Артыңда қалған сөзіңді оқып, тарихыңды білгісі келсе - жетістік

Скачать

Павлодар облысы
Ақсу қаласы
Достық ауылы
Достық орта мектебі

Жетістікке жеткен адамның тарихы

Автор: Мейрам Аманбек
17 жас
Жетекші: Саяхат Нургайм
Электронды мекен жайы: pubsi@mail
Жетістікке жеткен адамның тарихы

Мен сенің өлеңіңді емес, өміріңді оқып отырмын.
Бекен Қайратұлы
журналист, Оян.Намыс журналының бас редакторы

Жетістік.. Жетістікті адам әр түрлі түсінеді. Кейбірі мол байлықты, енді бірі атақ даңқты зор бағалайды.. Ал менің шығармамның кейіпкері жасаған жақсылықтарының, ізгі істерінің, еліне адал атқарған қызметінің, ұрпағына берген саналы тәрбиесінің жемісін жетістік деп біледі. Бүгінгі күн ертеңгі тарих. Өмірдің әр кезеңі сан түрлі естеліктерге толы..
Мен - Сағитқызы Күлзипа Ақмолда Сагит пен Смағұлқызы Нүкейдің кенже баласы болып 1968 жылы қаңтардың 20 – сы күні Қобда аймағы Қобда сұмынында дүниеге келдім. Туған жерімде 10 жылдық білім алдым. Жастайымнан көбінде ұлттық тәрбиемен тәрбиелендім. Кешке ел орынға отырғанда ата- анам уағыздар айтатын немесе бізге жыр оқытатын. Ағаларым - Бақыт түрлі аспаптарда ойнап өлең жазса ,Үйсіп поэзияға жақын әрі суретті керемет салатын еді. Анам он қолынан өнер тамған шебер болған. Олар маған көптеген ертегілер айтатын.-деп келмеске кеткен бала кезін сағынышпен еске алады кейіпкеріміз.
Балалық шақ адам өмірінің ең тәтті кезі. Адам тәрбиесінің негізі де осы тұста басталады. Бұл уақыт тәтті қиялдармен асқақ армандардың мекені. Бүлдіршін Күлзипа салт дәстүрін сақтаған, діні берік, өнегелі отбасында өсті. Ата-анасы бес уақыт намазын қаза қылмайтын жаны жайсаң жандар еді. Балаларын ізгілікке, имандылыққа үгіттейтін. Тау баласы тауға қарап өсер демекші алдыңғы аға-әпкелеріне еліктеді. Берекелі, мерекелі шаңырақтан қонақтар үзілмеуші еді.
Шабыт келсе толағай теңіздеймін,
Өлең жырмен әрдайым егіздеймін.
Тек ғана тыңдар құлақ сөзімді ұқса,
Қайда екен қазақ қызы дегізбеймін.-
деп жырлағандай көпшілік келген сайын мандолина, домбыра аспаптарында ойнап, өлең құрап, сызылтып ән салып таң қалдыратын. Жиналған қауым таңдайы тақылдаған кішкентай қыздың бойынан бір ұшқын байқағаны ма, үнемі батасын беріп қайтатын.
Көп тілегі қабыл болғаны шығар, уақыт өте келе үлкен сахналарда өнер көрсетіп шыңдала түсті. Мұрагер ақындар мектебінің таланты аламан айтыстарда суырып салмалығымен көзге түсе білді. Күміс көмейінен шарықтатып ән де шырқайтын.
Абай, Мұхтар, Жамбылдарды көп оқып,
Жыр жазамын шабыт келсе тебінді.
Өлең досым, бәрін айтам өзіңе,
Өлеңменен тарқатамын шерімді.-
деген жыр жолдарынан жазба ақындығы өз алдына бір төбе екендігін байқауға болады.
Құйғытса таймен құмартқан, бала,
Қырағы көңіл қыраттан қара.
Мендегі көңіл - өзіңдей шалқар
Жазира жазық мұнартқан дала,-
деген шумақ ақын көңілінің көл дариядай екенін білдірсе, екіншіден, шын патриоттық жан-жүрегімен жазылған жалынды сөз екенін ескертуімен қатар, ой-өрісінің кеңдігін, терең парасатын, кіршіксіз мөлдір сезімін, сөз зергерлігіне ынтық жүрегін көрсетеді.
Қайсар, намысшыл, айналасына шуақ шашып жүретін ақжарқын мінезді бойжеткен Күлзипасыз той томалақ, жиын, бас қосулардың сәні кірмейтін. Екі көзі жарқыраған жақұттай, екі қасы қарлығаштың қанатындай қиғаш, биік таудың басынан құлдырай аққан сарқырамадай қолаң ұзын қара шашты, жаңа туған сәбидікіндей нәзік, сүйкімді жанары бар, қыпша белді талдырмаш аруға бозбала біткен ғашық болатын. Жұрт та сүйсіне қарайтын.
Сол көптің ішінен суырлып шығып, көңілдері жарасқан Саяхат есімді сері жігітпен мәңгілік бір болуға бел байлап отау құрады. Нұрғайым, Оразбек атты қос құлыншақты болады. Қолында сәбиі болса да, қиялында сезімге толы шумақтары өлең болып құралатын. Айналасындағы табиғатпен сырласа білді. Биік шыңға қарап жазды, құлазыған кең даланы, таудан аққан мөлдір бұлақты сұлулыққа балап жазды.
1992 жылдан бастап айтыс аламанында кеңінен өнер көрсетті. 1994 жылы Павлодар облысында белгілі жыр дүлдүлі Серік Құсанбаев бастаған ақындардың ұйымдастыруымен өткен айтыс додасында 3-орынды иеленді. 1999 жылы Жамбылдың 100 жылдық тойына орай өткен облыстық айтыста арнайы сыйлықты қанжығасына байлады. Домбыраны қолға алып сахна төрінде небір шабыт иелерімен сөз қағыстырған сәттерде бір жасқа толмаған сәбиі іңгәлаған дауысымен шабытын қоздыра түсетін. Кейін келе балалары ес білген шағында жақсы жайсаңдардың, сөз қадірін түсінген асылдардың арасында жүріп қызықты сәттерге ғибраты мол әңгімелерге ізгілікті істерге куә болған еді. Ананың ақ сүтімен дарыған ақындық қасиет қызы Нұрғайым, бес уақыт намазын ұмыт қалдырмайтын ұлы Оразбектің бойынан табыла білді. Саяхат Оразбек облыстық, республикалық айтыстарда, көркемсөз сайыстарында топ жарып жүрген талантты жас.
Қазіргі таңда Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Хмельницкий орта мектебінде ұстаз. Қазақ балаларын білім нәрімен сусындатып, жан-жақты қалыптасуына үлес қосып жүргенін зор мәртебе, нағыз жетістік деп біледі. Ұлттық тәрбиеге баули отырып, мал сүйегінен ойыншықтарды жасап ғылыми жаңалыққа қосқан жайы бар.Еңбегінің жемісі шәкірттерінің биік белестерді бағындырып, мектеп абыройын асқақтатуымен еленіп келеді. Сиялы сыр атты жыр жинағы жарық көрді. Өлеңдері облыстық, республикалық журнал, газеттерінде жарияланды.
Алғаш қолына қалам алдыртып санасын ашқан оқушылары екінші анасындай құрметтеп, мың атанға жүк болардай алғыстарына бөлеген бақытты ұстаз. Немере қызығына тоймаған әже. Шаңырағын шаттыққа толтырған аяулы ана, сүйікті жар. Поэзия әлемінде қалам тербеген ақын.
Алланың ақ жолымен жүрген, мерейіңді асырып әкем- асқар тауым, анам- асыл жаным дер баланның бары-жетістік.
Бойыңдағы бар білімді сарқып берген шәкірттеріңнің ел тізгінін ұстар тұлға болғанын көру-жетістік.
Немереннің алдыңнан тәй-тәй басып жүгіріп шықса, құшағыңа алу- жетістік.
Жүректен шыққан шығармаларыңды ертеңгі ұрпақ іздеп жүріп оқыса, рухани байлық алса-жетістік.
Артыңда қалған сөзіңді оқып,тарихыңды білгісі келсе–жетістік..


Скачать


zharar.kz