Бәйсейітова Күләш (1912-1957)
Бәйсейітова Күләш (Гүлбаһрам) Жасынқызы – қазақтың әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі (1936), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1948-1949).Туып-өскен жері – Қарағанды облысының Шет ауданы. Топырақ бұйырған жері – Алматы қаласы.
Күләштің әншілік өнерге бейімділігі жас кезінен-ақ байқала бастаған. Оның бойындағы қабілеттің ұшталуына ән мен күйге жүйрік әкесі Жасынның да әсері зор болған. Жеті жылдық мектеп бітірген соң Күләш Қазақтың педагогикалық институтына түсіп, ондағы көркем-өнерпаздар үйірмесіне белсене араласады. Қала жастарының өнер байқауларында әншілік дарынымен көзге түседі. 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрының труппасына қабылданады. Күләш сахна өнерінің қыр-сырына қызыға ден қойып, кешікпей-ақ театрдың белді артистерінің қатарынан көріне бастайды.
Образдардың табиғатын тап басып тану, ол танығанын өмірлік шынайы шеберлікпен жеткізе білу, әсіресе туа біткен әншілік қабілеті кейіпкер болмысын аша түсуі де Күләштің сахна өнері үшін жаралған жан екенін әйгілей түседі.
Күләш 1933 жылы жаңадан ашылған музыка студиясына қабылданады. Алғаш рет Қазақ музыка театрының шымылдығы 1934 жылы «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен ашылғанда, Күләш басты рольді үлкен шеберлікпен ойнап, Айман бейнесі арқылы Қазақ қыздарының ар-намыстан жаралғандай парасатты болмысын шабытпен тұлғалайды. 1934 жылы 22 жасында «СССР-ға Еңбегі сіңген артист» атағына ие болады. Ал халық оны «қазақтың бұлбұлы» деп атаған. Күләштің ғажайып қабілеті мен дарыны Б.Майлин мен И.В.Коцыхтың «Шұғасындағы» - Шұға, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы – Жібек образдарын сомдау барысында одан әрі жарқырап ашыла түседі. Бұл рольдер арқылы оның бойындағы әншілік-артистік қабілеттің ғажайып мүмкіндіктері барша болмысымен көрініс тауып, қазақ сахна өнерінің соны табысы ретінде жұртшылықтың ықылас-ілтифатына бөленді. Ол жаңа қаз басқан қазақ сахна өнерінің шын мәнінде тірек тұлғасына, 1ұйтқысына айналды. Аз уақыт аясында Е.Брусиловскийдің «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Алтын астық», А.А.Зильбердің «Бекет», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», Д.Ж.Пучинидің «Чио-Чио-Сан», «Евгений Онегин» сияқты операларында басты рольдерде ойнап, басты вокальдық партияларды орындап, қайталанбас хас шеберлігімен танылды. Бір-біріне ұқсамайтын кереғар образдар, иірім-қайырымы әр алуан вокальдық партиялар Күләштің көп қырлы, алуан сырлы дарынының арқасында алмастай жарқырап ашылып, эстетикалық-эмоциялық қуаты мейлінше тегеурінді образдар галереясы жасалды.
Күләш Бәйсейітова концерттік әнші ретінде де дүние жүзіне танылған қайталанбас дарын иесі бола білді.
www.kaztili.ucoz.ru – рефераты, сочинения, диалоги на казахском языке