Қорытынды
Сонымен, отбасылық құқықты заңгерлердің басым көпшілігі құқықтың дербес саласы деп таниды. Отбасылық құқықтың негізгі бастауы Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 17 желтоқсандағы "Неке және отбасы туралы" Заңы болып табылады. Неке-отбасылық заңдылықтар:
- некеге отырудың шарттары мен тәртібін, некені тоқтату және
оны жарамсыз деп тануды белгілейді;
- азаматтық құқықтар мен міндеттерді, отбасы мүшелері: ерлі-
зайыптылар, ата-аналар және балалар (бала асырап алушылар және
асырап алынған балалар), ал неке-отбасылық заңдылықтармен қарастырылған жағдайларда басқа туысқандар және басқа тұлғалар арасындағы мүліктік емес қатынастарды реттейді;
- отбасына ата-аналарынның қорғанышынсыз қалған балаларды
орналастырудың нысандары мен тәртібін анықтайды;
- азаматтық хал актілерін тіркеу және заңдылықтармен белгіленген
тәртіппен ақылы қызмет көрсету тәртібін реттейді.
Отбасылық құқық азаматтық құқықпен тығыз байланысты: отбасылық құқықпен реттелмеген отбасы мүшелері арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастарда азаматтық заңдылықтар қолданылады.
Отбасылық құқық мынадай бөлімдерден тұрады: жалпы ережелер, неке, отбасы, қамқоршы және қорғаншылық, отбасы мүшелерінің алименттік қатынастары, азаматтық хал актілері, шетелдік азаматтарға және азаматтығы жоқ тұлғаларға неке-отбасылық заңдылықтар нормаларын қолдану.
Қазақстан Республикасының неке-отбасылық заңдылықтары мынадай қағидаттарға негізделеді:
- еркек пен әйелдің некелік одағының еркіндігі;
- отбасында ерлі-зайыптылар құқықтарының теңдігі;
- отбасы ісіне басқа біреулердің орынсыз араласуына жол бермеу;
- отбасы ішілік мәселелерді екі жақты келісім бойынша шешу;
- балаларды отбасында тәрбиелеу, олардың дамуына жағдай
жасау, көңіл бөлу;
- кәмелетке жасы толмағандардың және жұмысқа жарамсыздардың құқықтары мен мүдделерін қорғау;
- отбасы мүшелерінің өз құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруды,
осы құқықтарды соттық қорғау мүмкіндігін қамтамасыз ету;
- отбасының барлық мүшелерінің салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Тек мемлекеттік азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ) органдарында отырылған неке ғана заңды танылады. Некеге отырған кезде отбасылық қатынастарда азаматтардың құқықтарын әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тілдік немесе діни нанымы белгілері бойынша кез келген шектеуге тыйым салынады. Неке-құқықтық қатынастарда азаматтардың құқықтары тек заң негізінде және тек отбасы мүшелері және басқа азаматтардың денсаулығын, қадір-қасиетін, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қажетті көлемде ғана шектеледі.
Азаматтар неке-құқықтық қатынастардан шығатын өздеріне тиесілі құқықтарды қалауы бойынша, оның ішінде, егер заңмен басқадай белгіленбесе, осы құқықтарды қорғау құқықтарын пайдаланады. Неке-отбасылық құқықтарды жүзеге асыру және міндеттерді орындау отбасының басқа мүшелері және құқықтың басқа субъектілерінің құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделерін бұзуға тиіс емес. Неке-отбасылық құқықтар, осы құқықтарды тағайындауға қайшы келетін жағдайлардан басқа жерлерде, заңмен қорғалады.
Некеге отырудың шарттары: некеге отыратын еркек пен әйелдің екі жақты келісімі және олардың неке жасына толуы болып табылады. Неке жасы еркектер мен әйелдер үшін он сегіз жастан бастап белгіленген. Дәлелді себептер болған жағдайда АХАЖ органдары неке жасын екі жылға дейін төмендете алады. Барлық жағдайда неке жасын төмендету тек некеге отырушылардың келісімімен және ата-аналардың не қорғаншылардың келісімімен мүмкін болады.
Некеге отыруға мынадай жағдайларда жол берілмейді:
1) біреуі болса да басқа тіркелген некеде тұрған адамдардың
арасында;
2) тікелей ата-тегі бойынша және өзінен тарайтын жақын туыстардың (ата-аналар мен балалар, атасы, әжесі және немерелерінің), ата-аналары бір және ата-анасы бөлек, әкесі немесе анасы ортақ ағалы-інілілер мен апалы-сіңлілердің (аға-қарындастардың) арасында;
3) ұл (қыз) асырап алушылар мен сол асырап алынған ұл (қыз)
арасында;
4) біреуін болса да сот психикалық ауру немесе ақыл-есі кемдігінің
салдарынан әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдар арасында.
Некеге отыратын тұлғалар медициналық, сондай-ақ медициналық-генетикалық және денсаулық сақтау мәселелері бойынша кеңес алып, тексерістен өте алады. Мұндай тексерістер некеге отыруға ниет білдірген тұлғалардың екі жақты келісімі бойынша ғана жүргізіледі. Некеге отырушыларды тексеру қорытындылары медициналық құпия болып табылады және тексерістен өтуші некеге отыруға ниет қылған тұлғаға оның келісімімен хабарлануы мүмкін.
Неке ерлі-зайыптылардың бірінің өлімі немесе соттың ерлі-зайыптылардың біреуі қаза болуы немесе хабарсыз жоғалып кетті деп жариялануы салдарынан тоқтатылады. Неке ерлі-зайыптылардың бірінің өтініші бойынша, сондай-ақ сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамның қорғаншысының өтініші бойынша оны бұзу жолымен тоқтатылуы мүмкін. Әйелдің келісімінсіз оның аяғы ауыр кезінде және баланың бірінші жылғы кезеңінде некені бұзу мүмкін емес.
АХАЖ органдарында некені бұзу ортақ кәмелетке толмаған балалары және бір-біріне мүліктік және басқа да айып-шағымдары жоқ ерлі-зайыптылардың некені бұзуға деген екіжақты келісімімен жүргізіледі. Ерлі-зайыптыларда кәмелетке толмаған балалардың болу-болмауына қарамай, неке АХАЖ органдарында ерлі-зайыптылардың бірінің өтініші бойынша, егер екінші адам:
1 ) сотпен хабарсыз кеткен деп танылса;
2) сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылса;
3) қылмыс жасағаны үшін үш жылдан артық мерзімге сотталса
бұзылады.
Басқа жағдайларда кәмелетке жасы толмаған балалар болған кезде, неке сот тәртібімен бұзылады, сондай-ақ сот тәртібі:
а) ерлі-зайыптылардың бірінің келісімі болмаған жағдайда;
ә) егер ерлі-зайыптылардың біреуі қарсылығы жоқтығына қарамастан, өзінің әрекетімен не әрекетсіздігімен некені бұзудан жалтарған болса;
б) ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген мүліктік арыз-шағымдары болса қолданылады.
Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері АХАЖ органдарында некені мемлекеттік тіркеуден өткізген күннен бастап пайда болады. Ерлі-зайыптылар бірдей құқықтарды пайдаланады және бірдей міндеттерді орындайды. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы қызмет түрін, кәсіпті, тұрғылықты жерді таңдауда ерікті. Аналық, әкелік, балаларға білім, тәрбие беру және отбасылық өмірдің басқа да мәселелерін ерлі-зайыптылар бірлесіп шешеді. Ерлі-зайыптылар отбасының қарым-қатынастарын өзара құрмет және көмек негізінде құруға, отбасының амандығы, денсаулығы, өз балаларының дамуы үшін жан-жақты ықпал етуге міндетті.
Ерлі-зайыптылар мүлігінің заңды режимі, егер некелік шартпен басқадай белгіленбесе, олардың ортақ бірлескен меншігі режимі болып табылады. Неке кезінде жиналған мүліктер олардың ортақ бірлескен меншігі болып табылады. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлігін иелену, пайдалану және иелік ету ерлі-зайыптылардың екі жақты келісімі бойынша жүзеге асырылады.
Әрбір ерлі-зайыптының меншігі:
- әрбір ерлі-зайыптыға некеге отырғанға дейін тиесілі болған мүлік;
-неке кезінде ерлі-зайыптылар сыйлыққа, мұрагерлік тәртібімен
немесе басқа қайтарымсыз мәмілелер бойынша алған мүліктер;
-неке кезінде ерлі-зайыптылардың ортақ қаржыларына алынған
бағалы заттар және басқа байлықтық мүліктерден басқа, жеке қолданыстағы заттар (киім, аяқ киім және басқалар) болып табылады.
Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу ерлі-зайыптылардың кез келгенінің талап етуі бойынша неке кезеңінде де, ол бұзылғаннан кейін де, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіндегі ерлі-зайыптылардың біреуінің үлесінен өндіріп алу үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы несие берушінің талабын мәлімдеуі жағдайында да жүргізілуі мүмкін.
Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі ерлі-зайыптылар арасында олардың келісімі бойынша бөлінуі мүмкін.
Дау туған жағдайда ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың сол мүліктегі үлестерін анықтау сот тәртібімен жүргізіледі.
Некеге отырушы тұлғалар немесе ерлі-зайыптылар некенің кез келген уақытында немесе оған дейін неке шартына (ерлі-зайыптылардың некедегі және (немесе) оны бұзған жағдайдағы құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім) отыруы мүмкін.
Бала деп он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған тұлға танылады. Әрбір бала мүмкіндігінше отбасында өмір сүруге және тәрбие алуға, өз ата-аналарын білуге, оларға қамқор болуға, егер оның мүдделеріне қайшы келмейтін болса, олармен бірге тұруға құқылы. Бала өз ата-аналарының тәрбиесін алуға, олардың мүдделерін қамтамасыз етуге, жан-жақты дамуға, оның адамдық қадір-қасиетін құрмет тұтуға құқылы. Бала өзінің ата-аналарымен, аталарымен, әжелерімен, бауырларымен және басқа туысқандарымен қарым-қатынас жасауға құқылы. Ата-аналарының некені бұзуы, оның жарамсыз деп танылуы немесе ата-аналарының бөлек тұруы баланың құқықтарына әсерін тигізбейді.
Баланың өз құқықтарын және заңды мүдделерін қорғауға хақысы бар: Баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды ата-аналары (оларды ауыстырушы тұлғалар), ал заңмен қарастырылған жағдайларда қорғаншылық және қамқоршылық органдары, прокуратура және сот жүзеге асырады. Бала ата-аналар (оларды ауыстырушы тұлғалар) тарапынан асыра сілтеушіліктен қорғануға құқылы. Баланың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған кезде, оның ішінде ата-аналары (олардың біреуі немесе оларды ауыстырушы тұлғалардың) баланы ұстау, тәрбиелеу, білім беру жөніндегі міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, не ата-аналық (қорғаншылық, қамқоршылық) құқықтарын асыра пайдаланған кезде, бала өз құқықтарын қорғау үшін қорғаншылық және қамқоршылық органдарына, жасы он төрт жасқа толған болса сотқа өтініш жасауға құқылы.
Ата-аналар өз балаларына қатысты бірдей құқықтар мен міндеттерді орындайды. Олар өз балаларының денсаулығы үшін жағдай жасауға, оларды тәрбиелеуге құқылы және міндетті. Ата-аналар өз балаларын тәрбиелеуде барлық басқа тұлғалардың алдында артықшылықты құқықтарға ие. Баланы тәрбиелеуші ата-аналар өз қабілеттері және қаржылай мүмкіндіктері шеңберінде табиғи, психикалық және рухани даму үшін қажетті өмір салтын қамтамасыз ету үшін жауапты.
Ата-аналар (олардың біреуі) ата-аналық құқықтарынан айрылуы мүмкін, егер олар (біреуі);
- ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарса, оның ішінде
алимент төлеуден қараулықпен жалтарса;
- дәлелсіз себептермен баласын перзентханадан, не басқа бала
тәрбиелеу, емдеу мекемелерінен алудан бас тартса;
- ата-аналық құқықтарын асыра пайдаланса;
- балаларға қатал қараса, оның ішінде оларға күштеп және психикалық зорлық көрсетсе, жыныстық қол сұғылмаушылығына қауіп
төндірсе;
- белгіленген тәртіппен маскүнемдікпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауырады деп танылса;
Ата-аналар (олардың біреуі) өз балаларының не ерінің (зайыбының) өмірі мен денсаулығына қарсы қасақана қылмыс жасаған кезде ата-аналық құқығынан айрылуы мүмкін.
Ата-аналық құқықтан айыру сот тәртібімен прокуратура және қорғаншылық органның қатысумен жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы 1989 жылы Баланың құқығы туралы халықаралық конвенцияны таратты және конституциялық ережелерге сәйкес осы конвенция қолданыстағы құқық болып есептелінеді және ұлттық заңдылықтардан артықшылыққа ие.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу — ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. Кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті.