Қазақ кино өнерiнiң жұлдызы - Асанәлi Әшiмов
Қазақ кино өнерiнiң даңқын аспандатқан Асанәлi Әшiмовтiң жетпiс жасқа толған мерейтойы М.Әуезов атындағы қазақтың академиялық драма театрында салтанатты түрде аталып өттi. КСРО халық әртiсi, режиссер А.Әшiмов – ұлттық киноны дамыту мақсатында жыл сайын туын көтеретiн “Шәкен жұлдыздары” кинофестивалiнiң президентi. Биылғы фестиваль мен актер мерейтойының құрметiне арналған жиын тұспа-тұс келдi. Бүгiн бiз өнер қайраткерiнiң шығармашылығын ғылыми тұрғыда зерттеуге ден қойған алғашқы кинотанушы Әсем Чапайдың күнделiгiнен үзiндi берiп отырмыз. Сыншы актер шығармашылығын зерттеудi дипломдық жобадан бастаған едi. Осы ұмтылыстың Асанәлi Әшiмовтiң шығармашылық портретiн, шеберлiгiн егжей-тегжейлi саралаған iрi еңбекке айналарына сенiмдiмiз.
Өнер зерттеушiсi мамандығын қалағаннан болар, дипломдық жұмыстың тақырыбын таңдау қиынға соқпады. Бала кезiмнен көгiлдiр экран алдында – “Қыз Жiбек”, “Атаманның ақыры”, “Жаушы” фильмдерiн көрiп, Асанәлi Әшiмұлының шығармашылығына қызығушы едiм.
Асанәлi Әшiмұлы... Өнерiне табынушы көрерменiнiң бiрi – мен. Кеше ғана экран алдында – Бекежан, Қасымхан, Қаражал бейнелерiн күтушi едiм, ендi мiне бүгiн – бас тұлға “Асанәлi Әшiмұлының кинодағы актерлiк шеберлiгi” хақында диплом жазбақшымын. Төрт жылдың iшiнде, актердiң алғаш өнерге келгенiнен бастап, бергi уақыттарға дейiнгi шығармашылығы туралы архивтiк құжаттарды, театр, кино жайлы жазылған сыни пiкiрлер мен актерден алған сұхбаттарды жинап қойғаныма өзiмше риза болам. Күдiк пен қорқынышқа толы күндерiм басталды. Жазуға даяр сияқтымын, тек актердiң алдынан өтiп, рұқсат сұрап, хабардар ету қиын, “соңғы көштiң жүгi ауыр” деген осы екен ғой... 01.10.05.
Сәрсенбiнiң сәттiсi... Бүгiнгi күндi Аллаға аманат етiп, актердiң алдынан өтуге бел байладым. Алдымен, Асанәлi Әшiмұлының жұмысына хабарластым:
– Иә, бұл кiм? Қайдан хабарласып тұрсың? Не айтпақ едiң? – деп сан-сұрақты жаудыртқанда, “неге хабарластым” деп өкiндiм. – Кел ендi! – дедi ақыры. Бармасам ұят, аз уақыт қалғанда басқа тақырыпқа ауыса алмаспын, дайын тұрған нәрсенi аяқтайын, неде болса барайын дедiм.
Есiгiн қағып iшке ендiм де, алдындағы газеттi берiле оқып отырған көзiлдiрiктi Асанәлi ағаның сұсты бейнесiн көрiп, iле-шала керi айналып шығып кетуге ыңғайландым.
– Иә, амансың ба? Кел, отыр. Бұйымтайың болса, айта бер, – деп газеттi оқуын қайта жалғастырды.
– Мен Өнер академиясында “Кинотану” мамандығында оқимын, сiздiң шығармашылығыңыз жайында дипломдық жұмыс жазбақшы едiм, сiздiң өнер жолыңыз жайында құжаттар жинадым, (алдына 4 папка құжаттарды қойып), ендi тек сiзден рұқсат алсам ба деген ниетте едiм, – деп тез сөзiмдi аяқтадым. Жинақтаған құжаттарды бiр қарап шығып:
– Айта бер, менен саған ендi не керек? Бар материалдарды жинапсың, жазуыңа рұқсат, сәттiлiк тiлеймiн! – деп орнынан тұрып, сөредегi фотоальбомын алып, “Әсем қызыма. 2.11.05.” қолын қойып сыйға тартты. Кiргеннен берi қорқып отырған мен сәл де болса еркiнси бастадым. Менiң ойымдағы Асанәлi Әшiмұлы – қатал, суық, қатыгез көрiнiп едi, осы ойлардан арылып, бiрден ақкөңiл, ашық, жаны нәзiк адамның қасында отырғанымды сезiндiм. Актердi жақын тани бастадым, оның бойындағы адамгершiлiк қасиетiне қарап, “нағыз өнер адамы” осындай болады екен ғой таңдандым.
Ол кiсiнiң: “Актер Асанәлi Әшiмұлының шығармашылығын зерттеуге нендей себептер әсер еттi? Неге басқа тақырыптарда қалам тартпадың? Сен актердi қай тұрғыда зерттемек ойың бар?” – деген сан-сауалына бiрден:
– Бiрiншiден, актердiң “Қыз Жiбектегi” Бекежаны, “Атаманның ақырындағы” Қасымханы, “Транссiбiр экспрессiндегi” Омары, “Жаушыдағы” Қаражалы, “Қазақи оқиғадағы” Өмiрбай қарты сынды кейiпкерлердi сомдаудағы актерлiк шеберлiгiн жеткiземiн. Екiншiден, Сiз секiлдi қазақ киносындағы тұлға актерлердiң шығармашылығы өз уақытында зерттелмейдi, соны саралап оқырманға жеткiзгiм келедi, – деп қысқа да нұсқа жауап қайырдым. 02.11.05.
Бүгiн Асанәлi ағаға барып, қосымша материалдарды бердiм. Қасында ақын Исраил Сапарбай мен суретшi Амантай бар екен. Үшеуi бильярд ойнап жатыр. Менi таныстырды, өзi құшақтап маңдайымнан сүйдi. Мен күтпеген сәт, бүгiн менi ерекше қабылдады, көңiлi көтерiңкi. Қартайып барады, күлгенi – бәрi жас баланың тазалығындай, жан-дүниесiнен шығады. Өз кейiпкерiм өзiме ұнайды. 08.12.05