Қыстыгүні көлдер мен өзендердің беттеріндегі су қатып, қатты күйге – мұзға айналады. Мұздың астындағы су сұйық күйінде қалады. Біз мұнда судың әр түрлі екі күйін – қатты (мұз) және сұйық (су) күйлерін бір мезгілде қатар көре аламыз. Судың үшінші – газ тәрізді күйі де болады: көрінбейтін су буы бізді айнала қоршаған ауаның ішінде де бар.
Сұйық сынапты термометр резервуарынан көруге болады. Сынап бетіің үстіңгі жағында оның буы болады, ол сынаптың газ тәрізді күйі болып табылады. - 390С –та сынап қатады – қатты күйге ауысады.
Буды және сынапты мысалға алып, зат үш күйде – қатты дене, сұйық және газ түрінде кездесетінін көрдік. Әр түрлі күйде денелердің қасиеттері түрліше болады.
Қатты денені әдеттегі жағдайларда сығу немесе созу өте қиын, ол өзінің көлемін өзгертпей сақтайды. Қатты дененің пішінін өзгерту үшін, мысалы оны майыстыру немесе бөлшектеу үшін күш жұмсау керек болады.
Пішіні мен көлемін сақтау – қатты денелердің қасиеті.
Сұйық өзінің пішінін оңай өзгертеді, ол өзі құйылған ыдыстың пішінін қабылдайды. Кәдімгі жағдайда тек сұйықтың өте кішкентай тамшыларының шар тәрізді өз пішіні болады. Мысалы, судың сондай шар тәрізді тамшыларын шық түскенде көруге болады.
Сұйықтың өзінің пішінін оңай өзгертетін қасиеті балқытылған шыныдан ыдыстар жасағанда пайдаланылады.
Сұйықтың пішінін өзгерту оңай, бірақ оның көлемін өзгерту қиын. Суды сығу мақсатымен жасалған мынадай бір тарихи тәжірибе баяндалған дерек бар: су қорғасын шарға құйылған, сығылған кезде су шықпастай етіп шар мұқият дәнекерленген. Одан соң шар сығылып, ол суды сығу үшін, қорғасын шарды ауыр балғамен соққан. Сонда не болған? Су сығылмаған, шар қабырғасынан өтіп су сыртқа шыққан.
Олай болса, сұйықтар өзінің көлемін өзгертпей сақтайды, ал пішінін оңай өзгертеді.
Көптеген газдар мөлдір және түссіз болады, сондықтан біз оларды көрмейміз. Біз, мысалы, ауаны көрмейміз. Бірақ өзіміз ішінде отырған поезд, автомобиль тез жүргенде, жел тұрғанда біз айналамызда ауа бар екенін сеземіз.
Оны тәжірибе жасап байқауға да болады.
Стақанды төңкеріп (түбін жоғары қаратып) суға батырсақ, стақанның ішіне су кірмейді, өйткені оның ішінде ауа бар. Егер резеңке шлангімен шыны түтікке жалғастырылған воронканы суға батырсақ, сонда ауа воронкадан түтік арқылы сыртқа шығады.
Осы екі тәжірибе газ көлемінің болатынын көрсетеді. Газдың көлемін оп-оңай өзгертуге болады, сұйық пен газдың арасындағы елеулі айырмашылық, міне осында. Газды мейлінше сығуға болады. Доптың ішіндегі ауаны тіпті қолмен –ақ сығып, көлемін едәуір кішірейтуге болады.
Газдардың, қатты денелер мен сұйықтарда болмайтын, тағы бір өзгеше қасиеті бар, ол мынадай: газ өзіне берілген бүйіл көлемді түгел алып тұрады. Олай болса, газдардың меншікті пішіні болмайды, олар қандай нәрсенің (мысалы, бөлменің, балонның, бөтелкенің) ішінде тұрса, солардың пішінін қабылдайды,
Сөйтіп, газдың тұрақты көлемі және меншікті пішіні болмайды – ол өзіне берілген бүкіл көлемді түгел алып тұрады.