Иә, ауылда жусан жұпарын жұтқанға не жетсін. Аршалы сайы мен еңселі таулары жаныңа ләззат сыйлап, көзіңнің жауын алады емес пе? Бабалардың ізі қалған, тұла бойы тарихқа толы туған жер. Күл төбеде күбірлескен аталардың әңгімесі, ауыл шетінен сыңғырлай аққан өзеннің үні алақандай ауылымды тербетіп тұрған іспетті. Бірін-бірі қуалай өскен тал- шыбықтардың көркі де көңіл қуантып, тамсандырады.
Тал бесігім-ауылым, сенің арайлы ақ таңың да ерекше әсер береді. Иә, сенің қойныңда шағылмай жатқан мұң мен шертілмей жатқан сырдың бар екенін білемін. Кейде мұңдарыңды құлази шаққың келетінін де аңғарам. Сенің қызықты кешің қиялыма талмас қанат бітіріп, жан сарайымды ашып, бейне бір анамның құшағына еркелей енгендей әсер береді. Бәлкім менен де басқа ауылдасым осындай күйді басынан кешіретін шығар. Ал түнгі қызығыңды айтып тауса алмаспын. Би алаңына жиналған жастардың сақ-сақ күлкісі мен жарасымды әңгімесін тек сен ғана тыңдап, қызықтап жатасың. Қос ғашықтың сыбырласа сөйлеген құпиясы басым әңгімелері де тек саған ғана аян, ауылым. Бүгінгі түгілі кешегі шапқыншылық кезінде найзасына қан қатырған бабалардың ерлігі де саған мәлім емес пе, туған жер. Жаратушы Алла да саған табиғаттың тамашасын тарту еткен. Таңдай қақтыра тамсандырған табиғатыңның көркі көпшіліктің қуанышына айналған. Үш тағаныңдағы табиғи үш оба, үш бидің тақиясы іспетті. Тауыңдағы жортқан аңдар да сенің көркіңе қызыға қарайтындай. Солай, ауылым, сендегі сұлулықты сөзбенен сарқу мүмкін емес. Сенің ыстық құшағыңнан ел ертеңі үшін еңіреп, шыңдықты айтқан ақын, жазушы да көп шыққан еді. Сол асылдарыңның сұрқия саясаттың кесірінен атылып кетуі тұрқы бөлек тектіліктерін білдірсе керек. Көз тартар көркіңді көп көрдік пе, кім білсін. Қылықты қыздай бұрала өскен қайың,терегіңе балта шаптық. Өріле өзен қуалай өскен талыңды отынға отап, опасыздық жасадық. Табиғат- анаға сүйкімсіздікті өз қолымыздан жасап жатқанымыз анық. Мөлдіреген бұлақтың да көзін таспен көміп, қастақылыққа бой бердік. Ол да сенің жан-жараңа удай тиіп ашытты. Бәлкім төсіңде тай -құлындай ойнақтаған рухты ұлдарың мен қылықты қыздарың ойланар, түсінер. Кейде, жас болсам да ойланып, сенің көркіңді көре алмайтындарға көлденең тұрып, тоқтау айтатын ақсақал жоқпа деп те қаламын. Түсінем, сенің де жаның ауырады, сенің де сұлу болғың келеді, сенің де көпшілікке көркіңмен ұнағың келеді. Осы аңсарыңды шіркін адамдар түсінсе ғой. Әр адам өз туған жерін өзіндей көрсе ғой.Бәлкім сонда түзелер ме еді деп те ой түйесің. Балалық бал дәурен әсте естен кетер ме! Доп қуалап,талыңды ат қып мініп, бұрқыл шаңыңды бұлттарға ұластырған шағым есімде әлі. Таңертең кетіп, түскі асқа соқпай, кеште бір-ақ келіп сүріне құлайтынмын. Міне, соның бәрі саған деген сүйіспеншіліктің айғағы. Қазірде сыртқа бірер күн сапар шексем, сенің далаңды сағынып, ауаңды жұтқым келіп, топырағыңды аңсаймын.
Ауылым, алтын бесік, ақ босағам. Сен жайлы жаза берсем, шежірең таусылмайды-ау, таусылмайды. Сені мекен еткен адамдар сонар түспеген соны шақта түрен тартқан-ды. Тал қармап, тәуекел ете жүріп, сенің еңсеңді биіктеткен-ді. Баяғыда, біздің бала кезімізде егін бітік шығушы еді. Дән толы басын көтере алмай иілген егістік таңғы самалмен баяу ырғалатын. Толқындана тербелетін. Теңіз тәрізді. Алқапқа түскен комбайндар теңізде жүзген кемеге ұқсайтын. Таңмен таласа тұрып, астық бастыруға асыққан жұрттың қарбалас қимылының өзі жатқан бір дастан еді.
Диқаншылардың еселі еңбегі ерекше дәріптелетін. Таңды таңға ұрып, бел шешпей ел ырысын молайтуға сүбелі үлес қосқан майталман механизаторлардың маңдайынан моншақтап төгілген ащы тердің дәмін де алғаш сен таттың, туған жер. Сені мекен еткен еңбекқор сол адамдардың іздері таңбадай боп басылып, ащы тері төгілген егінжайларды қазір қалың қау басқан. Өйткені, ол жерлерге енді санда бар, санатта жоқ қожалықтар ие...
Жыл бойына бірінен соң бірі кезектесе келетін науқандық жұмыстарға адам күші жетпей жататын. Көмекке сырттан келетін. Қазір бәрі басқаша. Тепсе темір үзетін аптал азаматтар “жұмыс жоқты” сылтау қылып, бос жүр. Жәй жүрген жоқ. Арақ ішіп, ошағының күлін шашып жүр. Кім дейсің ғой? Кешегі сенің еңсеңді биіктетіп, ел ырысын молайтуға арқа еті -арша, борбай еті-борша болып үлес қосқан, елі аттарын құрметпен атайтын азаматтардың ұрпақтары. Сол өкініш...
Абай айтады: “ Адам баласының ең жаманы - талапсыз”-деп. Талап қылған адамға кәсіп көп қой. Тағы да Абай былай дейді: “Ырыс алды -тірлік” дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам... еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың”. Абай солай дейді.
Сен не дейсің, туған жер?
“Иә, ауыл,
Сенсіз менде тұщымды ой қызына ма,
Ынтазармын тауыңа, құзыңа да.
Ұлыңа да қараймын қызыға да,
Ғашықпын кербез сұлу қызыңа да.”
Міне, туған жер, сенің болмысыңды, көркіңді, кереметтігіңді ауызбен айтып жеткізу қиын. Десек те, бірақ менің саған деген сүйіспеншілігім сарқылмайды. Сенің бізге деген құштарлығың да қалжырамасыншы. Мен саған ғашықпын, туған жер! Сен де бізді жек көрмесең екен...