Тарихтың қай кезеңінде болса да, несие, алуан түрлі экономикалық және қоғамдық ойшылдардың назарын аудартатын. Экономика ғылымы, өзінің пайда болған күнінен бастап несиенің проблемасымен шұғылданып келеді. Ал, қазіргі нарық кезіңде несиеге, экономикалық санат ретінде, аса көп көңіл бөлініп отыр, өйткені нарық кезінде несиелік қарым – қатынас ең жоғарғы рәсімделуіне жетеді, сөйтіп несие, төңірегіндегі алуан түрлі практикалық және теориялық сауалдардың шиеленіскен түйініне айналады.
Несиенің түпкі тамыры тауарлық өндірістің пайда болған кезінде жатыр. Содан кейінгі экономикалық даму сатыларының әрқайсысында да несиенің маңызы зор болды. Тарихтың өткен дәуірлерінің бәрінде де дамытпалы несие, барлық қоғамдық қарым – қатынасты жаңартудың және түрлендірідің революциялық қозғаушы күші болды. Ол жеке тауар өндірушілер арасында мүлде ақиқат байланыс орнатты, олардың мүдделерін қосып бекітті және қоғамдық өндіргіш күштерін қайта бөлудің ұтымды әдісі болды.
Осыған байланысты болашақ экономисттерге несиенің арғы негізін, қазіргі жағдайда оны пайдаланудың керегі неде екенін түсіну керек. Оның үстіне, әр түрлі деректерде несиенің экономикадағы маңызы әр түрлі түсіндіріледі. Мысалы, кейбір экономисттер, несие өнімсіз шығынды көбейтіп ( әңгіме төленетін процент жөнінде ), өндіргіш күштердің дамуына кедергі келтіреді, нарықтық экономикаға тән қарама – қайшылықтарды шиеленістіре түседі, сондықтан экономикалық дағдарысты жоймайды, керісінше, оны тереңдетіп, оған тікелей себепші болады деген пікір айтады. Басқалары, керісінше, несие экономиканың тұрақты, үздіксіз дамуына мүмкіншілік береді дейді. Осындай қарама – қайшы пікірлер орын алған жағдайда істің жәйін түсіну үшін алдымен несиенің қажеттілігі қайдан шығады деген сауалға жауап беру қажет. Ақшадан кейін несиені ойлап шығару – адамзаттың данышпандық табысы. Себебі несиені пайдаланудың нәтижесінде шаруашылық қажетін және жеке қажеттілікті өтеу уақыты қысқарады
Несие қатынастары алғашқы қауымдық құрылыстың мүдіктік жіктеліп ыдырауы нәтижесінде бір қауымның бай отбасы және кедей отбасы болып бөлініп, біреуінде артық қалған өнімнен оны кейін қайтарып беруге келісіп, екіншісі өз мұқтажын өтеуге алуынан пайда болды. Несие берушілер – көпестер, саудагерлер, салық жинаушылар, шіркеу иелері мен үлкен діни ордалар, ал қарыздар – ұсақ өнім өндірушілер, құл иеленушілер мен феодалдар. Шаруалар мен кәсіпкенрер несиені ағымдағы тұтыну мұқтажын өтеуге ғана алса, билеуші топтар қанаушылық, жауыздық іс - әрекеттерге жұмсады.
Сөйтіп, несиенің нышандары алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауы кезінде пайда болып, капиталисттік тауарлы өндіріс тұсында дамуының жоғары сатысына жетті.
Несие – нарықтық экономиканың тірегі ретінде экономикалық дамудың
ажырамас элементі болып табылады. Оның барлық шаруашылық
субъектілерімен қатар, мемлекет те, үкімет те, сондай-ақ жеке азаматтар да пайдаланады.
Несиенің пайда болуын өнімдерді өндіру сферасынан емес, олардың айырбас сферасынан іздеу қажет. Тауар айырбастау-бұл тауардың бір қолдан екінші қолға өтуін білдіреді десе, шынымен де осындай айырбас кезінде несиегебайланысты қатынас туындайды.
Құнның қозғалысы – бұл несиенің қозғалысының кіндігін сипаттайды. Несиелік қатынастардың пайда болатын экономикалық негізіне капитал айналымын жатқызуға болады.
Көбінесе несиені ақша түрінде түсінеді. Бір жағынан қарағанда бұған негіз де бар сияқты. Себебі, қазір шаруашылықта қарыз ақша түрінде берілуде. Бірақ бұл жерде ақша мен несиенің әр түрлі ұғымды білдіріп, әр түрлі қатынастарды түсіндіретіндігін естен шығаруға болмайды.
Несиелiк ақшалар – тауар өндiрiсiнiң дамуымен, яғни тауарларды сатып алу және сатудың уақытын кешiктiрiп төлеуге берiлуiмен байланысты пайда болған ақшалар.
Несие ақшалай капиталдың ссудалық капиталға өтуін қамтамасыз ете отырып, несие берушілер мен қарыз алушылар арасындағы несиелік қатынасты бейнелейді. Несиенің көмегімен заңды және жеке тұлғалардың уақытша бос қаражаттары мен табыстары экономикалық жүйе төңірегінде жинақтала отырып, уақытша және ақылы негізде пайдалануға берілетін ссудалық капиталға айналады.
Несие мен ссуданың арасында өзара айырмашылықтар бар.
Несие – бұл банктің қаражатын құрайтын көзі ретінде барлық несиелік қатынастарды ұйымдастырудың әр түрлі формаларының болуын және сондай-ақ олардың жұмсалымдарының бір формасын білдіретін кең ұғымды сипаттайды. Ссуда – бұл ссудалық шот ашумен байланысты қалыптасатын несиелік қатынастардың ұйымдастырудың бір ғана формасын білдіреді.
Экономикалық категория ретінде, несие – кәсіпорындар, ұйымдар және бірлестіктер, сондай-ақ халық арасында несие қорын құру және оларды қайтарылу, пайыз төлеу шартында белгілі бір мерзімге уақытша пайдалануға беру негізінде қалыптасатын өндірістік қатынастар жиынтығы.
Несие құрылымы бір-бірімен өзара байланысты элементтерден тұрады. Мұндай элементтерге ең алдымен несиелік қатынастар субъектілері жатады. Несиелік мәміле бойынша несиелік қатынастар субъектісіне қарыз беруші және қарыз алушы жатады.
Қарыз беруші – қарызды беретін несиелік қатынастың бір жағы. Қарыз беруші – бұл уақытша пайдалануға қарыз беруші субъектілер болып табылады. Қарыз берушілерге: банктер, банктік емес мекемелер, мемлекет, шаруашылық субъектілері және де халық жатады.
Қарыз алушы – бұл несиені алушы және оны қайтаруға міндетті, несиелік қатынастың екінші жағы.
Борышқор және қарыз алушы бір-бірімен жақын сөздер болғанымен де, олардың түсініктері әр түрлі. Мысалға, кәсіпорын немесе жеке азаматтардың коммуналдық қызметке, салықтарға т.б. байланысты төлемдері кешігуі мүмкін, бірақ бұл жерде ешқандай да несиелік қатынас туындамайды. Борыш тек қана экономикалық қатынасты емес, сондай – ақ адамзаттық қатынастар жағдайын сипаттайды. Борыш – бұл тек ауқымды ұғым. Ал қарыз алушы – бұл қосымша қаражатқа деген сұранысы бар тұлға.
Қарыз беруші және қарыз алушымен қатар несиенің құрылымының элементіне берілетін объекті де жатады. Беру объектісі – бұл құнның ерекше бөлігі, яғни қарызға берілген құнды білдіреді.
Жоғарыда айтылғандай, несиенің түбірін тауарлы өндірістің пайда болған кезінен іздеу керек. Тікелей айтқанда, тауар айырбастау, оның бір қолдан екінші қолға ауысуы, несиелік қатынастың дәл шыққан жері деуге болады.
Қоғам дамуының кейінгі кезеңдерінде, несиелік қатынастың пайда болып және өркендетілуінің, нақты экономикалық негізін, капиталдың айналымы мен ауыспалы айналымы құрайды.
Өндіріс құрал – жабдықтары, құндық тұлғасында дәл бір уақытта ақшалық, өндіргіш күштері және тауарлық нысанында бола алады. Өндіріс пен айналым процесінде, олар бір нысанна екінші нысанға ауысып отырады, яғни үзбей ауыспалы айналымда жүреді. Осы ауыспалы айналым 3 сатыдан тұрады:
І – саты: құнның ақшалай нысаны өндіргіш күші нысанына ауысады, яғни ақшаға өндіріс құрал – жабдықтары сатылып алынады.
ІІ – саты: адамның, өндіріс құрал – жабдықтарды пайдаланып істеген әрекеттерінің нәтижесінде дайын өнім пайда болады. Енді өндіргіш күштің нысанындағы құн тауарлық нысанға ауысады. Осы сатыда өндіргіш құралдарының құнына, адам еңбегінің құны, яғни жаңадан пайда болған құн қосылады.
ІІІ – саты: дайындалған өнім ақшаға сатылады. Сөйтіп, құнның тауарлық нысаны қайтадан, өзінің бастапқы нысаны – ақша нысанына ауысады, тек бұрыңғыдан өскен мөлшерде ( өндірушінің таза пайдасы қосылады ).
1.2. Несиелік ақшалардың негізгі түрлері мен формалары.
Несие экономикалық категория ретінде формаларға ие. Форма әр уақытта қандай да бір объектілерге тән тұрақты, қажетті байланыстардың жиынтығын білдіреді. Несиеге қажетті байланыстардың жиынтығын білдіреді. Несиеге қатысты оның формасы бұл несиелік қатынастар құрылымының, олардың әр түрлі сыртқы және ішкі өзгерістер кезінде сақталатын негізгі қасиеттерінің көрінісі. Қарызға берілген құнға қатысты кредитор мен қарыз алушы арасындағы байланыс қалай өзгерсе де, несиенің формасы оның бүтін ретіндегі мазмұнын білдіреді.
Несиенің формалары, оның құрылымымен және белгілі-бір дәрежеде несиелік қатынастардың мәнімен тығыз байланысты. Несие берушілер мен қарыз алушылар арасындағы байланыстар қалай өзгергенімен де, несиенің формасы сол күйінде сақталады.
Несие қатынастарының нақты көрінісін несиенің формалары мен түрлері сипаттайды. Несиенің мазмұны мен түрі диалектикалық бірлікте болады. өндірістік қатынастардың өзгеруі несиенің мазмұны мен оның қолданылатын түрін өзгертеді.
Несиенің формасы - бұл несиелік қатынастар құрылымының, олардың негізгі қызметтерінің, яғни әр алуан сыртқы және ішкі өзгерістер барысында толық сақталатын көрінісі. Экономикалық әдебиетте, әдетте, несиенің негізгі екі формасы қарастырылады: коммерциялық және банктік. Тауар түрінде берілетін несиені – коммерциялық, ал ақша түріндегі несиені банктік деп атайды. Бұл екі несие бір – бірінен несие субъектілері, құрамы, қарыз объектісі, динамикасы, процент мөлшері және қызмет ету аясы бойынша ажыратылады. Сонымен қатар көптеген жарияланымдарда несие формаларына: тұтыну, мемлекеттік, халықаралық, үкіметаралық, фирмалық және т.б. жатқызады. Олар осы екі форманың тәжірибеде қолдануынан туады.