Әр адам сыртқы дүниенің сансыз тітіркендіргіштеріне өз әлінше түрліше жауап қайтарып отырады. Бұл жауап реакциялары оның сыртқы дүниемен қалайша қатынас жасайтынын көрсетумен қатар, біртіндеп беки келе, сол адамның үйреншікті әдетіне, мінез-құлқының мәнеріне айналады. Сөйтіп әр адамда әр түрлі мінез бітістерінің болуы оның сыртқы ортамен түрліше қарым-қатынасының нәтижесі болып табылады.
Адамның сыртқы ортамен байланысуы үшін жасайтын осындай қатынастарының жиынтығы оның мінезін құрайды.
Адамның үйреншікті әдеті болып қалыптасқан мінез бітістерінің кейде оның сыртқы ортамен жасайтын негізгі қатынастарына сәйкес келмейтін кездері де болады. Мәселен; біреудің қатал, не тымыр болуының кезінде адамды менсінбеу, тәкәппарсыну сияқты мінез қатынастарының тұрақты жүйесі жатпай, оның темпераментінің жүйке жүйесінің тума қасиеттеріне байланысты қалыптасып кеткен әдеттерінің жатуы ықтимал.
Мінез – адамның негізгі өмірлік бет алысын және оның өзіндік әрекетінің айырмашылығын сипаттайтын сапалы өзгешілік. Ол — көп қасиеттің бірлігі, түрлі өзгешіліктердің қосындысы, сонымен қатар, адамды әр қырынан көрсететін қасиет. Мінез бітістері көп. Олардың бәрі де жеке адамның қасиеттері болып табылғанмен кез келгені мінездің бітістері болып саналмайды.
Мінезді даралық өзгешеліктің өзегі, адамның негізгі тіршілік бағытының өрнегі деуге болады. Мінезде адамның сыртқы ортамен қарым – қатынасының тарихы бейнеленеді. Мінез — кең мағыналы ұғым. Онда түрлі сапалар тоғысып жатады. Мінездің моральдық жағынан тәрбиелілігі, бірқлыптылығы, толықтылығы, күші мен айқындығы, салмақтылығы оның негізгі сапалары болып есептелінеді.
Моральдық жағынан тәрбиеленген мінез адамды мінез-құлық тұрғысынан да, оның айналасымен байланысы тұрғысынан да сипаттап отырады. Инабаттылық, гуманизм, адамдарға қамқорлық, жолдастықты қадір тұту, жұртшылық пікірімен санаса білушілік, өзі міндетін орындаудағы жауапкершілік пен адалдық — мінездің осы сапасының негізгі компоненттері.
Рухани дүниесі бай қажеттері мен қызығулары, талғамы мен ой-өрісі кең адамдарды толық мінезді адам дейді. "Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты" (Әл-Фараби). Мінез сапаларының бірі -- оның бірқалыптылығы. Мұндай адам құйындай ұйтқып тұрмайды, оның қастерлейтіні ылғи да сөз бен істің бірлігі. Кімнің мінезі толық болса, соның мінезі бірқалыпты да келеді. Бұл екеуі мінездің егіз қозыдай, бірінен екіншісі ешқашан ажырамайтын бітістері. Мінездің тұрақтылығы адамның саяси моральдық ұғымынан, түсініктерінен туындайды. Бұл қасиеттер адамның өмір сүруінің мән-мағынасын, әрекетінің мазмұнын белгілейтін мінездің сапасы.
Бірқалыпты, тұрақты мінезі бар адам басқалардың жетегінде кетпейді, оның өзінің белгілі көзқарасы, принципі, өзіндік мінез-құлқы болады, ол қауіп-қатерден бой тасаламайды, керек жерінде батылдық көрсете біледі. Инициатива мен белсенділік, достық пен жолдастық, адалдық пен шыншылдық осындай мінезді адамға тән қасиеттер. Ал мінездің күшіне мақсатқа жету жолында алда тұрған кедергілерді жеңе білуде көрінетін адам ұстамдылығының мөлшері жатады. Соңғы сапа болмаса да мінез өз мәнінде болмайды. "Бойда қайрат, ойда көз, болмаган соң айтпа саз"деп Абай тегіннен тегін айтпаған. Жақсы мінезге тән сапалардың біріне оның байсалдылығы жатады. Мінез адамның дүниеге көзқарасы мен сеніміне байланысып жатса ғана жоғарыда аталған сапалар қоры молаяды. Тек осындай мінезі бар адам ғана алдына айқын мақсат қоя алады. Соңғысы берік сенімнен туады. Мұнсыз тиянақты әрекет ету қиын. Қабілетсіз адам болмайтыны сияқты, мінезсіз де адам болмайды. Жаман болсын, жақсы болсын, әйтеуір, адамда бір мінез бітісі болады. Бірақ жоғарыда айтқандай түрлі сапалары қиысып келетін үлкен мінезді адамдар жиі кездесе бермейді. Біреуде ол жағы, біреуде бұл жағы жетпей жатады. Адам, сондай-ақ, түрлі жағдайда түрліше қылық көрсетуі де мүмкін. Осыған қарап оның мінезі тұрақсыз екен деп бағалай салуға болмайды. Өйткені ол әншейінде батыл, жігерлі болмағанымен, бірде осындай қасиеттерімен көзге түсуі мүмкін. Мінез үшін тұрақты қасиеттердің мәні өте зор. Мәселен, барлық жерде де адам тәртіп сақтай алатын болса, тек сонда ғана тәртіптілікті сол кісінің мінез бітісі деп санауға болады.
Мінез адамның басқа психикалық қасиеттерімен, атап айтқанда, қабілет, темпераментімен тығыз байланысты. Адамда қабілеттіліктің дамуы кейбір тиісті мінез бітістерінің болуын қажет етеді. Мәселен, табандылық, уақытша сәтсіздікке мойымау, еңбек сүйгіштік, энтузиазм сияқты мінез бітістерінің қабілеттер үшін ерекше маңызды екендігі түсінікті. Ал темперамент болса, мінез бітістеріне өзіндік бояу, реңк береді. Жақсы мінездің ықпалымен темпераменттердің де кейбір нашар жақтары өзгеріп отырады. Мінезді қалыптастыруға ерік-жігердің қосар үлесі зор. Еркі күшті адамның мінезі де берік. Жігерсіз адамның мінезі де бос, сылбыр келеді.
И. П. Павлов адамның мінез бітістерін жоғары жүйке қызметінің тума типтері мен өмір сүру барысында қалыптасатын уақытша жүйке байланыстарының өзіндік "құйындысы" деп түсіндірді. Бұл жөнінде ол былай деп жазды: "...адамның мінез-құлқының бейнесі жүйке жүйесінің туа біткен қасиеттеріне ғана байланысты болып қоймайды, сонымен бірге, организмнің жеке өмір сүру барысында болатын ықпалдарға да байланысты, демек, кең мағынасында айтқанда, үнемі тәрбиелеу немесе үйрету жұмыстарына да байланысты болады"103.
Адам мінезінің қалыптасуы қоғамдық болмыспен, әлеуметтік ортамен (мектеп, балалар мекемелері, оқу, өндіріс ұжымы, қоғамдық ұйымдар т. б.) тығыз байланысты. Осы айтылғандар мінездің дамуы үшін шешуші роль атқарады. Мінез өзгермейтін тума қасиет емес, ол өмірде қалыптасады. Мәселен, ешбір бала туысынан "еңбек сүйгіш не жалқау, тәртіпті, не ұстамсыз болып тумайды. Оның мінезі, ұзақ жылғы өмір сүру барысында өмірдің сан алуан ағымына қарай тәрбие процесінің ықпалымен қалыптасып отырады. Адамның сыртқы ортамен жасайтын қарым-қатынасы белсенді қарым-қатынас. "...Сөз жүзінде емес, мінез-құлықты іс жүзінде жүзеге асыруға болады" (Әл-Фараби). Сондықтан да оны қоршаған ортасына ғана төселмей, өзі де шама-шарқынша сол ортасына тиісті өзгерістер енгізеді. Адамның нақтылы іс-әрекеті де мінез бітістерінің қалыптасуында шешуші рөль атқарып отырады.
Мінез бітістері
Адамдардың өмір жолы мен әрекетінің сипаты түрліше болатындықтан, оның мінез бітістерінде басқа біреуде қайталанбайтын жеке ерекшелік көптеп кездесіп отырады. Сонымен қоса, адамдарда өзі өмір сүріп отырған қоғамның ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан, көпшілікке ортақ мінездері де болады. Сондықтан бір адамның мінезі жөнінде сөз болғанда мінездің дара және типтік бітістерін қоса еске алып отыру қажет. Типтік мінездер — белгілі тарихи-қоғамдық жағдайлардың нәтижесі. Типтік мінезден әр адамның ұлттық, кәсіптік және жас ерекшелігіне сәйкес өзгешеліктері де тиісінше орын алып отырады. Меселен, қарама-қарсы тап қайшылықтары бар қоғамда (құлдық, феодалдық, капиталистік) мінездің таптық өзгешелігі ерекше көзге түседі. Осындай қоғамда әрбір тап өкілдерінің таптық мүдделері де дүниетанымдары да бөлек болады. Мәселен, зауыт фабрикалардың қожасы болып табылатын капиталистер жұмысшылардың еңбегі арқылы баюға тырысса, жұмысшылар өздерінің тұрмыс жағдайы мен құқтарын жақсартуды көздейді. Осы айтылғандар адамдардың мінез бітістеріне, психологиясына ықпалын тигізбей қоймайды.
"Егер адамның мінез-құлқын жағдайлар тудыратын болса, онда сол жағдайларды адамға тиімді етіп құру қерек"— деп жазды Маркс пен Энгельс.
Адамның сансыз мінез бітістерінің кейбірін белгілі топтарға жинақтауға болады. Олар мына төмендегідей:
Адамның ұстаған бағытынан, яғни бүкіл психикалық тұрпатынан байқалатын мінез бітістері әр түрлі жағдайда көрініп отырады. Мұның біріншісіне адамның басқалармен қатынасын білдіретін мінез бітістері кіреді. Бұларға: гуманизм, қайырымдылық, үйірсектік, адалдық және осыларға қарама-қарсы жекешілдік, қатігездік, тұйықтық, зымияндық т. б. бітістер жатады. Осы топқа сондай-ақ адамның өз ісіне, еңбегіне қатынасын білдіретін мінез бітістері де жатады. Бұларға еңбек сүйгіштік, құнттылық, иницитивалық, салақтық, тиянақсыздық, кертартпалық т. б. бітістер кіреді.
Адамның өзіне-өзі қатынасын білдіретін мінез сипаттары да осы топтың негізгі бір жағы. Бұларға кішіпейілділік, қарапайымдылық, өзін-өзі сынай алу, талап қоя білушілік және бұларға қарама-қарсы әр көкіректік, мақтаншақтық, жасқаншақтық т. б. жатады.
Мінез бітістерінің келесі тобын адамның өзін-өзі меңгере алу қабілетіне орай қалыптасқан өзгешеліктері құрайды. Бұл топты мінездің еріктік сапалары немесе мінездің жотасы деп атайды. Бұларды да адамның жалпы ұстаған бақыты мен дүниетанымына, жоғарыда көрсетілген мінез бітістерінің мазмұнынан тыс қарауға болмайды. Сондықтан да сотқар адамның жөнсіз батылдығы мен мемлекет мүлкін тонаушы ұрының жылпос "пысықтығын" мінездің еріктік сапаларына кіреді деп ойлау шындыққа сай келмейді.
Мінездің еріктік сапаларының өзі күшті және әлсіз, яғни нашар мінез болып екіге бөлінеді. Күшті мінезге -мақсатқа талпынғыштық, дербестілік, тоқтамға келгіштік, батылдық, шыдамдылық, тәртіптілік, жинақылық, ерлік т.б. жатса, әлсіз мінезге негативизм иланғыштық, қыңырлық, ұстамсыздық, жүрексіздік, т.б. кіреді. Мінез ауыр, жеңілтек, мінезсіз, сотқар, тентек, бейбастақ, итмінез т.б. түрлерге бөлінеді.