ЖҮРЕК ПЕН ҚАН ТАМЫРЛАРЫ ФИЗИОЛОГИЯСЫ
Қан айналымының жалпы желісі.
Қан өзіне тән физиологиялық қызметтерді бір ғана жағдайда – тоқтаусыз айналымда болғанда, атқарады. Ал оның қан тамырларымен тоқтаусыз қозғалуы қан айналым жүйесі мүшелерінің қызметіне байланысты.
Барлық омыртқалы жануарларда қан айналым жүйесі түйық жүйе. Оның ең қарапайым түрі балықтарда кездеседі. Балықтардың жүрегі бір жүрекше мен бір қарыншадан тұрады. Қан ірі веналардан жүрекшеге құйылып, оның ырғақты жиырылуларының әсерімен қарыншаға өтеді де, қарынша жиырылғанда артерия буылтығына қуылады. Одан әрі желбезек артериялары арқылы желбезекке барып, оттегімен қаныққан соң, қолқа арқылы бүкіл денеге тарайды. Мүшелер мен ұлпалар капиллярларынан қан қайтадан вена тамырларына жиналып, жүрекшеге оралады.
Қосмекенділер жүрегі екі жүрекше және бір қарыншадан тұрады. Оң жақ жүрекшеге қуыс веналар арқылы бүкіл денеден жиналған қан құйылып, одан әрі ол қарыншаға айналады. Қарынша жиырылғанда қан қолқа тамырға қуылады да, оның шамалы мөлшері өкпе артериясы арқылы өкпеге барып, ал қалған бөлігі артериялармен бүкіл денеге тарайды. Өкпеде оттегімен қаныққан қан өкпе венасы арқылы сол жақ жүрекшеге, одан қарыншаға өтіп, оң жүрекшеден түскен вена қанымен араласады. Демек, бұл жәндіктерде өкпе тамырлары жалпы қан айналым жүйесінің бір тармағы ғана. Бақалардың қан айналым жүйесінің ерекшелігі олардың қолқа буылтығының спираль тәрізді қақпақша арқылы тармақталуында. Осының арқасында оң жүрекшеден келген қанның көп мөлшері өкпе артериясынаөтеді.
Құстар мен сүтқоректілердің жүрегі өзара тек қан қан тамырлары арқылы ғана байланысты оң және сол бөліктерден тұрады. Оң жүрекше бүкіл денеден вена қанын қабылдап, оны оң қарыншаға айдайды. Оң қарыншадан қан өкпе артериясымен өкпеге бағытталады. өкпеде қан көмір қышқыл газын өкпе көпіршіктеріне (альвеолаларға) бөліп, оттегімен қанығады да, артерия қанына айналып, өкпе венасы арқылы сол жүрекшеге келіп құйылады. Қан айналу жүйесінің оң қарыншадан өкпе артериясымен басталып, сол жүрекшеде өкпе венасымен аяқталған бөлігін қан айналымының кіші немесе тыныстық шеңбері деп атайды.
Қан айналым жүйесінің соол қарыншадан қолқамен басталып, жүрекшеде екі қуыс венамен аяқталған бөлігін үлкен, немесе жүйелік қан айналым шеңбері деп атайды. Жүректен басталған қолқа артерия тамырларына тармақтала келіп, ұсақ тамырлар – артериолалар және тек микроскоппен ғана көрінетін капилляр тамырлар түзеді. Капиллярларға келген артерия қаны өзінің құрамындағы оттегінің біраз бөлігін ұлпаларға береді де, зат алмасу процесінің нәтижесінде түзілген көмірқышқыл газын сіңіріп, вена қанына айналады. Вена қаны капиллярлар арқылы вена тамырларына жиналып, жоғары және төменгі қуыс веналармен оң жүрекшеге
құйылады.