Демография – бұл халық туралы ғылым. Ал демографиялық саясат деп мемлекеттік тұрғыдан қоғамның ең өміршең және бастапқы қажет тіршілігін, атап айтқанда – халықтың өсіп-өнуі мен сақталып дамуын, өлім-жітімі мен көші-қонын және мекен-жайға дұрыс орналасуын қамтамасыз ететін, маңызды аталмыш бес таған айналасын реттеуге арналған шара мен іс-әрекеттердің біртұтас жүйесін айтамыз.
Бүгінгі күннің аса күрделі мәселелерінің бірі- Қазақстанның өзіндік дербес демографиялық саясаты біздерге не үшіе соншама қажет? Не үшін оған ұлттық қауіпсіздікте бірінші басымдылық беріліп отыр? Себебі, Қазақстан ұлысының негізгі ұлты ретінде қазақ халқының жан-жақты даму бағдарламасын қабылдап, көп ұлтты республикамызда ұлтаралық қатынастарды жақсарту мен сауықтыру мәселесін мемлекеттік саясат деңгейіне көтергенде ғана болашаққа толық сеніммен қарай аламыз.
Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы басынан талай демографиялық апаттарды өткерді. Елдігіміздің шырқын өткенде отаршылдар нағыз демографиялық зобалаң жолдармен бұзып келгені баршаға аян. Қазақ хандығы құрылғаннан бастап, көрші, әсіресе, Жоңғар, Қытай, Ресей, Қоқан, Хорезм мемлекеттерінің шабуылына талай ұшырап, көптеген жерімізге қоса халқымыздан да айырылдық.Зұлматты геноцидтің басталуы қаншама тереңде жатса, оның зардабы да соншама ұзақ сақталуда. Бұл санымызға, тілімізге, егемендігімізге, дінімізге, санамызға, ділімізге, мәдениетімізге, экономикамызға, өркениетімізге, менталитетімізге тікелей әсер еткендігі сөзсіз анық.
Енді тым алысқа бармай-ақ, аңсаған тәуелсіздігімізді алғаннан бергі еліміздегі демографиялық өзгерістерге назар аударсақ.
Кеңес Одағының ыдырауы мен еліміздің көптен күткен тәуелсіздігін алуы барысындағы өтпелі кезеңде біз күрделі демографиялық өзгерістер мен жаңа көші-қон толқындарына куә болдық. Бұл кезеңдегі демографиялық үрдістердің негізгі ерекшелігі- өлім-жітімнің көбеюі, бала туудың кемуі, яғни, табиғи өсімнің құлдырауы салдарынан халықтың жалпы санының азаюы.Бұған қоса республикамыздан алыс-жақын жерлерге ауып кетіп жатқан көші-қон толқындарының өрістеуі де халық санын төмендетіп жіберді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы демографиялық дағдарыстың ең ауыр нәтижесі - Қазақстан халқы 1989-1999жж. Аралығында 1,5млн-нан астам адамға, яғни, 8,2%-ға азайды.Халық санының азаюы 2002ж-ға дейін созылып, тек 2003ж-дан бастап аз да болса өсе бастады.Бұның басты себебі- тек 1991-1999жж. аралығында сыртқа кеткен көші-қон нәтижесінде Республика халқы 1 000 854-нан астам адамға кеміді. Кеткендердің басым көпшілігі өз тарихи отандарына қайта оралғандар еді. Олардың ішінде тек 1993-1998жж. – 1млн-нан астам орыс, украин, беларустар, 400 000-ға жуық немістер болған еді. Бұл көші-қон толқындары Қазақстан халқының ұлттық құрамына күшті әсер етіп, олардың үлестік ара-салмағын күрделі түрде өзгертіп жіберді. Егер 1939ж-дан кейін қазақтар өз Отанында көпшілікке айналса, 1999ж. едәуір өсіп, 53,4%-ға жетті, оның үстіне бұрын басым болған орыстардың үлесі 30,0%-ға тоқтап, төмендей түсті. 2005ж. Басында Қазақстан халқының саны 15млн-нан асып, ұлттық құрамы келесідей болды:
қазақтар – 8 725 206 немесе 57,9%,
орыстар – 4 024 357 немесе 26,7%,
украиндар – 458 993 немесе 3,0%,
өзбектер – 419 529 немесе 2,8%,
немістер – 228 123 немесе 1,5%,
татарлар – 231 236 немесе 1,5%,
ұйғырлар – 226 513 немесе 1,5%,
кәрістер – 100 982 немесе 0,7%,
белорустар – 94 214 немесе 0,6%,
әзірбайжандар – 86 138 немесе 0,57%,
түріктер – 84 035 немесе 0,55%,
басқалар – 395 441 немесе 2,6% құрады. Бұл жерде республикаға өз атын берген қазақ ұлтының кейбір демографиялық артықшылықтарын айта кеткен жөн болар. Атырау, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан басқа Республика жерінде жалпы халық саны негізінен кеміген болса, қазақтар саны бүкіл облыстарда өсумен болды. 1989-2005жж. Қазақтар саны 2 000 228,3-ға, яғни, 34,2%-ға өсті. Қазақтар Батыс және Оңтүстік аймақтарда едәуір басым болды. 1999ж. Қызылорда облысында -94,2%, Атырау облысында -89,0%, Маңғыстау облысында – 78,7%, Ақтөбе – 70,0%, Оңтүстік Қазақстан – 67,6%, Батыс Қазақстан облысында – 64,6% құрады. Ал Солтүстік және Орталық Қазақстанда қазақтар әлі де болса аз болды.Олар халықтың 13-нен төмен, не аз ғана жоғары болды. Солтүстік Қазақстан облысында – 29,5%, Ақмола – 37,4%, Қарағанды – 37,6%, Павлодар – 38,2%, Шығыс Қазақстанда – 48,5% болды.
Жалпы, қазақтар орыс, украин, неміс, басқа да еуропалық ұлт өкілдеріне қарағанда табиғи өсімі жоғары саналғанымен, 1990жылдары олардың арасында 3 және одан да көп балалы отбасылар азая түсті. Қазақтардың табиғи өсімінің төмендеуі рыноктық қатынасқа, қымбатшылық пен жұмыссыздықтың өрістеуіне, сондай-ақ қазақтар басым орналасқан ауыл-селоның жағдайының күрт нашарлауына, басқа да өтпелі кезеңнің ауыртпалықтарына тікелей байланысты еді. 1993ж. Қазақстан адам мүмкінділігінің даму индексі бойынша Дүниежүзінің 175 мемлекеті ішінде 54-орынға ие болса, 1997ж. 93-орынға төмендеді.
Қазақтардың жалпы саны мен үлесінің өсуі, біріншіден, жоғарыда айтылып кеткендей, табиғи өсімнің басқа ұлт өкілдерімен салыстырғанда жоғарылауына, ал екіншіден, егемендігімізді алумен басталған шетелдегі қандастарымыздың тарихи Отанына қайту көші-қонына тығыз байланысты еді. Бұлар қазақ-жоңғар соғысы, 1916ж. ұлт-азаттық соғыс, кейінгі Кеңес заманындағы азамат соғысы, 1918, 1921, 1931-1933жж. ашаршылық, Ұлы Отан соғысы кезіндегі тұтқындалу және басқа да қайғылы-қасіретті оқиғалар нәтижесінде Отанынан ауа көшіп кеткен қазақтар еді. Шетелдегі қазақтар мәселесі Кеңес Одағы кезінде көпке дейін тыйым салынған жағдайда болып келгені рас. Бүгінгі таңда шетелдегі қазақтар мәселесі, әсіресе олардың саны мен жыныстық, жастық, әлеуметтік құрамы, білім деңгейі, ұлттық тілді, мұсылман дінін, дәстүрлі мәдениетіміз бен тұрмыс жағдайын сақтау сияқты басқа да мәселелер бүгінгі күнде де тарихи демографиямыздағы ашық мәселе. Шетелдегі қазақтардың көпшілігі білім алуда қатты қиналатыны белгілі. Ұлттық мектептер жоқтың қасы, әсіресе Қытай мен Өзбекстанда бұл жағдай қиындап кетті. Жалпы, шетел мемлекеттерінің саясаты ұлт тілін, мәдениетін сақтап, дамытуға мүмкіндік туғызбайды. Шетелдегі қазақтар санына келер болсақ, Қазақтардың Дүниежүзілік Қауымдастығы жинаған мәліметтерге сүйенер болсақ, жақын шетелдерде 3 000 137, алыс шетелдерде 2 529 800. Қазақтар көп шоғырланған мемлекеттер:
Қытайда – 2 000 260,
Өзбекстанда – 1 000 750,
Ресейде – 1 000 100,
Монғолияда – 150 000,
Түркіменстанда – 150 000,
Қырғызстанда – 95 000,
Ауғанстанда – 30 000,
Түркияда – 15 000,
АҚШ-та – 14 000,
Тәжікстанда – 10 000,
Иранда – 10 000,
Германияда - 9 000-дай қазақ бар екен.
Кеңес Одағы тарап, Қазақстанымыз егеменділігін алған соң шетелдегі қазақтардың Отанына бағытталған көші-қонның ең күшті толқыны басталды. 1991ж-дан бастап Қазақстанға ТМД елдерінен, алыс шетелдерден қазақтар ағыла бастады. Осы 1991ж-дан 1995ж-ға дейінгі аралықта республикаға 137 919 қазақ көшіп келді. Олардың басым көпшілігі, дәлірек айтсақ 50,6%-ы таяу шетелден, негізінен Ресей, Тәжікстан, Кавказ өңірінен, алыс шетелден – Монғолия, Иран, Түркия, Қытай, Ауғанстаннан келген иммигрант қазақтар.
Ұлттық қауіпсіздігімізді сақтап қалу және экономикамызды жаңа еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін елбасымыз 2015жылға дейін халық санын 20млн-ға жеткізу қажеттігін баса айтып келеді. Халық санын көбейтіп, құрамын нығайту үшін тарихи демографиялық ғылым айқындаған екі жолды – табиғи өсім мен сырттан келетін көші-қонды оң пайдалануымыз керек. Табиғи өсімді күшейту үшін жастарға, әсіресе жаңа отбасыларға, көп балалы аналарға, олардың жас ұрпақтарына өкімет тарапынан жан-жақты, нақтылы, тұрақты және жүйелі түрде қамқорлық, тікелей жәрдем ұйымдастырылуы жолға қойылған. Қазақстанның экономикалық өсу траекториясына шығуына байланысты орташа өмір сүру ұзақтығы, өмір сүру деңгейі және білім алу сияқты компоненттерден құралатын адамның даму индексі бойынша 2005ж. Қазақстан 80-орынға көтерілген. Оралмандарға еліміз барынша жағдай жасауға тырысады.
Қазақстанның дербес демографиялық саясатының өзіндік адал әрі биязы әдіс-әрекеттерді қалыптастыра отырып дамуы болашақта қазақ сияқты өр рухты халқымыздың елдігін нығайтары хақ. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: Қазақстан өз азаматтары үшін өмір сүрудің жоғары стандарттарын жасай отырып, әлемнің тиімді дамып келе жатқан елдерінің қатарына қосылуы тиіс. Біз бұны ұлтымыз бен экономикамыз бәсекеге қабілетті болған жағдайда ғана істей аламыз,- деген еді. Ал Қазақстанымыздың ұлттық бәсекелестігін арттыратын ең маңызды фактор – бұл адам ресурсы. Қазақ қашанда мал басын өсіремін деп жүріп, жан санын, яғни, өз санын да өсіру керектігін ұмытпауымыз абзал.
Адамзат өз дамуының қазіргі кезеңінде демографиялық дағдарыс сатысында тұр, бұл қоғамның келеңсіз ахуалын көрсетеді. Осының себебі бойынша одан шығудың нақты жолдарын іздеу көптеген елдер үшін айрықша өзекті болып отыр.
Қазір әдеттен тыс жағдай қалыптасып отыр. Халық санының тым артуы қорқушылықтың еш негізі болмағанымен, бүгінде әлемдегі халық санының тым арту мәселесі алаңдаушылық туғызып отыр.
ХІХ ғасырдың басында Т.Мальтус 25 жылдан кейін жер шары халқының екі есе ұлғаятынын болжаған еді. ХХ ғасырда оның болжамы алаңдаушылықтың жеткілікті себебі болды, өйткені халық саны шынында да күрт өсе түсті. Жер шарының екі миллиардыншы тұрғыны 1925 жылы, алты миллиардыншы тұрғыны 1999 жылы туды. Халық санының тым артуы проблемасына алаңдаушылық білдірген Мальтузианшілер қозғалысы өз пікірінен айнымай отыр. Алайда, елдік демографиялық моделді зерделеу кезінде адами ресурстардың жетіспеушілік үрдісі байқалады, мемлекеттердің халқы қартаю үстінде. Әлемде, әсіресе оның дамыған бөлігіндегі негізгі проблема – бұл бала туудың төмендеуі. Дегенмен, мейілінше аз дамыған елдерде керісінше ахуал басым – онда халық саны төмендемей, керісінше өсіп келеді және егер табиғи халық өсімі төмен негізінен Еуропа елдері бірінші ондыққа кірсе, ал халық санының өсімі барынша жоғары елдер ондығына аса кедей африка елдері кіреді.
Қазіргі заманғы мемлекеттің дамуы процесінде демографиялық проблемаларды шешудегі шетел тәжірибесін зерделеу аса маңызды болып табылады. Шетел мемлекеттері жинақтаған тәжірибені пайдалану отандық реттеу институттарын жетілдіруге, тәжірибеде өз өміршеңдігін көрсеткен барынша тиімді моделдер мен жолдарды қолдануға ықпал етеді.
Халық саны проблемасының Қазақстан үшін айрықша маңызы бар. Халық санының тығыздығы республика бойынша тұтастай алғанда бір шаршы километрге 5,5 адамды құрайды. Мысалы, Қытайда бұл көрсеткіш бір шаршы метрге 140 адам.
Қазақстан Республикасының Статистика агенттігінің деректері бойынша 2007 жылдың 1 қаңтарына ел халқы 15 394,6 мың адамды құрады, оның ішінде 8838,1 мың адам (57,4%) - қала халқы, 6 556,5 мың адам (42,6%) – ауыл халқы, 2008 жылдың 1 қаңтарына - 15 565 647 адам, оның ішінде: 8 230 319 (52,8%) адам қалада тұрса; 7 335 328 (47%) адам ауылда тұрады*.
2007 жылдың 1 қаңтарына республика халқының жас құрамы мынадай болды: 15 жасқа дейінгі балалар – 24% (24,2), 15-тен 65 жасқа дейінгі адамдар - 68,2% (68,0), 65 және одан жоғары жастағылар барлық халық санының 7,8%-ын құраған. 2006 жылдың 1 қаңтарындағы жағдаймен салыстырғанда 0-ден 15 жасқа дейінгі балалар саны 0,2%-ға ұлғайған. 15-64 жастағы және 65 пен одан жоғары жастағылар саны тиісінше 1,5% және 1,2%-ға ұлғайған.
Қазақстанда әйел жыныстылар санының басым болуынан көрінетін гендерлік асимметрия қалыптасты. 1000 еркекке 1078 әйел келеді. 2007 жылдың 1 қаңтарына ерлер саны 7407,8 (7324,8) адам нмесе барлық халықтың 48,1%-ын, әйелдер тиісінше 7986,8 (7894,5) адамды немесе 51,9%-ды құраған. 15-64 жастағы әрбір қайтыс болатын 100 әйелге осы жас тобының қайтыс болатын 246 ер адамның келуі жағдайды қиындата түсіп тұр.
15–64 жастағы ерлер өлімінің жоғары пайызы мен өмір ұзақтығының аз болуы дағдарысқа әкелетін қазіргі әлеуметтік-экономикалық қатынастар проблемасымен астасып жатыр.
2007 жылы республика халқының табиғи өсімі 157 891 адамды ( 2006 жылы 141 876) құрады. Табиғи өсімнің 1000 тұрғынға жалпы коэффициенті 2008 жылдың 1 қаңтарына 10,2 (9,3) адамды құраған.
2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда елдегі өлген адамдар саны 158 931 (157 357) адамды құраған, оның ішінде 92 81 (92 425) адам қала халқы, 66 050 (64 932) ауыл халқы. Осы кезең ішінде 90 760 ер адам және 68 171 әйел адам өлген, немесе 100 әйелге 133 еркек. 1000 адамға жалпы өлім коэффициенті 2006 жылғы қаңтар-желтоқсан деңгейінде қалды және өлген адамдардың 10,3 санын құрады.
2003 жылдан бастап елде жылына шамамен 250 нәресте дүниеге келеді, 2006 жылы бұл көрсеткіш 300 мыңға жетті, алайда нәресте өлім-жітімінің деңгейі өте жоғары болып отыр. Бұл көбінесе 30%-дан аспайтын бала туатын жастағы әйелдердің денсаулық индексінің төмен деңгейімен байланысты болып отыр. Халықтың ұрпақ берушілігі төменгі деңгейде, бүгінде елде 450 мың отбасының баласы жоқ. Сонымен қатар Қазақстанда жыл сайын 170 мың аборт жасалады.
2007 жылғы қаңтар-желтоқсан ішінде елде 4561 (4172) 1 жасқа дейінгі балалардың өлімі тіркелген, оның ішінде 2701 (2406) – ұл балалар және 1860 (1766) қыз балалар. Нәрестелер өлім-жітімі коэффициенті 1000 туған балаға 14,5 (14,1) құраған. Нәрестелер арасындағы өлім-жітімнің негізгі себебі жатырда өсу кезеңінде пайда болған жағдайға байланысты болып отыр, бұдан 2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2169 (2063) нәресте өлген немесе барлық нәресте өлім-жітімінің 47,6%-ын (49,4%) құрайды.
Демографиялық ахуалды жақсартуда денсаулық сақтау саласы үлкен рөл атқарады. Әлсіз және көбіне қағаз жүзіндегі жұмыстар, коммерциялану деңгейінің жоғарылығы аналардың жүктілікке нашар дайындалуына әкеледі.
Халықтың көші-қонының оң сальдосы әлі сақталып отыр, 2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда ол 10878 (33 472) адамды құрады, оның ішінде ТМД елдерімен 2989 (26 778). Республикаға келген адамдар саны 53 309 (67 386), одан тысқары кеткендер 42431 (33914) адамды құраған.
Қазақстанға келушілер арасында қазақтардың басым салмағы 78,2% (73,1%), орыстар – 12,5% (14%), немістер – 1,0% (0,9%) құраған. Қазақстаннан тысқары кеткендер ішінде орыстар үлесіне – 69,5% (67,5%), немістер – 7,1% (7,3%), қазақтар – 5,3% (6,7%) тиесілі.
Статистка агенттігінің деректері бойынша 2008 жылғы 1 қаңтарда жастар (15–29 жастағылар) саны халық құрылымы ішінде 4 288 387 адамды құрайды, пайыздық қатынас бойынша бұл үлес 27,8%. Олардың ішінде ерлері 2 168 347 адам, әйелдер – 2 120 040 адам.
Экономикада жұмыс істейтін жастар саны 2 730 951, оның ішінде 15–24 жастағылар 1577355 адам, 25–29 жастағылар 1 153 596 адамды құрайды. Республика бойынша экономикалық белсенді жастар саны 2 961 644 адамды құрайды, оның ішінде 15–24 жастағылар 1 710 600 адам, 25–29 жастағылар 1 251 044 адам.
Осы статистикаға орай жастардың 60%-ы халықтың экономикалық белсенді бөлігін, 30%-ы оқушылар мен студенттер және 10%-ы жұмысшылар.
Республика бойынша барлық жұмыс істемейтін жастар саны 264 652 адамды құрайды немесе 9,6 %, олардың ішінде 15–24 жастағылар 183 610 адам немесе 10,7 %, 25–29 жастағылар 81 042 адам немесе 6,5 %.
Елдің барлық қалаларында жалпы жұмссыздық деңгейінен жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жоғары. Бұл жергілікті еңбек нарықтарындағы сұраныс пен ұсыныстың сәйкессіздігі және ауыл жастарының қалаға кетуі салдарынан болып отыр, олар көбіне біліктілігінің төмендігі немесе мүлде жоқтығына орай жұмысқа орналаса алмайды.
Қала мен ауылдағы кедейлік деңгейіндегі айырма сақталып отыр және қиындай түсуде, бұл да жастардың кетуіне әкеледі. Ауылдағы кедей халық деңгейі 21,2%-ды, қалада – 5,5%-ды құрап отыр.
Сонымен статистика 15-29 жас аралығындағы жастар саны Қазақстанның барлық халқының 28%-ын құрайтынын көрсетіп отыр. Бұл ретте жастар үшін қоғамның барлық проблемалары тән. Бұл ересектермен салыстырғанда жастар арасында 2 есеге жоғары болып отырған жұмыссыздық. Бұл қала жастарымен салыстырғанда ауыл жастарының кедейлігі. Бұл құқық бұзушылықтың жалпы статистикасі ішінде жастар жасайтын қылмыстар үлесінің жоғарлығы.
Демография мәселелерін шешуде экономикалық ынталандыру келешегін сипаттай отырып, Қазақстанда нәрестелерге арналған тамақ өнімі мен тауарлар өндірісі жоқ екенін атап кету керек. Қазақстанның өнеркәсіп өндірісі демографиялық проблемаларды шешуге бағдарланбағанын батыл айтуға болады. Сонымен қатар, елде балаларды мектепке дейінгі дайындау мекемелері жетіспейді, бұл проблема әйелдердің еңбек әлеуетін не аналар әлеуетін іске асыруға мүмкіндік бермейді.
Бүгінде халық арасында бала туу өсімінің үрдісі байқалып отыр. Осының негізінде кейбір зерттеушілер мұны демографиялық дағдарыстан шығудың басы деп бағалайды. Кейбір демографтар мен мемлекеттік билік органдарының басшылары қазіргі кездегі демографиялық дағдарысты, ең бастысы халық санының азаюын барлық өркениетті елдерге тән әлемдік процесс деп өзін-өзі жұбатады. Бұл құбылысты демографиялық өтпелі кезең (өмір сүру деңгейі ең жоғары елдерде бала туу барынша төмен) деп сипаттайды. Бұдан екі қорытынды шығады: жалпы әлемдік үрдістерден қорықпау керек және демографиялық саясат шаралары көп нәрсені өзгерте алмайды. Бірақ бұлардың екеуі де қате ұғым.
Ілгерінді демографиялық өтпелі кезеңнің негізгі құрамдас бөлігі – бұл бала туудың қат-қабат төмендеуі, ең бастысы өлім-жітімнің жоғарлауы. Қазақстанда да, бұрынғы кеңестік елдер кеңістігінде де өлім-жітім өсіп келеді және орташа өмір сүру ұзақтығы тым төмен, ол ерлерде 58 жас, әйелдерде 68 жасты құрап отыр.
Қазіргі кезде Қазақстанда бала туу ұлғаюда, жыл сайын 300 нәресте дүниеге келеді. Алайда 1989 жылғы санақпен салыстырғанда халықтың жиынтық саны азайған. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанға келген және азаматтық алған жарты миллилон оралман да демографиялық ахуалды жақсарта алмай отыр. 1989 жылғы санақ деректері бойынша сол жылдары Қазақстанда 16 199 154 адам болса, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 15 565 647 адам.
Еуропа елдеріндегі демографиялық дағдарысты ескере отырып, бұл елдер экономиканың барлық саласына иммигранттарды белсенді тарта бастайтынын болжау қиын емес, әсіресе бұл Қазақстан, Ресей, Урнаина мен Белоруссияға қатысты болатын бұрынғы кеңес елдері халқының жоғары зиялы әлеуетіне айрықша назар аударылатын болады. Ресейдегі демографиялық депопуляция да таяу уақытта иммиграциялық саясаттың жандануына әкеледі, бұрынғы КСРО-ның орыс тілінде сөйлейтін халқының көшуіне негізгі екпін түсірілетін болады.
Бұдан шығатын қорытынды, Шығыс Еуропа, Канада мен Ресей елдеріне халықтың белсенді көшуі арқасында таяу арада Қазақстанның халық санының өсімі үрдісі оң бағыттан теріс бағытқа ауысып кетуі мүмкін.
Сондықтан демографиялық ахуалды жақсарту жөніндегі жұмыстарды бірнеше бағыттар бойынша жүргізу қажет:
отбасылардың, әсіресе көп балалы отбасылар мәртебесін көтеру;
көп балалы отбасыларына пәтер алуға және жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін алуға басым құқықты заңнамамен белгілеу;
адамдардың санасына отбасылық, үш және төрт балалары бар отбасылық өмір салтын тұрақты орнату қажет;
отбасылық өмір салты сөзсіз әлеуметтік норма болуы тиіс;
ата-аналар еңбегін отбасы жоқ кәсіпқой мамандардың еңбегімен заңнама арқылы теңестіру қажет, бұл үшін отбасылық еңбекақы енгізу керек, яғни бала тәрбиелейтін әйелге ең төменгі өмір сүру деңгейін ескере отырып және отбасындағы балалар санына қарай белгіленген ең аз еңбекақы төлеу қажет;
қызметкерлердің (немесе әйел қызметкердің) еңбекақы бөлінісі проблемасын шешу керек, өйткені ол бүгінде отбасы мүшелерінің қажеттілігіне арналған шығыстарды көздемейді және жекелеген жағдайларда жеткілікті болып табылмайды;
тұрақты демографиялық, әсіресе екінші және үшінші бала туу мониторингін жүргізу қажет;
балалары жоқ отбасы жұптарын емдеуді мемлекеттік деңгейде қаржыландыру қажет;
шетел тәжірибесі негізінде бала тууды материалдық ынталандыру қажет;
бала тууға қабілетті әйелдерді тегін емдеу жүйесіне баса назар аудару қажет.
Пайдаланылған әдебиет:
Тәтімов М. Халықнама немесе Сан мен Сана: Т 27 Демографтың ой-толғаныстары. – Алматы: Жазушы, 1992. – 184б.
Дүние жүзі қазақтарының құрылтайы: Құттықтаулар, баяндамалар, тілектер, өлең-жырлар. – Алматы: Атамұра – Қазақстан, 1993. – 192б.
Тәтімов М., Әлиев Ж. Дербестігіміз – демографияда: - Алматы: Жеті жарғы, 1999. – 264б.
Қазақстанның демографиялық жылнамалылығы. – Алматы, 2005.