«КЕҢІСТІК» КОНЦЕПТІСІНДЕГІ ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫНЫҢ ВЕРБАЛДАНУЫ

Скачать

«КЕҢІСТІК» КОНЦЕПТІСІНДЕГІ ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫНЫҢ ВЕРБАЛДАНУЫ

Г. Ж. Қайырбекова
Шымкент әлеуметтiк-педагогикалық университеті , Шымкент қ.

Теориялық ономастикадағы ұғымдардың бірі – кеңістік. Кеңістік – адамзат тіршілік ететін онтологиялық және ментальдық болмысқа ие обьективті дүние формаларының бірі.
Кеңістік концептісі жайлы соңғы кездері тіл білімінде өте көп айтылып жүр. Ол жайлы ғалымдардың пікірі әр түрлі екендігін де жасыра алмаймыз.
А.В.Суперанская өз еңбегінде: «Ономастикалық кеңістік өз ішінде түрлі өрістерге бөліне алады (антропонимия, топонимия, зоогимия, фитонимия, космонимия, астрономия)» деп көрсеткен (1,9).
Ал О.Т.Молчанова Таулы Алтайдың топонимикасына талдау жасай отырып: «Белгілі бір территорияның топонимиконы ономастикалық кеңістікті құрайды» – дейді (2,23).
В.Д.Бондалетов: «Ономастикалық кеңістік термині екі түрлі мағынада қолданылады: 1) жалпы лингвистикалық категорияны құрайтын ономастикалық бірліктер жүйесі; 2) белгілі бір тілдік категория» (3,31-32).
Е.А.Керімбаев ономастикалық кеңістік және ономастикон терминдерін бір-бірімен тең дәрежеде қарастырады (4,132).
Алтайдың топониикалық жүйесін зерттеген Л.М.Дмитриева кеңістікке мынадай сипаттама береді: «Дүниенің топонимикалық бейнесінде «кеңістік» категориясы неғұрлым маңызды орынды иеленеді, өйткені бұл категория адам мен шындық өмір арасындағы қатынастарда негізгі, іргелі категория болып саналады. «Кеңістік» концептісі топнимикалық тұлға санасының бөлшегі, оның ментальдік ішкі таным көрінісі мен тілдік ұласуы ретінде дүниенің топонимикалық бейнесінде басты әрі негізгі роль атқарады» [5,9].
«Кеңістік» концептісіне сипаттама беруде Л.М.Дмитриева оның ментальдік құрылымына мән береді, кеңістік модельдерінің құрылымына көңіл бөледі.
Ал Б.М. Тілеубердиев: «Кеңістіктің ментальдік болмысы оның концептілігін анықтайды, яғни адамның концептілік және тілдік санасында ментальдік болмыс, ең алдымен, концепт немесе концептілер түрінде қызмет атқарады. Біздер тілдік санада кеңістік тектік концептіні білдіреді деп санаймыз. Оның құрылымына «аспан», «жер», «су», «тау» сияқты түрлік концептілер кіреді. Олардың өзі іштей тағы бірқатар концептілерге бөліне алады» - дейді [6,20].
Т.Жанұзақов пен Қ.Рысберген ономастикалық кеңістікті зерттей келе, ол жөнінде былай дейді: «Әдетте ономастикалық кеңістікті кез келген халықтың, қауымдастықтың тілдік құралдарымен белгіленетін ақиқат және қияли нысаналардың атаулары мен есімдері, яғни онимдік бірліктері құрайды. Ол атаулар тілді тұтынушы халықтың қалыптасқан «әлемнің тілдік моделіне» сай, қоршаған ортаны сан ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетаным, ұлттың ой-өресі негізінде бөлектеу ерекшелігіне сәйкес жасалады» [7,6].
Ономастикалық кеңістік өзіндік құрылымы бар өріс жиынтығынан құралады. Ол ғаламның ономастикалық бейнесі болып табылады.
Қазақтың жер-су атаулары тарихи уақыт шеңберінде үнемі өзгеріп отырады. Олардың барлығы этномәдени, әлеуметтік-саяси, экономикалық, материалдық әлеммен байланысты болып келеді.
«Кеңістік» концептісінің ішкі мазұнын «ата мекен», «ата қоныс», «ата жұрт», «кіндік қаны тамған жер» секілді модельдердің қатысымен анықтауға болады.
ХҮ-ХІХ ғғ. Ақын-жыраулар шығармаларындағы «кеңістік» концептісіне енетін «жер бедері», «тау», «су» жүйелеріне қатысты жиі қолданылатын жалпы атаулар мыналар: шөл, көл, қара жер, қыр, қоныс, өзен, жайлау, дала, тас т.б.
Ал жалқы есімдер қатарын Еділ, Жайық, Көкшетау, Оймаут, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз, Алатау, Мекке, Медине, Ақжайлау, Сандықтас, Тарбағатай, Аягөз, Сарыарқа, Арқа, Алакөл т.б.
Жайық атауы шығармаларда өте жиі қолданылады. Жайық тура мағынасында арнасы еш уақытта төмен түспейтін су молшылығының образы. Ал қосымша мағынасында Жайық ғашықтар елі, Қыз Жібектің елі секілді мағыналарға ие болады.
Ақын-жыраулар шығармасында Жайық төмендегі коннотацияларға ие болады:
Кеңпейілділік – Еділ бол да Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа
(Асан Қайғы, 16 – бет)
тіршілік көзі – Еділді алса елді алар,
Енді алмаған не қалар,
Жайықты алса-жанды алар,
Жанды алған соң не қалар
(Қазтуған жырау, 21-бет)
ата қоныс – Еділ мен Жайық жер еді-ау,
Мекен еткен шаруаға,
Жағасы қорған жай еді-ау,
Жай қоныстан айрылып,
Мен бір қаңғырып жүрген қарашы
(Махамбет, 175-бет)
Мекке – барша мұсылман халқы үшін қасиетті жер. Жыл сайын миллиондаған мұсылман азаматы Меккеге қажылық сапарға аттанып жатады. Рухани тазалықтың мекені саналатын Мекке барлық мұсылман халқының түсінігінде бірдей ұғымға ие болған. Дәл осы ұғымды Шал ақынның жырларынан кездестіруімізге болады. Салыстырыңыз.
Мекке менен Медине жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата мекен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші
( Шал ақын, 83-бет)
Сарыарқа атауы да жыраулар тілінде тілге жиі тиек етіледі. Мұны Доспамбет жырау, Шалкиіз, Жиембет, Базар, Дулат шығармаларынан кездестіруімізге болады.
Сарыарқа сөзіне «Қазақ Совет энциклопедиясында» мынадай анықтама берілген.: «Сарыарқа, Арқа, қазақтың ұсақ шоқылығы – Қазақ ССР-нің орталық және шығыс бөлігін қамтитын физикалық географиялық өлке. Қыратты, ұсақ шоқылы және аласа төбешікті келген жазық. Батысы Торғай ойысынан басталып, шығысы Тарбағатайдың батыс сілеміне дейін 1200 км-ге сзылып жатыр. Солтүстігі Батыс Сібір жазығына, оңтүстігі Балқаш көліне ұласады» [4].
Жыраулар тілінде Сарыарқа өте көлемді, шұрайлы, малға жайлы жер ретінде суреттеледі. Салыстырыңыз:
Бетегелі Сарыарқаның бойында,
Соғысып өлген өкінбес…
(Доспамбет жырау, 35-бет)
Арқаға қарай көшермін,
Алашыма ұран десермін…
(Жиембет жырау, 55-бет)
Сарыарқа талай қазақ үшін алтын бесік, кір жуып, кіндік кескен жер, ат жалын тартып мініп, асық ойнаған жер. Сол киелі, қасиетті жердің тілдік бейнесін Дулат Бабатайұлының жырынан айқын байқауымызға болады. Салыстырыңыз:
О, Сарыарқа, Сарыарқа!
Самалың салқын жөн едің.
Сырдан ауып келгенде,
Жапырылмай шалғынның,
Балауса балдыр балғынның,
Тимеген ірге соны едің.
Өрісің бейбіт дер едің,
Қонысың кең кер едің,
Тебініңді теуіп бел өскен,
Төрт түлікті жер едің,
Ойың көкпен ойылған,
Қом жасап түйең тойынған,
Жылқыңның шабы бусаған.
Ыңыранып қой жусаған,
Шөбіңді сенің татқан мал.
Құламасы сусаған,
Масаты кілем жайғандай,
Қоныстың шұрай жері едің!
(Дулат Бабатайұлы, 154-бет)
Тау сөзі көркем ақын-жыраулар тілінде «биіктіктің», «тазалықтың» символы ретінде көрінеді. Мысалы, Таудың басын алсын тұман,
Жаббар ием болсын панаң.
Қырғыздарға бермей иман,
Ұмтылыңдар, келсе шамаң
( Сонда, 260-бет)
Тау суындай сарқырап,
Дулат жатыр өзіңде.
Қырғыз тұтқан қылыпты,
Ержандай асыл беренді
( Сонда, 271-бет)
Келесі бір өлең жолдарында тау сөзі «беті қайту», «көңілі қалу» деген сөз тіркестерінің орнына қолданылып тұр.
Асыл жібек тозар ма-ай,
Ажары кетіп жұқармай?
Ердің көңілі тоқтар ма,
Тауы қайтып шағылмай?!
( Сонда, 280-бет)



Пайдаланған әдебиеттер
1. Суперанская А.В. Общая теория имени собственного. –М., 1973.
2. Молчанова О.Т. Структурные типы тюркских топонимов Горного Алтая. –Саратов, 1962.
3. Бондалетов В.Д. Русская ономастика. –М., 1983.
4. Керимбаев Е.А. Казахская ономастика в этнокультурном номинативном и функциональном аспектах. –А., 1995.
5. Дмитриева Л.М. Онтологическое и ментальное бытие топонимической системы /на материале русской топонимии Алтая/. АДД., -Екатеринбург. 2003.
6. Тілеубердиев Б.М. Қазақ ономастикасының лингвоконцептологиялық негіздері. ДДА. –А., 2006.
7. Жанұзақов Т., Рысберген Қ. Қазақ ономастикасы. –А., 2004.


Скачать


zharar.kz