ШАҚШАҚҰЛЫ ЖӘНІБЕК туралы

Скачать

Шақшақұлы Жәнібек (? – 1751) – жоңғар шапқыншылығы кезінде ел тәуелсіздігі үшін күрескен атақты батыр, «Ақтабан шұбырындыдан» кейін босқан елдің басын қосып, азаттық күресін ұйымдастырған, Бұқар жырау сөзімен айтқанда: «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Ормандай көп орта жүз, содан шыққан төрт тіректің» бірі. Мұның сыртында ол ауыздыға сөз бермеген, қиянатқа жол бермеген әділ би, діни сауаты мол молда кісі болған. Шыққан тегі – Орта жүздің Арғын тайпасынан. Халық өзінің сүйікті ұлын кезінде «Шақшақ Жәнібек», «Шақшақұлы Жәнібек» деп атап кеткенімен, Шақшақ оынң әкесінің де, руының да аты емес, үшінші атасының аты. Шақшақтан Көшей, Көшейден Қошқар, Қошқардан Жәнібек туады.
Атасы шақшақ Аманжолұлы – қазақ ханы Еңсегей бойлы Ер Есімнің қолбасшыларының бірі болған. Есім Ташкентті шауып, Тұрсын ханды өлтіргенде Шақшақ соғыс олжасы ретінде еншісіне тиген Тұрсын ханның қызы Нұрбикені алып келіп, баласы Көшейге қосқан. Шақшақ жауға шапқанда арғынның ортақ ұраны «Ақжолды» айтпай, өз атасының атын атап: «Аманжолдап» шабады екен. Содан Аманжол Кіші жүз жақтағы арғындардың ұранына айналған. Жәнібек те жауға осы ұранмен шапқан. Ол – ұзақ ғұымр жасап, қазақтың Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілқайыр секілді хандарымен, Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді билерімен, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай секілді батырларымен бір боылп, еліне елеулі қызмет еткен тарихта орны бөлек ерен тұлға. Абылай хан қашан ерлігімен танылғанша, үлкен қолбасшы Жәнібектің қарауында, қатардағы сарбаздардың бірі болған. Оған әйгілі Айтпай батырдың Абылайға айтқан:
«Абылай , сен орта жүзге келгенде,
Жұлдызың туды оңынан.
Түйе баққан жаяулап,
Айрылдың қалың сорыңнан.
Көкбестідей ат мініп,
Қошқар ұлы Жәнібектің тобынан,
Қалмақты шауып бақ таптың,
Алғашқы барған жолыңнан» деген сөздері куә.
Жекелеген қазақ батырлары кезінде саясатқа араласқанымен, олар өз төңірегінің деңгейіндегі мәселелерді шешуге араласады. Сондықтан да ол бірде Кіші жүз Әбілқайырдың қасында болып, орыс патшасының әкімшілігімен келіссөз жүргізіп жатса, бірде Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің қасында болып, жоңғар қонтайшысымен сөз байласып жатады. Енді бірде оның Ұлы жүздің батыры Қойгелдінің үйінде, тоналған орыс керуенінің мүлкін қайтару жөнінде мәселе шешіп жатқанын көресіз.
Орыс құжаттары оның әлемде болып жатқан істерден хабардар екенін жазады. Шыны да сол. Ол патша өкілі К.Миллердің ешкім білмейді деген құпиясын ашып, оның Қалдан Сереннің қабылдауында бола алмағанын айтып, екі көзін шарадай қылса, орыс әкімшілігіне келіссөзге барғанда, «Азов құрлықтан ғана емес, сумен де барлық жағынан қоршап алынды деп естідім» деп Оырнбор шекара комиссиясының бастығы В.Урусовтың көзін атыздай етеді. Сондай-ақ Еділ қалмақтарына елшілікпен барғанда, парсы шахының Астраханға шабуыл жасағалы жатқанын естігенін, олардың күшін қалай әлсіретудің амалын айтып поручик Д.Гладышевтің есін алса, Орынбор шекара комиссиясының кейінгі бастығы И.Н. Неплюевпен орыс-түрік соғысы жайында ой бөлісіп, оны таңқалдырады. Патшаға Жәнібектің қазақтар арасындағы беделі ханнан кем емес екендігін айтып, оған қазақ батырларының ішінде бірінші болып «тархан» атағын алуға көмектесетін де осы И.Н.Неплюев. Жәнібек сөзге шешен, билікте әділ, ескіше оқуы мол, сауатты адам. Содан болар ол өз кезінде Абылай ханға үш рет бата берген. Оның біріншісі – Абылайдың алғаш Шарышпен жекпе-жекке шығарында, екіншісі – Сабалақ атын тастап, Абылай аталғанда, үшіншісі – оны ақ киізге отырғызып, хан көтергенде. Қазақтың дуалы ауыз билері – Төле, Қазыбек, Әйтекелер тұрғанда, «көмекей әулие» атанған даланың ұлы жырауы Бұқар тұрғанда, жаңа ханға бата беру жолының Жәнібекке тиюі оның кезінде қандай адам болғанын, ел алдындағы беделінің деңгейін, тарихтан алар орнын көрсетсе керек.


Скачать


zharar.kz