1.2. Өнегелі қасиеттерді қалыптастыруда халқымыздың мұраларына тарихи шолу.
Күллі адамзат қауымында өткен ақыл-парасат алыптарының ой-кермегін тартып, тіршілік тұңғиықтарын терең толғап ұғынған сайын кемеңгерліктерін ұрпақ тәрбиесіне арнамағандары аз. Сонау көне дүние данышпандары Сократ та, Платон да Аристотель де төрткүл дүниенің тылсым сырларын ата-бабаларымыз Әл Фараби, Әбу Райхан Беруни, Ғаббас Ибн Сейд Әл Жауһари, Жүсіп Баласағұн т.б. мектеп ашып, шымырлай аққан ой құдіретін ұрпақ тәрбиесіне бұрған. Олай болса, ұлы ойшылдардың қол созған мұраттары тікелей адам тәрбиесіне астасып жатыр. Тіпті кешегі өткен Декарт Локк, Ян Амос Коменский, Жан-жак Руссо, Лев Толстой да тәрбие саласына ерекше көңіл бөлген. Қазақ баласының өнегелілік қасиетінің қалыптасуына ең әуелі шоқтығы биік болып көрінетін құдіреттің бірі - халық педагогикасы. Осы тұста қазақ халқының ұрпағына қалдырған аксиомалық ұғымдарды еске түсіреді. Алып анадан туады тылсым сыры әлі ашыла қоймаған ұлағатты сөз бар.
Адамдардың мінез-құлығы мен ар-ұжданы негізінен ақыл-парасат және жүрек тәрбиесінен алады екен. Осындай тұжырымды Абай Құнанбаев та құптайды.
Әл Фараби жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде ғана адам бақытқа жетіп, адамшылық қасиеттерге ие болмақ, - дейді.
Адам мінезін негізінен тәрбиелеп қана жетілдіруге болатынын айтқан ұлы Абай: Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады, онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық, - деп адамның шынайы, саналы өмірін дәріптеген.
Тәрбиелі, өнегелі, адамгершілігі бай адамның бойынан байқалатын ұят пен ар, ізгілік, мейірім, имандылық пен инабат-ұждан ұғымына саяды. Ал, адам табиғатындағы ұждан деген қасиетті сипаттың тербелетін бесігі тек жүрек тәрбиесімен ғана үндесіп жататындығы белгілі.
Абай жүрек қалыптастыратын ұждандық сипатқа ерекше мән берген. Ол адам ғұмырында жүректің орнын алдыңғы қатарға қояды. Тіпті ақылдың тереңдігін күшейтетін де жүрек деп біледі. Сондықтан да ол:
Ақылмен бойлап білген сөз,
Бойыңда жұқпас сырғанар,
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырға қуалар ,-
деп адам тәрбиесінің темір қазығын жүрекпен байланыстырып отыр. 14-сөзінде Тірі адамның жүректен алушы жері бар ма , Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр дегені.
... Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларсың --- жүректе жігер, қайрат байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын,---- деп терең нақтылықпен тәрбие тетіктерінің сырын ашып отыр.
Адамдар арасындағы қарым-қатынаста тіршілік, әдеп, инабат үрдісінің қаншалықты кең жайылып, терең тамырлануы ең алдымен, олардың жекелеген отбасында өркен жаюына, яғни, баланың ата-анасын жан-жүрек қалауымен саналы түрде ардақтап, құрметтеуіне, инабат тағылымын үлкендерден үйрене отырып, өздерінің адамдармен қарым-қатынасында оны мүлтіксіз жүзеге асыруында. Өз ата-анасын құрметтейтін, перзенттік парызы үлкен орындалмайтын, әдептілік, кішіпейілділік, сергек сезімталдық көрсетпейтін, бұл қасиеттер қанына сіңіп, жүрегіне ұяламаған ұрпақтан не опа, не қайыр! Баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауы – адамшылдығының белгісі.
Отан — адамның түп-тұқияны, кіндік қаны тамып, өсіп-өнген жері. Сондықтан адамның Отан анасын ұмытпай, ата-мекенін жаудан қорғап, ата ерлігін сақтау, жалғастыру, туған жерді қастерлеуі ана сүтімен бойымызға дарыған қасиет.
Б.Байрон Өз елін сүймеген адам ештеңені де сүйе алмайды,- деген. Адамның өнегелілік қасиетінің қалыптасуы оның өзін-өзі басқаруы мен тұрмыста тәлтіректемей табанынан тік басып, мығым тұра білуі іс-қимыл шеберлігіне байланысты. Адамның осылай саналық қалыптасуындағы шешуші фактор — еңбек болып саналады.
Еңбек адамның шаруашылық мүмкіндігіне кең өріс ашып, оны жүзеге асыруға жігерлендіреді. Философ Жан Мари Гюго Адам жұмыс істеген уақытта ғана толық адам болады дейді. Ал, Абай Құнанбаев Еңбек, қуаныш, жалқаулық—айрылмас азар,- деп шегелейді. Еңбектің қасиетін жан-жақты адам бойында қалыптастыру - отбасы, ата-ана, ұстаз-тәрбиешілердің міндеті.
Еріншектік, жалқаулық, жатыпішерлер, арсыз арамтамақтар – халық жиіркенішпен қарайтындар, жанбай жатып өшетіндер екендігін ұғындыруымыз керек.
Әділеттілік—мұсылмандардың барлық ұрпағының ой-пікірі, дүниетанымы, адамгершілік көзқарасының өзегін құрап, қанына сіңген ұғым болып табылады. Мұсылман әдетінде әділеттілік – іргелі және әмбебап ұлы қасиет, халық ұғымында әділдік үшін күрес ----- шынайы адамшылдық өмір үшін күрес деп есептейді. Адамның ең аяулы өнегелі қасиеті --- турашылдығы десек, турашылдық сол әділдіктен нәр алады. Әділдіктің жоқтығынан ел азады. Адамдардың жасампаздық күші сарқылып, биліктің іргесі шайқалады. Сондықтан жасөспірімдер бойына әділдік үшін күресті дарыта алсақ, ертеңге сеніммен қарауға болады - деген Ш.Құдайбердиевтің сөзі өнегелі қасиеттің өресін кеңейте түседі.
Адалдық – адамгершіліктің аса маңызды талаптарының бірі. Ол жалған сөйлемеу, жалтармау, уәдесінде тұру сияқты қасиетті қамтиды. Баланы адалдыққа тәрбиелеу, адал еңбекке, әдептілікке үйретуден басталады. Бала өз ризық, несібесін өз еңбегімен, яғни адалдықпен тауып жеген адамның ең ардақты, халық алдында құрметті, сыйлы кісі саналатынын түсініп, сондай болуға өзі де талпынатындай үлгі-өнеге көріп, біліп өсуге тиіс. Адалдық артық, арамдық жамандеп, күтіп отыруға болмайды. Бала бойында халық рухымен сыйыса алмайтын қасиеттен арылтуды ертеден бастау керек.
Парасат — жеке тұлғаның қадір-қасиетін, кісілік кемелдігін білдіретін жиынтық ұғым. Француз философы Г.Мамбе: Біздің бойымызға біткен ішіндегі ең маңыздысы және ізгісі парасат,-- дейді.
Парасат ұғымын Абай адам болу, толық адам деген сөздермен белгілейді. Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек,- деп тұжырым жасайды.
Адам үшін ең қымбат қазына -- әдебиеттегі, өнердегі тағылым, тәжірбие. Бұларды біз нағыз классикаға бағалаймыз, өйткені бұл құндылықтар адамды даналыққа, өнегеліліке баулиды. Ал даналық, өнегелілік адам үшін өмір өткелдерінен сүріндірмей, жаңылдырмай алып шығатын шырақ, нысана, компас деуге болады.
Өнер -- ой-сезім бірлігі арқылы әлемнің тұтастай көрінісін жасайтын адам әрекетінің бір түрі. Халық өз дүниетанымын, салты мен дәстүрін, ғұмырлық тарихын ең алдымен өнерге сіңірген, сол арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткізген. Халқымыздың ғасырлар бойы жинаған асыл, рухани қазыналарын, қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіріп,өнегелілік қасиеттерін қалыптастыруды өнер арқылы тәрбиелеу өзекті мәселелердің бірі.
Қазақ халқының мәдениеті ---- оның ұлттық тарихының өнімді өзегі, құрамдас бөлігі, маңызды саласы. Сондықтан оны игеру, өз алдына ғылым ретінде танып, оқып-үйрену ---- қазақпын дейтін әрбір адамның азаматтық парызы, қасиетті борышы, тұрмыс-тіршілігінің таусылмас талабы, қажеттілігі. Тарихқа шолу жасасақ, ол сонау Орхон-Енисей жазуынан бастап Қорқыт, Әл Фараби, Ж.Баласағұн, Иссауи, Ө. Тілеуқабылұлы т.б. сияқты орта ғасыр ойшылдарының шығармаларынан бастау алады. Олардың іішінде адам баласы қанша өмір сүрсе де, ешбір ескірмейтін, қадір-қасиетін жоғалтпайтын, бүкіл азаматтық мәнге ие болып қалыптасқан құндылықтар, ұрпақты салауаттылдыққа тәрбиелеудегі жоғарыдағы өнегелері өз мәнін жоймайды. Мәселен, Қорқыт жырлары имандылық пен ізеттілік, адамгершілік пен парасаттылыққа меңзейді. Көбінесе біз Қорқытты күйші ретінде білеміз, өмірде... барсақ та Қорқыттың көрі деген аңыз кездейсоқтық емес, ол адам баласына айтылған ескертулер мен пендешілік құрыққа түспеуге меңзейтін болжамдар.
Қорқыт баба --- қазақ даласының ұлы ойшылы, күйшісі. Қобыз өнері – қазақ музыка мәдениеті тарихында ерекше орын алады. Халық қобыз үнінде адамды қайғы-қасіреттер, қиындықтан, өлімнен құтқарушы құдіретті күш бар деп ерекше қадірлеп, сеніп, қастерлеп, құрметтеген. Күй - өткен өмірдің тілсіз шежіресі.
Адам жүрегін тебірентетін толғауы тоқсан түрлі күйлер шығарып, әсерлі ән мен сазды күйлер ұрпақтан ұрпаққа тарап, халық жүрегінде мәңгі сақталатынын, жанымен тарап, халық жүрегінде мәңгі сақталатынын жанымен түсінген Қорқыт: Өлмейтін өмір кілті ---- өнерде деген. Қорқыттың көтерген мәңгілік құндылығы -өмірсүйгіштік.
Кең байтақ ұлы даланы мекндеген халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің, тіпті мінез-құлықтарының да біркелкі, ұқсас келуі бұрынғы өткен қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным, Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі-өнеге.
Қазақ халқы -- рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы-сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары, мақал-мәтел, шешендік сөзі, айтыс өлеңдері сан ғасыр бойы өз ұрпағын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар-ұжданы жоғары, намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық. Олай болса, еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін-жерін, Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді қаны мен жанына сіңіруде осы ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі басты фактор болып табылады.
Өткенді жақсы білмейінше келешекке сапар шегу айсыз қараңғыда сүрлеу соқпақ іздеп адасумен пара-пар!-- деп Л.Н. Толстой айтқандай, ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлері мен тағылымдарын оқып үйреніп, өнеге тұтпай, жастарды ізгілік пен парасаттылыққа баулу мүмкін емес.
Әр оқушы өз пайымдауы мен түйсігіне сүйене отырып жеке қабілетін ашуға қадам жасаған.Дәстүрлі сабақтан гөрі оқушы іс-әрекеті басымырақ.Әр оқушы өздігінен ойлануға әрекеттенген,өз бетімен жекелей жұмыс жасауға ынталанған.Оқушы қауымы шығарма мазмұнын мазмұндаумен шектеліп келсе,қазіргі сабақтарда оқушының жеке пікірі негізге алынады.Жеке тұлғаны шығармашылыққа баулудың негізгі сатылары оқушы іс-әрекеті мен жүзеге асып жатыр.Оқушының оқуға деген ынтасының өсуіне оң ықпалдығы ұжымның жұмыс жасауға бейімделуден,жеке тұлғаның еңбегінің түзілуі білімге деген құштарлығын толықтыра түседі.Жалпылау ойлаудан,жекелей ойлау оқытудың жүйелілігін қалыптастырды.
Қорытынды:Блум таксаномиясы негізіндегі жүйе оқушылардың өз беттерімен зерттеу,іздену қорытынды жасау іс-әрекеттеріне түрткі жасай отырып,олардың дарын,қабілеттерінің жетілуіне ықпал етеді,таным белсенділіктерін арттырады.
- оқушылардың көркем тілдері дамиды.
-білімді оқушылар өз іс-әркеттерімен алу жүзеге асады.Білім деңгейлері анализ,синтезге дейін көтеріледі,өнімді білім беруі үрдісі жүреді.
-жұмысты оқушылардың таңдап алуына ерік береді.
-жеке тұлғалық қасиеттерін дамытады.
-берілетін білімін ең негізгі түйінді дәмін таңдап ала білуге жаттығады.
-алдында тұрған қиындықты жеңуге үйренеді.
-оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп,білімдерін жан-жақты толықтыруға түрткі болады.
Ең бастысы,жеке тұлға қасиеттерін шығармашылық деңгейде жеткізеді.
Ата-аналар өсіріп отырған ұл-қыздарын жағымсыз қылықтардан сақтандырып отырған. Сондықтан да баланың бойынан көрінген кейбір кішігірім кемшіліктерді дер кезінде түзеп, ескерту жасап тұрудың маңызы үлкен. Себебі бүгін арзымайтындай болып көрінген кішкентай қателік ертең үлкен бір даулы мәселеге жол ашуы әбден мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайдың алдын алмаса, соңы жақсы нәтижеге алып келмейтіні сөзсіз. Бұл үшін жастардың өмірге көзқарасы өзгеруі тиіс, ал оны өзгертетін бүкіл мемлекеттік деңгейде бір бағытта жүргізілетін, әділетті де тиянақты тәрбиелік жұмыстар мен экономикалық, қоғамдық және саяси жағдайлар. Жасөспірімдердің өнегелік қасиеттерін қалыптастыруға қатысты қоғам алдында тұрған ең өзекті мәселенің бірі осы.
Жасөспірімдердің өнегелік қасиеттерін қалыптастыру мәселесін ұстаздар қауымына арта салумен бітпейді. Оның нәтижелі болуы ата-аналар мен қоғамдық ортаның тәрбие ісінен шет қалмай, белсене араласуына, адам тәрбиелеудегі жауапкершілікті бірлесе көтеріп, жұмыла іс істеуіне тікелей байланысты. Ол жөнінде Қазақстан Республикасының Білім туралы Заң жобасының 35-бабында: Ата-аналар балалардың өмірі мен оқуы үшін олардың денсаулықтарын рухани әрі дене қуатының қауіпсіз дамуының адамгершілігі жағынан дұрыс қалыптасуын қамтамасыз етуге міндетті! делінген.
Ұл мен қызы ата-анасынан сырын, жасырады. Қыз қылығы ішінде, ұл қылығы сыртында деуші еді бұрынғылар. Балалар қылығын ішке бүкпей, сыртқа да дабырлатып шығармай, ата-ана дер кезінде бәрін біліп отырса, тәрбие мәселесін де ашық әңгіме түрінде өтіп, оның қыр-сыры, уақыттылығы түсіндірілсе, мүлде басқаша болар еді деп ойлаймын. Бұл орай да ерекше ескере жайт, әрбір ата-ана оқымысты, барлығы ғылым емес болғандықтан, олардың балалары өз ой-парасатынша, өз қабілетінше тәрбиелегені ләзім. Мұндай жағдайда отбасылық дәстүрлердің өнегелілік қасиеттерді қалыптастыруға тигізер әсері өте зор. Ал халқымызда өнегелілік қасиеттерді қалыптастырар отбасылық салт-дәстүрлер өте көп. Әсіресе адамгершілік дәстүрі өзіне сай өзгеше қасиетпен дараланады.
Әрбір халықтың өзіне тән, басқа ешқандай ұлтқа немесе мемлекетке үйретуге келдмейтін мұндай дәстүрлер оның тұрмыстық, ұлттық ерекшелігінен, әлеуметтік-қоғамдық психологиясы мен идеясынан келіп шығады және аталған халықтың рухани байлығын белгілеп береді. Ең маңыздысы өнегелі қасиеттерді қалыптастыратын дәстүрлерді жандандырып, күнделікті тұрмыста, отбасында, ұрпақ тәрбиесінде орнымен қолдана білуде.
Шындығында да адамгершілік мінез негіздерінің астарында жалпы адамдық пен ұлттық құндылықтар бірігіп, адамдардың рухани мәдениеттілігін жүзеге асыратыны белгілі. Себебі жеке адамның ойлау қабілетін өсірмей немесе оның рухани дүниесін байытпай тұрып, саяси-экономикалық және мәдени салалардағы міндеттерді орындауға және тәуелсіздік идеологиясын қалыптастыруға болмайды. Қазіргідей нарықтық қатынасқа сатылай өтіп жатқан кезеңде қоғам мен мемлекет өзін таныған отансүйгіштік түсінігі мол, ұлтын сүйетін, қоғамдық еңбегі мен кәсібі, дағдысы, іскерлік негіздері қалыптасқан рухани сау, табиғи мықты, жалпы адамдық және ұлттық мінез-құлық нормаларын іске асыра білетін, рухани жағынан жетілген, өнегелілік қасиеті қалыптасқан, жан-жақты адам тәрбиелеп, кәмелетке жеткізуге өте мүдделі.
Осы жайтты терең түйіп, еңбектің бейнеті мен зейнетін басынан өткізген халқымыз қыз баланы еңбекке тәрбиелеуді отбасынан бастаған. Қыз баланың еңбексүйгіш, өнерлі, өнегелі болып өсуіне ерекше мән берген. Қолөнерге икемі жоқ қыздарды Өз үйінде ою оймаған кісі үйінде тон пішер деп келеке еткен. Тіпті, шай құю мен төсек жинаудың өзі үлкен сын болған. Осыған байланысты Қыздың жмған жүгіндей деген теңеулер текке айтылмаған.
Жоғарыда айтылған міндеттер мен алда тұрған мақсаттар бүгінгі егеменді Қазақстанның ұлт саясатында әлемдік мәдениетті қатар кіріктіре меңгерту арқылы жеке тұлғаның да, белгілі бір топтың да, бүкіл бір халықтың да менталиттетік өресін көтеру үшін қолға алынуда. Сонымен қатар барлық ұлттар мен ұлыстардың мемлекет байлығын жасауға, қазақ мәдениетіне жағымды да озық ықпал ету үшін елімізді мекендеп отырған барлық ұлыстың тең құқықтық, жооғары саналылықпен ат салысуы қажет.
Адамгершілік арқауы --- ұлттық тәрбиеде.
Халық кемеліне келіп, өркендеуі үшін алдымен азаттық пен білім керек деп ұлы Шоқан Уалиханов айтқанындай, егеменді елдің ертеңгі ұрпағының оқу-білім тереңдігі немен өлшенеді деген ой мені толғандырады. Сондықтан Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер және жүріп жатқан күрделі жаңарту үлгісі жайында бүгінгі таңдағы түбегейлі мәселе – адамды іс жүзінде қоғамдық дамудың басты тұлғасы ету заңды құбылыс деп есептеймін. Адамның өмір сүруі мен еңбек етуіне лайықты жағдай туғызу әлеуметтік әділеттілікті, азаматтық бостандықты және жан-жақты дамуды, рухани және интеллектуалдық әлеуетінің жетілу мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді, сонымен қатар адамның кәсіби біліктілігі мен білімділігін жетілдіру міндеттерін көздейді.
Білім беру жүйесіндегі ұлттық және адамзаттық қазыналар мыналар:
--- жеке адамның рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен имандылық өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, әрбір адамды дамыту үшін қажетті жағдайларды жасау;
--- қоғамның және мемлекеттің алдындағы және құқықтары мен міндеттерін түсіндіруді, сондай-ақ республиканың мәдени қоғамдықжәне экономикалық экономикалық және саяси өміріне қатысуы.
Халқымыз күнделікті тұрмыс-тіршіліктің басында-ақ жастарды әдептілікке, адамгершілікке, сыпайылылыққа, мейірбандыққа және басқа да толып жатқан жақсы қасиеттерге баулып отырған. Мысалы халқымыздың жас ұрпаққа бағыштап айтқан: Оттан аттама, Нанды аяққа баспа, Кісіге қарай керілме, Табалдырықты басып тұрма деген сияқты қысқа да, нұсқа сөздерінде қандай өнегелілік мән-мағына жатыр десеңізші!
Қазақ халқының зиялы азаматтарының бірі ----- Мағжан Жұмабаев қазақтың ұлттық мектебінің моделіән ұсынған болатын. Онда Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбиелдеуге міндетті десе, Дулат Міржақыпов мектептің мақсаты туралы ... Жалғыз құрғақ біліді үйрету емес, біліммен бірге жас ұрпақтың бойына халқымыздың өнегелілік қасиеттерін қалыптастыра білуіміз қажет деп тамаша айтқан. Тәрбиенің негізгі мақсаты - дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттері қалыптасқан адамды тәрбиелеу.
Мектепте мұғалім басты тәрбиеші, білім беруші. Мұғалім әр сабақта жасөспірімдерге білім беріп қана қоймайды, оны өзінің ақыл-ой парасатымен, ұлттық педагогикасымен ұштастыра отырып, жасөспірімдерді азаматтыққа, адамгершілікке тәрбиелейді. Ұрпақ тәрбисі тілден басталады. Ұлттық психология мен дүниетанымдық көзқарасты қамтамасыз ететін --- тіл. Сондықтан қоғамның басты мақсаттарының бірі – сәбиден бастап, барлық жеткіншек жасөспірімдер және жоғары педагогикалық оқу орындарының жастары туған елінің рухани қоғамдық өмірінен қол үзіп кетпеу үшін, әрбір жасөспірім өнегелік қасиеттен жұрдай болып қалмау үшін ана тілін білуді өмірлік қажеттілігіне айналдыру көзделіп отыр.Жүсіпбек Аймауытов білім негізі мектепте ана тілі арқылы меңгерілетінін баса көрсеткен: Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып, өзге тілдерді меңгеру мүмкін емес.... Жүректің терең сырларын, басынан кешкен барлық толқындарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын мол қазына – халықтың тілі. Қай уақытта болмасын, өнегелілік қасиеттерді қалыптастыру қоғамдағы моральдік нормалардың негізінде жүргізілген. Олар өзінің әлеуметтік мәні жағынан бүкіладамзаттық, таптық болуы мүмкін деген ой философиялық әдебиеттерде үстемдік етіп келеді. Ал негізінен алғанда, ұлттық, психологиялық өмір тіршілігіне, орналасқан жеріне, кәсібіне байланысты жүздеген, мыңдаған жылдар ішінде қалыптасқан бүкіл ел болып мойындаған моральдік нормалары болуы тиісті екенін білуіміз керек. Қай ұлттың, қай халықтың болса кемеліне келіп толысуына, рухани өшуіне, әдеби-мәдени дамуына басты ықпал жасайтын негізгі тірек, ол ---- ұлттық мектеп.
Жасөспірімдердің өнегелілік қасиеттерін тәрбие арқылы дамыту.
Гуманистік педагогиканың негізінде алынатын бастауы гуманистік идеялардың бірі, адам табиғи жаратылысына ерікті, ол Жаратқаннан басқаға тәуелсіз, тек дүниедегі мақсатын саналы іске асыру үшін жаратқанға ұмтылу арқылы ғана өзін баққытты сезіне алады. Адамның Адам болуына, оны өзге тіршілік иелерінен ерекшелендіретін дарыған құдіретті күш бар,
Өнегелілік ---- тәрбие мен оқытудағы адамгершілікке бағытталған идеалдар. Оларға шындық, қайырымдылық тұлға, пайда, бостандық, махаббат, шығармашылық т.б. қасиеттері жатады. Өнегелілік қасиеттер – идеалдарды қабылдау немесе қабылдамау сезім арқылы айқындалып, ақыл-ой, сана арқылы қабылданады. Өнегелілік құрметтеу, қошеметтеу, қабылдау тәрізді ұмтылысты білдіреді. Өнегелілік --- сезім мен ақыл-ойдың ұштасуын және сол арқылы адамның іс-әрекетін белгілейді. Тәрбиедегі басты мәселе – балалардың тұлға аралық қатынасын дамыту, отбасы мүшелерімен қарым-қатынас жасай білуі, оның өзге адамдарды түсінуі, әр адамн-ың құндылығын және даралық ерекшелігін жасына, ұлтына қарамастан саналы түсіне білуі, сырт көзбен қарап, істеген ісінің нәтижесіне өзіндік баға беруі тиіс. Тәрбиені ізгілендірудегі басты мақсат оқушылардың ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар арқылы дамытуға, мәдени дағдыларды игеруге, өзін және өзгелерге жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру назар аударылады.
Рухани–адамгершілік тәрбиесіндегі басты нысаны баланы құрметтеу, оның рухани бойында жаратқанның ұлы қуаты бар. Адамның рухани мұқтаждығын қанағаттандыратын іс- әрекет түрлері, өмірдің мәнін түсіну үшін жасалған іс-әрекет. Өмірдегі мәдени қалыптарға құндылық қатынас орнату, оқушының өзін-өзі күту мәдениетін, экологиялық мәдениетін, еңбек ету мәдениетін, құықтық-руханилық және адамгершілік мәдениетін тәрбиелеу арқылы іске асырылады. Жасөспірімдердің бойына өнегеілілік қасиеттерді қалыптастыруда ата-бабаларымыздың ұлы мұратын насихаттауды естен шығармауымыз керек. Демек ата-бабаларымыздың асыл қазыналары арқылы жасөспірімдердің бойына адамгершілік ізгі қасиеттерді қалыптастыруға болады. Міне, сол арқылы халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған рухани құндылықтарын бала бойына сіңіріп, өз елінің, Отанының адал азаматтарын тәрбиелей аламыз.
Бұл жұмысты жүзеге асыру аса қиын емес. Себебі ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпқа негізделген жас ұрпақты тәрбиелеу әдісі бар. Жоғарыда атап өткен дана бабаларымыз бен кемеңгер ғұламаларымыздың баға жетпес құнды еңбектері бар. Рухани тәрбиені теорияылық тұрғыдан қазіргі заманға сай саралап, қазақ тілінде кемеліне жеткізген кемеңгер А. Құнанбаев пен Ш. Құдайбердиев бар. Тек осы қазыналарды орнын тауып қолдана білуіміз керек.
Қоғамның жылдан жылға өнегелілік қасиеттерінің азғындалып бара жатқанының себебі де осы ар ілімінің оқылмай, рухани тәрбиенің берілмей жатқаны. Сондықтан өнегелілік қасиеттерді қайдан аламыз, қалай береміз дегенде, алыстан іздемей-ақ өзіміздің осындай дара ойшылдарымыздың дана өсиеттерін алуымыз керек.
Қазіргі жастарымыз батыстың мәдениетіне бой ұра бастады. Бұған тосқауыл қою керек. Өйткені күнде ұлттық болмысымыздан айырылып барамыз. Тек қазақ халқының қанында бар рухани асыл қасиеттердің өзге халықтарда кездесе бермейтіндігіне жастарымыздың көзін жеткізуіміз керек.
Ендеше егемендігіміз мәңгілік болсын десек, оның болашағы ----- жастардың тәрбиесін, оның ішінде ауыл жасөспірімдердің өнегелілік қасиеттерін қалыптастыру мәселесін кешіктірмей қолға алуымыз керек-ақ.
Өнегелілік—адамгершілік құндылықтар негізінде.
Қазір қоғам да, қоғамдық көзқарастар да күннен күнге өзгеру үстінде. Әрі бұқаралық ақпарат және қарым-қатынас құралдарының жұмысындағы барлық шектеулердің алынып, ақпарат тарту еркіндігіне кең жол ашылуы жасөспірімдердің сана-сезімі мен рухына кері әсер етуде. Қазақ бола тұра қазақ тілін ұмытып, ата-бабамыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарынан ажырап қалған, шетелдік компьютер ойындары мен қатыгездікке құрылған фильмдердің еркінде кеткен жастарымызды қайтсек дұрыс жолға саламыз? Бүгінгі таңда бұл сұрақ ұлтымыздың болашағын ойлайтын санасы сергек барша қауымды толғандыруда.
Біздің педагогика ғылымында тәрбиені бірнеше бағытқа бөледі, олар: Қазақстандық патриотизм мен азаматтық тәрбие, зерде мәдениеті, рухани-адамгершілік, салауатты өмір салты, экологиялық-экономикалық талғам, этникалық және отбасылық өмір мәдениеті. Көп жылғы педагогикалық тәжірибеден байқап жүргеніміз жоғарыда аталып жүрген тәрбие жүйесімен көптеген ұрпақ тәрбиеленіп жатыр. Дұрыс-ақ. Бірақ бұл тәрбие түрлерінің қарқынды жүргізілетініне қарамастан, ақ жолдан, адал жолдан адасып, азғындаушылыққа ұшырап, жастарымыздың бұзылуы неліктен? Тұрақсыздық көрсетіп, мұз үстінде тұрғандай өмір жолында тайғанақтап құлап жататыны қалай? Бұл сұрақтардың жауабы біреу-ақ, ол ---жастардың өнегелілік қасиеттерінің қалыптаспағандығының нәтижесі. Жоғарыда аталған тәрбиенің толып жатқан түрлерірнің нәтижесіз болуы оның өнегелілік мұралармен байланыспауы. Ендеше тәрбиенің барлық салалары бір арнаға тоғысуы керек, ол арна – халқымыздың өнегелілік бай мұрасы. Қазіргі кезеңде ұстаздар қауымының алдында тұрған міндет – жастарға рухани тәрбие беру және осы мақсатта ұлтымыздың ұлы ғұламаларының рухани мұраларын жаңғырту, рухани құндылықтарымызды басшылыққа алу. Қазіргі мектеп жасындағы балалардың шылым шегу, ішімдік ішу, есірткі қолдануы т.б. келеңсіз көріністер жасырып жататын жағдай емес. Қылмыстың ең ауыр түріне баратын жастар да көбейіп бара жатыр. Осылардың арасында біздің қазақ балаларының үлесі аз емес. Бұл қиындықтан шығудың жолын табу – педагогтардың алдында тұрған шешімі қиын міндеттердің бірі. Осындай түйіні қиын күрделі міндеттердің шешімі жас ұрпақтың өнегелілік қасиеттерін қалыптастыру, рухани тәрбие беру.
Ғұлама ұлы бабамыз Әл Фараби Тәрбиесіз қолға білім салма десе, А.Байтұрсынов ағамыз Біз әрқашанда білімге ұмтыламыз. Негізінде ең бірінші тәлімге ұмтылуымыз керек.Бізге тәлімді рух, тәрбиелі білім қажет, тәрбиелі білімдар... Міне адам! Міне тұлға! деп білімнен бұрын тәрбиеге көңіл аудару керектігін, тәрбиесіз адамға берілген білімнен ешқандай пайда жоқтығын бас көрсеткен. Біз осы қағидаларды әрқашан жадымызда ұстауымыз керек. Ең алдымен, таза жанды, иманды, арлы, намысты, ұлты мен ұлттық құндылықтарды сүйетін тұлға тәрбиелеуге ұмтылуымыз керек.
Белгілі жазушы Ж. Аймауытов өзінің Тәрбие деп аталатын еңбегінде Тәрбие екі түрлі: ал адам баласына дене тәрбиелеумен бірге рухын, ақылын, сезімін, жігері, мінезін тәрбие қылуы керек. Дене мен рухы бірдей тәрбиеленген кісі сыңаржақтау болады депті. Ендеше Ж. Аймауытов айтып отырнған тән мен рухты тәрбиелеуге күш салуы керек. Барлық тәрбие мен білім берудің тамыры мен өзегі осы рухты тәрбиелеуде, яғни рухани тәрбиеде жатыр. Адамның ең алдымен өнегелілік қасиетін қалыптастырмай, тәрбиенің басқа салаларын жүзеге асыру мүмкін емес. Өнегелілік қасиеті қалыптаспаған адамға тіпті білім беру қауіпті.
Жан дүниесі өнегелі тәрбиемен нұрланбаған адам өзінің алған білімін қара басының пайдасына жұмсап, өз мүддесі үшін адамзатқа қауіп әкелуі мүмкін. Сондықтан Әл Фараби бабамыздың жоғарыда айтылған Тәрбиесіз қолға білім салма деген сөзі жалпы ұстаздар қауымының негізгі ұсанымы болу керек. Кейбір адамдар рухани тәрбиені дінмен шатастырып, қарсы шығуы да мүмкін. Діни тәрбие мен өнегелі тәрбие мүлдем бөлек дүние. Дегенмен бүгінгі күні дін мәселесіне жаңа көзқарас керек екенін түсіндік. Кеңес үкіметі кезінде Дін сананы улайтын апиын деп келсек, бүгінгі күні дін арқылы тәрбие жұмыстарын нәтижелі жүргізуге болады. Бұған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мына сөздері дәлел: Біз – тегіміз түрік, дініміз –Ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін қасиетті кітап Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек. Демек өнегелі тәрбие арқылы адамның бойында адамгершілік ізгі қасиеттерді қалыптастыруға болады. Міне сол арқылы халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған рухани құндылықтарын бала бойына сіңіріп, өз елінің, Отанының адал азаматтарын тәрбиелей аламыз.
Абай шығармаларының ұрпақ тәрбиесіндегі орны.
Жас ұрпақты адамгершілікке, әдептілікке, имандылыққа тәрбиелеуде ұлттық сана-сезімнің қайнар бұлағы – мақал-мәтелдер, құнды әдеби мұралар, нақыл сөздер болып табылады.
Академик Г. Н. Волков ... батыстан келген бұл рухани апаттан жастарды аман алып қалудың жолын қарастыруымыз керек. Ол әр халықтың ғасырлар бойы ұрпақ тәрбисінде қалыптасқан, түрлі сыннан сүрінбей өткен халықтың бай тәжірибесіне сүйенген халықтық педагогика болмақ --- деп жазады.
Жас ұрпақ тәрбиесінде таптырмас тәрбие құралы болып саналатын қазақ этнопедагогикасының ғылым ретінде қалыптасып, осы мәселе төңірегінде алғаш төл туындылар жазған демократ ағартушы Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А.Құнанбаевтардың есімімен байланысты.
Қазақ қазынасының қайнар бұлағынан сусындап өскен ,халқымыздың дара перзенті Абайдың әрбір шығармасы инабаттылыққа, парасаттылыққа, имандылық пен ізгілікке тәрбиелейді.
Адам баласының бойындағы әділеттілік, мейірімділік, рахымдылық, жомарттық тәрізді адамгершілік қасиеттерді басты орынға қоя білді. Толық адам тәрбиелеуде Абай жастарды оқу-білімге шақыра отырып, білімді де жан-жақты, саналы, ақылды, жүрегі ізгі қасиетттерге толы болсын дейді. Абай сомдаған Толық адам немесе жүрек тәрбиесі туралы ой қозғауы – қазақ халқының ертеден келе жатқан ұлттық тәрбие ойлары халық даналығынан бастау алған.
Абайдың тәлім-тәрбиесі өзі өмір сүрген ортасы мен етене байланысты. Оның бойындағы барлық асыл қасиеттер – даналық, данышпандық сол ұлтынан берілген қасиет .
Абайдың 38-қара сөзінде: Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе күніне бір мәрте, болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал. Ағартушы демократ Абай шығармаларының құндылығы – халық қазынасының озығы, ақылды да әдепті, жан-жақты жетілген, адамгершілігі мол азамат тәрбиелеудегі таптырмас тәрбие құралы.
Халықта Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле деген мақал бар. Тәуелсіздігімізді алып, өркениеттілікке қадам басқан бүгігі таңда адамгершілігі мол, саналы да салауатты ұрпақ тәрбиелеуде Абай шығармаларын пайдаланудың берері мол.
Этикалық тәрбие істері.
Адамгершілік тәрбиесі – бұл тәрбиеленушілердің қоғамдық мораль тарапына сай санасына, сезіміне, әдет-қылығына, мақсат-бағытына жүйелі түрде ықпал ету.
Адамгершілік тәрбиесінің негізгі міндеттері:
1) ізгілік сана қалыптастыру;
2) инабаттылық сезімдерге тәрбиелеу;
3) адамгершілік әдет-қылықтың ептіліктері мен дағдыларын қалыптастыру.
Адамгершілік тәрбиесінің құрамы: адам және қоғам байланысын қалыптастыру, өз қылығының қоғаммен сәйкес болу қажеттілігін сезіндіру, адамгершілік білімді адамгершілік нанымға ауыстыру, тұрақты адамгершілік сезімдер мен сапалар орнықтыру, адамның басқалармен қатынасындағы жоғары мәдениет пен адамгершілік әдеттерді бекіту.
Қазіргі мектепте адамгершілік тәрбиесінің мазмұны жалпы адам құндылығын жоғарылату қажеттілігінен көптеген өзгерістерге бет бұрды. Осыдан әрбір оқушыға төмендегі проблемалардың маңыздылығын түсіндіру қажет.
1. Адамға ең қымбат - өмір.
2. Балалал - өмір жалғасы.
3. Тәртіптілікпен байланысқан еркіндік.
4. Отансүйгіштік (патриотизм).
5. Ұлтжандылық.
6. Интернационализм.
7. Борыш, ар-намыс, ұждан, тәртіп сақтау, кішіпейілділік және т.б.
Қазіргі тәрбие жүйесінде ең маңызды да көкейкесті проблемалар – бұл оқушылардың жыныстық тәрбиесі мен еңбекке қатынасы.
Тәрбие істерінің этикалық бағыттағы құрылымына педагог адам моралі туралы мәліметтер ендіреді. Мораль – адам санасының формасы, адамзат мәдениетінің бөлігі.
Мораль принциптерін, нормасы мен мәнін түсінуден тәрбиеленушілер өздерінің және басқа адамдардың қылықтарын дұрыс бағалауға үйренеді. Адамгершілік жағынан тұрақталған тұлға моральдік номалардың шындығына сенімді болады, оларды орындау қажеттілігін мойындайды. Бірақ адамгершілік нормаларды білу, түсіну наным-сенімдер бекуін өзінше қамтамасыз ете алмайды, тек олардың қалыптасуына қажетті алғы шарттар ғана болып есептеледі.
Адамгершілік білімдер баланың өмір тәжіибесіне өтіп, ой толғанысына еніп, тәрбиеленушілердің өзіндік талқы сарабына түскен болса ғана адамгершілік нанымдар дәрежесіне көтеріледі.
Этикалық тәрбие істерінің ең басты мақсаты - адамның адамгершілік мінез-құлықтарды қалыптастыру, тәрбие істері күнделікті өмір жағдайындағы адамгершілік іс-әрекет бірлігінен құралады. Өз қылықтарымен адам айналамен байланысып, ондағы жағдайлармен қарым-қатынас бейнелейді. Адамгершілік әдет-қылық тудыру үшін соған сәйкес жағдай жасау керек. Жоғарғы адамгершілік іс-әрекет қажеттілігін қалыптастыру- этикалық тәрбие істерінің маңызды бөлігі.
Тұлғаның адамгершілік қажеттілігін қалыптастыру – оның түйсік жүйесіне моральдік нормалар мен принциптерді қабылдату қажеттілігі.
Адамгершілік қажеттіліктің көмегімен ізгілік мораль негізі –еркін таңдау мүмкіндігі туады. Адамның еркін таңдау мүмкіндігін дамытудан этикалық тәрбие істері функциясы орындалады. Әдет-қылықтар жүйесі адамгершілік әдеттерді қалыптастырады. Әдеттерден адамгершілік қылықтарды қалау тұрақты қажеттілікке айналады. Әдеттер қарапайым және күрделі болады..
Тәрбие істерін орындау мақсатында мектеп тәжірибесінде тексерілген келесі ережелерді негізге алған жөн.
1. Адамгершілік тәрбие істері адам үшін күреске айналмауы тиіс. Тәрбие күрес емес, күнделікті күрделі жұмыстан тұратын ұзақ маңдай тер ісі.
2. Тұлғаның ізгілікті қасиеттері өмір қажетінсіз қалыптаспайды.
3. Тұлғаны жақсылық жасауға ынталандыратын жағдай жасау қажет.
4. Бірнеше әдетті қатар бір мезетте дамытуға болмайды, жасөспірімдер мен жастардың жаңа нормалар мен ережелерді қабылдауға дайындығын ескерген жөн, жаман қылықтары болса, одан арылуы тиіс, олардың жағымсыз не келеңсіз екенін түсіндіру қажет.
5. Жоғары адамгершілік қасиет қарапайым, жай нәрселерге негізделеді. Гуманизм, сыйластық, қылық мәдениеті дағдыларын дамытпай, адамды мейірімділікке тәрбиелеуге болмайды.
6. Ұжымдық, азаматтық тәртіпті түсіну сияқты адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеу үшін арнайы әдеттерді ұғыну керек: басқаларға қамқорлық, адамды түсіну, өзінің эгоистік сезімін тежеу, ұжым талабын орындау, қауым алдындағы міндеттер, өз ісі мен сөзіне жауап беру.
7. Мораль арқылы жаман әдеттерді айыра білу: өте қатты сөйлеу, басқалардың сөзін бөлу және тыңдамау,
Арнайы мысалдар арқылы жастарға бір қарағанда еленбес әдеттердің салбарынан болашақ өз өміріне келетін зиянды түсіндіре әрі нақты көрсете білуі керек.
Халықтың тұрмыс-тіршілігімен жасөспірімдерді таныстыру арқылы өнегелілік қасиетін қалыптастыру ерекшеліктері
Қазіргі кезде білім беру ісінде жеке тұлғаны жан-жақты жетілдіріп, танымдық іс-әрекеті мен ой-санасын дамытып, қалыптастыру барысында білім берудің ұлттық, педагогикалық, психологиялық негізін айқындай керек.
Елімізде болып жатқан әлеуметтік, экономикалық, саяси-мәдени өзгерістерге байланысты оқу-тәрбие үрдісін ұлттық сипатта ұйымдастыру- өмір талабы. Әр халықтың ұлттық-тарихи дәстүрі, оның адамзаттық білім берудегі мәдениеті мен диалетикалы білімі осы оқу-тәрбие үрдісіне тікелей байланысты.
Қазақ халқы – елін, жерін . оның табиғи, мәдени байлығын, өнері мен тілін, тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтап, қорғап, рухани-адамгершілік тағылымдарын ұрпағына мұра етіп қалдырған. Сондықтан оқу-тәрбие үрдісінде қолданылатын бағдарламалар, оқулықтар, дидактикалық материалдар, ұлттық психологиялық ерекшеліктер ескеріле отырып жасалуы керек.
Ата-бабаларымыз ұлан-байтақ елін, байлыққа толы жерін ғасырлар бойы қорғап, халқының бостандығы мен тәуелсіздігі ұшін ел қамын ойлаған батырларын, халқының сөзін сөйлеп, ел қамын жеген білімпаз шешендері мен билерін мақтан еткен. Шежіреге толы отанымызды қорғау, шешен де өткір тілімізді, дәстүрімізді сақтау, оны зерттеп, білу --- азаматтық парыз. Әр ұлттың өзіне тән ғасырлар бойы қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келген ұлттық, психологиялық ерекшеліктің болғаны. Сондықтан барлық халықтың мақсаты -- өзінің ұрпағына тәрбие беруде күнделікті айналысатын шаруашылығын, шұғылданатын кәсібін, ұлттық психологиялық арнада ұйымдастырып және рухани-адамгершілік тәрбиесімен ұштастыра білген.
Адамгершілік тәрбиесі — белгілі бір мақсатқа негізделген көзқарасты, сенімді, парасатты, мінез-құлық дағдылары мен әдістерін қалыптастырудағы және адамгершілік сезімді, ұлттық сананы, қарым-қатынасты дамытуда жалпы адамзаттық құндылықтарды тиімді пайдалануға бағытталған жалпы адамзаттық тәрбиенің бір бөлігі. Адамгершілік тәрбиесінің бүкіл жүйесі гуманистік мазмұнға толы, имандылық негізде жеке адамның жан-жақты дамып жетілуіне бағытталған .
Адамгершілік тәрбие мәселесі негізінен ұлттық психологиялық ерекшеліктерге сүйене отырып, тәрбие берудің әдістемелік жолдарын қарастырады.
---- Ұлттық дәстүрлер арқылы оқу-тәрбие үрдісінде адамның бойында өнегелілік қасиеттерді қалыптастыру.
---- Ұлттық дәстүрлер арқылы адамның психологиялық ерекшеліктерін зерттеп, дамыту.
---- Салт-дәстүр негізінде ұлттық психологиялық ерекшеліктерді ескере отырып, рухани-адамгершілік құндылықтарын тәрбиелеу.
Ұлттық дәстүр арқылы психологиялық ерекшеліктерді ескере отырып, дүниедегі бағалы рухани байлықты жеке тұлғаға дарыту. Адам - тарихи үрдістің субъектісі. Ол барлық әлеуметтік қозғалыстар мен қимыл-әрекеттердің негізі, өлшемі және мақсаты, жер шарындағы небір ғаламат табыстардың қайнар көзі, ақыл-ой туындыларының құдіретті иесі. Адам дегеніміз еңбек әрекетімен шұғылдана алатын, әлеуметтік қатынастарға түсетін, өзара байланыс жасай алатын тұлға. Адамның төрт түрлі өлшемі бар: биологиялық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік. Осы төрт өлшемге байланысты адамның бойындағы тұлғалық, кісілік, үш дәрежеге бөлінеді:
-- әр адамның өзіне тән психологиялық ерекшеліктері болады, өмір сүру ортасына байланысты адамдар бір-біріне ұқсамайды.
--- адам әртүрлі елдердің, тарихи дәуірдің материалдық-рухани мәдениеті мен жеткен жетістіктерінен үлгі алады. Оған әлеуметтік этикалық, ұлттық ортасы әсер етеді. Сонымен дәуірге, ортаға, тарихи шежіреге байланысты қалыптасқан білім мен тәрбие жүйесінен сабақ алады. Осының бәрі адамның жан дүниесіне әсер етеді:
--- адам адамзат қауымының мүшесі. Шыққан нәсіліне, ұлтына, туысына, туған жеріне тәуелсіз, барлық адамдарға ортақ адамгершілік қасиеттері болады: батырлық, ерлік, сатқындық, мейірімділік, қатігездік, әділдік т.б. Осы рухани, психологиялық қасиеттерді адам бойында қалыптастыратын фактор – тәрбие. Халық батыры Бауыржан Момышұлы: Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеген, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі ретінде санаған. Батырлық, ерлік деген ұрпақтан ұрпаққа ата дәстүрі болып қала бермек. Өткенін білмеген, онан тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық - деген.
Демек, рухани, өнегелілік қасиеттердің бірі ерлік болса, ол тәрбиеден бастау алады. Әр халық өзінің ержүрек батырларын олардың елін-жерін қорғаған батыл істерін мақтан етіп, үлгі-өнеге қылған. Өлең-жыр, дастандарына, аңыз, әңгімелекріне арқау еткен. Себебі елін бүкіл әлемге танытатын сол халықтың батырлары. Сондықтан оқу-тәрбие барысында, тәлім-тәрбие сабақтарында халқын, елін қорғап, жерін жауға бермей, ұлан байтақ өлкесін жаудан сақтаған батырлардың ерлігін дәріптеп, құрметтей білуге үйретуіміз керек.
Әрбір халықтың ерте кездерден қалыптасып келе жатқан салттары мен дәстүрлері діни көзқарасқа негізделген ескіліктің сарқыншағы деп саналып, социалистік қоғамға сай келмейтін әдет-ғұрыптар ретінде әжуаланды. Соның салдарынан халқымыздың өскелең ұрпаққа өнеге беріп, тағылым көрсетерлік көптеген қасиеттерін аяқ асты етіп, ұмытып қалуымызға әкеп соқты. Ал шын мәнінде дәстүрлер мен ғұрыптардың көбі халқымыздың тарихи өмірімен, тұрмыстық, әлеуметтік, мәдени салт-дәстүрлерімен тығыз байланыста өзара үндесті түрде дамып, психологиялық астарлары мен мәні бала тәрбиесіне орынды пайдаланылса, өскелең ұрпаққа өнегелі қасиетттерін қалыптастырудың бірден бір дұрыс құралы болары анық еді. 90 жылдардан бастап Кеңес Одағының ыдырауымен, Одақтас Республикалардың тәуелсіздік алуымен байланысты ұлттықмәселе мен салт-дәстүрге жете көңіл бөлініп, оларды оқу-тәрбие процесінде кеңінен қолданудың маңызы мен мақсат-міндеттоерні ашып көрсетілді. Психология ғылымы саласында ұлттық психологияның тарихын зерттеуге баса көңіл аударып, ұлттық психологияның тірегі болып саналатын халқымыздың бай салт-дәстүрлеріне ғылыми тұрғыдан талдау жасалып, арнайы зерттеулер жүргізілуде. Халықтық салт-дәстүрлердің қоғам өмірінен алатын орнын, оның ұрпақтар өміріндегі маңызын ғылыми тұрғыдан пайымдау жастарды адамгершілік пен мейірімділікке, адалдық пен қайырымдылыққа, үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық көрсетуге, еңбексүйгіштік пен отансүйгіштік қасиеттерге, ержүректік пен батылдыққа тәрбиелеудің қуатты құралы екені анықталды.
Шешендік өнердің ауыл жасөспірімдерінің өнегелі қасиеттерін қалыптастырудағы маңызы.
Қазақ – ежелден шешен халық. Халықтың өзіндік тыныс-тіршілігі бар. Мысалы ел ішіндегі түрлі мәмілегерлік мәселелер, оларды шешіп, реттеп отырудың қарапайым халықтық тәсілдері айрықша. Дәстүрлі шешендік өнердің дами түсуіне әсер еткен жәйттердің бірі осы болса керек. Біз өзге халықтардың салт-дәстүрлерінде кездесе бермейтін қазақ халқының өзіне ғана тән айрықша құбылыс деп бағалауға тиіспіз.
Халық алдында талқыланатын дау-жанжал, билік-бітім сөздері қазақ билерінен шешендікті, ойдың жүйріктігін талап еткен. Мұндай сын сәттерде ел басқарған билеріміз бен хандарымыз халықтың салт-санасын, әдет-ғұрпын жетік білетіндігін көрсетуі керек болған. Халық көп жиналатын астар мен тойларда, жәрмеңке-жиындарда, сан алуан дауларда қаралып отырған. Ауылдағы ойын-сауықтарда, мәслихат-жиындарда, жай отырыстарда да көпті көрген қарттар үлгілі сөз айтып отыратын салттар болған. Бұл үрдіс ел арасында қазір де жалғасын тауып отыр.
Халық даналығының жас ұрпақты тапқырлыққка, өткірлікке, адамгершілікке баулуда тәрбиелік мәні ұшан-теңіз. Осы маңызы зор мәселені алғаш дұрыс түсінген ағартушы-ғалым Ы. Алтынсарин. Ғалымның Хрестоматиясына тұңғыш рет енген тапқырлық-шешендік сөздер осының айқын дәлелі. Айталық Жәнібек батыр әңгімесінде ел кезіп көнекөз қариялардан бата алып өскен Қаракерей Соқыр Абыз Алдыңа келсе әділдігіңді аяма – аймағың кетпес алдыңнан, Жолдастың мыңын алма, бірін ал, бір кісі мың кісіге олжа салатұғын, олжаңды аямасаң жолдасың қалмас қасыңнан дейді. Кіші жүздің тоқсанға келген Тойжан биі Өгізді өрге салма – қанатың талар, жаманға жүзіңді салма – сағың сынар деген өсиет айтады. Ел билеген Жәнібек бидің өмірін жас ұрпаққа өнеге етеді.
Шешендік сөздерді ауыз әдебиетінің бір саласы ретінде алғашқы зерттеушілердің бірі М.Әуезов. Отызыншы жылдары шешендік сөздерді жинау, зерттеу ісінің басында С. Сейфуллин болды. Ол өз еңбегінде шешендік сөздерді дербес жанр ретінде қарастырды. Өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие берудің қайнар көзі, өнегеліліктің тамаша үлгісі – қазақ халқының шешендік сөздерін бата-тілектен бастауға болар еді, одан соң өнегелі өсиет сөздерді, жер дауы, ер құны секілді дау-талап, келіссөзді қамту керек. Қазақ халқында жерге, елге, малға айтылатын пәлсапаға толы шешендік өнердің алуан түрі бар. Асан Қайғының Он жылда бес саулық мыңға, бес қара жүзге жететін жердің құты екен, әттең аттың сауырына сыймайды-ау, артыма сала кетер едім деп жерге, Жалқұйрығы қанат екен, төрт аяғы болат екен, айдаса жаудыкі екен, ысқырса желдікі екен деп жылқыға айтқан сөздері шешендіктің үлгісі.
Шешендік сөздерді атадан бала қайталап отырған. Бұл - халық басынан кешірген алуан түрлі оқиғалардың нәтижесінде туған келелі ойдың қорытындысы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні.
Жас ұрпаққа арналған қазақтың шешендік арнау, нақыл сөздерінің мән-мағынасы терең мәселе.
Бала болсаң – болғандай боп,
Ағайынға қонғандай бол.
Досыңа майыспа,
Дұшпаныңа қайыспа.
Жаман болсаң көп жақсы,
Жақсы болсаң ел жақсы.
Арғымақ мінген байлардың,
Тойға мұқтаж күні бар.
Май шайнаған билердің
Нанға мұқтаж күні бар.
Елден безген залымның
Елге мұқтаж күні бар.
Басқа бақ жарасады,
Батырға жаз жарасады.
Аталы ерден би туса,
Халықтың пайдасына жанасады.
Жақсы адамға мал бітсе,
Ағйынның жоғына қарасады.
Жаман адамға мал бітсе,
Көргенмен итше таласады.
(Халық даналығы)
Қазақ халқында ел арасында туындаған даулы мәселелерге халықтың әдет-ғұрпында сүйенім әділ баға беріліп отырған. Жер дауы, жесір дауы, мал дауы ғана емес, ар-намыс, абырой үшін туған айтыс-тартыстар да мәміле-сөздерге тоқтаған. Осының бәрінің мән-мағынасында жас ұрпаққа тәлім-тәрбие боларлық терең ғибрат, үлгі-өнеге жатыр.
Адам өмірінде елеулі орын алып, оның өсіп-жетілуіне, ақыл-ой өрісінің дамуына, соның ішінде түрлі сезімдердің оянуына ықпал ететін біздің ата-бабамыздан қалған лиро-эпостық жырлар, ертегілер, поэма, жұмбақ, мақал-мәтелдер болып, жас ұрпақтың одан әрі дамуына, өнегелілік қасиеттерінің қалыптасуына үлкен үлесін қосады. Мәселен, ертегіні жастайынан балаға айтып, жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің ісін баяндап отырсақ, олардың ақыл-ой өрісінің дамуына ықпал ете аламыз.
Мақал-мәтелдер мен жұмбақ пен аңыздар да адамның құлақ қағысына ықпал ете алады.
Отан –оттан да ыстық, Отан - отбасыдан басталады, Отан үшін отқа түс күймейсің т.б. секілді мақалдардың әрбір жастардың ойынан түспейтіні рас. Бұл мақалдарда Отанның қаншалықты қымбат әрі екенін дәлелдеп, оны сүйіп қастерлеуге үйретеді.
Мақал-мәтелдерді күнделікті тұрмыста, қызметте, оқу орындарында, мектептерде қолданады. Мақал-мәтелдер кез-келген адамның рухани, адамгершілік, өнегелілік қасиеттерін қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді.
Ел болам десең, бесігіңді түзе дейді дана халқымыз. Өмірдің жалғасы жас ұрпағыңды жақсылап өсір деген сөзі ғой. Еліміз өз ұрпағының жаны, дені сау, құлықты да парасатты, білімді де инабатты, өз елін сүйетін, оны қорғай алатын, ана тілінің уызына қанып, ұлттың рухымен қанағаттанған халық перзенті болуға арман етеді.
Қазақтың шешендік сөздері, ұрпақтан ұрпаққа айтылып келе жатқан ертегілеріне дейін жас ұрпақ тәрбиесінің теңдесі жоқ құралы деуге болады. Тек қана соларды дұрыс пайдалана білу, қолдану жэағы ақсап жатқанын мойындауымыз керек. Сондықтан тәрбие саласында қызмет атқаратын мамандар қызметі барысында ұлттық қасиетімізді молайтуға септігін тигізер халықтық мұраларымызға көп көңіл бөлуі тиіс.