақырды, өмірде өз орныңды тап, пайдалы әрекет жаса, дейді. Сен де – бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та, бар қалан! деген сөздер соның айғағы. Қазақ елінде ойын-сауыққа көп әуестеніп, бір үйден бір үйге, бір ауылдан бір ауылға селтеңдеп, қыдырып жүретін келеңсіз әдет селтеңдеп, қыдырып жүретін келеңсіз әдет барын ашына ескертіп, одан аулақ болуды арман етті.
Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын, - деп жағымсыз қасиеттерден жастарды жирендіреді.
Ол А.С.Пушкин мен М.Ю.Лермонтовты ұстаз тұтты, олардың өлеңдерін, И.А.Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударды. Мәселен, Татьянаның хатын, Онегиннің хатын аударып қана қойған жоқ, оған ән де шығарды.
1840 жылы М.Ю.Лермонтов Гетенің Жолаушының түнгі әні деген өлеңін Горные вершины спят во тьме ночной деген атпен аударған болатын. Гетенің бұл өлеңі көптеген ақындарға, композиторларға әсер етті. Ол Абайдың да жүрегіне ұялады. Қараңғы түнде тау қалғып, ұйқыға кетер маужырап деп аударды. Сонымен қатар, Абай шығыс мәдениетінен де нәр алды. Фирдоуси, Науан, Низами, Хафиз, Сағди шығармаларына еліктеді.
1995 жылы бүкіл еліміз Абайдың 150 жылдық мерекесін ЮНЕСКО шешімі бойынша әлем болып тойлады. Ұлтымыздың рухани мақтанышы, ұлы гуманист, ақын-ағартушы Абайдың ғылыми-педагогикалық мұрасының зерттелу жайы туралы және Қазақстанда төңкеріске дейінгі педагогикалық ой-пікірдің даму тарихында алатын орны туралы айтқанымызда ұлы ғұлама ойшылдың педагогикалық мұрасын алғашқы зерттеушілер, педагогика тарихы саласындағы көрнекті қазақстандық ғалымдар, педагогика ғылымдарының докторлары, профессорлар Т.Т.Тәжібаев, Қ.Б.Бержанов, Ә.У.Сембаев, Қ.Б.Жарықбаев, С.Қ.Қалиев және т.б. ғалымдардың еңбектерін ерекше атап өткен жөн.
Ұлы гуманист-ақынның педагогикалық, тағылымдық мұраларының мәні мен маңызы бүгінгі таңда да өміршең, өзекті екендігін дәлелдейді.
ХХ ғасырдың басында бір кезде Шоқан, Ыбырай, Абай көтерген ағартушылық қозғалыстың туын Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтар жалғастырды.
Әлемдік әдебиеттердің өзара байланысы, түрлі халықтардың көркем сөз өнерінің бір-біріне ықпал-әсерін зерттеу жан-жақты зерттей түсуді қажет етіп отырған көкейкесті мәселе болып отыр. Әсіресе, мұсылмандық Шығыс елдері классикалық поэзиясы мен қисса-хикаяттарының қазақ әдебиетіне жасаған ықпалы ерекше назар аударады. Соңғы жылдары бұл салада бірқатар зерттеулер жарық көрді. Олар: Ө.Күмісбаев, Ш.Сәтбаева, Б.Әбдіғазиев, Н.Келімбетов, [1] т.б. ғалымдардың осы мәселе жөніндегі зерттеулері. Алайда Шығыс әдебиетінің әсері арқылы қазақ көркем сөз өнерінде пайда болған нәзира дәстүрі күні бүгінге дейін кең көлемде, арнайы зерттеу объектісі болған емес десек артық айтқандық емес. Ал қазақтың өзіндік төл әдебиетінің қалыптасуына негіз болған қайнар бастаулардың бірі - Шығыстың классикалық поэзиясы екені мәлім. Шығыстың классикалық поэзиясы өзінің көп ғасырлық тарихы бар нәзира дәстүрі арқылы қазақ әдебиетін тақырып, мазмұн, форма, көріктеу құралдары, стиль және тілдік жағынан едәуір байытып, сөз өнеріне тың екпін, өзгеше ажар берді. Енді Шығыстың классикалық поэзиясындағы нәзира дәстүрінің тарихына тоқталсақ. Шығыс поэзиясында барша оқырман қауымға бұрыннан мәлім болған белгілі бір сюжетті бірнеше ақын өзара жарысып, шеберлік сынасып жырлай беретін болған. Осылайша аға буын жырлап кеткен тақырыпты кейінгі толқын інілер қайта жырлап, көркем әдебиетке тың туындылар әкелетін дәстүр бар. Шығыс поэзиясында осылайша ақындар бір-біріне өз шеберлігін танытатындай туындылар жазу арқылы жауап (жауап-арабша нәзира, ал парсы тілінде - татаббу деп аталады) беріп отырған. Шығыстың ұлы шайырлары мұндай туындыларды ешқашанда аударма деп те, еліктеу деп те танымаған.
Абай және Шығыс классиктерінің әдеби-творчестволық байланысын сөз еткенде нақтылы зерттеу нысанасына алынбай келе жатқан күрделі де өзекті тақырыптың бірі Абай шығармаларындағы Шығыстық белгілердің бір тармағы болған нәзирагөйлікке келіп тіреледі. Бұл жөнінде де алғаш рет абайтану тарихында, Мұхтар Әуезов зерттеулерінде ғана қолға алынып, пікір сабақталды. Ақындар нәзиргөйлікті өз жанына ұялап, ойына қозғау салған келелі мұрат - мақсаттарын уақыт талабына орай қайта жырлап берудің әдеби тәсілі ретінде пайдаланып отырған. Бұл әдіс ақын ойын, мақсат -мүддесін жырлауға икемді әрі өтімді болуы себепті, жалпы Шығыс поэзиясы тарихында ерекше орын алатын тұрақты дәстүрге тікелей байланысты туындап отырған.
Осы іспеттес әдеби құбылысты, қазақ әдебиеті тарихында Абай өз поэмалары мен аудармаларында нәзирагөйлік дәстүрді қолданып өзі ұстанған мораль философиясы негізінде творчестволық шеберлікпен жырлаған ақындық тәсілді М.Әуезов ерте сезініп, бұл туралы Абайтану саласында алғаш рет пікір білдірді [1, 30-31].
ХІХ ғасырда Қазақстанның Ресейге қосылу процесінің аяқталуымен қатар әр түрлі саяси-әлеуметтік жағдайларға орай қазақ елі ғасырлар бойғы томаға - тұйықтықтан арылып, Батыс пен Шығыстың рухани өмірімен қоян -қолтық араласа бастады. Бұл өзгерістердің сол кездегі қазақ халқының қоғамдық ой санасында белгілі дәрежеде орын теппеуі мүмкін емес еді. Әсіресе, бұл көріністер сол тұстағы ой-сананың көшбасшысы болған қазақ ақындарының шығармалары мен нәзирагөйлік дәстүр негізінде қайта жырланған әрқилы қисса- дастандардан, аударма әдебиеттен анық байқалады. Бірақ аударма өнері мен нәзирагөйлік дәстүрде жырланған туындыларға қазақ ақындарының творчесволық қарым-қатынасы, көбінесе олардың дүниетанымы мен талғамына, біліміне байланысты болғанын аңғарамыз. Алайда бұл әдеби процесте сол кезең көрінісін сыншылдықпен терең де жан-жақты қамтыған Абай мұрасының алар орны мен мән мағынасы бөлекше жатыр. Өйткені, Абай шығармаларының бар болмысын ғылыми тұрғыдан кең көлемде тану жалпы қазақ әдебиетінде орын алған әрқилы күрделі құбылыстардың сырын ашып, табиғатын тануда адастырмас бағыт бере алады. Осы себепті де Абай мұрасындағы нәзирагөйлік дәстүрдің орын алуы, дәстүрлік жалғастық табу сияқты белгілерін жан-жақты біліп, аңғармайынша, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің даму жолындағы кейбір ерекшеліктерді жете меңгерудің өзі қиын.
Осы тұрғыдан қарағанда нәзирагөйлік дәстүрі қазақ әдебиетіне ертерек енсе де, оны жаңа сапа, соны таныммен түрлендіре қолдануға Абай ерен еңбек сіңірген. М.Әуезов Абайға Шығыс классиктерінен енген белгінің бір саласы ретінде нәзирагөйлік дәстүрді сөз еткенде, осы дәстүрдің көрінісі, жалғасы ретінде ақынның үш поэмасына ерекше көңіл бөледі.
Жалпы Шығыс мәдениетін, оның ұлы классиктерін терең бойлай білу нәтижесінде 1934 жылдың өзінде-ақ, Абай мұрасының нәр алған қайнарлары жайлы ақын мұрасын зерттеушілер арасынан тұңғыш рет кең түрде пікір көтерілді. Ұлы ақын мұрасындағы үш қайнарның бір саласы оның шығармаларындағы шығыстық белгілер жайлы күрделі де қиын мәселені сол кезде-ақ зерттеуге көңіл бөлінді.
М.Әуезовтің баспасөзде жарияланған немесе ой жүгіртіп барлаған пікірі ретінде хатқа түсіп, өз архивінде сақталған Абай жайлы ұшан-теңіз деректеріне көз жіберсек, Абай шығармаларының шығыстық белгілерін зерттеуінде, өзінше танып пікір айтуында әр кезеңде әр қырынан келгендігі байқалады. Бұлай болуы заңды да. Өйткені М.Әуезовтің ақын шығармаларын меңгеру, көптеген сырын өзінше ашып, пікір қалыптастыру кезеңдеріне сай аталмыш мәселенің де іліктестік тауып отыратыны бар.
Алғаш рет ақын шығармаларындағы шығыстық белгілер туралы пікірлер 1924 - 1927 жылдар аралығында жазылған Абай өмірбаянында шет жағалап айтылған. Абайдың жастық шақтағы өлеңдері жайлы пікір көтергенде, шәкірт ақынның Шығыс классиктеріне еліктеп, жігіттік дәуірінде ақындық өнер жарыстыруға талап еткен ізденістерін жалпы мұсылман ғаламындағы көпке белгілі болған ірі ақындардың талайымен Абайдың ерте күнде танысып алғандығы даусыз деп Абайдың ақындық кітапханасының алғашқы нобайымен біршама дерек те тастағандай болады.
Абай шығармаларының жалпы Шығыс дүниесімен байланысы жастық шағынан басталып өмірінің соңына дейінгі аралыққа созылған желідей орын алып, әр кезеңде әр түрлі деңгейдің дәрежесінде көріну процесіне ғұлама ғалым ерекше ден қояды. Абайдың Шығыс классиктерімен ара қатынасын М.Әуезов өз зерттеулерінде екі кезеңге бөле қарайды. Бірінші кезең балаң ақынның таза еліктеу жылдары 1860-1865 жылдарды қамтыса, екінші кезең 1886 жылдан өмірінің соңына дейін созылған екі аралықтағы шын мәніндегі екшеу, меңгеру жолындағы шығармашылық процесті қамтиды. Алайда поэма жанрын Абай өз шығармашылығында баса назар аударған деп айта алмаймыз. Ол туралы М.Әуезов былай түсіндіреді: Тегінде, Абай поэма жазуды өзіне мақсат етпеген тәрізді. Әзірет Әлі айдаһарды жазғаным жоқ. Сарала қазды жырлағам жоқ - деп, бір кезек айтса, тағы бір уақытта ел шапқан батырды, қызықты қыздырмалап айтсам, қызығып тыңдар едің - деп оқушыны шеней түседі. Жай бос уақыт өткізетін қызшыл, қызықшыл, қысыр кеңесті құмарланып тыңдар едің - дейді. Ондай әңгімелі өлеңдерден Абай өзі ойлаған өсиеттік адамгершілік, терең тәлім-тәрбие туа қоймайтындай көретін. Өз басының ұзақ ақындық еңбегі бойында, Абай поэма жанрына анықтап зер салған жоқ. Тек кейін, тәрбиесінен шыққан шәкірт ақындарына ғана әр алуан тақырыптар беріп, анық поэма дерлік күрделі сюжеті бар шығармаларды соларға жазғызды... Өзі көп дәстүрлерін қабылдаған орыс классиктері: Пушкин, Лермонтовтың не Байрон сияқты Европа классигінің анық үлкен поэма жазудағы өрнектеріне Абай бой ұрмады. Олардың поэмалары кең өмірді мол қамтитын кейде роман, поэма, кейде қалың оқиғалы, шытырман шебер тартысы бар романтикалық поэма боп, көркем, шебер қалыптанса да, Абай сол жанрға қызықпайды [2, 144-145]. Абайдың поэма жанрын жасауға шындап кіріспегенін М.Әуезов осылайша терең талдап көрсетеді. Әрине, Абайдың поэманы мақсат етпеуінде, оған анықтап зер салмауында, қызықпауында жеке адамның ықылас-ниетіне байланысты ештеңе де жоқ болатын. Данышпан ақын оқушысының жалпы дәрежесі мен талап-тілегіне лайық, қонымды және әдебиеттің өсу сатысына сәйкес шығарма жасау барысында лирика жанрынан өзге ұтымды да әсерлі жанрлық түрді дәл сол тұста қажет деп ойламайды. Сондықтан да тікелей қазақ өмірі жайында бірде-бір поэма жазбады. Поэмаға лайық жүгі бар шығармаларын лирикалық, сатиралық өлеңдердің шеңберіне сыйғызып тамамдады.
Бұл айтылғандардан, әрине, Абай поэма жанрында мүлдем қалам тартпады деген ұғым тумау керек. Ол өмірінің кейінгі тұсында қазақ қауымына сырттан келген аңыздар негізінде Ескендір, Масғұт, Әзім атты поэмаларын жазды. Ақынның поэмаға арқау боларлық оқиғаларды шығыс әдебиетінен іздеу себебін М.Әуезов сөзімен Әнуар Дербісәлин былай түсіндіреді: Шығыстан келген аңыз, мағыналы мазмұны бар легенда немесе притча, ақынның өз ойын баяндауда керекке жаратылған творчестволық материал ғана болып отыр. Абайды поэманың оқиғалары қызықтырып жетелемейді. Оқиғаларды, адамдарды барлық мінез, істерімен, сөздерімен Абай өзінің дағдылы идеясына қарай пайдаланды [3, 117]. Демек, Абай Шығыс әдебиетіне өзінің гуманистік, ағартушылық идеяларына тікелей үндесетін оқиғаларды ғана алып, поэмаларына арқау етті.
Сонымен қатар ақын поэмалары жайлы зерттеушілер арасында көптеген дау-дамайлар кездеседі. Абайды зерттеуші кейбір ғалымдар Әзім әңгімесі поэмасының Абайдың қолымен жазылғандығына күмәнданады. Осыған қарағанда бұл поэма туралы көптеген ойға қаламыз.
Әзім әңгімесі Абай жинағына алғыш рет 1933 жылы енгізілген. Оған дейін ол Абайдың туысы және ақын шығармаларын жинақтаушы Ырсаев Ысқақ деген адамның қолында сақталған. Бұл шығарма Абайдың 1909 жылы Санк - Петербургта шыққан тұңғыш жинағына да енбей қалған. Мүрсейіт қолжазбаларының ішінде де жоқ.
Сондықтан кейбір зерттеушілер поэманың идеялық мазмұнына қарап, көркемдік анализге сүйене отырып, Әзім әңгімесі Абайдың шығармасы емес деседі. М.Әуезовтің өзі де Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) атты монографиялық еңбегінде: Біздің ойымызша, 1927 жылы осы поэманың тексін Абай шығармаларын жинаушыларға табыс еткен Ырсайдың Ысқағы Абай поэмасының ұмытылған немесе ескірген, қолжазбадан өшіп қалған кейбір жолдарын өз жанынан да төлеу салып, аламыштап жіберген сияқты. Өйткені, поэманың кейбір ұйқастары, кей кезде жол ішінде сөз құраулары Абайдың ақындық шеберлігіне, поэтикалық лексикасына жанаспайтыны да бар.
Бұлай болмаса поэма Абайдың тіпті ерте кездерде, өзінің ақындық күшін алғашқы тәжірибе ретінде, әр тақырыпты байқастап жүрген кезінде туған, алғашқы черновик есепті бір нұсқа болуға керек. Қалай да Әзім поэмасы ең әуелі бітпеген шығарма болғандықтан, екінші көркемдік, шеберлік жағынан көңілдегідей қалыптаспаған дастан болғандықтан, бұл поэма жөніндегі түсінік сөздерді осы жоғарыдағы айтылған жайлармен аяқтаймыз -дейді. Әзім әңгімесі туралы Әуезовтің пікіріне тоқталған ғалымдардың бірі─Қайым Мұхаметханұлы. Ол - Абайдың туған-туыстарымен, замандастарымен жүздесіп, көп әңгімелескен зерттеуші. Өзінің Абай шығармаларының текстологиясы атты еңбегінде Архам Ысқақов пен Рақымжан Мамырқазов: Әзім әңгімесі Абайдың шығармасы емес, Ырсайдың Ысқағы жазған деді - дейді.
Сөйтсе де Әзім әңгімесі 1933 жылдан бастап, қазақ және орыс тілінде шыққан Абайдың толық жинағына енді. Әзім әңгімесі ─ қазақ әдебиеті тарихынан өз орнын толық алмаған шығарма.
Енді Абай поэмалары қашан жазылған деген сұраққа тоқтала кетейік. Абай поэмалары негізінен ешбір датасыз шығып отырды. Тек қана Масғұтқа 1887, Әзім әңгімесіне 1806 деген даталар көрсетілген. Әдетте зерттеушілер Абай үш поэмасын да өмірінің бір кезеңінде жазған деп топшылайды. Мысалы, Абайдың 1966 жылы Москвада шыққан жинағының кіріспе сөзінде: Вероятнее всего, что поэмы эти были им написаны в ранний период творчества делінген. Осы пікірге басқа әдебиетшілер де қосылады.
Масғұттың сюжеті Н.С.Тургеневтің Шығыс аңызы атты шығармасының сюжетіне ұқсас екені белгілі. Ғалымдар осыған жаппай келіскен. Қара сөзбен жазылған Шығыс аңызы атты шығарма ең алғашқыда Вестник Европы журналының 1882 жылғы 6-томында басылыпты. Семейде алғаш кітапхана 1883 жылдың 20 қыргүйегінде ашылды. Осы кітапханада Шығыс аңызы 1882 жылғы басылған Вестник Европы журналының болуы, оның осы кітапханаға ара-тұра келіп жүрген Абайдың қолына тиюі ықтимал. Рас, 1882 жылы Семейде кітапхана болған жоқ, бірақ Вестник Европы журналын жергілікті чиновниктер жазылып, алып тұрған. Саяси жер аударушылар да журналға көп көңіл бөлген. Бұған Гоголь атындағы кітапхананың қорында Вестник Европы журналының 1870 жылдан бергі сандарының осы күнге дейін сақталғаны дәлел. Кітапхананың алғашқы қоры туралы деректер сақталмаған.
Кітапхана құрушылардың және оқырмандардың кітап сыйлауы оларға әбден абырой әперерлік. Олар менің көңілімде Семей туралы ең жақсы пікір қалдырады дейді ол. Орыс кітап, журналдарынан не бар, не жоғын осыдан да аңғаруға болатын сияқты. Бұл болымсыз мәліметтің өзі кітапхананың сол кезде әжептәуір болғанын, мұны құрушылардың білімді, көзі ашық адамдар екенін білдіреді. Ендеше, осындай кітапханада Ресейдің басты журналы - Вестник Европы болмады деу қиын [4, 4].
Егер Абай Масғұтты жас кезінде жазды десек, онда дастанның сюжеті мүлдем өзгереді. Себебі, Абай сол кезде Шығыс әдебиетіне көп еліктейтін. Бірақ бұған қарсы дәлел бар. Мүрсейіттің 1907 жылғы қолжазбасында поэма сюжеті Тургеневтен делінсе, Тұрағұл өзінің Әкем - Абай туралы деген естелігінде Масғұт өлеңін 1887 жылы жазды деген. Бұл дата абайтанушы ғалымдардың Масғұттың сюжеті Тургеневтен алынған деген дәлеліне келіп тұр.
Әзім әңгімесі Абай жинағына отызыншы жылдары енсе, Ескендір мен Масғұт 1909 жылғы жинақта жарық көрді.
Абай Шығыс шайырларының жырларын жоғары бағалап, ұлы сөз зергерлерін өзіне ұстаз тұтты.
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
Хожа Хафиз-бу Һәммәси
Мәдәт беря шағири фәрияд [5, 33].
Шығыс ақындары жаңа ғана өнер жолына түскен Абайға даналық пікірлерімен, терең ойларымен, нәзік сырларымен қатты әсер еткен еді. Шәкірт Абай кезінде Рудаки, Омар һайам, Хафиз, Сағди ғазалдарын құмарта оқыды. Бұлар бала Абайдың ойын оятып, оны адалдық пен парасаттылыққа, адамгершілік пен жақсылыққа, сұлулық пен нәзіктікке талпынуға баулыды. Абай дамытқан нәзира дәстүрінің белгілері туралы айтқанда ең алдымен, Ескендір поэмасы ойға оралады. Бұл сюжетті Абай өзінше жырлап, жаңаша философиялық түйін жасады. Абай жасаған Ескендір бейнесі Фирдоси, Низами, Әмір Хосрау, Жәми, Науаи, т.б. жырлаған Ескендірге мүлдем ұқсамайды. Шығыс классиктері Ескендірді барынша мадақтап, оны халықтың қамқоршысы етіп көрсеткен, Абай оны талай елді зар жылатып басып алған тонаушы ретінде бейнелейді.
Ескендір бейнесі Шығыс әдебиетінде мейлінше ең көп тараған болатын. Бірақ оның бәрі тарихтағы шын Ескендірдің бейнесі емес, халықтың әділ патшасы жөніндегі арманынан, қаламгердің қиялынан туған Ескендірдің бейнесі еді.
Көркем әдебиетте Ескендірдің бейнесін жасау біздің заманымызға дейінгі VІ ғасырдың өзінде-ақ әдеби дәстүрге айналғаны мәлім. Ескендірдің өмірі мен қызметі туралы нақтылы тарихи деректер болмады. Мұның өзі әрбір автордың Ескендір бейнесін өз қалауынша жасауына мүмкіндік берді. Әрбір қаламгер ең әділ, ең жақсы патша қандай болу керек деген сауалға өзінше жауап берді. Олар өнегелі патшаға тән ең жақсы қасиеттердің бәрін Ескендір бейнесіне үйіп-төкті. Бұл туралы Е.Э.Бертельс: Ескендір жөніндегі туындылар─бұл тек көркем шығарма ғана емес, сонымен бірге, ел билеушілерге жол-жоба көрсетіп отыратын киелі айна секілді ерекше шығарма, әрі әрбір дәуірдің саяси даналығының жинағы екенін айта келіп, Низами, Хосрау, Жәми, Науаи жазған Ескендір жөніндегі дастандардың кіріспе бәйіттерін бір-бірімен салыстырып талдайды. Ғалымның осы салыстыруын тәржіма жасамай сол күйінде, яғни орыс тілінде оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік: Сравним вступительные бейты всех четырех крупнейших авторов Искандар-наме.
Низами:
О боже, господство над миром - тебе,
От нас служение происходит, господство - тебе.
Амир Хосров:
О царь, над миром господство-тебе,
От предвечности до бесконечности царство-тебе.
Джами:
О господи, совершенство божественности - тебе,
Красота господство над миром - тебе.
Навои:
О боже, господство, бесспорно - тебе,
Один шах но привычка его-нищенствовать перед тобой.
Сопостовление этих четырех бейтов очень показательно. Во-первых, совершенно ясно, что бейт Низами задал основной тон и что все три преемника с этим в полной мере считаются. Это понятно, ибо это одно из условий назира. Но далее интересно расхождение четырех авторов. Основная мысль у всех четырех примерно одна и та же, но модификация ее оформления различна [15. 382-383].
Бүгінгі таңда қазақ әдебиетінің өзге халықтары көркем сөз өнерімен сан ғасырлық байланысын, тарихи тамырластығын танып-білудің мәні ерекше зор. Қазақ әдебиетінің Шығыс классикалық поэзиясымен арасындағы осындай рухани байланыс негізінен нәзира дәстүрі арқылы жүзеге асады. Ал біз нәзирагөйлік дәстүрін зерттеу ісіне тарихи жалғастық тұрғысынан келіп, нақты әдеби деректер бойынша талдау жүргіздік. Өйткені қазақ әдебиетіндегі көркемдік тәсілдердің бірі саналатын нәзира дәстүрінің қалыптасуы, даму жолдары, қайнар–бастаулары мәселелері күні–бүгінге дейін арнайы зерттеу объектісі болған емес.
Абай ақын ретінде әбден қалыптасып, реалистік дәрежеге көтерілген шағында да Шығыс поэзиясынан қол үзген жоқ. Мәселен, Абайдың Көзімнің қарасы, Қор болды жаным сияқты өлеңдерінен Шығыс поэзиясына тән жанға жағымды, көңілге қонымды майда леп есіп тұрғанын аңғаруға болады.
Ұлы ақын дәстүрлі тақырыпқа шығарма жазудың Шығыстық әдісі нәзирагөйлікті жан-жақты меңгерген, оны қазақ топырағына лайықты етіп белгілі дәрежеде дамыта түскен мәңгілік өнер иесі ретінде дәріптеледі. Абай Құнанбайұлының дәстүрлі тақырыптарды, сюжеттерді, образдарды, көріктеу құралдарын бетке ұстай отырып, мазмұны мен формасы жағынан, идеясы мен сюжеті тұрғысынан мүлдем жаңа шығармалар жазуы суреткер ретінде даралығын танытып, мұхит тектес сарқылмас мұра иесі екендігін танытады.
Сөзімізді түйіндей айтсақ, Абай шығармаларындағы назирагөйлік дәстүрдің зерттелу тарихын ғылыми тұрғыдан жүйелеу – ұлы ақын шығармаларындағы назирагөйлік дәстүрдің түбегейлі зерттелуіне жол ашады деген ойдамыз. Абайдың әділеттілік туралы іліміне шолу
Адамның ішкі әлемінің рахаты мен тыныштығы, былайша айтқанда, жан сақтауы өте-мөте әділет сезіміне тәуелді. Соның айғағы - әділеттілікті жанындай көріп аңсамайтын адам, көксемейтін халық болмайды. Оның осынау шоқтығын, қастерлі биігін ғұлама Шәкәрім былайша өрнектейді:
Нысап пен мейірім, әділетті,
Жаныңдай көріп жан сақта.
Ол жолда өлсек, неміз кетті,
Мақсұтқа жетпей қалсақ та.
(Анадан алғаш туғанымда, 1929).
Әділет – қиянаттың дұшпаны. Олардың арасында өтетін талас-тартыс күллі адамзат көшінің тағдырына, тарихы мен мәдениетіне сәулесін түсіреді және небір ғажайып шедевр, классикалық туындыны дүниеге әкеледі. Күллі көркем әдебиет классиктері шығармашылығының алтын өзегі - әділет пен қиянаттың мәңгі айқасы, бітіспес майданы. Көркем әдебиеттегі деймін-ау, күнделікті өмірдегі шындық өзегі де осы тартыс емес пе.
Сонымен, әділет - жан сақтау құралының бірі, қастерлі категория. Бірақ әділеттілік туралы басқадай не білеміз, ол жайлы біліміміз толық па?
Сірә да жоқ, қазақ философиясы тұра тұрсын, әлемдік философия тарапынан да әділеттілік туралы пайымдар бір ізге түскен емес, яғни өз алдына дербес жүйелі ілім боп қалыптасты деуге әлі күнге ертерек. Себеп - феномен ұғымның күрделі табиғатында және түп тегі - генезисінің тереңдігінде десек қате бола қоймас. Төменде осы күрделі тақырыпты сөз етпекпіз. Ондағы мақсатымыз - жаңағы олқылықтың орнын толтырған данышпан біздің қазақтың Абайы екенін дәйектеуге саяды.
Біреу біледі, біреу білмейді, Алланың өзі де рас, сөзі де рас деген өлеңі және 45-ші сөзі хакім Абайдың сарқынды шығармалары. Алдыңғы туындысында данышпан:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті, -
дейді. Ал, соңғыны: Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері... һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты дегендігі деп бастайды.
Сөйтіп, Абайдың ақтық өсиет-толғаулары қос феномен сезім: махаббат пен әділетке бағытталғанына көз жеткіземіз. Маңызды ерекшелік - хакім Абай махаббат, ғаделетті қосақтап айтады. Мұның сыры неде?
Гәп мынада: махаббат - күллі әлемге нұрын, шуағын төккен қуат, ал әділет - тұтастай ғалам құбылыстарын реттеуші құдірет. Қос феномен қосылғанда ғарыштық күрделі қатынастар ғажайып үйлесімін табады.
Міне хакім Абай махаббат, ғаделетке осы тұрғыдан келіп, жаңа аталған 45-ші қарасөзінде мынадай даналық тұжырымын жасайды: Бұлардың (махаббат пен әділеттің) керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол - жаратқан Тәңірінің ісі.
Ол – жаратқан Тәңірінің ісі деген бір-ақ ауыз тезис бүгінгі біздер үшін аса салмақты. Осылайша Абай бізге он сегіз мың ғаламның махаббат-әділет заңымен басқарылып, реттелетінін ашықтап беріп отыр. Бұл, сөз жоқ, тек әлем ойы алыбының ғана сыбағасы.
Махаббат - Жаратушының бір аспектісі екендігі, әрине, әлімсақтан мәлім. Барлық әлемдік діндер осыны діттейді, айталық, исламдық сопылық ағым махаббат діні делінеді. Ал, әділеттілік ше? Ол махаббатқа тете, теңдес ұғым ба? Ең бастысы, Абай екі ұғымды неге қосақтаған? Жаңағы тезис міне осының жауабын беруімен құнды.
Біле білсек, Абайдың: Неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты деген деп тұжыруы өз алдына жаңалық. Сахара ойшылы бұл арада хақиқат заңды күллі қасиетті кітаптардан сүзіп алғанын сездіртіп отыр. Абайдың жаңағы әділет, махаббат түсініктерін бөлмей-жармай қолдану сыры киелі кітаптар мазмұнында екенін көреміз.
Қорыта айтқанда, махаббат, ғадалет категорияларын, бір жағынан, Тәңірінің ісі (Тәңірінің хикметі, заңы деген мағынаны да білдіреді) деп ғаламдық деңгейде бағамдау, екіншіден, олардың түп генезисі мен ортақ трансценденттік мәнін ашып беру - Абайдың керемет жаңалықтары.
Бұл пайым артық айтқандық боп көрінбеуі үшін мысалдармен бекіте кетелік. Сөз басында әділет-жан тыныштығының кепілі, оны аңсау адам баласына Тәңіріден дарыған қасиет дегенбіз. Қазіргі орасан қаржылық дағдарысқа да әділеттілік заңының бұзылуы кінәлі екендігі шүбәсіз. Сол сияқты планета жұртшылығын алаң еткен Батыс және Шығыс делінетін осы заманғы орасан үлкен өркениеттілік қарым-қатынас пен өзара ұғысу проблемалары да әділеттілік заңына тіреледі. Ол ол ма, күллі материалдық әлем Ньютон ашқан заңдармен реттелетіні сияқты күллі ғаламның тыныс-тіршілігі Абай ашқан әділет-махаббат заңымен реттеледі.
Ендігі кезекте Абайдың әділеттілік ілімін барлауға ойысалық. Бізше бұл ілімнің қалыптасуы кемеңгердің ойшылдық эволюциясымен қабыса табысады. Осы тұрғыдан келгенде мынадай екі айшықты кезең бар: бірі - 1891-1897, бірі – 1898-1902 жылдар аралығы.
1891 жыл Абай өмірінде бұрылысты жыл болды. Осыған дейін Чернышевский, Добролюбов бастатқан орыс ойшылдарының қоғамдық ортаны және заманды түзету қажет деген әлеуметтік идеяларына құлай беріле отырып, мәдени-ағартушылықпен қатты айналысқан ақын, енді бұл бағыттың дұрыстығына күмәнді болады. Расында да пенденің кінәні өзінің мінезі мен болмысынан емес, тек қоршаған ортадан ғана іздестіретіні несі? Бұл дұрыстық па? 90-шы жылдардың басында ақылына білімі сай болып толысқан кемел Абайды, исі алаштың ұстазы, ақылшысына айналған Абайды осы мәселенің толғандырғаны хақ. Бірінші қарасөзінде: Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын деуі сөзіміздің кішкене дәлелі.
Бір ғажабы, Абай дүниеге көзін ашқан Михаэлистің өзі пір тұтқан Чернышевский, Добролюбов сынды төңкерісшіл-демократтарды еш жерде атамайды, аузына да алмайды. Семей қаласына жер аударылып келген кілең оқымысты орыс зиялыларының оларды басына көтергені жақсы мәлім ғой. Осы ғылыми ортада он-он бес жылдай үлгі-өнеге көргеніне қарамастан қазақ ойшылының қоғамды күшпен өзгертуге негізделген, төңкеріс исі аңқыған идеялардан бас тартқанына таң қалмасқа лажың жоқ. Ол ол ма, Абайдың қоғамды тек тыныштық жағдайда, имандылық тәрбие негізінде ғана өзгерту қажеттігіне сенімі кәміл: Берекеңді қашырма, Ел тыныш болса, жақсы сол (1889) дейді.
Сөйтіп, Абай терең ой еңбегіне, қоғамда әділетті орнықтырудың жолын, яғни әділеттілік ілімін іздестіруге кіріседі. Тың өрісте тапқаны - Менсінбеуші ем наданды (1891) деген өлеңінде өзі айтқандай, адам түзелмей, заман түзелмейді деген парадигма (мұны ойшылдың Шығыс жағалауына қайта өтуі де де қой) болды. Ол бойынша заманның түзелуі үшін әр адамның іштегі кірден тазаруы, рухы жетілуі мен иманы нығаюы шарт. Себебі, егер жеке тұлға іштегі кірді қашырса, яғни әр адамның жан тәрбиесі жолға қойылса, мұндай тәрбие кемелдігінен бүкіл қоғамның кемелдігі құралмақ. Адамзат тыныштығы мен рухани жетілуінің өзгедей амалы, жолы жоқ.
Осынау алыс мақсатты көздеген ойшыл ақынның 1891 жылдан былайғы өмірінде басты шығармашылық жұмысы - екі проза кітабы болғаны, оларға күш-қуатын сарқа жұмсағаны анық: бірі - 40 ғақлиядан тұратын Ғақлия атты (1891-97 жылдар арасында жазылды) кітабы, бірі – Ғақлиат-тасдиқат (қазіргіше 38-ші қарасөз) атты кітабы. Алдыңғысы - туған халқына жөн-жоба сілтеген арнау өсиеттері, ал 1898-1902 жылдар аралығында жазылған екіншісінің - берісі мұсылман әрісі күллі адамзатқа арналған даналық трактат екені талассыз.
Төменде Абайдың әділдік ілімі қалыптасуының саты-сатысына осы қолжазба кітаптары бойынша ой жүгіртелік.
Кітап Ғақлия-ның үшінші сөзінде ойшыл қойған кесек мәселелерден қазақ өмірі қайтсе түзеледі немесе қоғам қайтсе әділетті болады деген сұрақ жазбай танылады. Айнала дүниенің қиянатшыл болуы - әділеттің жоқтығынан. Сондықтан Абай: Осы қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң менің ойыма келеді дей отырып, бұзықты азайтып, әділді молайту хақында ой-пікірлерін ортаға салады.
Бесінші қарасөзінде: Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен... деп басталатын сөйлем бар. Бұл сөйлемді, әрине, әділет үшін деген тіркеске бола келтірдік.
90-шы жылдардың ортасы – Абайдың ақындық мектебі үшін ең жемісті кезең. Осы кездерде Ұстаздық қылған жалықпас деп өзі айтқандай, қасына талапты жастарды жиып, оларға өлең сөздерімен де, ауызша өсиет, ұзақ мәжілістерімен де үлгі-өнеге шашу сүйікті ісіне, дағдысына айналған болатын. Бұл туралы: Абай ұстаз да, сөз ұғатын ынталы, талапты жастардың бәрі шәкірт дейді Мұхаң.
1894-95 жылдар шамасында жазылған Әсемпаз болма әрнеге деген өлеңінен осы кездің тынысы айқын сезіледі:
Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да қуғанға.
Әділет-шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа.
Алдың – жалын, артың – мұз,
Барар едің қай жаққа?
Көріп отырмыз, Абай өлеңде жай ғана әділет демеген, әділет-шапқат (шапағатты әділет деген мағынада) тіркесін пайдаланған. Сөйтіп, адам рухын, жалпы болмысты басқарушы күш Тәңірінің әділет-махаббат заңы екеніне Абай алғаш рет меңзейді.
Егерде жеке адам немесе бүкіл қоғам тек қайрат пен ақылдың тапқан жолына түсер болса - алдың – жалын, артың - мұз. Ақынның алдың-жалын дегені ахирет - тозақ жалыны, ал артың-мұз дегені сүрген өмірің мағынасыз, баянсыз дән шықпайтын, дәнеңе өнбейтін тақыр деген мағынаны білдірсе керек-ті. Демек, адамға бақыт қонуының басты шарты, ойшылдың білуінше, әділет-шапқат иесі болу.
Абай осы түбегейлі идеясын бірде ғақлия сөзіне, бірде өлеңіне өзек етіп, дамыта береді. Тағы бірер мысал алайық.
Ауруды жаратқан - Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе жоқ (28-сөз) дейді Абай. Бұл жерде де әділет-шапқатқа меңзелгені сөзсіз. Осымен, данышпан Тәңірінің әділет заңын орындау я орындамау, яғни бақытқа жету-жетпеу әр пенденің өз ырқы екенін білдіреді.
Әділеттік, арлылық, махаббат пен –
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде, -
дей келе:
Ғадәләт пен мархамат - көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек, -
(Көк тұман-алдыңдағы келер заман 1897 жыл).
деп түйін түйеді Абай. Келер жылы тағы бір әйгілі өлеңінде:
Махаббат ғадауатпен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма? –
(Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма 1898 жыл).
деуінде не сыр бар? Ақын жүрегі неліктен майдан алаңы, махаббат сезімі не үшін майдандасты? Әділет үшін. Мұны осы кездерде жазылған Жүрегім менің – қырық жамау өлеңінде:
Жүрегім менің – қырық жамау,
Қиянатшыл дүниеден, -
деп ойшылдың өзі паш етеді (қиянатшыл сөзі әділетсіз сөзіне синоним).
Сонымен, Абайдың поэзиясында, әсіресе, кітап Ғақлия атты мұрасында қалың елі, қазағын, өзге халықтар қатарына қосу, яғни ел қылу идеясы бүкіл қоғамда әділдікті орнықтыру идеясымен қабыса табысқанына көз жеткіземіз. Бұл ерекшелікті ғұлама М.Әуезов бізге былайша білдіреді: ...Ылғи ғана таза адамшылық жолын үгіттейді. Әділдік, шыншылдық, махаббатты – бауырмалды арлылық, ойшылдық, сыншылдық сияқты адамды адам қылатын жан тәрбиесінің барлық негізін қолданады.
Енді Абайдың екінші қолжазба кітабы - Ғақлиат-тасдиқат (қазіргіше 38-ші қарасөз) мазмұнына көшелік.
Алдыңғы кезеңде, яғни өлеңдері мен Ғақлия кітабында қадау-қадау көрінген әділет-мархамат концепциясы 1898 жылдан беріде жүйелі ілімге айналуы, жаңа сатыға көтерілуі заңдылық. Абайдың екінші кітабы - Ғақлиат-тасдиқат міне осының асқақ айғағы. Бұл даналық еңбек басты үш бөліктен тұрады: бірінші - Алланы тану (мұсылманша мағрифатулла), екінші - әділет, махаббат Тәңірінің ісі, хикметі екенін дәйектеу (Абайдың өз сөзімен айтқанда: Алла тағаланың пенделеріне салған жолы қайсы? екенін білу), үшінші - адамның кәмалатқа жету шарттары немесе ғадалетті адам идеалын сомдау.
Біз алдарыңыздағы мақалада қойылған міндетке орай, ойшылдың әділет-махаббат Тәңірінің заңы екенін дәйектеген ой-пайымдарын ғана шолып өтпекпіз.
Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында һәм ғаделет, һәм махаббат бар дейді Абай трактаттың мағрифатулла бөлігін аяқтаған тұсында.
Осыдан соң, ғұлама Алла тағаланың адам баласының пайдасына жасаған несібе, нығметтерін түгелдей тізбелеп айтып: Бұл хикметтерінің һәммасында мархамат һәм ғаделет заһир тұр екен деп түйін түйеді. Он сегіз мың ғаламның бір тәртіпке бағынып, аса күрделі зор мәшина сияқты таңғажайып үйлесімділікпен жұмыс жасауы енді түсінікті: Құдай ісінің бәрі мархамат-ғаделеттің көрінісі екен.
Әрі қарай Абай ғаламдық көріністерден адам баласының іс-әрекеттері қалайша мархамат-ғаделетті болмақ деген мәселеге ауысады.
Енді белгілі, иман құр инанышпенен болмайды, ғаделет уә рафғатпенен болады, - дейді данышпан. - Ғамалус-салих (жақсы істер) ғаделетті мархаматты болмақ. Күллі тәнмен қылған құлшылықтарың ешбір ғаделетті мархаматты бермейді. Көзің күнде көреді намаз оқушы, ораза тұтушылардың не хәлетте екендіктерін, оған дәлел керек емес. Демек, иман шын болудың маңызды шарты –көпке пайдасы тиетін ізгілікті істер - ғамалус-салихтерді атқару, қысқасы, мархамат-ғаделетті иманның шартынан хисап қылу.
Алла тағаланың пендесіне салған жолы қайсы? деген бүкіләлемдік сұраққа ұлы Абайдың берер жауабы міне осы.
Даналық трактат - Ғақлиат-тасдиқатта (қазіргіше 38-ші қарасөз) жүйеленген әділеттілік ілімі жайлы сөзіміз осымен тәмам.
Төрткүл дүниені төңкеріп өткен талай ұлы төңкерістерді білеміз. Олардың әділет сезімге сүйенбегені, оны желбіреген туына жазбағаны кәне. Бірақ бұл әділет пен Абайдың ғаделеті арасы жер мен көктей алшақ. Алдыңғысы бір қоғамды түбірімен қопарып тастап, келесісін орнатуға бағытталса, Абайдікі Тәңірінің ісі, заңы сапасында болғандықтан жұртшылықты тыныштыққа, береке-бірлікке ұйыстыруға қызмет етеді. Кемеңгердің жай ғана әділет демей, оған міндетті түрде шапағат, махаббат, мархамат ұғымдарын қосақтауының мәнісі осы арада, осылайша жаңа сападағы категорияны, кеңірек алғанда ілімді қалыптастырған деуге керек.
Абайдың әділет, махаббат іліміне Шәкәрімнің ар ілімі сабақтасады. Мысалға Абайдың әйгілі концепциясы үш сүю - дің бірі - әділет. Яғни Абай Алланы сүй, адамзаттың бәрін сүй дей келе, үшінші әділетті атайды:
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Шәкірті Шәкәрім бұл идеяны:
Тәңірі жолы – ақ жүрек,
Сайтан деген – қиянат.
Ақ жүректі ертерек,
Ескер-дағы қыл әдет, -
деуімен қуаттайды. Абай: Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі - ғалым, сол - ғақыл деп түйіндесе, Шәкәрім:
Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,
Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес, -
деп шегелейді.
Соңғы айтар жай, Абай ашқан әділеттілік ілімі, заңы сияқты рухани компас бола алатын тың танымға, темірқазық идеяға адамзат көші аса зәру. Адамзаттың тыныштығы ғаделет-мархаматпен болса, әлемдік діндерге ақиқат таным арқылы ғана жан бітеді.
Таяу күндерде елордамыз - Астана төрінде өтетін әлемдік діндердің ІІІ форумында береке, тыныштық іздеген ғұламалар игі мақсаттар үшін бас қоспақ. Олардың ой-толғауларында махаббатты, әділеттілікті орнықтыру жетекші идеяның бірі боларына сенімдіміз.
Абайтанушы
Әркімнің пешенесіне жазылған мөлшерлі ғұмыры бар. Пенделік пайымдау бойынша бұл — әліптік ақиқат. Осы негізден шығарсақ, Қайым Мұхаметханұлының ғұмыры сексен сегіз жылды қамтыды.
Осы орайда Абай сөзіне ден қойсақ:
Ақыл мен жан – мен өзім, тән менікі,
Мені мен менікінің мағынасы екі.
“Мен” өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
“Менікі” өлсе өлсін, оған бекі, – дейді ақын.
Осы санаттағы ажалсыз “Меннің” иесі ең алдымен Абай ағаның өзі десек, ақын жолымен жүрген ізбасарлары мен рухани мұрагерлері де уақыт пен кеңістікте әлдебір межемен шектелмей, өмірлерін жалғастыра бермек. Сондай бірегейлердің бірі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхаметханұлы.
Қалың жұртшылық бұл кісіні көбінесе кеңестік Қазақ республикасының мемлекеттік әнұранына мәтін жазған ақын ретінде біледі десек, екі тармақ өлең туындыгерді шынайы абырой шыңына шығарған. Қазақ жанының ұлы қасиетін жанартау жалынындай лапылдатып, асқақтата танытқан:
Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған,
Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан.
Ары мен азаттығының жолында қазақтың бары мен жаны құрбан екендігін кеңестік билікке (Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейінгі он сегіз жылда Кеңес одағының әнұраны жоқ еді) алдын-ала ескерткен деп ұғынуға лайықты осы сөздердің ақиқатына 1986 жылғы желтоқсанда бүкіл адамзат көз жеткізді. Намысына тиген, еркіндігін құрсаулаған империяның оспадар өктемдігіне бостандықсүйгіш қазақтың ұлдары мен қыздары бұратаналар ішінде қаһармандықпен бірінші болып қарсы шығып тәуелсіздікке жол ашты. Ақын Қайым желтоқсан қасіреті мен құдіретіне арнаған ғибратты тұжырымын сол кезде жырға айналдырып айтудан тайсалмаған болатын:
Қызыл қыршын қазақтың ұл-қыздарын,
Адал жүрек, ар-намыстың құлдарын,
Мәңгі бақи ел есінен кетер ме
Сөгіп, соғып, қанын төгіп қырғаның!
Ақын сөзінің азаматтық арқауы босаңсыған сәті жоқ. Елдік, адамшылық мұраттарды қозғайтын жайлардың баршасына қолма-қол үн қатудан айнымағандығын желтоқсаншыларға бағыштаған дұға-батасы, жендеттерге лағнет-қарғысы дерлік жоғарыда келтірілген үзінді дәлелдеп тұр емес пе?! Әрдайым ізгілікті көксеген жүрегінен бұрқ етіп атылған жыр шумақтары аз емес. Жариялану жайы, әрине, бөлек әңгіме. Коммунистік аңсарға кереғар өлең-жырға өріс берілмеген дәуірде әлгі тәрізді шығармалар, әлбетте, оқырманға беймәлім қала беретін. Сондай өзгеше бағалы суырыпсалма өнердің үздік бір мысалын жұрт назарына ұсыналық. Қасым Аманжоловпен және тағы бірер ақынмен отырған кезде бұлардың қасына жүзі жадау, ұлты чешен ақсақал келе қалады. Сол мезетте Қайым орнынан ұшып тұрып, қартты құшағына ала, былай деген екен:
Ат болсаң, тұяқтының тұлпарысың,
Құс болсаң, қияқтының сұңқарысың,
Бұл күнде азып-тозып қаңғып жүрген
Кешегі ер Шәмілдің ұрпағысың!
Осының өзі саналы оқырманды тебірентетін, бір дастанға бара-бар жеке шығармадай мейлінше әсерлі. “Халықтар көсемі” депортациялап, тирандық әңгіртаяқ соққысына ұшыратқан чешен ұлысының мүшкіл халге түсуімен байланысты бауырмалдық күйінішке қоса, мұнда Абылай мен Кенесары заманынан бері отарлық езгіден құтыла алмай, “коммунизм жұмағына” жұтылу қатерінде мұң шегіп отырған қазақтың да өңменін найзағай жарқылындай шарпып өтерлік серпін бар ғой.
Ақындық дарыны мен шеберлігін Қайым Мұхаметханұлы Карамзиннің “Сормаңдай Лиза” хикаясын өлеңмен қазақшаға аударуында таң қаларлықтай етіп көрсетті. Лермонтовтың “Вадим” хикаясын өлеңмен аударған Абай үлгісін, Пушкиннің “Дубровский” хикаясы мен “Боран” әңгімесін өлеңмен аударған Шәкәрім үлгісін жаңғыртты.
Ақын Қайым дүние азабынан ширыққан, түңіле дал болған, қайсарлана жігерленген көңіл әуенін де жеріне жеткізе жырлай алған. Мысалы:
Жай жүрсем, табалады “ұтылды” деп,
Қатты жүрсем, күндеді “құтырды” деп,
Орта жүрсем, онда да көре алмады,
“Бұл өзі ақылды адам сықылды” деп.
Мұхаметханұлының көркем шығармашылық талантының бір қыры драматургия саласында ашылған. Оның “Майданнан майданға”, “Перне”, “Комиссар Ғаббасов”, “Ер Білісай” драмалары бойынша спектакльдер әлденеше маусым бойы театр сахналарынан түспей қойылып, көрермендер ықыласына бөленген. Бұлармен қатар татардың классик драматургы Шәріп Камалдың “Қажы әпенді үйленеді”, әзірбайжанның атақты қаламгері Үзейір Ғажыбековтың “Аршын мал алан” комедияларын қазақшаға аударып, талай жыл бойында тұрақты репертуарлық қорға енгізді.
Алайда, тағдыр билігі солай шығар, ақын және драматург ретінде Қайым Мұхаметханұлының ықтимал әлеуеті барынша жарқырап, толық жүзеге асты десек, шындыққа обал болар еді. Мұның есесіне жазмыш Қайымға тауқыметі де мол, бақыт-зейнеті де қайырлы ғалымдықты сыбағалады. Бұл кісінің есімі мен ісінің жасампаздық, өміршеңдік кепілі – абайтанушылық, мұхтартанушылық, шәкәрімтанушылық ілімдері, барлығын жинақтағанда, алаштанушылық тарихы.
Ұлт рухының өзегін құрайтын осы аталған әдеби-мәдени-саяси құбылыстар Қайымды жарық дүниеге келген сәттен-ақ жөргектеген. Әкесі Мұхаметхан кезінде ілгерішіл көзқарасы мен әрекеті сайма-сай абзал азамат бейнесінде жұртқа кең танылған. Абай мұрасын қастерлеген. “Айқап”, “Абай”, “Қазақ”, “Шолпан”, “Сана”, “Сарыарқа”, “Таң” сияқты басылымдарды үй кітапханасына алғызып, жан азығы еткен. Оның шаңырағындағы меймандос көңіл құрметін Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Халел Ғаббасов, Мұхтар Әуезов сан мәрте көрген. Сондай ахуалда өскен зерек, зейінді бала Қайымның ойы мен сезімі елшіл, отаншыл, қазақшыл болып, табиғи үрдісте қалыптасқан.
Әуезовті тұңғыш рет көргенде Қайым жеті жастағы бала екен. Бұл – 1923 жыл. Келесі жылы Әуезовті сегіз жастағы Қайым екінші рет көреді. Мұхаңның бастамасы және ұйытқылығы арқылы Семейде Абайды еске түсіру кеші өткізіледі. (Қайтыс болуының жиырма жылдығына орай). Бұл оқиғаның мәнін Мұхаметханұлының өз сөзімен білдіру жөн шығар: “Осы кешке үлкендермен бірге барып, Мұхтар Әуезовтің баяндамасын тыңдап, Көкбай ақынның Абай туралы естелік әңгімесін естіп, ұлы ақын жайында ең алғаш мағлұмат алғаным сол жолы еді”. Үшінші көруі – 1925 жылы: Әуезовтің сахналық бір шығармасын “Ес аймақ” труппасы қоюға дайындап, Мұхаметхан ақсақалдың үйінде репетиция жасаған. Семейтаумен жалғасатын Көкен тауына 1926 жылы Мұхаң демалысқа келгенде он жастағы Қайым оны төртінші рет көрген. Тоғыз жылдан соң, яғни 1935 жылы, Мұхтар Әуезов өзінің болашақ роман-эпопеясын жазуға материал жинау мақсатымен Семейге келгенде, он тоғыз жастағы балғын жігіт Қайым даңқты жазушыны бесінші рет көреді, біршама еркін әңгімелесуіне мүмкіндік туады. Бұл кезде Қайымның әкесі таптық жау ретінде қудаланып, қамауға алынып, атылып кеткен. Бай баласы Қайым қауіп-қатерден әупірімдеп өтіп, мұғалімдік курсты аяқтап, институтқа түсуді ойластырып жүрген. Абай шығармаларына біржола ден қойып, Ыдырыс Мұстамбаевтың нағыз тарихилық маңыздағы мақалаларымен ынтыға танысуда еді. 1939 жылы мұғалімдік институтты аяқтаған тұста Қазақстан Жазушыларының екінші съезіне қатысу үшін Алматыға барады. Міне, осы алтыншы кездесуден кейін жиырма төрт жасында Қайым Мұхаметханұлы кемеңгер Әуезов үшін сенімді шәкірт-әріптеске, сүйікті ініге айналды. Мұхаңның ақыл-кеңесімен ғылыми ізденіс жолына түседі. Зерттеулерінің басты нысаны етіп Абай шығармашылығын алады. Семейдегі пединститутта оқытушылық қызметке кірісіп, Әуезовтің бағдарлы пікірлерінің қанаттандыруы арқасында 1940 жылы “Абайдың әдеби мектебі” айдарымен Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы, Әубәкір Ақылбайұлы, Әріп Тәңірбергенов шығармашылығы туралы ғылыми мақалалар топтамасын жариялайды. Содан бастап соңғы демі таусылғанша абайтану мәселелерінің жүйесінен қаламы босаған емес.
Абайды тану үстіне таныған сайын қазақты танудың саналуан проблемаларына да тереңдей түсті. Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай батырлар туралы халықтық поэмаларға тарихи-ғылыми, әдеби-ғылыми талдау жүргізген еңбегін “Қазақ әдебиеті тарихының” бірінші томына енгізіп, 1943 жылы әзірлеп береді.
Қайым Мұхаметханұлының ғалымдық тұлғасында орта ғасырлардағы оқымыстыларға тән әмбебаптық көріністері мол еді. Сондай кең қарымдылығына өз еңбектерінің ғана шеңберінде назар салайық. Өзекті желісі мен үзілмес тіні абайтану екені белгілі. Мұнда іргелі және қолданбалы сипаттарды тоғыстырушылық жөнімен, талдаулардың түбегейлі орнықтылығы жөнімен, жаңа бағытқа қарышты қадам жасағандығы жөнімен “Абай заманының ақындары” (“Абай айналасының ақындары”), “Абайдың ақындық мектебі”, “Абай шығармаларының текстологиясы” сияқты монографиялары менмұндалап көзге бірден түседі. Әдебиет тарихына Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы, Әубәкір Ақылбайұлы, Мұқа Әділханұлы, Әсет Найманбайұлы, Әріп Тәңірбергенов, Көкбай Жанатайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Уәйіс Шондыбаев, Кәкітай Ысқақов, Тайыр Жомартбаев, Иманбазар Қазанғапұлы, Баймағамбет Айтқожаұлы сияқты дарындардың мұраларын тікелей жалғыз өзі әкеп қосты. Абайдың оншақты өлеңі Қайым Мұхаметханұлының жинап тапсыруымен академиялық басылымда жарық көрді.
Бұлардан тыс Құсайын Файызханов, Ілияс Бораганский, Бұқар жырау, Үмбетей, Махамбет, Шөже, Жанақ, Сәдір, Ақылбек Сабал, Ілияс Молдажанов шығармашылықтары туралы мақалалары мен Мұхтар Әуезовтің өмірбаяны хақындағы очеркі және Қазақ кеңес энциклопедиясының он екі томдығына жасаған сыни саралау қорытындылары – зерттеушіліктің үздік үлгілері.
Осы дәрежедегі туындылардың үлкен шоғыры “Абай мұрагерлері” жинағын құраған. Алаш ардагерлерін ақтаңдақтардан арылтып, мәртебелі орындарына оралту ісіне Қайым Мұхаметханұлының қосқан үлесі қандай екендігін осы жинақтағы ғұмырнамалық, өнернамалық очерктер куәландырады. Мысалы, ол Шәкәрім шығармашылығын ақтау мәселесіне қозғау салып, 1987 жылы Колбинге дәйекті негіздемелік материал жолдаған болатын. 1960 жылдан бастап Шәкәрімнің баласы Ахат екеуі бірлесе атқарған жанқиярлық қимыл-әрекеттер аз болған жоқ.
Қайым Мұхаметханұлының зерттеушілік ізденістері нәтижесінде әдебиет пен көркемөнердің және қоғамдық-саяси тарихтың мазмұнын байытқан өлшеусіз қымбат қазыналар, мұрағаттық құжаттар – өз алдына бір төбе. Мысалы, атақты қиссашы, ақын Ақылбек Сабалдың 43 мың жолдық өлеңмен жазылған өмірбаянын, 376 дәптерге толтырылған қарасөздерін тауып, Әдебиет және өнер институтында ғылыми хабарлама жасағаны мәлім. Академик Ахмет Жұбанов өзінің “Замана бұлбұлдары”, “Ғасырлар пернесі” монографияларында Мәди Бәпиұлы мен Естай Беркімбаев туралы құнды деректерді Қайым Мұхаметханұлы бергендігін ризалықпен атап көрсеткен. Кезінде Мұхтар Әуезовтің тапсырмасы бойынша “Абай жолы” романына да қажетті деректерді тауып, Мұхаңның көңілінен шығып отырғандығы және бар. (Мысалы, төртінші кітапта Сармолланың қастандықпен өлтірілу уақиғасына байланысты “табыт қағу”, т.б.). Бұл жайды айғақтайтын ондаған хат 1951 жылы Қайым Мұхаметханұлы тұтқындалғанда тергеушілердің қолында кетіп, кейін қайтарылмай мүлде із-тозсыз жоғалған.
Ақын, драматург, ғалым Қайым Мұхаметханұлы жарты ғасыр бойы Семей мемлекеттік педагогикалық институтында ұстаздық етіп, Әзілхан Нұршайықов, Кәмен Оразалин сияқты бүгінгі ақсақал қаламгерлерден бастап, бір қауым шәкірттеріне ілім құтын дарытып, адамгершілік тәлімін берген.
Иә, өзгесін былай қойғанда, Қайым Мұхаметханұлы Абай шығармаларының аса беделді мәтінтанушысы екенін білікті мамандар түгел мойындаған. Ал, бүтіндей абайтанушылық еңбегіне Мұхтар Әуезов, Зоя Кедрина, Ысқақ Дүйсенбаев, Митрофан Сильченко, Ханғали Сүйіншәлиев, Рәбиға Сыздықова, Әбіш Жиреншин, т.б. әр кезде оңды пікірлер білдірген.
Бәрін айт та, бірін айт, Қайым ағаның ең зор бағасы, Абай сөзіндегідей, “Адам деген даңқы бар” екендігінде. Ұлтын сүйген, ұлтының ардағы Абай мен Мұхтар үшін отқа түскен, сталиншілдік зұлматқа қарсы тұра білген,
“Тусаң ту!” дейтін Азаматтығында!
Атақ емес, ғылым үшін жаралған...
Көрнекті ғалым Қайым (Ғабдұлқайым) Мұхаметханұлының туғанына 90 жыл. Ол – алаш арыстарының соңғы тұяғы, білімдарлығымен ғұламалыққа жеткен жан. Көзі ашық, көкірегі сәулелі, елшіл әкесі Мұхаметханның дастарқаны мен қаржы-қаражаты мол болған. Ол ырыс-дәулетіне мастанбай, ұлт мүддесіне жан байлығын да, мал байлығын да бүтіндей арнап, ерекше байсалды, өте мәдениетті ақсақал ретінде танылған.
Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Көкбай Жанатайұлы, Мұхтар Әуезов тағы басқа тарихи тұлғалар мұнда елдік істердің сан қилы мәселелерін талқылап, емін-еркін мәслихат құрған. Мұхаметханның үйіндегі жеке кітапханасында Дала уәлаяты, Айқап, Қазақ, Абай, Сары Арқа тігінділері мұқият жинақталып сақталған. Қазан төңкерісінен соңғы астан-кестен кезеңде байларды қудалау науқаны Мұхаметханға да ызғарын тигізген. Көреген, қамқор әкесі педагогтық курста сабақ беретін Ғалиақбар Төребаевқа баласын әкеліп, қанатының астына ала жүруді өтініш етеді. Қайымның Абай туралы тырнақалды ой-пікірлері осы курста оқып жүргенде білінген. Өлең жаза бастайды. Пединститутты үздік аяқтап, кафедрада оқытушылық қызметке қалдырылған соң, Қайымның зерттеушілік және ақындық шығармашылық ұмтылысы жаңа екпін алады. Ақылбайдың Дағыстан, Зұлыс, Мағауияның Медғат-Қасым, Еңлік-Кебек поэмалары туралы, Әубәкір Ақылбайұлы Абай немересі, Әріп Тәңірбергенов өмірі мен шығармалары туралы мақалалар жариялайды. Пединститутта аға оқытушылық қызметке тұрады, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырады.
1943-1944 жылдары Қабанбай батыр мен Бөгенбай батыр туралы халықтық тарихи дастандарды зерттеп, Қазақ әдебиеті тарихының бірінші томына енгізілетін материал ретінде дайындап бітіреді. Абай шығармашылығын зерттеулері үздіксіз жүргізіледі. Соның нәтижесінде, Абайдың туғанына жүз жыл толуына арналған 1945 жылғы мерекелік басылымда Мұхаметханов іздеп тапқан тоғыз өлең енген. 1945-1950 жылдарда Мұхаметханов Абай мұражайында, пединститутта, Жазушылар одағының Семей бөлімшесінде қызмет істеп жүріп, өзінің зерттеу тақырыбы бойынша он бір мақала жариялайды. Абайдың әдеби мектебі бойынша кандидаттық диссертациясын жазып, тәмәмдайды. 1951 жылғы сәуірдің 7-сі күні академик М.О. Әуезов жетекшілігіндегі сол диссертацияны Ғылыми кеңесте қорғап шығады. Өкінішке қарай, көп ұзамай, әйгілі зобалаңға ұшырап, сталиншіл зұлмат биліктің қанды шеңгеліне ілінеді. Сол жылғы желтоқсанда 25 жылға бас бостандығынан айырылып кете барады. Айып – ұлтшылдық. Ал ұлтшылдық өзегі не десеңіз, ол – Абайды қорғау, Әуезовты қорғау. Алматыдағы әркімге мәлім сұр ғимараттың ыстық-суық камераларындағы тамұқтық азаптардан соң Қарлагтың дәмін татып, үш жылдан соң 1955 жылы толық ақталып, Семейге оралды. 1955-1959 жылдарда Қайым Мұхаметханұлы абайтану бойынша он бір мақала, екі жеке басылымдық кітап (Мағауия Абайұлы Құнанбаев, Абай шығармаларының текстологиясы) баспадан шығарды. 1959 жылғы маусымның 12-сі күні Абай заманының ақындары (Абай айналасының ақындары) деген тақырыппен бұрынғы қорғалған кандидаттық диссертацияны қайтадан қорғады. Жетекшісі Мұхтар Омарханұлы еді.
1960 жылдардан бастап Қайым Мұхаметханұлы Шәкәрім шығармашылығын зерттеуге бел буып кірісті. Докторлық диссертация нысаны ретінде ыңғайлады. Шәкәрімді ақтау бойынша 1959 жылғы Қазақ әдебиетіндегі белгілі жарияланымнан соң аудан, облыс көлемінде ширек ғасырдан астам уақытқа созылған игі ниеттегі қимыл-әрекеттердің басы-қасында жүрді. Ең соңғы Колбинге жолданған материалдың сірескен қалың сеңді қозғаған ықпалына қазір әдеби-мәдени орта тегіс қанық. Қазақ әдебиеті газетінде Бұқар жырау, Үмбетей, Махамбет, Сәдір, Шөже, Жанақ, Ілияс Молдажанов, Ақылбек Сабал т.б. туралы зерттеулері жарияланды. Қазақ кеңес энциклопедиясының он екі томдығына сыни сараптамалық әдеби-мәдени-тарихи ғұмырнамалық очерктері – ғылыми мынандай дәрежені, анандай дәрежені көксеп жүргендер орындай алса ғой дерлік дүниелер.
Ғұлама ғалым, Ұлы Абайдың 150 жылдық әлемдік тойы қарсаңында Абайдың ақын шәкірттері деген үш томдық монографиясын жазды. Ол нағыз ұстаз, шын педагог еді. Қаншама шәкірт алдында отырса, соның ең озық-зерегіне арнап, соған лайықтап сөйлейтін. Қызыл сөзді, қысыр сөзді жек көретін. Бұқпантайламай тура жүрген адамды ұнататын ағаның қасиеттері айта түскен сайын арта беретіні шындық.
АБАЙША СҮЙІП, АБАЙША КҮЙІП ЖҮРМІЗ БЕ?
Атады таң, батады күн, толады ай.
Ауысады күнде саба, толағай.
Бірі барда бірі болмай, жоқты аңсап,
Неге пенде болды сонша қомағай !
Нәпсі сол ғой, ныспы адам болғасын,
Тәркі өмір талқы, тартыс додадай.
Ақын ақын болмас еді алдында
Жатса жайнап шәмсі, күлпар, қоғажай.
– Өмір өшпек,
Өлең қалмақ, – дейді дос,
Көңілімді аулап айтқан сөз ғой о да жай.
Білем жатқа даңқты талай дананы,
Олар тау да, мен кішімін обадай.
– Алтынсың, – деп алдағандар тірімде
Көзім жұмсам, көрмес мені қоладай.
Дүниеге қаланған бір кірпішке
Сол дүниенің осындай бір обалы-ай!
Қуандыққа соның бәрін ұқтырған
Аруағыңнан айналайын,
О Абай !
Қуандық Шаңғытбаев осылай толғаған.
Абай шығармашылығы — әдебиеттің, мәдениеттің ауқымынан анағұрлым асып кететін ғажайып құбылыс. Кейде ойлап отырсаңыз, Абай біз үшін ақын да, философ та, аудармашы да, композитор да емес, бәрінен бұрын өзіміздің жанымызға соншама жақын адамымыз, ағайынымыз ба, туысқанымыз ба , ағамыз ба, атамыз ба, әйтеуір бір жақсы танитын адамымыз сияқты. Сол адаммен талай рет кездесіп, сөйлескен, сырласқан, талай рет ақылын алғандаймыз, ал кейде не балалықпен, не шалалықпен алмай кеткендейміз. Қуансаң да, қиналсаң да Абайдың алдына барасың. Жар сүйіп, бала сүйіп қуансаң да, жақыныңның азасына күйіп, қайғырсаң да жаныңнан табылады Абай.
Халқымыздың ұлы ақынға құрметі біздің “Абай атамыз айтқандай” деп сөйлейтінімізден де көрініп тұр. Ұлы классиктерін халықтың атасы деп сөйлеу ең дамыған деген ұлттарда да табыла қоймайды. Абай — ұлттың атасы, халықтың рухани әкесі. Егер әрбір қазақ баласы ауық-ауық болса да Абай томын қолға бір алып қойып, бір өлеңін болса да қайталап оқып отырса, өзіне өзі Абай алдында іштей есеп берсе, “Қалай өмір сүріп жатырмын осы? Абайдың айтқан ақылын алдым ба, жасаған сынынан қорытынды шығардым ба, шық деген биігіне ұмтылдым ба, адам атын ақтайтындай не істедім мен өзім?”, дегендей ойға түсіп тұрса қазақтың бағы баяғыда жанып, ортақ үйіміздің түтіні де түзуірек ұшар еді-ау деп те қиялдайсың.
Ұлт руханияты ұстындарының бірі саналатын Мырзатай Жолдасбековтің Абай шығармашылығы жайында ой толғап көруін сұрағанымыздағы ойымыз да халықтың бүгінгі өмірінде Абай алар орынды көрсету, халық алдындағы парызын ақ-адал атқарған Абайдың алдындағы халықтық парызымыздың ақталуын айтқызу еді. Бұл ойымыздың қалай орындалғанын бүгінгі мақаладан оқи аласыздар. Сөз ретін пайдаланып, “Тұлғалар толғанысы” ел газетінің бетіндегі айшықты айдарлардың бірі ғана екендігін, бас басылымды келесі жылы да жанына жалау ететін ағайын “Егемен Қазақстанның” бетінен талай-талай татымды мақалаларды табатынын да айта кетпекпіз.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
Абай атасынан кемеңгер боп жаратылып, анасынан дана боп, еліне пана боп, өз заманынан ойы озық туған ғұлама; халқының мұңшысы, ұлы ақыны; қазақ үшін дертті болған, сол дертінен айыға алмай кеткен, жан жарасы жазылмай кеткен, кеудесі қайғы мен қасіретке толы қазақ тарихындағы ең ірі трагедиялық тұлға; өз ұлтын өркендеген өнегелі елдің қатарында көруді көксеген ойшыл.
Қазақ қоғамы, оның болмысы, келешегі туралы соншама толғанған; ұлтының табиғатын, жаратылысын дәл таныған; елі үшін күйіп-піскен, азапқа түсіп, қасірет шеккен, қазақтың кемшілігін жанға батырып бүкпесіз ашық айтқан Абайдан асқан кісі болған жоқ. “Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман”, дегенді Абай жасы жетіп қартайғандығынан айтқан жоқ, Абайды жасына жетпей қартайтқан – қазақ, оның қылығы. Заман өзгерер, қоғам өзгерер, адам өзгерер, бәрібір қазақ түбінде Абайға жүгінеді, оның өсиетіне, аталы сөзіне тоқтайды.
Кемелге келмей, ақыл тоқтатпай Абайды ұғыну мүмкін емес. Абайды оқыған сайын, көкейіңе тоқыған сайын қазақтың табиғатын аша түсесің, ой түбіне тереңдей түсесің, ел-жұртыңның тағдыры, келешегі туралы ойлана, толғана түсесің. Абай мұралары жыл мезгіліне қарай, кісінің көңіл-күйіне, жасына қарай әр кезде әр түрлі әсер етеді, өзгеше ой салады. Сол кезде Абайдың “Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла” деген сөзі еріксіз есіңе түседі.
Шынында да, Абай – жұмбақ адам. Оның ойлары гауһардай түрленіп, әр қырынан әрқалай сәуле шашады. Көп ойларын тылсымдап кеткенге ұқсайды. Заман асқан сайын, уақыт өткен сайын тылсымның кілті табылып, Абай халқына бүгінгіден де ашыла, бүгінгіден де жақындай түсетін болады. Қазақ дертінен айығу үшін, көкейіндегісін табу үшін Абайға жүгінуі керек. Абайға үңілген сайын бірде табынасың, бірде қамығасың, әрқалай ахуал кешесің. Заманына, дәуіріне қарай, қоғамның ауанына қарай үнемі Абаймен сырласып отыруымыз керек. Адаспаудың бір жолы осы деп ойлаймын.
Абай өмір сүрген кезеңде, шырғалаңға түскен, шырмауда қалған көшпенділер елінің мәдениеті де, санасы да күйреуде еді. Ұлы дала жандаралдың табанының астында жаншылып талып жатты, даламен бірге қазақтың рухы, поэзиясы, аңызы, ертегісі өлді, ұлттық намысы тапталды. Абай соның бәрімен жалғыз алысты, жалғыз арпалысты, осыншама сұмдықты өз жүрегінен өткізді, туған халқын оянуға, жан тірлігіне, қалғымайтын намысқа, ардың күресіне шақырды. Ұлы далаға жаңа ой, жаңа поэзия әкелді. Тұнық бұлақтың көзін ашты. Сонда да меңіреу Дала Абайға үн қатпады. Келеңсізге сөзі өтпеген Абай басын жарға да, тауға да соғып, сергелдеңге түсті.
“Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік, қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз. Соны таба алмай өзім де қайранмын”, – деп дал болды. Абайдың басынан кешкен азабын, көрген мехнатын, қорлығын мен бертінде, есейе келе ғана түсіндім, өз жүрегімнен өткізіп сезіндім.
...Ұлы даланы еркін мекендеген, алаңсыз, бейқам өмір кешкен қазақ халқының тағдыры туралы Абайдай аяусыз, жанға батырып қатты айтқан жан болған жоқ. Абайдың максимализмі туған халқының мешеу мінезін ғайбаттау емес, керісінше елін талмайтын зерделікке, ойлылыққа шақыру.
Абай адам алдындағы парызына дақ түсірмей, ақиқатқа жан-тәнімен қызмет етіп өтті. Саналы ғұмырын, күш-қуатын санаткерлікке жұмсады, бірақ заманы ақынның жан егілткен әндерін сүйсіне тыңдағанымен, тамылжыта салғанымен, мұңлы өлеңдерінің, аталы сөздерінің ой қатпарларына тереңдей алмады, жанына дарыта алмады, сөйтіп, ақынның өз халқына айтқан ақыл-өсиеті жаһан далада адасып қалды. Абай дүниеге ақын болып туған адам, өлеңді ерте жазған.
Кім екен деп келіп ем түйе қуған,
Қатын ғой күлдәрімен белін буған.
Төркініңнің бергені жауыр айғыр,
Бауырыңды ұрайын бірге туған ,
– дейтін әдепкі өлеңінің өзі түйеден түскендей.
Абай табиғатынан ақын болып туғанымен, жас кезінде өлең шығарумен еркін айналыса алмайды. Заман ағымына, халықтың ұғымына қарай Құнанбайдай кемеңгер әкенің Абайдан күткені басқа еді. Билік үшін арпалысып өткен дала көкжалы Абайды ел тізгінін ұстауға баулыды. Құнанбайдай әкенің ырқынан шығып, ақындық әлемге қанат қағу жас Абайға оңай болған жоқ. Абайдың алдында күрделі де қым-қуыт өмір жолы тұр еді.
Абай өлеңді он екі жасынан бастап шығарған. Ақынның бала кезіндегі өлеңдерінің көпшілігі бізге жеткен жоқ. Олардың бірқатары ұмытылған, болмаса жоғалып кеткен, шығармаларының аттары ғана сақталған. Абайдың жас кезіндегі өлеңдерін сақтаған, оның өмір тарихын баяндайтын замандастары жазған мемуарлар да, хаттар да, жазбалар да, өкінішке орай, бізге жеткен жоқ.
Абайдың жас кезіндегі өлеңдері досы Көкбайдың атынан жарияланады. Тек 1886 жылы, қырық жастан асқан соң, “Жаз” деген атақты өлеңі шыққаннан кейін ғана, шығармаларына өз атын қосады.
Абай тек ақын ғана емес, сонымен бірге жүрек тербеген оқиғалы, ғажайып әндер де шығарған композитор.
Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй! –
дейді Абай. Өнерге Абайша ғашық болу, әнді Абайша қастерлеу бір басқа. Абай халықтық өнердің қайнарынан мол сусындаған. Сусындай отырып, қазақ поэзиясы мен қазақ музыкасын шырқау биікке көтерген, әнге де жаңа ырғақ, жаңа мән-мағына әкелген.
Құр айғай бақырған
Құлаққа ән бе екен? –
дейді Абай. Осы сөзі дәл бүгінгі біздің жастарға арнап айтылғандай. Қазір жастардың дәстүрлі әннен қол үзіп, батыстың мағынасыз, даңғырлақ, әулекі музыкасына бой ұрып бара жатқандығын ойлағанда елдің келешегі, қазақ өнерінің болашағы не болады деп мұңаясың.
Абай бар болғаны 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөз, 1 мақала жазған кісі екен. (Мақала деп шартты түрде айтып тұрғанымыз – “Қазақтың шығу тегі туралы”). Абай өлеңдерін оқу, оның қадір-қасиетін сезіну, асыл ойларын зердеге сақтау ынтасы да, ықыласы да бүгінде бұрынғыдай емес. Тек Абай ғана емес, жалпы кітапқа құштарлық, кітапқа құмарлық бәсеңдеді. Мұны күнделікті тіршілікте әр отбасынан көріп жүрміз. Теледидар, басқа ақпараттар толқыны, батыстық экспансия өз балаларымызды бауырымыздан, ұлттық әдебиеттен, ұлттық өнерден, ұлттық музыкадан бөліп алып барады. Бұл, шынында да, қорқынышты жағдай. “Қорқамын кейінгі жас балалардан” дегенде Абай осы сұмдықты сезген бе деп ойлайсың. Сондықтан да мынау қиын да күрделі заманда етек-жеңімізді, есімізді жисақ керек. Осы үшін де бізге Абай керек. Абай өлеңдеріне жас ұрпақты үңілдірудің, Абай ойларын жеткіншектеріміздің бойына сіңірудің тура жолын іздестіруіміз керек. Абай өлеңді ермек үшін жазған жоқ, кейінгіге өнеге-білім бермек үшін жазды.
Абай өлеңдерін кезінде тобықтылар қолжазба күйінде ұзатылған қыздардың жасауына қосып қастерлеп, қасиеттеп отырады екен. Өз ауылының қыздары ұзатылғанда жасауының ішінде Абайдың өлеңдері мен поэмаларының, нақыл сөздерінің қолжазба жинақтарын ала кететін болған. Мысалы, Әсия, Уәсила, Рахила сияқты және басқа да қыздардың сондай қолжазба жинақтары осы күнге дейін сақталған. Сол арқылы Абай сөздері күллі қазаққа тараған. Заманында Абайдың Көкбай сияқты ақын құрдастары да, Шәкәрім, Әріп, Әсет, Кәкітай сияқты шәкірттері де Абай өлеңдерін насихаттауға күш салған. Абай өлеңдерін Мүрсейітке ат, түйе беріп көшіртіп әкетушілер өте көп болыпты.
Абайды алғаш танып, терең түсінгендер, ақын сөздерінің кейінгі ұрпаққа аман-есен жетуіне арпалысып еңбек еткендер – Алаш арыстары. 1909 жылы Абай өлеңдерінің Кәкітай жинаған қолжазбасының Петерборда шығуына Әлихан Бөкейханов атсалысты. Ахмет Байтұрсынов “Қазақтың бас ақыны” деп мақала жазды.
Қазақтың еркін ойының басында қашанда Абай тұрды. Мәдениет министрлігі секілді ұйым да алғаш Семейде құрылды. Оны ұйымдастырушылардың бірі де Абай болды. Семейдегі ғылыми-көпшілік кітапхананы ұйымдастырушылардың бірі де Абай еді. Абайдың баласы Тұрағұл да, інісі Шәкәрім де Алашқа қызмет етті. Тұрағұл Алашты қолдап бірнеше мақала жазды, Шәкәрім Семейде құрылған шығыс Алашорданың бас қазысы болды. Қазақ тарихындағы осы елеулі оқиғаларды да ұмытып бара жатқандаймыз.
Байқап қараған адамға Абайдың бүкіл өмірі қазақты ел болуға, өзге жұрттан кем қалмауға үндеумен өтті. Жалғыздықтан қамығып, білімсізбен алысып, елге сөзі өтпей, “Қадірлі басым, қайратты жасым, Айғаймен кетті, амал жоқ”; “Болмасқа болып қара тер, қорлықпен өткен қу өмір”, “Толды қайғы кеудеге, сырласа алмай, сөз аша алмай пендеге” деп қорланады, құлазиды Абай. “Таппадым көмек өзіме, көп наданмен алысып, көнбеді ешкім сөзіме, әдетіне қарысып”, немесе “Мен – қажыған арықпын, сендерге де қанықпын”, “Жарлы емеспін, зарлымын, жұртым деуге арлымын өзге жұртан ұялып”, “Мұндай елден бойың тарт, мен қажыдым, сен қажы”, “Сенісерге жан таба алмай, сенделеді ер жүрек”, “Қайғы шығар ілімнен, ыза шығар білімнен, қайғы мен ыза шыққан соң зар шығады тілімнен”, “Ақылсыз би болмас, сәулесіз үй болмас, жүректе оты жоқ адамда ми болмас”, “Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз”, “Қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ” дегенді де Абай жаны қиналған соң айтқан.
Елге сөзі өтпеген соң: “Туған жерді қия алмай, тентекті тия алмай, әлі отырмыз ұялмай. Таба алмадық өңге елді. Әзелде Тәңірім сорлы етті, арсыз елмен әуре етті, жалғыз үйде күңірентті, тағдырға білдік көнгенді”, – деп ел-жұртын қанша қақпайлағанмен, ештеңе шығара алмайтынына, қанша айтса да қазаққа сөзінің өтпейтініне көзі жеткен хакім өз тағдырына көнгендей болады. Елі-жұртын қиып ешқайда кете алмай, дегеніне жете алмай, ұлы ақынның өмірі құсалықпен, жалғыздықпен өтеді. Бәрібір, сонда да халқынан күдерін үзбейді. Оны мына өлеңінен айқын аңғарамыз:
Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,
Түбін ойлап, уәйім жеп айтқанмын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып, түзеле ме деп айтқанмын.
Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,
Бірінің бірі шапшаң ұқпас сырын.
Көздің жасы, жүректің қаныменен
Ерітуге болмайды ішкі мұзын.
Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,
Ойланшы сыртын қойып, сөздің ішін.
Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді,
Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін.
Абайдың осы сөзі дәл бүгінгіге арналмаған деп кім айта алады. Бұл сөз, бүгінгіні қойып, келешекке айтылған сөз.
Халқын надандық шырмауынан, бодандық бұғауынан азат етуге ниет қылған Абай адаммен де, заманмен да арпалысып бақты. Қараңғы түнді қақ жарып сәуле төкті. Шалғай ауылда, Қарауылда – Шыңғыстауда отырып-ақ бүкіл қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Қазақтың жоғын жоқтай отырып, өз қазағын қатты сынады. Сынағанда жек көргендіктен емес, жаны ашығандықтан, күйінгендіктен сынады. Өз халқын сынай отырып, сүйе білді. Абай “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың, Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі – май, бірі – қан боп енді екі ұртың” деп күйзелді. “Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық” деп үйретті 38-ші қара сөзінде. Осының үшеуі де қазақтың басында әлі бар. Сөйтіп, ақын:
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын? –
деп аңдысқан елдің етекбасты әдетінен әбден шаршайды.
Абай өз халқын өркендеген елдің, пәтуалы елдің қатарынан көргісі келді. Алдағыны айнытпай болжады.
Көк тұман – алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп алдаған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.
Осы өлеңінде өзінен кейінгі сергелдеңге толы, намысы тапталған, ары жаншылған, қор болған қазақ тірлігінің екі ғасыры дәл болжалып тұр.
Абай – анық ұлттық, халықтық ақын, ғұлама ойшыл. Сол кездегі қазақ ауылының қоғамдық қалпын айна-қатесіз таныды. Оның диагнозын дәл қойып, айығудың да амалын дәл тапты. Абайдың көптеген өлеңдерінде (“Қартайдық, қайғы ойладық”, “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым”, “Күлембайға”, “Көжекбайға”, т.б.) надандық, даукестік, парақорлық, арамтамақтық, қазақ халқын билеп-төстеушілердің рухани жүдеулігі өлтіре сыналады. Отбасына, ата-анаға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, әсіресе, әйелге жаңа көзқарас қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет осы Абай шығармаларынан көрінеді. Қазақ әйелін, ананы – отбасының тірегі ретінде жырлайды, оның жанқиярлығын, даналығын, шын көңілмен берілген достыққа беріктігін, адал жанының тұтастығын мадақтайды.
Абай енжарлық пен жалқаулықты қатты түйреумен бірге өзіне дейінгі дидактикалық уағыз поэзиясының канондарын бұзды. “Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін”, “Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы”, “Біреудің кісісі өлсе қаралы ол” атты өлеңдері – осы айтып отырғанымыздың айқын дәлелі.
Поэзияда, музыкада, даналықта, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар берген Абай – қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеймін деген ұрпаққа таңғажайып тұлға. Ол – өз халқының тарихындағы тауға шыққан биік шынар, тамырын тереңге жайған алып Бәйтерек. Біз сол биік Бәйтеректі саялай да білуіміз керек, бағымызға туған Абайдай ғұламаның байтақ мұрасын аялай да білуіміз керек. Құранның сөзіндей болған ойларын бағалай да білуіміз керек.
Абай әлемі шексіз. Абай заман ағымын қатты сезінді. Ілгергіні болжады. Соған ыңғайлап қазақ халқын тәрбиеледі. Сөйтіп, ұлтының ұстазына айналды. Абайдың кез келген сөзі өнеге, әр сөзі өсиет. “Кісіге біліміне қарай болыстық қыл, татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады”, “Әкенің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың”, “Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың”; “Сократқа у ішкізген, Жанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, Пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал”; “Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол”; “Бағың өскенше тілеуіңді ел тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң – өзің ғана тілейсің”, – дейтін Абайдың дана сөздері мәңгі-бақи қазаққа қызмет ететін сөздер. Тек біз осыдан ғибрат ала білсек болғаны.
Абай Семейден ұзап шықпай-ақ жер-дүниені алақанындағыдай көріп-біліп отырды. Оның ойлары әлемдік ұғыммен, арғы-бергі замандардағы адамзат данышпандарының пікірімен ұштасып жатады. Сондықтан да Абай туралы түгесіп, тауысып айту мүмкін емес.
Абай әлем әдебиетінің ең озық үлгілерін өз ұлтының асыл қазынасына айналдырды. Гетені де, Пушкинді де, Лермонтовты да өз тіліне аударды. Пушкиннің Татьянасына қазақ қызының жанын салды.
Амал жоқ, қайттым білдірмей,
Япырмау, қайтіп айтамын.
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын, –
деп, Татьянаны Пушкиннің өзінен де аяулы етіп шығарды.
Абай Шығыс жұлдыздарын жоғары бағалады. Сөйтіп, өзі де Шығыс жұлдыздарының ішіндегі ең жарығына айналып, әлемге нұрын төкті.
Абайдың толғаныстары, ой-пікірлері әлем ойшылдарымен үндесіп жатады. Сонау жер түбіндегі Ясная Полянадағы Лев Толстойды Қарауылға шақыртып, Шәкәрімге хат жаздырды. Толстой қартайғанын айтып, келе алмайтынына өкініш білдіріп, жауап хат жазады. Біз бағалай түсетін Абайдың және бір құдыреті осында.
Бұл мақаланы жазғандағы мақсатымыз – ұлы Абаймен сырласа отырып, өз жүрегімізге, өз айналамызға үңіле отырып, ел тағдырына, ұлт тағдырына қатысты пайымдарымызды тағы да көңіл таразысына тартып, көпшілікпен ой бөліссек, ұлы ұстазымызға мұңымызды шақсақ дегендік еді.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.
Сөз қадірін Абайша түсініп, Абайша сезіну үшін үлкен жүрек, терең ой, кемел ақыл, ыстық сезім керек еді. Өлеңді – сөз патшасына теңеген Абай өзі де сөз патшасына, өлең құдіретіне айналарын сезген болуы керек.
Иә, Абай заманын біз қанша “надан” көргенімізбен, сөзге тоқтайтын, сөз қадіріне құлақ асатын, “айтылған сөз – атылған оқ” деп сөзді сертке балайтын заман болатын. Соның өзінде: “Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел!” –деді Абай. Бірақ тыңдаушыға көңілі толмады. “Тыңдаушымды ұғымсыз қылып тәңірім берген-ді”, – деп қиналады. Заманына асыл сөзін тыңдата алмай кеткен Абай мұрасына бүгінгі оқушы да терең бойлап бара алған жоқ. Бізді осы қинайды. Қиналғаннан болар, осыдан бірер жыл бұрын “Егемен Қазақстан” газетінің бетінде “Сөзді ұғатын кез келді” (25.01.2005) деген мақала жарияладым. Бірақ қазақ соған да құлақ асқан жоқ. Жалпы тыңдасын, ұғынсын деп айтқан сөзді тыңдамауға келгенде қазақ алдына жан салмайды. “Ылғи жарты қайран менің оқушым, оқымауға келген шақта – бүп-бүтін, түсінбеуге келген шақта түп-түгел!” – деп Жұмекен ақын да күңіреніп кеткен еді ғой.
Ендігі жерде Абай өсиет қылып, аманат етіп қайта-қайта айтып кеткен ұлттығыңды ұлықтау, ата-ананы ардақтау, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, жаманнан жирену, жақсыдан үйрену, әдептен озбау, өткенді игеру, ата салтын бойға сіңіру, сөзге тоқтау, қызға қырық үйден тыю – қазақ арасында бұлжымас заңға айналуы керек.
Ел ішінде бетімен лағып, жөнсіз сөйлеу, ғайбаттау етек алып барады. Күні кеше жұрттың абыройы, ар-ожданы, тәрбиеші-тәлімгері, мақтанышы, айбары болған жазушылар өзара айтысып, бірін-бірі даттауға көшті. Мұның өзі қанға сіңіп барады. Ақылманы, қариясы жоқ елдей болдық. Ақылшысы жоқ ел азады, иесі жоқ жер азады, қолдамаса ер азады, бір-бірімізді қолтықтап демеп, қолдап, жарасып жүрсек жарар еді. Қаны таза халық едік, жан тазарса, ар тазарса деп тілеймін. Жасамыстарымыз алжымай, дұрыс қартая білсе деймін.
Абай сөздерін қасиетті Құран сөзіндей қадірлеп, көңіл төріне орнықтырып, болашаққа нысана етіп, елдігіміздің еңсесін көтеруге пайдаланып отырмасақ болмайды. Абайды осы уақытқа дейін тыңдамай келген қазақ онысынан еш пайда тапқан жоқ. Абайдан қалған қазынаның қадіріне жете білуді көбірек ойлауымыз керек. Мен Абай өлеңдерін, Абай сөздерін өз тілінде оқи алмайтын жандарға жаным ашиды, олардың қаншама қазынадан құр қалғанын ойлағанда жүрегім ауырады.
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпты тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде одан басқа.
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдар, алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.
Данышпан Абай осылай дейді. Мынау жалған дүниеде бес күндік тіршілік үшін, ертең артта қалатұғын сай үшін, соятұғын тай үшін айтысып-тартыспа, боқтан өзгеге таласып қырқыспа, бір-біріңнің қадіріңді біл, “адамды сүй” деп анық айтып отыр ғой Абай. Амал не, Абай өсиетін орындап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырған елді әлі көре алмай отырмыз. Кейде өз қандасын сыртқа теуіп, жатты көрсе жорғалап жүргендерді көргенде көңілің су сепкендей басылып, құлазиды.
Туысқаның, достарың – бәрі екіұшты,
Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.
Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,
Бұл не деген заманға ісім түсті, – деп мұңаяды Абай.
Сөйткен Абай тағы да:
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын,оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма,
– деп, кейінгіге басу айтады. Біз Абай жүрегінің тереңіне қанша үңілсек те, оның жұмбақ жанының құпия сырына әлі бойлай алмай келеміз. Абайдың “алысып өткен мыңы” кім еді? Абайдың алысып өткені – өз заманындағы надандар мен тоғышарлар ғана емес еді, сонымен қоса адам бойындағы мың сан кесел мен кемшілік еді.
Абай жөнінде көп жазылды, көп айтылды. Кемеңгер Мұхтар Әуезовтен бастап Тәкен Әлімқұловқа дейін талай ойшылдар Абай турасында қалам тербеді, тербей береді де. Абайдың ұлы тағдыры әсіресе кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясында ғажайып суреттелген.
Абайды қазақтың тануы бар да, әлемнің тануы бар. Абай өлеңдері өзге тілдерге ойдағыдай аударылған жоқ. Аударылуы да мүмкін емес сияқты көрінеді маған. Абайды әлем Мұхтар Әуезовтің романы арқылы таныды. Әлемге таныту арқылы қазақты дүниеге танытып кеткен Мұхтар Әуезовтің аруағы алдында басымызды иеміз. Қазақ даласына ХІХ ғасырда аспаннан түскендей әсер еткен Абайдай алып тұлғаны Тәңірі халқымыздың бағына тудырған. Абайы бар елде арман жоқ. Біз енді сол қолда бар алтынды бағалай білсек болғаны.
Абай – қазақ поэзиясындағы ғашықтық жырлардың да ең озық үлгісін жасап кеткен ақын.
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да.
Дүниеде сенен артық маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.
Міне, Абай өзінің қолы жете алмай қалған ғашығына осылай ынтығады. Дүниеде өзіне Тоғжаннан артық жар табылмайтынына мойын ұсынады. Абайдай ұлы жүректің қасіреті де, ғашықтық дерті де ұлы. Аспанда ай мен күн шағылса да жарқ етпестей қара көңілі Абайды ой тұңғиығына тарта түседі. Өмірінің өріне шыққанда “көңілім қалды достан да, дұшпаннан да” деп күңіренетін ақынның жан күйзелісінің басы осы Тоғжаннан айырылған махаббат мұңында жатыр. Абай түңілуі мезеттік түңілу емес, жақсы мен жаман, арамдық пен адалдық, көлеңке мен күншуақ алмасып, арбасып, айқасып жататын, опасынан гөрі опасыздығы басым мынау фәни дүниенің жалғандығын терең сезінуі еді.
Сүйген жүрек үшін махаббат азабынан ауыр азап жоқ. Абай алғашқы махаббаты Тоғжанды қимайды. Бірақ айырылмасқа амалы болмайды. Сонда да:
Айттым сәлем, қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас,
– деп Абайдың ғашық жүрегі жай таппайды, сыздайды. Абай сияқты жігіттің төресіне, азаматтың асылына Тоғжанның да өлердей ғашық болғаны аян. Еріксіз ұзатылар алдында шарасы таусылған Тоғжан ел ағаларынан көмек сұрай отырып, Абаймен қоштасу зарын шығарады. Ел ішінде Тоғжанның зары елуінші жылдарға дейін айтылып келген. Алайда, келе-келе ұмытыла бастайды. Бұл зар “Тоғжанның сыңсуы” деп те айтылыпты. Кезінде Тоғжанның осы әнінің жұрнағын өмірден ерте кеткен әншіміз Жәнібек Кәрменов халық арасынан тауып алады. Алайда, ұмытылған сөзінің алғашқы “Кертаудың ат байладым аршасына, сәлем де Тобықтының баршасына” деген екі жолынан басқасы табылмаған. Сөйтіп, Жәнібек Тоғжанның сөзінің жалғасын қазақтың белгілі ақыны Несіпбек Айтұлына қайта жаздырады. Міне, осы Несіпбек жазған сөздің негізінде Тоғжанның сыңсуын композитор Ермұрат Үсенов оркестрге түсіреді.
Кертаудың ат байладым аршасына,
Сәлем де Тобықтының баршасына.
Екеуміз екі таудың киігі едік,
Қалмасын біз бейбақтың көз жасына, – деп басталады әннің сөзі.
Абайдың махаббат лирикасы өзінің терең жан тебіренісінен шыққан шынайылығымен, тұнықтығымен, пәктігімен баурайды. Бүгін табысып, ертең ажырасып жататын жастар Абай өлеңдеріне тереңірек зер салса, Абай жырлаған махаббаттан үлгі алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Табиғатынан ерекше туған Абай ерте есейеді. Ел ішіндегі қым-қуыт қайшылыққа толы уақиғалар жас Абайды алаңдатады. Елдің ертеңі үшін ойға түсіп, ақындық азабын шегеді. Отаршылар еркін бойлап, азып-тоза бастаған дала тіршілігі Абайдың жан-дүниесінің астаң-кестеңін шығарады. Асқақ рух, алаңсыз еркіндігінен айырылып, мойнына құрық түскен қазақ тағдыры өзегін өртейді. Ел басқарып жүрген атқамінерлердің тірлігіне ашынады. Ашынғандықтан ашулы өлеңдер мен әндер шығарады.
Абай әндері асқақтығымен, намысыңды жанитын өткірлігімен, тереңдігімен, сөздерінің салмақтылығымен ерекше. “Бойы бұлғаң” әнінде:
Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң,
Кімді көрсем мен сонан,
Тұра қаштым,
Қатты састым,
Бетті бастым жалма-жан –
десе, “Сегіз аяқ” өлеңінде:
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде, – деп торығады.
Абай ел болудан қалып бара жатқан, етек басты, ошақ қасы тірліктің, хас надандықтың шырмауына түскен айналасынан түңіледі. Түңіледі де:
Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының,
Жалғыз қалдым тап шыным! –
дейді. “Мен ішпеген у бар ма?” – дейді Абай тағы да. Абайдың ішкен уы, тартқан азабы, шеккен қасіреті – бәрі де, өкініші, қазақ арасынан табылды. Оның бәрі де қазақтың денін жайлаған дерт, жегі құрт еді. Алды-артын тіреп тұрған, байлығы асып-тасқан аға сұлтан Құнанбай шонжардың баласы Абайды осыншама қайғыға салған, ойын ойран қылған, дүниеден түңілдірген қандай қасірет деушілер де болған өз заманында. Абайдың қайғысы – азаматтық қайғы, ел қайғысы еді.
Абайдың бойындағы ел дертіне – жанындай жақсы көрген, текті боп туған балаларының бірінен соң бірі өлген қайғысы қосылды. Ақын жүрек мұның бәрін көтере алмады. Жан азабын кешті. Сөйтіп, қайран арыс өмірден ерте кетті.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде – ұйқың.
Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртың.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың,
– деп толғанады Абай. Абай айтқан қазақтың қолынан кеткен “ырық” ол береке-бірлік еді. Береке-бірлігі жоқ елдің бостандығы да жоқ. Бірін-бірі сатқан атқамінерлер ел іргесін қашанда қиратып тынатыны белгілі. Тәуелсіздікті тайраңдау деп түсінетін таяздар да жоқ емес. Бүгінде де ел қамын ойлаудан гөрі, оңай келген байлықтың буына мас болып, тәуелсіздіктің қадірін білмей, бас-басына би болғысы кеп, ел байлығын сыртқа тасып жүргендерді көргенде көңілің су сепкендей басылады. Мұңаясың да: “Қайран бабам-ай, осының бәрін қалай болжағансың?” – деп аруағына тағы да бас иесің.
Осы күні материалдық байлықты мұрат көріп, рухани қазынадан мақұрым қалғандар саны көбейіп бара жатқан секілді көрінеді маған. Әрине, байлық керек, бірақ сол байлық рухани дүниеге, парасатқа, кісілікке қызмет етсе, халыққа пайдасын тигізсе, отбасыңнан бастап Отаныңа сүйеу болса қайтер еді! Шетел казиноларында, қызойнақтарда шашылған ақшаларды естігенде төбе құйқаң шымырлайды. Бұған тыйым ең әуелі – өзіңнің ар-ұятың.
Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,
Сұм нәпсің үйір болса, тез тиылмас.
Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,
Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас.
Асаған, ұрттағанға ез жұбанар,
Секілді дәулет емес сен қуанар.
Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,
Қардың суы секілді тез суалар.
Абай осы сөзін дәл бүгінгілерге айтып отырғандай. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктен соңғы өтпелі аласапыран тұста ел ырзығын еншілеген, байлықтың буына масайып, білгенін, ойына келгенін істеп жүргендер де аз болған жоқ. Мұны да көргенбіз. Олар әлі де бар.
Абай қашанда тазаруға, адамдық атын жоймауға, бауырмалдыққа, әділеттілікке шақырады:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және сүй, хақ жолы деп әділетті.
Хақ жолындағы Абай осылай адамзат биігіне көтеріледі.
Абай молда-ишандарды да сынайды: “Молдалар тұра тұрсын, хусусан бұл заманның ишандарына бек сақ болыңдар. Олар – фитнә ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Өздері хүкім, шариғатты таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін, өзі әһіл тариқат біліп және біреуді жеткізбек дағуасын қылады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлардың жеткізбегі мұхал, бұлар адам алдаушылар, хаттә дінге де залалды. Бұлардың сүйгені – надандар, сөйлегені – жалған, дәлелдері – тәсбиғы менен шалмалары, онан басқа ешнәрсе жоқ”. Осы сөздерді біз Абайдың 38-ші қарасөзінен оқимыз.
Қасиетті ислам дінін жамылып, өз пайдасын күйттеген дінбасылары қай заманда да болған. Дінді қор қылма, халықты таза жолдан тайдырма дейді ұлы ұстазымыз. Абайдың осы бір терең сөздері бүгін де күн тәртібінен түскен жоқ. Қазір де кейбір дін айналасындағылардың қажылықты парыздан гөрі атақ-дәреже көріп жүргендері аз емес. Тіпті қажылықты қаржы табудың көзіне айналдырып алғандары да бар. Бүгінде неше түрлі ағымдағы діндерді насихаттап, ел ішін ала тайдай бүлдіріп жүргендер де жетеді. Дін мен дәстүрді шатастыра бастадық. Мұсылмандықтың атамыз қазақ қабылдаған ақ жолын бұрмалап, дәстүрді жоққа шығарып, ата-бабаңды, аруақты ауызға алма деушілер көбейді. Қазақ бір Аллаға сыйына отырып, аруағын да қасиет тұтқан халық. “Иман екеу емес, біреу” дейді 38-қарасөзінде Абай. Менің ойымша, Абай айтып отырған “Иман” – ол бүкіл адамзатқа ортақ ар-ұждан. Сондықтан да ол – біреу. Абайды хакім, адамзаттың ойшылы дейтініміз де, міне, осыдан.
Кейінгі кездері Алланы Аллах деп айту әдетке айналды. Абайдың асыл мұрасын қанша ақтарып оқысаңыз да Аллаһ деген сөзді кездестіре алмайсыз, үнемі Алла деп жазады: “Алланың өзі де рас, өзі де рас, Құран рас, Алланың сөзі дүр”, “Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ”, “Алланың, пайғамбардың жолындамыз”, “Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер”. Міне, Абай осылай жазады. Осы күндері Ұлы Жаратушының атын Аллаһ деушілер көбейді. Қазақ ешқашан “Иншаллаһ”, “Жасаған Аллаһ”, “Жаратушы Аллаһ”, “Аллаһтан тіле” деп айтқан емес. Мұны былай қойғанда қазақ бағзы заманнан бері Иисусты – Иса, Моисеейді – Мұса, Саломонды – Сүлеймен, Давидты – Дәуіт атап келді емес пе? Сондықтан да ғасырлар бойы елдің санасында қалыптасқан халықтық ұғымды бұзудың жөні жоқ. Жасаған Иемнің тоқсан тоғыз атының бірі Алланың сан ғасырлар бойы қазақ санасындағы осы атын сақтағанды жөн деп білемін. Мұның жақсы үлгісін Қазақстан мұсылмандарының басшысы, көрнекті ғалым Әбсаттар Дербісәлінің соңғы жылдары жазған мақалалары мен сұхбаттарынан анық көріп жүрміз. Қоғамда Абайды жат дінге телушілер де табылып жүр. Бұл адамның ақылына сыймайтын нәрсе. Бұған үзілді-кесілді тойтарыс беруіміз керек. Кришнаит қайда, Абай қайда. Бұл Абайға ғана емес, тұтас бір ұлтқа жағылған күйе. Біз қашанда Абай-Ислам делінетін егіз ұғымды ажыратпай, бірлікте, тұтастықта қарастыруымыз керек.
Абай – өткен мен өз заманын салыстыра отырып, артына ұлы өсиет қалдырған хакім. “Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым” дейді Абай. Абайдың хакімдігі оның әр сөзінен, әр өлеңінен білінеді.
Осыдан жүз жыл бұрын Абай қазақ намыстан, ар-ұяттан, береке-бірліктен айырылды деп күңіреніп еді. Біз сол Абай айтқан намыс, ар-ождан, береке-бірлікпен қоса, тілімізден, дінімізден, қайырымдылықтан, мейірімділіктен айырылып қала жаздадық. Бүгінде халық қамын ойлайтындардан қарын қамын ойлайтындар көбейді. Елдің елдігін сақтап тұратын – намыс. Намыссыз жұрт елін де, жерін де қорғай алмайды. Көрінгеннің шылауында кетеді. Міне, Абай өле-өлгенше осыны айтып кетті.
Абай қазақтың өзара қырқысқа келгенде алдына жан салмайтындығына, сырттан жау келсе, басы қосылмай бара жатқанына ызаланады. “Сенісерге жан таба алмай, сенделеді ет жүрек” деп түңіледі өз ортасынан.
Қазақтың қасіретін бір кісідей тартқан Абай “Тоғызыншы қарасөзінде” бұл ойын тереңдете түседі:
“Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уа, әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, я көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді. Ондайым жоқ. Егер жек көрсем – сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, “не қылды, не болды?” демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ.
Мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, яки бөтен себептен бе, – білмеймін. Сыртым сау болса да ішім өлім қалыпты”. Абай қанша түңілсе де өз елін тастап, көшіп қайда барады дейсің, көшкен жоқ, жаман істерін жек көре тұрып жанындай жақсы көретін, жамандыққа қимайтын өз жұртының ішінде ғұмыр кешті. Абайдың ел үшін күйіне отырып, өз елін қаншалықты құлай сүйетіндігін, соншалықты жаны ашитындығын осы сөзінен де анық көреміз.
Ал, біз осы елді Абайша сүйіп, ел үшін Абайша күйіп жүрміз бе? Ел үшін шырылдаған боп жүргендердің де көкейіндегісін жұрт жақсы біледі. Біз елді сүюді, ел үшін күйінуді Абайдан үйренуіміз керек. Ұрпақты да Абай үлгісіне үйретуіміз керек. Сонда біздің ынтымақ-бірлігіміз де күшейеді, берекеміз де кіреді, дәулетіміз де молаяды.
Абай ең алдымен ел болуды, қазақтың қатардан қалмауын аңсады. Иә, Абай арманы орындалды. Тәуелсіздік алдық. Ел қатарына қосылдық. Іргелі мемлекет құрудамыз. Әлем қауымдастығына мүше болдық. Дамыған елу елдің қатарына қосыламыз деген мақсатымыз да Абай арманымен ұштасып жатыр. Бірақ, Абай айтқан келеңсіз қылықтардан қазақ арылып болған жоқ. Абай айтқан “баяғы жартас бір жартастың кебін” әлі де киіп отырған сияқтымыз. Жалқаулық, алауыздық, өсекшілдік, билікшілдік күні бүгін де бар. “Заман ақыр жастары, қосылмайды бастары”, “Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып”, – деп Абай айтқан сүйекке біткен кесел әлі бойымызда жүр. Абай айтқандардың үстіне, бүгінде тіл азабы, ұлтсыздық азабы, миссионерлер мәселесі қосылды. Жақсының етегіне жармасу әлі де жалғасып келеді. Тіпті осы айдың-күннің аманында әлем мойындаған, қазақ халқының рухани алтын тірегі Абайдың өзіне жармасып, Абайды ақын емес, ойшыл емес деген арсыз сөздерді айтушылар басқа емес, өз арамыздан шығып отырғанына не айтасың. Жүкешов, Нұрғалиев дегендердің сандырақтарын оқып қайран қаласың. Байбота Қошым-Ноғай деген ініміз өткен жылы “Алтын орда” газетінде классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповке жармасып еді, таяуда “Қазақ әдебиеті” газетінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің “Қан мен тер” романы туралы көңілге қонымсыз сөздер айтыпты. Жарайды, Абайды өз заманы түсінбеді делік. Олар Абайға қол да тигізді. Жұдырық сілтеді. Намысын таптады. Сол қазақ кеше Алаш арыстарын көгенге тізіп, көзін жойғанда да шыдап отырды. Уақыт солай еді деп ақталатын шығармыз. Ал бүгін ше? Абайдың аруағымен алысатындай басымызға не күн туды? Абай қайсымыздың жолымызға кесе-көлденең тұрды? Әр нәрсенің жөні болады. “Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады” дейтінді де, “Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін” дейтінді де ұмытпауымыз керек. Аруақтан қорықсақ керек етті. Өз намысымызды өзіміз таптамасақ етті. Өз дәрежемді көтерем деп аруақ аттап, ауызға келгенді айту барып тұрған әдепсіздік.
Абай әлемі тұңғиық. Біз Абайдың мұхиттай терең ойларына қаныға түсуіміз керек. Заман, қоғам жайында, адам жайында толғанғанда да біз бұрынғы даналарымыздың пікірлерімен санасып отыруымыз керек.
Абайдың өзі өлгенмен сөзі өлген жоқ. “Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған”, – деп кемеңгердің өзі айтқандай, Абай – артына өлмейтұғын сөз, өнеге, өсиет қалдырған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ғасырдан-ғасырға асып, туған халқымен бірге жасаса беретін кемеңгер.
Сырт қарағанда Абайды білмейтін қазақ жоқ секілді. Көзімізді ашқаннан Абай есімі жадымызда, бейнесі көз алдымызда. Мектепте Абайды оқып өстік. Қала сайын Абай атында көше бар. Абай атында қала, аудан, ғылыми институт, университет, көптеген театрлар, мектептер бар. М.Әуезовтен бастап Абай жөнінде қалам тартпаған ақын-жазушы жоқ. Абай жөнінде кино және басқа өнер шығармалары да жеткілікті. Ақын әндері күн сайын шырқалып, кітаптары қайта басылып шығып жатыр.
Иә, Абайды білетін сияқтымыз. Ал шынына келсек, Абайды білдік, таныдық, тереңіне бойладық деп айта алмаймыз. Біз Абайды терең танып-білуге талпынбадық демейміз. Талпындық, талаптандық. Өкініші, бойымызға сіңіріп, зердемізге қондыра алмай келеміз. Абайдың мұңы, Абайдың зары – халықтың, ұлттың зар-мұңы. Ел болудың, ұлт болудың қағидасы, қам-қаракеті екенін терең ұғына алмай келеміз.
Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос! – дегенді де айтқан Абай.
Абай заманындағы қазақтан қазіргі қазақ көп өзгере қойды деп айту да қиын. Алауыздық, пасықтық, көре алмаушылық, топшылдық, қиянатшылдық, дүниеқорлық, өзгеге жалпақтап, өзіңді менсінбеу, жайдақтық, жалтақтық, билікке, мансапқа құмарлық, сатқындық, надандық әлі де ұлтымыздың бойынан арылмай келеді, ұлтымыздың айықпайтын дертіне айналғандай.
Абайдан сөз қалмаған. Қазақтың табиғаты, болмысы, қайтсе адам болатыны жөнінде айтқан ұлағатты сөздерін бойға, санаға сіңіру, ұлы ақынның бай мұрасынан ғибрат алу бұрынғыдан да бүгін керегірек болып тұр. Сондықтан да күн сайын Абай рухымен сырласып, кейде тіпті, ол кісімен мұңдасып, елдігіміздің, ендігіміздің жайын кеңірек ойласып отырғанымыз дұрыс болады.
“Абай – қазақ халқының рухани көсемі” деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев. Абай расында халқымыздың рухани көсемі. Абай қашанда қазақ халқының рухани ұлы көшінің басында. Абай сөзі, Абай әндері мәңгі жаңғыра, жаңара бермек. Сүйегі Жидебайда жатқанымен, оның жырлары әсем Астана төрінде күн сайын айтылып, әндері күн сайын шырқала беретініне күмән жоқ. Абайды құрметтеу – өзіңді құрметтеу, Абайды қастерлеу – ұлтыңды қастерлеу деген сөз. Мұның бәрі де Абайға емес, бүгінгі өзімізге, жалпы қазаққа, келешекке керек әңгіме.
Тарихты тұлғалар жасайды. Біз Абай, Махамбет, Жамбыл секілді асылдарымызды бүкіл ұлт қазынасы, абыройы деп ұғынуымыз керек, Мәселен, қазір осындай асылдарымыздың мерейтойын өткізгенде бар салмақты сол ұлылардың туған облысына салып жүрміз. Бөлу, бөліну деген осыдан басталады. Біз мұндай ұлыларымыздың тойын мемлекетіміздің мерейінің тойы деп ойлауымыз керек. Мұндай іс-шаралар ұлтымызды бөлуге емес, біріктіруге, мемлекеттік, ұлттық мүдде төңірегіне топтастыруға қызмет етуі керек. Алда, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Абылай ханның 300 жылдығы келе жатыр. Ел іргесін бекітіп, өткені мен болашағын таразылайтын мұндай іс-шараларға жақындағанда емес, дайындық жұмыстарын күні бұрын жасаған жөн.
“Қазақтың бас ақыны Ұлы Абайдың өлген күнінен қаншама алыстасақ, рухына соншама жақындаймыз. Халқымыз үнемі бұл күйде тұра бермес, ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артар. Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар...” деген екен Алаштың ардагері Міржақып Дулатов. Қандай дәл, әдемі айтқан арысым!
Бүгінде Абай туралы тың ой, жаңа сөз айту да қиын. Әңгіме Абай туралы жазуда, Абай жайында сөз айтуда да ғана емес, Абайды оқып, ұғына білуде, Абай сөзіне құлақ аса білуде, Абайды жан-тәніңмен бойға сіңіре білуде. Абайды ғана емес, бағзы замандардан бері үзілмей келе жатқан даналығымызды, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді бабалар сөзін, Асанқайғы, Қазтуған, Ақтамберді, Махамбет, Мұрат, Дулат, Жамбыл, Мұқағали мұраларын жаттатып, жас ұрпақтың санасына ұғындыруды парызымыз деп есептеуіміз керек. Мұның өзі түптеп келгенде қазақты қазақ ұғыну, қазақты қазақ түсіну деген сөз! Қазақты сырттан келіп ешкім жарылқамайды. Қазақты жарылқаса тек қазақ қана жарылқайды.
“Ей, Түріктің бектері, халқы! Сендер алауызсыңдар, таққа кіріптарсыңдар. Ағалы-інілінің дауласқандығынан, бекті-халқының жауласқандығынан, дұшпаныңның сөзіне алданғандығыңнан қағандығыңнан, елдігіңнен, төріңнен, билігіңнен айырылдың. Жер-жерге босып сандалдың. Біресе ілгері шаптың, біресе кері шаптың, барған жерде не пайда таптың? Бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды. Түрік халқы, өкін!”
Сай-сүйегіңді сырқырататын осы сөздерді Күлтегін ескерткішінен оқимыз. Басынан кешкендерін мәңгі өшпестей етіп жүрегінің қанымен, көзінің жасымен бабалар тасқа осылай, қашап жазып кеткен. Абайдың да айтып, Алладан тілегені – сол халықтың мызғымас бірлігі, жарасқан ынтымағы еді. Алла қазаққа ынтымақ, береке берсін.
Әдебиеттер:
1. Әуезов М., Абай жолы романы, 3 том, -Алматы: Жазушы, 2002
2. Бітібаева Қ., Әдебиетті оқыту әдістемесі, -Алматы: Рауан, 1997
3. Омаров Д., Абайтану, Алматы: Мектеп, 2002
4. Тасболатұлы Қ., Қазақ әдебиеті пәнін оқытудың әдіснамалық негізі, -Тараз: 1999
Тіркеу формасы
1. Тегі аты-жөні: Сманова Назым Қалдыбайқызы
2. Мекеме: Керімбай атындағы №12 мектеп-ресурстық орталығы
3. Мекен-жайы: Рахимов көшесі 360
4. факс: 8(3262)43-80-77
5. Мақала тақырыбы: Абай жолы романындағы тарихи шындық эволюциясы
6. Секция: 2
Мен
Секция мәжілісінде баяндамамен сөз сөйлеуді қалаймын.