Жезқазған қаласы түсті металлургияның орталығы болғандықтан да оның экономикасының негізгі көрсеткіштері осы саламен тікелей байланысты. Бұл ретте Жезқазған аумақтық-өндірістік кешені туралы сөз қозғауға болады. Әртүрлі географиялық әдебиетте аумақтық-өндірістік кешен деп бір-біріне жақын орналасқан, өзара байланысқан өндірістердің жиынтығын атайды.Осы тұрғыдан алғанда, Жезқазғанның түсті металлургия кешені мен оған енетін өндіріс орындары тау-кен өндірісімен бірге Жезқазған аумақтық-өндірістік кешенін құрайды. Ал түсті металлургия осы өндіріс кешенінің басты саласы болып табылады.
(Сурет 1 – Жезқазған аумақтық-өндірістік кешенінің дамуы)
Мәселен, аумақтағы өнеркәсіп өнімдерінің 96%-ы Қазақмыс корпорациясының еншісінде. Корпорацияның басты өнімі катод мысы мен мыс ширатпалары әлемдік стандарт талабына сай, сондықтан оны дүниежүзінің көптеген елдері үлкен ықыласпен сатып алуда. Жезқазған комбинатын басқаруға келген (маусым, 1995 ж.) Оңтүстік Кореяның Самсунг фирмасы 5 жылға Үкіметпен келісім – шарт жасасып, бұрынғы Жезқазғантүстіметалл ғылыми - өндірістік бірлестігінің негізінде Қазақмыс корпорациясы құрылды. Самсунг фирмасы корпорациясы (1995 ж.) 200 млн. АҚШ доллары көлемінде несие бөлді. Осы қаржы қысқа мерзімде өндіріс жағдайын тұрақтандырып, техникалық қайта жабдықтау ісін бастауға мүмкіндік берді.
Оның ішінде Қазақмыс корпорациясының үлесі 94,7% (тау–кен машиналарын алу, байыту фабрикасы мен мыс заводын техникалық қайта жарақтандыруға), ЖезРЭК АҚ қала экономикасына 75,7 млн.теңге, Балапан АҚ 30 млн.теңге, Надежность и долговечность ЖШС 5,7 млн.теңге инвестиция салды.
(Сурет 2 – Жезқазған қаласының бюджет кірісінің құрылымы, млн.тг)
Жалпы кейінгі 7 жылдың ішінде инвестицияның жылдық көлемі 5 млрд. 716 млн.теңгеден (2002) 10 млрд. 209 млн. (2013) теңгеге дейін өсті. Импорт алмастыру өндірісін дамыту бағдарламасы шеңберінде жоспарланған 8 млрд. 712 млн. теңге орнына 10 млрд. 878 млн. теңгенің келісімдері жасалды. Бұл бағдарламаның маңыздылығы сол, бұрын сырттан, шетелдерден алынып келген жабдықтарды енді отандық кәсіпорындардың өзінде өндіруге жол ашылды. Соның нәтижесінде Қарағанды облысының өзінде бұрын тоқтап қалған бірнеше кәсіпорындар жұмысын қайтадан жандандырып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Мысалға, Қазақмыс корпорациясының қатысуымен Қарағанды қаласында кен үгітетін шарлар шығаратын завод, керамикалық бұйымдар, кен ататын жарылғыштар цехы, Павлодарда кабель өндіретін завод іске қосылды. Жыл сайын осындай өндіріс орындарының қатары көбейе түсуде.
Аумақтық-өндірістік кешеннің негізін ұстап отырған ірі кәсіпорын Қазақмыс корпорациясының құрамындағы Жезқазған кен – металлургия комбинаты болып табылады. Ол кен өндіру кеніштерінен бастап байыту фабрикасы, мыс қорыту және құю – механикалық заводтары, жылу – электр орталығы, мыс ширатпасы заводы сияқты өнеркәсіптің ірі кешендері қамтиды. Жылына орта есеппен 85 млрд. 486 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілсе, соның ішінде Жезқазғанның басты өнімі саналатын шақпақ мыс жылына 353 мың тонна, мыс ширатпасы 60 мың тонна көлемінде жөнелтілуде. Сондай – ақ Қазақмыс кәсіпорындарында жылына 750 тоннаға дейін күміс, 6580 килоға дейін алтын өндіріледі
Жезқазған өңірі кен өндіру мен оны байыту жөніндегі еліміздегі аса ірі ең ірі аумақ болып табылады. Оның үлесі топта өндірілген кен көлемінің шамамен 60 пайызын құрап отыр. Бұл аумақтық кешенде 7 кеніш пен 3 кен байыту фабрикасы бар.
Солтүстік жер беті кеніші.
Жер астында кен өндіру: Оңтүстік, Степной, Шығыс, Батыс, Анненск және Жомарт кеніштері.
3 кен байыту фабрикасы: Аймақта өндірілетін кеннен мыс концентратын шығаратын Жезқазған №1, Жезқазған №2, Сәтбаев фабрикалары.
.
(Сурет 3 – Мыс кенінің өсу динамикасы )
Қазақмыс корпорациясы Қазақстандағы кен - металлургия кешенінің ең қуатты, ірі компаниясы. Оның кен көздері мен көмір шығатын ошақтары, электр қуаты байыту өндірісі, мыс және мырыш заводтары және өзіне тән автомобиль, теміржол, әуе көліктері, қазіргі заманғы телекоммуникациялық желілері мен білікті кадрлары бар. Қазақмыс корпорациясының тарихы Қарсақбайдағы мыс қорыту заводында (19.10.1928ж.) Жезқазған кенінен Қазақстандағы алғашқы қара мыс алу кезінен басталады. 1943 ж. Жезқазған мыс комбинаты, Жезқазған кен - металлургия комбинаты (кейінірек Жезқазғантүстімет АҚ) құрылды. 1995 жылы Жезқазғантүстімет АҚ базасында Қазақмыс корпорациясы құрылған болатын. ҚР Үкіметінің шешімімен 1995 жылдың маусым айында Жезқазғантүстімет өндірістік бірлестігі бес жылға Оңтүстік Кореяның Самсунг компаниясының басқаруына берілді. Тез арада 200 млн.доллардан аса инвестиция салып, әртүрлі салалардағы қарыздарын өтеп, кәсіпорындардың тоқтап қалуына жол бермеген инвестор аз уақыттың ішінде комбинатты экономикалық дағдарыстан алып шықты. Бұл корпорацияның өндіріс жағдайын қалыптастырып, оның құрылымдық буындарындағы техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру жұмыстарының барлығын өз мамандарымыз жүзеге асыра білді. Өндірісті басқарудың дамыған елдерге тән менеджменті енгізілді. Бес жылдың ішінде инвестордың көмегімен сыртқы елдермен іскерлік байланыстардың қыры мен сырын меңгеріп алған соң өз тізгініне өзі ие болған Қазақмыс отандық ірі компанияға айналды. Лондон қор биржасына акцияларын орналастырып әлемдік экономика жалына жармасты. Жаңа ғасырдың басы – 2000 жылдан бері Қазақмыс шетелдіктердің араласуынсыз дербес жұмыс істеп, ТМД елдері бойынша ірі мыс өндіруші болып отыр. Қазір Қазақмыс корпорациясы Қазақстанның барлық мыс өндіретін кәсіпорындарын біріктіріп отырған әлемдегі мыс өндірушілердің алғашқы ондығына енетін танымал компанияға айналды [5].
Қазақмыс компаниясының тобы Қазақстандағы мыс алыбы болумен қатар әлемдегі алдыңғы қатарда көш бастаған он мыс өндірушінің бірі екенін де ерекше атап айтқан жөн. Оның акциялары Лондонмен қатар Гонконгта да айналымға түскен. Бүгінде жұмыс істеп тұрған 15 кеніші, 10 байыту фабрикасы және 2 мыс қорытатын өндірістік кешені бар Қазақмыс тек Қарағанды облысы аймағының ғана емес, еліміздің экономикасының ырғақты дамуына лайықты үлесін қосып отырған сапалы жағынан мүлдем жаңа тұрпатты кәсіпорын. Компанияда қазір 60 мыңдай адам еңбек етеді. Әлемдік дағдарыс алдындағы кезеңде корпорация жылына 400 мың тонна шақпақталған мыс, 50 мың тонна металды мырыш, 5 мың тонна құйма алтын, 700 тонна түйіршіктелген күміс өндіріп келді.
Өнімнің өзіндік құнының тым жоғары болуына байланысты Жезқазған мыс зауытында гидрометаллургиялық технология енгізу қолға алынды. Бір жылдай тоқтатылған зауыт қайтадан жүргізіледі. Оңтайлы шешім ойластырылды. Мыс балқытуды бұрынғыша жалғастыра отырып, гидрометаллургиялық тәсілді өнеркәсіптік – тәжірибе учаскесінде қатар жүргізуге ұйғарым жасалды. Жаңа технология өндірісі тәжірибелік учаске ретінде қалыптаса келіп, 2018 жылы жаңа кәсіпорын болып іске қосылмақшы. Сонымен қатар, қышқылды кенді өңдейтін фабрика салынады. Бұл құрамы кедей шикізатты өңдеумен қатар қалдық қоймасында тау – тау болып жатқан 800 млн. тонна өнеркәсіптік қалдықтарды кәдеге жаратуға мүмкіндік береді.
Қазақмыстың қалыпты жұмыс істеуі арқасында өңір тынысы тарылмай, болашаққа жарқын жол ашылуда. Алып компания қазір қайта ұйымдастырылу үстінде. Соның нәтижесінде оның ауқымы бұрынғыдан да кеңейе түспекші
Жезқазғантүстіметалл ғылыми орталығы нарықтық экономикаға көшу кезеңінде (1993 – 1994) бұрынғы жоспарлау жүйесі мен шаруашылықтық байланыстардың үзілуіне байланысты күрделі жағдайды бастан өткерді. Соның салдарынан 1995 ж. мыс өндіру көлемі екі есеге дейін төмендеп кетті.
Бүгінде Қазақмыс корпорациясы тек Жезқазған өңірінің ғана емес, Қарағанды облысы экономикасының қалыпты дамуына зор үлес қосып отырған, сапалық жағынан мүлдем жаңа тұрпатты кәсіпорын болып табылады. Қазақмыс корпорациясының активтері (2012 ж.) салыстырмалы баға бойынша 6 есеге ұлғайып, 1350 млн. АҚШ долларынан асты
Жезқазған кен - металлургия комбинаты (жылына 250 мың тонна шақпақ мыс өндіреді), оның өнімі әлемдік сапада МООК 99,99% болып бағаланады. Балқаштүстімет ӨБ (жылына - 180 мың тонна шақпақ мыс береді, 100 мың тонна металды мырыш өндіру жоспарланған). Шығысқазмыс бөлімшесі, оның құрамында Жезкент кен байыту және мыс - химия комбинаттары бар (жылына 125 мың тонна мыс концентратын, 100 мың тонна мырыш концентратын шығарады). Көмір кәсіпорындары (10 млн тонна көмір). Электр станциялары департаменті (Kazakhmys Power), оның құрамында 3 жылу электр орталығы бар. (5 млрд квтсағ); мыс ширатпасын шығаратын (жылына - 60 мың т.) завод; эмальды сым шығаратын завод; кабельді-өткізгіш өнімдер өндірісі. (Сурет 4 – Kazakhmys Power өндірісі көрсеткіштері)
Осылардың барлығын қосқанда корпорацияда 67 мың адам еңбек етеді. 4-ші және 5-ші сатыдағы жаңа өнімдер шығару игерілген: мыс ширатпасы, құйма алтын, түйіршіктелген күміс, зергерлік бұйымдар. Зергерлік бұйымдардың барлығы шетелдерге өткізіледі. Балқаш қаласында ТМД елдері бойынша бірінші рет автоклавты ерітінділеудің ғылыми - ауқымды экологиялық тазалау технологиясы пайдаланылатын металды мырыш өндіретін завод іске қосылды. Сонымен, қорыта келгенде Жезқазған аумақтық-өндірістік кешенін дамытуда өндіріс орындарының атқаратын рөлі зор. Жезқазған аумақтық-өндірістік кешенін дамуын анықтап беретін басты өндіріс түсті металлургия кешені болып табылады. Ондағы басты кәсіпорындар жүйесін Қазақмыс корпорациясының құрамына енетін кәсіпорындар өзіндік үлесін қосуда.
ҚОСЫМШАЛАР
Сурет 1 – Жезқазған аумақтық-өндірістік кешенінің дамуы
1. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі (%)
2. Өндірістік өнім көлемі қалыптасқан бағада (млн. теңге)
3. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі (нақты бағамен) (млн. теңге)
Сурет 2 – Жезқазған қаласының бюджет кірісінің құрылымы, млн.тг
1. Салықтық түсімдер
2. Салықтық емес түсімдер
3. Негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер
4. Трансферттер түсімі
Сурет 3 – Мыс кенінің өсу динамикасы
1 = Өндірілген кен (мың тонна)
2 = Орташа құрамдылығы %
3 = Концентраттағы мыс (мың тонна)
Сурет 4 – Kazakhmys Power өндірісі көрсеткіштері
1 = Электр энергиясының таза өндірілімі (ГВтсағ)
2 = Өндіріліп шығарылған таза қуаттылық (МВт)
3 = Электр энергиясының тарифі (теңгекВтсағ)