Жәрдемақы

Скачать

Жәрдемақы мөлшерінің бірнеше еселеп артуы көңілді қуантады. Себебі дәл осы топтағы адамдарға мемлекеттің қамқорлығы өте қажет. Ұлы Отан соғысына қатысушыларды, соғыста мүгедек болып қалғандарды, соғыстан оралмағандардың отбасыларына көмек көрсетіп қорғау біздің негізгі парызымыз. Соғысқа қатысқан ардагерлердің мемлекетімізге және егемендігімізге қосқан үлесіне баға жетпейді. Олар өз Отанының тәуелсіздігі үшін жанын аямаған батырлар. Соғысқа қатысқан жауынгерлердің көбісі майдан алаңдарынан қайтып оралмады. Бірақ қазіргі ұрпақ олардың ерлігін мәңгі үлгі тұтып жүрегінде сақтайды. Біз ардагерлердің алдында тағзым етіп бас иеміз және әр уақытта қадірлеп силап өтеміз. Ардагерлерді қорғап қамтамасыз ету біздің басты міндетіміз.
Соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер деген атпен белгілі , әсіресе Ауған соғысында қаза тауып оралмағандар жанұяларының және қатысушылардың құқықтары әлі күнге толықтай шешілмей отырғандығы бізге құпия емес. Сондай-ақ оларға көрсетілген қамқорлықтың қажеттілігі өркениетті өмір заңы.
Чернобыль АЭС-індегі апат зардабын жоюға қатысушылар жәрдемақысының төмендігі бұрын көп айтылатын. Бұл өзекті мәселені шешу үшін Елбасы осы топтағы азаматтардың жәрдемақысын төрт есеге арттыру дұрыс ұйғарымы шындығында да қолдарлық әрі қуанарлық жай.
Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап әлеуетті құрлымдардың зейнеткерлері үшін зейнетақы мөлшерінің бір жолғы сараланған өсімі жүргізіледі. Жасы келген зейнеткерлерді мемлекет өз қамқорлығына алып, барынша қамтамасыз етіп жатыр деп толық сеніммен айта аламыз.
2007 жылдан бастап зейнетақылық және әлеуметтік төлемдерді ағымдағы айдан кешіктірмей төлеуді жүзеге асыруға көшу керектігі айтылды. Бұл мақсатты іске асыру үшін шамамен 30 миллиард теңге бөлінеді.[1] Бұл дегеніңіз азаматтардың әлеуметтік және зейнетақылық төлемдерді кешіктірусіз уақытылы алып тұруы.
2005 жылдан бастап денсаулық сақтау саласын дамыту мен реформалау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда. Бұл стратегиялық бағыттың дұрыстығы мен тиімділігі анық. Отандық денсаулық сақтау саласы сапалы жаңа сатыға көтерілгелі тұр. Жолдауда денсаулық сақтау саласын ұйымдастыруда осы заманғы қағидаттар мен стандарттарға көшу жөнінде баяндалған. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін биылғы жылы осы саланың заңнамалық және әкімшілік реформалар пакетін іске асыру жөніндегі жұмыстарды аяқтау керек деді Президент. Сонымен қатар Елбасы Қазақстанды ең жоғары деңгейдегі осы заманғы клиникалар құру мен оларды басқару үшін шетелдік жетекші компанияларды тарту қажет деп санайды. Халқымыздың «Денсаулық – зор байлық» деген мақалн негізге алған Елбасы денсаулық сақтау саласын дамытуды бастады. Елдің басты байлығы – халық денсаулығы мен дені сау ұрпақ.
Тағы бір іргелі мәселе жеке сектордың әлеуметтік қызмет көсету жүйесін қамтамасыз етуге, әсіресе білім алу мен жаңа мамандықтар беру ісіне қатысуы, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік тұрақтылықтағы жауапкершілігін күшейту. [2] Бизнес өкілдері көмекке зәру әлеуметтік топтарға көмек беруі керек. Бұл жөнінде ұлттық компаниялар мен ірі инвесторлар қайырымдылық шараларына, білім, денсаулық сақтау, спорт пен мәдениет жобаларына қаржы бөлу, әлеуметтік жағынан қорғаусыз азаматтарға нақты қолдау жасау арқылы үлгі көрсетуде. Шетелде мұндай жағдай бизнес өкілдері үшін үйреншікті жағдай, осындай жағымды жаңалықтарды бізге де енгізу керек. Жолдауда Н.Ә.Назарбаев: «Экономика үшін білікті кадрлар даярлау саласында бизнес пен білім беру жүйесінің қызметі компаниялар үшін де, тұтастай алғанда бүкіл еліміздің мүддесі үшін де пайдалы болмақ»-деді. [3] Бұдан түйетін ой-бизнес пен білім серіктестігі барлық тараптар үшін тиімді.
Әлеуметтік саясаттың өзегі-халықты жұмыспен қамту бағыты. Еңбекке жарамды азаматтар мүмкіндігінше көбірек жұмыспен қамтылғаны абзал. Азаматтар толығымен жұмыспен қамтылса қоғамның да, мемлекеттің де жағдайы жақсара түсері анық. Қазіргі уақытта жұмыссыздық мәселесі әлемдегі өзекті проблемаларға айнала бастағанын ескеру керек. Біздің елде кейбір шетел мемлекеттеріндегідей жұмыссыздыққа байланысты келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін жұмыспен қамту саясатын дұрыс жолға қою керек.
Жұмыссыздықты азайту үшін мемлекетіміз көптеген шаралар атқарып жатыр. Мысалы, азаматтарға қолдау көрсетудің мемлекеттік жүйесі олардың қайта оқып үйренуі мен жаңа кәсіпті игеруіне ынталандыруда. Әлеуметтік қызмет көрсетудің мемлекеттік стандарттарын енгізу, әлеуметтік қызмет көрсету ісімен шұғылданатын ұйымдардың қызметін міндетті түрде лицензиялауды кіргізу және олардың жұмысын тіркеу керектігін Елбасы айтып өтті. [4]
Үш жылдан бері елімізде тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылуда. Президент Н.Ә.Назарбаев: «Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы- ел экономикасының локомтиві»-деп өте дұрыс байқаған. 2005 жылдың өзінде ғана қаржыландырудың барлық көздері бойынша бағдарламада көрсетілген 3 миллион м2 орнына 5 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал бұл 2004 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,8 есеге көп. Ипотекалық несиелеу жүйесі бойынша тұрғын үй сатып алуға табысы жетпейтін азаматтар үшін тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесін одан әрі дамыту керектігі өмірлік маңызы бар мәселе. Қазақстан азаматтарын мүмкіндігінше тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін кемшіліктер мен табыстарды толық саралап, тұрғын үй бағдарламасына түзетулер енгізу керектігін Президент Н.Ә.Назарбаев тілге тиек етті.
Елбасы Жолдауында: «Бізге осы заманғы көші-қон саясатының тұжырымдамасы керек» [5] - екендігін атап өтті. Қазаргі кезде елімізде қалыптасқан қолайлы әлеуметтік-экономикалық ахуал шетелдік, әсіресе Өзбекстан мен Қырғызстандық жұмыс күшінің ағылуына себеп болып отыр. Осыған байланысты Президент Н.Ә.Назарбаев үкіметке басқа елдердің тәжірибелерін ескере отырып, республика аумағында жұмыс істеп жүрген заңсыз еңбек мигранттарын ішкі істер органдары мен басқа да тиісті ведомстволарда тіркеу арқылы заңдастыру жөніндегі бір реттік акциялар өткізудің тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Біздің мемлекет өз жұмысшыларының мүддесін қорғауы керек. Мамандығы жоқ жұыскерлердің орнына республикамызда тұрақты негізде жұмыс істей алатын жоғары білімді жұмысшы - мамандарды тарту керек. Олардың бізге берері көп. Бірақ сонымен қатар отандық жұмысшыларымыздың біліктілігі мен кәсіпқойлығын арттыру бірінші орында тұруы керек.
Тағы бір жағымды жаңалық-біздің ел енді оралмандарды арнаулы орталықтарда алдын ала дайындау, қоғамымызға бейімдеу мен кіріктіру үшін жағдай туғызу керек. Басқа елдердің тәжірибесін қолданып, оралмандарды кәсіпкерлікке баулып, тіл үйретсек, олар жаңа жағдайға қиындықсыз тез бейімделетін болады. Үкімет 2006 жылы оралмандардың білімі мен біліктілігін ескере отырып, оларды иммиграция квотасына енгізудің объективтік өлшемдерін әзірлейді.
Әлеуметтік саясат мәселесіндегі тағы бір маңызды бөлігі білікті ұлттық кадрларды жұмысшы мамандықтары бойынша оқыту және кәсіби жағынан даярлау жөніндегі үкіметке жүктелген бағдарлама. Бұған біз кәсіби–техникалық және жоғары білім беру мекемелері жүйесі арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Бұл игі іске ұлттық компаниялар мен бизнеске өз септігін тигізуі міндетті.
Экономиканың дамуына қолдау көрсететін осы заманғы әлеуметтік саясатқа қол жеткізер тағы бір арна-салық мөлшерін азайту. Жолдауда осы мақсатты іске асырудың нақты мерзімдері мен азайтылатын пайыз мөлшерлері көрсетілген. 2007 жылдан бастап қосымша құн салығының нақты ставкасы 1%-ға, ал 2008-2009 жылдары қосымша тағы да 1-2%-ға азайтылады. 2008 жылдан бастап әлеуметтік салық шамамен 30%-ға азайтылады. Ол өз ретінде жұмыс берушілерді жұмысшылар жалақысын көтеруге ынталандыру керек. 2007 жылдан бастап, барлық жеке тұлғалар үшін табыс салығының 10%-дық белгіленген мөлшерлемесі енгізіледі. Еңбек ақысы аз жұмысшылар санатының табыс деңгейін сақтау мақсатында айлық есептік көрсеткіштің орнына олардың салық салатын табысынан ең аз жалақы мөлшерін алып тастау ұсынылды. Ал 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын бизнес субъектілері үшін салық салудың кемітілген бірыңғай мөлшерлемесі жүргізіледі. [6]
Өз сөзінде Президент Н.Ә.Назарбаев: «Қымбатты, қазақстандықтар! Экономикалық игілімізді арттыра түскен сайын біз әр кезде түрлі жағдайларда өздерінің туған елі үшін қажет болғанда өмірі мен денсаулығын қиған жандарды, олардың отбасылары мен жақындарын ешқашан естен шығармауымыз қажет. Қазақстан да олардың алдындағы өзінің әлеуметтік жауапкершілігін ұмытпайды.»- [7] деген терең ой айтты.
Біздіңше әлеуметтік саясат мәселесінің ел өмірінде алар орны ерекше және де маңызы зор екені ақиқат. Мемлекет үшін халықты әлеуметтік қамтамасыз ету-әрқашан басты міндет. Біздің ел осы тұжырымдама аясында, іргелі де тиімді саясат жүргізуде. Оған дәлел 2002 жылдан бастап 2006 жылға жоспарланған шығынды қоса есептегенде, республикалық бюджетте әлеуметтік көмек көрсету мен әлеуметтік қамтамасыздандырудың жыл сайынғы шығыны 160 миллиард теңгеден 362 миллиард теңгеге дейін, яғни екі еседен астамға өсуі.
Қорыта келгенде, Қазақстан қоғамын модернизациялаудағы саяси-экономикалық бағытымыздың негізгі басымдықтары мен құрамдастары айқындалып отыр. Оңды таңдалған әлеуметтік саясат- мемлекет ішіндегі тұрақтылық пен қоғамдағы тыныштықтың кепілі. Жас және көп ұлтты Қазақстан үшін ең бастысы- тыныштық пен татулық. Осы ретте Ресей Президенті В.В.Путиннің айтқан сөзін келтіргім келеді. В.В.Путин: «Ресейде сізді біздің еліміздің шынай досы, екіжақты қарым-қатынастардың бай дәстүрлерін нығайтудың, көп қырлы, өзара тиімді Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын тиімді де серпінді дамытудың табанды да белсенді жақтаушысы деп біледі. Біздің жеке тығыз достық қарым-қатынасымызды да жоғары бағалаймын. Сіздің күш- қуатыңыз бен жігеріңіз, мемлекеттік және саяси қызметтегі бай тәжірибеңіз алдағы кезде де Ресей мен Қазақстанның тату көршілігі мен стратегиялық әіріптестігін дамытуға қызмет ете береді деп сенемін.» [8] - деген түйінді ой айтып, Нұрсұлтан Әбішұлының тұлғалық және көшбасшылық қасиеттерін сипаттады.
Елбасымыздың тұрақты да тиянақты саясатының арқасында еліміз бүгінгі жетістіктеріне қол жеткізді. Еліміздің осындай жоғары даму дәрежесіне жетуінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі зор. Елін сүйетін және халқы үшін жанын аямайтын Нұраға- еліміздің маңдайына қонған бақыты деп білеміз.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев мемлекетіміздегі жағдай мен ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауы биылғы жылдың басты жоспары, болашағымыздың кепілі. Жолдаумен таныса келе арқасында халықтың өз болашағына деген сенімі беки түспек. Биылғы Жолдау жұртшылықты қуантып, серпілтіп және де батыл шараларға жігерлендіріп әкеткендей. Осы Жолдауды іске асыруда бағдарлы да мақсатты, нәтижелі жұмыс жасауға әр Қазақстан азаматының үлес қосары анық. Қазақстан жастары Президент Жолдауының іске асуына, Қазақстан Республикасының патриот азаматтары ретінде өз үлесімізді қосамыз, әрі оны жүзеге асырамыз деген нақты сенім бар!


Скачать


zharar.kz