Құрманғазы Сағырбайұлы

Скачать

Құрманғазы Сағырбайұлы (1818–1889)

Қазіргі Орал облысы, Жанғалы ауданының Жиделі елді мекенінде дүниеге келген. Күй атасы. Құрманғазыны күй өнеріне баулыған және оның ұстазы болған Ұзақ күйші еді. Құрманғазы жастайынан домбыра шертіп, көпшіліктің ілтипатына бөленді. Күйшінің шығармашылық табыстарға қол жеткізіп, өрлеуіне Бөкей ордасының Байжұма, Баламайсан, Байбақты, Соқыр Есжан сынды атақты күйшілері үлкен ықпал еткен. Олардан тәлім алып өскен Құрманғазы қазақ халқының ұлы сазгері атанды.

Күйші шығармашылығындағы өзекті мәселелер – халықтың азаттығы мен жеке тұлға бостандығы. Өз туындыларында ХІХ ғасырдың 30-жылдары Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске ерекше назар аударған. Құрманғазы бұл көтеріліске өзінің алғашқы туындыларының бірі «Кішкентай» күйін арнаған. Одан кейінгі «Ақбай», «Ақсақ киік», «Түрмеден қашқан», «Адай» күйлерінде ол халықтың азаттықты көксеген арманын, әділетсіздікке қарсылықты, қоғамдық мүдделердің өзара қақтығысын білдіреді. Оның «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем», «Ертең кетем», «Бұқтым-бұқтым» деген күйлерінде адам даусының ырғағы айқын берілген. Құрманғазының ойнақы, мерекелік көңіл-күйді білдіретін би ырғағымен жазылған күйлері («Балбырауын», «Әсем») де бар.

Құрманғазы Сағырбайұлы бірнеше мәрте түрмеге де қамалған, алайда халықтың азаттығы жолындағы күрескер сазгердің рухы ешқашан түспеген. Ол Орал, Орынборда, Үркіт түрмелерінде де отырған. Қуғын-сүргін мен сергелдеңге түскен күйші халықтың тәуелсіздік пен бостандық туралы терең ой-толғамын бейнелеген «Алатау» және «Сарыарқа» күйлерін дүниеге келтірген.

1880 жылы Астрахан түбіндегі Сақмар елді мекеніне қоныс аударады. Қауым арасында ерекше құрметке бөленген Құрманғазы Дина Нұрпейісова, Е.Есжанов, М.Сүлейменов сынды мирасқорларын жинайды. Сол дәуірде әйгілі болған Көкбала, Менетай, Менқара, Сүгүрәлі, Торғайбай, Шора сынды домбыра тарту шеберлері де Құрманғазыны ұстаз тұтқан. Құрманғазы өз күйлері арқылы орындаушылық өнердің ерекше дарыны мен бірегей әуен тілін паш етті. Құрманғазының күйлері қазақ халқы шығармашылығында аса маңызды тарихи орын алады. Ол өз туындылары арқылы халқымыздың мәдени дамуына қомақты үлес қосты.


Скачать


zharar.kz